Еларна қолфон нұсқасына ену

Жүктеу-Албомым-Албомдар-Желі
Осы торды сақтаймын! | Осы торды бас бет етемін!

Біздің байланыс: elarna2012@gmail.com


Отырарды қиратқан кім? | Серке



Тіркеліңіздер Кітапхана Қожалар торабы Албомдар Қазақтың 1001 ертегісі

Түрі: Серке ақпарат

Жолданған уақыты: 14:03 - 2014/01/08

Нақты Көзі: http://www.serke.org/news/otyrardy-kiratkan-k%D1%96m


Отырарды қиратқан кім? | Серке


Отырарды қиратқан кім?
Отырарды қиратқан кім?

Шыңғыс ханның Орталық Азияға жасаған шапқыншылығы жөніндегі тарихта елеусіз қалып келе жатқан бір нәрсе бар. Ол – моңғолдардың Отырарды жаулап алуына қатысты мәселе. 1219 жылдың күзінде 150 мың моңғол қолы Орталық Азияға бірнеше бағытпен жорыққа шықты. Шыңғыс ханның ұлдары  Шағатай мен Үгідей бастаған қол Отырарды қоршауға алды. Тарихи деректерде Отырарға шабуыл 1219 жылдың қыркүйек айында басталып, моңғол әскері оған 1220 жылдың ақпан айында ғана басып кіргені айтылады.

Моңғолдар - көшпенді халық. Ат үстінде соғысып әдеттенген олар үшін қала қамалына басып кіру алғашқыда қиын болды. Сондықтан моңғолдар Қытай жорығында қамалдарды шабуылдаушы әскер ретінде қала көрген, қала қамалының жай-жапсарын білетін отырықшы ұйғырларды алдыға салатын. Оларды қазіргі әскери тілде «штурм отряд» деп атайды. Мұндай отряд қала қамалына өрмелеп шығып, моңғол әскерлеріне жол ашатын. Орталық Азия жорығына да моңғолдар қала қамалын шабуылдайтын ұйғыр отрядтарын алып келді. Тарихи деректерде Отырарды шабуылдауға 10 мың ұйғыр қатысқаны айтылады. Олар 5 ай бойы Отырарға басып кіре алмады. Бұған қатты абыржыған Шыңғыс хан 1220 жылдың басында ұйғыр отрядын кері қайтарып, оның орнына Тараз қаласының маңын жайлаған көшпенді түркімендерден штурм отряд жасақтау жөнінде Шағатай мен Үгідейге бұйрық берді. Көп ұзамай-ақ, ақпан айының бел ортасынан асқанда моңғолдар түркімен отрядының көмегімен Отырарды басып алды.

Тараз маңын жайлаған түркімендер қазір қай жерде отыр?

Тарихи деректерге сүйенсек, қазақ руларының  ата қонысы көп өзгеріске түсе қоймаған. Кейбір руларды есепке алмасақ, олардың көпшілігі ғасырлар бойы белгілі бір территориялық аймақты мекен етіп келеді. Бірақ, қазір Тараз қаласының маңын жайлаған түркімен жоқ. Егер ру бойынша жіліктеп айтсақ, қазір Тараздың маңында Дулаттың төрт ұлынан (Сиқым, Жаныс, Шымыр, Ботбай) тарайтын рулардың бірі – Сиқымдар отыр. Бұл ру Дулат тайпасының ішіндегі саны жағынан ең көбі – «Сиқым көп пе, қиқым көп пе?!» деп айтылады. Және Сиқымдар жөніндегі «Қызды көрсе, құшақтар, жауды көрсе, пышақтар» деген сөз бұл тайпаның бір кезеңдерде өте жауынгер халық болғанын көрсетсе керек.

