Еларна қолфон нұсқасына ену

Жүктеу-Албомым-Албомдар-Желі
Осы торды сақтаймын! | Осы торды бас бет етемін!

Біздің байланыс: elarna2012@gmail.com


Менің әкем | «Жас Өркен» танымдық порталына қош келдіңіздер!



Тіркеліңіздер Кітапхана Қожалар торабы Албомдар Қазақтың 1001 ертегісі

Түрі: Жас-өркен торабы

Жолданған уақыты: 01:20 - 2020/08/20

Нақты Көзі: http://zhasorken.kz/?p=34030



Жеті атасын жатқа айтатын қазақ дәстүрінде санат әкеден басталады, яғни ұрпақ сабақтастығындағы түпқазық – әке ұғымы. Қазақ танымында әкенің
әлеуметтік дәрежесі де биік. Баланың ержетуі, оның тіршілікке қабілетті болуы сияқты алғышарттар әке ықпалымен қалыптасатыны өмір заңдылығы. Әсіресе, ер баланың ержетіп, өз алдына жеке тұлға болып қалыптасуына,
қоғамдағы өз орнын дұрыс табуына әкенің атқарар еңбегі ерекше. Менің пайымдауымша, әкенің ең үлкен міндеті отбасының игілігін қамтамасыз
етумен қатар ұрпақ сабақтастығының жалғастығына өз үлесін қосу.

Мен ес білгеннен бастап, әкемнің бойынан әрдайым тегеурінді ерік-жігерді, рухани мықтылықты, батылдықты, адалдықты, сонымен қатар білімділікті, әсіресе, өнерге деген құштарлықты көріп келемін. Әрине, әкенің мінез-құлқы, өзгелермен қарым- қатынасы, білімі мен өнері баланың көз алдындағы үлгісі екені заңдылық. Әкемнің  адамдарға деген ілтипаты, еңбекке деген зор ынтасы, өнерге деген құштарлығы сол ұядан ұшып шыққан барлық баласының бойына дарып, жүрегіне ұялады. Уақыттың ығында кетпей, өз соқпағын сомдаған адам ғана өмірде жетістіктерге жете алатыны бесенеден мәлім. Қызығы мен қиындығы қатар өрілген ұзақ жолда замандастарынан озық болған, бойындағы өнерімен, игілікті ісімен елге танылған, күйкі тірлікті күйттемей, ұсақтүйекке қуатын сарықпай, өнерге жанымен жақын бола білген әкемнің өмірі – өнегелі жол. Әкеден үйренген жақсы қасиеттер аз емес. Өзінің атамекені Жаркент өңірінің арғы-бергі тарихына түгел қанық, ел аузында сақталған ескілікті есті әңгімелерді жадына түйген қазыналы жан. Өзінің он баласын тәрбиелеп өсірді, ұстаз ретінде қаншама жастың белін буып, бәйгеге қосты, өрге сүйреді, жеткізді. Туыс тартып, өзін жағалаған қаншама ағайынның балаларына ақыл-кеңесін аямай, қолұшын беріп, олардың өмірден орнын табуына ықпалын тигізді. Осындай адамның перзенті екенімді әрдайым мақтан тұтамын.

Өмірдің бұралаң жолында қалтарыста қалмай, шырғалаң жолында шырмалмай, қиындықтарды ерлікпен жеңе білген әкемді қайсар мінезді қайраткер десем де болады. Ізденіс үстінде шалдығу дегенді білмейтін, тынымсыз тірліктің тұтқасын ұстаған тұлға. Сөзге жүйрік, әзіл-қалжыңын тауып айтатын, өзім деген ортаның көркін өнерімен асыратын кемел жан. Ағаларын аялап, інілеріне ықыласын төгіп, қатарластарын қамшылап отыратын бауырмалдығы мен көпшіл мінезі бар. Міне, менің әкемнің қысқа да нұсқа сипаты. Мен үйдің үлкені болғандықтан әжемнің тәрбиесінде өстім. Әжем отыздан асқанда жеті баламен жесір қалыпты. Дүрбелеңде арғы бетке өткен елдің де, бергі бетте кеңестік кезеңнің де ауыртпалығын еңсеріп, барлық баласын жеткізген данышпан ана болатын. Балаларының барлығы жоғары білім алды, ана тәрбиесінен сусындаған олар адал еңбектері мен өнерлі өмірлерімен ел алқауына бөленді. Жастайынан іске зерек, мінезі қағілез әрі ширақ қимылдайтын ортаншы баласы Әдепханды қара шаңыраққа ыңғайлапты. Әжем «төрт ұлым – бір төбе, Әдепханым – бір төбе» деп отыратын. Тіршілігінде алты буын ұрпақтың сабақтастығын көрген, өз құрсағынан 121 немере-шөбере өрбіткен әжем ерекше жан, асыл адам еді.

