Еларна қолфон нұсқасына ену

Жүктеу-Албомым-Албомдар-Желі
Осы торды сақтаймын! | Осы торды бас бет етемін!

Біздің байланыс: elarna2012@gmail.com


Ареналар жайлы не білеміз? | «Жас Өркен» танымдық порталына қош келдіңіздер!



Тіркеліңіздер Кітапхана Қожалар торабы Албомдар Қазақтың 1001 ертегісі

Түрі: Жас-өркен торабы

Жолданған уақыты: 20:00 - 2020/07/03

Нақты Көзі: http://zhasorken.kz/?p=33800



Халықаралық жарыстардың елімізде өте бастауына бірден-бір себеп болған нәрсе – неше түрлі спорт кешендерінің салынуы. Тіпті 2011 жылы VII қысқы Азияда ойындары, 2017 жылы ХХVIII қысқы Универсиада ойындары жаңа салынған спорт кешендерінде өткені белгілі. Болашақ ұрпаққа бүгінгі күннен мұра болып қалатын осы сарайлармен танысып көріп пе едің?

Мысалы, Геннадий Головкин, Серік Сәпиев, Александр Винокуров, Ольга Рыпакова, Болат Тұрлыханов атындағы спорт кешендерінде мыңдаған жеткеншік дайындалады. Бірақ әлемдік деңгейдегі додаларды өткізетін ареналар көп емес. Қазақстандағы ең үлкен заманауи стадион «Астана Арена» әлемдегі қозғалмалы шатыры бар алты стадионның құрамына кіретін нысан. 2009 жылы 3 шілдеде ашылған стадион бастапқыда, ресми ашылу күнінде қазақтың атақты күрескері Қажымұқан Мұңайтпасұлының құрметіне «Қажымұқан Стадионы» деп аталды. 30 мың көрермен сиятын «Астана Аренада» VII қысқы Азиада ойындарының салтанатты ашылуы өткен болатын. Дегенмен бұл аренада негізінен «Астана» футбол клубының ойындары өтеді. Айтпақшы, нысанның құрылысы үшін қазынадан 185 миллион доллар бөлінген болатын. Елордамыздағы тағы бір үлкен ареналардың бірі – «Барыс Арена» мұз айдыны. 2015 жылы қолдануға берілген арена «Барыс» командасының Құрлықтық xоккей лигасына кіргені үшін салынған. Бір емес, екі бірдей мұз айдыны бар нысанда Олимпиада талаптарына толығымен сай келетін Орталық Азия елдері бойынша жалғыз бассейні бар. 11 мың көрерменге арналған аренада Қазақ хандығының 550 жылдығы тойланды. Сондай-ақ аралас жекпе-жектен «Номадтар шайқасы-7» атты халықаралық турнир өтті. Елімізде күрес түрлерінен өткен тұңғыш әлем чемпионатын «Барыс Арена» қабылдады. Әлемнің 100-ге жуық елінен келген мыңға жуық спортшының өнерін біз де сол аренадан тамашалап қайтқан едік. 2019 жылғы шайбалы хоккейден бірінші дивизионның А тобындағы әлем чемпионаты да «Барыс Аренада» өткен болатын.

Қазақстандық аралас жекпе-жек жанкүйерлері үшін тарихи болған оқиға НұрСұлтан қаласында жаңадан салынған «Жекпе-жек» спорт сарайында болды. Әлемдегі ең үздік тұжырым саналатын M-1 Global ұйымының M-1 Challenge 105 турнирі өтті. 5 мың орынға арналған «Жекпе-жек» сарайында ине шаншар орын болмады. Чемпиондық белбеу үшін жұдырықтасқан Асу Алмабаев пен Сергей Морозов ел намысын абыроймен қорғап, әлем чемпионы атанды. 20 млрд теңге жұмсалған спорт сарайда бокс, күрес, дзюдо, ауыр атлетика секілді спорт түрлерінің барлығынан халықаралық жарыстар өткізуге де болады.

Елорданың сол жағалауында бой көтерген спорттық нысан «Алау» мұз айдынында үлкен турнирлер өтті. Әлемдегі коньки тебу стадиондарының ішінде 17-орынды иемденген «Алау» 2009-2011 жылдар аралығында салынды. 8 мың жанкүйерге арналған мұз айдыны сарайында VII қысқы Азиада ойындары да болды. Сондай-ақ тұңғыш рет дзюдодан өткен әлем чемпионаты дәл осы «Алауда» өтті. Әлемнің 100 елінен келген мықтылардың арасынан Елдос Сметов топ жарып, әлем чемпионы атанғанын жанкүйерлер әлі ұмыта қойған жоқ. Бірнеше рет «Қазақстан барысы» өткен «Сарыарқа» велотрегі де үлкен спорт сарайлардың бірі. Нұр-Сұлтанда жеңіл атлеттеріміз үшін салынып жатқан үлкен аренаның құрылысы да аяқталуға жақын. 7 мың көрерменге шақталған аренада жеңіл атлетикадан ғана емес, кез келген спорт түрінен халықаралық турнирлер өткізуге болады.

