Еларна қолфон нұсқасына ену

Жүктеу-Албомым-Албомдар-Желі
Осы торды сақтаймын! | Осы торды бас бет етемін!

Біздің байланыс: elarna2012@gmail.com

Үш күнгы келушылер санағыКелген адам саны (IP)Көрілген бет саны (PWs)КомпйутерҚолфон
2019-12-0471511308356 %44 %
2019-12-0566971342055 %45 %
2019-12-0621662135 %65 %

«Кітабының тиражынан шәкірті көп жазушы»



Тіркеліңіздер Кітапхана Қожалар торабы Албомдар Қазақтың 1001 ертегісі

Түрі: Жұлдыз журналы

Жолданған уақыты: 10:56 - 2013/11/01



«Кітабының тиражынан шәкірті көп жазушы»

А

бдул-Хамид

Ф.Мархабаев

Эсселер

 

Өмірнаманың негізгі кейіпкері қазіргі шағына дейінгі жетпіс бестің алғашқы он жылын Ауанда өтіп үлгерген. Арал қалалық Т. Г. Шевченко атындағы №13 мектептің бастауыш класында (нақтылы неше екенін тап басып айта алмайды) оқи бастады. «Біреуден – артық, біреуден – кем» дегендей, Жоқ олай емес, 6 класта Құдай «тас төбесінен ұрды»!

...Отыз шақты балдар өз парталарына жайғасқан. Орыс тілі сабағы. Мұғалімді бәрі «Фимин Афанасьевич» дейтін. Белотелкин. Парта аралап, өткенде үйге берілген тапсырмалар жазылған дәптерлерді балдардың қасында тұрып, парақтап қарау – әдісі. Кезек бұған келгенде, бұның кең көз дәптерінің ішінде бір сөйлем жоқ! Мұндайда ағайдың «ауруы» – оқушы балалардың (сол кезде ұл мен қыздар бөлек оқылатын) жауырын астынан шымшып,бұрап алатын. Бұған да сөйтті. Мұның жаны мұрнының ұшына келді. Онымен қоймай, ағай сол оқушысының жауырын астындағы көк етінен бүрген күйі, орнынан тұрғызды.

 

Кластан шық! Ертең ата-анаңды әкелмесең – келме! – деді! Бұл –

 

апай, ағайлар жиі қолданатын әдіс. Оған мұның еті өліп кеткен. «Ләм-мим» демеді. Сол тұрған бойы партасының астына қолын сұғып жіберіп, бір-екі кітап, сонша дәптерін жинап, кенептен тіккен ала дорбасына салды да, сыртқа шығып

 

жүре берді...

Сол кеткеннен мол кетті. Үйде ата-ана қайда?! Шешесі, екі аға, бір іні, бір қарындас. Сол кезде «трудармия» дегенді жиірек еститін. Өзінше құдды бір тозақ көретін. Ал, мектеп ол үшін – сол тозақтың арғы-бергі жағы... Қойшы, екінші тоқсанның бас жағында, Аралдың қақаған аязында өзін еркіндік алғандай сезінді. Рас, күнде таң алакеугімде екі ағасының бірі, ұлы айқай, ұлы шумен киімін кигізіп, ала дорбасымен сүйрелеп шарбақ ішіне шығарады. Мектепке, сабаққа күштеп апармақ түрлері. Бұл сол сәтте ауыл-аймақты «басына көтеріп», ұлы жыласқа басады. Оған шешесі шыдасын ба? Шамалыдасын үйден шығып, бұны емес, үлкен ұлдарын қарғап-сілеп, жып-жылы «құттықана мешітіне» қайта әкеледі...

Ал, ағалары жұмысқа кеткесін, бұл сарайдағы төрт-бес кептерін қуалаумен айналысады. Қызық қой!.. Сонымен, екінші тоқсан да тақалып қалған екен! Бір күні үйіне класс жетекшісі – соғысқа бір аяғын тізесіне дейін беріп келген, қос балдақты Иманғали Сатаев ағайдың келгені. Шеше, ағаларына үлгерім жөніндегі мұның оқу ведомосын көрсетті. Табельге салса, өткен екі тоқсан бойы бірде бір үштігі жоқ және сабақтан қалмаған болып шыққан! Бұдан артық не қуаныш керек?! Бұл да кластағы отыз баланың ешқайсысынан кем емес екен! Тіпте, олардың өзіне белгілі кейбір көкжалқаулардан артық болмаса!..Ол жаңа жыл каникулынан кейін мектепке баруға уәде берген.

Класс жетекші дән риза. Мұғалім Киров көшесі, 2 үйден шыққан бойда, бұл да далаға асыққан. Қысқы каникул ғой. Балдар көшеде, қатқан мұзда асық ойнап жүрген шығар...

Ойлағанындай боп шықты. Шынында да – солай. Үш-төртеуі асық «беріп жатыр». Бұл да кірісіп кетті. Шамалыдасын әлгіндегі «басынан кешкендері» ішіне сыймай, «другтеріне» жайып салған. Каникулдан кейін мектепке баратынын айтты. Үлкендер секілді зымиян емес, балдардың ойына келгені тілінің ұшында тұрады емес пе? Кластасы, сойырғас Жақсыбай Досманбетов қарап тұрмай:

– Енді оқуға қайтып барғанда, не абырой табасың? – демесі бар ма? Мұның ойына «сап» ете қалды: айтып-айтпаса да не абырой алады?! «Сонымен, «абыройын сақтап», мұнымыз мектеп қарасын көрмей, келесі оқу жылында өзінен төменгі кластастар партасына отырды...

 

Дүниеде де, өзінде де ештеңе болмаған секілді. Сабаққа келеді – кетеді. Үзілісте де, үйге қайтып баратқан жолда да, ауылында

 

– Сойырғас төбеде де

 

 

ойын.

 

Ағай, апайлар, кәрі түсіп, бұған шүйлігіп, кешегі тапсырманы, Құдай төбеден ұрып, сұрай қалатындары бар. Сонда бірдеңе-сірдеңе деп жауап бергенсиді. Әйтеуір, жауабына «төрт» не «бес» қойған мұғалімді көрсе

 

 

көзі шықсын!..

Дегенмен, күндердің күнінде алгебра сабағынан бақылау жұмысы болғаны. Ағайдың аты-жөні әлі есінде: Рахат Бисенбин. Оны ұмытпақ та емес! Өйткені, келесі күні ағай бақылаудың қорытындысын хабарлады. Журналда фамилиясы бірінші тұрмаса да, ағай әуелі оның атын атады. Бұл орнынан түрегелді. «Тағы не бүлдірді екен?» Кенет бұның құлағы аспаннан жай түскендей, тас бітеліп қалғаны. Есіткені: тек өз фамилиясы! Оның үстіне: «бес» деген!.. Тағы да

 

– өмір-бақи үйде де, түзде де естіп көрмеген (оған иегі де қышымайтын) мақтау сөздер!..

Партасына қайта отырғанда да бірдеңені түсініп жарымаған. Тек алгебра біткесін, үзілісте ғана, әшейінде оншама жуыса қоймайтын балдарға дейін өзінің қасына үймелегенін біледі. Өмірде болмаған нәрсе

 

– кейбір балдар қолын алып, қысып, сілкілеп: «Қатырдың!», «Мәледес!» – десіп жатыр. Ал, қашықтау, алдыңға партаны бермейтін «тұрақты, үздіксіз озат» қара баланың: «Жалғыз-ақ «бес» қойғаны несі ағайдың?!» – деп күңк еткенін есіткен жоқ еді...

Әлгі айтылған алгебрадан бақылау жұмысынан өмірінде тұңғыш «бес» алғаннан кейін біздің кейіпкер «нілдей бұзылып сала береді». Бұл жердегі «бұзылу» жағымды түрде айтылып отыр. «Күш салғанға «бестің» ауылы алыс емес екен ғой», «отличник» болуы тек Қардан Баймұратовтарға жазған ба?!» дегендей ойлар мұның «миын қажай» бастады.

