Еларна қолфон нұсқасына ену

Жүктеу-Албомым-Албомдар-Желі
Осы торды сақтаймын! | Осы торды бас бет етемін!

Біздің байланыс: elarna2012@gmail.com


Айболат Әбітбеков: Магистратураға түскен адамның мақсаты болуы керек | «Жас Өркен» танымдық порталын



Тіркеліңіздер Кітапхана Қожалар торабы Албомдар Қазақтың 1001 ертегісі

Түрі: Жас-өркен торабы

Жолданған уақыты: 09:20 - 2020/07/28

Нақты Көзі: http://zhasorken.kz/?p=33948



Жыл сайын бакалавриат бітіретін студенттерде екі таңдау бар. Бірі магистратураға тапсыру болса, екіншісі – мамандығы бойынша жұмыс істеу. Кей түлектер мамандығымен бір күн жұмыс істеместен, өзге кәсіппен айналысып кетуі де мүмкін. Ал магистратура оқитындардың көбі, өкінішке қарай, мұндай шешімді саналы түрде қабылдамайды. Магистратура деген – ғылым. Бірақ біздің елде көбі бұл оқуға ғылым қуамын деп бармайды. Ал шетелде магистратураға тапсыру ережесі қандай? Бакалаврдан соң бірден магистратураға түсу міндетті ме? Осы сұрақтарға «Болашақ» стипендиаты, Cornell University түлегі Айболат Әбітбеков жауап берді. Айболаттың Инстаграмда шетелге оқуға түсу және оқу туралы блогы бар.

– Жамбыл облысына қарасты Қордай ауданының тумасымын. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті халықаралық қатынастар факультетінің түлегімін. Бакалаврдың соңғы курстарында шетелде «Болашақ» бағдарламасымен оқығым келетінін түсіндім. «Болашақ» бағдарламасының мемлекеттік қызмет мамандықтарына гранты көп. Сәйкесінше, елге оралып жұмыс істеу нәтижесі де ескеріледі. Ол кезде «Болашақ» бағдарламасының ережесі бойынша екі жыл жұмыс істеуің керек еді. Бакалаврды бітірген соң, мемлекеттік қызметте жұмыс істедім. Оған қоса, отбасым бар. Таңертең жұмыста боламын. Кешке жұмыстан кеш шығып, жолда автобуста ағылшын оқимын. Үйге келген соң, келіншегіммен ағылшын тілінде сөйлесемін. Екі жыл жұмыс істеген соң, «Болашақ» бағдарламасына құжаттарымды тапсырып, стипендиат атандым. Келіншегім де «Болашақ» бағдарламасының стипендиаты. Үш жастағы қызымыз бар. Солай бір жылдай АҚШ-та ағылшын тілі курсын оқыдық.

– Магистратура оқуға қай университетті таңдадыңыз?

– Тіл курсы аяқталған соң, университет таңдау керек. Гарвардқа тапсыру – бала кезден арманым еді. Он шақты университеттің тізімін жасап, мемлекеттік басқару мамандығы қай оқу орнында оқытылатынын қарадым. Бірақ келіншегім екеуміз екі жақта оқи алмаймыз. Оған қоса, қызымыз бар. Гарвардта мен таңдаған мамандық болғанмен, келіншегім таңдаған мамандық жоқ. Сонымен жүрегім ауырып, Гарвардты тізімнен сызып тастадым. Таңдауым Cornell университетіне түсті. Әрі бұл университеттің аумағы отбасылы жастарға өте ыңғайлы болуы да рөл ойнады. Балабақша қарастырылған. Оқуға түскен соң, университетім мен тұрған жерімді ұнаттым. Ешқашан өкінбеймін. Дегенмен келіншегіме «сен болмасаң, Гарвардта оқитын едім» деп әзілдеймін (күлді).

– Бакалаврдан соң бірден магистратураға тапсыру міндетті ме? Шетелдік тәжірибе қандай?