Әсем қала Алматыда да әлемдік турнир өткізетін арена көп. Солардың бірі 2016 жылы салынған «Алматы Арена» спорт сарайы. 2017 жылғы қысқы Универсиада ойындарының біраз турнирі өткен. Көркі көз тартар қазіргі заманғы мұз сарайы Орталық Азияда теңдесі жоқ кешен. Әлем бойынша техникалық тұрғыдан үздік жабдықталған айдындар қатарына кірген аренаның құрылысына 170 миллион доллар жұмсалған. Сәулетшілер аренаның құрылымдарының бір бөлігін киіз үйдің керегесіне ұқсатқан. Ал сыртындағы алтын жолақтары бар көгілдір шыныдан жасалған конькидің мұзда қалдырған өрнектерін бейнелейді. Осы орайда аренаның алғашқы жобасын жасауға қатысқан Ерұлан Нұрбекұлынан спорт сарайының құрылысының ерекшелігі туралы сұраған едік.

«Әу баста, «Алматы арена» мен «Халық аренаның» жобасын «Арх-Синтез Проект» компаниясы жасаған. Мен осы компанияда сәулетші болып жұмыс істедім. Бірақ одан кейін басқа компаниялар аренаның жобасын жетілдіріп, толығымен салып бітірді. Жалпы аренаның сыртқы көрінісінің әйнектен жасалуы бағасы жағынан да, сапасы жағынан да қолайлы болды. Одан бөлек, еліміздегі мамандардың қандай материалмен жұмыс істей алатынына да қарадық. Аренаның сыртын әйнекпен жасалуы эстетикалық тұрғыдан әдемі, әрі үлкен ғимарат көзге қораш көрінбейді. Сондай-ақ әйнек аренаның ішіне ыстық өткізбей, температураны бірқалыпты ұстайды. Аренаның тағы бір ерекшелігі –сейсмикалық тұрақтылығы жағынан 10 балға есептелген. Әлемдегі көптеген арена мұндай талаптарға сай келе бермейді», – дейді Ерұлан.

12000 көрермен сиятын аренада алғаш рет қазақ күресінен «Еуразия барысы» өткен болатын. Қанат Ислам, Садриддин Ахмедов, Айдос Ербосынұлы сынды боксшылар да «Алматы Аренаға» мыңдаған көрермен жинап, керемет бокс кештерін өткізді. Одан бөлек, аралас жекпе-жек спортынан АСВ, Titan FC, Fight Nights Global, GFC, АСА сынды әлемнің үздік тұжырымдарының турнирі болды. Арман Оспанов, Жалғас Жұмағұлов, Қуат Хамитов, Бейбіт Назаров сынды спортшылардың жекпе-жегін жанкүйерлер аренадан тамашалады. Футзалдан да УЕФА кубогының «Төрттік финалы» өтті. «Алматы Аренамен» бірге «Halyk Arena» мұз аренасы бой көтерген болатын. Бүкіләлемдік қысқы Универсиаданың негізгі объектілерінің бірі болған арена 3 мың адамға арналған. Құрылысына 23,4 млрд теңге кеткен «Халық Аренада» Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіровтің жүлдесі үшін халықаралық турнир мен дзюдодан жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионаты өткен еді. Сондай-ақ әлемдегі ең беделді тұжырым UFCмен келісімшартқа отырған бірінші қазақстандық спортшы Шавкат Рахмонов осы «Халық Аренада» өткен турнирде M-1 Global тұжырымының чемпиондық белбеуін жеңіп алған. Жалпы Алматы қаласында үлкен додалар өткізуге болатын спорт сарайлары көп. Балуан Шолақ атындағы спорт сарайы, «Медеу» мұз айдыны, «Сұңқар» халықаралық шаңғы кешені сынды нысандарда талай рет халықаралық турнир өтті.

2013 жылы қолданысқа берілген Тараз қаласында «Тараз Аренада» да республикалық және халықаралық спорттық іс-шараларды өткізуге болады. 2 мың жанкүйерге арналған трибунасы бар аренаның құрылысына 4,87 млрд теңге кеткен. «Тараз Аренада» жыл сайын еркін күрестен Дінмұхамед Қонаевты еске алуға арналған халықаралық турнир өтеді. Елімізге келген саяхатшылардың назарын аударатындай осындай ареналардың бар екенін айтқымыз келді. Ал сен бұған назар салып жүрсің бе, жас дос? Елімізде салынған ареналардың архитектурасы саған ұнай ма?

Дайындаған Дәурен Түлкібай

«Ақ желкен» журналы, №6
Маусым, 2020

Нақты қайнары: http://www.elarna.net/koru_kk.php?tur=10&id=1213547
Пікірлер

Көрші сілтемелер