Болмысынан зерек туған зейінді бала еркелік пен балалықтың ауылын артқа тастап, ерте есейіпті. Бес жасынан әке қамқорынан ажыраған бала кішіге қорған, үлкенге сүйеу болу сезімін бойына ерте дарытыпты. Отбасының қамын ойлап, әулеттің салтанатты көшін жалғастыруды мақсат тұтқан жас жігіт жастайынан еңбекке араласыпты. Өйткені, ағалары білімге талпынып оқыса, інілері буындары бекімеген әлі жас екен. «Қырық бесінші жылдары» деген өлеңінде: Қырық бесінші жылдары мен небәрі бесте едім, Өз қолыма ала алмай өмірімнің ескегін. Қара сирақ, қап шалбар, жеңіс күнін аңсаумен, Көп құрбымның бірі боп, мен де солай өскенмін, – дей келе: Қилы қиын кезеңдер, басымыздан өтіпті, Жетімдікке жел бермей, бұғанамыз бекіпті, – деп өткен өмір жолын өлеңмен өрнектейді.

Қазіргі жастарға ертегі сияқты естілер, дегенмен бес жасынан қара жұмысқа араласыпты. Ол кезде бейнәмге (суғарылмайтын егістік жер) астық егіп, бидайды орып алу, малға шөп дайындау әр отбасының қалыпты тірлігі болған. Шөп дайындау, астық ору, қырман қызылдау жұмысы қолмен орындалатын. Әжемнің айтуында, осындай қауырт жұмыстарды әкем өзіне тән пысықтығымен, ептілігімен, шапшаңдығымен тез аяқтап, тиянақтылығымен ауылға сүйкімді болыпты. Қолдағы ұсақ малды өріске жіберу, оларды суғару сияқты күнделікті ұсақ-түйек тірлікті әкем өзі-ақ тындырады екен.

Әкемнің әкесі Төрехан ақын болған адам. Ес білгеннен балаларын алдына отырғызып, шежіре өлеңін жаттатады екен. Балаларға ем егумен (вакцинация) қатар, атам ауылға «ұшыршы» болған екен. Ұшырылған таза астықтан салық жинаушыны «ұшыршы» деп атаған. Әр отбасы шамасына қарай жаздық, күздік егін егеді. Жер көлеміне орай немесе түсіміне қарай әркім кеусен берген. Атам атқарған осы қызметтері науқандық сипатта болғандықтан, ол кісі болмысынан өзіне тән серілік әуестігіне көбірек көңіл бөліпті. Кермеден жорға, жүйрік аты үзілмейтін, мамағашта көкпар аты байлаулы тұратын, тақымынан жүрдек ат арылмайтын сері болыпты. Бедеу атын баптап, той-думанда өлеңін айтып, қызкеліншектермен айтысып, жүрген жерінде сән салтанатын асырып, жиын-тойдың қызығына көрік берген өнерлі жігіт болған екен. Үйге келсе, балаларын алдына алып, шежіре өлеңін жаттатып, жыр-қиссаларды жатқа айтып, барлығын өнерге баулыпты.

Біліктілігімен әріптестерін мойындатқан, көпшіл бауырмалдығымен танымал Нұрғали атамыздың тамыртанысы да көп болған екен. Нұрғали атамыз ес білген балаларды алқалы жиын, салиқалы басқосуларда қасынан тастамай ертіп жүреді екен. Осындай тәрбиемен өскен әкем көкейге түйгені мол, көзі ашық жандардың тағылымды-танымды әңгімелеріне қанық болыпты.

