Еларна қолфон нұсқасына ену

Жүктеу-Албомым-Албомдар-Желі
Осы торды сақтаймын! | Осы торды бас бет етемін!

Біздің байланыс: elarna2012@gmail.com


Дидахмет Әшімханұлының «Құпия дәптерінен» | «Жас Өркен» танымдық порталына қош келдіңіздер!



Тіркеліңіздер Кітапхана Қожалар торабы Албомдар Қазақтың 1001 ертегісі

Түрі: Жас-өркен торабы

Жолданған уақыты: 20:20 - 2020/06/14

Нақты Көзі: http://zhasorken.kz/?p=33709



Әр адамның өмірінде сәуле секілді тұлға болады. Ол тұлға әрқашан жарық беріп, дұрыс жол көрсетіп тұрады. Мейлі, ол адам өмірден өтіп кетсе де…

Мен үшін сол шамшырақ – жазушы Дидахмет Әшімханұлы. Алматыға келгеннен бастап ол кісімен жақын араласып, рухани әке, ұстаз тұттым. Ағам эпостолярлық жанрды жақсы көретін. Студент кезінен бастап, өмірінің соңына дейін күнделік жүргізген. «Мен жазысқан хаттарымды сақтап жүремін», – дейтін. Оны кітап қылып шығарғысы келетінін де айтатын. Өткен жылы ұлы Дәулет (Әшімхан) маған ағамның екі дәптер күнделігін (1999-2015 жж.) компьютерде басып беруге өтініш жасаған еді. «Құпия дәптерді» сеніп тапсырғанына бір жағы қуандым, бір жағы жауапкершілікті сезіндім…

Дидахмет аға Лев Толстойдың күнделігіндегі деректерді жиі айтып отыратын. «Толстойды тани түсесің, оқышы» дейтін. Мен де ағамның «құпия дәптерін» оқып, жаңадан танысқандай күй кештім. «Мынау жариялауға болады немесе болмайды» деп өзін де, өзгені де «періште» көрсетуге тырыспаған. Қалай бар, солай жазған. Сол сәттегі сезімді қалтқысыз, боямасыз қағазға түсірген.

Дәулеттің рұқсатымен Дидахмет ағаның күнделігінен газетімізге үзінді беруді жөн көрдім. Тұлғалар туралы жазғанын ғана алдым. Дәулет ағамыздың 70 жылдық мерейтойы қарсаңында бірнеше дәптер күнделігін кітап қылып шығаруды қолға алып жатқан жайы бар. Қызыққан адам кітап нұсқасын парақтап көрер…

2 маусым (жұма), 2000

Кешкісін театрға, Қалихан ағаға бардым. Соңғы он бес күнде ол кісі Әлібек екеуіміз туралы «Менің інілерім» деген дүние жазып жатқан. Соны бітіріпті. Үш дана бастырып, біреуін маған берді. Машинкамен 32 бет, компьютермен – 21. Екеуіміз бір сағаттай әңгімелесіп отырдық.

Үйге келген соң «Менің інілерімді» оқып шықтым. Обалы нешік, шын ниетімен, ағалық пейілімен, барын салып жазыпты. Сөз тек біз туралы ғана емес, жалпы Катонқарағайдың арғы-бергі тарихы, кейінгі тыныс-тіршілігі, елдің уайымы мен мұңы, оған біздің қатысымыз туралы екен. Бұларды әдетінше қазбалап, тілді безеп, кейде тіпті қазымырланып отырып жазыпты.

Соңғы алты-жеті жылда Қалағаң маған ілесіп Алтайға жиі барғыштап алған. Ілесіп дейтінім – идея, инициатива көбіне менен болған. Соның әсері, ықпалы, нәтижесі – осы жазғанында сайрап жатыр. Бірақ тағы да тіл жағы, қою бояу жағы қалыңдап кеткен. Осыдан барып шығарманың әсері бірде күшейіп, бірде бәсеңдеп, енді бірде тіпті солғындап та көрінеді. Әдемі ойларды әдемі тіл басып жібереді. Бұл енді менің ағамның әрі жетістігі, әрі кемшілігі ғой о бастан. Бәрібір мен оны жақсы көремін. Ақкөңіл, бала мінезін жақсы көремін. Еңбек қара торысы Қалихан. Жоқ, күндіз-түні пыс-пыс етіп ауыр жүкті өрге сүйрей беретін нағыз қара өгіздің өзі.

