НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елорданың полиция қызметкерлері 13 қабатты үйдің шатырынан секірмек болған жігітті ойынан қайтарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Нұр-Сұлтан қалалық полиция департаментінің Жедел басқару орталығына елорда тұрғынынан Отырар көшесіндегі 13 қабатты үйдің шатырында бір адамның отырғаны және секірмекке әрекеттеніп жатқаны туралы хабарлама түсті. Оқиға орнына Патрульдік полиция полкінің полиция капитаны Еркебұлан Жанкебаев пен аға лейтенант Кенжебек Нұрғайсенов жіберілді», - делінген департамент ақпаратында.
Ведомство мәліметінше, оқиға орнына 5 минуттың ішінде жеткен сақшылар үйдің шатырына көтеріліп, секірмек болып отырған ер адамды көрген. Ал полиция қызметкерлерін байқаған жігіт оларға жақындаса секіріп кететіндігін айтып, қоқан-лоқы жасаған. Жігіттің көңілін аулап, уақыт ұту үшін Кенжебек Нұрғайсенов оны әңгімеге тартқан. Әңгімелесу барысында мас күйдегі 28 жастағы жігіттің бірге тұратын келіншекпен ренжісіп қалғаны анықталған. Полицейлер жігітті райынан қайтарып, төменге аман-есен түсірді және оған психологиялық көмек көрсетіліп, дәрігерлердің қолына табыстады.
«Жігіттің назарын басқа жаққа аударып, ақылға келуге, отбасылық жанжалдың әркімде болатындығын және ол өміріңді қиюға себеп емес екендігін айтып көндіруге тырыстық», - деді Еркебұлан Жанкебаев.