Сегізінші класта-ау дейім, балалардың өзін сыйлай бастағанын сезетін болды. Ал, қыздар... Жоқ,жоқ, ол кездері олар бөлек оқитын. Сабақтан кейін Сойырғас төбедегі көшелес «другтердің» ойынға шақырғандарына сылтау тауып баруды сирете берді... Енді бүйрегі көбіне-көп математика, физикаға бұратынына өзі де таңқалуды қойды. Ара-арасында қазақшаға көп аударылған шетелдік қызық-қызық хикаяларды, соғыс кітаптарын «Балықшылар» клубы жанындағы, теңіз жиегіндегі жапырылған екі бөлме, бір дәлізді үйдегі кітапхананы да жағалауды шығарған...

Мұндай «қылықты» әдетке айналдырта бастаған бір нәрсе – оның оғаш ермек тауып алғаны. Ол кездерде, «соғыстан аман қалған өмірім – олжа» деп, жеңістен соңғы он жылдан кейін де сол «олжаны» «жууға» ересектер үйірсектеу еді. Тағы да: «Арақ іше алмасаң, өспейсің» – дегендей «мода» қалыптасқандай секілді. Әрине, мұндай ортада газет, журнал оқу оншама үрдіс болмаған. Бірақ та біздің кейіпкеріміздің бағына қарай, өзі қабырғаға ілулі физикалық картадан дәл табуы екі талай Алматыдағы ақылды ағалар бұрқыратып кітап басып шығарғандары үлкен игілік болған. Ал, газет, журналдар ұшыраса бермейтін. Сізге – өтірік, маған – шын: бұлар мектеп бітіргенге дейін не класта, не көшеде ағай, апайларының қолдарына газет, журнал ұстап жүргендерін көрген емес. Тіптен, ондайларды сататын кішігірім дүкендер бар-жоғын да білмейтін. Бірақ, о ғажап, «Қазақстан пионері» газетін үйге жаздыратын! Ара-тұра «Пионер» журналы көзге түсіп қалатын.

 

Ал, біздің кейіпкерге олардың (әсіресе, «Қазақстан пионерінде») ішінде «Демалыс сағатында» деген секілді айдармен соңғы беттеріне басылатын кроссворд, чайнвордтар

 

ұнайтын. Қадалып

 

отырып, соларды шешетін. Жауабын таба алмағанда, міне, сол кезде «Балықшылар» клубы жанындағы, теңіз жиегіндегі жапырылған әлгі екі бөлмелі, бір дәлізді үйдегі кітапханадан бір-ақ шығатыны – сол.

Кейіпкеріміздің кептерден газет, журнал, кітапқа біржолата ауысқан кезінде Америкада әлем фантастикасының классигіне айналып үлгірген

 

қос қиялгер Рэй Бредбери мен Айзек Азимовтың «жігіт жасы» - отызға толған тұсы болатын!..

 

Ол кездегі Архимед емес, қазақтың: «Есеп білмеген

 

– есек», – дегенін балдардың бәрі біледі. Ол

 

– дәлелденген постулат. Сондықтан ендігі жерде Бисенбин ағайдың сабағынан әлгі бағадан төмен түспеу керек болды. Амал жоқ, бұған солай етуге тура келді. Енді аспандағы

  

– кептер қуу мен жердегі асық атуға «жұмсалатын уақыт бюджеті» қысқара берді, қысқара берді. Олардың орнын алгебра, геометрияның «ізін ала» физика, химия, тіпте оншама суқаны сүйе бермейтін тіл мен әдебиет, қысқасы, сабақ кестесіндегі барлық пәндер басты. «Төрт» пен «беске» еті үйрене бастады. Жалпы, төртінші тоқсанның аяғында, жылдық қорытындыда «ударник» деген тізімге ілікті.

 

Өте ертедегі есті ойшылдардың бірі: «Ғылымдар атасы – математика», – деген екен. Соның, «магнит өрісі» оныншы класс оқушысын талай өзінің ырқына көндіріп алғандай еді. Оның басты себебі – жаңа мұғалім Ебейсін Исаев. Бір жағынан аудандық Пионерлер үйінің директоры екен. «Әп» дегенде-ақ өзінің, біздің ауылда болмайтын, кітаптарда ұшырастырып жүретін, ақ қайыңдай денесін тік-тік ұстаумен, айтқан сөздер мық шегедей, құлағыңа қадала қалатын мәнерімен ерекшеленген-ді. Одан да өзгешелігі бұрынғы басқа ағай, апайлар – химик-апай – химиясын, физик-ағай – физикасын т.т.б. тек қана өз сабақтарының аясынан шықпайтын.

Ал, жаңа математик ағай мүлде олардай емес. Әдебиет апайдың сабағына да «бас сұғып» кетіп, осы күнгі жазушы, ақындар жөнінде де білгендерін бұларға жеткізетін. Соған қоса синус, косинус, тангенс, котангенс, логорифмдердің таңбаларын тақтаға өзінің әдемі әріп, цифрларымен мөлдіретіп жазғанда, зерделі балдар бұ дүниеде геометрия, тригнометриядан басқа әлемді ұмытқандай еді. Бір күн: келген бойда тақтаға бормен «

Mazx

» дегенді жазғаны. Кластағылар аң-таң. Әрине, о кездері сабақ кестесіндегі неміс тіліне оншама зейін қойыла бермейтіні белгілі.. Сондан ағайлары түсіндіргесін ғана ол жазу «кәдімгі» Маркс екенін білді. Мұның өзі тарих-ағайдың есіне келмейтін сабақ екеніне біздің оқушының кейінірек көзі жеткен...

Ебейсін ағай келген бойда бірінші партада отырған, көзқарасы «нахальныйлау» осыған қарағыштай берген. Бір-жар аптадан кейін, сабақтан соң «Пионерлер үйіне кел» деген. Бұл барған. Мектепте соңғы класта ағайының беретін сабағының аты - «Тригонометрия қолданылатын геометрия» Оныншы кластағы пәндердің ішіндегі қиыны. Оның есеп кітабының қалыңдығы қылдай болғанымен, әр есепті шешу – бір ақырзаман.

Ал, біздің бала болса, сол «жыланның тіліндей» деп Қал-ағаң есептейтіндей, жұп-жұқа кітаптағы есептерді, әлі сабақта өтпей жатып, бір дәптеріне түгелдей шығарып қойған, онысын мұғаліміне көрсеткен. Кейін бақылау сабақтарында қалғандардың есептерін тексеруге үйіне әкетіп, мұның дәптеріне сол бойда, класта, қарамай-ақ, барлық жұрттың көзінше

 

«См.5» деп қолын қоя салатын болды...

Бір-жар жетіден кейін ұстазы Пионерлер үйіне шақырғанда барғанда, қолына қалыңдығы екі еліден асатын, мұқабасы жұмсақ кітапты ұстатты. Москва мемлекеттік университетіне түсуге талапкерлерге келген математикалық есептер мен олардың шешімдерінің жинағы екен. Сосын ағайы: «Қалған күндері осыларды шығара бер», деді...

Алтын медальға дәмелі бұл енді қазақ және орыс әдебиеті, тарих, химия, физика тағы не «бәрі»... қойшы сол сабақтарды былай қойып, мына, тысқы көкшіл қаптамасы былқылдақ кітаппен айналысқан. Ендігәрі тек қана математик

 

болатынына, өзгелер түгіл, өзі де сенімді...

   

№13 мектептің ғана жүз қырық төрт ұл-қызды құрайтын бес класының аттестат алушыларының үлгілі үшеуінің жазба жұмыстары, тәртіп бойынша, облыстың оқу бөліміне жөнелтіледі екен. Алтын, ең құрығанда күміс медальға «иегі қышыған» үшеуінің де жұмыстары облыс оқу бөліміне қолы мен қалтасы жеткендердің «қолына су құюға» жарамай қалды.

Мектепті «келешек ұлы математик» бітіргеніне оны танитындардың басым көпшілігі «мұрнын кесіп беруге» бар болатын. Бірақ, «бола алмай қалған медаль иесі» әлгі өзіне сенгендерді «тақыр мұзға отырғызып кетті». Оған екі себеп кеселдік жасады. «Кеселдік» деймін-ау, керісінше, «дұрыс жолға салды» деген әділдік шығар. Соның бірі – үш күн бойы, ұлы математика жолын ұстау үшін Қазақ мемлекеттің университетінің сол кездегі физика-математика факультетіне түсуге Алматыға баратын жалғыз поезға іліге алмағаны. Екіншісі –

 

кез келген пәннен «шаппай бер» түбіт иек сол жылы ауданға келген Алматы мединститутыне конкурстан тыс түсуіне мүмкіндік

 

беретін

 

жолдамамен мына тұрған облыс орталығы Қызылордадан қабылдау емтиханын тапсырды. Алғашқы сынақ – физика пәні. Өзінің математикадан кейінгі бүйрегі бұрып тұратын пәні.

