Еларна қолфон нұсқасына ену

Жүктеу-Албомым-Албомдар-Желі
Осы торды сақтаймын! | Осы торды бас бет етемін!

Біздің байланыс: elarna2012@gmail.com

Үш күнгы келушылер санағыКелген адам саны (IP)Көрілген бет саны (PWs)КомпйутерҚолфон
2019-08-16532315249 %51 %
2019-08-17559439538 %62 %
2019-08-18362187043 %57 %

АЛАШТЫҢ ОРТАЛЫҚ АЗИЯДАҒЫ ТҰЛҒАСЫ.



Тіркеліңіздер Кітапхана Қожалар торабы Албомдар Қазақтың 1001 ертегісі

Түрі: Абай ақпарат

Жолданған уақыты: 08:00 - 2016/02/11


 

Мырза Наурызбайұлы

Биыл Алаш көшбасшысы Әлихан Бөкейханның туғанына 150 жыл толмақ. Бұл меже ЮНЕСКО аясында аталынып өткелі тұр. Ал, келесі жылы Түркістан автономиясы мен Алаш автономиясына – 100 жыл. Ғасырлық мерейтой! Осы тарихи даталарды байыптау мен зерделеу барысында біз Алаш ұғымына кешенді қарағанымыз абзал.

Ұлт зиялылары тарихында айтулы бір оқиға бар. Ол – 1924 жылы маусымда Орынборда өткен Қазақ білімпаздарының тұңғыш сиезі (түпнұсқа атауы). Бұл – ХХ ғасырдың бас ширегіндегі ағартушылық, дүниетанымдық, ғылыми бағдары жөнінен ең маңызды жиын болатын. Сол сиезге қатысқандар кейін, 30-жылдары түгел дерлік нақақ репрессияланды, атылды. Арасында жалғыз адам тірі қалды. Ол – Мырза Наурызбайұлы.

20-жылдары Шығыстағы ең ірі саяси мәселенің бірі – «Орта Азия мен Қазақстанды межелеу» болғаны мәлім. Осы тарихи шараға Бұхара кеңестік халық республикасы тарапынан қатысқан бірден-бір қазақ қайраткері – Мырза Наурызбайұлы (Ишанов А.И. Бухарская народная советская республика. Ташкент: «Узбекистан» баспасы, 1969,  369-б.).

Осы тұлғаның тағдыр-талайын білу үшін алғаш «Алаш қозғалысы Қазақ елі аумағынан тысқары жерлерде қалай жүрді?» деген сұрақ кімді болсын бейжай қалдырмайды.

Бүгінгі ғылым тіліндегі «репатриант», «ирредент» ұғымдарын ХХ ғасыр басына аударсақ, тарих пен тағдыр бедерінде қазақ этносының әлеуеті біреулер ойлағандай тым әлсіз емес екенін аңғарамыз. Ол кезде Омбы, Орынбор, Астрахан, Самар, Сарытау, Селебі, Түмен, Қорған, Алтай, Байөлке, Ташкент т.б. қазағы өзін ешқашан атамекеннен бөлек сезінбеді. Оны айтасыз, түрлі тағдырмен өзбек пен сарт арасына жайлау мен қыстау салып орныққан Бұхара, Хорезм қазақтары «бөтен жұрттамын» деп есептемеді. Бір ғана Бұхара халық республикасындағы қандастар санына көз жіберіңізші: «Керменин  уәлаятында – 160 мың,  Қаршыда – 100 мың,  Гузарда – 100 мың,  Бұхарада – 80 мың, Нұратада – 5 мың қазақ болған» (ғалым Б.Қалшабаеваның дерегі). Ал, басында Хорезм, кейін Хиуа хандығы ретінде танылған, артынан кеңестік Хиуа халық республикасы атанған аумақта 40 мыңға жуық қазақ мекендеген (бұл да сонда; олар кейін бөлінген Қарақалпақстан  мен Түркіменстан жерінде қалған).

Еуропа көзімен қарағанда, бір шағын мемлекеттің тұрғынына татитын осы қазақ қауымының генеалогиялық құрамында «мың өліп, мың тірілген» елді тұтастандырған барлық ру-тайпа бар десек, қателеспейміз.

Сонда ханмен де, қарамен де дауласа кетсе - артынан бірнеше түмен сарбаз-ұрпақ қалдырып, Самарқан әмірі атанған Жалаңтөс баһадүр, ұлт ұстыны Әйтеке би, атаман Чагановты Хиуаның құл базарына сататын Сырым Датұлы, Хиуа әмірі Мұхаметрахымның тізесін дірілдеткен, соңынан «Ар жақта дүбірлеген Арынғазы, Жайлаған арғын, найман Өтенсазы» (Шернияз) делінген аңыз қалдырған Арынғазы Абылғазыұлы т.б. тұғырлы тұлғалармен рухтанатын мұндағы қазақ жұртын ешкім жадағай «кірме» дей алмас еді.

Патшалық Ресейдің Түркістан өлкесімен «тонның ішкі бауындай» - кейде онымен арбасқан, кейде оған сырын ашып, әлсіздігін танытқан бұл өңір қазағы Петербордан - Орынборға, Омбыдан Ташкентке дейінгі Алаш тағдырына алаңдаумен болды.

ХІХ ғасыр соңы мен ХХ ғасыр басында әлем де, заман да жаңарған еді. Бір шеттен – Англия, екінші шеттен – Ресей Орталық Азия аумағын түртпектеп оятқан-ды. Басқасын қойғанда, Түркі дүниесіне жанашыр ұлық ағартушы, қаламгер Исмайыл Гаспыралы сонау Қырымнан Түркістан өлкесіне екі мәрте келіп, Ташкент, Самарқан, Бұхара, Хиуа (соңғы екеуі Ресейге толық бағынбаған кез) жағдайымен танысады. Бұхара, Хиуа әмірлерімен (хан) жақсы байланыс орнатып, ол аймақтарда да білім реформасын жүргізуге кеңес береді. Олар да Қырымда демалғанда, И.Гаспыралымен жолығып, түркі дүниесіне ортақ жоба – «Тәржіман» газетін салаландыруға қаржылай көмек көрсетеді.

Бұхара, Хиуа, Хорезм, Қоқан, Самарқан, Ферғана, Әндіжан, Марғұлан т.б. шаһарлар Алаштың этникалық һәм эпикалық жадында түрлі оқиғалармен сақталып қалған. Халқымыз оның бірін дінмен, екіншісін айшықты бұйымымен, үшіншісін кесене-ғимаратымен, төртіншісін зорлық-зомбылығымен, тағы да өзге сипатымен өрнектеп жатады. Мұның арасында «Өзбек - өз ағам, сарт – садағам», «Естімеген ел де көп, есек мінген сарт та көп», «Қазақ байыса, қатын алады; өзбек байысы, үй салады», «Қазақ мал танымас, сарт жай танымас», «Сары атанның қадірін, Ел қыдырған сарт білер, Сеңсен тонның қадірін, Сексендегі қарт білер» т.б. нақыл сөздер де біраз ақиқаттан хабар береді. Сондай-ақ әзілді әспеттейтін ауыл адамдары аузында «Самаурын суалды» хабары әп-сәтте «Самарқанды су алдыға» айналып, қыран-топыр күлкіге ұйытқы болған деседі...

Иманды, кешірімшіл, аңғал қазақ халқы бұрын да, қазір де өзбек ұлты алқалап отырған Әмір Темірге (Ақсақ Темірге) ықыласпен қарайды. Бұл тұлға Түркістанда тұрғызған Әзірет Сұлтан (Қожа Ахмет Ясауи) кесенесінен бастап, оның сүйегі жатқан Самарқандағы Гүр Әмір кесенесіне дейін ілтипатпен айтады. Мысалы, әйгілі Ақансерінің «Майда қоңырындағы»: «Жігіттің падишасы - Әмір Темір» деген жолдар – сөзімізге дәлел.

