Нұрәлем Facebook-ке Жазыл Тәңіртау YouTube-ке Жазыл Қазақтың 1001 Ертегісі (PDF)

Жүктеу-Албомым-Албомдар-Желі
Осы торды сақтаймын! | Осы торды бас бет етемін!

Біздің байланыс: elarna2012@gmail.com


Әйел жаны гүлге құштар – Астана Ақшамы



Нұрәлем Facebook-ке Жазыл Тәңіртау YouTube-ке Жазыл Қазақтың 1001 Ертегісі (PDF)

Түрі: Ақжол мақалалары

Жолданған уақыты: 12:00 - 2021/03/06

Нақты Көзі: https://www.astana-akshamy.kz/ajel-zhany-gulge-qushtar/


Әйел жаны гүлге құштар – Астана Ақшамы

Гүлді жақсы көрмейтін әйел заты жоқ шығар. 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күнінде көше бойы гүлге толып, гүл саудасы қыза түседі. Гүлдің де, гүлді сатып алушылардың да қарасы көп. Сұлулық символы ретінде қыздарға баланатын гүлдің адам жанын емдейтін, көңіл күйін көтеретін де қасиеті бар.

Гүл сыйлау қашан басталған?

Өткен ғасырда адамдар гүл сыйлау арқылы өзінің кез келген сезімін білдіре бастайды. Гүлдеген шие ағашының бұтағын сыйлау арқылы махаббатын білдірсе, сыйланған сүмбігүл (гиацинт) саны арқылы кездесу күнін белгілейтін болған. Сол кездің серілері ғашықтарына ақ раушан гүлін сыйлап ұсыныс жасаса, одан келісім ретінде дәстүргүлді (маргаритка) күтеді екен. Сезім мен махаббаттың барша адамзатқа ортақтығы тәрізді, гүл сыйлау дәстүрі де – жалпы құндылық. Дегенмен әр гүлдің шығу тарихы туралы әртүрлі қызықты деректер бар. Мысалы, кішкентай ботакөз (незабудка) гүлі әлемнің көп тілінде бір мағынаны білдіреді. Ағылшынша forget-me-not, немісше vergissmeinnicht деп аталады. Аңыз бойынша Құдай әлемдегі кішкентай гүлден басқа гүлдердің барлығына атау беріп, кішкентай гүлге: «Ұмытпа мені! Осы сенің атың болады» депті-мыс.
1720 жылы Карл Линней гүлдердің «уақытқа бейімделу» қасиетін пайдаланып, Швейцарияның бір шағын қаласында алғаш рет гүлді сағат ойлап тапты. Бұл ерекше сағаттың цифрлы беті бірнеше бөлімнен тұрды. Әр бөлімде гүлдің нақты бір түрі өседі. Мұндай сағаттың көмегімен уақытты дәл анықтауға болатын. Алайда гүлді сағаттың бір кемшілігі бұлтсыз ­шуақты күнде ғана жұмыс істейтін еді.

Жұп гүл ажал әкелмейді

Гүл сыйлау мәдениеті бойынша халық арасында тақ санды гүл сыйлау керек деген ұғым бар. Екі не он гүл берсе, ренжіп, алмай жатады. Мұның себебі неде? Бұл түсініктің түбі қайда жатыр? Ежелгі орыс халқында «ажал жалғыз келмейді» деген ұғым болған. Біздегі «қырсық бір айналдырса, шыр айналдырады» деген түсінікке жақын. Яғни посткеңестік елдер осы қағиданы ұстанып, жұп санды гүлдерді қабірге ғана апарады. Сондықтан да шығар көпшілік әлі күнге дейін тірі адамға жұп гүл сыйлауды өлім тілеу белгісі ретінде қабылдап жүр.
Көктем мерекесі жақындаған сайын жақынын қуантуға асыққан жандар «биыл қандай гүл сыйласам екен?» деп жиі ойланары сөзсіз. Гүлдің саны ғана емес, түсінің де, түрінің де өзіндік астарлы мағынаға ие екенін білетін шығарсыз. Айталық, раушан ежелден өте тартымды гүл ретінде саналады. Ақ түсті раушан пәктік пен тазалықтың нышаны болса, қызыл түс – ма­хаббат пен сүйіспеншіліктің, сары раушан – қуаныш пен бақыттың белгісі. Ал қызғалдақ – шынайы сезім мен таза махаббаттың символы. Дегенмен көпшіліктен ерекшеленемін десеңіз, мерекеде дәстүрлі раушан мен қызғалдақты сыйламай, басқа гүлдерді де таңдап көріңіз. Мысалы, құрбыңызға сарыгүл, бақытгүл (хризантема), түймедақты таңдасаңыз болады. Анаңыз бен әпке-қарындастарыңызға қалампыр, қырмызыгүл, қызғалдақ, күнбағар, альстромерия, жанаргүл (горицвет), дәстүргүл (маргаритка) – таптырмас сыйлық. Әжеңіз бен енеңізге сары қызғалдақ, ақ раушан, көк гүл (фиалка), лотос, сары раушан, эпигея, зәйтүн керемет таңдау болары анық. Әріптесіңізді гүл сыйлап қуантқыңыз келсе ақгүл, Гран При раушаны, сарғалтақ (лютик), магнолия секілді гүлдерді тарту еткеніңіз дұрыс.

