Еларна қолфон нұсқасына ену

Жүктеу-Албомым-Албомдар-Желі
Осы торды сақтаймын! | Осы торды бас бет етемін!

Біздің байланыс: elarna2012@gmail.com


Сұлтан АҚҚАЗИН, омарташы: Омарташылыққа цифрландыруды енгізсем деймін | «Жас Өркен» танымдық порталы



Тіркеліңіздер Кітапхана Қожалар торабы Албомдар Қазақтың 1001 ертегісі

Түрі: Жас-өркен торабы

Жолданған уақыты: 13:00 - 2020/06/21

Нақты Көзі: http://zhasorken.kz/?p=33744



Омарташылық кәсіп туралы бұрын да жазғанбыз. Алматының іргесіндегі бір омартаның тіршілігімен танысып едік. Бұл жолғы кейіпкеріміздің ерекшелігі –
омарташылықты шетелде оқып келіпті. Оның үстіне жас маман. Оның
әңгімесі жасөспірімдерді қызықтырады деп ойлаймыз.

– Омарташылықты Польша мемлекетінің Люблен қаласында 2012-2017 жылдары оқып келдім, – дейді Сұлтан. – Бізді техникум жыл сайын іс-тәжірибеге жіберетін. Германияда да тәжірибеден өтіп, көп нәрсе үйрендім.

– Ол жақтың оқу жүйесі ерекше болар? Поляктар не себепті бұл салаға қызығады екен?

– Олар көбіне практика жүзінде оқытады. Сонымен қатар ара өнімін өндіруді ғана емес, оны қалай сатуды, өнімді пайдалануды бастанаяқ үйретеді. Әр елде әр сала өзінше даму керек. Бұл сала бойынша Польша мемлекеті алда келе жатыр. Өйткені балдың адам денсаулығына пайдалы екенін поляктар жақсы біледі. Сонымен бірге бұл экономикаға айтарлықтай үлес қосатын ауыл шаруашылық саласының бір түрі. Сол үшін қолға алып, дамытып отыр. Оның үстіне омарташылық – Польшада ежелден келе жатқан кәсіп.

– Еліміздегі ара өнеркәсібі үшін жаңалық болатындай қандай тәсілдерді үйрендің?

– Студент кезімде араны көбейту және балды үлкен мөлшерде өндіруді үйрендім. Қазақстанда енді дамып келеді. Мемлекеттік бағдарламалар да ашылып жатыр. Шығынды азайту тәсілін де үйрендім. Қазір елде әкем, ағам үшеуміз сол тәсілдерді жұмыста қолданып жатырмыз.

– Оқу бітіріп келген соң жұмысты неден бастадың? Мемлекеттен қолдау болды ма?

– Елге келген соң жаңа технология бойынша жұмысты бірден бастап кеттім. Ал мемлекеттен ешқандай көмек алмадым. Қазір омартамызды үлкейтіп, бал өндірісін бір жарым есе ұлғайттым.

– Технология дегенде біздің көз алдымызға техника елестейді ғой. Ондай
болмас?

– Иә, техника емес, «ара тазартқыш» деп аталады. Мысалы, бал шайқағанда 100 ұяны шайқау үшін 5-6 күн керек болса, осы технология арқылы ары кетсе екі күнде өндіруге болады. Қазақстанда ешкім қолданбайды екен, өзім кездестірмедім. Омарташылық – маусымдық жұмыс. Сол үшін әр күн қымбат. Ал мына құралмен жұмыс тез бітеді.

– Сені Польшаға оқуға жіберген орталық әлі де жұмысын жалғастырып жатыр
ма?

– Біз омарташының жанашыры болғандықтан және Қазақстан омарташылығын дамытуға жас мамандарды дайындау үшін Еуропаға оқуға жібереміз.

– Ол қандай орталық?

– «New Work In орталығы» деп аталады. Омарташы мамандығы бойынша қазір жеті бала оқып жатыр. Сонымен қатар жаңа оқу жылына тағы бес бала барғалы жатыр. Бұдан басқа бізде ауыл шаруашылығы саласы бойынша оқып жатқан студент де көп. Қазір бағдарлама өте көп. Онда оқығысы келетін балалар 8, 9, 10-сыныпты бітірген болуы керек. Шетелдік төлқұжат пен поляк тілін білу маңызды. Ал біздің орталық поляк тілін үйретеді.

– Қазақстанның табиғаты да ара өсіруге қолайлы ғой?

– Жеріміз кең болғандықтан өте қолайлы. Оның үстіне әр өңірде өзіне тән өсімдіктер мен гүлдер өседі. Ол ара шаруашылығына тікелей қатысты.

– Ара ұстаудың тағы қандай артықшылығын айтар едің?

– «Бал ұстаған бармақ жалайды» дейді ғой, артықшылығы өте көп. Соның бірі – аралар гүлді тозаңдандырады. Балдың түрі өте көп. Гүлдің түрі көп болған сайын балдың да түрі өзгереді. Олардың пайдасы да әртүрлі болады. Мысалы, дягиль деген бал жасы үлкен адамдардың денсаулығына пайдалы, жүрек соғысын реттейді. Ал жөке балын бактерицидтік ретінде пайдалануға болады. Қарақұмық балы жүрек қан тамырлары ауруларына пайдалы. Қанның сапасына жақсы әсер етеді. Біз гүлдің тозаңын да өндіреміз. Ол дәруменге өте бай, дезинфекциялық әсері бар. Тұмауға қарсы әсері де жақсы.

– Болашақта ара өсіруге қатысты тағы қандай тәсілдерді енгізбексің?

– Алдағы уақытта цифрландыруды енгізгім келеді. Оны былтырдан бері ойластырып жүрмін. Әр ұяның цифрлық құжаты болады. Оның пайдасы өте көп. Елімізде бәрі соған көшіп жатыр ғой. Өйткені бәрі бақылауда болады. Менің де мақсатым сол. Әр ұяның аналық арасы бар, соның туған жылы жазылып отырады. Омартамызға апта сайын тексеріс жүргіземіз. Соның бәрін бағдарламаға жазып отырсам, аптаның басында және аяғында қандай өзгеріс болғанын көріп отырамын.

– Араның қай тұқымын өсіріп отырсың?

– Карника арасы. Өзіме сол ұнайды. Жұмыс істеуі жақсы. Еліміздің табиғатына араның осы түрі ыңғайлы.

– Балды тұтынудың қандай тәсілдерін ұсынар едің? Қандай қоспалар қосқан
дұрыс?

– Балды үнемі жеп тұру керек. Күнделікті мөлшері – 1-2 ас қасық. Менің ұсынар кеңесім – балды таңертең және кеште жеу керек. Таңертең жесе, жақсы энергия алады. Ал кеште пайдаланса, ұйқысы жақсы болады. Балды ешқандай қоспасыз тұтынған дұрыс. Бірақ мен балды сүтке, шәйға араластырғанды ұнатамын. Ал негізі бал ыстық температурада, шәйға қосқанда қасиетін жоғалтады.

– Әңгімеңе рақмет! Ісің алға өрлей берсін!

Әңгімелескен
Асылан БІРЖАНҰЛЫ

«Ақ желкен» журналы, №6
Маусым, 2020

Нақты қайнары: http://www.elarna.net/koru_kk.php?tur=10&id=1204975
Пікірлер

Көрші сілтемелер