Нұрәлем Facebook-ке Жазыл Тәңіртау YouTube-ке Жазыл Қазақтың 1001 Ертегісі (PDF)

Жүктеу-Албомым-Албомдар-Желі
Осы торды сақтаймын! | Осы торды бас бет етемін!

Біздің байланыс: elarna2012@gmail.com


Жаңа есімдердер жарқыраса болар еді… – Астана Ақшамы



Нұрәлем Facebook-ке Жазыл Тәңіртау YouTube-ке Жазыл Қазақтың 1001 Ертегісі (PDF)

Түрі: Ақжол мақалалары

Жолданған уақыты: 13:45 - 2021/04/08

Нақты Көзі: https://www.astana-akshamy.kz/zhanga-esimderder-zharqyrasa-bolar-edi/


Жаңа есімдердер жарқыраса болар еді… – Астана Ақшамы

Елімізде «Қазақстан 100 жаңа есім» жобасы IV маусымын бастады. Жеңімпаздар әдеттегідей 100janaesim.ruh.kz сайтында онлайн жинаған дауыс санына қарай әрі әділқазылардың шешімімен анықталады. Байқайсыз ба, жоба басталысымен әлеуметтік желілерде «бауырым еді, дауыс беріп жіберші» дейтіндер де арта түсті. Ондайлардан өзім ұялатын болдым, өтінішін орындамасам, достығыма сызат түсердей сезіледі. Дауыс бере салайын десем, сайты дұрыс жұмыс істемейді, қатады да қалады. Әйтеуір, бір минуттың шаруасы ұзаққа созылады. Бір емес, төртінші рет өткізіліп отыр ғой, баяғы жартас – сол жартас. Ал сол жобаның алғашқы кезеңінде суырылып алға шыққандардан қайсысы есіңізде? 102-сі топ жарып, жеңімпаз атанып еді. Қазір кімді қай еңбегімен танисыз? Есімдері енген «100 жаңа есім» кітабы қолыма әлі тиген жоқ. Миллиондар арасынан шыққан мықтылар жобадан кейін нендей жаңалық жасады? Халық таңдауымен танымал болған, ел үмітін арқалаған ерлер сенімді қашан және қалай ақтайды? Жыл сайын үздіктерді халық болып таңдап аламыз. Оларды «100 жаңа есім иелері» дейміз. Бірақ шыны керек, мектеп оқушылары, студенттер «100 жаңа есім» иелеріне емес, TikTok, Instagram-нан түспейтін блогерлерге, әнші-бишілерге қарап бой түзеп жүр әлі. Өскелең ұрпаққа ісімен үлгі болар нағыз таланттарымызды тауып алсақ та, ойын-күлкіден басқа берері шамалы желінің жасанды жұлдыздарынан атағы аса алмай тұрған сияқты. Жалпы «100 жаңа есім» жобасы елге не береді? Қатысушылар жобадан қандай пайда тапты, нендей сабақ алды?

Дауыс санымен анықтау дұрыс па?

