Еларна қолфон нұсқасына ену

Жүктеу-Албомым-Албомдар-Желі
Осы торды сақтаймын! | Осы торды бас бет етемін!

Біздің байланыс: elarna2012@gmail.com


Ғаламтор арқылы оқып, тәжірибе үшін Сібірге бардым | «Жас Өркен» танымдық порталына қош келдіңіздер!



Тіркеліңіздер Кітапхана Қожалар торабы Албомдар Қазақтың 1001 ертегісі

Түрі: Жас-өркен торабы

Жолданған уақыты: 16:40 - 2020/07/08

Нақты Көзі: http://zhasorken.kz/?p=33837



Әлішер Ғұмар – облыс, республика көлемінде сұранысқа ие оператор әрі режиссер. Оның ұлттық спорт ережелеріне қатысты, салт-дәстүрге байланысты түсірген туындыларын жұрт жылы қабылдап, көп көрілім жинады. Табиғатты түсіріп, оны ерекше беретіні де танымалдығын арттыра түскендей. Жарнамалық роликтен деректі фильмге дейін түсіретін режиссермен әңгімелесудің сәті түскен еді.

– Әлішер мырза, әңгімені туған жеріңіз бен өскен ортаңыздан бастасақ…

– «Әр адамның туған жері – Мысыр шаһары» деген қанатты сөз бар емес пе? Кіндік қаным тамған жер – Жаңақала ауданының Жаңақала ауылы. Сол жерде ержетіп, мектеп бітірдім. Үйленгенмін, бір қызымыз бар. Ата-анам Жаңақала ауылында тұрады. Әкем – Ғайни Ғұмаров, анам – Гүлжиян Ғұмарова.

– Видеография, режиссура саласына қалай келдіңіз?

– Видео түсіріліммен, оның монтажымен көптен бері айналысамын. Мектеп кезінен басталды. Басында тек хобби ретінде көрдім. Өзіме ұнаған нәрселерді түсіріп жүрдім. Мемлекеттік қызметте жүргенде, бір досым осы саламен айналысып ақша табуға болатынын айтты. Содан кейін бұл салаға ерекше көңіл бөлдім. Уақыт арнап, өзімді дамыттым, жетілдіруге бар күш-жігерімді жұмсадым.

– Ұстаздарыңыз бар ма? Қай жерден білім алдыңыз?

– Білімді ғаламтордан алдым. Әртүрлі топтан ақпараттар алып, YouTube-тағы видеоларды қарап, курстардан оқып үйрендім. Монтаж туралы жақсы кітаптарды үзбей оқып, оның принциптерін, тарихын шолып шықтым. Практикасын жақсы үйреткен режиссер Лев Вахитов деген кісі. Лев Вахитов табиғатты жақсы көретін, оны визуал көрсете алатын мықты режиссер. Кадр мен композицияны сезуді үйретті. Ол адам мені Сібірдегі Приполярный Урал деген жерге түсірілімге шақырды. Сонда барып 40 күн түсірілімде болдым. Тауларды түсірдік, ормандарында болдық, біраз жерін таспалап шықтық. Сол кезде жаңадан көп нәрсе үйрендім. Қасымдағы операторлармен де тәжірибе алмастым. Сол жақта жүріп 11 деректі фильм түсірдік. Бұл – ауыз толтырып айтатын жетістік.

– Қазір видеоконтент қарқынды дамып келеді. Орал өңірінде шарықтау шегіне жеткен жоқ. Басқа өңірлердегідей жақсы дамуы үшін қандай істер жасалуы тиіс?

– Біріншіден, жақсы сұраныс болуы керек. Екіншіден, жұмыстарыңды көрсететін жақсы алаң болуы керек. Үшіншіден, жазылған сценарийге, жобаларға жақсы қолдау көрсетілуі қажет. Мысалы, Ресейде телекомпаниялар контент жасау үшін деректі фильмдер мен сериалдарды түсіруге режиссерларды жалдайды. Ал бізде сырттан ешкімді жолатпай, бәрін өздері жасағысы келеді. Бұл дұрыс емес.

– Түсірген жұмыстарыңыздың біразын көріп шықтым. Көбіне танымдық бағытта екен. Табиғатты, ұлттық ойындарды, салт-дәстүрге қатысты түсіргендеріңіз көңілімнен шықты. Осы бағытта түсіру жан қалауыңыз ба, әлде тапсырыс бойынша жасалған дүниелер ме?

– Операторлардың басым бөлігі той мен love story түсіруге кетіп қалады. Бұл ақша жағынан пайда келтіргенімен, шығармашылығыңды құлдыратады. Ешқандай өсуге апармайды. Ізденісің азайып, ынтаң жоғалады. Бір сөзбен айтқанда, тығырыққа тірейді. Болашақта балаң есейіп: «Әке, еліміз үшін не істедіңіз?» – деп сұрақ қойғанда не деп жауап бересің? Операторлықпен кәсіби түрде айналысатын жан осыны ойлауы керек. Жұмыстарымның көбін жан қалауыммен түсіремін. Тапсырыстардың ішінен де көңіліме қонымдысын, елге пайдалысын таңдаймын. Облыстық Жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма мен ішкі саясат басқармасы түрлі жобаға тапсырыс береді. Жан-жақты қолдау көрсетеді. Бір жағы солардың арқасында жақсы тәжірибе жинап, жақсы әрі сапалы контент шығаруға күш салып жатырмыз.

– Командаңыз бар ма? Студия құрған шығарсыз?

–Үнемі ізденіс үстінде жүретін жігіттерден құралған командам бар. Әзірше студия ашқан жоқпыз. Оған кететін қаражатқа біраз жаңа құрылғы алдым. Монтажды үйден жасаймыз.

