Еларна қолфон нұсқасына ену

Жүктеу-Албомым-Албомдар-Желі
Осы торды сақтаймын! | Осы торды бас бет етемін!

Біздің байланыс: elarna2012@gmail.com


Капитандар мінген кеме | «Жас Өркен» танымдық порталына қош келдіңіздер!



Тіркеліңіздер Кітапхана Қожалар торабы Албомдар Қазақтың 1001 ертегісі

Түрі: Жас-өркен торабы

Жолданған уақыты: 13:40 - 2020/07/27

Нақты Көзі: http://zhasorken.kz/?p=33934



30 маусымда «Қазақстан» телерадиокорпорациясы «Abai tv» мәдени-ағарту телеарнасының тұсауын кесті. Ақпарат кеңістігіне «Ақыл-ойдың айнасы» деген ұранмен жол тартқан «Abai tv» телеарнасы ұлттық және әлемдік өнер мен мәдениеттің інжу-маржанын, түрлі ұлттардың әдеби және тарихи мұра жауһарларын, спектакль, балет сияқты бекзада өнер түрлерін қалың бұқараға ұсынбақ. ҚР Президенті Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Дәурен Абаевтың айтуынша, мәдениет өзінің өркениеттік рөлінен басқа әрқашан маңызды миссияны атқарып келді. Ол тарихтың ең ауыр сәттерінде халыққа күш пен үміт берді. Онымен тілдесу – ұлттың рухани өмірін байытудың тәсілі ғана емес, сонымен бірге азаматтарға материалдық көмек көрсетумен қатар, оларға моральдық тұрғыдан қиын жағдайда көмектесуге тырысатын мемлекеттің маңызды әлеуметтік миссиясы.

«Жаңа арнаның «Абай» деп аталуы тегін емес. Біріншіден, мәдени-ағарту бағытындағы жалғыз телеарнаға ұлт руханиятының темірқазығы Абайдың атын беру – өте орынды. Өйткені ұлы ақынның өнегелі жолы әлі талай ғасырға жалғасады. Екіншіден, жаңа телеарна төл мәдениетіміз бен дәстүрімізді насихаттау- ды мақсат етіп отыр. Бұл туралы ұлы ойшылдың «Пайда ойлама, ар ойла», «Талап қыл артық білуге», «Әсемпаз болма әрнеге, өнерпаз болсаң арқалан» деген өсиеттерін есте ұстауымыз керек. Сондай-ақ ол өнер мен кәсіп үйренуді байлықтың кілтіне, ұлттың қуатына балаған. Ұлы ақын тағы бір сөзінде «адам баласын заман өсіреді» дейді. Біздің жаңа телеарнамыздың жұмысы да осы қазіргі дәуірдің талабына бейімделеді. Зиялы қауымның басты борышы – қоғамға, әсіресе жастардың бойына тәрбиені, ізгілікті, отансүйгіштікті дарыту. Жаңа телеарна осы жолда сіздерге ұтымды құрал, ашық пікір алаңы болады деп ойлаймын. Осы тұрғыда «Абай» телеарнасының ашылуы ұлы кемеңгердің мерейтойы аясындағы шоқтығы биік шара деуге болады», – деді Дәурен

Абаев. «Abai tv» арнасының ашылуы қазақ қоғамы үшін үлкен мереке. Өркениетіміз бен мәдениетіміз үшін маңызды арналардың бірі болады деп сенемін. Мәдениет саласындағы азаматтарды телеарнаға өнімдері мен өнерлерін ұсынуға шақырамын», – дейді Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова.

ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Сұлтан Оразалы жаңа арнаға: «Осы бір кездің өзінде қиыншылыққа қарамастан жаңа телеарнаның ашылуы, соған барлық мүмкіндікті жасау – игі істердің бірі. Абайдың аты – өте ардақты. Осы арнада қызмет ететін қыз-жігіттердің мойнына өте ауыр жүк артылады. Абай атын иеленгеннен кейін Абайдың әділдігін, ойшылдығын, сөзге деген ерекше ықыласын, ғажайып жырлары мен әндеріндегі нәзіктік пен сұлулықты сақтап, сол биіктен көрініңіздер», – деген ізгі тілегін білдірді. Телеарна қазақ және орыс тілдерінде тәулігіне 17 сағат (07:00-ден 00:00-ге дейін) хабар таратады. Арна «Otau TV» ұлттық спутник операторы, «Alma TV», «ID TV» кабельдік желілері арқылы таралады. www.abaitv.kz ресми сайты арқылы онлайн көру мүмкіндігі бар.

Арнаның тұсауы кесілген соң оның болашаққа құрған жоспарын білу үшін ұжым басшысы Азамат Кеңесұлын әңгімеге тарттық…

– Арнадан берілетін жаңа хабарлар туралы толығырақ айта кетсеңіз. Білім-ғылым бағытында қандай хабарлар бар? Бағдарламалар қай жастағы көрерменді қамтиды?

– «Abai tv» арнасы – ақыл-ойдың айнасы» деп ұрандап тұрғанындай, арна мәдени-ағартушылық бағытты ұстанады. Қоғамдық сананы жаңғыртып, таным көкжиегін кеңейтіп, ұлтымыздың рухани құндылықтарын насихаттауды көздейді. Мемлекетіміз, оның әрбір азаматы ілгері басуы үшін өткенін ұмытпауы, бүгінгі әдебиеті, мәдениетімен, төл өнерімен мақтануы және оны болашаққа жеткізуі керек қой. Ол үшін халқымызға Абай даналығы, Абай ғибраты керек. Сондықтан әр қазақтың жүрегін нұрға, сырға, рухани сұлулыққа бөлейтін Абай өсиеті арна арқылы мәңгі жасайды. Қазіргідей күрделі кезеңде дүниеге келген «Абай» арнасы халықты жігерлендіріп, рухты жандандырады. Әрине, бұл арна үшін үлкен жауапкершілік және барлығымызға, оның ішінде әдебиет пен өнер, мәдениет өкілдеріне ортақ жауапкершілік десек болады. Арнадан салмақты сөз, сара ой іздеген көрермен «Сарасөз» атты мемлекет және қоғам қайраткерлері, өнер мен мәдениет, әдебиет майталмандарымен өтетін салиқалы сұқбатты көреді. Тыңнан түрен салып, тың ой айтатын талантты жастарды да осы жобадан байқайсыздар. «Үркер» атты бағдарлама танымал шығармаларға талдау жасап, кітап оқуға шақырады. Бай музыкалық мұрамыздың інжу-маржандарын тыңдағысы келген жанға «Күміскөмей» атты дәстүрлі музыкалық шоуымыз бар. Ал поэзияны сүйетіндер «Жыр майданы» поэзия сайысында жолығады. Мұнда еліміздің түкпір-түкпірінен келген жастар сүйікті ақындарының жалынды жырларын оқып жарысады. «Абай жолын бірге оқиық!» тележобасында барша қазақстандық «Абай жолы» кітабын оқиды. «Шеберлер» бағдарламасында ұлтымыздың қолөнері, атадан балаға мирас болған кәсіптің қырсыры насихатталады. «Премьеры» телебағдарламасы әлемдік музыка мен балет жауһарларының алғашқы қойылымдарын паш етеді. Ал «Дала өркениеті» атты деректі фильмдер топтамасы «Ұлттық киімдер» мен «Сырлы саз» «Жеті қазына», «Жыраулық дәстүр», «Алтын орда» секілді түрлі тың тақырып арқылы ұлт тамырына үңіледі. «Музыка Великой степи» бағдарламасы, аты айтып тұрғанындай, ұлы даланың музыкасын насихаттап, бір әннің тарихын, құрылымын, қазақ музыкасындағы орнын бағамдайды. Сонымен қатар, «Алтын қорда» қатталып жатқан небір құнды жазбалар, телебағдарламалар да көрсетіледі. Әлемдік және отандық музыканың інжумаржандарына арналған концерттер, ток-шоулар, телеспектакльдер, тұлғалар өмірі туралы деректі фильмдер топтамасы да бар. Бір айта кетері, арна 80/20 үлесі бойынша өнімдерін 80% қазақ, 20% орыс тілінде дайындайды. Арна аудиториясы 14 жастан басталады. Алдағы уақытқа жоспар көп. Тың идеялар мен жаңашыл тележобаларды қабылдауға дайын екенімізді де айта кетейік.