Әкемнің ақындығы, қазақы қоңыр әндерді бабына келтіріп шырқауы, атбоздығы, серілігі – ата-баба бойындағы асыл қасиеттердің жарқын бір парасы. Бесенеден бойына біткен өнерпаздық, сергектік пен ізденімпаздық, бабалардан дарыған жігер мен намыс, әжелерден сіңген кішіпейілдік пен даналық таспихтың тасындай үйлесім тауып, бүгінгі бекзат болмысының мазмұнын сомдағандай. Қашан көрсең де сергек қалпынан айнымайды, жұдырықтай жұмылып, атылатын жебедей тартылып жүреді. Бұл әкеме тән дара болмысының қолтаңбасы. Сексеннің сеңгірінде де сол туабіткен болмысынан таймай келеді. Жастайынан жетімдіктің дәмін татып өскен әкем намысын қайрап, тіршілікке деген ұмтылысын шыңдап, жемісті еңбек етті. Замана тынысына тереңдеп, тіршіліктің сыры мен мәніне ой жіберген «Мұздамасам өмірде» атты өлеңінде:

Мұздамасам өмірде, жылылықты сезбес ем

Жақсылықты ұқпасам, жамандықтан безбес ем.

Топастыққа төзбеуім – даналықты көргеннен,

Тіршілікте мен соның барлығына кездесем.

Ұлылығын өмірдің түсінбесем мәңгілік.

Өмір үшін, ар үшін мен күресіп жатпас ем, – деп өзінің өмірлік бағытбағдарын жырлайды.

Студент шағында үйленіп, балалы болған әкем, институттан кейін өзіне сенім артқан анасының көңілін жықпай ауылға келіп, мектепке мұғалім болып орналасады. Анасын қолына алып, елінің берекесін ұйытқан ауылының қоңырқай тірлігіне қуат беріп, ұстаздық қызметін атқарады. Әжем Мәриәмкүл болса, 35 жылдан астам осы қарашаңырақтың салтанатын асырып, берекесін тасытып, өзінен тараған 121 немере мен шөбересін өрбітіп бақилыққа аттанды.

Әкем Әдепхан Төреханұлы Алматы облысы, Панфилов ауданы, Көктал ауылындағы Абай атындағы орта мектепте тапжылмай 43 жыл ұстаздық етті. Ұстаздық ізгі ісі – кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге. Ұстаздық қарымының куәсі физика пәнінен республика бойынша өтетін байқауларда жеңімпаз болған қаншама шәкірт дайындады. Осылай өткен ғасырдың 70-80-жылдарында Абай мектебінің атын республикаға әйгіледі. Бүгінгі таңда көптеген шәкірті республиканың әр қиырында жемісті еңбек етуде. Ұзақ жылғы мұғалімдік қызметінің жемісі – «Қазақ КСР халық ағарту ісінің озық қызметкері» атанды және «Ыбырай Алтынсарин медалімен» марапатталды. Уақыт биігінен қарасам, әкем ұстаз деген ұлы ұғымның асқақтығын әспеттегендей. Менің ұғымымда адам баласының жүрегінде қадір тұтып құрметтейтін екі қасиетті ұғым болса, алғашқысы – Ана, екіншісі – Ұстаз! «Ұстаз» деген қашанда қасиетті, қадірлі ұғым болған. Қаншама шәкіртке білім нәрін беріп, өмірдің қыр-сырын білуге, сан қилы құбылыстарын терең түсінуге мұрындық болды. Ең жақсы мұғалім шәкіртінің бойындағы үйрену құмарлығын оятқан адам деген тәмсілге сүйенсек, әкем өз шәкірттерінің бойында өмірге деген қызығушылығын оятқан ұстаздардың бірі. Астрономия пәнінен аспан әлемін игеру ілімін, мектеп бағдарламасының аясында қазақы пайыммен толықтырып, аспан денелерінің қарым-қатынасын халықтық астрономия тұрғысынан дәріптейтін. Қосымша сабақтарда қазақ халқының жұлдыздарға қарап жол бағдарлау, ауа- райын болжау әдістерін үйрететін. Әдебиет пәні бойынша факультативтік сабақтарда оқушылардың өнерге құштарлығын ұштау мақсатында әлем әдебиетінің асыл қазынасымен таныстырып, олардың құндылықтарына талдау жасайтын. Өмірдің әр қырын, әр сәтін дөп басып, қисынды өрілген өлең жолдарымен өрнектеуге баулитын. Абай ілімі, Шәкәрім, Сүйінбай, Жамбыл, Қасым мен Мұқағали сияқты қазақ ақындарының жауһар жырларымен оқушылардың таным-пайымын ашып, ой өрісін кеңейтуге ықпал етті. Осындай әдіспен шәкірттерінің білімін ұштап, ынтасына қажыр-қайрат қосып, ізгі армандарына жол ашты.

