Еларна қолфон нұсқасына ену

Жүктеу-Албомым-Албомдар-Желі
Осы торды сақтаймын! | Осы торды бас бет етемін!

Біздің байланыс: elarna2012@gmail.com


Таразда туған талант | «Жас Өркен» танымдық порталына қош келдіңіздер!



Тіркеліңіздер Кітапхана Қожалар торабы Албомдар Қазақтың 1001 ертегісі

Түрі: Жас-өркен торабы

Жолданған уақыты: 13:40 - 2020/06/18

Нақты Көзі: http://zhasorken.kz/?p=33721



Тараз шаһарында дүниеге келген 17 жастағы футболшы Равиль Тагирге бүгінгі таңда көптеген команда қызығып жатыр. Олардың арасында Англияның «Ливерпуль», Италияның «Ювентус» сияқты атақты клубтары да бар.

Равиль бүгінті таңда Түркияның U-21 жасқа дейінгі құрамасы мен «Алтынорда» командасында өнер көрсетеді. Түркияның жергілікті басылымдары болашағынан үміт күттіретін бұл қорғаушыға күнде бір клуб қызығушылық танытып жатқанын жиі жазады. Әрине, мұның бәрі әзірге сыбыс. Дегенмен, Равильдің талантына, болашағына күмән келтіруге болмас.

Футболшының өзі Anadolu Ajansı басылымына берген сұқбатында арманы Испанияның корольдік клубы – «Реал Мадридтің» жейдесін кию екенін айтты. «Сантьяго Бернабеу» стадионында доп тебу – оның басты мақсаты.

Таразда дүниеге келген

Равиль Ахыска түріктерінің отбасында дүниеге келген. Әлемде түркітілдес халықтардың ішінде саны жағынан ең көбі – түріктер. Шамамен 55 миллионнан асады. Әрі олар бес алып құрлықтың бәрін мекен етеді. Ал Қазақстандағы түріктердің дені қазіргі Грузияның оңтүстік-батыс аудандарынан жер аударылып келгендер. Оларды «ахыска түріктері» деп атайтыны да содан. Екінші дүниежүзілік соғыста Сталин қару ұстай алатын 40 мың түрікті соғысқа алғаннан кейін қалған 91 мың түрік 1944 жылдың 14-16 қарашасында Өзбекстанға айдалды. Бұл айдауда 17 мың адам қаза тапты. Кейіннен ахыска түріктері Қазақстан, Қырғызстан, Түркіменстан, Әзербайжан, Түркия, Сібір сияқты дүниенің барлық жеріне тарап кетті. Солардың арасында Равильдің де атасы бар.

– 2003 жылы Қазақстанның Тараз қаласында дүниеге келдім. Ол жақта жеті жасыма дейін тұрдым. 2010 жылы ата-анам Түркияға қоныс аударды.  Мүмкіндік болса, Ахыскаға барғысы келеді, – дейді Равиль.

Оның айтып отырған Ахыскасы – Ардахан өлкесінің солтүстігінде Грузия аумағында Пософ өзенінің екі жағасында орналасқан тарихи-мәдени аймақ. Қазіргі заманда Месхетияныӊ елеулі бөлігі Грузия республикасыныӊ оӊтүстігіндегі Самцхе-Джавахетия аймағыныӊ үш ауданыныӊ (Адиген, Ахалцих және Аспинд) және Түркияныӊ шекаралас аймақтарында орналасқан. Орталығы – Ахалцихе қаласы.

«Менің болашағымды клуб басшылары шешеді»

Еуропалық клубтар жас футболшыны мұқият қадағалап отырғаны белгілі және оның Еуропаға ауысуы туралы жаңалықтар жиі шығып тұрады.

– Мұндай жаңалықтар туралы ештеңе айтқым келмейді. Шыны керек, ондай сыбыстар өзіме ешқандай әсер етпейді. Болашақ карьерам туралы мәселемен клуб айналысады. Сондықтан олар дұрыс шешім қабылдайды деп сенемін, – дейді Равиль.

Равильге Испания мен Англия чемпионатында өнер көрсететін командалардың ойыны ұнайды екен.

–  Менің мақсатым – Испанияның ла лигасында ойнау. Әрине, мүмкіндік болып жатса, Англияның премьер-лигасында да доп тепкім келеді. Ондай сәт туып жатса, барынша пайдаланғым келеді. Футбол отанындағы команданың жейдесін кию ерекше әсер сыйлары анық. Еліктеп, кумир тұтатын футболшым жоқ. Бірақ бірнеше футболшының ойынын үнемі бақылап отырамын. Бұрын Серхио Рамостың алаңдағы қозғалысына ерекше мән берсем, қазір Ван Дейкті мұқият қадағалап жүрмін. Олар мұндай дәрежеге маңдай терімен жетті. Біз де солар секілді еңбектенетін болсақ, сондай жетістікке жете аламыз деп ойлаймын, – дейді футболшы.