2 тамыз (сәрсенбі), 2000

Бүгін кешкі сағат 8.20-да Зүлфия үйге жігітін әкеліп таныстырды. Ерлан Тынымбайұлы Қарин! 25 жаста. Саясаттану ғылымының кандидаты. Жексенбі күні (30.07.2000) «Хабар–2»-ден көргенмін. Хабарды ұстамды, әдемі жүргізіп отырды.

Менімен үйде қысылып, абдырап танысты. Өзімді өте еркін, табиғи қалыпта ұстап отырдым.

– Қатты дайындалған екенсіздер, – деді дастарқанға қарап. Расында, үстел үсті бай еді.

– Біздің күнделікті тамағымыз осы шығар, – дедім жымиып. Ол ыңғайсызданып қалды. Сөзінің асығыстау, орынсыздау болғанын кеш түсініп қалғандай.

Үш сағаттай әңгімелестік. Сөзі, ұстамы, қазақшасы, білімі көңілімнен шыққандай болды.

Сенбі күні Ақтөбеге жүруге, Зүлфияны ата-анасымен таныстыруға билет алып қойғанын айтты.

– Бәрін өздерің шешіп қойған екенсіңдер, енді мен не дейін, – дедім.

– Адайлығыма салып жіберіппін… – деді ол әрі күліп, әрі батыл түрде. Бұнысы ұнады. Ұнаса да:

– Ә, адайсың ба? Ру сұрамайтын әдетім еді, өзің айтып қойдың ғой дедім.

Кіші жүз жағында ру мәселесінің алда жүретіні бар ғой, бұны қабылдай бермейтінімді емеурінмен жеткізгенім ғой…

«Күйеубаладан» әзірге, алғашқы әсерім осындай.

5 қараша (жексенбі), 2000

Еркін мен Нұркамалдың қосылғанына бүгін 20 жыл болған екен. Қасым Қайсенов, Жолаушы–Гуля және біз – Лиза, Дәулет үшеуіміз үйінде болдық.

Қаскең көп әңгіме айтты. Қойдың басын қолына ұстап, екі құлағын екі балаға (Дәулет пен Ернұр) кесіп берді де, басты тұтастай маған ұстатты. Мидың шүйде сүйегін ала алмағаныма күліп: «Бұл да ештеме білмейді екен» деп мазақ қылды мәз болып.

– Сәбит (Мұқанов) аға осындай отырыста бастың кеңсірігін жегенді жақсы көруші еді. Мен де сол кісіден үйренгенім: кеңсірікті жақсы көремін. Басқасын өзің же, кеңсірігін маған бер, – деді.

Сосын Сәбең жөнінде өте жақсы пікір айтты.

– Қазақ жазушыларының ішінде Сәбеңдей адамгершілігі үлкен, қазақшылығы мол, алды жеңіл ешкім болған жоқ. Бұл жағынан Мұқаң да, Ғабең де кемшін еді. Олар тек сөз зергері ғой. Оларды осы жағынан

ғана бағалауымыз керек. Ал адамдық қасиеті жағынан Сәбеңе жете алмайды. Мен өзім Сәбеңнің жанында да өте көп жүрдім. Ірі денелі, күш-қайраты мығым еді. Мені талай рет қолтықтай қысып көтеріп жүргені бар. Мен ұйқышыл адаммын. Бір қатты ұйықтап кетсем, оянуым қиын. Әсіресе арақ ішкенде. Сондай кезде Сәбең мені оп-оңай қолтығына қысып, көтеріп жүре беретін. Е-е, Сәбең деген нағыз адам еді ғой. Мұқаң да, Ғабең де бұ жағынан оған мүлде ұқсамайтын, – деп бір тоқтады Қаскең…

