Еларна қолфон нұсқасына ену

Жүктеу-Албомым-Албомдар-Желі
Осы торды сақтаймын! | Осы торды бас бет етемін!

Біздің байланыс: elarna2012@gmail.com


Жалқаудың жаны тәтті, қарбыздың дәмі тәтті | «Жас Өркен» танымдық порталына қош келдіңіздер!



Тіркеліңіздер Кітапхана Қожалар торабы Албомдар Қазақтың 1001 ертегісі

Түрі: Жас-өркен торабы

Жолданған уақыты: 15:20 - 2020/08/17

Нақты Көзі: http://zhasorken.kz/?p=34007



«Жалқаудың жаны тәтті, қарбыздың дәмі тәтті». Бұл жаңа мақалды шығарған мен емес. Авторы – он жасар бизнесмен бала. Ол – Шығыс Қазақстан облысы, Үржар ауданы, Науалы ауылындағы Науалы орта мектебінің 4-сынып оқушысы Ернұр Макенов. Ернұр жылда оқу жылы аяқталған соң қауын-қарбыз егіп, суғарып, егін даласында жұмыс істейді. Себебі оның атасы, әкесі, екі ағасы да егін шаруашылығымен айналысады. Біз жақында егін даласына барып, өнімін көзбен көріп қайттық. Ернұр үлкен әрі тәтті қарбыз өсірудің құпиясымен бөлісті.

Таңғы төрттен жұмыс істейміз

«Менің аты-жөнім – Ернұр Макенов. Биыл 4-сыныпқа барамын. Сегіз жасымнан бастап егін егемін. Қазір 10 жастамын. Атам, әкем, ағаларым Ислам мен Исмет те қарбыз егумен айналысады. Ағаларым қазір студент. Кішкентай кезімде ағаларымның жазда қарбыз сатып көп ақша табатынын көріп, мен де қызығып кет-тім. Атамның егін егетін жері көп. Ағаларыма берген сияқты маған да жер бөліп берді. Алғашында маған қарбыз сату оп-оңай боп көрінетін. Сөйтсем, мен ойлағандай оңай емес екен», – дейді Ернұр.

Ернұр бізге қарбыз егудің және оған күтім жасаудың алгоритмін жатқа айтып берді. Расымен оңай емес екен.

Қарбыз өсіру үшін әуелі сәуір айында жер жырту керек. Атам «сәуір болмай, тәуір болмайды» деп айтады. Шынымен сәуір айында күн жылынып, жер бусанады. Осы кезде жер жыртсаң, топырақ дымқыл болады.

Қарбыздың екі түрі бар: ерте пісетін және кеш пісетін. Ерте пісетін қарбыз көшетін үйдегі жылыжайда өсіріп, сәуірдің аяғы, мамыр-дың басында егін даласына апарамыз. Ал кеш пісетін қарбыз тұқымын бірден жыртылған жерге егеміз.

Егілген көшетті желден, үсіктен, ауа райының басқа да қолайсыз жағдайларынан қорғау үшін целлофан пакет тартамыз. Аптасына екі рет суғарамыз. Түйін тастаған қарбыз шамамен 20-30 күнде піседі. Қарбыз үлкейген сайын қуанып жүрем. Оның пісіп-піспегенін сабағына қарап байқауға болады. Сыртынан шертіп тексерген де дұрыс», – деп түсіндіріп жүріп, Ернұр бізге бір қарбыз таңдап берді.

Ернұрдың айтуынша, қарбыз сатып аларда оған белгі салып немесе ішін жарып көру дұрыс емес екен. Себебі қарбызды үйге апарып жегенше кесілген жерде бактерия көбейіп кетеді. Қарбызды ертеңге қалдыру да қауіпті. Қарбызды кескен соң бірден жеп тауысу керек.

«Жазда күн сайын таңғы төртте ағаларыммен егін даласына келеміз. Бұл кезде күн салқын, қарғалар жоқ болады. Шөптеу, суғару, қарбыз жинап, камазға тиеуді таңғы сегіз-тоғызға дейін бітіріп алмасаң, күн ысып кетеді», – дейді еңбекқор бала.

Қарбыздың қандай пайдасы бар?

Қарбыз бизнесіне карантин мен коронавирустың зияны тимепті. Керісінше, биыл баға көтеріліп, сатып алушылар қарасы көбейген. Себебі қауын-қарбыз, жеміс-жидек вируспен күресуде таптырмас құрал көрінеді.