– Магистратураға бакалаврдан соң бірден тапсыру немесе жұмыс істеген соң тапсыру – адамның мақсатына байланысты. Ғылымды, яғни академиялық саланы таңдамаса, өміріндегі мақсаты жұмыс істеу болса, бакалаврдан соң бірнеше жыл жұмыс істеп, магистратураға тапсырған дұрыс. Себебі жұмыс істеу арқылы адам мамандығын түсінеді. Бәлкім қателескен шығар. Мұны түсінуге уақыт керек. Өзімнің туған інім де бакалаврды бітіре салып шетелге магистратураға түскісі келеді. Бірақ шетелдегі магистратура мен еліміздегі магистратура екі бөлек. Бұл жерде Қазақстанның білім беру жүйесін жамандайын деп отырған жоқпын. Бізде магистратура ғылыми жолдың бір белесі болып саналады. Бакалаврдан соң магистратураға тапсырып, ары қарай академиялық жолды қалыптастыруға болады. Ал шетелде магистратураға түскен адамның мақсаттары бар. Біріншісі – тәжірибеден жетпеген білімді алу. Екіншісі – өзінің мамандығын басқа жүйеде ауыстыру. Үшіншісі – докторантураға түсу керек пе, әлде жоқ па сұрағына жауап табу. Шетелде бакалаврдан соң докторантураға түсуге болады. Бізде ол мүмкін емес. Өйткені шетелде магистратура тәжірибемен жұмыс істеген адамдарға арналған. Ал докторантура – ғылыми жол. Кейбіреулер бакалаврдан соң докторантураға түсіп, ғылыми мансапты бастап кетуі де мүмкін. Бірақ шетелде докторантура бес жыл. Екі жыл докторантураны оқыған соң магистр дәрежесін алады. Содан кейін әрі қарай докторантураны жалғастыру туралы сұрайды. Егер жалғастырмаса, магистр дипломын береді. Бұл саналы шешім. Сондықтан магистратураға түсуге асығудың қажеті жоқ.

– Шетелде магистр дәрежесін қалай алады?

– Магистр дәрежесін аларда бірнеше нұсқа бар. Біріншісі – диссертация жазып, докторантураға дайындалу. Екіншісі – жұмыс істеп жүрген белгілі бір мектеп немесе ұйымның проблемасын ескеріп, ғылыми жоба ұсынады. Мысалы, студенттер оқу бітірген соң жұмыс таппайды. Осы мәселенің статистика тұрғысынан зерттелуін және себебін анықтайтын жоба әзірленеді. Үшіншісі – курстың соңғы семестрінде БҰҰ немесе сондай белгілі бір ұйымдарда тәжірибеден өтіп, үш-төрт айдан соң жұмысқа кіресіз. Тәжіриебеден өткен соң ұйым басшысы магистр дәрежесін алуға құқық береді. Ең соңғы нұсқа – тест тапсыру.

– Магистратураға қалай дайындалу керек?

– Бірінші эссе жазуды үйрену керек. «Не үшін оқуға түсемін?», «Неге мен осы мамандықты меңгеруім қажет?» деген сұрақтарға жауап бере алатындай жазу қажет. Мысалы: «Мен бакалавр бітірдім, жұмыс істедім. Бірақ өмірде қателескенімді түсіндім. Менің мамандығым дұрыс емес. Өмір бойы журналист болып істесем де, маған психология қызық. Болашағымды осы мамандықта елестетемін. Негізгі мамандығым психология екен. Журналистикаға түсуіме әкем себепші еді. Бірақ мен психолог болғым келеді. Мені психология кафедрасына оқуға алыңыздаршы», – деп жазу керек. Эссені оқыған қабылдау комиссиясы сіздің қателескеніңізді түсініп, оқуға деген мотивацияңыздың бар екеніне күмән келтірмейді. Оған қоса, саналы түрде магистратура оқимын деген адам сабақтардың қиындығына төтеп бере алады. Өйткені шынымен де өз мамандығын жақсы көреді. Сонымен қатар, университеттің дәрежесіне қарай құжаттар тізбегі әзірленеді.

– Сұқбатыңызға рақмет!

Назым Сапарова

«Ұлан» газеті, №30
28 шілде 2020 жыл

Нақты қайнары: http://www.elarna.net/koru_kk.php?tur=10&id=1228726
Пікірлер

Көрші сілтемелер