Ал, ХХ ғасырдың 20-жылдары Алаш астанасы бола жаздаған Ташкент және оны қазақтар билеген елеулі кезеңдері, елге ұстын Төле би зираты, шаһар маңындағы қалың ауылдар, аты-заты бар рулар – тайға таңба басқандай тарихи факті.

Қазақ мекендеген Түркістан аймағынан немесе сонымен шектес өңірден шығып, түркі және ұлт бірлігіне қызмет еткен Мұстафа Шоқай, Тұрар Рысқұл, Сұлтанбек Қожанұлы, Жалау Мыңбайұлы, Сейітқали Меңдешұлы, Мұхамеджан Тынышбайұлы, Әзімхан Кенесарин, Серәлі Лапин, Нәзір Төрекқұл, Серікбай Ақайұлы, Дінше Әділұлы, Санжар Аспандиярұлы, Молдағали Жолдыбайұлы, Телжан Шонанұлы т.б. тұлғалардың елеулі ізденісі, айрықша ұстанымы, дара қайраткерлігі, маңызды шығармашылығы ұмытылмақ емес.

Осы есімдер қатарына енетін бірегей тұлға – Мырза Наурызбайұлы.

Бұл тұлға туралы жалпы халық аз біледі. Оның бірнеше себебі бар.

Біріншіден, М.Наурызбайұлының қайраткерлігі тарихи Түркістан республикасынан бөлек Бұхара республикасында өткен. Ол сол кездегі атаумен айтқанда, Бұхара халық кеңес республикасы (1920-1925) Нәзірлер шорасында (Министрлер кеңесінде) жауапты қызмет атқарды. Туысы Жүніс Нұрымбетұлының 1983 жылы хатталған естелігінде «М.Наурызбайұлы Бұхара республикасын басқарған Файзолла Ходжаевтың орынбасары болды» делінген. Шымкент аймақтық мемелекеттік архивінде 1929 жылы қатталған «Мырза Наурызбаевтың жеке ісі» атты құжаттан мына деректерді оқимыз: «Ол - 1921-1922 жылдары Бұхарада іс жүргізуші, 1922-1924 жылдары Орталық Қазақ бөлімінің меңгерушісі және Бұхара Орталық атқару комитеті Төралқасының мүшесі, 1924-1925 жылдары осында Жұмысшы жер-орман ұйымдастыру бюросының төрағасы» (ШАМА, 40-қор, 5-тізім, 994-іс, 7-парақ). Бұл құжаттың маңызы – оның Бүкілресейлік коммунистік партиясы Сырдария аймақтық тергеушісінің («партследователь») қолынан өткендігі. М.Наурызбайұлы туралы іске «құпия» деп белгі соғылған.

Сондықтан ол мемлекеттік құрылым жойылғаннан кейін осының басы-қасында болған қайраткерлердің де аты-жөні ұмытыла бастады.

Екіншіден, Бұхара кеңестік халық республикасы Министрлер кеңесі төрағасы Файзолла Ходжаев Н.Бухарин, А.Рыковтармен бірге Германия, Жапония, Польша, АҚШ «шпионы» ретінде ұсталып, атылғаннан кейін аталған Орталық Азия республикасын еске алу түгіл, сол кездегі жалпы саяси үдерісті ұмытуға тура келді.

Үшіншіден, ақылы бар адамды былай қойғанда, хайуан екеш хайуанда «өзін өзі сақтау», «тіршілік үшін күрес» деген сезім-инстинкт болады. Қызыл террор немесе кеңестік саяси қуғын-сүргін жылдары біраз қайраткер «пәледен машайық қашыпты» жолымен жүрді. Олар: эмиграцияға кеткен Мұстафа Шоқай, Ыбырайым Жайнақұлы, Сібір елді-мекендері арасында жүріп тірі қалған Сәдуақас Ғылмани, Ахмет Жанталин, Алматы НКВД түрмесінде екі жылдай отырып босап шыққан Мұхтар Әуезов, Әлімхан Ермеков, осы тақылеттес – Базарбай Мәметов, түрлі жағдайда жер аударылып,  37-нің қырғынына ілінбей қалған Дәулетше Күсепқалиұлы, Мұстафа Бұралқиев, Садық Аманжолов т.б. Әрине, бұлардың көбісі аңду мен бақылауда жүрді, тіпті Ыбырайым мен Мұстафа кейін шетелде өлтірілді. Дей тұрғанымен, қанқасап мезеттен аман қалуы – белгілі дәрежеде олардың күресі, амалы деу дұрыс. Осы қатарға Қырғызстанға кетіп, бой тасалаған Мырза Наурызбайұлын да қосқан орынды.

Енді кейіпкеріміздің ресми және бейресми ғұмырбаянына тоқталайық.

Мырза өз қолымен 1953 жылы 1 қаңтарда жазған өмірбаянында «1900 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы Қызылқұм ауданы № 13 ауылында тудым» деп көрсетеді. Және осы жазбасында «ағайын-туысымның ешқайсысы репрессияланбаған» дейді.

Бұл деректердің астарында «қайраткер Қызылқұмда туса, сонау Бұхарада неге жүр?», «ешбір ағайыным саяси қуғынға түспеді деп, кімді сақтандырып тұр?» сұрақтар қылтияды. Оған үзілді-кесілді жауап беру де мүмкін емес. Аталған жерде өмірге келді дегеннің өзінде, отаршылдық дүмпуімен «ел үшін, дін үшін» руымен, аталығымен көшіп-қонған, бас сауғалаған қазақ ауылдары жолын іштей сезінуге болады. Қалың Алаш ішінде М.Наурызбайұлының сойы Тобықтының тарам тағдыры да ғылыми бір сипаттамаға түскен емес. Шәкәрім қажы шежіресінде бабаларының Сыр бойына бару сыры мен Әмударияға қарай ойысуы меңзеледі. Қайсыбір ауызша әңгімелерде «ол жаққа Тобықты ауылдары Кенесарыұлы Сыздық төренің бастауымен жылжыған» болып шығады. Мұхамеджан Тынышбайұлы арғын руларының ХVІ ғасырдың соңында Қаратауға жылжып, Тәуекел хан мен Есім ханның Ферғана, Самарқан, Бұхара жорықтарына қатысқанын жазады (Тынышбайұлы М. Қазақ руларының шежіресі // Қазақтар. Көпшілікке арналған тоғыз томдық анықтамалық. 3-т. – Алматы: Қазақстан даму институты, 1998).

Шәкәрім қажы шежіресінен: «1723 жылы қалмақтан жеңіліп, Ақтабан шұбырынды көріп, орта жүз Есіл, Нұра, Сарысуға барғанда, біздің Тобықты Орынбордың бергі жағында Ордың қара ағашына барған, онан да әрі барған Кіші жүз қазағы орысқа қарамақ болыпты деген соң, сонан қорқып Тобықты көшіп, Ырғыз, Торғай өзендеріне келген» деген жолдарды оқимыз (Құдайбердіұлы Ш. Түрік, қырғыз-қазақ һәм хандар шежіресі. – Алматы: Қазақстан, 1991).  Ал, Мұхтар Әуезов «Абайдың туысы мен өмірі» атты мақаласында тұлға бабаларының Батыстан Шығысқа қарай жылжыған жолын: «Ақынның үшінші атасы – осы Ырғызбай, бұ кісі 1750 жылдарда Ақтабан шұбырындыдан кейін Арқаға сырғып ауған жолда, Ырғыз өзенінің жағасында туғандықтан, соның атымен аталыпты. Ырғызбай – Айдос баласы, Айдостың өзге балаларының ішінде Көтібақ, Торғай дегені, одан соң Айдостың туысқаны Жігітектің баласы Кеңгірбай – барлығы да жаңағы жолдағы өзен-сулардың атымен аталған. Көтімалды өзенінің жағасында Көтібақ, Торғай өзенінің жағасында Торғай, Кеңгір өзенінің жағасында Кеңгірбай туыпты» деп әуезелейді  (Әуезов М. Абайдың туысы мен өмірі // Шығармаларының елу томдық толық жинағы. 8-т. - Алматы: Ғылым, 2002).

