Еларна қолфон нұсқасына ену

Жүктеу-Албомым-Албомдар-Желі
Осы торды сақтаймын! | Осы торды бас бет етемін!

Біздің байланыс: elarna2012@gmail.com


Bilim station арқылы қалай Түркияда оқуға болады? | «Жас Өркен» танымдық порталына қош келдіңіздер!



Тіркеліңіздер Кітапхана Қожалар торабы Албомдар Қазақтың 1001 ертегісі

Түрі: Жас-өркен торабы

Жолданған уақыты: 15:00 - 2020/07/06

Нақты Көзі: http://zhasorken.kz/?p=33812



Қазір шетелде білім алуға мүмкіндік мол. Түрлі бағдарлама мен ұсыныс көп. Бірақ оның қайсы шынымен тиімді? Оқу қандай мемлекетте арзан әрі сенімді? Қазақстандықтардың Түркияға оқуға түсуіне көмектесетін Bilim station жобасының авторлары «Ұлан» оқырмандарына осы туралы айтып берді.

Bilim station жобасының авторлары – Нұргүл Саясатқызы мен Дәурен Халелов. Нұргүл биыл Түркиядағы Сакария университетінің магистратурасын тәмамдаса, Дәурен Халелов құқықтану мамандығының бакалаврын бітірді. Бірнеше жыл бұрын Түркияға студент болып аттанған олар қазір қазақстандықтарға шетелде білім алуға көмектесіп жүр.

ТҮРКИЯҒА ҰБТ-СЫЗ ОҚУҒА ТҮСУГЕ БОЛАДЫ

Ұлан: Bilim station жобасының мақсаты қандай? Мұндай жоба бастау туралы идея қашан, қалай пайда болды?

Нұргүл Саясатқызы: Bilim station жобасын қолға алғанымызға бір жыл болды. Бірақ жобаның идеясы екі-үш жыл бұрын пайда болған. Bilim station жобасының мақсаты – қазақ жастарын Түркияда қолжетімді әрі сенімді оқумен қамтамасыз ету. Біздің жобамыз арқылы Түркияда 80% жеңілдікпен оқуға болады.

Ресми тіркелген, лицензиясы бар ұйым ретінде жұмыс істейміз. Компанияда жобаның ішкі дизайны, сұқбаттар мен кейіпкерлер табу, жарнамамен айналысатын жастар бар.

Дәурен Халелов: Түркияда оқып жүргенде түрлі компанияға алданып қалған қазақстандық студенттерді жиі кездестірдік. Әсіресе «Түркияға грантқа түсіремін» деп қалтасындағы қаражатын қағып алып, тек тіл курсының шығынын өтеп беретіндер көп екен. Отандастарымыз осындай жағдайға тап болған сайын қолдан келгенше көмектесіп, Сакария университетіне оқуға түсуге көмектесіп жүрдік. Бірақ мұндай оқиға жиілей берді. Bilim station жобасын қолға алу туралы идея осылай туды. Біз қазақ жастары миллиондаған қаражатын желге ұшырмай, сенімді әрі нақты оқу орнына түсуге көмектесумен айналысамыз.

Bilim station жобасы арқылы Түркиядағы Сакария мемлекеттік университетіне талапкерлер ҰБТ нәтижесінсіз, емтихансыз ақылы оқуға қабылданады. Талапкер аттестат бағалары арқылы оқуға түседі. Сондықтан ҰБТ-дан өте алмай қалған түлектерге Түркияда білім алу – жақсы мүмкіндік. Оқуға тапсырған талапкерлерді Түркиядан күтіп алу, виза жасатуға көмектесу, медициналық сақтандыру жасату, тұруға ықтияр хат, жатақханаға орналастыру сияқты қызмет түрлерін ұсынамыз. Біз Түркияға оқуға келгенде қолымыздан жетектеп жүріп түсіндіретін, ақыл-кеңес айтатын ешкім болмады. Осы олқылықтың орнын толтырып, отандастарымызға көмектескіміз келеді.

ТҮРКИЯДА СТУДЕНТТЕРГЕ ЖАҚСЫ ЖАҒДАЙ ЖАСАЛҒАН

Ұлан: Түркияда білім алудың қандай артықшылығы бар?

Нұргүл Саясатқызы: Түркия Еуропа мен Азияның, Батыс пен Шығыстың, теңіз бен құрлықтың ұштасқан жерінде орналасқан. Сондықтан, әуелі бұл жерде түрлі халықтың тарихы мен мәдениеті бар. ТӨМЕР тіл үйрету орталығында әлемнің 157 мемлекетінен келген студенттер білім алады. Бұл әр ұлттың болмысымен танысуға жақсы мүмкіндік деп ойлаймын. Шет елде жүрсек те, қазақстандықтар ұлттық мерекемізді тойлаймыз. Түркияда оқып жүрген, жұмыс істейтін қазақ көп. Бәріміз жиналып тұрамыз, тіпті арнайы ұйымымыз бар.