– 1965 жылы Жеңістің 20 жылдығына орай Бауыржан, Рақымжан және мағанСовет Одағының батыры атағын беруге Кремль ыңғай білдірді. Бұл Брежневтің арқасы болды деп ойлаймын. Сонда қазақтардың «арқасында» жоғарыдан келген жақсы ыңғайдың реті келмеді. Өйткені Сағадат Нұрмағамбетов қарсы болып, тиісті қағазға қол қоймай қойған екен. Бұны маған генерал Байкенов айтты жеке өзіме. «Қаске, өз арым таза. Бірақ іс осылай болды», – деді. Ол бұны Бауыржан мен Рақымжанға айтпаған да болуы керек. Ең өкініштісі, мені қойшы, Бауыржан мен Рақымжанға обал болды. Сол кезде Батыр атағын алса, ғұмырлары сәл де болса ұзара түсер ме еді, кім білсін, – деді тағы Қаскең.

9 ақпан (жұма), 2001

Кешкі 5-те театрдан костюмдар алуға («Қырық өтірікке») бардым… Қалиханға кірдім. Әңгімелесіп отырғанда, мен: «Дәмеш тәтем ауырып жүрген жоқ па? Кеше сізді сұрағанымда, аман жоқ, саулық жоқ, қазір өзіне берейін» деп, телефонды тастай салды», – дедім.

– Ешқандай ауруы жоқ, қысқа күнде қырық құбылатын әдеті. Надоел, шаршадым, – деді Қалағаң. – Бір жерге ертіп баруға да ұяламын. Тыныш отырмайды. Мәнсіз, дәмсіз сөйлей береді шошаңдап. Ұрсамын, айғайлаймын. Қазір айтқаның қазір құлағынан шығып кетеді. Безполезно. Адамға қартайғанда ақыл кіруші еді, бұл керісінше. Жасына жетпей алжып барады. Балалар да әбден шаршап бітті. Самалға барса болды, міндетті түрде оны ренжітіп қайтады. Ұрсысып келеді. Жылап келеді. Жылап Самал қалады. Шаршадым. Үйдегі Қожалақ та (Әлиханды айтады), сырттағы Абылай да солай – шешелерінен көңілі әбден қалып болған… Баяғыда, 1975 жылы 17 қаңтарда сот арқылы окончательно айрылысып едік. Бірақ балаларды ойлап, кейін қайта қосылып едік…  Самалға айтамын: «Осы шешеңмен 47 жыл тұрғаным үшін ғана маған компенсация төлеулерің керек» деп… Ол күледі. Түсінеді менің жағдайымды.

– Биыл жеңгей 70-ке келе ме, осы? – деймін.

– Жоқ, 73-те, – дейді Қалағаң.

Үндегем жоқ. Өзі 66-да. Сонда Дәмеш 7-8 жас үлкен болды ғой. Бірақ «47 жыл отасып келемін» дегені сенімсіздеу. Сонда 19 жасында үйленген бе?.. Түсініксіз. Қалағаңның да кейде қосып жіберетіні бар ғой.

Шәймерден звондапты. «Мартта 50-ге келемін. Әлібекке барыпсыз ғой, маған да келетін шығарсыз» депті.

10 мамыр (бейсенбі), 2001

Қалтай аға дүниеден өтті. 7 мамыр күні таңертең естідік. Айнашқа: «Қалекеңнен хабар бар ма? Қашан қайтады екен Мәскеуден?» – дедім сағат 10 жарым шамасында. «Білмеймін, Сәрсен ештеңе айтпайды ғой быдыңдап», – деді ол. Ал арада жарты сағат өткенде, жайсыз хабарды Жаңабектен естідім.

