Еларна қолфон нұсқасына ену

Жүктеу-Албомым-Албомдар-Желі
Осы торды сақтаймын! | Осы торды бас бет етемін!

Біздің байланыс: elarna2012@gmail.com


IMO messenger компаниясында жылдың үздік қызметкерімін | «Жас Өркен» танымдық порталына қош келдіңіз



Тіркеліңіздер Кітапхана Қожалар торабы Албомдар Қазақтың 1001 ертегісі

Түрі: Жас-өркен торабы

Жолданған уақыты: 12:40 - 2020/06/03

Нақты Көзі: http://zhasorken.kz/?p=33667



Студент кезінде шетелдік компанияда тәжірибеден өтіп, өзін жақсы көрсетіп, кейін жұмысқа шақырту алатын отандастарымыздың білімі мен біліктілігі сүйсіндіреді. Шетелдік компанияның барлық талабына сай келетін ІТ мамандарына қай кезде болсын сұраныс жоғары. Бүгінгі кейіпкеріміз Пернехан Өтемұратов Amazon.com-нан ауысып, Imo.im компаниясына жұмысқа орналасқан. Ол бізге шетелдік компанияларға қалай жұмысқа тұрғанын және ІТ маманы болу үшін оқушылар не істеу керек екенін, сондай-ақ сүйікті фильмдері туралы әңгімелеп берді.

– Калифорния штатының Кремний алқабында IT инженер болып жұмыс істеймін. Әлемнің IT астанасы саналатын өңірде IMO messenger компаниясында қызмет етемін. Оған дейін Amazon.com компаниясында істедім. Шымкенттің тумасымын. №9 лицей-мектебінде білім алдым. Мектепте сабаққа немқұрайды қараған кезім болмады. Кілең бестік алатын оқушы едім. Дегенмен мектепте оқыған көп материал қазір онша есімде жоқ. Бір өкінетінім, сол көп нәрсені тек бір күндік сабақ айту үшін оқыған екенмін. Мектеп кезінде математика пәнін ұнатушы едім. Сыныптың төрінде «Математика – ғылымдар патшасы» деп жазылып тұратын. Сол жазудың мағынасын жылдар өте тереңірек түсініп келе жатырмын.

– Оқушы Пернехан қандай болды?

– Жаз мезгілінде ойын баласы болатынмын. Алуан түрлі ойындар: футбол, қуаласпақ, белтемірге тартыну, компьютер ойындары, велосипедпен ауланы шарқ ұру, тағысын тағы. Анамның тамаққа шақырған кезінде немесе жерден таяқ жеп тізе жырған шақта ғана үйге оралатынмын. Киімнің бәрін тоздырып, күнге әбден күйгенде жаз да бітуші еді. Жаз біте сала ойын баласынан бірден оқу баласына айналып, ойын-сауық, компьютер ойнау мен даланың шаңына шомуды бір сәтте доғаратын едім. Бар ойым тек сабақта болып, күнделікті «беске» толтырып, ата-анама мақтанамын.

Оқуда озат болу жауапкершілігін толықтай қабылдайтынмын. Жалпы, жауапкершілік деген өте қуатты ұғым. Сол жауапкершіліктің арқасында мектепті «Алтын белгіге» бітіріп, ҰБТ-дан 100-ден 98 балл жинап, сол кездегі Қазақстандағы ең таңдаулы университет – ҚБТУ-дың ақпараттық жүйелер факультетіне оқуға түстім.

– Осыған дейін жұмыс істеген Amazon.com қандай компания? Не себепті басқа компанияға ауыстыңыз?

– Amazon.com шын мәнінде IT әлемінің алпауыты. Қазақстан-да қатты танымал болмағанымен, басқа шет елдерде адамдар өте көп қолданады. Аптасына кемінде екі-үш нәрсені сол амазоннан сатып алып та жүрміз. Өздеріңіз білетін әлемнің ең бай адамы да осы Амазонның бастығы Джеф Безос.