Ал Сиқым руының Отырарды қиратуға қатысқан түркімендерге қандай қатысы бар? Мұны біз Ұлы жүз Үйсін шежіресінен таптық. Сиқым руы үлкен екі тармақтан тұрады: Аққойлы Сиқымдар және Қарақойлы Сиқымдар. Шежіреде Сиқымның екі ұлы – Әлібек пен Жәнібек болғаны айтылады. Сиқым ұлы Әлібек ер жете бастағанда оны түркімендердің әскери мектебіне жібереді (ол кезде соғыс өнеріне түркімендер жетік екен). Әскери мектепті жақсы нәтижемен бітірген Әлібекке түркімендер ақ қозының терісінен тігілген сең-сең бөрік (түркімендердің ұлттық бас киімі) және алмас қылыш сыйлайды. Бірнеше жылдан кейін Сиқым екінші ұлы Жәнібекті де түркімендердің әскери мектебіне оқуға жібереді. Оған да түркімендер қара қозының терісінен тігілген сең-сең бөрік пен алмас қылыш сыйлайды. Осылайша, Әлібектен тараған ұрпақ – Аққойлы Сиқым, Жәнібектен тарағандар Қарақойлы Сиқым аталыпты. Әрине, шежірені тарихи дерек ретінде қарастыруға болмайды. Бұл халықтардың тарихи жады іспетті нәрсе ғана. Мұндай аңыз араласқан шежірелер көбіне тайпа бірлестігінің туыстық жақындығын бекіте түсу үшін әдейі жасалынғаны белгілі. Яғни, Дулат тайпасына түркімендерді қосу үшін, оны басқалар өгейсіп, сыртқа теппеуі үшін жасалынған. Мысалы, қазіргі Түркіменстанда  Аққойлы, Қарақойлы деп аталатын түркімен рулары бар. Бұдан шығатын қорытынды – бір кездері Аққойлы және Қарақойлы түркімендердің бір бөлігі Тараз маңында қалып қойған. Кейін осы аймақтағы тайпалар өзара ұйысып, бірлесіп саясат жүргізу үшін түркімендердің екі тармағына ортақ етіп, оларға Сиқым атауын беріп, оны Дулаттың үлкен ұлы етіп көрсетіп жіберген сияқты. Олай болса, Шыңғыс ханның Орта Азияға жасаған жорығына қазіргі қазақтың құрамындағы Жалайыр, Найман, Керей, Уақ сияқты руларымен қатар Ұлы жүз Үйсіннің Сиқым руы да белсене қатысқаны, Отырар үшін ұрыста шешуші рөл атқарғаны жөнінде тұжырым жасай аламыз.

Сиқым руының байырғы түркімендер екені жөніндегі тағы бірі дәлел

Ұлы жүз Үйсін шешіресінде Бәйдібек би жөнінде кеңінен жазылған. Онда Бәйдібектің Ақсақ Темір заманында өмір сүргені айтылады. Бірақ мұның бекер екені «Серке.орг» сайтында жарияланған мақалада дәлелін тапты. Біздің айтпағымыз бұл емес. Сол шежіреде моңғол тарихында айтылатын «Тараз маңын жайлаған түркімендердің» Бәйдібек ұрпақтарының құрамына сіңісіп кеткені туралы тағы бір жайт баяндалады.

Шежіре бойынша, Бәйдібек бидің үш әйелі болған. Кіші тоқал Нүрила (Домалақ ана немесе Домалақ мама) ұлы Жарықшақты (Албан, Суан және Дулаттың әкесі) туған соң, Бәйдібектің бәйбішесі Домалақ мамаға күндестік жасап, оны қудалап, ел шетіне қоныстандырады. Бұл кезде Бәйдібек жат жерге қыдырыстап кеткен еді. Бір күні оның жылқысын түркімендер шабады. Қалың жылқыны қуған түркімендер бір күншілік мерзім өткенде айдалада отырған жалғыз үйді көріп, сусын ішуге солай қарай бұрылады. Үй ішінен жөргектегі Жарықшақты көтерген Домалақ мама шығады. Ол түркімен қолбасыға сусынмен бірге күлше ұсынады. Күлше дәмді екен. Түркімен қолбасы күлшенің неден жасалғанын сұрайды. Домалақ мама күлшені сәбиінен артылған өзінің сүтіне илеп жасағанын айтады. Сәл-пәл ойланып қалған қолбасы «Олай болса, мен де сіздің балаңыз болдым ғой» деп күлімсіреп, Домалақ мамаға ілтипат жасап, өзі қалаған жылқысын алып қалуына ықылас білдіреді. Домалақ мама қалың жылқының шетінде одырайып тұрған арқыраған айғырдың мойнына орамалын салып, оны керегеге әкеп байлайды. Қолбасы «Бұл әйел неге құлынды би алмады» деп бір таңырқайды. Жол бойы арқырып, түркімен барымташыларының ырқына көнбей келе жатқан айғыр Домалақ маманың керегесіне байланғанда жуаси қалады. Бұған түркімен қолбасы тағы да таңырқай қарап біраз тұрады да, қалың жылқыны қуып еліне тартады.