8-інде үйінде болып шықтық. Сол күні түстен кейіннен бастап, редакция атынан мақала жазуға кірістім. Кеше күні бойы жалғастырдым.12 сағат бойы жазғаным – 200 жолға жетер-жетпес. Өте қиналдым. Әр сөйлемді «штурммен» алдым. Әр сөзімді ойланып, толғанып жаздым. Қалайда Қалағамның кім болғанын, қандай адам болғанын бәрін-бәрін бір мақалаға сыйғызуға тырыстым. Жо-жоқ, «бәрі-бәрі» бір мақаланы қойып, бір кітапқа қайдан сыйсын.

Қайран, Қалағам. Мен ол кісіні шын мәнінде өте жақсы көруші едім. Шерхан екеуінен көрген жақсылығым – жарты байлығым болар. Менің бағыма орай, осындай адамдармен бірнеше жыл бірге қызмет істегенім. Шерханмен – тура 10 жыл. Қалағаңмен – 9 жыл. Екеуі де мені өте жақсы көріп еді. Қандай қасиетіммен оң көздеріне ілінгенімді өзім де білмеймін. Жоқ, білемін. Оны «күнделікке» болсын, өзім айтып, жазу ыңғайсыз. (Қабілетім, адалдығым, шыншылдығым т.б.).

Қалағаңның арқасында мәшін міндім, екі-үш рет шетелге шықтым, 1-орынбасар болдым, көптеген жақсы-жайсаңмен жақындаса түстім, қалай басшы болуды үйрендім, адамдармен қалай сөйлесуді білдім, діннен, тілден, әдебиеттен, тарихтан мол мағлұмат алдым. Әсіресе, адамгершілік, имандылық, қарапайымдылық дегендердің не екенін, бұлардың баға жетпес құнын Қалағаңнан ұқтым. Бұл аз байлық па? Аз несібе ме?

Өмір жолымды ұзақ жыл осындай адаммен байланыстырған Аллаға мың рахмет!

Ағамызды ертең жерлейді. Қоштасу – Әуезов театрында. Естуімізше (Сейфолланың айтуынша), ағамыз көз жұмар алдында өзін Түркістанға жерлеуді өтініпті. Бірақ Фарида апамыз (балаларымен бірге) бұған көнбей отырған секілді. Анық-қанығы ертең белгілі болар.

«Түркістанның» ертеңгі санында «Түркістанның бәйтерегі құлады» деген менің мақалам шығады. Редакция атынан.

3 наурыз (сәрсенбі), 2004

Зейнолла Серікқалиев біраздан бері қатты ауырып, үйінде жатыр дегенді естіп едім. Бүгін түсте Есенбай Дүйсенбаев екеуіміз үйіне барып шықтық. Есікті ұзақ қоңыраудан кейін өзі ашты. Танымай қалғандай болдым. Сорайған бойы ғана қалған. Саудырыған қу сүйек. Беті солып, жағы ішіне кіріп кеткен. Бұрынғы топ-толық жүзі ұп-ұзын болып сопайып қалыпты. Залға өзі бастап кірді де, есіктің оң жағындағы диванға келіп отырды. Сәлден кейін бір жамбастап, бізге бетін бұрған күйі қырындап, ұзыннан  қисайып жатты.

– Осы ауруға былтыр осы уақытта тап болдым, – деді. – Алғашында тамаққа деген тәбетім жоғала бастады. Біртіндеп салмағымды жоғалта бердім. Осы бір жылға жуық уақытта 32-33 келі арықтадым… Сөйтіп жүріп, Қаскең (Қасым Қайсенов) қоймай шақырған соң, августе Өскеменге барып қайттым. Одан кейін ілініп-салынып Дулат Бабатайұлының тойына Семейге де бардым. Сосын күзде қолқалап болмаған соң Махамбеттің Атыраудағы тойына да самолетпен барып келдім. Ақыры сентябрьде жығылдым да, операцияға түстім. Ұйқы безінде киста бар екен. Соны сылып алып тастады. Операциядан кейін тәп-тәуір-ақ болып кеткен сияқты едім. Өз аяғыммен жұмысқа да барып жүрдім. Өткен жолы сендерге де кіріп шықтым (маған қарап). Әкең қайтқанын естіп едім, көңіл айтайын десем, сен жоқ екенсің. Енді, міне, екі-үш аптадан бері жағдайым тіпті нашарлап кетті. Үйден де шыға алмаймын. Тамаққа мүлде тәбетім жоқ. Күзде Махамбет тойына барғанда, бұрыннан жеп үйренген асым ғой, бекіре балықтан аздап ауыз тиіп едім, балық емес жүн жеп отырғандай болдым…