Сегізінші сыныптан оқушысы болған Көктал ауылының Абай атындағы мектебінің 1973 жылғы түлегі, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор, академик Қырғызбай Бегімбеков: «Әдепхан ағай кәсібіне адал, ұстаз ретінде өнегенің озық үлгісін көрсетіп келеді. Әдепхан ағай жетекшілік жасаған түлектердің кейбірі мектепті алтын медальға бітірді, көпшілігі өз мамандығының тарланбозы болып қалыптасты», – деп толғаныпты. Мұғалім болу тек сабақ беру ғана емес екенін жақсы түсінген әкем, ғылым мен білім қарыштап дамыған заманда өмір талабынан қалмас үшін үздіксіз іздену үстінде болды. Қуатты құлшыныс пен құшырлы ізденістерінің арқасында қатардағы мұғалім сапында қалып қоймай, баспасөз бетінде этнографиялық ізденістерімен, ақындық қырымен республикаға танымал болды. Білім беру ісінің үздігі, КСРО-ның үздік баспагері Ұлықман Асылов «Тау перзенті» деген мақалада әкемнің өлеңдеріне «… ешкімге ұқсамайтын тілдік-образдық сонылығымен, эстетикалықэтикалық тұщымдылығымен тартымды» деген баға берген. Жыл бойы аудандық, облыстық, республикалық баспасөз бетінде өлеңдері мен этнографиялық ізденістері жарияланып тұрды. Әкемнің әдебиет айдынындағы қарым-қабілеті мен қолтаңбасы туралы көзқарас-пікірлер легі елуге келген мерейтойынан бері әсте толастаған емес. Қазаққа танымал ақын-жазушылар мен қаламгерлер қалам тартқан пікірлер мен зерттеу мақалалары ғана жарты ғасырлық межеден асыпты.

Біз ата-анамызға көмектесе жүріп, олардың тіршілікке икемді шебер дағдыларын, өмірдегі өнегелі істерін қабылдай отырып өстік, жетілдік. Өмірге қажетті дағды мен іскерлікті өз әке-шешеміздің ұлағатынан бойымызға сіңірдік. Әкемнің ниетіне орай жан жолдасы, біздің анамыз ол кісіге жарасымды жар болды. Әжемізді үлпілдетіп қарағаны жеке-дара әңгіме. Екеуара сыйластығына ел сүйсінетін, отасқандарына елу жылдан асса да әкеміздің бетіне қарап сөйлегенін көрмедім. Әкемнің жазған еңбектерін қағазға түсіріп, шығармашылығының шырақшысы болды. Әкем шабыты келгенде ойын қағазға төте жазумен түсіретін, осы жазбаларды кириллицаға аударып жазатын анамыз болатын. Анамыздың тәрбиесімен әкеміздің қасқабағына қарап өстік, бетіне жел болып тиген жеріміз жоқ. Бүгінде өзім де әкемін. Немере сүйген атамын. Бірақ жүрегімді әлі күнге әкеге деген ықылас кернеп тұрады.