– 7 жылдан бері жастар саясаты, білім, ғылым саласында жүргендіктен, жастармен үнемі байланыста болғандықтан байқауда бағымды сынап көруге бекіндім. Биыл жобаға насихат жағы жетіспей тұр. Ауыл-аймақтар арасында көбірек айтылмай қалды. Ақпараттандыру жұмыстары бәсең жүрді. Сол себепті көптеген ауылдың мықты жастары қатыса алмай қалды. Осы салада жүрген мен кездейсоқ, биліктегі ағаларымыздың әлеуметтік желідегі парақшасынан көріп қалдым. Қатысуға өтініш білдірудің аяқталуына 3 күн қалғанда естіп, үлгеріп қалдым. Жекеме жазып жатқан азаматтар көп. Ақпараттандырудың толық жүргізілмегендігінен қаншама жастар тыс қалып қойды.
Сайт өте баяу жұмыс істейді. Себебі 3000-ға тарта қатысушы бар. Бір мезетте миллионнан аса адам дауыс беріп жатуы мүмкін. Осы мәселені ескеру керек. Дауыс беру жағынан да қиындықтар туындауда. Себебі халқымыздың 100 пайызы заманауи технологияларды қолданбайды немесе әлеуметтік желілерде отырмайды. Электрондық пошта бәрінде бар деп те айта да алмаймыз.
Байқаулар біржақты, яғни арнайы комиссияның шешімімен нәтиже шығарылса, әділетсіз өтуі мүмкін. Ал енді жалпыхалықтық дауыс санымен таңдау өте дұрыс шешім деп есептеймін, – дейді жоба қатысушысы, Қазақстан студенттер альянсының президенті Ілияс Түстікбаев.
Мықтыны желідегі жинаған дауыс санымен анықтауға түбегейлі қарсылар да табылады. Неге? Қаласа, сайттың иелері өздері-ақ дауыс санын арттыра алады өйткені. Онлайн байқаулардың 100 пайыз әділ өтетініне, пысықтардың дауыс санын қолдан көбейтіп, қулыққа баспайтынына кепілдік жоқ деп есептейді IT маманы, балалар жазушысы Мейіржан Жылқыбай. Сонда қайтпек керек?
– Мені де онлайн дауыс беру ар­қылы өтетін байқауларға шақырған, сыртымнан ұсынғандар болды, бірақ бірден бас тартамын. Себебі кім танымал, кімнің туысы мен досы көп немесе әлеуметтік желіде белсенділер жеңіп кетеді. Өз басым дауыс та бермеймін. IT саласының маманы ретінде айтарым, бір IP-адрестен, бір проксиден тек бір дауыс қабылданады деген талап бар, бірақ мұның бәрін аттап өту қиын емес. Әртүрлі IP-адрес көрсету үшін қаншама VPN бар. Анонимайзер арқылы да кіріп кетуге болады. Мұндай «накруткадан» қор­ғалған технологиялар бар екенін мойындауымыз керек, бірақ олар 100 пайыз сенімді болмаған және болмайды да, – дейді ол.
Жоба 2017 жылы бастау алған. Осы уақыт аралығында 163 азамат жүйрік шықты. Биылғы «100 жаңа есім» жобасында қазылар алқасының құрамына жобаның өткен жылдардағы жеңімпаздары енді.
– Әрине, сайыс болған соң техникалық ақаулар болып тұрады. Жобаның техникалық жағынан қамтамасыз ететін мамандар күні-түні жұмыс істеу­де. Әр қатысушыға келген дауысты модерациядан өткізіп, сайтқа өткізуде. Сонымен қатар кейбір қатысушылардың атынан «накрутка» болып жатыр. Біз ұйымдастырушы ретінде қатысушыны екі рет ескертеміз, дауыстарын шегереміз. Ал үшінші рет қайталанған жағдайда қатысушы сайыстан шығып кетеді, – дейді ұйымдастырушы топ өкілі Бибігүл Құламан.

Толық жетілмеген жоба

– Маған не өзгеріс берді? Сұхбаттарға шақырту алдым, мен жайлы деректі фильм түсірді. Елбасымен кездестік. «100 жаңа есім» жобасы әлі піспеген деп есептеймін. Себебі мықтыларды таңдап алады, сонымен бітті, яғни аяқсыз жоба. Елбасы ұсынған жобаны жоғары деңгейде өткізу керек. Бірақ бізде деңгей төмендеп барады. Мен екінші кезеңде, яғни 2018 жылы қатысып, жеңімпаз атандым. Есімдеріміз кітапқа енді, ол кітаптың электронды нұсқасын бізге жіберді. Қағазға басылып шықты ма, шықпады ма, ол жағы белгісіз. Жобаға бюджеттен қаржы бөлінді, ұйымдастырды, үздіктерді таңдап алды да, әрі қарай олармен жұмыс жасалмады. Жобаның асып бара жатқан ештеңесі жоқ. Бірінші кезең жеңімпаздарының суреттері билбордтарға ілінді. Біздікі сөз жүзінде қалып қойды, қаладан суреттерімді көрген де жоқпын, – дейді гипер­реалист мүсінші Айдос Есмағамбетов.
Жоба жеңімпазы үздіктерге идеясын іске асыратын орталықтар ашып немесе дүниежүзілік додаларға қатыс­тырып, еліміздің байрағын әлемдік додаларда желбіретуіне мүмкіндік беру керек дейді.
– Іштегі затты әлемге танытып, олардың елге жеңіспен оралуына жол ашу керек. Таңдап алғаннан кейін жеңімпаздарды соңына дейін таныту керек еді. Мен адамдардың шынайы мүсіндерін жасаймын. Музей ашсын демеймін, музейдің бір бұрышын берсе, шәкірт тәрбиелеуге жағдай жасаса, жоба сөз жүзінде емес, іс жүзінде мақсатын орындаған болар еді. Сонда ғана жобаға кеткен қаражат ақталады.
Бір жылда мықтыларды іріктесе, келесі жылы солармен жұмыс атқарылу керек. Солардан нәтиже шықса, соны халыққа көрсетсе дұрыс болатын еді. «Оскарға» қол жеткізу – қиынның қиыны. Қазақстаннан ешкім алып көрген жоқ. Сол секілді ауқымды әрі күрделі жоба керек елімізге. Болмаса осыны үш жылда, я 5 жылда бір рет өткізсін. Ерекше таланттар жыл са­йын табыла бермейтінін түсіну керек. Егер дәл осылай кете берсе, жоба абыройын жоғалтып алады, – деп тарқатты мүсінші.