Барымталанған жылқысының соңынан қуып шыққан Бәйдібектің бәйбішесінен туған он ұл (кейде алты ұл деп айтылады) Домалақ маманың үйіне жетеді. Оларға Домалақ мама «Жылқыны қумаңдар, түркімендер мерт қылады, жылқы өзі қайтады» дейді. Оның бұл ақылына олар құлақ аспайды. Сөйтіп олар түгел түркімендердің қолынан қаза табады.

Түркімен барымташалары үш-төрт күншілік жерге ұзағанда, Домалақ маманың үйіне Бәйдібектің өзі жетеді. Оған Домалақ мама керегеде байлаулы тұрған айғырға қылбұрау салып, шыңғыртуды өтінеді. Айғырдың жан дауысы шығып шыңғырады. Бұл кезде түркімендер жайланып, бір тайды сойып, тамақтанып жатқан еді. Бір кезде алыстан шыңғырған айғырдың даусын есіткен иірулі тұрған қалың жылқы сеңдей бұзылып қаша бастайды. Түркімендер қанша қайырса да ырық бермейді. Бір гәпті іші сезген түркімен қолбасы жасағына жылқының енді беті қайтпайтынын, босқа әуреленудің қажет еместігін айтады да, жасағын ертіп еліне қайтып кетеді. Шежіренің кейбір нұсқасында түркімен қолбасы бірнеше жылдан кейін Бәйдібек ауылына келіп, Домалақ маманың алдына бас ұрып құлап, оны туған анасы ретінде қабылдағаны айтылады.

Бәйдібек-Дулат шежіресінде Сиқымды басқалардан ерек етіп көрсететін тағы бір жайт бар. Асқан ақылы мен мейірімінің арқасында Бәйдібектен тараған бүткіл ұрпақтың анасына айналып, құрметті дәрежеге көтерілген Домалақ мама қартайғанда өзіне шөбере болып келетін (Жарықшақ-Дулат-Сиқым) Сиқымның қолында тұрып, сол шаңырақта өмірден өтеді. Халықтың жадында қалып кеткен осы шешіре-аңыздан Дулат тайпасының құрамындағы Сиқым руының статусына, дәлірегінде, түркімендерге ерекше маңыз бергенін көреміз. Домалақ маманың күлшесі, түркімендердің әскери мектебі, Сиқымның екі ұлына түркімендер сыйлаған ақ және қара қозының терісінен тігілген сең-сең бөріктер туралы аңызға бергісіз әңгімелер Дулат тайпасына төтеннен қосылған руды шеттетпеу үшін, оны басқалардың бөтен санап, түртпектемеуі үшін ойлап табылған тәмсілге ұқсайды. «Тараз маңын жайлаған түркімендердің» моңғолармен бірігіп Отырарды қиратуға қатысқан жанқияр ерлігінің ескерусіз қалуы да Ұлы жүз Үйсін шежіресінің бірлік үшін «бір қолдан бас, бір жеңнен қол шығару» мақсатында жасалған аңыз-әпсанасының нәтижесі.

P.S. Ұлы жүз Үйсін ішіндегі Дулат тайпасының негізігі бөлігін қамтитын Сиқым руынан шыққан тұлғалар қазақ халқының қалыптасуында ерекше рөл атқарды. Тәуелсіз Қазақстанның тұсында да Сиқым руынан кейібірінің аты әлемге әйгілі танымал тұлғалар шықты. Олардың қатарында Қазақстан үкіметін басқарған экономист Өмірзақ Шүкеев, мемлекет қайраткерлері Зауытбек Тұрысбеков пен Тимур Құлыбаев, «Ордалы жылан» кітабының авторы Теміртас Тілеулесов (марқұм), жазушы Әмірхан Меңдеке, журналист Әуесбайдың Қанаты, Гога Ашкенази (Ғауһар Беркалиева) және басқалар бар.

Сәкен Түсіпбек

Тараз қаласы

Айдары:  Дүрбі
08.01.14
61 оқылды
Нақты қайнары: http://www.elarna.net/koru_kk.php?tur=39&id=222766
Пікірлер

Жолдаушы №: 6102 - Уақыты: 2020/05/02 - 12:51

Сен моңғолдан тараған жау. Қазақтың арасына іріткі салып от тастап отырған жау, Сенің көзіңді құрту керек

Көрші сілтемелер