«Қарбыз екпей тұрып «Адамдар оны сатып ала ма? Сатып алса не үшін сатып алады?» деп ойландым. Қарбыздың пайдасы көп екен. Оның құрамында А, В, С, Е витамині бар. Анемия, склероз, бүйрек пен бауыр ауруларын емдеуге болады. Қарбыздың құрамында магний, натрий, калий, фосфор мен темір бар», – деп Ернұр тақылдап тұр.

Мұның бәрін қайдан білетінін сұрағанда, анасы Эльмира Хамитқызы мектепте биология пәні мұғалімі екенін айтты.

«Анама көп сұрақ қоямын. Ол да ерінбей жауап береді. Қарбыз туралы көп ақпарат білдім. Сатып алушыларға осы ақпаратты айтып беремін. Сосын олардың маған деген сенімі, қарбызға деген қызығушылығы артады», – дейді Ернұр.

Жазда қарбыздан уланып, іші ауырып шағымданатын адамдар да бар. Ернұрдың айтуынша, қарбыз жеудің ретін сақтау керек. Ашқарынға қарбыз жеуге болмайды. Екі жасқа толмаған балалар да қарбыз жемегені дұрыс. Қант диабетімен ауыратын адамдар күніне 1 келіден артық қарбыз жемесін. Қарбызды жемей тұрып сыртын жуып, сүртіп алу керек екен.

Адамдарды алдағым келмейді

«Биыл ауылда жаңбыр аз болды. Қарбызды арықтан су әкеп суардық. Бірақ өнім жылдағыдан көп. Сатып алушылар мен тапсырыс берушілер де жетерлік. Қарбыздарым шетел асып, Ресейге де кетіп жатыр. Қарбыз дәмімен сағыз өндіретін компаниялар масақ қалдырмай, бәрін әкетеді. Егін даласынан бір сағаттық жерде Алакөл бар. Демалушылар қауын мен қарбызды көп алады. Сатып алушылар тәтті екенін айтып мақтап жатады. «Жалқаудың жаны тәтті, қарбыздың дәмі тәтті» дегенді осыдан айтып жүрміз. Біз қарбыз өсіргенде нитрат, химиялық қоспа, селитра қоспаймыз. Сатып алушы үлкен компаниялар қарбыздың құрамын тексереді. Адамдар-ды алдағым келмейді. Олардың денсаулығын ойлаймын. Бұл қарбызды өзім де жеймін, ата-анам, жақындарым мен достарым да жейді деп ойлаймын», – дейді Ернұр. Оның шынайылығы мен адамдарға деген жанашырлығына риза болдық.

Ернұрдың атасы да немересінің еңбекқорлығына риза екен.

«Қарбыз егу – біздің отбасылық кәсіп. Бұл кәсіпті мен сонау 1987 жылы бастадым. Ол кезде 37 жаста едім. Биыл осы егін шаруашылығымен айналысқаныма 33 жыл болды. Жасым 70-тен асса да, қолымнан кетпен түскен жоқ. Болдым, толдым деп үйде отырғым келмейді. Ұлдарым, немерелерім де ата кәсіпті жалғап жүр. Оқуын оқып, жұмысын істейді де, жазда егін шаруашылығына көмектеседі. Әрқайсына жер бөліп бердім. Сол жерге егін ек те, өнімін өзің ал, сат, табыс тап дедім. Оқыған, білім қуған жақсы. Бірақ, шаруаға да епті болу керек. Ер азаматқа қосымша табыс артық болмайды. Егін шаруашылығы лотерея сияқты. Бірде өнім көп болып, байып кетесің. Кейде ауа райының қолайсыздығынан банкрот боп қаласың. Басты ұстаным – табандылық. Ернұрдың бойынан осы қасиетті жиі байқаймын», – дейді атасы.

Адамдарды құтқарғым келеді

Ернұр болашақта дәрігер болғысы келеді. Ал ата кәсіпті қосымша алып жүремін дейді.

Дәрігер адамның өмірін құтқарады. Вирустан қорғайды. Мен де тезірек өсіп, дәрігер болғым келеді. Коронавирус басталғанда неге дәл қазір мен дәрігер емеспін деп қатты өкіндім. Әкем: «Сен дәрігер болмасаң да адамдардың иммунитетін көтеретін қарбыз өсіре аласың. Адамдарға осылай көме-гіңді тигіз» деп айтты», – дейді Ернұр.

Іске жауапты, сөзге икемді бала кәсіпкердің ісіне сәттілік тілеп, қарбызынан дәм татып қайттық. Расында, еңбекпен келген қарбыздың дәмі тәтті екен.

Дана МАРАТОВА

«Ұлан» газеті, №33
18 тамыз 2020 жыл

Нақты қайнары: http://www.elarna.net/koru_kk.php?tur=10&id=1242004
Пікірлер

Көрші сілтемелер