Жеңімпаздарға не пайда?

Алғашқы жеңімпаз атанған ғалым Диас Тастанбеков жобадан материалдық пайда күтетінін және олардың сол үміті ақталмайтынын айтты. Қазір өзі халықтан алған «несиесін» өтеу үшін аянбай еңбектеніп жүр екен.
– «Жобаның пайдасы жоқ» дегенмен келіспеймін. Пайдасы – жоба жеңімпаздары танымал болады. Нәтижесінде кәсіпкер болса, тауарының өтімділігі артады, ұсыныстар көбейеді. Ал ғалымдар жоба арқылы атын танытып, жоспарын танымал қылып, инвестор тарта алады.
Маған тілшілер көп хабарласты, сұхбат бердім. Сол арқылы аз да болса елге белгілі зерттеуші ретінде қалыптастым. Десе де бұл маған берілген несие деп есептеймін. Себебі өзімді ең мықты ғалым деп санамаймын. Қазір халықтың сенімін, үмітін ақтау үшін еңбектенудемін.
Екінші пайдасы – жаңа орта қалыптасты. Оның өзі де үлкен пайда. «100 жаңа есімге» кіргендер әртүрлі саланың мықтылары ғой, олар өзара таныс-біліс болып, жаңа жобалардың пайда болуына негіз бола алады. Мәселен, кәсіпкер Арман Тосқанбаев пен маммолог Дана Башебаева бірігіп, онлайн кеңес беру жүйесін жасап шықты. Олар осы жобада танысып, екінші мүмкіндікті ұтымды пайдалана білді. Бізде осы мақсатта құрылған әлеуметтік желілерде ортақ чаттар бар.
Індет асқынған тұста антисептик, маска, медициналық қолғаптардан жиынтық жасап, сатылымға шығардық. Одан түскен қаражатқа індетпен күресте еңбектеніп жүрген дәрігерлерге азық-түлік алып бердік. Осы тұста «100 жаңа есім» жобасының ұйымдастырушылары жиынтықтарды сатуға, ақпарат тарату жағынан қолдау көрсетті. Жоба идеясы мықты. Алайда ол өткеннен кейін жеңімпаздармен байланыс жағы ақсап тұр. Дұрыс басталды, бірақ дұрыс жалғаспағанын мойындау керек, – дейді Диас.
Ұсыныс – жеңімпаздармен байланысты нығайту керек. Олар қоғамның белсенді тобы болғандықтан, барынша мемлекеттің өркендеу жолына пайдалану керек. Әрқайсында тың идеялар мен елімізге пайдасын тигізер жобалардың барына күмән жоқ. Диас бастаған белсенді топ өз идеялары мен ерекше жобалардың тізімін жасап, ұйымдастырушылардың поштасына жіберген екен. Алайда әрі қарай жөнді нәтиже болмапты.
– Ұйымдастырушылар тарапынан белсенді әрекеттер жасалмады. Жобаны әлі де жетілдіру керек. Қазір танымалдар – блогерлер. Жоба жеңімпаздары солардың деңгейінде танымалдылыққа ие болу керек қой. Сонда ғана өсіп келе жатқан буын оларға ермей, әр саланың үздіктерінен үлгі алатын еді, – дейді Д.Тастанбеков.