 

Келген билетінің сұрақтарының жауабы да көкірегінде сайрап тұр. Сонда да қисыны келмеді. Емтиханшы облыс институтының мұғалімі екен. Кейін білді: фамилиясы – Киреев. Өткенде осында жөнелтілген, медальға үміткердің жұмыстарының қасіреті тағы да қайталанды. Әлі өмірден тәкит көрмеген жасөспірімге көзбе-көз қиянат жасау қиын емес екен.

Өмірдің өзі көбіне кездейсоқтықтан тұрады-ау дейім. Айт жоқ, той жоқ, тапа-тал түсте көшенің қарсы бетіндегі көрші Мүбарак Рысқұлов

 

анасына сәлем бере келе қалғаны. Кез келген адам ат шаптырып, шақырып келтіре

 

алмайтын «мүйізі қарағайдай» аудандық оқу бөлімінің бастығы. Өзі

 

кішіпейіл. Басқасын айтпағанда, осы көшенің о басы мен бұ басында екі ағеден кісі болса, соның бірі, біреу болса – жалғыз өзі деуге болатын азамат. Шәй үстінде биылғы жылы бітірген, дұшпаны кемітіп, досы қуанатын түлегінің мына әрі-сәрі, берекесіз тірлігін аңғарған «райОНО» биыл қалада жаңадан сегіз жылдық мектеп ашылып жатқанын, соған аға пионер вожатый ғып жіберетінін айтты.

Сегізжылдықта өткен үш жылында, математиканы былай ысырып қойып, әдебиетке «қырындай» бастаған.Аудандық «Социалистік Арал» газетінің редакторы Тәжмағамбет Тәжіков пен жауапты хатшысы Мәлік Сәрсеновтердің жылы шырайының арқасында «тышқанның жабуындай» газеттің бетін бермеуді әдетке айналдырған. Өзіне дейін аудан мойындаған ақындар Әмередин Әленов, Сағындық Тұрдалиевтермен қатар түзіп жүру дәрежесіне жеткен.

Қазақ университеті филология факультетінің журналистика бөліміне абитуриент болып жүрген 15-20 күннің ішінде, қабылдау емтиханын тапсырып жүріп-ақ, әлгі Медеу Сәрсекеевтің «Ғажайып сәуле» повесіне сын мақала жазғаны бар. Ол «Қазақ әдебиеті» газетіне 1960 жылы, шамамен, ол кездегі – апрель, қазіргі – сәуір айында ма,жарық көрді. Фантастика жанрындағы 55 жылға жуық соқпақ жолдың басы – осы. Дегенмен, осы кездерде таза ғылыми-фантастикалық шығармашылық саласының «гравитациясы» «өзінің орбитасына» толайым тартып алғандай еді.

Осы тұстардағы журналист-студенттер тобының «асырап алған әкесі»

 

– кураторы Шериаздан

 

Елеукенов ағайларының лебізі: «Мархабаев Қазақ университетінің аудитория босағасын аттар-аттамастан-ақ өзінің қабілетін аңғарта бастаған болатын. Және де әдебиеттің небір жазушы, не зерттеушісі де «қолы бармаған» сала–фантастика жанрын төңіректеді. Жұрт көзіне үйреншікті емес, «ғылыми-фантастикалық» деген айдармен әңгімелері республикалық әдебиеттің «бір сыңары» – не көркем шығармалар жазумен, не ғылыми-зерттеу ісімен шұғылданып кетуші еді. Мархабаев әдебиеттанудың тағы бір «тыңы» - фантастикатаныту

 

проблемаларын қоса-қабат қарастыруды өзінің ғылымдық жолы деп білді». Бұл жерде қазақтың: «Әке – балаға сыншы» деген ақылмандық афоризмін: «Куратор – студентіне сыншы» деп өзгерте салса болар ма еді?..

Жолы болғыш жігіттің ғарышта да «космос желі» оңынан тұрса керек. Оқу да жаңа, өмір де жаңа кезінде «оның маңдайына біткен бақыт» деуге болардай қазақ тілінде тұңғыш та жалғыз ғылыми-танымдық (шығарушылар «ғылыми-көпшілік» деп әнтек атаған) «Білім және еңбек» журналы жарық көре бастауы. Ханыңа да, қараңа да «пішту!» демейтін өркөкірек көңілмен оның сол редакцияға «баса-көктен» жетіп барғаны!

 

Бас редактордың бас жоқ, көз жоқ, бірден: «Политехте оқисың ба?» деп сұрағаны. Бұл жөнін айтқан. «Журналист екенсің ғой. Жөн-жөн. Әлгі «Қазақ әдебиетіндегі» мақалада ғылым мен техниканың тарихы, қазіргі жаңалықтарын қатырып жазғаныңа қарағанда, мен сені физик, астроном не инженер десем...» Әңгіменің арғы жағына бара бермей, тура журналдың бет-бағытын саралап айта бастады. Кейінірек өмірде ұшырасқан, креслода ісіп-кеуіп отырып, әрбір сөзін ауызынан шыққанша, Марсқа барып келердей уақыт алатын бастықсымақтардай емес. Адронды коллайдердегі электрондардай деп әсірелемей-ақ қояйық, бірақ қас-қағым сәтте студентті өзіне баурап алып кеткені. Журналдың жалақыдағы қызметкері секілді бір көрген студентке тапсырма бере бастауы. Әсіресе, фантастика жаза беруді көбірек қайталады-ау... Сол рухани қамқоршы «тура биде туған жоқ», нағыз журналистика жанашыры Камал Смайлов болатын.

Бала қиялгерге бұдан асқан «қамшы басқандар» ұшыраспаған шығар. Бір бөлмедегі он үш керуеттегі курстастарының он екісі әлі де қалың ұйқыда жатқанда, азанмен етпеттен жатып жазуға жаттыққан. Сабақтан кейінгі кездерде оқу залында отырып жазуды да әдетке айналдырған. Соның бәрінде де – фантастика. Не жазады, не жұрттың фантастикасын оқиды...

Студенттік міндеті де ұмыт қалмаған. Оқуға түскен алғашқы семестрінде, қабылдау емтихандарында «ССРО тарихынан» келеңсіз жуан қараның, абитуриент жауабын тыңдамай-ақ қоя салған «үшінің» арқасында стипендиядан қағылғаны болмаса, кейінгі сессиялар қорытындылары бойынша жоғары дәрежелі шәкіртақымен жүрген. «Әдебиет – ардың ісі» екенін бойларына сіңірген З.Қабдолов, «декандығынан бұрын, күзде сеуіп, жазда өздерін орып алатын «дихан» Т.Амандосов, «ағылшын тілі «сиыр» деп жазып, «ит» деп оқылатынына» көз жеткізген тіл біліміне «кіріспеші» Ж.Аралбаев, «құрмалас сөйлем» О.Төлегенов, әдебиет зерттеушілердің тізімінде өзін Мұхтар Әуезовтен кейін ғана қоюларын талап ететін Б.Шалабаев, сол кездері «үндемес», «үш әріптердің» әдебиет тарихындағы қараулықтарын көп білетін, бірақ дәрісхананың әр қуыс-қолтығында «үш әріп», «үндемес» бұғып жатқандай, ойындағысын жарытып жеткізе алмайтын, сондықтан да жұрт арасында биресми түрде «лекция оқи алмайтын ұстаз» аталып кеткен Б.Кенжебаев, босағадан аттағаннан төрге дейін іште отырғандардың ауыл-ел, мал-жанын адақтап сұрап бітетін Х.Сүйіншалиев, балалардан сынақты университет алдындағы баққа шығарып отырғызып алатын Т.Нұртазин, кез келген сөзінің арасында, керек пе, жоқ па, «бағанағы» деген сөзі қыстырылып жүретін З.Тұрарбеков, ол үшін студенттердің бәрі «мұржасы қисық болса да, түтіні түзу» Х.Хұсайынов, «Саңқыт–Петербұрда» шығатын басылымдардың тарихынан үзіп-жұлып мәлімет беретін Х.Бекхожиндер есінде.

