Еларна қолфон нұсқасына ену

Жүктеу-Албомым-Албомдар-Желі
Осы торды сақтаймын! | Осы торды бас бет етемін!

Біздің байланыс: elarna2012@gmail.com


Қуғын-сүргін кезінде балалар қалай зардап шекті? | «Жас Өркен» танымдық порталына қош келдіңіздер!



Тіркеліңіздер Кітапхана Қожалар торабы Албомдар Қазақтың 1001 ертегісі

Түрі: Жас-өркен торабы

Жолданған уақыты: 14:00 - 2020/05/29

Нақты Көзі: http://zhasorken.kz/?p=33646



Балалар, үлкендерден саяси қуғын-сүргін, «халық жауы», деткомбинат туралы естіп пе едіңдер? Кейбіреуің теледидар мен газет-журналдан, жоғары сыныпта оқитындарың тарих пәнінен ХХ ғасырдың басында болған саяси қуғын-сүргін туралы білетін шығарсыңдар.

Кез келген қоғамда, кез келген уақытта ересектермен бірге балалар да өмір сүретіні белгілі. Ал репрессия кезінде әкесі «халық жауы» атанып, анасын арнайы лагерьге әкеткенде балалар қандай күйде болды екен деген сауал сендерді де мазалайтын шығар. Олай болса, бүгін осы туралы әңгімелейміз.

Оқулыққа қосымша

Тарихи деректерге сүйенсек, 1921 жылдан бастап 1954 жылға дейін Кеңес Одағында шамамен 3 млн 700 мың адам қуғын-сүргінге ұшырап, оның 600 мыңға жуығы өлім жазасына кесілген. Қалғандары ұзақ мерзімге бас бостандығынан айырылып, отбасын лагерьге айдаған.

Қазақстандағы тұңғыш репрессия 1928 жылы Голощекиннің басшылығымен басталған. Репрессия дегеніміз – басып-жаншу, жою мақсатында жүргізілетін жазалау шарасы. Репрессия кезінде үкімет басшылары заң орындары арқылы халықтың зиялы өкілдерін қуғынға ұшыратқан.

Репрессияның екінші толқыны Қазақстанға 1937-1938 жылдары келді. Бұл кезде елімізде 100 мыңнан астам адам қуғын-сүргінге ұшырады. Оның төрттен бірі ату жазасына кесілді. Олардың қатарында қазақ зиялылары, ғалымдар, мәдениет және саясат саласының қайраткерлері болды.

Қуғын-сүргінге ұшырағандардың бір бөлігін Қазақстанға жер аударды.  800 мың неміс, 102 мың поляк, 19 мың корей, 507 мың Солтүстік Кавказ елінің өкілін қазақ халқы бауырына басты. Түрік, грек, Қырым татарлары, қалмақтар да өз еркінен тыс жат елге келіп, осында тұрақтап қалды. Қуғын-сүргін жылдары Қазақстанға жалпы саны 1 миллион 500 мың адам жер аударғаны тағы да тарих беттерінен белгілі. Елбасының 1997 жылғы 5 сәуірдегі жарлығына сәйкес, 31 мамыр саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні болып жарияланды.

Қазақстандағы лагерьлер жүйесі

ГУЛАГ – Еңбекпен түзеу лагерьлері мен жер аударылғандар қоныстарының және қамау орындарының Бас басқармасы КСРО-да 1934 – 56 жылдары айыпталушылардың жазасын өтеу орындарына басшылық еткен Ішкі істер халық комиссариатының бөлімі. ГУЛАГ-тың қарамағында 53 лагерь болды.

Репрессия кезінде қуғынға ұшыраған халық зиялыларының отбасы да жауапқа тартылған. Ішкі істер халық комиссариатының ерекше жарлығы бойынша ешқандай жазығы болмаса да қуғынға ұшырағандардың әйелі, туған-туысы, кішкентай балалары да жазаланып, арнайы лагерьге, балалар үйіне жіберілген. ГУЛАГ-тың ең ірі лагерьлерінің қатарында Қазақстандағы Отанына опасыздық жасағандардың әйелдері қамалған Ақмоладағы «АЛЖИР» лагері, Қарағанды еңбекпен түзету лагері – Қарлаг бар.