Алғыс хат жинағандар емес, жетістікке жеткендер жеңсе…

Мұғалім Айнұр Расылханова жеңімпаздардың суретін қабырғаларға іліп қойғанмен іс бітпейді дейді. Кезінде жеңімпаз атанғандардың біреуі қамалып кетті, енді бірі жұмыстан қуылғанын айтып, қатысушыларға көңілі толмайтынын жеткізді.
– Менің ойымша, алғыс хат жинағандарды емес, еңбек адамдарын таныту керек. Қой бағатын, бие сауатын азаматтар тапшы, соларды көпке көрсету қажет. 200 қойдан кәсіп бастап, қазір оның санын 20000-ға жеткізген келіншек бар. Сондай көрсеткішке ие еңбек адамдарын жүздің бірі етуге болады ғой. Күн сайын эфирге шығарса, үлгі алатындар артады. Немесе 5 пайызбен несие берсе, соның өзі үлкен көмек болар еді. Қазіргі баспанаға бағыт деп жүрген Дәулет қатысса түсінер едім. Себебі ол Ұлттық банк қызметкерлері, екінші деңгейлі ондаған банк қызметкерлерінің істемегенін жалғыз өзі жасады. Оны жүздің бірі етсе, қос қолыммен дауыс берер едім. Неге? Себебі ол халыққа қызмет етеді. Ал бізде кім екені де белгісіз азаматтар қатысады, содан кейін олардың не бітіргенін ешкім де білмейді, – дейді ол.
Жобаның еліміз үшін маңызы жоғары. Саясатта, өнер, ғылым мен бизнес жаңа есімдерге мұқтаж екендігі даусыз. Осы орайда Мәжілістің бұрынғы депутаты, «Ел тірегі» партиясының негізін қалаушы, «100 жаңа есім» жеңімпазы Нұржан Әлтаев жеңімпаздармен жұмыс істелмесе, халықтың жобаға деген сенімі жоғалады дейді.
– Ғалымдарымыздың арасында дүние жүзіне белгілі азаматтар бар. Олар таныспен емес, байқауларда топ жарып, үлкен қызметтерге тағайындалып жатыр. «100 жаңа есім» жобасына еніп қана қоймай, әрбір жеңімпаз үлкен жауапкершілік алады. Жоба мақсаты – талантты қыз-жігіттерді тауып, оларды халыққа көрсету. Жастарымыздың арасында тамыр-таныссыз биікке ұмтылу қиын деген пікір қалыптасып кеткен. Жоба соны жоққа шығарады. Әрбір жас алдына мақсат қойып, талаптанса нәтиже шығады.
Жоба жақсы жүріп жатыр. Менің жағымнан көмек керек болса, қолдауға, бірігіп іс тындыруға дайынмын. Себебі жеңімпаздарды көбірек пайдалану керек. Кезінде жеңімпаз болған соң студенттермен, оқушылармен көбірек кездесулер ұйымдастырылады деп күттім. Өңірлерге сапарлап, кездесулер өтеді деп ойладым. Бірақ кездесулерді ешкім ұйымдастырған жоқ, – дейді Н.Әлтаев.
Ruh.kz порталының шығарушы редакторы Сұлтан Мұстафин жаңа маусымда жобаның жеңімпазы атануға лайық үміткерлер санының көп екендігін алға тартады.
– Жобаға өтінімдерді қабылдау 22 ақпан мен 22 наурыз аралығында жүргізілді. Биыл жобаға қатысуға ниет білдірген үміткерлер саны рекордтық көрсеткішке жеткендігін де атап өткен жөн. Бір ай ішінде Қазақстанның барлық өңірлерінен 2790 өтінім келіп түсіпті. Қатысушылар, негізінен, мәдениет және спорт, білім және қоғам сияқты са­наттарда жеңістен үмітті, – дейді Сұлтан Мұстафин.
Осы жылы сауалнамалар «мәдениет және спорт», «қоғам», «білім», «медицина», «бизнес», «инновациялар» және «экология» санаттары бойынша қабылданды. Соңғысы – биылғы маусымның тағы да бір жаңашылдығы. Ал өңірлер арасында өтінімдер саны бойынша Шығыс Қазақстан, Маңғыстау және Ақмола облыстары алдыңғы қатарда. Биыл дауыс беру кезеңі 12 сәуірге дейін созылғандықтан, жеңімпаздарды анықтау рәсімі сәуір айының екінші жартысына шегерілген.

Наима Нұралықызы

Нақты қайнары: http://www.elarna.net/koru_kk.php?tur=7&id=1385517
Пікірлер

Көрші сілтемелер