Осы шағын деректің астарында елеулі тарих жатқанын аңғару қиын емес. Абайдың өзі және айналасы – тарихи ата қонысқа жылжыған Тобықтының жаңа рухани өрісін, ұлтқа серпін берген әлеуетін көрсетсе, Мырза Наурызбайұлы сынды жастар тарыдай шашылған қазақтың қай жерде болсын ізденіп, табысқа жете алатынын байқатты.

Мырза ғұмырбаянында Самарқан түзем гимназиясында оқығаны жазылған. Әрине, бұған дейін ол мұсылманша мектеп-медреседе (мұсылманша бастауыш және орта білім жүйесі) оқыған болуы тиіс. Өйткені ол шақта оқуға талпынған бар шәкірт осы жолдан өтеді. Оның үстіне бұл мектеп-медреселер жаңару яғни жәдитшіл бағытында еді. Исмайыл Гаспыралының қайта-қайта Орталық Азияға алаңдауының мәні осында болатын. Оның үстіне Самарқан енген өңірді ХІХ ғасырдың 60-жылдары патшалық Ресей толық жаулап алды. Бір есте болар факт: Нәзір Төреқұлұлы да осы Самарқанда оқыған.

Енді тағы бір сұрақ туады: «Мырза Наурызбайұлы қалайша 20-жылдары Бұхара республикасының үкімет төрағасының орынбасары деңгейіне көтерілген?». Орысша-мұсылманша сауатты болғаны үшін ғана ма? Бұлай десек, ол кезеңде Мырзадай азаматтар аз емес еді. Әлде мұның басқа да сыры бар ма?.. Біздіңше, ол өлкеде рухани жаңғыруларды бастаған жас бұхаралықтар («младобухарцы») яғни жәдитшілдер қатарында болып, танылған. Олар осындай табанды пікірімен Ташкентті, Самарқанды, т.б. қалаларды дүр сілкіндіргені тарихтан мәлім. Осы қозғалыстан біршама хабардар С.В.Чиркин естеліктерінде: «Жас бұхаралықтардың қатарын орысша оқып, Түркістан мен Ресей қалаларын түрлі жолдармен аралап, танысқан азаматтар құрады. Олар көп болса 200-дей ғана еді. Арасында күдікті да жандар болды» деп, ресейлік мүддесін де байқатса (С. В. Чиркин. Двадцать лет службы на Востоке. Москва: Русский путь, 2006), ұйымның басы-қасында болған қайраткер Файзолла Ходжаев: «Бұл қозғалыс тек жастардан тұрмайтын. Оған Бұхара әмірінің жөнсіз, әлеуметке зиянды істеріне қарсы қалың жұртшылық қатысты» деп жазды (Ходжаев Ф. Избранные труды в трех томах. /Ред. колл. А. А. Агзамходжаев и др./ Т. I. - Ташкент: Фан, 1970).

Аталған ұйымға кірген азаматтардың біразы (Ұсман Ходжаев, Абдурауф Фитрат) Түркияда оқыған болатын. Бұл шақта ол елде саяси жаңғыруларды бастан кешті. Тарихтан белгілі факт: 1917 жылы ақпан төңкерісінен кейін Бұхара қайраткерлері «Жас бұхаралықтар» атты комитет құрды. Оның құрамында Мырза Мұхиддин Мансұров (төраға), Фитрат (хатшы), Ұсман Ходжаев (қазынашы), Абду Вахид Бұрханов, Мұса Санджанов, Ата Ходжаев, Ахмеджан Абдул Саидов, Файзулла Ходжаев, Хамид Хаджа т.б. (мүшелері). Бұл ұйым басында әмірге қарсылардың басын құраған болатын. Уақыт келе мүдделер тайталасы байқалды. Либералдық бағыт ұстанғандар азая берді. 1918 жылы ұйым қожырап кетті. 1920 жылы Файзолла Ходжаев Ташкентте «Жас бұхаралықтардың Түркістан орталық бюросын» құрды. Оның жанында ақын, қайраткер А.Фитрат жүрді. Бұл кезде саяси жолдың бағыты да тарылып қалған болатын. Енді Бұхара әмірін большевиктердің әлеуметтік теңдік ұранымен ғана құлату мүмкін деп шешілді. Бұл ретте Ташкент большевиктері тарапынан терең саяси алдаусырату жүрді. Т.Рысқұловтың коммунистік бағытта егемен Түркістан Республикасы идеясын «көз қылып» ұстап, олар «азат Бұхара халық республикасын» құрып беру уәдесін айтты. Сөйтіп, Бұхара кеңестік халықтық республикасы орнады. Ф. Ходжаев, А. Қадыри, А. Мұхитдинов т.б. оның үкімет құрамына кірді.

Біз мұның бәрін неге тәптіштеп отырмыз? Бұлай істеуімізге себеп: осы оқиғалардың барысында Бұхара халқы арасында қазақтан шыққан жас қайраткер Мырза Наурызбайұлы жүрді. Әрине, бастапқыда елеулі саяси қызмет атқармаған шығар. Бірақ жаңаруға бағытталған қоғамда бір қауым қазақ ұлты көзін жауып, құлағын бітеп отырмасы ақиқат еді. Біздіңше, бастапқыда оқыған Мырза «қазақтың өкілі», «қазақ қауымының қалаулысы» ретінде көрініп, сөзі, ойы, ұсынысы, пікірі, батылдығы, қағидаты, талабы билік тарапынан қабылданды.

Қолжетімді энциклопедия деректері былайша сөйлейді: «Бұхара халық республикасы 1920 жылы 14 қыркүйекте жарияланған. Оның жер көлемі - 182.193 шаршы шақырым, халқы – 2.2 млн адам болған. Түркістан кеңестік республикасыменмен, Хорезм халық республикасымен, Ауғанстанмен шектеседі. Негізгі халқы – тәжік, өзбек, түркімен». Қазақ туралы бір ауыз сөз айтылмайды. Қазақ тұрмаса, М.Наурызбайұлы неге үкімет төрағасының орынбасары болып жүр? (Оның осындағы өз ұлтының саны туралы дерегін төменде келтіреміз).

Осы жерде большевиктік Ресейдің қилы-қилы қулығының ұшығы шығады. Мысалы, ол Маңғыт руынан шыққан Бұхараның соңғы әмірі Сейіт Әлімханды (атасы – Мұзафар, бабасы – Насрулла) «Сен басмашыларға болыспа, біз әмірлігіңнің тәуелсіздігін танимыз» деп, 1920 жылға дейін алдаусыратып отырды. Мұның мәні – Түркістанды толық жусатып, әскери күшті мықтап, тұтқиылдан тап беру еді. Кешікпей онысы да жүзеге асты: М.В. Фрунзе бастаған басқыншы қызыл армия 9 мың адамды мұздай қаруландырып, 230 пулемет, 40 зеңбірек, 5 бронды пойыз, 11 ұшақ күшімен «тәуелсіз әмірлікті» жермен-жексен етті. «Сейіт Әлімхан Ауғанстанға қашып, сонда бас сауғалап, жат жұртта 1944 жылы 64 жасында қайтты» деген мәлімет ұшырасады...

Биліктен басы айналған бұл әмір жас қайраткерлерін тыңдаса, уақыттың сұранымын түсінсе, тарих дөңгелегі басқаша айналар ме еді, кім білсін?..

Жас бұхаралықтар да әлгі басқыншы қызыл әскер ұшпаққа шығарады деп ойлады ма? Төрт-бес жыл қуыршақ республика қылды да, таратты емес пе?..

