Еларна қолфон нұсқасына ену

Жүктеу-Албомым-Албомдар-Желі
Осы торды сақтаймын! | Осы торды бас бет етемін!

Біздің байланыс: elarna2012@gmail.com


«Халық әндерін әжелер ғана орындайды деп ойладым» | «Жас Өркен» танымдық порталына қош келдіңіздер!



Тіркеліңіздер Кітапхана Қожалар торабы Албомдар Қазақтың 1001 ертегісі

Түрі: Жас-өркен торабы

Жолданған уақыты: 13:00 - 2020/08/07

Нақты Көзі: http://zhasorken.kz/?p=33997



Жетіген аспабы композитор Болат Сарыбаевтың жаңғыртуымен 1960 жылы қайта дүниеге келді. Сол уақыттан бері жетіген ансамбль, оркестр құрамында қосалқы аспап ретінде қолданылып жүрді. Жетігенге қыздардың қызығушылығы жоғары. Көбінесе, аспаптың үніне, пішініне қызығады. Жетігеннің құлағында ойнайтын шебердің бірі – Гауһартас Космоновқызы. Қазақ ұлттық өнерінің дәріптелуі төңірегінде әңгіме өрбіттік.

– Өнер жолына қалай келдіңіз?

– Есімімнің Гауһартас деп қойылуының өзінде ерекше сыр бар. Біздің отбасымызда атамыз домбыра тартып, ән айтатын. Мен дүниеге келгенде атам мені әнші болсын, өнерлі бала болсын, гауһар тастай асыл болсын деген ырыммен атымды қойыпты. Үш жасымнан бастап ән айтып, өнерге құштарлығым артты. Кейіннен қолыма домбыра алып, өз бетімше үйрене бастадым. Мен Монғолияның Баян Өлгий аймағында, қарапайым отбасында дүниеге  келдім. Бойымдағы өнерім мен музыкаға адалдығымның арқасында атамекенге 2009 жылы оралдым. Көкшетау қаласында Жанайдар Мусин атындағы педагогикалық колледждің музыка бөліміне оқуға түсіп, білімімді жетілдірдім.

– «Қарақат» мектеп-студиясы ең алғаш ашылған жылдары өнерлі жастардың рухани әулеті құрылғандай, бір ортаға жинала бастады. Сіздің «Қарақат» мектебіне баруыңызға ата-анаңыз қарсы болмады ма?

– Ата-анамның еш қарсы болған жоқ. Себебі мен кішкентайымнан өнерге бейім болдым. Менің рухани тұрғыда дамуымды, еңбектенуімді, өнерімді шыңдауымды ата-анам әрдайым қолдайды. 2009 жылы колледжде оқып жүріп, «Қарақат» мектеп-студиясына бардым, Қарақат апайға өнерімді көрсетіп, апайдың ықыласына бөлендім. Колледжде білімімді жетілдіре жүріп, «Қарақат» мектебіне концерттік бағдарламалар болатын кезде ғана барып тұрдым.

– Дауысыңызды алғаш естіген жандар «Қарақаттың дауысынан аумайды екен» деп жатады, «Қарақатқа еліктеп жүрсіз бе?» деген пікірді де оқыдым. Шынымен де еліктейсіз бе, әлде табиғи дауысыңыз ба?  

– Жастық шақта кез келген адам өзінің бойындағы қасиетін жетілдіру жолында сол саланың мықтыларынан үлгі алады емес пе?! Мен де алғашында өнер жолында жүрген әпкелерімізден, апайларымыздан үлгі алып өстім. Мәдина Ералиеваның өнеріне ғашық болдым, Алсу, София Ротару сынды ресейлік әншілерге еліктеп, бой түзедім. Бірақ әркімге еліктей беруге де болмайды, жақсы қасиетін ғана сүзіп алып, бойға сіңіру қажет. Уақыт өте келе өзіме ғана тән дауысым бар екенін ұғынып, өз стилімді қалыптастырдым. Қарақат ұстазымыз да мені алғаш көргенде ерекше бояуың, ерекше нәзік дауысың бар, өз жолыңды қалыптастыр деді. Осының барлығы менің жаңаша еңбектенуіме, өзімді дамытуыма үлкен әсер тигізді. Қазір өзімнің дауысыма, жандүниеме сәйкес келетін бірнеше әннің тұсауын кестік.

– Әңгімеңізге қарасам, заманауи әндерді жиі тыңдайтын секілдісіз, бірақ сіз дәстүрлі әндерді орындауды ұнатасыз. Қазіргі әндерге көңіліңіз тола ма?