Зекең бізге бір қырынан қарап жатқан күйі мұңын шаққандай дәрігерлер туралы, қазіргі медицинаның дәрменсіздігі туралы тағы да біраз сыр қозғады. Кейде бұрынғы әдетінше әдемі жымиып, аздап күліп те жатты. Әңгіме Есенбайдың жоғалған тісі туралы болғанда, мынадай бір қызық айтты:

– «Қазақстан» баспасында баяғыда менен бұрын главный редактор болған Жантекин деген кісі болды. Сол кісі бірде Мәскеуде алтын тіс салдырып, соны жора-жодасқа көрсетіп мақтанайын деп, пойызбен Мәскеуден шығарда қарсы алыңдар деп, телеграмма жібереді. Сөйтіп пойызға отырып, Алматыға жүріп кетеді. Түнде әлгі алмалы-салмалы алтын тістерін аузынан алып, бір стақан суға салып, жанындағы кішкентай үстелдің үстіне қойып қояды. Таңертең тұрып тісін іздесе, жоқ! Әрі іздеп, бері іздеп таба алмайды. Осы сәтте купеге праводник кіреді. «Не іздеп жатырсыз?» – дейді ол. «Түнде тісімді стақандағы суға салып, мына жерге қойып едім. Жоқ. Соны таба алмай жатырмын», – дейді. «Ойбуй, ағай-ай, мен оның тіс екенін қайдан білейін, таңертең купені тазалап жүргенде, стақандағы суды «мусорымен» қоса терезеден шашып жіберіп едім», – дейді ол. Сонымен Жантекин ағамыз Алматы вокзалында опырайған ауызбен жора-жолдастарына көрінуден ұялып, көрші вагондарға ұрланып өтіп, елеусіздеу жермен қалаға шығып кеткен екен.

Бұл әңгімеге Есенбай екеуіміз ішек-сілеміз қатып күлдік. Зекең тек жымиды да қойды. Зекеңнің төсегінің (диванның) тұсында оның жастау кезінде (40-50 жас шамасында) салынған әдемі портреті ілулі тұр екен. Топ-толық. Әп-әдемі. Жігіттің нағыз сұлтаны дейтіндей-ақ бейне. Мен оған бір қараймын, қазір төсекте тірі әруақ боп жатқан Зекеңе бір қараймын. Қандай контраст! Қандай аянышты! Шіркін-ай, ғайыптың күшімен жазылып кетсе екен! Зекеңдей азаматтар қайда! Шіркін-ай, жазылып кетсе екен!

16 наурыз (сейсенбі), 2004

Үшкөлтай апамен Шоқанның ескерткіші алдында кездестім. «Түркістан уалаятының газеті» жинағын автографпен сыйға тартты. Баяғы әдетінше бір уыс кәмпит пен екі апельсин алып келіпті. Сонан кейінгі әңгіме тағы да «Алаш мұрасы», Әлкей Марғұлан жөнінде.