Осы орайда тарихи Түркістан автономиясының құрылуы мен жойылуын өз көзімен көрген Алаш тұлғасы Хайретдин Болғанбайдың мына сөзі ойымызда жаңғырады: «Сорлы Түркістан! Сен кеше «Бостандық болды, теңдік күні туды» деп қашанғы жоғалтқан еркіндігіңе талпындың ғой. Сен Русияның үлкен өзгерісінің буына желігіп, баяғы айбыны күшті Темірің мен ақылы дана Бабырларыңды есіңе алдың ғой. Жоқ, босқа алданғасын! Шеттен келген бұл бумен үлкен теңдік тірілмейді. Сен ол теңдікті шын өксіп, анық сағынған болсаң, өзгеріс буы өзіңнен шықсын. Сырттан – Русиядан, Еуропадан келген өзгеріс буы саған әл болмайды» (Болғанбай Х. Шығармалары - Тағылымы. Астана: Парасат әлемі, 2004).

Қызыл әскердің Бұхараға келуі, өздерінше айтсақ, «Бұхараны бағындыруы» өңірдің қоғамдық-саяси дамуын күрт өзгертті. Большевизмге қарсы Орталық Азиядағы бас көтеру (ғылыми әдебиеттерде «басмашылық» делінеді) үдерісін жүйелендіруге ауыр соққы берілді.

Міне, осы тұста Мырза Наурызбайұлы өмірбаянының тағы да «ақтаңдағы» көрініс береді. Мынандай сұрақ туады: 1) Қайраткер неге «басмашыға қарсы тұрдым» деп бір ауыз жазбаған? (Ол кезде бұл өңірде саяси қызметте болғандар бағытын анық көрсетуі тиіс еді); 2) Ресми ғұмырбаянында қайраткер не себепті Бұхарадағы жоғары лауазымды саяси қызметін «ұмыт қалдырады»?; 3) Кеңестік «жылымықтан» кейін қайраткер неліктен өлкені межелеу («размежевание») шарасына қатысқанын және осы мәселемен М.И.Калинин қабылдауында болғанын айта отырып, неге өте күрделі текетірестен шөкімдей де мәлімет бермейді?

Бұл сұрақтарға Мырзаның жауап бермеуі немесе оны саналы түрде айналып өтуі – қайраткердің осы оқиғалардың жуан ортасында жүргенін дәлелдейді.

Бір ғана долбар айтайық. Мәселен, сіз бір елдің ресми басшыларының бірісіз. Еліңізде табиғи түрде бір қозғалыс пайда болды (бағытына қарамай). Енді осы қозғалыстағылар ресми басшылықпен жолықпай ма, құрығанда ұсыныстарын алға тартпай ма, тіпті шарт-ультиматум қоймай ма?

Осы тұрғыдан келгенде, М.Наурызбайұлы және басқа да Бұхара халық республикасының басшылары большевизмді қабылдамағандармен ресми-бейресми талай кездесті деп есептейміз. Біз мұны айтамыз, башқұрттың эмиграцияға кеткен қайраткері Зәки Уәлиди Тоғанның жазуынша, Түркістан кеңестік республикасы басшыларының бірі Тұрар Рысқұл өзі басмашылармен келіссөз жүргізген (Тоган Заки Валиди. Воспоминания. Борьба мусульман Туркестан и других Восточных тюрок за национальное существование и культуру. - Москва: типография N12, 1997). Неге? Байыпты, салиқалы қайраткер елінде, өңірінде болып жатқан оқиғалардың бәріне жіті қарап, жан-жақты бағалап, алысты болжап, шешім шығарады. Әлемнің саяси тарихы осындай.

Алаш басшыларының Бұхара басмашыларына адамдар жіберуі (ішінде М.Әуезов, Х.Болғанбай, Д.Әділұлы бар), сөйтіп «дiнге сүйенген екi өзбек партиясы, социалистiк емес жәдиттер партиясы, «Ерiк» социалистiк партиясы және қазақтың Алаш Орда партиясы 7 баптан тұратын  платформаға бiрiктiк: 1. Тәуелсiздiк; 2. Демократиялық республика; 3. Ұлттық армия; 4. Түркiстанның тәуелсiздiгi мақсатына орай экономикалық басқаруды, темiржол құрылысын, каналдар жүйесiн қолға алып, жүргiзу; 5. Қазiргi заманға сай ағарту мен бiлiм, орыстың араласуынсыз Батыс мәдениетiмен танысудың жолын iздеу; 6. Ұлттық мәселе, мектеп пен ұлттық байлықты елде тұратын халықтардың арасалмағына сәйкес тең пайдалану; 7. Дiнге толық еркiндiк, дiннiң саясатқа араласпауы» деп қаулы қабылдауы – тарихи факт. 1921 жылы ақпан айында өткен шара (Зәки Уәлиди Тоған естелігінен).

Айтқандайын, осы естелікте әйгілі османлы тұлғасы Әнуар пашаның 1921 жылдың ортасында Бұхараға келгені, көмекшісі қазақ ұлтынан болғаны, сондай-ақ басмашылар арасында Ақмоладан барған кәсіби офицер (Мәскеуде оқыған делінеді) Қалқаман атты азаматтың жүргені жазылады...

Біздіңше, Мырза Наурызбайұлы осы оқиғалардың бәрінен хабардар еді. Тіпті жоғарыда аты аталған азаматтар қиырдағы қазақ басшысына жолықпады дегенге адам сене ме?

Мына ресми дерекке көңіл аударыңыздаршы: «Өлкенің байырғы тұрғындарының ұлттық, діни т.б. ерекшеліктерін ескермеген жаңа мемлекеттік құрылыс халық наразылығын күшейтіп, сол жылы Бұхарада “Иттихад-и ислам” (Ислам бірлестігі) атты партия құрылды. Оның қатарында БХКР жетекшілерінен Ә.Мұхитдинов (сауда және өнеркәсіп министрі), К.Мұкамилов (Бұхара компартиясының жауапты хатшысы) болды. Бұл партия кеңестік биліктің жүгенсіз әрекетіне қарсы шығып, жергілікті халықтың ұлттық, діни сезіміне құрметпен қарауды, жеке меншікке қол сұқпауды және РК(б)П-ның Түркістан бюросы мүшелері мен қызыл армияның Бұхарадан кетуін талап етті. Орталықтағылар оған құлақ аспады. Нәтижесінде жергілікті коммунистер О. Полатхожаев (Бұхара орталық атком төрағасы), А. Арипов (әскери нәзір), Ә. Риза (милиция бастығы) секілді өкімет өкілдері басмашылар жағына шығып кетті...» (Уикипедия мәліметі).

Басмашы дегенде, олардың көшбасшылары: Орталық Бұхарадағы Сәлім паша, Шығыс Бұхарадағы Ибрагим-бек, Батыс Бұхарадағы Абдул Қаһар – бәрі де өз деңгейінде елге сыйлы, намысты қайраткерлер болатын. Әрине, саяси көзқарасы жөнінен оларды «демократ емес еді» десек те, амалсыз қару ұстап, ел мен жерін қорғағанын жоққа шығару мүмкін емес. Елдің қорғаныс министрі мен ішкі істер басшысы құзыреттерінен бас тартып, көпшілік жағына шықса, ол шеп «қарақшы», «басбұзар», «жауыз», «қанішер» болуы мүмкін бе?..

«Кейін өз қолымен жазған ғұмырбаянында қайраткер неге Бұхарадағы жоғары лауазымды саяси қызметін ұмытты?» дегенге келсек, мұны көрсету - өз-өзін ұстап берумен бір есеп еді. Оны «ескі жараны тырналау» деуден гөрі «кеңес өкіметі қабылдамаған шындықты еске алмау, саналы түрде ұмыту» деген дұрыс.

