Нұрәлем Facebook-ке Жазыл Тәңіртау YouTube-ке Жазыл Қазақтың 1001 Ертегісі (PDF)

Жүктеу-Албомым-Албомдар-Желі
Осы торды сақтаймын! | Осы торды бас бет етемін!

Біздің байланыс: elarna2012@gmail.com


Оралдық магистранттар қазақ әдебиетін оқиды



Нұрәлем Facebook-ке Жазыл Тәңіртау YouTube-ке Жазыл Қазақтың 1001 Ертегісі (PDF)

Түрі: Егемен торы

Жолданған уақыты: 12:54 - 2021/03/06

Нақты Көзі: https://egemen.kz/article/267977-oraldyq-magistranttar-qazaq-adebietin-oqidy


Биыл «Бір ел – бір кітап» республикалық акциясы аясында «Тәуелсіздіктің 30 жылдығына – отыз кітап» атауымен танымал қазақстандық авторлардың поэзия, проза, драматургия, балалар әдебиеті және аударма саласындағы 30 үздік шығарма жалпыхалықтық оқуға іріктелген еді. Махамбет Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан университетінің Ғылыми кітапханасында осы акцияның «Проза» жанры бойынша таңдалған кітаптарды талдауға арналған әдеби кеш өтті. Оған «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығында оқитын магистрант жастар қатысып, проза жанры бойынша таңдалған кітаптардағы туындыларға әдеби талдау жасады.

- Жазушы Тобық Жармағамбетовтың «Қарала сиыр», «Отамалы», «Қызыл ай», «Майлы аяқ», «Уақыт», «Жан», «Қара жаңбыр» шығармаларында қаламгер өзі өмір сүріп жатқан заманның ақиқат шындығын, зұлмат соғыстың зардаптарын еш бүкпесіз баяндаған. Қай шығарманың да өзегі культтық, діни құндылықтардан алыстамаған. Қарапайым ауыл тұрмысы, қарапайым ауыл тұрғындары баяндалғандықтан бұл кітап өз оқырманын сендіреді. Түсінікті сюжеттерімен, диалог арқылы берілген характерлер шарпысуымен бұл кітап оқырманын оп-оңай автор суреттеген заманға алып кетеді. Тобық Жармағамбетовтың «Отамалы» кітабын оқыған кезде бабаларымыздың қиыншылыққа толы ғұмыры көз алдымнан өткізіп, осы күніміздің қадіріне жетіп, азаттығымыздың баға жетпес байлық екеніне тағы бір мәрте көз жеткізгендей болдым, - дейді 1 курс магистранты Жарқынай Харисова.

Оның әріптесі Әйгерім Қайырғалиева жақында ғана мемлекеттік сыйлыққа ие болған көрнекті жазушы Тынымбай Нұрмағамбетовтың «Періштелердің өлімі» жинағын оқып шыққан екен. «Автор осыған дейін көбінесе ауыл өмірі тақырыбын шығармаларына арқау ететін. Бұл жолы жаңа заман адамдарының өміріне қалам тербепті. Қазіргі жаңа заман адамдарының жантүршігерлік ауыр күйі, талпынысы, құлшынысы осы кітаптардағы шығармаларға сыйып тұр. «Жыланның уы» хикаятындағы жансыздандырылған, қоршаған ортаға реакциясы жоқ үрейлі кейіпкер айналасындағы оқиғалар, «Сәмбіталдың мұңы» хикаятындағы Алдияр ақсақалдың ары мен ұяты бай көркем тілмен жеткізілген. Бұл кітап өзекті тақырыптарымен оқырман көңілінен шықты дер едім» дейді Әйгерім.

Жоғарыдағы магистранттардың ұстазы, филология ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Рита Сұлтанғалиева университет қабырғасында әдебиет саласындағы ғылыми-зерттеу жұмыстары жақсы жолға қойылғанын айтады. Сонау 1930 жылдары Қажым Жұмалиевтің тұсында іргетасы қаланған әдебиет үйірмесінің алтын жібі әлі күнге үзілген емес. Бүгінгі «Мен оқыған бір кітап» әдеби кеші сынды шаралар жас ғалымдардың ғылыми зерттеу, әдеби сын дағдыларын меңгеруге ықпал етеді. Белгілі бір автор мен шығарманы нысанаға алып, оны әлемдік әдебиет үрдісімен салыстыра, байланыстыра зерттеу, ол ізденісті әдеби ортада талқыға салу – қазіргі заманда аса қажет шараның бірі. Қазақ әдебиетінің насихаты десек те болады.

- Абыз қаламгер Әбіш Кекілбаев ағамыздың «Адамды адам еткен – кітап, адамзат еткен – кітапхана» деген әдемі сөзі бар. Сондықтан оқырман жас көп болсын, оқитын кітабы бір емес, мың болсын дейміз, - дейді Рита Бекжанқызы.

Махамбет университетінде өткен әдеби кеште магистранттар Мәдина Жаледден Тұрысбек Сәукетайұлының «Желқайық» романын, Ақмаржан Қобыландиева Сәуле Досжанның «Қасірет пен тағдыр» романын, Айым Қайыржанова Дәурен Қуаттың «Бөрісоқпақ» кітабын талдап, өз ойын ортаға салды. Ал Ербол Қуандықов Юрий Серебрянскийдің «Дәмді де пайдалы: қазақстандық әдебиет жайлы» атты кітабын оқығанда туған ойларымен бөлісті.

- Мені сырт көз, өзге ұлт өкілінің қазақ әдебиетін қандай бейнеде көретіні қызықтырды. Оларға біздің әдебиетіміз жат па? Байқауымша, Юрий Серебрянский әдебиеттің қазіргі келбетін өзінің тәжірибесі арқылы сомдаған екен. Жаңа заманда қазақ әдебиетінің алатын орны, оның проблемалары, әлеуметте айтуға болмайтын тақырыптарда сұқбат алған адам тағдырлары арқылы оқырманға өзіндік ой айтқан, - дейді магистрант.

Әдеби кештің арнайы қонағы болған жас қаламгер, драматург Рахат Әлішердің де алдыңғы буын қаламгер шығармалары туралы өз пікірі бар екен.

- Дәурен Қуаттың «Күнікей – Кірекей» әңгімесіндегі уақыт пен кеңістік шебер сипатталған. Аюдың аңшыдан кек алу мотиві де, біраз уақыттан соң әйелдің аю тілін ұғуы да сенімді. Ал «Бөрісоқпақ» әңгімесінде ұжымдастыру заманындағы тар жол тайғақ кешкен қазақты жақсы суреттейді. Әйтсе де көсем қасқыр жайлы бөлім, оның арғы қазақпен ұйқасуы табиғи емес, автор көп күш салғандай әсер қалдырады, - дейді жас қаламгер.

Әдеби кешке қатысқан жастар университеттің Ғылыми кітапханасы ұйымдастырған «Отыз жылдыққа – 30 кітап» атты көрмені тамашалап, болашақта да осылай бас қосып тұруға уағдаласып тарасты.

 

Батыс Қазақстан

Нақты қайнары: http://www.elarna.net/koru_kk.php?tur=4&id=1367025
Пікірлер

Көрші сілтемелер