Интернетте ғылыми, танымдық көптеген сайттардың ашылып жатқанынан хабардармыз. Сондай жаңадан ашылған сайттың бірі –www.nurfeyz.kz сайты. Сайттың ерекшелігі – дүние жүзіне «Қасиетті Құранның тәпсірі – Рисалей-Нұр шығармалар жинағы» атымен кеңінен танымал кітаптардың қазақ тіліндегі аудармаларының жариялануы. Және оған Қазақстан Республикасы Дін істері комитетінен дінтану сараптамасының оң қорытындысы берілгендігі.
Аталмыш сайт турасында «Нур Фейз» ЖШС қызметкері, аудармашы Захреддин Батайұлы бірқатар сұрақтарымызға былайша жауап берді:
– Құран Кәрімнің тәпсірі – Рисалей-Нұр шығармалар жинағы қазіргі кезде дүние жүзіне кеңінен танымал болуда. Соңғы жиырма жылда қазақ тіліне де аударыла бастады. Рисалей-Нұр шығармалар жинағы қандай тәпсір түріне жатады? Бұл жағынан қарайтын болсақ, адамдарды дінсіздіктің қараңғылығынан шығарушы Құран ақиқаттарын ғылыми тұрғыдан түсінікті етіп баяндайтын «Рисалей-Нұр» тәпсірі әркімді мазалайтын «Мен кіммін? Қайдан келдім? Қайда барамын? Не істеуім керек? Болмыс атаулы қалай пайда болып, қайда барады? Оның мән-мағынасы не?» секілді өте маңызды сұрақтарға қанағаттанарлық жауап береді. Оның жанды рахаттандыратын, ақылды кемелдендіретін, жүректі нұрға, көңілді шаттыққа бөлейтін ерекше тәсілі бар. Әр адамға белгілі өмірлік мысалдар арқылы Құранның мақсатын түсіндіреді. Мысалы, Құранның әр сүресінің бастауы – «Бисмиллах» сөзі бүкіл тіршіліктің, барлық игіліктің қозғаушы күші екенін тамаша дәлелдейді.
«Рисалей-Нұр» Құранның заманауи тәпсірі саналады. Тәпсір екі түрлі болады. Біреуі көпшілікке белгілі тәпсір. Олар Құранның сөз бен сөйлемдерінің мағынасын қысқаша баяндайды. Екіншісі, Құранның имани ақиқаттарына бұлтартпас дәлелдер келтіріп, жан-жақты түсіндіреді. Міне, тәпсірдің осы сирек түріне «Рисалей-Нұр» жатады. Мәселен, адамзатқа рухани апат болып келген материализм, коммунизм секілді дінсіз ағымдарды Құран аяттары арқылы әшкерелейді. Құран аяттарының нұрлы тәпсірі десе болады. Ол басынан соңына дейін иман мен тәухид туралы баяндайды. Ілімге негізделгендіктен, көңілдегі күдікті жойып, ақиқатқа бастап, ақиқатқа көзді әбден жеткізеді, толық қанағаттандырады. Мысалы, намаздың бес уақыт болу себебін әлем жаратылысы, адамзаттың даму дәуірі, жеке адамның өмірі секілді кезеңдермен байланысты екенін ғажайып қызықты түсіндіреді. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) мұғжизаларын өтірік, ертегі секілді көретін адамдарға мұғжизалардың шынайы ақиқат және нақты өмірде болған уақиға екенін түсіндіреді.
Ол жүз отыз кітапшадан тұрады. Заманауи сұраныстарға толық жауап береді. Оқырманды Құран Кәрімнің мән-мағынасына терең үңілуге үйрететін тәпсір. Ол болған әрі болатын сұрақтарға, көңілге келген, келуі мүмкін күдіктерді жояды. Иманның дәреже-деңгейін көрсетіп, Алланың бір әрі жалғыз, пайғамбарлардың хақ екенін дәлелдейді. Сөйтіп, иманның алты шартын бір-біріне байланыстыра отырып, мұсылман адамға терең ислами білім береді.