Ал, «Орта Азия мен Қазақстанды межелеу» - кеңестік большевизмнің «зор жеңісі». М.Шоқай мен Т.Рысқұлдың түрлі форматта көтерген «тұтас Түркістан» идеясына ленинизмді жалғастырған И.В.Сталин осылай нүкте қойды. Сырттай қарағанда әр ұлтқа өз алдына республика берген секілді, іштей патшалық саясаттан да асып түсетін астарлы жұмыстар атқарылды. М.Наурызбайұлының «Калининді іздеуі» - нағашысын іздеу емес, әрі «тал қармау», әрі сол кездің шындығына қайта бір үңілгісі келген адами ниеті болатын. Бұл оқиғадағы «текетірес» ақиқаты – шаң басқан архивтерде тұр және одан да тереңірегі Мыраз сынды бақиға көшкен азаматтармен бірге кетті.

Сонымен, ХХ ғасыр басындағы Түркістан өлкесі мен Бұхара халық республикасындағы Мырза Наурызбайұлының қоғамдық-саяси қызметін былайша тұжырымдаймыз:

Біріншіден, М.Наурызбайұлы жәдитше оқып, орысша сапалы орта білім алған көзі ашық азамат ретінде Бұхарадағы қазақ ұлтының жоқтаушысы бола білді.

Екіншіден, заманында озық ойлы «Жас бұқаралықтар» ұйымы жұмысына қатысып, саяси-танымдық деңгейін көтерді, Орталық Азиядағы түркі жастары қоғамдық серпілісінің ішінде жүрді.

Үшіншіден, еңбегімен, танымалдығымен Бұхара халық республикасы үкіметі басшыларының бірі деңгейіне көтеріліп, өз тұсындағы мемлекеттік шаралардың қақ ортасынан табылды.

Төртіншіден, М.Наурызбайұлы РКП (б) Орталық комитетінің қолдауымен және Бұхара коммунистік партиясы Орталық комитетінің 1924 жылы 10 сәуірдегі шешімімен әйгілі «Орта Азия мен Қазақстанды межелеу» тарихи шарасына осы республикадан қатысқан 5 басшының бірі (Ф.Ходжаев, К.Атабаев, К.Пулатов, А.Мұхетдинов, М.Наурызбаев). 

Бесіншіден, Орталық Азияда большевизмге қарсы тұру қозғалысы кезінде салиқалы, байыпты көзқарас ұстанды.

Алтыншыдан, демократиялық негізде өмірге келген Алаш автономиясы мен Түркістан автономиясы (1917 жылғы) идеяларына адал болып, Орталық Азия қайраткерлері мен қазақ қайраткерлерінің арасындағы өңірлік даму мен ықпалдастыққа байланысты келіссөздерге шамасы келгенше атсалысты.

Біз «алтыншы тұжырымдамаға» кеңірек тоқтала кеткіміз келеді. М.Наурызбайұлының Алаш рухты Қазақстан тұлғаларымен жақын қарым-қатынасын дәлелдейтін бірнеше дерек бар.

Біріншісі – Қазақстан мен одан тысқары жерлердегі қазақ жұртына кең тарайтын ресми өлкелік партия комитетінің үні «Еңбекшіл қазақ» газетінде 1924 жылы жарияланған Бұхарадағы алаш жұртының хәлі туралы мақалалары. Олар: «Бұхара қазақтары» (№ 183), «Бұхара қазақтарының хәлі» (207), «Бұхара қазақтарының хәлі  һәм алдағы істің пыланы» (№224), «тағы да Бұхара қазақтары туралы» (№ 236). Сонымен бірге осы басылымдағы «Рахым» атымен жарық көрген «Бұхара қазақтарының хәлі» (№ 196), «Орта Азияны ұлт республикаларына айыру һәм екі мемлекетті қосып алу мәселесі» (№ 231) атты материалдарда да М.Наурызбайұлы мәліметтері пайдаланылған деп санаймыз.

Екіншісі – 1924 жылы 12-17 маусым аралығында Орынборда өткен тұңғыш Білімпаздары сиезіне Бұхара мен Хорезм қазақтары атынан қатысып, сөз сөйлеуі, ұсыныс беруі, жиын қаулысын жүйелеуге атсалысуы.

Осы екі оқиға бір-бірімен тығыз байланысты. Өйткені, көрсетілген газет материалдары аталған сиез барысында шыққан.

Тұңғыш Білімпаздар сиезі – педагогика, психология, филология (лингвистика, әдебиеттану), фольклористика, мәдениеттану, тарихтану сынды отандық гуманитарлық ғылымдардың бастауында тұрған, осы салаларға ізашар болған жиын.

Өкінішке қарай, осы нағыз білім мен ғылымға арналған тарихи жиын 2000-жылдардың ортасына дейін тіл және тарих саласының ғылыми нысанасы бола алмады. Біз ізденіс нәтижесінде бұл сиез туралы Тәуелсіздікке дейін-ақ арнайы көлемді мақала жазып, талдау, тұжырымдама жасау бақытына ие болдық (Мыңбаев Д. Қ.  Қазақ Білімпаздарының тобы: тарихы мен тағылымы // Республикалық «Өркен» газеті, 1990 жылы 29 желтоқсан). Бұл материалымыз 1997 жылы шыққан «Руханият» атты кітабымызға да енді («Білім» баспасы).

Қазақ Білімпаздарының тобы – кеңес өкіметі тұсында ұлтымыздың білікті оқығандарының алғашқы бас қосуларының бірі еді. 20-жылдардағы баспасөз бетерінде бұл жиынға «Қазақ-қырғыз Білімпаздарының алғашқы тобы», «Қазақ білімпаздарының тұңғыш сиезі» деген сипаттама айдар берілді. Топты (шақырылардың алдында да, сол уақыттағы баспасөзде де сиез «топ» делініп қазақша аталды, кешікпей-ақ оқығандардың өзі мұны «сиез» деп қалыптастырып жіберген болатын) Қазақстан Оқу комиссариатының білім кіндігі 1924 жылы 10 маусымда шақырды. Алайда сиез белгісіз себептерден маусымның 12-сі күні күндізгі сағат 12-де ашылды.

1924 жылы 23 мамырда «Еңбекшіл қазақ» газеті топқа қай жақтан неше кісі келуге тиіс екендігін жазады: «Мәскеудегі Шарқ (Күншығыс – Д.Қ.) баспасынан – 1, Шарқ институтынан – 1, Хорезмнен –1, Түркістаннан – 4, Қазақстаннан – 16».

Топтың қарайтын мәселесі де алдын-ала белгілі болады. Олар: «1. Қазақ емлесін бірөңкейлеу. 2. Қаріп жағдайын қарастыру. 3. Халық әдебиетінің халін һәм оқылатын пәндерді жоспарлау. 5. Оқу һәм білім кітаптарын көбейту шарасын қарастыру. 6. Қазақ пән сөздері бір болу мәселесі».

         Ескі  газеттерден  білетініміз (Әлтай. Қазақстаннан тысқары қазақ елдері. «Еңбекшіл қазақ» газеті, 1926 жыл 27 қаңтар): «Қазақ Білімпаздарының тұңғыш сиезі» деген атпен 116 беттік топтың  толық стенографиялық есебі басылып шыққан. Біз осы жәдігерлікті Алматыдағы Ұлттық кітапхана қорынан кезіктірдік (картотектегі нөмірі: 494. Қ-17. РК. Қазақ Білімпаздарының тұңғыш сиезі. Орынбор, 1925 жыл).

         Сиез Орынборда ағарту қызметкерлері ұйымының  үйінде өтеді. Оны ашқан Қазақстан халық ағарту комиссары Нұғыман Зәлиұлы жер-жерден  келген азаматтарға алғысын айтып, сиез жұмысының дұрыс өтуін тілеп, сөзін аяқтайды. Ал Халық ағарту комиссарының орынбасары Молдағали Жолдыбайұлы уәкілдерді топқа келген  кісілермен таныстырады.