Бұлар көбіне-көп аудиторияда айтқандарынан

 

кейбір хикаялар уақыт өте еске түсіп қалса, енді басқа бір шынында да тұлға бола алған ағайының ықпалы ерекше. Өздері – студенттік, ол кісі кураторлық өмірді бірге бастаған жайлары бар. Шәкірттерінен, орта есеппен, жеті-тоғыз жас үлкен шығар. Университетті де осы мамандық бойынша сондай жыл айырмасымен тамамдаған. Шығыс Қазақстан облыстық газетінен оқытушылыққа арнайы шақыртылып алынған көрінеді. Ең кемі екі жылдық еңбек стажымен келген бірінші курстіктер де біршама адам таныса керек: бірден кураторларына үйірсек болған. Көп ұзамай журналистік қарпымды қызметімен де Шериаздан Рүстемұлы Елеукенов атымен республикамызға белгілі бола бастады.

Екі қырық бес минутпен қосақталған дәріс-дәрістің арасында, мерзімінен 2-3 күн бұрындау «шәкіртақыны қашан әкеледі?» деп, жыл сайын бірін түсіріп, екіншісін сайлап отыратын старосталар Күнсая, Төребек,Өзбектердің жолын тосып, бір немесе тіпті жарты күн қалғанда емтиханның тақағанын табан астында ғана білетін күндер, айлар, жылдар өтіп кете беріпті. Тұтас өмірден, «қамырдан қыл тартқандай», білдірмей өтіп бара жатқан «студенттік» деп аталатын уақыт үзігінде не істеп, не тындырғаныңды бағдарлау керек екен.

Бұрындары әлі «Аполлондар»

 

қонбаған аспандағы Айдай қолжетімсіз көрінетін «Лениншіл жас», «Қазақ әдебиеті», әсіресе, енді-енді қанаттанып келе жатқан «Білім және еңбек» журналынан

 

жазғандары көріне бастаған.

Ол жарияланымдарының басым көпшілігі, Сергей Павлович Королев ай сайын, тоқсан сайын Байқоңырдан ұшырып жатқан ғарыш аппаттарының зымыран жеткізгіштері тәрізді көрінетін жас автордың өзіне. Дегенмен, солардың арасында оның патша көңілінен орыстың классик-қиялгері Иван Антонович Ефремов дүниеден озарынан он жыл бұрын (1962ж.) «Қазақ әдебиетінің» екі етегін алып жатқан «Орбита – Адам жаны» аталатын теориялық зерттеу мақаласы шыққан еді. Албырт көңіл енді-енді қылтанақтау үстіндегі жас талапкер-қиялгерлерді өзінше «сойып салған». Бір таңғаларлық сәт – республикалық жазушылар үнұраны «Қазақ әдебиеті» газетінің соны бір де бір сөйлеміне

 

қалам тигізбей жібере бергені. Екінші таңғаларлық сәт – сол «сойылғандардың» ішінде өзі жариялана бастаған «Білім және еңбек» журналының жауапты хатшысы Талап Сұлтанбеков те болған...

Заманның түзу шағы екен ғой. Бір жылдан кейін, соңғы семестрде, диплом жазуға шыққанда, әлгі журналдың Бас редакторлығына тағайындалған әлгі жауапты хатшы, өткендегі сын мақаласының «кейіпкері» авторды көшеде ұшырастырып, «сойып салушыны» өзіне, журналға қызметке шақырғаны! (Кәзіргі күн болса, түп – тұяғыңмен ізіңе ит қосып түсетін жағдай ғой!) Ал сол кездегі сондай

 

әділеттілік пен азаматтықты университет бітіруші республиканың жалғыз ғылыми-көпшілік журналының Бас редакторы, көптеген тосын фантастикалық идеяларды өз әңгіме-повестерінде жазып қалдырған Талап Сұлтанбековтен көрген!..

   

«Алдағы әлем біздің санамызды шектеуге тырысатын бөгеттермен күресті күшейте түсетін заман болады»; «Прогресс келешекте тек жаңа мүмкіндіктер ғана емес, жаңа шектеулер де туғызады»; «жазушы миы компьютерден де қажеттірек» дегендей аталы сөздер айтқан америкалық ғалым, кибернетиканың бір «әкесі» Норберт Винер бақилық болған 1964 жылы «толық құқылы» журналистік университеттік дипломын иемденген. Кейіпкеріміздің өмір жолының елеулі бір белесі саналатын осы шақта оның «туған жанры» саласында британиялық «Жаңа Толқын» өкілдерінің жетекшісі Джон Броннер «Хаосты кісендеу», француз Пьер Буль «Канашима бағы», америкалық Джек Вэнс «Қаскөй машина», швециялық Фридрих Дюрренматт «Вега операциясы», ағылшын Артур Кларк «Айдағы шақ», жапон Сакё Комацу «Қайта туған күн», поляк Станислав Лем «Роботтар ертегілері», 1906 жылы Ақмолада дүниеге келген, кейін Москвада бақилық болған Александр Казанцев «Қайтадан мұз басады» шығармаларын оқырмандарына ұсынған. Енді өзіне белгісіз бір сиқырлы гравитация көркем әдебиеттегі фантастика жанрына тарта бергендей еді. Сол

 

күш өзі дарынын сыйлайтын тамаша қаламгер Даниил Граниннің: «Тұңғыш рет Келешек Еліне енуге талпыныс жасағанмен, оның қаншалықты қиын, тұрлаусыз, сенімсіз екенін сездім», – деп сақтандырғанын құлағына ілгісі келмегендей. Оның есесіне америкалық қиялгер Фредерик Полдың: «Ғылыми қиял біздің тек үмітіміз бен сенімімізді ғана емес, қауіп пен күдігімізді де кескіндейді», – дегеніне бүйрегі бұратын секілді. Онымен қоса, «ғылыми-фантастикалық шығармалар, бәрінен бұрын, жүрекке жылы тиетін мархабатты, әдемі әңгімелер болуы тиіс» (Роберт Хайнлайн, АҚШ) екенін жүрегі сезетін секілді. Әсіресе, француз Арман Ланудың: «Келешекті болжамдамайды. Оны жасайды!»–деуінің «қамшысы батып» кеткендей...

Сол тұстары «эгоизм» аталатын, жұрттар жақтыра бермейтін, бүгіндері «харизма» деп, білгіштер ұнатқан дара «белсенділерін» ақтап шыққысы келетін қасиет бұның бойынан да табылса керек. Жан-жағын қоршаған қара-ала бағана-шекаралары жоқ, иесіз медиен дала немесе айналасы тас-блоктармен қоршалған, тірі жан бас сұқпастай құпия замок-қорғандай, әдебиеттің басқа салаларынан аулақ көрінетін фантастика жанрын қалап алды. Таңдаған тақырыбында әңгіме, повесть, рецензия, теориялық мақалаларға машықтана бастады.

Мұхтар Әуезовтің «Дос – Бедел дос. Хиял» ғылыми-фантастикалық пьесасының №1планы жарық көрген және Жердің тұңғыш жасанды серігінің аспан көгіндегі «бип-бибі» дабыл қаққан 1957 жылдан бастап қазақ әдебиетінде «ғылыми-фантастикалық» деген айдармен әңгіме, повестер баспасөз бетін де «сығалай» бастаған. Бір ерекшелік – олардың авторлары негізінен «нақтылы» дейміз бе, «іргелі», болмаса «табиғаттану» дейміз бе – әйтеуір, гуманитарлық емес ғылым салаларының мамандарынан болып келген. Олардың сапынан геолог Ақжан Машанов бастаған, Медеу Сәрсекеев, Шәмшиден Әбдіраманов, өнертапқыш Сейілбек Қышқашев, физик Рысбек Баймаханов, медик Советхан Ғаббасов, инженер Раушанбек Бектібаевтар көрінді. «Мына қапталдан» журналистер Шоқан Әлімбаев, Төлеш Сүлейменов, Төлеу Шаханов, Жүніс Сахиев, Нәрбін Кенжеғұловалар қосылған...