Компанияның өзіндік құндылықтары бар және оларды барлық жұмысшысынан талап етеді. Ең бірінші және басты қағида, қазақша айтатын болсақ, ол – тұтынушы үшін ішкен асын жерге қою. Яғни сатып алушыға барлық жағдайды жасау. Бұл қағиданы тек амазон жұмыскерлері ғана емес, кез келген саладағы адам қолдана алады деп ойлаймын. Амазонда жұмыс істеп бастаған соң 2-3 айдың ішінде-ақ сол қағиданы ұғып, күнделікті шешім қабылдауда қолданып кеткен жайым бар. Демек, бұл алпауыттың ең басты қаруы қызметкерлер арасында қалыптасқан осынау мәдениет.
Амазонда аз уақыт істесем де, үйренерім өте көп болды. Жұмыстан тыс Канаданың Ванкувер қаласының да берері, табиғаты, кішіпейіл адамдары да өз ізін болмысымда қалдырды десем де болар. Өте үлкен өмірлік тәжірибе алдым. Қайткенмен, басты мақсатым – Американың кремний алқабында IT даласының сырттандарымен қызмет ету еді. АҚШ-та жұмыс істеуге рұқсат қағаз алған соң, көп ұзамай ойлаған ойымды іске асыру үшін жол жүрдім. АҚШ-та мені imo.im компаниясы күтті.

– Imo.im компаниясына жұмысқа қалай орналастыңыз жəне қазіргі қызметіңіз қандай?

– ҚБТУ-да магистратура оқып жүргенімде imo.im компаниясында өндірістік тәжірибеден өткен едім. Сол жарты жылдың ішінде өзімді көрсетіп, олар менің жұмысымды ұнатып, сосын өздеріне тұрақты жұмысқа шақырып, барлық қағазбастылықты өз қолына алып істеп берді.

Менің қызметім – Backend Engineer. Яғни 200 миллион тұтынушының байланысын тұрақты 24/7 етіп ұстап тұруды қамтамасыз ететін жүйенің негізгі логикасын, «миын» бағдарламалаумен айналысамын. Жұмысым өзіме қатты ұнайды, тіпті «жылдың үздік қызметкері» де атанып үлгердім.

– Карантинге байланысты Калифорниядағы жағдай қалай?

– Карантинге байланысты көптеген мекеме онлайн режимге көшті. Көптеген IT компания жылдың соңына дейін үйден жұмыс істеуге рұқсаттарын да беріп жатыр. Үйде отырып азық-түлікке Amazon.com арқылы тапсырыс беріп, айлап шықпаған кезіміз де болды. Көшеде серуендеп, арқа жазып жүрген адамдар да аз емес, бірақ барлығы 2 метр ара қашықтық ұстап, бет-перде тағып жүруге тырысады.

– Шетелде жұмыс істеудің ерекшеліктері қандай?

– Ерекшелік өте көп. Біріншіден, басқа елде өмір сүресіз және сол елдің мәдениетімен таныс боласыз. Ой-өрісіңіз шынымен де кеңейеді. Қазақстандағы норма болып саналатын кей заттарды бұл жақтан мүлдем басқа қырынан көресіз. Көп нәрсеге түсінушілікпен қарап, басқалардың ой-пікірі мен іс-әрекетін сынай беруді доғарып келемін. Екіншіден, қасыңыздағы бірге жұмыс істейтін адамдар өте дарынды. Көп нәрсені сол ақылды адамдардан тезірек үйреніп алуға мүмкіндік аласыз. Үшіншіден, ата-ана, ағайын, туған-туыс, жора-жолдастарыңыздан жырақта тұратын болған соң олардың қадірін де көбірек түсіне бастайсыз. Одан басқа ерекшеліктерді көп айта беруге болады. Меніңше, шетелде тұрып көрмейінше, оны түсіну оңай емес.

– Елден жырақта жүру қиын ба?

– Калифорнияның Кремний алқабында өмір сүру өте қымбат. Бастапқы кезде кез келген заттың бағасын теңгемен санап жүруші едім. Дегенмен, олай санай беретін болсам бұл жақтың қымбаттығына бармақ тістей-тістей бармақтан айырылатын жайым жоқ деп, қазір бәрін доллармен есептеуге көштім. Оған қоса салықтың мөлшері де әлдеқайда көп. Бағыма орай, IT инженерлердің жалақысы да аз емес, барлық шығынды ойланбай жабуға кәміл жетеді. Жақсы жақтарын айта кетсем, мұнда техниканың бағасы қымбат емес. Автокөлік, iPhone, MacBook және көптеген электрон техника осы жақтан өндіріліп жатқан соң арзан. Қазақстанда жеткізу құны мен басқа шығындарды қосқанда қымбат болып шығады әрі халықтың жалақысы да көп жағдайда оңайлықпен алуға мұрша бермейді.

– Қазақстан мен шетелдегі ІТ компанияның жұмыс істеу үрдісінде қандай ерекшеліктер бар?

