Еларна қолфон нұсқасына ену

Жүктеу-Албомым-Албомдар-Желі
Осы торды сақтаймын! | Осы торды бас бет етемін!

Біздің байланыс: elarna2012@gmail.com


Booking.com компаниясында жұмыс істейтін Нәрікби | «Жас Өркен» танымдық порталына қош келдіңіздер!



Тіркеліңіздер Кітапхана Қожалар торабы Албомдар Қазақтың 1001 ертегісі

Түрі: Жас-өркен торабы

Жолданған уақыты: 16:00 - 2020/07/08

Нақты Көзі: http://zhasorken.kz/?p=33832



ІТ мамандарының шетелдік компанияларда жұмыс істеп, тәжірибесін бөлісіп жүруі жастар үшін ең мықты мотивация. Кейіпкеріміз Нәрікби Мақсұт Telegram каналында пайдалы ақпараттарды бөлісіп отырады. Жақында Нәрікби қазақ тілінде подкаст жаза бастады. Кез келген қосымшадан Narikbi Live деп жазсаңыздар, подкаст каналы шығады. Әр эпизодтың қонағы тек ІТ мамандары емес, азаматтық қоғамды қалыптастырып жүрген адамдар. Соның ішінде «Ұланның» бұрынғы жас тілшісі, журналист Руслан Меделбекпен болған эпизодты тыңдай аласыздар. Нәрікби бізге Booking.com компаниясына қалай жұмысқа орналасқанын, Амстердамдағы өмірі мен подкаст жазуға не себеп болғанын әңгімелеп берді.

– Алматы қаласының тумасымын. №173 мектеп-лицейдің түлегімін. Бұл физика-математика бағытындағы мектеп. Оқушы кезімде информатика пәнінен олимпиадаларға қатыстым. Осы пәнге қызығушылығым қазіргі істеп жүрген салама алып келді. ІТ әлеміне қызығуым компьютерге әуестігімнен емес, осы олимпиадаларға қатысуымнан басталды. Бізді олимиадаларға мектеп мұғалімдері емес, Қазақ-Британ университетінің оқытушылары дайындайтын. 11-сынып бітіргенше республикалық және халықаралық олимпиадалардың жүлдегері болып, кейін Халықаралық ІТ университетіне оқуға түстім. Software Engineering, яғни бағдарламалаушы мамандығын тәмамдадым. Айтпақшы, 7 жылдай домбыра үйірмесіне қатысқан едім. Әлі күнге дейін домбыра тартуды ұнатамын.

ІТ маманы боламын деген оқушы математика мен физиканы оқуы керек. Логикалық есептерді көп шығарған пайдалы. Бұл сіз ойлағандай оңай мамандық емес. Көп тер төгіп, сабырлы болуды үйрену қажет. Интернетте көптеген бағдар-ламалау курсы бар. Солардың біріне жазылыңыз. Практика жүзінде кішігірім программа жасап көріңіз. Мысалы, калькулятор немесе ойын. Қиыннан бастамаңыз. Әрқашан оңай қадамнан бастау керек.

– Booking.com қандай компания екенін балаларға әңгімелеп берсеңіз…

– Бұл компания – әлемдік туризм саласының көшбасшысы. Сіз қай мемлекетке саяхаттасаңыз да, Booking.com арқылы отель табасыз. Яғни, бұл отель иелері мен саяхатшыны қосатын сервис. Қазіргі таңда әлемнің барлық қаласында бар. Компания қарамағындағы қызметкерлерінің жағдайына жақсы қарасады. Жайлы кеңсе, тегін тағам, жаңа ноутбуктар мен қажетті құрал-жабдықтар. Жалғыз Амстердамның өзінде IT саласында 4000 адам жұмыс істейді. Мұнда әрбір персонал керек деп шешкен конференция-курстарға қатысып, кітаптарға тапсырыс бере алады. Тіпті 750 еуро көлемінде қаржыға велосипед сатып алып береді. Жұмыс уақыты flexible, яғни белгіленген нақты уақыты жоқ. Орта есеппен адамдар күнделікті сағат 10:00-17:00 арасында жұмыста. Егер үйде жұмыс істегіңіз келсе, өз еркіңіз. Менеджерге ескертіп, үйде жалғастыруға болады.