Олардың бірі бас-аяғы орта мектепті тауысудан ары аспаса да, әлем фантастикасының классигі дәрежесіне жеткен америкалық Рэй Дуглас Брэдберидың: «Түптеп келгенде, ойдағыдай ғылыми фантастиканы біздің қоғамымызда көңілі толмаған, өзінің наразылығын тез және ызалана айтатындар туғызады», - дегенін қолдаған шығар. Екінші қиялгердің «сірә, ғылыми фантастиканы ұнату – қалай болса да, адамзат келешегінің қамын жеу» (Айзек Азимов, АҚШ) екеніне көзі жеткен болар... Бұлардан басқа да бізге беймәлім «тартылыс күші» жасөспірім жанрға әр алуан «мамандық өлкелерінен» авторлар тарта білген. Ал, өз кезегінде сол қаламгерлердің әрқайсысы «тек қана қызықты ойлар келгенде емес, оны әртібірлі жүзеге асыра алу тәсілін меңгерген адам ғана ұлы қиялгер – жазушы болатынын» (Йозев Несвадба, Чехия) іштей мойындаған, «болмаса да ұқсап бағу» үшін осы жүгі кереметтей ауыр «арбаға» – фантастикаға – жегілгендеріне дау жоқ...

Рас, біздің аталмыш авторларды өздерінің алдыңғы жарты, тіпті толайым тұтастай ғасыр бұрында өмір кешкен классик әріптестерінің шығармашылық жолдарымен салыстыруға келмес. Атап айтсақ: Жюль Верн. Әуелі туған Нант қаласынан Парижге барып, адвокат дипломы болғанмен, мамандығымен жұмыс істеуге зауқы соқпай, күн көріс қамымен пьесалар жазады. Оларды еш театр қабылдамағасын, сондай кәсіптен баз кешіп, үлкен дүние жазуға отырады. Жаратқан иенің жебегені ме, ерекше жаңа жанрдың бағы ма, ол сол Париждегі әйгілі баспагер Пьер-Жюль Этцельмен танысады. Автор 20 жыл бойы жыл сайын 3 романнан жазып беріп, оның әрқайсысына 1900 франктен қаламақыға екі жақ келісім шартын жасасады. Соның алғашқы нәтижесі – «Ауа шарындағы бес апта» романы. 35 жасар Жюль Верн тек француз ғана емес, әлемдік фантастика әдебиетіне осылай, метеор тәрізді, енгенін қазіргі қазақ әріптестерінің бірі біліп, бірі біле қоймас...

Ал, «орыстың Жюль Верні» саналып кеткен Александр Беляевтің бірсыпыра жылдар бойы әдебиет сынында жолы бола қоймаған-ды. «Әп» дегенде «тұла бойы тұңғышы» - «Доуэль профессордың басы» романынан кейін жарық көрген «Жоқ жерге секіру» атты соңғы кітабын сол тұста «қызықты ғылым» жөніндегі насихаттық кітаптардың авторы, академик Я.И.Перельманның: «Беляевтің жаңа романын советтік ғылыми-фантастикалық әдебиетті байытты деп мүлде мойындауға болмас», - дегені бар. Өткен ғасырдың орта шенінде қазақы қиялды туғызып, дамытуға бел байлаған авторлар жоғарыдағыдай келеңсіз бағалауларды да ұшырастырған шығар...

Тек орыс емес, планеталық фантастика әлемін дүр сілкіндірген ағалы-інілі Аркадий мен Борис Стругацкийлердің «Алты тал шырпы» кітабы да біздің алғашқы толқынға қарайлас келген-ді. Әрине, бір кітаптан екіншісіне, яки «Алқызыл Бұлт Елі», «Амальтеяға апарар жол», «Қайта оралу. Талтүс. 22-ғасыр», «Құдай болу қиын», «Дүйсенбі сенбіден басталады» секілді туындыларына дейінгі дүниелері қағілез оқырманды енжар қалдырмаған-ды...

Біз алғашқы қиялгерлеріміздің ХХ ғасырдың екінші жартысының бас жағындағы жеке-жеке кітаптар күйінде немесе ұжымдық жинақтарда, газет пен журналдарда жарық көрген дүниелерінен байқалатын жағымды нышан – әлгі жоғарыда бір-жар мысалдарын келтірген озық үлгілі дүниелерге еліктеу аса көп кездесе бермеген-ді. Демек, бұл құбылыс – қазақ қиялы өзінің «гендік дербестігін» сақтап қалғаны.

Осылай, қаншама ғасырлар бойы қиялдай, армандай білген өз қалпына ие бола білу – келешекте үлкен үміт күтерлік алғы шарт деп білсек керек...

Оның үстіне жанрдың «бағын ашқан» сәт – республикалық «Пионер» журналының негізінде ғылыми-көпшілік «Білім және еңбек» журналының ашылуы. Және оның басшылығына оңды журналистердің келуі. Қазақтың сол тұстағы ең творчестволық қуатты газеті «Лениншіл жастан» қаламы қарымды қызметкері Камал Смайыловтың – Бас редактор, осыған дейін әзірше оқырман жұртшылыққа аса көп

 

көріне қоймаған, «іштей булығып өсіп жүрген» Талап Сұлтанбековтің жауапты хатшы боп тағайындалулары. Жаңа бағыттағы басылымның жалпы баспасөзде сол жанрға сіңірген еңбегі – жеке-дара ғылыми зерттеуге татырлық тақырып.

Журналдың содан тыс, жоқ, олай емес, сонымен қоса-қабаттаса туып, кемелденіп, дамыған саласы – фантастика жанры. Оған журналдың басты қозғаушы болған күші – көптеген жылдар бойы оның ғылыми-фантастикалық туындыларға бәйге жариялауы. Қиял жарысына үздіксіз қатыса жүріп, басылым бетінде ғылым ғажайыптары, табиғат тылсымдары және де басқа дүниелерімен жұртшылық көзіне үйреншікті болып алды.

Журналда жүрген «ауыз жарытымсыз» аз уақыт бедерінде осы төңірекке жаратылыс ғылымдарын зерттеуші жас ғалымдардың топтаса бастағанын бұл сезе қоймауы да мүмкін. Басылымның тұңғыш санында қазақ оқырманына Әбу Насыр әл-Фараби жөніндегі еміс-еміс мәліметтермен таныстырған Қазақ политехникалық институтының маркшейдер ісі кафедрасының меңгерушісі, Қазақ ССР ҒА корреспондент-мүшесі, профессор Ақжан Машанов бастаған геологтар Медеу Сәрсекеев, Шәмшиден Әбдіраманов, физик Жамбыл Тобаяқов болды. Қазақ университетінің ұстаздары – математика тарихшысы Ауданбек Көбесов, химиктер Немеребай Нұрахметов пен Сандыбай Жайлауов, физик Айсұлтан Қалығұловтар – бір төбе. Өткен ғасырдың үшінші ширегіне өз заманының талабына сай келе алатын қазақ ғылыми-көпшілік, ғылыми-танымдық әдебиеттің тұғырын қалаған кітаптарды дүниеге әкелген – солар. Демек, қазақтың ғылыми-танымдық публицистикасы солардың арқасында туа бастағанын мойындағанымыз абзал.

Біздің кейіпкеріміз де, жастығына қарамастан аталмыш лектің алдыңғы сапынан табылуға

 

творчесволық

 

күш салғаны байқалады. Бұл түйіндеуімізге журнал беттерінде жарияланған ғылым мен техника жаңалықтары, жеке оқымыстылар жөнінде жазған очерктері, өмірден өткен ұлы өнертапқыштар, оқымыстылар, астрономдар Джордано Бруно, Галилео Галилей, математик әйел Софья Ковалевская, физик Нильс Бор хақындағы өмірнамалық пьеса-хроникалары дәлел. Оның үстіне «Қазақстан», «Жазушы», «Жалын» баспалары жинақтап, түптеп шығарған «Жер астына саяхат» (А.Машанов), «Ғажайып сәуле» мен «Жетінші толқын» (М.Сәрсекеев), «Көшпелі алтын» және «Лұхман

 

Хакім» (Т.Сұлтанбеков), «Көгілдір мұнаралар» (Т.Шаханов) прозалық және «Космонавт монологы» (Т.Айбергенов), «Қанатты қиял» (М.Рашев), «Айға сапар» (А.Сопыбеков) поэзиялық дүниелер шым-шымдап

 

бой көрсетіп келе жатқан сәті.