Әкем зейіл адам, орта жастан асқанша қаталдығы басым болды. Ол бағзы жандар құсап балаларын орынсыз еркелетіп, маңдайына күн, бетіне жел тигізбей үлпілдетіп өсірді деп айтуға келмейді. Бәрімізді еңбекке баулыды. Қатаң, талапшыл болды. Қойған талаптары тірлікке қажет барлық дүниені білсін, үйренсін, білімді болсын деген ой үдесінен өрбіген. Ондағы ойы балалары боркемік, бозөкпе болмай, ширақ, шымыр болып өссін деген ниеті болар. Өте ұқыпты, тазалықты жаны жақсы көретін. Әкемнің киім киісі, өзін-өзі ұстауы, жүріс-тұрысы, әдемі сөйлеп, айтар ойын әзілмен астарлап жеткізуі әлі күнге ел аузында аңыз сияқты айтылады. Осындай ерекше болмысымен болар, әкемнен білім алған жастардың арасынан суырылып шыққан мемлекеттік қайраткерлер жеткілікті. Алғашқы шәкірттерінің өзі жетпістің жетегіне ілініпті. Уысыңда тұрмайтын уақыт десеңші. Өткен ғасырдың алпысыншы жылдарында мектеп бітірген шәкірттерінің ішінен суырылып шыққан Аман Шотаев – ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор, қазақтың биязы жүнді қой тұқымының авторларының бірі. Жетпісінші жылдары бітірген шәкірттерден шыққан қайраткерлер көп болды. Солардың бірі – ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор, академик Қырғызбай Бегімбеков, дегерес қойының тұқымын жақсартуда жаңа тип шығарған селекционер. Кезінде «Қазақстан» телерадиокорпорациясының төрайымы болған Нұржан Жалауқызы Мұхамеджанова (Сұраншиева) мектеп қабырғасынан әдебиетке қанатын ұштап шыққан шәкірттерінің бірі. Республикалық, облыстық және аудандық деңгейде үкіметтік қызметтерде басшылық тізгінін ұстап жүрген шәкірттері қаншама. Менің әкемнің аға буын өкілі ретінде ұрпақ алдындағы рухани парызының бұл тек бір парасы.

Қазақы болмысына тән әкем қанағатшыл адам. Дүниенің соңына түсіп, байлық жинауды тоғышарлық санады. «Байлық мұрат емес, жоқтық ұят емес» деген халық даналығын басшылыққа алды. Қазіргі уақытта «ақылды болсаң неге бай емессің» дейтін ұрпақ буыны келді. Әрине, дәулетті тұрмыстың залалы жоқ екенін бәріміз түсінеміз, ал қолы қысқа жұпыны тұрмыс адамға қиын соғады. Дегенмен, тіршілікке қағілездігі мен еңбекжандылығының арқасында әрдайым қорасында қой, сауын сиыр болатын, аулада мінетін ат үзілмейтін. Құрметті қонағына қой сою әкемнің қонақжайлығының бір парасы. «Ниетіңе қарай несібең» демекші, өзіне жетерлік дәулетінің арқасында дастарқаны берекелі болды. Бойындағы бар қайратжігерін, білімін, тәжірибесін, бүкіл саналы ғұмырын халқымыздың асыл қазынасы – салт-дәстүр мен әдет-ғұрыптарын зерттеуге арнап келеді. «Арсыз болмай атақ жоқ, алдамшы болмай бақ қайда?!» деп Абай айтқандай, мал таппаққа құмартып, атақ-даңқ қумады. Ақжарқын пейілі, Белжайлаудай кең көңілі және елмен етене сыйластығының арқасында абыройға бөленді. Абыройдың даңқымен атақ та берілді. Осылай, адамгершілігіне селкеу түсірмеді. Шиыр болған жүрмеймін ізімен мен басқаның, Қиындыққа бұл менің өзімше аяқ басқаным. Жерім дархан, елім бай, мен боламын соған сай, Тұнық болса жұлдызды, айналайын, аспаным, – деп өзінің өмірлік ұстанымын, шығармашылық сара жолын айқындады.