Мәселен, аспан мен жер қабаттарында періштелер мекендейтінін, рухтың бақи екенін, оның жоқ болмайтынын түсіндіреді. Өлім мен өмір, уақыт дегеніміз не? Өлген соң тірілу қалай болмақ? Ақырет жайы, жәннат пен жәһаннамның рас екенін, оның мәнісін ашып, мәңгі бақытты болу үшін не істеу керек екенін анықтап береді. Және адамды мәңгі-бақи сорлататын нендей себептер екенін атап көрсетіп, одан қалай сақтанудың жолын үйретеді. Рисалей-Нұр әһлі сүннет уәл жамағаттың ұстанымына сәйкес өте күрделі мәселелерді тамаша түсіндіреді.
Заманауи тәпсір дегенді қалай түсінуге болады десек, бұрынғы заманда ілімге сүйеніп адасу, бірбеткейлік таныту бұл заманмен салыстырғанда, өте аз болатын. Сондықтан ислам ғалымдарының кітап-тәпсірлері, имам-молдалардың уағыз-насихаттары адамдарды толық қанағаттандыратын. Ондай күмәнді күпірліктің тез алдын алып, жол берілмейтін. Жұрт жаппай Аллаға сенетіндіктен, Құдайды айтып, жәһаннамды еске түсірсе болды, көпшілік тәубесіне келіп, алған бетінен қайта қоятын еді.
Бұрын оқып-шоқып, ғылымға сүйеніп, иман ақиқаттарына қарсы шығатындар некен-саяқ болса, қазірде жүздеп саналады. Мұндай қырсық адамдар перғауындай көкірек керіп, Құран ақиқаттарын мойындамай, өзінің дегенімен жұртқа қарсы шығады. Олай болса, олардың пікірлерін ілім арқылы тас-талқан ететін жойқын ақиқат қажет. Сонда ғана көкірек көзі ашылған кейбіреуі иманға келеді.
Құдайға шүкір, заманның дертіне шипа боларлық қасиетті Құранның мағынауи шуағы Рисалей-Нұр тәпсірі көптеген теңеу-мысалдар өз оқырмандарына иман шуағын шашуда, қазақ оқырмандарының да қатарын молайтуда.
«Нур Фейз» ЖШС туралы және алдағы жұмыс жоспарларымыз жайында айтсақ, Құран тәпсірінің аудармасын халыққа таныстыру мақсатында «Нур Фейз» ЖШС құрылды. Аудармашылар алқасы құрылды. Олар: З.Батайұлы, Ж.Қиянбек, Р.Тәжібай, С.Сейілбекұлы, А.Хамза, Ә.Бекұлы, С.Кенжебаев, Д.Айдарбекұлы. Аудармашылар алқасындағы азаматтарымыздың әрқайсысы діни сауатты және аударма саласында іс-тәжірибесі бар адамдар. Аудармашылар әрқайсысы кітаптың өзіне берілген бөлігін аударған соң, жалпы ақылдасу арқылы баспаға кітап болып жинақталады. Бірнеше рет ақылдасып, нақтыланған соң, діни сараптамаға, кейін баспаханаға жіберіледі. Алдағы жұмыс жоспарымыз мүмкіндігіміз жеткенше Рисалей-Нұр шығармалар жинағын қазақшаға толықтай аудару болмақ.
Елімізде діни тақырыптағы кітап жариялануы үшін Дін істері агенттігінің дінтану сараптамасынан өтуі қажетті. Бұл қажеттілік баспаханаларда ең бірінші болып сұралатын талап болып есептеледі. Сондықтан біз аудармаларымызды Қазақстан Республикасы Дін істері агенттігінің дінтану сараптамасына тапсырып, оң қорытындысы алынған соң баспаханадан бастырып шығардық. Кітаптар туралы www.nurfeyz.kz cайтымызда кеңінен ақпарат алуға болады.