Сол авторлар тәрізді жинақ дайындау үстінде кейіпкеріміздің тұрмысында тағы да кілт бұрылыстар тап болды. Жұлдызшыларға салса, бұл бата итальян классигі Кальвино Италоның «Ғарыш хикаялары» және ағылшын қиялгері Джон Р.Толкиннің «Шығыршықтар әміршісі» фантастикалық кітаптары жарық көрген, университетке оқытушылыққа ауысқан кейінгі 1968 жыл. Және өзінің 30 жасқа толған кезі екен-ау...

Журналистік еркіндікпен 1967 жылы қарашаның орта шенінде үйіне кешігіңкіреп келгені. Зейнолла Қабдолов пен Тауман Амандосов телефон арқылы іздепті. Бұрынғы университеттегі ұстаздарына телефон соғу әдетінде жоқ еді. Сол баяғы студенттік синдромы – жасқаншақтық немесе өте сыйлағандық болса керек. Әлде «күшігінде талап тастағандықтан» ба дейін десең, қазаққа қадірлі ағалары мұны өздерімен тең ұстайтын. Тіпті «Таудай Тауман» декан басымен, екінші курстен бастап-ақ студентердің көзінше де «данышпан» деуден танбайтын. Шәкірті осы түн ортасында батылы бармай:

 

«Ертең хабарласармын», деп жатуға қайымдала бергені сол еді, телефон тағы шырылдағаны. Құлақшасын алып, тыңдар-тыңдамастан арғы жақтан атын атап, амандасқаннан соң, ертең журфактың деканына барып кездесуі керектігін айтқан жұмсақ дауыс. Кез келген жүздескен, тілдескен адамның құлағында ұйып қалуға тиісті Қабдоловтың дауысы. Бұның артық-ауыс жауап қайтаруға дәрмені жетпей, «жақсы» дегені бар. Онсыз да ұйқысы қашқан ол әрі-сәрі күйге түскені аздық қылғандай, Құрама штаттарда бір мың тоқсан сегіз, әлемнің басқа отыз төрт елінде үш мыңға жуық өнертабыстарына патент алған Томас Эдисонның бір жаңалығы – әлгі телефон тағы зарлап қоя бергені! Енді бұны ұстазының қайтадан мазалағаны таңдандыра қоймады. Тек: «Әй, Тәкеңде оқытушылық бір бос орын бар. Соған бар», – дегені ғана ми нейрондарына оқтай қадалды. Жағымды ма, жайсыз ба – оны өзі де біліп жарытпаған.

Жұрт Нью-Йоркке таяу «Менло-Парктен шыққан сиқыршы», әлгі Эдисонның күнделігінде: «Біз ешқашан бір қас қағым сәтте де проблеманың экономикалық астарын естен шығармауымыз тиіс», – деп жазғанымен таныс па, жоқ па – онысы беймәлім. Бұл өздігінен де сол мәселемен бетпе-бет келді. Себебі: журналдағы білдей бөлім бастығының жалақысы екі еседей артық еді. Қаршадай екі баласы тағы бар. Оның үстіне аудиторияда өзіңнен сәл-пәл ғана жастау шәкірттердің алдында тұрып, күніне қырық бес минуттен, арасына бес минут үзіліс салып, барлығы тоқсан минут дәріс беру... Қалай болар екен?..

Оның үстіне редакцияның шығармашылық шаруаларымен елге белгілі Ақжан Машанов, Төрегелді Шарманов секілді оқымыстылармен танысып қалғаны бар. Олардың ғылымдағы ізденістерінің бет-бағыттарынан мәліметтер алған. Басқа да әлемдік нақты ғылымдар, солар турасында, әлемге әйгілі ғұламалар турасында жазылған әдебиет жинақтаған. Өзі де қазақ публицистикасының орбитасынан тыс қалып жүрген танымдық, көпшілік сипатты «пьеса-хроника» деген айдармен Джордано Бруно, Софья Ковалевская, Нильс Бор, Александр Флеминг, Сергей Королевтер жөнінде өмірнамалық пьесаларын өз журналына шығарған-ды. Былайша айтқанда, әзірше әдебиеттану ғылымының айналымына ене қоймаған, «ғылыми-көпшілік публицистика» дегендей саланың бастауын жасау «арам ойы» болған-ды. Оны да «тастап кетуге» көзі қимаған»...

Осындай сан сақ ойдың «көкпарына түскен» ол өзінің «тұрақты» ақылшысы Әбеге (Нұрпейісовке) телефондаған. «Басына түскен» жағдайын мәлімдеген. Әрине, журналда, өз орнында жүре беру жөніндегі «патша көңілін» көбірек «қоюлатып» көрсеткен.

«Соңғы парыз» классикалық экологиялық дилогияның авторы «ит теріңді басыңа қаптаса» да, «енді бұл жақсы ғой» деп мақтаса да, ара-арасына «айналайын» деуін қыстырып отыратын. Әбе «әп» дегеннен-ақ ҚазГУ-дің «табанын жерге тигізбей», мақтап ала жөнелгені. Кеше кешкілікте Зекең мен Тәкең ең алдымен Әбесінің «батасын алғанын» кейінірек сезген. Ол «жасырын үштіктің» шешіміне әлсіз қарсылық жасап көрген. Қойшы, телефондасу аяғында қасарысқысы келген бұған: «Айналайын! Қазақтың маңдайындағы жалғыз университет. «Битті көлімбет» (бұның руы. – автор) соның оқытушысы болып жатса... Бос уақытың көп болады. Ақыр-аяғында ғылыммен айналысасың!» – деген. Бұл ақылға да тоқтағысы келе қоймаған оған: «Иди к черту!» – деп телефонының тұтқасын «сарт» еткізген!..

«Жылы орныңды суытып қайтесің?» дейтін шығар деген «есек дәмемен» осындағы, жоқ-ау, күллі қалам ұстаған саналы жылдарындағы ұдайы қамқорлық, демеуші болып жүрген, бұл үшін классик басымен қалаған жоғары дәрежелі билік орындарына барудан қайтпайтын ең жақын сүйенішінің айтқаны – анау: «Иди к черту!»

Басты ойы – өзінің Әбесінің «аналарға»: «Қайтесіңдер? Университет бітірмей жатып республикалық өзгеше журналдың бөлім бастығы болды. Әлі басы жас.

 

Үйренсін», – дейтін шығар дегені еді. Олай болмай

 

шықты. Енді біртіндеп сабасына түсіп, ой жүгіртіп қараса, Әбе де «сол жақтан» секілді. Иә, иә... Бәсе-ау!.. Әбенің айтуымен шығар түн жарымында Зекең, Тәкең бастарымен телефондаулары... Дегенмен, тағы бір үміт шоғы қалыпты кеудесінде...

Бұл ертеңгісін Зекеңнің үйіне барады. Өзінің бұл жұмысқа көңілінің қошы жоғын айтады. Зекеңнің «иі жұмсақ». Барлық айтар нәрсесін майын тамызып отырып айтқанда... Иә, иә... солай!.. Ана екеуі де қарсы шықпас.

Бірақ филфактың журналистика бөлімшесінің түлегі үш жылдан аса уақытты араға салып, университетке, міне, сөйтіп, қайта оралған. Мұнда көп нәрсе өзгерген көрінеді. Бәрінен бұрын – филфактағы, жасанды Жер серігі тәріздес, қосымша санатында жүрген бөлімше дербес факультет мәртебесін иеленген. Соған сәйкес ішкі құрылымдары да тікелей өз мамандығына бағыттала бастағаны байқалады. Мұндай метаморфозаға декан Тәкеңнің тікелей ықпалы болғаны іштей сезіледі.