  1. Мәскеудегі Күншығыс баспасөз тарататын кіндік ұйымнан – Әлихан Бөкейханұлы мен Нәзір Төреқұлұлы.
  2. Бұхарадағы қазақтар атынан – Мырза  Наурызбайұлы.
  3. Түркістаннан – Халел Досмұхамедұлы мен Ишанғали Арабайұлы.
  4. Қазақстанның аймақтық партия комитетінінен – Аспандияр Кенжеұлы.
  5. Жалпыресейлік кәсіпшілер кеңестер  ұйымының қазақ аймағы бөлімінен – Мұхтар Саматаұлы.
  6. Орынбордағы  қазақ институтынан (КИНО) – Мұхтар Мырзаұлы.
  7. Қазақстан халық ағарту  комиссариатынан – Ахмет Байтұрсынұлы, Елдес Омарұлы, Нұртаза Ералыұлы, Нұғман Зәлиұлы, Молдағали Жолдыбайұлы.
  8. Қостанай гүбернелік оқу бөлімінен – Ерғали Алдоңғарұлы.
  9. Семей гүбернелік оқу бөлімінен – Мәннан Тұрғанбайұлы.
  10. Орал гүбернелік оқу бөлімінен – Нығмет Шағиұлы.
  11. Бөкей гүбернелік оқу бөлімінен – Рүстем Ағыбайұлы.
  12. Қазақ аймағын зерттеп, ғылым жиятын қауымнан – Міржақып Дулатұлы.
  13. Орынбордағы газет-журнал басқармаларынан – Рақым Сүгірұлы.

Мұнан соң қалыптасқан жиналыс рәсімі бойынша Н.Зәлиұлының топ басқармасын сайлау керек деген ұсынысымен М.Жолдыбайұлы топбасылыққа лайықты бес кісінің аты-жөнін атайды. Олар: Бөкейханұлы Әлихан, Зәлиұлы Нұғман, Кенжеұлы Аспандияр, Наурызбайұлы Мырза, Арабайұлы Ишанғали. Топ бұл қалаулыларды бірауыздан бекітеді де, сиездің хатшылығына Тұрғанбайұлы Мәннан  мен Алдоңғарұлы Ерғалиды сайлайды.

Топ бұған дейін баспасөзде жарияланып үлгерген сиез  қарайтын 6 мәселені қабыл алды. Осыдан кейін топқа келген уәкілдерге сөз беріліп, олардың ұсыныстары тыңдалады. Х.Досмұхамедұлы жалпы мектеп мәселесі туралы талқыланатын кезде бастауыш мектеп түрі мен білім орындарының оқу жобаларын қосымша қараудың қажеттігін айтса, М.Наурызбайұлы Хорезм мен Бұхараға қараған  қазақтарды оқыту, мәдени ағарту шараларын бөлек түрде сөз болуын сұранады.

Сиез Х.Досмұхамедұлының ұсынысын бірауыздан мақұлдайды да, М.Наурызбайұлының сұранымы бойынша ол мәселені тек екі өлкемен шектемей, жер ыңғайына қарап қиянда, Қазақстан мен Түркістаннан өзге республикаларда қалып отырған қазақтар үшін ауқымды түрде шаралар қарастыру керектігін жөн деп табады.

Сонымен, топ мәселердің толығып болған ұзын-ырғасын түгел бекітіп, сиездегі баяндамалар мен сөйлеушілерге, толықтырушыларға уақыт белгілеп, келісіп отырып тиянақтайды.

Тарихи сиезді құттықтап, ниет-тілектерін білдіріп сөйлегендердің қатары да едәуір болады. Топты құттықтауға Қазақстан Орталық комитеті мен оқу комиссариаты атынан – Н.Зәлиұлы, Қазақстан аймақтық партия комитеті мен халық комиссарлары кеңесінен – А.Кенжеұлы, Түркістан оқу комиссариатынан – И.Арабайұлы, Жалпыресейлік кәсіпшілер кеңестері ұйымының Қазақстан бөлімінен – М.Саматұлы, Аймақтық оқытушылар курсынан – Ырысбайұлы, Қазақстан орталық білім кіндігінен – Лебедев, Башқұрт өкіметінен – Ибраһимұлы, Бұхарадағы қазақтардан – М.Наурызбайұлы шығып, ілтипат-лебіздерін білдіреді. Құттықтаушылардың әр жерден  әр деңгейдегі ұйымдардан келгені сияқты, сөздерінің дені де түрліше болады. Мысалы, А.Кенжеұлы: «Қазақ зиялылары кеңес қызметіне тезінен жегіле қойған жоқ. Тарихи үлкен міндетін сезінбей отыр. Оған Семей гүбернесіндегі хал мысал бола алады», - деп оқығандарға «тиісе» айтса, И.Арабайұлы: «Түрік қауымының ішіндегі алдыңғы мәдениет басқышында деп саналатын Ғұсман түріктері әдебиет жүзінде  адасып кетті. Емле сәйкессіздігіне байланысты Анатол түріктері Ыстамболда жазылған кітаптарды оқи алмай отыр ... Өте орысшыл болып, дайын тұрған орыс әдебиеті, орыстың ғылым тілдерін алып жүре берсек, үлкен адасқан боламыз. Соны естен шығару жарамайды», – дейді. Ал Лебедев болса Әлихандай, Ахметтей ғұламалар отырған жерде «ғылым деген сөздің не екенін, қиялды жолға кетпей, тұрмысқа жақын жүру керектігін, оқығандардың халықтан бөлінбеуінің қажеттігін» алға тартса, М.Наурызбайұлы жаны шырқырап Білімпаздар тобынан сарт өлкесіне таман тұратын қазақтардың этнос ретінде құрып бара жатқанын айта келе: «Қазір Бұхара өлкесінде жарты миллион қазақ бар. Оларды бұл уақытқа дейін сарттар езіп келді. Жарты миллион  мың қазақ сарттармен араласып отыр. Солар өздерінің қазақ екенін жасырады. Бүкіл Бұхара, Хорезм бойынша кеңес қызметіне 2-ақ қазақ алынып отыр», – деп мысал ретінде әрі қарай сөзін таза өзбек тілінде жалғастырып, сиез уәкілдерінің «жағасын ұстатады».

Құттықтаулардан шығатын ұжымдасқан қорытынды біреу-ақ болатын: «топ қордаланған көкейкесті мәселерді қайтсе де шешуі қажет».

Жиын барысында емлеге, әліпбиге, пән сөздеріне (терминология), ел әдебиетін жинап, жүйелеуге, оқулықтар әзірлеп бастыртуға, аудармаға т.б. қатысты қадау-қадау ойлар, пікірлер айтылып, орайымен қаулылар қабылданады.

Қайраткер Мырза Наурызбайұлы көтерген және шешуге атсалысқан шеттегі қазақтарды ағарту жайы да аса ыждағатпен талқыланады.

Білімпаздар сиезі күн тәртібін бекітетін бірінші күнгі жиналыста Бұхарадан келген қайраткердің ұсынысы бойынша (ұсынысы оқығандар тарапынан толыққан-ды) қаралатын мәселелердің қатарына «Қазақстан республикасынан тыс жүрген қазақтарды ағарту, ана тілінде оқыту шараларын белгілеу» делінген баптың енгенін айттық. Расында, қайшылыққа толы территориялық айрылым науқаны талай халықты қасіретке ұшыратқан болатын. Жері мен пейілі кең қазақтың тағдыры да осы теперіштің құрасуында қалды. Жігері құм болып көңіліне қаяу түскен алаш баласының 20-жылдары шыққан ащы дауысы, жүректі жылатар зары бүгін де құлаққа шалынады, тарих қойнауынан жаңғырып естіледі ...

Топта «Қазақстан мен Түркістаннан сыртқары қазақ халқын ағарту туралы» деген тақырыпта Міржақып Дулатұлы баяндама жасады.