Ол қазір Түркияның «Алтынорда» командасында өнер көрсетеді. Бұл команда Измир қаласының намысын қорғайды. Қазіргі кезде Түркияның бірінші лигасында ойнайды. Түркия футболының гранттары көбінесе шетелден жұлдызды ойыншылар сатып алса, «Алтынорда» керісінше, өздері тәрбиелеп, кейін Еуропа клубтарына сатуды жоспарлап отыр. Сондықтан клуб инфрақұрылымды дамытуға, жаттықтырушылар құрамына және футболшылардың жан-жақты білім алуына көп қаражат жұмсайды. Клуб президенті Испанияның «Атлетико Бильбао» командасының тәжірибесін үздік көреді. Сол клубпен әріптестік орнатқан. Қазірдің өзінде «Алтынорда» түлектері Еуропа клубтарына ауыса бастады.

– Жас футболшыларға Чаглар ағамыз үлгі болары анық (Англияның «Лестер Сити» командасының қорғаушысы Чаглар Союнджю – автор). Оның Англия командасына ауысуы бізге сенім ұялатты. Мұнда жақсылап еңбек етіп, кейін Еуропаға барғымыз келеді. Түркияның орталық қорғаушылары осы күні жақсы ойнап жүр. Болашақта мен бәсекелестікті жеңіп, негізгі қорғаушылардың бірі болғым келеді, – дейді ол.

«Каан Айхан мен Озан Кабак ұнайды»

Жас футболшы оған қандай орталық қорғаушылары ұнайтынын да атап өтті.

– Маған Түркиядан Каан Айхан мен Озан Кабак ұнайды. Өйткені Чаглар Союнджю мен Мерих Демираль – команда үшін барын салып ойнайтын нағыз жауынгер жігіттер, агрессияға жақын ойыншылар. Ал менің стилім – олардан сәл өзгеше, – дейді Равиль.

Ол биылғы маусымда чемпионатта 27 матчқа қатысып үлгерді. Жарақатына байланысты ойында алаңға шыға алмады. 14 ақпанда «Османлыспор» қақпасына бір гол соқты. Оның бұл добы командасын жеңілістен құтқарып қалды.

 

– Чемпионаттың алғашқы турларынан бастап, негізгі құрамда ойнаймын деп ойлаған жоқпын. Біздің бас бапкер Хусейн Эроглу маған мүмкіндік берді. Сол сенімді ақтауға тырыстым. Бастапқы турларда өз мүмкіндігімді сәтті пайдаланғанымның арқасында өз орнымды ешкімге бермей келемін. Хусейн қожа маған сенімін арттырды. Алаңда өзімді жайлы сезіне бастадым. Алдағы уақытта шеберлігімді арттырып, командаға бұдан да көбірек үлесімді қосқым келеді. Содан кейін Еуропаға барамын, – дейді ол.

Ал Түркияның U-21 жасқа дейінгі жастар құрамасының аға бапкері Ведат Инчефе бұл футболшының шеберлігін жоғары бағалап отыр.

– Оның өте таланты екенін бірден байқасыз. 17 жасқа енді толса да, допты қабылдауы, пас беруі, ойынды түсінуі керемет. Мен тек 30 жасымда Равиль секілді ойнаған шығармын, – дейді Ведат.

Ал ойыншының бапкері жайлы пікірі мынандай: «Ведат қожамен арақатынасымыз өте жақсы. Мен туралы үнемі жылы пікір айтып жүреді. Оның бәрі сенімділікті арттырады. Алғашқы кездері оқу-жаттығу жиындарын толқып, қысылатынмын. Қазіргі кезде бәрі керемет. Бұған командалас әріптестерімнің де үлесі зор», – дейді ол.

Равиль сонымен қатар қосымша жаттығулар оның физикалық жағдайының жақсаруына ықпал еткенін және негізгі құрамның ойыншыларымен бірге алаңда өнер көрсетуі шеберлігінің арта түсуіне әсер еткенін айтып отыр.

Қазіргі кезде футболшыға Еуропаның топ-клубтары қызығушылық танытып жатыр. Олардың арасында Англияның «Ливерпуль» клубы бар. Yeniasir.com ақпарат агенттігі ұсынған мәліметке сүйенсек, «Ливерпуль» Түркияның «Алтынорда» клубынан Равиль Тагир мен Бурак Инсаны 7,5 млн еуроға сатып алуға дайын. Қазіргі кезде екі тарап келіссөз жүргізіп жатыр.

Одан бөлек, Криштиану Роналду ойнайтын Италияның «Ювентус» клубы да жас футболшыны өз қатарынан көргісі келеді. Бұл туралы футболшының агенті Қорай Ұзын айтты.

Жалпы, футбошыға қызығушылық танытушылардың қатарында «Ливерпуль» мен «Ювентустен» бөлек, «Манчестер Сити», «РБ Лейпциг», «Боруссия» (Дортмунд) және Түркияның «Галатасарай» командасы да бар.

Қазіргі кезде Transfermarkt Равильдің трансферлік құнын 1,2 млн еуроға бағалап отыр.

Бек ТӨЛЕУОВ

«Ұлан» газеті, №24
16 маусым 2020 жыл

Нақты қайнары: http://www.elarna.net/koru_kk.php?tur=10&id=1203121
Пікірлер

Көрші сілтемелер