– Видеография саласына қызығатын жастар неден бастауы керек? Қандай ақыл-кеңес бересіз?

– Көп кітап оқу керек, жақсы фильмдерді мүмкіндігінше көп көрген жөн. Айтар ойы бар сапалы видеоларды іздеп жүріп көрсе ұтылмайды. Vimeo.com деген сайтта отыру керек. Жаңадан бастағанда тәжірибе жинағанша біраз уақыт тегін түсіруге тура келеді. Бізде көбі тегін түсіргісі келмейді. Видео саласының мықты маманы болып қалыптасқанша тегін түсіру қажет. Сұранысқа ие болу үшін осындай қиындықтарды жеңу керек.

– Осы кезге дейін түсірген жұмыстарыңыздың ішінде қайсы жаныңызға жақын? Қай жұмысыңыз көңіліңізден шықты?

– Әзірше біреуі де көңілімнен шыққан жоқ. Мүмкін ол өзіме деген талаптың жоғарылығынан болар. Алдағы уақытта өзіме ұнайтын дүние түсіремін деп ойлаймын.

– Оператор, режиссер, монтаж бағытында жұмыс істейсіз. Қатар алып жүру қиындық тудырмай ма?

– Қойылым жасағанда бір өзіңе қиындау тиетіні рас. Ал енді жобаның бюджеті жақсы болса, қасыма командамды шақырамын. Ол кезде әркім өзіне тапсырылған іспен шұғылданып, сапалы дүние түсіреміз.

– Кинематография саласы сізге не берді?

– Кинематография – ауқымы кең сала. Оның ішіне режиссер, оператор, монтажер, саунд дизайнердің жұмысы кіреді. Бұл саланың арқасында біраз жерді көрдім. Білімді адамдармен танысып, тарихи әңгімелерді естідім. Әлемге басқаша көзбен қарауды үйрендім десем болады.

– Аудан орталығындағы шашылған қоқыс туралы түсірген қысқа видеоңыз әлеуметтік желіде тез тарап кетті. Қазір қоқыс алаңын қоршап жатыр. Мәселенің шешілуіне алып келген бұл видеоны түсіруге не түрткі болды?

– Туған жеріңді, Отаныңды сүю – өлең айту, флэшмоб жасау, тумен суретке түсумен шектелмейді. Еліңді, жеріңді сүйетін болсаң, оны қорғап, тұмса табиғатына нұқсан келтірмей, оны сақтауға атсалысу керек. Бұл видео менің азаматтық позициямды көрсетеді. Жаңақала – менің туып-өскен жерім. Онда менің ата-анам, бауырларым,
дос-жараным ғұмыр кешіп жатыр. Сол үшін де туған жер дегенде елегізіп тұра-мын. Шашылған қоқыс туған жерімді ғана емес, жандүниемді де ластап жатқандай әсер етті. Сол себепті түсірдім. Көре тұра үндемей қалуды құп көрмедім. Жанашырлықтан түсірілген дүние, сол себепті көрген жандар жақсы қабылдады.

– Монтаж ерекше шыдамдылықты қажет етеді. Монтажда тағы не нәрсені ескерген жөн?

– Монтаж жасау да бір өнер. Бұған асқан шеберлік пен мықты шыдамдылық керек. Монтаждалатын материалға басқа көзбен қарауды білу керек. Монтаж туралы көп әңгіме айтуға болады.

– Телеарналарда жұмыс істеуге ұсыныс түспеді ме? Біздің телевидения саласы көңіліңізден шыға ма? Нені өзгерту керек деп ойлайсыз?

– Телеарналар бірнеше мәрте шақырды. Қазір де ара-тұра шақырады. Бас тартамын. Көңілімнен толықтай шығады деп айта алмаймын. Өз басым теледидар қарамаймын. Жаңалықтарды әлеуметтік желілерден оқимын. Біздің арналарға бәсеке керек. Мықты бәсеке жақсы өзгеріске алып келер еді.

– Табиғатты, өңірлерді аралап жүргенде сұлулыққа көзіңізді суғарған шығарсыз. Ерекше есте қалған сәттер бар ма?

– Сібірде тау арасында қонғанымыз әлі күнге есімде. Бұлттардың арасына шатыр тігіп, сол жерде болған сәттерім көз алдымда. Табиғаттың сұлулығына қарай бергің келеді. Жақсы әсер сыйлайды. Көпке дейін есіңнен кетпей жүреді.

– Еліміздің ең көрікті жерлерін түгел аралап, түсіріп, мықты туындылар-ды көрерменге сыйлау жоспарыңызда бар ма?

– Ондай жоспар әзірге жоқ. Алдағы уақытта облысымызда жақсы фильм түсірсек дейміз.

– Болашақта қысқа метражды, толық метражды кино түсіруге шақырса барасыз ба?

– Өзімді кино саласында да сынап көргім келеді. Бұл болашақтың еншісіндегі нәрсе. Ұсыныстар түссе, бас тартпас едім.

– Үнемі жаңарып отыратын салада өзіңізді қалай дамытасыз? Арнайы курстарға қатысасыз ба?

– Сәтті түсірілген фильмдер мен жақсы видеолар қараймын. Өмірдегі түрлі ситуациялар да жақсы идеялар әкеледі.

– Өзіңіздің авторлық курсыңыз бар ма?

– Операторлық пен режиссерлықты толықтай қамтыған курсым жоқ. Монтажды үйрететін курстарым бар.

Дайындаған
Жанайдар БОЛАТБЕКҰЛЫ
Батыс Қазақстан облысы

«Ұлан» газеті, №25
23 маусым 2020 жыл

Нақты қайнары: http://www.elarna.net/koru_kk.php?tur=10&id=1216194
Пікірлер

Көрші сілтемелер