
Ұлттық банктің Кассалық операциялар және құндылықтарды сақтау орталығында Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев БАҚ өкілдерімен кездесті. Дөңгелек үстел басында қаржы нарығындағы маңызды мәселелер сөз болды.
Ұлттық банк басшысы қаржы институттарын бақылау жүйесі, валюта бағамы, банктердің тұрақтылығы жайында кеңінен әңгіме қозғап, журналистердің көкейінде жүрген сұрақтарға жауап берді. Бұл күні инфляциялық үдерістерге, валюталық бағамға әсер ететін факторлар да әңгіме нысанына айналды. Еліміздің банк секторының қаржылық орнықтылығын арттыру бағдарламасы туралы да айтылды. БАҚ өкілдерін де, көпшілікті де қызықтыратын сауалдың бірі – қазіргі таңдағы құбылып тұрған теңгенің АҚШ валютасына қатысты бағамы. Ұлттық банк басшысы теңге бағамы өз бетінше қалыптасуы қажет, дегенмен валюта нарығындағы жағдай ширыға түскен сәтте мәселенің оңтайлы шешілуі үшін Ұлттық банк қалыс қала алмайтынын айтты. Валюта бағамын интервенциялау осы жылдың маусым және тамыз айларында жүзеге асты. Маусым айында – 101 миллион доллар, тамыз айында 70 миллион доллар сатылды. Бас банкирдің айтуына қарағанда, бұл қадамға сол кездегі теңге бағамының күрт түсіп кетуі салдарынан барған.
«Мынадай жағдай болады – девальвациялық жағдайдың болатынына халық та, банк пен оның тұтынушылары да сенеді. Сол сәтте валюта нарығында шетел валютасын сататындар мүлдем болмайды. Дегенмен нарықта өз импорт келісімшартын іске асыруға тиіс ондаған шет ел валютасын сатып алушы бар. Валютаны ақша айырбастау пункттеріне сату керек, тағы басқа. Сол сәтте ұсынылатын валюта нөлге тең. Мұндай жағдайда бағам мүлдем басқаша болуы мүмкін. Сәйкесінше ұсынылатын валюта болмағандықтан, саудаға қатысушылар бағаны көтереді. Ішкі нарығымыз өте тар болғандықтан, интервенция жасауға тура келеді. Дегенмен мұндай жағдай өте сирек, жағдай өте шиеленісті болған кезде, сыртқы нарықтағы жағдай параметрінде айтарлықтай өзгерістер орын алғанда іске асырылатынын айта кету керек» деді ол. Валюта нарығын интервенциялау қыркүйек айында да болған. Бірақ оның қаншалықты мөлшерде екеніне бас банкир тоқталған жоқ. Интервенцияның мөлшері жөніндегі ақпарат әр айдың 5-і күні Ұлттық банктің сайтында жарияланады.
Өткен жылдан бері еліміз Халыққа арналған тазартылған алтынның өлшеуіш құймаларын сату бағдарламасын іске асыруды қолға алған болатын. Салмағы 10 грамм мен 100 грамға дейінгі алғашқы төрт алтын құйманы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев сатып алғанынан да көпшілік хабардар. Еліміздің теңге сарайында жасалған алтын құймалардың сынамасы «төрт тоғыздық». Құнды металдарды екінші деңгейлі банктерден сатып алып, инвестициялық құрал ретінде пайдалануға болатыны жөнінде бұдан бұрын да хабарланған. Біз еліміздің бас банкирінен Қазақстанда алтын құймаларды сатып алуға ниеттілердің көбейіп келе жатқанын білдік. Данияр Ақышев Қазақстанда халыққа алтын құймаларды сату бағдарламасы бастау алғалы бері тұрғындар салмағы 10-нан 100 грамға дейінгі 900 құйма сатып алғанын айтты. Бағалы металды қайта сатудың еш қиындығы жоқ. Банктер оларды бірден сатып алады. Тәжірибе көрсеткендей, алтын құймалар – жинаған ақшаны инфляциядан қорғаудың сенімді құралы. Айта кететін жайт, Қазақстандағы инфляция деңгейі Ұлттық банк белгілеген 6-8 пайыз көлемінен аспай тұр. Тауарлардың бағасы жыл басынан бері 3,9 пайызға қымбаттаған. Өткен жылы бұл көрсеткіш 5,4 пайыз болған еді. Негізгі қаржы реттеушісінің болжамы бойынша, инфляция деңгейі келесі жылы 5-7 пайыз аралығында сақталады.
Данияр Ақышев осы кездесуде криптовалютаны реттеу мәселесіне қатысты да өз пікірін білдірді. Оның айтуынша, Қазақстандағы криптовалюта нарығын реттемес бұрын бұл сала туралы білім мен тәжірибені зерттеу қажет. Қазір біз белсенді ойыншыдан гөрі, бақылаушы позициясын ұстанып отырмыз. Біз жағдайды зерттеп біліп жатырмыз. Бір нәрсені реттеп немесе оған шектеу қою үшін алдымен оны зерттеп білу қажет. Криптовалютаға шектеу қою – әлемде бар тәжірибе.
Ұлттық банк төрағасы Д.Ақышев журналистермен кездесуде мейлінше ашық болуға тырысты. Өз әңгімесінде ол «Ұлттық Банк тұрақты негізде нарыққа қатысушыларға және халыққа Ұлттық Банктің қызметі және ол қабылдап жатқан шаралар туралы бұқаралық ақпарат құралдары арқылы хабарлайды. БАҚ-пен барынша тиімді жұмыс істеу үшін, сондай-ақ ақпараттық ашықтықты қамтамасыз ету жөніндегі жұмыстың шеңберінде Ұлттық Банк коммуникациялық байланыстарды нығайту бойынша жүйелік жұмысты жүргізеді» деді. Данияр Ақышев сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарымен өзара іс-қимылды жақсарту тәсілі ретінде осындай кездесулерді өткізудің маңыздылығын атап өтті. «Біз өзара іс-қимыл және барынша тығыз байланыстарды реттеу, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарымен кері байланыс орнатудың маңызды құралы ретінде осындай кездесулердің практикасын жалғастыруды жоспарлап отырмыз» деп қорытты әңгімесін.
Гүлнар ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