«Мемлекеттік қызметтерді көрсету тиімділігін арттыру үшін Петропавл қаласында Көші-қон қызметі орталығын ашу бағытында дайындық жұмыстары жүргізілуде» деп хабарлады Ішкі істер министрлігінен Олег Ивашенко.
Алдағы уақытта Солтүстік Қазақстан облысында көші-қон саласындағы қызметтерді көрсету шарттары жақсарады. Петропавл қаласында Көші-қон қызметі халыққа қызмет көрсету орталығы ашылатын болды.
– Жаңадан тұрғызылған тоғыз қабатты тұрғын үйдің бірінші қабатында орналасқан фронт-офис соңғы үлгідегі қажетті саналатын барлық талаптарға жауап беретін болады. Жоспар бойынша көші-қон қызмет көрсету орталығы жалпы аумағы 500 шаршы метр жерге орналасады. Келушілер үшін қолайлы жағдайлар жасалып, ұзақ күтіп отыратын адамдарға жайлы орындықтар қойылады, электрондық кезек жүйесі жұмыс істейтін болады, барлық санаттағы азаматтардың жүріп-тұруына ыңғайлы жағдай жасалады, мүгедектер үшін ғимаратқа кіретін жол пандуспен және шақыру түймесімен жабдықталған, 300 шаршы метр аумақта рецепшн жұмыс істейтін орын, күту залы және мемлекеттік қызмет көрсету нүктелері, төлемдер қабылдайтын кассалары бар Операциялық зал орналасады деп жоспарланған. Көші-қон қызметінің қызметкерлері отыратын кабинеттер де осы ғимаратта орналасады, – дейді Солтүстік Қазақстан облыстық көші-қон полициясының бастығы Талғат Әбілов.
Орталықтың негізгі міндеті – халыққа көші-қон саласында барынша ыңғайлы қызметтер спектрін ұсыну. Талғат Әбіловтің айтуынша, қазіргі уақытта Солтүстік Қазақстан облыстық көші-қон полициясы халыққа 17 түрлі мемлекеттік қызметтерді көрсетеді, оның 8-і – «Азаматтарға арналған Үкімет» Мемлекеттік корпорациясы ҰАҚ-ның Солтүстік Қазақстан облысы бойынша филиалының «Халыққа қызмет көрсету орталығы» департаменті арқылы жүзеге асырылады. Жыл басынан бері облыс бойынша 19 мыңнан астам шетелдіктер уақытша тіркелген, 2200 еңбек патенттері берілген.
Көші-қон заңнамасын бұзған 2 972 шетелдік жауапқа тартылды, олардың 163-і сот шешімімен елден шығарылды.
Қайыржан ТӨРЕЖАН