Баяндамада жер ыңғайына қарай республикалан алыс отырған қазақтар халінің дұрыс болуы, оқу мен өнерінің артуы өздеріне байланысты емес, мұндағы үкіметке байланысты екені сөз етіледі. Үкімет қазақтармен қатынасты реттеп, оларды ағарту үшін мамандар даярлап жіберуге мүдделі болуға тиісті делінеді.

М.Дулатұлы сөзінен соң шығып сөйлеген шешендердің лебізін жинақтай отырып бұл күнгі мәжіліс төрағасы А.Байтұрсынұлы Қазақстан облыстық ортақшыл комитеті мен халық ағарту комиссариатына өтініш ету үшін уәкілдерге мынандай (М.Наурызбайұлының сұранымына сәйкес) ұсыныстар жасайды: «1. Бұхара, Хиуа қазақтарына қазақ оқытушыларын, өсиетшілерін жіберу. 2. Қазақстанда ашылған мектептерден олардың шәкірттеріне стипендия ашып, орын арнап қою».

Осы екі ұсынысты уәкілдер толық қабылдағаннан кейін, М.Наурызбайұлы шығып: «Арнаулы комиссия құрылуға тиіс», - деп ой айтады. Мұны Х.Досмұхамедұлы қолдайды. Нәтижесінде үшінші ұсыныс мақұлданады. Онда. «Бұхара, Хиуа қазақтарын аралап, хал-жайын, тілін, ағарту жұмысын жөнге салатын бір комиссия жасалсын. Комиссияға кіретіндер: Қазақстан халық ағарту комиссариатынан – біреу, Бұхара қазақтарынан – біреу, Хиуа қазақтарынан – біреу» делініп жазылады. Комисия жұмысы төңірегіндегі ақпар мен есепті  Қазақстан халық ағарту комиссариатына беруге міндеттелді.

Алыста жүрген ағайынның тағдыр-талайы әңгіме болған осы жиында М.Тұрғанбайұлы Ресей территориясында, Қытай мен Моңғол жерінде қалып отырған қазақтар туралы пікірін айтып, оларды да ескеру керектігін хабардар етеді. М.Тұрғанбайұлын толықтырып, оны қолдай сөйлеген И.Арабайұлы (Уфада Ғалия медресесінде жүріп 1911 жылы «Қазақ және қырғыз балалары үшін әліппе...» жазған автордың бірі, Алаш қозғалысына қосылған қырғыз зиялысы – осы Ишанғали Арабаев) сиезден аталған ұсыныс хақында қаулы шығаруын өтінеді. Топ ұсынысты негізінен қабыл алып, қаулы шығарады. Мәжілістің соңын ала сөйлеген Х.Досмұхамедұлы: «Сиезде айтылған пікірлер, бекітілген қаулыларды кітапша етіп шығаруды Қазақстан халық ағарту комиссариаты өз мойнына алса екен» деген ниетін білдірсе, М.Дулатұлы: «Алынған қаулыларды Декрет арқылы заң күшіне асырса екен» деп ұсыныс жасайды. Сиез мұны да бірауыздан қабыл алады.

Жиын бітерде мінберге Түркістаннан келген уәкіл И.Арабайұлы көтеріліп, сиезді межелеген жұмысын мақсатына жеткізуімен құттықтап, күні ертең бұл қаулыларды іске асыру барысында ел мүддесін жоғары қойған әрбір азамат күш-жігер жұмсайтынына сенім білдірді.

Сөйтіп, алты күнге созылған Білімпаздарының сиезінің жұмысы 1924 жылы 17 маусымда сәтті аяқталады. Осы жиын шешімдері кейін ұлт ғылымының іргетасы болып қалды.

Білімпаздар сиезіне қатысты М.Наурызбайұлының тарихи қызметін былайша бағалаймыз:

Біріншіден, Мырзаның санаулы ғана адамдардың ішінде қазақтың тұңғыш ғылым жиынына шақырылуы оның қайраткерлік қана емес, зиялылық (парасат иесі, өлкесіне абыройлы азамат) беделін көрсетеді.

Екіншіден, сиездегі қайраткердің баяндамасы, жарыссөзге шығуы, ұсыныс беруі оның біліктілігін, жауапкершілігін, батылдығын айқындайды.

Үшіншіден, тарихи сиездің барысындағы, алды-артындағы оқиғалар М.Наурызбайұлының көрнекті Алаш зиялыларымен тығыз байланыста болғанын аңғартады.

Осы ретте республикалық басты газет – «Еңбекшіл қазақта» (1925 жылдан «еңбекші» атын алды) жарияланған мақалалары қайраткердің ұлт тағдырына байланысты ойының ерекшелігін айқындай түседі.

Айталық, Бұхара қазағының тарихи жолы туралы былай дейді: «Бұл қазақтар мұнан 143 жыл бұрын келіп орныққан. Бірақ Қызылжар, Есіл дария жағынан көшіп келгенін, түбінің қазақ екенін азап біледі. Бұлардың көбі найман, қаңлы, тама, қыпшақ болады». Әлгі межені есептеп жіберсек, 1781 жыл шығады.

Жоғарыда жалпы Бұхара халқы құрамының бүгінгі ресми деректерде жүрген «қазақсыз» кейпін келтірдік. Бұған байланысты Мырза: «Бұхара республикасының қарамағында 375 мың қазақ бар. Бірақ айтуға ғана болмаса, іс жүзінде барлық Бұхар топырағында жасаған 3 миллион халықтың 8-ден бірі болып сыбағалы еншісін ала алмаған халық» деп жазады.

Мәселені шешу үшін М.Наурызбайұлы Бұхарада қазақ облысын ашып, оған Қазақстан мен Түркістаннан ұлт мамандарын шақырып, білім жүйесі мен билік жүйесін елдік мүддеге сай құрып, дамытуды ұсынады. Осы арқылы Орталық Азиядағы межелеудің қиындығы мен күрделілігін меңзейді. Қайраткердің мақалаларында «өзбек болып кеткендерді қазақ қылу» деген бүгінгі оқырманды селт еткізетін ой айтылады. Бұл – 90 жыл бұрынғы шындық...

Мырза бас газет жүзінде бөліскен бір материалында Ауғанстан шекарасына таман отырған қазақтарды большевиктерден қашқан Бұхара әмірі «әскерге бір жегіп» қинағанын, ал кейін «қызылдар» сол үшін олардың бар мал-мүлкін тартып алып қаңғыртқанын жазады.

Баспасөз мақалаларынан шығатын қорытынды: а) қайраткер большевиктік өкіметтің әлеуметтік және ұлттық теңдік ұранымен жүргізіп отырған саясатының кереғар жайын көрсеткен; ә) жаңа саяси биліктің жергілікті жерлердегі бұрмалаушылықтарын сипаттаған; б) Ресей отыршылдығы мен әлемдік империализмнің құрбаны болған Бұхараның қилы тағдырын баяндаған; в) қиырдағы қазақ этносының тіршілік үшін күресі, үлкен саясаттың диірменіне түсуі әуезеленеді; г) бүгінгі тілмен айтқанда, диаспораны саяси және рухани басқару, дамыту мәселелері қарастырылады.

Тұтастай алғанда, М.Наурызбайұлының 20-жылдары БАҚ-та жарық көрген материалдары – қайраткер өмір сүрген кезеңнің айнасы, күрделі уақыттағы ұлт тағдырының жылнамасы дей аламыз.