Ол

 

ғылыми-зерттеу деген ұғымды Қасиетті Құрандай тұтатын заман еді. Сондықтан арнайы оның қыр соңынан қалмай, аспирантурада үш жыл болып шыққаннан соң да, бірден қорғай бермей, жүріп алатындар жоғары оқу жүйесіндегілерге аса-көп таңсық емес еді. Ал «диссертация жазам, ғалым болам» деген «арам ой» үш емес, төрт ұйықтаса да түсіне мұның кірмеген. Бірақ, көп ұзамай, сол «арам ой» өз-өзінен келгені. Оған басты «қамшы фактор» өзінің пионер вожатыйы жасынан «айналшықтап жүретін» нәрсесі – фантастика. Александр Беляев бастаған орыс фантастикасы мен сол тілдің арқасында таныс болған француз, ағылшын фантастикасы. Әсіресе, шартты түрде университет «мұғалімінің мантиясын» киген кездерде әлгі дүние жүзілік және орыс фантастикасының туу тарихы, кәзіргі жүріс-тұрысы,

 

теориялық түйіткілдері көбірек алаңдата бастағанын өзінің сезуі. Оның үстіне сирек ұшырасатын кандидат, доценттердің бірсыпырасының көзге бірден ұратын тайыздықтары да мұның іштей іренішін тудыра бастаған.

Және осында «ашалы бақанмен итеріп кіргізгендей» болғандардың «авангарды» – жас кезінен-ақ мәдениет аймағындағылардың құрметіне ие болған Зейнолла Қабдолов. Бұрынғы ұстаз «ағайы» – ендігі «Зекең» оның кандидаттық диссертациясына ғылыми жетекшілік жасауда шынайы шығармашылық-зерттеушілік еркіндікке жіберді. Соның арқасында бас-аяғы үш жарым жылдың ішінде, аспирантурадан аулақ, ізденуші дәрежесінде жүріп, лекция оқып, семинар өткізумен қатар, және егін жинау науқанында қатарынан екі жыл демалыс кезінде студенттерді

 

басқарып, Қостанайда,

 

өзіне

 

салса, уақытын босқа жіберген кандидаттық емтихан минимумдарын тапсырып, «Қазақ әдебиетінде фантастиканың қалыптасу жолдары мен даму тенденциялары» тақырыпты кандидаттық

 

диссертация қорғады. Бұл – поляктың ұлы қиялгер-жазушысы Станислав Лемнің жарты ғасырлық мүшелді 1971 жыл еді.

Жоғары мектептің педагогика әлеміне ассистент боп енген ол аға оқытушы, доценттікке жеткенде, орыстың классик фантасы Александр Беляевтің «Атлантиданың соңғы адамы» повесі жазылған 1926 жылдан жарты ғасыр өткенде, яғни 1976 жылдың қарашасында «Білім және еңбек» журналына Бас редакторлыққа тағайындалды. Рас, сол тұста республикалық газет, журналдарды бір-жар ғылым кандидаттары басқаратын. Бірақ, доцент жалғыз өзі болғаны да – тарих ақиқаты.

Көркем шығарма жариялаудағы редакцияның ұйымдастырушылық қызметі арқасында, жаңадан жас фантаст-авторлардың аты оқырмандарына белгілі бола бастады. «Білім және еңбектің» бастамасымен повесть-буримелер, жеке жас таланттардың жинақтары жарық көре бастады...

Сол Бас редакторлық қызметте жүре, жасы отызға келгенде, қисынды көркем қиял емес, тұңғыш ғылыми монографиясын «Қазақстан» баспасынан «Қолыңды әкел, Келешек! Қазақ фантастикасы: кеше, бүгін және...» кітаптарын шығарған шағы. Зерделі оқырман сол монографияға Қазақ ССР Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, ғұлама Әбу Насыр әл-Фарабидің еңбектерін өз топырағына қайтарған шынайы оқымысты-ақылман Ақжан Машановтың жазған алғысөзін ұшырастырар еді. Профессордың пайымдау-таныстыруынша: «Ол – фантастикаға кездейсоқ келген адам емес: өзі де сол салада қалам тартып жүрген жазушы. Автор өзінің еңбегінде халқымыздың фантастика саласындағы өнеріне бастан-аяқ тоқтаған... Автор «фантастика жанрына жатады-ау» деген көп шығармаларды қамтыған, үлкен еңбек еткен. Кейбір ұмыт қалып бара жатқан нәрселерді де тауып алып, ортаға салған».

Өткен ғасырдың соңғы жиырма жылдығы – тек Кеңес Одағы емес, оның «жесір балаларының бірі» – Қазақстанда да жершілдік, рушылдық, сыбайлас жемқорлық қарқын ала бастаған кез. Отыз жетідей абақтыға тоғытпағанмен, қудалаушылық «тырнақ ішінен кір іздеушілік» синдромы қарқындаған. Шығармашылық еркіндік шідерлене бастаған кезде біздің кейіпкеріміз, «творчестволық жұмыспен бүтіндей

 

айналысуына байланысты», «өз еркімен» журналдың Бас редакторлық лауазымынан бас тартқан...

Әйгілі қарабақ «Желтоқсан желі» қордаланып қалған бірталай былықтарды қуып шығып, бірсыпыра әділеттілік самалы ескен тұста ғалым, жазушы күллі фантастика жанрының тұңғыш та жалғыз тарихшысы да теоретигін енді қажеттілік қылғандай еді. Сыбайлас жемқорлық «вирусынан» ҚазМУ-дың «көшін бастаған» журфактың жетесіз жетекшісінен арылғасын, жаңа басшылар бұрын қудаланған, енді қажетті ұстаздарын кері қайтару қамына кіріскен. Сонда олар «ізденісті» біздің кейіпкерден бастаған.

Бір педагогтың басына жетерліктей тіршілік тәжірибесін жинаған, білімі мол маман ұжымда бірден сыйластыққа ие болды. Тұңғыш фантастикалық «Ғарыштағы қымыз» повесть, әңгімелер жинағын орыстың әйгілі қиялгері, «Андромеда тұмандығы» дарынды романның иесі Иван Антонович Ефремов бақилық болған 1972 жылы «Жазушы» баспасынан шығарған-ды. Оларды өкшелей «Балалардың аман қалғанын айт!», «Жарылқаушы...», «Тосын ғарышхат» оқырмандарына «жол тартты».

Осылардан кейін «өзінің меншікті жанрының» толық табиғатын тиянақтап зерттеуге, докторлық диссертацияға бет бұрған. Ол еңбектің алуан-алуан «атомдарын» жұртшылыққа жария етуді де назарынан тыс қалдырмады. Ағалы-інілі Аркадий және Борис Стругацкийлердің тұңғыш фантастикалық «Алты тал шырпы» жинағы жарық көргесін, қырық жеті жылдан соң, яғни 2006 жылы «Қазақ әдебиетінде фантастика поэтикасы» деген тақырыпта филология докторы ғылыми атағын алу үшін диссертациясын ойдағыдай қорғайды. Бұл шаруасын әр алуан баспалардан жарияланған «Қолыңды әкел, Келешек. Қазақ фантастикасы: кеше, бүгін және...» (1978), «Ислам=Ғылым+Журналистика. Шәкірттерге бағышталған дәрістер» (1996), «Қазақ фантастикалық әдебиеті: жылнамалау, қарастыру, топтастыру, даралау, қисындау, дәйектеу» (1998), «Қиялгер қисындары-1. Ғылыми-танымдық зерделеу-зерттеулер. Оқу құралы» (2002), «Ислам ілімі – ғылым алгоритмі» (А.Құрманбаевамен бірге, 2005) еңбектерінің логикалық қорытындысы деп есептесек керек.

Біздің бас кейіпкеріміз шығармашылық шаруашылығында құдды бір грек мифологиясындағы басы – адам, кеудесі – жылқы секілді кентавр дерсің. Оның өзінде де құр-жаяу, тегін емес, тыңға түрен салатын тұңғыш-пионер. Өйткені: біріншіден, оған дейін бір-жар ұсақ-түйек рецензиялар болмаса, фантастиканы үлкен әдебиеттің киелі де күрделі саласы есебінде қадала қарастырған зерттеуші-ізденушіні таба алмайсыз; екіншіден, аталмыш жанрдың өз туындыларын жасауда да үлкен үлес қосқан автор. Қазақ, орыс әдебиеттері былай тұрсын, әлемдік әдебиетте де осы жанрда жалғыз көркем шығарма тудырып, сонымен қатар сол салада өнімді зертеулер жасаумен шұғылдану дегеніңіздің өзі – уникум. Соның бір дәлелін, яғни ғалым-доктордың еңбектерімен жоғарыда таныстыңыздар.