– Иә, бұрын заманауи әндерді ұнататынмын. Дәстүрлі халық әндерін тек әжелер айтады, заманнан қалып қойдым ғой деген ойда болдым. Кейбір достарым да маған солай айтқан еді. Бірақ өнер жолындағы аға-апаларым сенің табиғатыңа, дауысыңа халық әндері жақсы келеді деп қолқа салып, бағыт-бағдар берді. Ұстаздарымның жөн сілтеуімен халық әндеріне қызығушылығым артып, халық арасына ұлттық нақыштағы әуендерді насихаттауға күш салып жүрмін. Ал қазіргінің әндері жайлы сын-пікір айта алмаймын. Себебі мен де жаспын, әлі өзімді дамытып жатырмын. Халықтан асқан мықты сыншы жоқ. Әннің мағынасы жақсы болғанына қараймын. Қалғанын халық өзі-ақ саралай алады. Көңілінен шыққан әнді тыңдай алады. Мен эстрадалық әндерді де сүйіп орындаймын, алайда алдымен әнші өзінің сонау өткен замандардан мұра болған асыл қазынасын, ұлттық әндерін нақышына келтіріп орындап, келесі ұрпаққа жеткізуі тиіс. Бұл – әрбір өнер иесінің парызы. Заманауи әндер алғашқыда жастарға ұнауы мүмкін, көңіл-күйді көтерететін әуезді шығар, бірақ бірнеше жыл уақыт өткен соң ол әндер де ұмыт болады. Ал ұлттық әндер заман өткен сайын жаңғырып, халықтың жүрегінде сақталады. Халық әндері ешқашан өлмейді.

– Жақында «Ақ бұлтым» атты әнге бейнебаян түсірдіңіз, ән жайлы, түсірілім жұмыстары жайлы әңгімелесеңіз.

– Маған осы күнге дейін көптеген әнді орындауға ұсыныс түсті. Алайда мен әннің  дауысыма, жүрегіме жақынын ғана таңдап қабылдаймын. Егер ән өзімнің табиғатыма жақын болмаса, ол әнді орындай алмаймын. Бәлкім осы қасиетімнен болар, таңдап-талғап алған әндерім көпшіліктің көңілінен шығып жатады. «Ақ бұлтымның» сөзін Аманжол Бәделұлы, әнін Нұрлан Сәкейұлы сынды талантты жастар жазған. Әннің өзі де жастарға арналған. Әннің сөзіне баса назар аудардық және жастардың қызығушылығын арттыру үшін заманауи countryside  стилінде түсірдік.

– Жетіген аспабының халық арасында насихатталуына қаншалықты көңіл бөлесіз? Болашаққа жоспарлаған шығармашылық жұмысыңыз бар ма?

– Сіздерге бір құпиямды айтайын, мен «Қарақат» мектеп-студиясында жинаған біліміммен шектеліп қалмай, жетігенмен сүйемелденетін әуендерді қалауымша өңдеп, орындағанды ұнатамын. Жетігенде әр ойнаған сайын осылай орындасақ, одан да жағымды, осылай әуезді екен деп өзімнің өңдеуіммен жетілдіріп отырамын. Өзім орындап жүрген халық әндерін жақында қайтадан таспалап, жинақ шығару жұмысына кірісіп кеттік. Жинақ жарық көргенде әлеуметтік желідегі парақшаларымда оқырманға міндетті түрде хабарлаймын. Жетіген аспабына қызығушылық танытып жүрген жастар, әсіресе қыздар өте көп. Балаларына ұстаз болуға шақыратын ата-аналар да жоқ емес. Болашақта жетіген аспабын үйренуге құштар жастарды жинап, ұстаз болуға қарсы емеспін.

– Өнерге құштар жастарға айтар ақыл-кеңесіңіз?

– Әнді жай айта салмау керек. Жүрекпен сезініп, айтар ойыңды әнмен жеткізгендіктен, түсіне біліп, жан-тәніңмен беріліп, тыңдаушыға шынайы жеткізе алу керек. Сонда ғана өнерге деген адалдығыңды, шынайы сезіміңді көрсетесің. Сонымен қатар, кез келген аспапты үйренуде қиындық болатынын жақсы білеміз.  Сол қиындықтарға шыдамдылық танытып, жеңіп шығу қажет. Кез келген аспапты үйренуде шыдам мен сабыр қажет. Адам баласы қандай маман иесі болса да, мейлі әнші, мейлі спортшы болсын, ең алдымен өзінің төл мәдениетін ұмытпасын дегім келеді. Өз тілін, өз әнін, өз әдебиетін, өз тарихын жетік білген жан шетелдік мәдениетті де білуден, үйренуден қашпайды. Өзге ілім-білімді меңгергенің жақсы-ақ, ол сенің рухани тұрғыдан дамуыңа көмектеседі. Алайда өнердің түп негізі өз халқыңның мәдениетінен басталатынын естен шығармау керек дегенді айтқым келеді.

Айсұлу СЪЕЗХАН,

«Ұланның» жас тілшісі.

Алматы қаласы

«Ұлан» газеті, №31
4 тамыз 2020 жыл

Нақты қайнары: http://www.elarna.net/koru_kk.php?tur=10&id=1235735
Пікірлер

Көрші сілтемелер