– Інім, сен қалайда биыл «Арыстар қалдырған аманатты» шығар (маған тапсырған «ДУГ»-ты айтады). Бір кезде мен осы тақырыптан қалай диссертация қорғағанымды саған айтып едім ғой. Заманның қиын кезінде, «халық жауының» қызы мұндай тақырыптан ғылыми диссертация қорғаймын деудің өзі жанып тұрған отқа өзі ұмтылған сайтан көбелектің тірлігімен бірдей еді. Сонда мені осыған итермелеген Қаныш Имантайұлы мен Әлкей Хақанұлы еді ғой. «Осыдан қорғап алсаң прожиточный минимумда қолың жетеді», – деген сонда Әлкең. Мен әлі күнге прожиточный минимумда жүрмін ғой. Рас, ол уақытта кандидаттар ақшаны көп алушы еді ғой… Інім, осы кітапты биыл шығарасың. Өзің соавтор боласың, – дейді.

– Апай, мен өзім жазбаған кітапқа соавтор болғанды қойып, біреудің мақаласына атымды тіркемейтін адаммын, – деймін мен.

– Ендеше жауапты редактор боласың. Әйтеуір, осы кітапты шығарасың! – дейді апай кәдімгідей бұйрық райда.

Апай қайдан білсін, бұл кітапқа кемінде 2 млн ақша керек екенін. Оны маған кім беріпті? Министрлікке өтініш жасайын деп әрең құтылдым.

6 мамыр (бейсенбі), 2004

«Алтын Ордада» жарияланған (12.ІІІ.2004) Қалиханның «Біз пайғамбар емеспіз» деген қосбеттік ой-пікірін оқыдым. (Әлия Бөпежанованың сұрақтарына жауабы). Көңілге қонады. Көп тұсы ақылды айтылған. Өткенде біреу: «Қалихан «Алтын Ордада» Оралхан жөнінде өте жаман пікір айтыпты», – деп еді. Мен оған сеніп қалғам. Ал енді мынаны оқып отырып, ешқандай оғаш сөз көріп отырғам жоқ. «Бекділда Оралхан Бөкеев туралы тым қатал пікір айтқан екен. Қатал да болса негіз бар», – дейді ол. «Негізі» мынау – «Дүниеден ерте көшерін сезгендей-ақ, Оралхан тым асығып жазды. Ол талантты, мықты журналист еді. Бүкіл саналы ғұмырын газетке берді. Соның әсері – газет көтеріп жатқан әлеуметтік мәселелерді көркем шығармаға сүйреді, онсыз да күнделікті баспасөз күн сайын көпіртіп жазып жатқан соң, көп жұртқа бұл белгілі тіршілік сияқты болып көрінеді».

Қалихан бұны ауызекі әңгімесінде де талай айтып жүрген. Ақыры бір сәтінде баспасөзде айтты. Мен білетін Қалихан әдебиетке келгенде, еш уақытта ойындағысын жасырып қалған емес. Оралханға қатысты бұл ойын ол Оралханның тірі кезінде де айтып жүретін.

Сұхбат соңындағы мына сөзі де жоғарыдағы пікірін толықтыра түскендей:

«Асылы, күнделік жазып жүру керек екен. Ұлғайған соң басқаға сене беруге болмайтын сияқты, – дейді Қадырға қатысты әңгімесінде. – Қадірлі біреудің көзі тайса  болды, әлдекімдер естелік жазуға даяр тұрады. Алланың жаратқан пендесін «әулие еді» деп сендірмек болады»… Рас сөз!

P.S. Сөйткен Қалиханды бүгін Дәмеш іздеп жылап отыр. Кеше бильярд ойнауға кеткеннен әлі келмепті…

10 қыркүйек (жұма), 2004

Джек  Лондонның «Белый клык» повесі мен әңгімелерін аударуға алдым. 30 баспа табақ. Бір баспа табағына 35 мың төлемек. Бүгін шартқа тұрдым  Қайырдымен («Аударма» баспасына).