Ағайындармен сыйласу, адамдарды сыйлау, көпшіліктің ортасында болу, содан ой түю әкемнің өмір дағдысы. Қарашаңырақ болған соң болар, үйден қонақ үзілмейтін. Өлең жазған кездері болмаса, оңашалануды жаны сүймейтін. Жастайынан әкесіз өскен әкем, ағалар алақанының жылуын көп көрді. Ағалары Дәулетхан мен Әуелханның қамқорлығымен жоғары білім алды, еңбекке араласты. Анасы мен ағаларының арқасында ағайын-туыспен сыйласты, ел аралады, көпшілікпен етене араласты. Бабақоныс Белжайлау мен Жаркент өңірінің ат тұяғы жететін ғажайып тарихи жерлерін аралап, көзбен көрді. Жақыбай атасының үлкен ұлы Нұрғали мен кенжесі Мырзахан аталардың шежіре әңгімелеріне қанық болды. Жиырма бірінші ғасырдың тоғысында өзі де ауыл ағасы болды. Тәрбиемен қанға сіңген «ағаға құрмет, кішіге ізет» әдебімен кейінгілерге сол қызметті жалғастыра білген парасат иесіне айналды. Өзінен кейінгі інілері Базархан мен Ғанидың білім алуына ағалық қамқорлығын жасады. Орта мектепті сырттай оқытып, техникумда арнайы білім алдырып, қызметке орналастырып, ұнатқан қызына құда түсіп, келін әперіп, өмірдегі барлық қадамдарына қолдау көрсеткен інісі Базархан Жақыбаев бүгіндері ауылға белгілі азамат.

Қазақтың белді жазушысы Бексұлтан Нұржекеұлы «Ауыл бар, ауылда да өмір бар» деген мақаласында: «Ауылдың сөзұстары болады. Ауылдың абыройын сол арқалайды. Ауылдың надандығымен де сол күреседі. Біздің Орбұлақ өңірінде сондай адамның бірі – Әдепхан Жақыбаев. Біздің ауданда отыз жеті ауыл болса, сол ауылдың бәрі оны біледі, оны мақтан тұтады», – деп ағынан жарылады. «Адамдар барға қарайды, жоққа қарамайды. Тіпті айтатыны, еске салатыны болған соң ғана ел Әдепханның аузына қарайды», – деп әкемнің ақсақалдық қасиетіне тоқталыпты. Туған жерін анасындай әспеттеген, елін ерекше сыйлайтын Бексұлтан ағамыздың берген осы бағасы әкемнің өзіндік айтар ойы бар, сөзі уытты жан екенін дәл тауып айтқан.

Жыл сайын жаз келісімен Жаркент өңірінің көркем жері Белжайлауға шығу – біздің отбасына тән жақсы дәстүр. Белжайлау – шығыстан батысқа созылған екі ұзын таудың ортасында жатқан жазықтау алқап. Жайлау көркі керемет: күнгей беткейін арша көмкерсе, теріскейін самсаған қарағайы әспеттеген көркем табиғат. Таза ауа, самал жел, кәусар бұлақ жанға дауа. Жоталарға жайылып өскен арша өңезіңді ашса, қарағайлы беткейдің ауасы тынысыңды кеңейтіп, көңіліңді сергітеді. Малшы қауым тау қойнауларын сағалай, өрекпіп ағып жатқан таудың мөлдір суын жағалай қоныстанады. Көз қызықтырар әсем көрініс жаныңды жадыратып, көңіліңді көтереді.