«Орманды қорғайтын арыстанды орман да қорғайды» деген сөз бар. Бұхара республикасының вице-премьері бұл мемлекет жойылғаннан соң, 1924-1926 жылдары Орынбордағы жұмысшы факультетін (рабфак) бітіреді. Сірә, ол - Алаш зиялылары дәріс оқыған Қазақ халыққа білім беру институтының (КИНО) құрылымы. Бұдан соң Қазақстанға келіп, Арыс аудандық жер бөлімін басқарады. Ресми ғұмырнамасында «1929-1932 жылы Орталық Азия мақта-ирригация институтында оқып, 4-курста түберкүлез болып шығып қалдым. 1932-1935 жылдары Түркістанда агроном, жер бөлімі, 1935 жылы Жер халкомының шешімімен Қырғызстанның Жалалабадына агроном-жоспарлаушысы басшысы қызметін атқардым. 1943-1949 жылдары Қырғыз КСР Мемлекеттік бақылау саласында жауапты қызметтер істедім. 1949-1953 жылдары КСРО Мемлекеттік бақылау органы Қырғызстан тобында «ІІ дәрежелі мемлекеттік бақылаушы» болдым...» деп жазады. Шымкент мұрағатынан табылған материалдарда «М.Наурызбайұлының 1929-1930 жылдары Мойынқұм және Түлкібас аудандық атқару комитетін басқарып, аяғында партиядан шығарылып, қызметтен алынғаны» көрсетілген. Партиядан шығару ісінде «Бұхарада 1,5 жыл түрмеде отырғаны, қазақ пен қырғыз жайылымдарын үйлестіретін Жайлау комитеті төрағасының орынбасары болып жүріп қарауындағы мәселеге таптық тұрғыдан қарай алмағаны» қылаң береді. Осының өзінде ілгеріде айтқан «өмірбаян құпиясының» (большевизмге қарсы Орталық Азия бас көтеруімен, Алаш қозғалысымен мүдделес болғаны) астары аңғарылады.

Айталық, 1929 жылы Қазақстаннан Өзбекстанға кету себебін –  сол уақытта елде Алаш зиялыларының тұтқындала бастауымен түсіндіруге болады. Ал, 1937 жылы Қырғызстанға кетуін – 1934-1935 жылы айдаудан келіп, шамасына қарай әр жерде жұмыс істей бастаған ұлт тұлғаларының қайта ұсталып, қатаң репрессиялануымен (атылуымен) сәйкестендіре аламыз.

Кейде өте тосын салыстырулар жасауға болады: қайраткер Мырза Наурызбайұлының тағдыры - күштеп жойылған Бұхара халық республикасының тағдырына немесе сұраусыз қалып, кісәпірліктің шеңгеліне ілінген сол өңірдегі қазақ ұлтының тағдырына ұқсайды...

Бұған қарап өткен күннен белгі бар екенін де, белгі жоқ екенін де ұғынасыз.

М.Наурызбайұлы 1953 жылы Оңтүстік Қазақстанға келіп, екі жылдай сол кездегі Киров ауданының Фрунзе кеңшарының директоры болған. Бұл – тәубаға келген кеңестік «жылымықтың» бастапқы шағы еді. Одан соң Ленин аудандық тұтыну кооперациясының басшылығында қызмет еткен.  1963 жылы зейнет демалысына шығып, Шардара қаласына келіп қоныс тепкен. Адам қартайған сайын топыраққа жақындайды (1978 жылы сол жерде қайтқан). Бір кезде Бұхараны мекен еткен Мырзаның ағайындарынан аман қалғандар немесе олардың ұрпағы кейін ашылған аудандар – Шардара мен Жетісайға жиналғанын шамалауға болады.

Қайраткердің аты мен заты осы еңбек авторының «Руханият» кітабында («Білім» баспасы, 1997), «Алаш және әдебиет» монографиясында («Фолиант» баспасы, 2002), Ш.Құрманбайұлы әзірлеп құрастырған «Қазақ білмпаздарының тұңғыш сіиезі» (жиын мәтіні, «Атамұра корпорациясы», 2005), Намазалы Омашев бастаған ғалымдар тобы әзірлеп құрастырған «Жиырмасыншы жылдар журналистикасы. 1-том» («Қазақ энциклопедиясы», 2014), Е.Тілешев пен Д.Қамзабекұлының «Алаш қозғалысы» анықтамалығында («Сардар» баспасы: 1-басылымы – 2008, 2-басылымы – 2014) айтылып, жазылды.

Соңғы жылдары М.Наурызбайұлы ғұмырбаянын зерттеу ісіне елімізге белгілі тұлға, генерал Ержан Исақұловтың кіріскенін жақсылыққа балаймыз. Өйткені кезінде лауазымды қызмет атқарған азамат мұрағат деректеріне байланысты ғалымдардың «қолын ұзартты». Ол кісі Шымкент аймақтық мемлекет мұрағатынан біршама тың деректер тапты. Сондай-ақ Қырғызстан мемлекеттік мұрағаты мен Ресей мемлекеттік әлеуметтік-саяси тарих мұрағатына хабарласып, қосымша мәліметтер жинастырып жатқан жайы бар.

Е.Исақұловтың тағы бір елеулі жұмысы - «Қазақ Білімпаздарының тұңғыш сиезі» түпнұсқа жинағын (стенографиялық есеп) мамандарға ұсынып пысықтатып, бүгінгі қолданылымдағы әріпке қайта түсіруге мұрындық болды. Сондықтан 2005 жылғы жинақ пен бұл жинақты өз бетінше даярланған еңбектер деп қабылдаған дұрыс. Ғылымда мұндай балама нұсқалар қатар өмір сүре алады. Осы нұсқаның және бір ерекшелігі – факсимелесімен ұсынылғанында. Сондай-ақ М.Наурызбайұлы туралы мұрағат деректерінің қосымша енгізілуі де бұл мұраның маңызын арттыра түседі.

Ал, Халықаралық Түркі академиясы (президенті Дархан Қыдырәлі) бұл тарихи мұраны басып шығаруды өз қолына алды. Бұған негіз де бар. Атап айтсақ, Білімпаздар сиезіне қатысқан тұлғалардың көбі – отандық түркітану саласының басында және әлемдік түркі бірлігі мұратының қатарында тұр. Оның үстіне бұл жиында айтылған сүбелі ойлар 1926 жылы Бакуде өткен Бірінші түркітану сиезінде дамытылып, салаланды. Сондықтан бұл сабақтастықты бүгінгі ықыпалдастық аясында жаңаша қарау – Тәуелсіздік пен заман талабы деп білеміз.

Дихан ҚАМЗАБЕКҰЛЫ, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі

 Abai.kz

Нақты қайнары: http://www.elarna.net/koru_kk.php?tur=51&id=568159
Пікірлер

Жолдаушы №: 5960 - Уақыты: 2017/02/27 - 11:16

Аға,жарайсыз!Алаштың шын жанашырысыз ғой!

Көрші сілтемелер

Ең жаңа мақалалар


Досжан Хазірет жайлы не 12 min
Өскеменде триатлоннан Қ 15 min
Шинжяң хабарлары 16 min
Шинжяң хабарлары халық 27 min
Мамандар: а қ ш-ның жүң 27 min
Осы араны басып көріңіз 27 min
Қазақ күресі: Азия чемп 1 sagt
Осы араны басып көріңіз 1 sagt
Африкада арыстандар аза 1 sagt
Қазақ күресі: Азия чемп 1 sagt
Даккада өрттен 50 мыңда 1 sagt
Еліміздің бірнеше өңірі 1 sagt
Пәкістәндәғі ٴбыр мешіт 1 sagt
Осы араны басып көріңіз 1 sagt
Елордада ауа райына бай 1 sagt
Шинжяң хабарлары екі ес 1 sagt
Африкада арыстандар күр 1 sagt
Еліміздің бірнеше өңірі 1 sagt
Путин қысылтаяң жағдайд 1 sagt
Қазақстандық оқушы АҚШ 2 sagt
Сайрамда саяхаттау-әғәж 2 sagt
Ауғанстанда жол жиегінд 2 sagt
Байынбұлақтың әсем көрі 2 sagt
Израйля пәлестинді қолд 2 sagt
Осы араны басып көріңіз 2 sagt
Қазақстан волейболдан ә 2 sagt
ШҚО-да екі жасар бала ж 2 sagt
Аляскада аптап ыстықтан 2 sagt
Ақмола облысында скаутт 2 sagt
Тяншанның ғәжәйіп көрін 2 sagt