Сакария университеті Стамбұл қаласына жақын орналасқан. Табиғаты Алматы қаласына ұқсас. Түркияда студенттерге жақсы жағдай жасалған. Жатақханада екі мезгіл ыстық тамақ беріледі. Жатақхана тазалығына жауап беретін арнайы адамдар бар. Студенттерге барлық қызмет түріне жеңілдік қарастырылған. Кітапхана тәулік бойы жұмыс істейді. Спорт үйірмелері мен түрлі дайындық курсы да арзан бағада. Емтихан кезінде студенттерге пайдалы тағам түрлері тегін таратылады. Студенттерге арналған тамақтану орындарында да баға арзан. Бар болғаны 275 теңгеге кешенді түскі ас таба аласыз.

Тағы бір артықшылық – сабақты жақсы оқитын, қоғамдық жұмыстарға белсенді қатысатын студенттерге Түркияның басқа қалаларына тегін саяхаттайтын картаның берілуі. Ел тану үшін бұл да жақсы мүмкіндік деп ойлаймын.

Түркияда білім алған адамға халықаралық диплом беріледі. Демек Түркияда оқыған жас маман әлемнің кез келген мемлекетінде оқыған мамандығы бойынша жұмысқа орналаса алады.

Біз оқыған Сакария университетінің аумағы өте үлкен. Қазақстанда ҚазҰУ қалашығынан бес есе үлкен қалашықты автобуспен тегін аралауға болады. Университетте білім сапасына, бәсекеге қабілетті маман тәрбиелеуге баса назар аударылады. Оқуда жоғары көрсеткішке қол жеткізген студентке кіші қажылыққа жолдама беріледі.

Ұлан: Пандемия кезінде Түркияға оқуға қабылдау ережесі қалай өзгерді?

Нұргүл Саясатқызы: Пандемия кезінде әлемнің көптеген елінде қашықтан оқу жүйесі қалыптасты. Түркияда да оқушылар мен студенттер қашықтан оқыды. Жаңа оқу жылы студенттер үшін қазан айында басталады. Қазір Түркиядағы жағдай бірқалыпты. Сондықтан алаңдауға еш негіз жоқ. Жылдағы дәстүр бойынша оқу орнына қабылдау жүріп жатыр.

ТҮРКИЯДА ОҚУ ҮШІН ТҮРІК ТІЛІН БІЛУ МІНДЕТТІ ЕМЕС

Ұлан: Түркияда оқу үшін түрік тілін білу міндетті ме?

Дәурен Халелов: Түркияда оқу үшін түрік тілін білу міндетті емес. Егер талапкер түрік тілін білмесе, бір жыл тіл үйрету курсына қатысады. Кез келген тілді жоғары деңгейде меңгеру үшін сол тілдің Отанына барып, ортасында жүру керек дейді мамандар. Мен осы пікірмен келісем. Жоғары оқу орнына оқуға түсу үшін түрік тілін академиялық С1 деңгейінде меңгеру керек. Түркиядағы тіл үйрету курсында бес деңгейді бір оқу жылында меңгеруге болады.

Ұлан: Түркияға грантқа түсу қиын ба? Ал ақылы бөлімнің бағасы қандай?

Дәурен Халелов: Түркияда ғана емес, көптеген елде мемлекеттік грант жеңіп алу оңай емес. Түркияға грантқа түсудің ең тиімді жолы – «Түркия бурслары» бағдарламасы. Мұнда тіл курсы мен оқу ақысын Түркия өтейді. Бірақ бұл бағдарлама бойынша іріктеу өте қатаң. Себебі Қазақстанда сұраныс жоғары, тапсырушы көп. Сәйкесінше оқу үлгерімі мен марапаты көп, қоғамдық өмірде белсенді қатысушылар грант жеңіп алады.

Түркияда ақылы білім алу қатты қымбат емес. Ал Bilim station жобасы оны одан әрі қолжетімді ете түсті. Біз өзіміз білім алған Сакария университетінің әкімшілігімен келісімге келіп, қазақстандық студенттерге жеңілдік алып беріп жүрміз. Өзіміз студент болғандықтан, оқудың қиындығы мен қызығын қатар көргендіктен, отандастарымызға білгенімізді үйреткіміз келеді. Біздің басты мақсатымыз пайда табу емес. Себебі шәкіртақымыз өзімізге артығымен жетеді. Басты ниетіміз – Қазақстаннан Түркияға білім қуып келген жастар алданып қалмаса екен деген тілек. Біз сенім мен сапаға жұмыс істейміз.

Дана МАРАТОВА

“Ұлан” газеті №27,

07.07.2020.

 

Нақты қайнары: http://www.elarna.net/koru_kk.php?tur=10&id=1214718
Пікірлер

Көрші сілтемелер