Гүліңіз ұзақ өмір сүрсін десеңіз…

Адамдар 10-15 күнге дейін балғындығын сақтап тұрған гүлдерді көріп таңғалады. Солмағанына тамсанып: «Сірә, шын ниетімен сыйлаған ғой» деп жатады. Әрине, романтикаға сенуге болады, бірақ оның құпиясы басқада. Ресейлік флористер қауымдастығының президенті Валентина Сафронова мерекелік гүл шоқтарын өз қалпында ұзақ сақтауға минералды суды қолдану керек дейді. Ол үшін әдеттегі ағынды судың орнына минералды су қосасыз. Минералды судағы көмірқышқыл газы қиғаш кесілген және таза вазаға салынған гүлдердің өмірін ұзартуға көмектеседі. Маман гүлдерге ағартқыш пен аспирин, қант қосу әдістерінің пайдасын жоққа шығарды. Олар, керісінше, гүлдердің жағдайын нашарлатады екен. Себебі қант өсімдікті өлтіретін бактерияларды дамытады. Сонымен қатар гүл шоқтарын жел қатты соғатын жерге және жылытқыш батареяның қасына қоймағаныңыз абзал. Сондай-ақ үйге әкелген гүл шоғын бірден ашып тастаудың қажеті жоқ. Оларға «өзіне келуге» уақыт беріңіз. Ол үшін гүлді 20-30 минутқа сол күйінде қалдыру керек. Гүлді құмыраға салмас бұрын оның түбін тағы да қиғаш кеседі.

Елордада құны қанша?

Мереке қарсаңында қаламыз гүлге көмкеріледі. Сұраныс та, ұсыныс та бар. Ал бағасы шарықтай түскен. Нұр-Сұлтан қаласындағы гүл нарығын зерттеп, бағасы қанша екенін анықтап көрдік. Нарықта қызғалдақтардың инелі және қарапайым, голланд және жергілікті түрлері сатылымда. Жергілікті қызғалдақтар 300 теңгеге, ал оның шетелден әкелінетін түрлері 600 теңгеден сатылуда. Раушан да жергілікті және сырттан әкелінетін болып бөлінеді. Жергілікті раушан бағасы 600 теңгеден болса, шетелдіктің құны 800 теңгеден 1200 теңгеге дейінгі аралықта. Гүл сату бизнесімен 2 жыл айналысып келе жатқан жас кәсіпкер Мадияр Тамабектің айтуынша, шамамен жай күндері сатылатын гүлдің 4-5 айдағы мөлшері мерекенің бір күнінде өтіп кетеді екен. «Гүлдерді әртүрлі елдерден, раушанды Эквадор мен Кениядан алдырамыз. Сонымен қатар Алматы, Шымкент пен Степногорск қалаларындағы жылыжайлардан да келіп тұрады. Гүлдерді ұзақ сақтау үшін арнайы күтім жасап, 2-5 градус аралығында тоңазытқышта сақтаймыз. Гүлді салатын ыдыс пен суы таза болуы керек. Кейбір жерлер арнайы кристалдар мен қант қосып жатады. 8 наурыз кезінде қызғалдақтарды көп аламыз. Қызғалдақ ұзақ сақталу үшін күн түспеуі қажет. Сатуға бір күн қалғанда ғана суға саламыз. Алдын ала салсақ, су көп «ішіп» өліп қалуы мүмкін. Шетелден келетін гүлдер мен жергілікті гүлдердің айырмашылығы көп. Біздікілер арзан болса да, сапасы төмен және түрлері аз. Кениядан алатын гүлдер тапсырыс бергеннен кейін кесіліп, қорап-қораппен дайындалады. Одан кейін бір аптадай жол жүріп келеді. Қабылдап алғаннан кейін тағы бір жетінің ішінде сатамыз. Сонда біз жаңадан әкеліп, балғын деп сататын гүлдердің өзі 2-3 апта бұрын кесілген. Ал жергілікті гүлдерді кесіп бізге жібереді, бірақ соның өзінде олар 4-5 күнде солып қалады» деді кәсіпкер.
Иә, отандық гүл сату нарығы жалпы сұраныстың тек 25 пайызын ғана қамтамасыз ете алады. Әйел бар жерде ән де бар, гүл де бар. Ендеше гүл сатудың өлмес кәсіп екені анық.

Көктем ҚАРҚЫН

Нақты қайнары: http://www.elarna.net/koru_kk.php?tur=7&id=1367006
Пікірлер

Көрші сілтемелер