1930 жылы мамырда КСРО ХКК «Қазақстанда еңбекпен түзету лагерін құру туралы» қаулы қабылдады. 1931 жылы 19 желтоқсанда «Гигант» кеңшары Қарағанды жеке еңбекпен түзету лагері болып қайта құрылады. Қарлагта шамамен бір миллион тұтқын тіркелген. Тұтқындар құрамы үнемі өзгеріп отырды. ГУЛАГ жобасы бойынша Қарлаг 32 мың тұтқынға арналған, бірақ, шын мәнінде, мұнда 75 мыңға жуық адам болған делінеді. Тұтқындар санын арттыру Қарлагқа жүктелген халық шаруашылығы міндеттерімен, атап айтқанда, Қарағанды көмір алабын игеру, Жезқазған және Балқаш металлургия комбинаттарын салу құрылысымен тығыз байланысты болды. Сонымен бірге, тұтқындардың көпшілігі ауыл шаруашылығы жұмыстарына тартылды. Қарлаг жүйесінде мал шаруашылығы фермаларымен қатар, жеміс-көкөніс өсіру, жер жырту, кірпіш зауыттары, әк өндіру карьерлері, тас көмір шахталары болды. Тұтқындар Балқаш мыс қорыту зауытының құрылысында, халықаралық атом электр станциясында, темір жол желілерінде еңбек етті.

Деткомбинат және «Мамочкино» моласы

Қарағандыдан 30 шақырым жерде орналасқан «Мамочкино бейіті» туралы естіп пе едің? Бұл жердегі бейіттерде репрессияның құрбанына айналған балалар жерленген. Қуғынға ұшырағандардың әйелдерін лагерге апарып, жұмысқа салғанда балаларынан айырып, бөлек ұстаған. Кейбір әйел ішіндегі баласымен лагерьге айдалып кеткен. Лагерьде босанған әйелдерді баласын құшағына басып, мейірін қандырмастан сәбиінен айырып алған.

Лагерь аумағында өмірге келген сәбилер деткомбинат немесе «Мамкин дом» деп аталатын балалар қалашығында ата-анасынан бөлек өмір сүрген. Әйелдер күніне екі-үш рет сәбиін емізу үшін күзеттің айдауымен қалашыққа барады екен. Балалар қалашығында жаңа туған шақалақ сәби екі-үш жасқа дейін болып, кейін балалар үйіне жөнелтілген. Оның өзінде, екі-үш жасқа дейін көрер жарығы бар балалар ғана тірі қалатын көрінеді. Күтімсіз, қараусыз қалған сәбилер арасында өлімнің көп болғанын лагерь маңындағы «Мамочкино бейітінің» аумағына қарап-ақ аңғаруға болады дейді деректер.

Демек, «Мамочкино бейіті» – қайғы мен мұңның, ана азасының мекені. «Мамочкино бейіті» – шыр етіп өмірге келе сала, Жер дүниенің қызығын көріп үлгермей, періште боп көкке ұшқан бейкүнә құрбандардың естелігі сақталған тарихи нысан.

Еңбекпен түзеу лагерьлері мен жер аударылғандар қоныстарының және қамау орындарының бас басқармасы (ГУЛАГ) санитарлық бөлімінің деректеріне сүйенетін болсақ, тек 1939 жылдың өзінде Карлагтағы 350 баланың 114-і қайтыс болған екен. Сәбилердің денесі балалар қалашығынан алыс емес жерде, Долинканың шыға берісінде жерленген. Тұтқындардың балаларына табыт бөлінбегендіктен, олар жалпы молаларда жерленді делінген деректе. Қыстыгүні қайтыс болған балалардың мүрдесін үлкен бөшкеге салып, тек бөшке толғасын ғана жерлегені туралы сұмдық деректер де бар. «Мамочкино бейітінде» ересектер де жерленген деген дерек бар.

P.S. Жас дос, білем, бұл тарихи оқиға келмеске кетті. Оны мен де, сен де, тіпті, біздің ата-анамыз да көрген жоқ. Біз үшін қазір лагерь деген сөз демалатын орын, қызық оқиғалар мен жаңа достар табатын орта мағынасында қолданылады. Ал қазақ даласындағы ГУЛАГ-тың лагерьлері азап мен қайғының ортасы болған. Иә, жүректе қалатын жазылмас жара, санадан өшпейтін тарихи оқиғалар болады. «Үлкен террор» аталатын бұл саяси қуғын-сүргін оқиғасы бізге қорқынышты әңгіме, кейде, тіпті, аңыз болып көрінуі де мүмкін. Бізге қазіргі сәтпен өмір сүріп, болашағымызды жоспарлау керек дейтін де боларсыңдар. Бірақ, тарихты білу – парыз. Тарихты оқу арқылы біз өткенге сараптама жасап, болашақта ондай оқиға орын алмауы үшін ойланатын боламыз.

Дана МАРАТОВА

“Ұлан” газеті

 

Нақты қайнары: http://www.elarna.net/koru_kk.php?tur=10&id=1189458
Пікірлер

Көрші сілтемелер