Біз үшін жылдың ең қызықты маусымы, әрі тамашасы мол мерзімі осы жайлау төрінде өтетін. Жайлау төсінде шөбі шүйгін өріске мал аузы тиген соң, малшы қауымның арқасы кеңіп, қолы босайды. Қазақы дәстүрмен ағайын-туыстың басын қосып, бар жақсылығын осы жайлау төрінде тойлау біздің өңірге тән үрдіс. Бір ауданның төрт шаруашылығы бас түйісетін Белжайлау төскейі жаз бойы той-думанның төріне айналады. Күнде жиын, күнде той. Той қызығы – ән айту, тақпақ жарыстыру, айтыс, күрес, теңге ілу, тай жарыс, көкпар. Жайлау төріндегі осы салтанаттың, шынымен, тәрбиелік мәні зор еді. Әкем бәрімізге мектеп жасына жетпей атқа мінуді үйретті. Қонаққа барса да, жиынға барса да қасынан тастамай бірге ертіп жүретін. Атамекенде ағайынтуыс көп, олар бізді шақырады, біз оларды іздеп барамыз. Соның арқасында жер көрдік, ел таныдық. Әкем осындай жүрісімен салт-сананы, әдетғұрыпты қанымызға сіңірді. Ол кезде дастарқан көркі көнекөз сұңғыла ақсақалдар еді, олардың аузынан ғибратты әңгімелер мен тарихи шежірелерді естідік, соны көңілге түйіп өстік. Қазақтың кең дария пейілі, өнегелі салт-дәстүрі жүрекке ұялады. Әкем балаларын жанына ертіп жүріп өмірге осылай баулыды. Біз қазақы болмысы бойынан арылмаған ақылғөй ақасақалдардың өзара сыйластығын, өзін-өзі ұстау әдебін көріп, көкейге тоқып ержеттік.

«Тәрбие – тал бесіктен» дегендей, біздің отбасының тәрбиелік діңгегі қазақы кең пейіл болды. Бір жағынан қарашаңырақ болған соң ағылып келіп-кетіп жатқан ағайын-туыс, екінші жағынан әкем өнерге жақын болған соң үйге келетін өнер адамдары, әдебиетшілер, тарихшылар. Ержеткеннен көз көріп өскенім елге танымал тұлғалар. Дәстүрлі ән өнерінің бұлбұлы Дәнеш Рақышев Жаркентке келсе, әжемізге амандаспай өтпейтін. Ол кісінің құрметіне ауылдың жақсы-жайсаңдары шақырылып, дастарқан жайылады, ғибратты әңгімелер айтылып, ән тиегі ағытылатын. Есімде қалғаны, Дәнеш ағамыз әнімен елді баураса, белгілі әдебиетші Құрманбек Толыбаев ағамыз танымды әңгімелерімен ағайынның көкейіне жиналған шерін тарқатушы еді.

Алаш ақыны Оразақын Асқар, тарихшы Қойшығара Салғарин, Ақселеу Сейдімбек, көсемсөзші Сабыржан Шүкірұлы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор, ғалым-әдебиеттанушы Серік Негимов, журналист Ақкөл Отарбаев, Жаркент өңірінің танымал азаматтары ақын Тоқбай Исабеков, Әбен Дәуренбеков және құрметті мұғалім әрі жазушы Дәулет Қасенов ағаларымыздың тәлімді әңгімелерін естіп, өнегелі әдебін көріп ержеттік. Қазақ әдебиетінің дүрілдеген дәуірінде әкемнің дөңгеленген дастарқанынан небір дүлдүл, небір бұлбұлдар дәм татты.

Туған жеріне деген махаббаттары өзектес, туыстығы жақын Қазақстанның құрметті жазушысы Бексұлтан Нұржекеұлы, інісі, танымал жазушы Жүсіпбек Қорғасбек, қоғам қайраткері Мырзағали Молдахметов, белгілі баспагер Ұлықман Асылов, ғалымәдебиеттанушы Сәрсенбі Дәуітұлы бауырларымен сыйластығы жақсы болды. Қазақтың жақсы қасиеттерін бойына сіңірген, кеңестік тәрбиенің қыспағынан шыққан қайраткер азаматтардың жүрістұрысы бізге ғибрат болды. Осындай ортада жүрген әкенің балалары, әрине, жақсының шарапатын алады. «Жақсының ұлылығы дарымаса да, жылылығы дариды» демекші, шынымен, барлық баласы жақсы азамат болып қалыптасты. Әкемнің осы дос-жарандарының көзі тірісімен адал көңіл, шын ниетпен әлі сыйласып келеміз. Рухани үндестік сабақтастығы әсте үзілген емес.

Айбын Төреханов

«Ақ желкен» журналы, №5
Мамыр, 2020

Нақты қайнары: http://www.elarna.net/koru_kk.php?tur=10&id=1243781
Пікірлер

Көрші сілтемелер