Енді Жазушылар одағы мүшесінің ғылыми-фантастикалық кітаптарының бір шоғыры: әлгінде ертеректе аталған алғашқы «Ғарыштағы қымыз» және «Арал әуендері» жинақтарының ізін ала «Балалардың аман қалғанын айт!», «Жарылқаушы...», «Тосын ғарышхат», «Шортан планетасы, сен кінәлісің!», «Қызық қиял. Таңдамалы», «Жұлдыздар жарығы Жерге жетеді. Роман-комплекс»....

Бір топ туындылары орыс тіліне аударылып, Москвадан, «Техника-молодежи» журналында, «Молодая гвардия» баспасынан «Фантастика – 77» альманағында, Қазақстанда «Антология современной казахстанской научной фантастика» үш томдығында және украинше, молдаванша кітаптарға кірген. Басқа тілдерден Вл.Михановскийдің фантастикалық «Шексіздікке шеру» романын қазақшалаған. «Фантастикалық Америка эфсанасы», «Әлемдік фантастика жауһарлары» да біздің оқырманға оның тәржімесімен ұсынылды.

Осындай сәтте әдебиеттануда кәзіргі зерделі, ақиқатшыл профессор Тұрсынбек Кәкішевтің: «Осы Абдул-Хамидтан басқа кім фантастика саласы бойынша еңбек етті және қандай дүниелер жасады? Мен фантастикатану саласында, оның ішінде фантастиканы жақтап жүрген адамдарды кездестіргем жоқ», – деген жүрекжарды, ағалық адал ойы еріксіз еске оралады екен.

Республикалық ғылыми-көпшілік журналда бір емес, екі рет – әуелі – бөлім меңгерушісі, кейін – бас редакторы мектебінен өткені бар. Оның үстіне қазақ фантастикасының алғашқы авторы дәрежесінде де оқырман жұртшылыққа танылып үлгіргенін іші сезеді. Бәрінен бұрын ғылыми фантастика жанрының арқасында ғылым негіздері және ғалымдардың өмірлерінен едәуір алған мәліметі шәкірттер алдында өзін ұятқа қалдырмай келе жатқанын да, өзі емес, өзгелер үнемі аңғартумен болады.

Деканат жасайтын сабақтар кестесіне сәйкес лекциялар оқу, семинарлар өткізу – кезекті факультеттің ғылыми кеңесі – кафедра мәжілісі – ай сайынғы бастауыш партия ұйымының жиналысы – кәсіподақ отырысы – даталы күндерді атап өту – ақын, жазушылармен кездесу өткізу – студенттердің ғылыми қоғамына ұдайы басшылық жасау – оқытушылардың ғылыми-әдістемелік конференциясына қатысып, ғылыми баяндамалар жасау- университет пен факультеттен шығатын Хабаршыға мақалалар жариялау – тағы, тағы, тағылар...

Күнделікті көзге түсе қоймайтын басқа да шаруалардан бас алмай, кәдімгі, қарапайым өмір осындайлардан тұратынына біздің кейіпкеріміздің көзі енді жеткендей. Алайда солардың ойдағыдай атқарылғандарын бағалап, тізіп жүретін де мекеме бар екен. Олар ректорат тарапынан алғыс алғандарын еңбек кітапшасына ұсынақты тізіп отырады екен. Сондайдың бір дәлелі – өзінің еңбек кітапшасы. Оның «Мақтаулар мен наградалар туралы мәліметтер» деген, 20-шы беттен басталатын парақшалар толық толтырылып, орын жетпегендіктен оған жапсырылған қосымшаларды көрер едік. «Университетте көп жылдық және жемісті педагогикалық қызметі үшін...», «Оқу-өндірістік қызметтегі абройлы еңбегі мен жеке үлесі үшін...», «Студенттердің ғылыми еңбектеріне басшылық жасағаны үшін...» дегендей сөз жолдарымен басталатын марапат бұйрықтар көл-көсір екен. Олардың бар-жоғын енді ғана біле бастапты...

Бүгіндері өмір «өзінің маңдайына жазған» жолмен жүріп жатыр. «Қазғарыш» агенттігінің төрағасы Талғат Мұсабаевтың «Біздің мәліметтерге сәйкес, сол қанаттағы 81-алаңнан ұшқан зымыранның 10-15 секундтен кейін 1-сатысының қозғалтқышы істен шыққан салдарынан зымыран жерге құлады. Бортында 600 тонна гептил, амил, керосин мен оттегі болды... Соның негізінде аспанға топырақ тәрізді жер массасы көтеріліп, сары-қоңыр түсті бұлт түзілді. Ол аса қауіпті емес» [Түркістан – 2013 – 4 шілде], – дегені бар...

Осынысы рас болса – рас шығар. Өйткені: Премьер-министр үкіметтік комиссия құрып, тексеру қажетттігін айтқанда, Ресей мен Қазақстанның «екі-жақты», «шөре-шөре» ғарышкері «Бұл апат емес, Ресейдің ішкі шаруасы. Олар комиссия құрмаңдар» деп отыр», – дегені тағы бар. Қасірет қазақ жерінде болып жатқанда, онымен шаруасы болмаған славяндардың күйеу баласынан не үміт, не қайыр?!

Міне осындай өмір қалпымыз...

Пайғамбар жасынан да тұтас бір мүшел өткен шағында өз бойынан пәлендей алып-жұлып бара жатқан не физиологиялық, не психологиялық қиғаштықты сезіп жүрген журфактың баспа ісі және дизайн кафедрасының профессоры жоқ.

Қиялгер жазушы, филология докторы, журналистика профессоры, әлемдік фантастика үлгілерімен қазақ оқырманын таныстырушы тәржімеші. Бәрінен бұрын – болашақ журналист, баспагерлердің оқытушысы. Өзінің туындылары мен ғылыми-теориялық тұжырымдамаларын жақсы жағынан көрсеткісі келген рецензия, мақалалардан гөрі бір дос-әріптесінің «аузынан шығып кеткен» бір пікірін қатты қадірлейді. Ол: «Бұның кітаптарының тиражынан шәкірттерінің тиражы көп», – деген-ді.

«Қазақстан Республикасының Білім беру ісінің құрметті қызметкеріне», «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысына» тап осындай «салыстыру» үшін де өмір сүруге болар!

Ал, америкалық математик әрі қиялгер-жазушы Вернор Виндждің кәзіргіден 20 жыл ертеректе «Таяу арадағы отыз жылда бізде адамнан асып түсетін интеллект жасап шығару мүмкіндігі туады. Содан көп ұзамай адамзат заманы аяқталса керек», – деп жазғаны бар. Біздің әріптес қиялгер-сәуегей автордың кесіп-пішіп берген мерзімінің үштен екі бөлігі өтті. Енді ол жобалаған супер интеллектінің «тууына» 10-ақ жыл қалды. Ол «апокалипсисті» де көріп алармыз. Әзірше бірімізге біріміз «сіз», «біз» – деп, күнелте тұрармыз...

Қайтеміз?!.

(← кері)

Нақты қайнары: http://www.elarna.net/koru_kk.php?tur=30&id=200833
Пікірлер

Жолдаушы №: 5058 - Уақыты: 2015/03/13 - 05:38

Маған бұл атамыздың "өмірден өткенбе әмде өтеген бе" осы сұрақ мені қатты мазалайды

Жолдаушы №: 4944 - Уақыты: 2015/01/27 - 05:30

Өлригрлгрсмрөпрөпрсәррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррр

Жолдаушы №: 4943 - Уақыты: 2015/01/27 - 05:30

Өлригрлгрсмрөпрөпрсәррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррррр

Жолдаушы №: 4348 - Уақыты: 2014/03/14 - 06:40

5арышта5ы 0ымыз керек

Жолдаушы №: 4344 - Уақыты: 2014/03/13 - 05:58

Ғарыштағы қымыз әңгімесі қайда???

Көрші сілтемелер