Атап өтетін басты мәселе, дінтану сараптамасының оң қорытындысы дегеніміз елімізде Құран ақиқаттарының таралымына жағдай жасалып отырғанының белгісі деп білемін. Құранды түсінген ел – болашағы бар ел деп сеніммен айтуға болады. Әлемде Рисалей-Нұр шығармалар жинағының аудармалары кеңінен таралған. Бір ғана мысалы ретінде, Түркия басшысы Режеп Тайып Ердоған мырзаның Рисалей-Нұр шығармалар жинағын Түркия мүфтияты тарапынан баспаханадан бастырып, халқына сыйлағанын жаңалықтардан оқыдық. Және Мысырдағы халықаралық Әл-Азхар Ислам университеті де оқытуды қолға алуда.
«Қасиетті Құранның тәпсірі – Рисалей-Нұр шығармалар жинағы» авторы Бәдиүззаман Саид Нұрси дегеніміз кім десек, ол кісі 1877 жылы Түркияның Битлис облысына қарасты Нұрс ауылында дүниеге келген. Ілімге деген құштарлық жасы алтыға енді толған баланы ата-анасынан айырып, жыраққа алып кетеді. Терең ақиқаттарды тез меңгеріп, бір оқыған кітабын тез ұғып қана қоймай, оны жаттап алатын зерек бала көп жыл тәлім алуы тиіс медресе білімін үш айда тәмамдап, жетік меңгеріп алады. Пікірталаста, іліми сайыста зеректігімен үнемі жеңіске жететін жас жеткіншек замандас ғалымдары тарапынан «Бәдиүззаман», яғни «заманның озығы» деген атқа ие болады.
Өмір жолында дінсіздердің, коммунистердің қудалауына душар болса да, ол бәріне сабыр етіп, қаймықпастан ислам әлеміне төнген күпірліктің қара бұлтын қақ жарып, Құранның нұрына айна болып айналасына жиналғандарды иманның нәрімен сусынын қандырады. Халықтың назарында Исламның үстем абыройын асқақтатып кішіпейілдік, ықылас тұрғысынан жұртқа үлгі-өнеге болады. Өмірінің соңына дейін имандылыққа адал қызмет етеді. Сөйтіп, сол қиын-қыстау кезеңдерде жазылған алты мың парақтан тұратын «Рисалей-Нұр» тәпсірін толық аяқтап әрі оны өз оқырмандарының қолдарына тапсырып, міндетін толық атқарған әскердей көңілі жай табады.
ҚМДБ тарапынан мешіт сайттарының көптеп ашылғаны және сайттардың интернет қолданушыларға қызмет етуі – өте қуанышты жағдай. Себебі қазір технология дамыған заманда адам өзіне қажетті ақпаратты жеткілікті ала алады. Осы жағынан мешіт сайттарының маңызды еңбегі бар. Мешіт сайтынан ҚМДБ жаңалықтары, пәтуалар, сұрақтарға жауап, намаз сабақтары, т.б. барлық ислам дінінің шарттарын үйренеді. ҚМДБ сайттары діни сайттар деп есептеледі.
Ал www.nurfeyz.kz сайты ғылыми, танымдық және «Нур Фейз» ЖШС аудармашылар алқасының еңбегінің жемісі деп айтуға болады. Оқырманмен байланыстың заманауи бір түрі.
Ислам ақиқаттарына қызмет ету жолында ҚМДБ-ның мешіт сайттарына көмекші және тілектес сайт ретінде танылса, мақсатымыздың орындалғаны деп білемін. Рисалей Нұр тәпсірі – өзін зиялымын деп санайтын әр азамат оқып-үйренуге лайық рухани қазына.
Нақты қайнары: http://www.elarna.net/koru_kk.php?tur=5&id=339976