Мен өзімнің тым жақсы аудармашы емес екенімді сезем. Бірақ тым сорлы аудармашы да емеспін. Кейде түпнұсқамен бәсекелесіп отыратын, талант жарыстыратын кезім де бар. Енді бірде табаны тасқа тиген аттай тасырақтап, тыпырлап қалатын да кезім бар. Мен өте қиналып аударам,  бір бетті бірнеше рет көшіретін де сәтім бар. Әйтеуір, өзіме ұнаған кезде ғана біткен іске қайта оралмаймын. Менде талғам үлкен. Қолымнан бір жақсы дүние шықса, соның арқасы.

Түпнұсқаның бетінен гөрі ішіне көбірек үңілу керек. Нағыз жақсы аударма астарын ашып бергенде ғана шықпақ.

Мен диалогты  өте жақсы аударамын.

Джек Лондонға бірінен бастап кірістім.

19  қаңтар (сәрсенбі), 2005

Мұхтар Мағауинде болдым. Кабинетінде. «Ұлтсыздану ұраны» деген кітабын шығарғам. Алғашқы (сигнальный) 5 данасының екеуін апарып бердім. Қатты риза болды. «Кәдімгі кітап болыпты. Жақсы, әдемі. Оформлениесі де жақсы екен. Жалпы, мен кітаптың сыртына көп мән бермеймін. Баспада бас редактор боп жүргенімде кітапты асығыс шығаратынбыз да көбінде ішіне, мазмұнына көңіл аударатынбыз. Содан қалған әдет. Енді өз дүниеме де солай қараймын», – деді. Сосын: «Осы дүниені жазуға Қадыр Мырзалиев себепкер болды. Сонысына рахмет. Бір күні қолыма оның «Жазмышы» мен «Иірімі» түскен. Оқып отырсам, соншама ұзақ дүние. Үй арасындағы әңгіме… Содан ыза болдым. Бірден жазуға отырдым. Жазатын дүние ол емес, мынау дегенді көрсеткім келді. Сөйтіп 6 күнде жазып шықтым. Ызаланып отырып жаздым. Негізінен мұндай көңіл-күйде отырып жазуға болмайды ғой, не нәрсені салқынқандылықпен, сабырмен жазу керек. Бірақ мынаған келгенде мен өйте алмадым», – деп күліп қойды.

– Эпостолярлық мұраға қалай қарайсыз? – дедім.

– Менде ондай ештеңе жоқ. Барын кезінде құртып жібердім. Хат, күнделік дегендер жеке адамның өзіне ғана керек дүние ғой. Ал өзім туралыны «Мен» деген шығармамда толық жаздым. Басқа шығармаларымда да менің кім екенім білініп тұрады. Жеңгеңнің суретін көріп, сырттай сүйсініп, кезінде хат жазып танысқам. Ол хаттарым бар. Бірақ кейін жыртып тастайтын шығармын. Күнделікті жас кезімде жазғам. Ұсақ-түйек дүниелер. Қазір олар да жоқ. 86-жылғы оқиғадан кейін (Желтоқсан – Д.Ә.) КГБ мені 6 сағат бойы тергеді. Сосын үйге келген соң архивімдегі күнделік, анау-мынау қағаздар, ұлт туралы ойларым жазылған басқа да біраз дүниенің көзін құртып тындық, Едіге деген балам екеуіміз.

– Өкінішті,– дедім мен. – Аға, бұдан былай бір жапырақ қағаздың жоғалмауын өтінер едім.

– Дұрыс, – деп күліп қойды ол.

13 томдық шығармалар жинағын сыйлады. Неткен еңбек! Бір минутын босқа жібермеген! Қызығатын-ақ дүние. Қазақ үшін дәл осындай еңбек сіңірген адам жоқ шығар. Мына мен шығар 155 беттік кітаптың бас-аяғына дейін тек «қазағым» деп зарлап шыққан. Осындай азаматқа да ғайбат сөз айтып, қазақтарда не ұят жоқ, не парда жоқ-ау.

Осы кісімен қайта тіл табысқаныма ризамын.

Дайындаған Жадыра Нармаханова

Нақты қайнары: http://www.elarna.net/koru_kk.php?tur=10&id=1200356
Пікірлер

Көрші сілтемелер