– Арнаның ашылуына қатысты қоғамда әртүрлі пікір туып жатыр. Мысалы, бұған дейін «Білім және мәдениет» арнасы ашылып, көп ұзамай жабылып қалды. Осының кебін кимей ме деген заңды сұрақ туады. Осының алдын алу үшін, арнаның ғұмыры ұзақ болуы үшін қандай жоспар құрдыңыздар?

– Кез келген күрделі кезең адамның жігерін жанып, рухын қайрайды. Қазір біз сондай әлемді індет жайлап, әлекке салған қиын кезеңде тұрмыз. Бірақ халқымыз тарихтың талай тезінен өтіп, қиындықтарды еңсере білген. Бір мүддеге біріксек, ұлт болып ұйыса білсек, бұдан да аман өтеміз. Абай – тұнып тұрған рух. Оның мұрасы халқымыздың кәусар бұлағы іспетті. Оның бұлағынан сусындау – адамды рухани кемелдікке жетелеп, биіктікке бастайды. Қазіргідей күрделі кезеңде Абай арнасының ашылуы халықты жігерлендіріп, рухтандырады. Осы уақытта неге ашылды, жабылып қала ма деудің өзі дұрыс емес. Осы уақытта ашылмағанда қашан ашылады? Арнаның бағыты айқын, мұраты зор. Рухани қажеттілік болғанша жасай береді.

– Абай атындағы арнаның көтерер жүгі белгілі. Онда жұмыс істейтін қызметкерлердің де ғылымға, білімге жақын болуы керек секілді. Арнаға ғалымдар, қоғам қайраткерлері атсалыса ма? Арна құрамында ардагер журналистер бар ма?

– Әрине, Абайдың атымен аталған арнада жұмыс істеу біз үшін үлкен мәртебе әрі зор жауапкершілік. Осы жауапкершілікті әріптестерім жан-дүниесімен жақсы сезінеді. Олар бұл арнаға адасып келген адамдар емес. Отандық журналистикада өзіндік жолы бар, тәжірибесі бар тұлғалар. Нұртілеу Иманғалиұлы, Дана Нұржігіт, Дархан Әбдік, Нұртөре Жүсіп, Елена Әбдіхалықова, Айман Мұсаходжаева, Жүсіпбек Қорғасбек, Нұркен Өтеуіл, Айгүл Қосанова, Флюра Мусина секілді майталман мамандар бағдарламалар тізгінін ұстайды. Сонымен қатар, мәдениет, әдебиет, руханият саласын жетік меңгерген Жаңыл Асылбекова жұртшылыққа, шығармашыл ортаға «Келбет», «Сөнбес сәуле», «Жарқын бейне» атты бағдарламаларымен жақсы таныс. «Астаналықтар», «Мәдениет жауһарлары» секілді түрлі тележобалар авторы ақын, журналист Гауһар Төлекбай, Сәуле Алдамұратқызы көп жыл бойы осы салаға маманданып жүрген журналистер. Жуырда өнер мен мәдениет, әдебиет саласындағы тұлғалардың басын қосып, көркемдік кеңес құрамыз деген жоспар бар. Бұдан соң ел айтып жүргендей күдік сейілгендей. Себебі, шығармашылық ұжым капитандар мінген кемені елестеткендей болды. Арнаның ғұмыры ұзақ болып, жас жеткіншектердің ғылымбілімге, өнерге ұйысуына мұрындық болғай.

Дайындаған Асылан Біржанұлы 

«Ақ желкен» журналы, №7
Шілде, 2020

Нақты қайнары: http://www.elarna.net/koru_kk.php?tur=10&id=1228269
Пікірлер

Көрші сілтемелер