– Booking.com компаниясына жұмысқа қалай орналастыңыз жəне қазіргі қызметіңіз қандай?

– Менің мамандығым – программист. Нақтырақ айтсақ, мобайл қосымшаларды жасаумен айналысамын. Осы салада 6 жылдан астам жұмыс істеймін. Booking. com
компаниясына жұмысқа тапсырып, бірнеше техникалық интервьюден өтіп жұмысқа тұрдым. Соңғы интервью осы Амстердам қаласына өтті. Қызметіме келер болсақ, Booking.com-ның негізгі iOS қосымшасымен айналысамын. Яғни, сол қосымшада пайда болатын жаңа функцияларға жауаптымын.

Қазіргі таңда компанияда жиырмадан астам қазақ жұмыс істейді. Аз болсақ та, өте жақын араласамыз. Бір-бірімізді қонаққа шақырып, үнемі хабарласып тұрамыз. Тіпті, кейбір отбасылы жігіттер жақын маңайдан үй жалдап, балалары бірге өссін деп «қазақ ауылын» құрап алған. Компанияда Қазақстаннан екеніңді білсе, әр бөлімде кем дегенде 2-3 қазақтың аты-жөнін айтады. Бұл қуантарлық жағдай. Спорт матчтарына немесе мерекелерде бас қосып тұрамыз. Туған күндерді бірге тойлап, тіпті бірге саяхаттаймыз.

– Карантинге байланысты Нидерландыдағы жағдай қалай?

– Қазіргі таңда Нидерланды елінде 46 мыңнан астам адам вирус жұқтырғаны анықталған. Екі айдай уақыт карантин режимінде болды. Жергілікті үкімет бұны intelligent lockdown деп атайды. Яғни, ақылды құлыптау. Мемлекет басшылығы халық саналы түрде далаға шықпайтынына сенеді. Бірақ қазір карантин қысымы азайып жатыр. Көптеген кафе мен мейрамхана ашылды. Бұл елде карантин ешқашан толық енбеген. Халық саналы түрде керек емес әрекеттерге бармайтынына сенеді. Шынымен де, бұл жағынан голландықтар таңғалдырды. Заңды сақтауға тырысады.

– Шетелде жұмыс істеудің ерекшелігі қандай? Амстердамда тұру қиын ба?

– Шетелде тұрудың соншалықты көп ерекшелігі жоқ. Бәрі елге байланысты шығар. Нидерланды елі мен сияқты экспаттарға өте қолайлы. Халық ағылшын тілін өте жақсы біледі. Жер көлемі кішкентай болғандықтан, саяхаттауға өте қолайлы. Ал Амстердамда тұрудың еш қиындығы жоқ. Керісінше, оңай деп айтар едім. Барлық істі велосипедпен жүріп бітіруге болады. Шамамен 700 мың халыққа 800 мың велосипед бар. Орталықта туристер өте көп. Амстердам – халықаралық қала.

– Telegram каналыңызды ашуға не түрткі болды? Narikbi Live подкасты туралы айтсаңыз…

– Каналды жеке жазбаларым сияқты бастаған едім. Өмірде болып жатқан барлық жаңалықты жаза бермейсің ғой. Ал Telegram каналда ең керек әрі пайдалы деген ақпаратпен бөлісуге тырысамын.

Narikbi live подкасты – шығармашылық жобам. Өзім инженерлік мамандықта істегендіктен шығармашылық тұсымның ақсайтыны бар. Ал подкаст бір жағынан көптеген адаммен танысуға мүмкіндік береді. Елде жүрмесем де, қазақтың көптеген мықты азаматтарымен таныс болдым.

Басты мақсат – кәсіби және рухани даму. Осы екі тұсты дамыта білген адам өмірде көп жетістікке жете алады деп сенемін. Аудиториямның 80%-ы жастар. Бұл мені қатты қуантады. Жастар керек емес, пайдасыз контент көргенше, подкаст тыңдап, өмірін өзгертуі мүмкін.

– Әңгімеңізге рақмет!

Назым САПАРОВА

«Ұлан» газеті, №23
9 маусым 2020 жыл

Нақты қайнары: http://www.elarna.net/koru_kk.php?tur=10&id=1216164
Пікірлер

Көрші сілтемелер