Еларна қолфон нұсқасына ену

Жүктеу-Албомым-Албомдар-Желі
Осы торды сақтаймын! | Осы торды бас бет етемін!

Біздің байланыс: elarna2012@gmail.com


Егер әлемде 5G интернет қолданылса… | «Жас Өркен» танымдық порталына қош келдіңіздер!



Тіркеліңіздер Кітапхана Қожалар торабы Албомдар Қазақтың 1001 ертегісі

Түрі: Жас-өркен торабы

Жолданған уақыты: 19:20 - 2020/07/19

Нақты Көзі: http://zhasorken.kz/?p=33870



Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде ғалымдар радардың жаңа түрін ойлап табу мақсатында жүргізген тәжірибелерінің бірінде электр қысқа толқындарының су молекулаларын өте жылдам қозғалысқа түсіретінін анықтаған. Осы тәжірибе негізінде бүгінгі күні кез келген отбасының ас үйінен табылатын қысқа толқынды пештер пайда болды. Естеріңізде болса, бұл құрылғылар алғаш елімізге келе бастаған кезде артынан көп «аңыз» ерді. Түрлі әңгіме әлі күнге дейін айтылады.

Ал бүгінгі күннің басты жаңалығы мен аңызы 5G интернет болып отыр. 2018 жылдары қолға алынып, тұңғыш сынағы Гаага қаласында өтті. Сол жылы осы қала саябақтарының бірінде үш жүзге тарта қараторғай қырылып қалған. Соңғы үлгідегі интернеттің соңынан тұңғыш «аңыз» осылай ерген еді. Бұл жағдайдан кейін сыбыстар басылды да, Илон Масктің бүкіл планетаны интернетпен қамтамасыз етемін деген идеясынан кейін қайта басталды. Оның спутниктеріне байланысты әлем екі түрлі көзқарасқа бөлінді. Бірі зияны жоқ десе, екіншілері қазіргі коронавирус пандемиясына Маск спутниктерін кінәлап жатты. Жалпы бұл вирустың таралуына 5G интернетті де кінәлап жатқандар аз емес. Тіпті еліміздің өзінде «Whatsapp» желісі арқылы 5G интернет бағанының коронавирус таратып жатқаны туралы бейнелер тарап кетті. Ал бұл ақпараттың арғы тегінде Қытайда орнатылып, іске қосылған 5G интернет бағандары жатыр. 2019 жылы коронавирус белгілері Қытай азаматтарынан алғаш анықталардан бірнеше апта бұрын, дәл Ухань қаласында 5G интернет бағандары іске қосылған еді.

Бұл екі оқиғаның бір-бірімен байланысы бар ма? 5G интернет вирус таратып, адамдардың температурасының көтеріліп, иммунитетінің әлсіреуіне әсер ете ме? Осы интернеттің қосылуы нәтижесінде құстардың қырылғаны шындыққа жанаса ма? Бәрін басынан бастайық.

Гаага қаласында жаппай қараторғайлардың қырылуы 2018 жылдың күз айларында болған оқиға. Ал бұл қаладағы сынақтық 5G интернет бағандары жаздың алғашқы айларында 2-ақ күнге қосылған болатын. Бұған қоса, қараторғайлар қырылған саябақ қызметкерлері өлген құстарды зерттей келе, олардың тағамнан уланғанын анықтаған. Осыған байланысты, саябақта құстарға жем шашуға, онда иттер мен басқа да үй жануарларымен сейіл құруға тыйым салынды.

Енді 5G интернеттің ауру, вирус тарату қабілетіне тоқтала кетсек. Жалпы 5G интернет те өзінен алдыңғы 4G, 3G, 2G интернет тарату құрылғысы іспетті. Яғни электротолқын тарату процесі өзгерген жоқ. Тек бұл толқындар біршама күшейтілді. Сонымен қатар Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы: «Электромагнитті сәулелену арқылы вирус таралуы мүмкін емес», – деп ресми мәлімдеген. Бұл барлық вирус түріне, тіпті коронавирусқа да қатысты.

Ал Ухань қаласындағы 5G интернет бағандарының іске қосылып, бірнеше аптадан кейін вирустың шығуын сәйкестік немесе адамдардың магиялық ойлау жүйесінің нәтижесі деуге болады. Тағы бір айта кетерлігі, 2019 жылға дейін 5G интернет әлемнің 25-ке тарта елінде іске қосылды десек, әлемнің басқа ешбір елінде «вирус» пайда болған жоқ.

Ал Қазақстандағы 5G интернет 2019 жылдың орта шенінде сынақтан өткен болатын. Ал бұл сынақтар оң нәтиже берді. Ешқандай төтенше жағдай болған жоқ. Мемлекет 2021 жылдың соңына дейін халықтың 97 пайызын осы интернетпен қамтамасыз етуді көздеп отыр.

5G интернеттің иммунитетті әлсіретуі турасында айтар болсақ, ұялы және интернет желілерінің белгілі бір ауру тудыруы дәлелденген емес. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының 2014 жылғы жасаған мәлімдемесіне сенер болса, ұялы телефондар мен интернет желілерінің денсаулыққа кері әсері байқалмаған. Бұл жерде біз ұялы телефон мен интернетті тым ұзақ, шамадан тыс пайдалану туралы айтып отырғамыз жоқ.

Қалай дегенде де электромагниттік толқындар, интернет желілерін сымсыз тарататын толқындар адамға зиян екенін айту керек. Мысалы, рентген сәулесін алып қарайық. Оның мөлшері тым жоғары. Ұзақ, жиі пайдалану адамның ДНҚ-сының ыдырап, мутацияға ұшырауына алып келеді. Адам ағзасында осындай өзгерістер туғызатын сәулелер – радиоактивті сәулелер. Ал интернет желісін сымсыз таратудың да дәл осындай сәуле екенін айтып кеткен жөн. Тек бұл сәулелер өте төмен деңгейде. Адам ағзасына кері әсер етпейтін сәулелену мөлшері белгіленген. 3 кГц-тен 300 ГГц-ке дейінгі аралық. Ал 5G интернет желісі осы нормаға сәйкес келмейтін болса, онда әлемнің ешбір елінде орнатуға рұқсат жоқ. Бірақ бұл желі бүгінгі күні әлемнің 25-тен аса мемлекетінде жұмыс істеп тұр.

Қорытындылай келгенде, 5G интернет желісінің зияндығы дәлелденбеген. Ал бұл желінің орнатылуы әлемдік технологиялық дамуға үлкен серпін болар еді. Мысалы, бұл желі арқылы VR технология өте қарқынды дамып, 3D телевидение іске қосылуы мүмкін. Бүгінгі жүргізушісіз автокөліктер болса да, жолда көп кездеспеуінің себебін ғалымдар интернет желісінің нашарлығынан деп отыр. Ал 5G интернет желісі арқылы бұл мәселе шешілер еді.

Яғни тұтас әлемде 5G интернеті қолданылатын және жалпыға қолжетімді болса, ғылымның фантастикалық фильмдерде ғана көретін жетістіктеріне көз жеткізе алар едіңіз.

ТӨЛБАСЫ

«Ақ желкен» журналы, №7
Шілде, 2020

Нақты қайнары: http://www.elarna.net/koru_kk.php?tur=10&id=1223412
Пікірлер

Көрші сілтемелер