– Өзім байқаған үш басты ерекшелікті атап өтейін. Біріншіден, инвесторлар компанияға бірнеше жыл бойы қолдау көрсетуге дайын. Компания ешқандай ақшалай пайда әкеліп жатқан жоқ болса да, олар «ойынның» соңына дейін шыдап бере алады. Бірден қомақты ақшаға кенелу көбіне қиял екенін толықтай түсінеді. Екіншіден, мұнда барлық идеяңызды сөзбен емес сандармен, статистикамен дәлелдейсіз. Сонда ғана сіздің идеяңыз қабыл алынады. Ақпаратты сұрыптап оны цифрларға айналдыру – компанияның басты үрдістерінің бірі. «Өлшей алмағанды жақсарта алмайсың» деген қағиданы ұстанады. Үшіншіден, әрбір жұмысшы – компанияның басшысы. Көбіне келісімшартта компанияның қанша бөлігі сіздікі екені белгіленеді, яғни акция мөлшері көрсетіледі. Демек, компанияның гүлденгені сізге тікелей әсерін тигізеді, сол себепті де жұмыскердің прогресс жасауға құлшынысы анағұрлым жоғары болмақ.

– Елге оралу жоспарыңызда бар ма?

– Жоспарда бар. Әйткенмен, мұндай тәжірибені әлемнің басқа жерінен ала алмайтындықтан, осында біраз жұмыс істемекпін.

– Қандай кітап оқып, фильм көргенді ұнатасыз?

– Шынымды айтсам, мектепте оқығанда кітап оқуды мүлде ұнатпайтын едім. Ал қазір барлығы басқаша. Кітап оқу ең жақсы көретін ісімнің бірі. Кітап оқуға уақыт таппай қынжылып та жүрген жайым бар. Көбіне мамандығыма байланысты кітап оқимын. Оған қоса, әлемді тануға көмектесетін, ой-өрісті арттыратын кітаптарды ұнатамын. Соңғы оқыған кітаптарым: Moonwalking with Einstein, A Short History of Nearly Everything. Өкінішке қарай, көп кітаптың қазақша аудармасы шыға қойған жоқ.
Фильмдерге тоқталсақ. Сериал мүлде көрмеймін. Өйткені қазір сериалдардың бас жағын өте тартымды қылып түсіреді. Сол арқылы көрерменді бірден баурап алып, жүздеген сериясын еріксіз көргіздіріп қояды. Сондықтан ешқандай сериал көрмеймін. Өйткені таңнан кешке дейін тек сериал көріп, уақыт өткізіп алатынымды ұққанмын. Ал фильмдер жақсы. Бір рет көресің, сонымен бітеді. Ұнайтын фильмдерім: «Погоня за счастьем», «Интерстеллар», «Троя» және басқа да көп…

– ІТ маманы боламын деген оқушылар неден бастағаны дұрыс? Қандай кеңес бересіз?

– IT маманы боламын деген оқушылар математика, ағылшын, информатика сабақтарына көп көңіл бөлуі керек. Тек мектеп бағдарламасымен шектелмей, интернеттен көптеген қосымша материалды өздігінен оқығандары дұрыс. Математикаңызды жақсарту үшін көп есеп шығарсаңыз жеткілікті, қалай жақсарып кеткенін өзіңіз де білмей қаласыз. IT саласының барлығы ағылшын тілінде. Адамның тіл үйрену қабілеті жас кезінде белсендірек болады. Соны ескеріп ерте бастан тіл үйренуді қолға алған жөн. Қосымша курстарға бармасаңыз да, бәлкім ағылшынша әндердің сөзін жаттап, я болмаса ағылшынша фильм көрген жақсы болады деп ойлаймын. Қазір мектептегі информатика сабақтары заманға сай болмауы мүмкін. Бұл тек Қазақстанда ғана емес, Еуропа елдерінде де байқалады. Сондықтан онлайн курстар оқып, сабақтан тыс қосымша үйренген абзал. Өз басым бағдарламалауды университетке түскен соң ғана үйрене бастаған болатынмын. Менің ойымша, мектеп бітіргенше аталған үш сабақтың екеуінен жақсы болсаңыз, соның өзі жеткілікті. Барлығына сәттілік тілеймін! Бұл әлем әрбіріңіздің еңбектеріңізді қажет етеді! Бірге әлемді жақсартайық!

– Әңгімеңізге рақмет!

Назым Сапарова
Фотолар
Пернехан Өтемұратовтың жеке архивінен

Ұлан» газеті, №22
2 маусым 2020 жыл

Нақты қайнары: http://www.elarna.net/koru_kk.php?tur=10&id=1192698
Пікірлер

Көрші сілтемелер