– Гүлфар Мәжитқызы, өткен жаз айларында болашақта қабылдануы тиіс латын қазақ әліпбиінің емле ережелерін саралау мақсатында сіздер көптеген облыстарды аралап апробациялық зерттеу жүргізіп, қарапайым халықтың ой-пікірін білдіңіздер. Көздеген мақсаттарыңыз орындалды ма, қандай нәтижеге қол жеткіздіңіздер, осыған тоқталып өтсеңіз?
– Әліпби ауыстыру дегеніміз – аса үлкен бұқаралық рухани реформа. Сондықтан бұл мәселеде халық тарапынан түрлі пікірлер, ұсыныстар болуы заңды. Әсіресе жаңа емле ережесін саралауда қоғамдық пікір өте маңызды. Осыған байланысты Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы маусым-шілде айларында жаңа емле ережелерінің жобасына сараптама жасау үшін Көкшетау, Қарағанды, Қызылорда, Өскемен, Семей, Ақтөбе, Астана, Алматы қалаларында апробациялық (сынама-сауалнама) жұмыстар ұйымдастырып, қазіргі қолданыстағы емле мәселелері сауалнама түрінде қоғамның талқысына салынды.
Жоғарыдағы сынама жұмысына байланысты: «Сауалнама жүргізу құр әурешілік. Кирилл жазу жүйесіне үйреніп, саналары соған қалыптасқан жұрттың жаңа емлені қабылдауы қиын» деп пікір айтқандар да болды. Алайда біздің жұмыс тобы өткізген апробация кезінде «Менің санамда тек кирилл жазуы, оны өзгерте алмаймын» деп отырған халықты көрмедім. Керісінше, өңірлердегі халықты былай қойғанда, Әділет, Сыртқы істер, Қаржы, Қорғаныс, Білім және ғылым, Мәдениет және спорт министрліктері қызметкерлерінің шынайы жанашырлықпен айтқан ұсыныстарына куә болдық.
Сынамаға қатысушылар әліпбидің кемшіліктері мен қиындықтарын, оны жөндеудің жолдарын қызу талқылап, емле ережесін жасаушылар үшін аса қажетті ұсыныс-пікірлер айтып, өздерінің тәуелсіз көзқарастарын білдірді. Мысалы, халық көбі ы (y) мен у (ý), и мен і таңбаларына өзгерту енгізуді, ш (sh) және с (s), х (h), һ (h) әріптері қатар келетін сөздер оқылым мен жазылымда қиындық тудыратындықтан, ш дыбысына диграф емес, жеке таңба арнауды, у дыбысына u таңбасын беруді талап етуде.
Сондай-ақ қ-мен таңбаланып жүрген рақмет, рақат, дастарқан тәрізді сөздерді қайтадан х-мен жазуды, г-мен таңбаланып жүрген қыргүйек, шегара, көгөніс сөздерін к-мен жазуды ұсынып, жоғарыдағы сөздерді қ, г таңбасымен емес, бұрынғыдай х, к таңбасымен жазуды талап етіп отыр. Халық тарапынан айтылған бұл ұсыныс-пікірлер емле ережелерін қоғам пікірімен санаса отырып, аса ұқыптылықпен бекіту керектігін айқын аңғартты. Сонымен қатар апробация нәтижесі жаңа емледе қазіргі жазу жүйесіндегідей босаң норманың (қыркүйек те дұрыс, қыргүйек те дұрыс, ғафу да дұрыс, ғапу да дұрыс т.б.) мүлде болмау керектігін, халықтың санасында берік орныққан базалық нормаларды қайта-қайта өзгерте бермеу қажеттілігін көрсетіп отыр. Емле мен орфографиялық сөздікке әр жыл сайын өзгеріс енгізе бермей, Үкімет тарапынан бір-ақ рет бекітілуі шарт екенін де апробация нәтижесі айқындап берді.
– Дей тұрғанмен қазіргі таңда Елбасы мақұлдап, қол қойған жаңа латын қазақ әліпбиінде э, ц, ю, я, щ, ë, ь, ъ әріптері жоқ. Бірақ осы әріптермен жазылған шет тілден енген сөздерді таңбалауға қатысты қоғам пікірі қандай екен?
– «Кирилл жазуына үйренген адамдар шеттілдік сөздерді орыс орфографиясымен таңбалауға құмар, сондықтан апробация нәтижесіне сүйенудің қажеті жоқ» дегенге саятын пікірлер айтылып жатыр. Алайда керісінше сауалнамаға қатысушылар шеттілдік сөздер құрамындағы э, ц, ю, я, щ, ë, ь, ъ әріптерінің орнына қандай таңбаларды қолдану қолайлы болатыны жөнінде өздерінің ұсыныстарын айтты. Мысалы, ц әрпін жалғыз с-мен (конститусия), ю әрпін иу тіркесімен емес, көп жағдайда, тек у таңбасымен (парашут) беруді, басқа әріптерге қатысты да осы сияқты тұжырымдар ұсынды.
Әрине шеттілдік сөздерді орыс тілінің орфографиясы бойынша жазу үшін әліпбиге енбей қалған 8 таңбаны (э, ц, ю, я, щ, ë, ь, ъ) іздеушілер де, түпнұсқа тілдің (ағылшын, т.б.) заңдылығымен жазуды көздейтіндер де, сындырып жазғанды дұрыс деп танитындар да болды. Шеттілдік сөздерді тіліміздің айтылым нормасына бағындыру керек деп, орыс орфоэпиясына салып сындыруды ұсынғандар да кездесті. Мәселен конститутсиа (конституция), кәмпүйтер (компьютер) деген сияқты.
Бірақ біздің қоғам жоғарыдағы конституция, компьютер, т.б. сөздерді дәл осылай айтуды ұят деп есептейді. Ал жаңа емле бойынша компьютер сөзін латын әліпбиімен kompýter (айтылымы кампутер), продюсер сөзін рrodýser (айтылымы прадусер) деп таңбалаймыз.
– Сонымен ұзын сөздің қысқасы, сіздер апробацияның нәтижелеріне сүйеніп, қандай қорытынды шығардыңыздар, екіншіден, емле ережелеріне қатысты айтылған қоғамдық пікір-ұсыныстар ескеріле ме?
– Әрине халық талап етіп отырған бірқатар мәселелер, әсіресе әліпби таңбаларына қатысты ұсыныстар міндетті түрде ескеріледі. Емле ережелері жобасы дәл қазір еліміздегі барлық жоғары оқу орындарының қазақ тілі кафедраларына, жекелеген ғалымдарға таратылды. Келесі айдың ортасына дейін емлеге қатысты ұсыныс-пікірлер жинақталып, соңғы қорытынды шығарылады. Қорытындының нәтижелері жұмыс тобына ұсынылады. Яғни халық мақұлдаған, сарапшылар дұрыс деп таныған соңғы емле ережесі ресми түрде бекітілген соң, ортологиялық құралдар (анықтағыш, орфографиялық сөздік, т.б.) жасау ісі қолға алынбақ.
Әңгімелескен
Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»