Нұрәлем Facebook-ке Жазыл Тәңіртау YouTube-ке Жазыл Қазақтың 1001 Ертегісі (PDF)

Жүктеу-Албомым-Албомдар-Желі
Осы торды сақтаймын! | Осы торды бас бет етемін!

Біздің байланыс: elarna2012@gmail.com


Мемлекеттің экономикадағы үлесі азаяды



Нұрәлем Facebook-ке Жазыл Тәңіртау YouTube-ке Жазыл Қазақтың 1001 Ертегісі (PDF)

Түрі: Егемен торы

Жолданған уақыты: 10:51 - 2021/02/23

Нақты Көзі: https://egemen.kz/article/266428-memlekettinh-ekonomikadaghy-ulesi-azayady


Соңғы кезде Қазақстанның сырт­қы қарызы 160,9 млрд дол­лар­ға жеткені айтыла бастады. Сарапшылар болса, сыртқы қарыз бен мемлекеттік қарызды бір-бі­рі­­­­мен шатастыруға болмайты­нын айтады. 2020 жылдың қазан айын­дағы ресми мәлімет бо­йын­ша мемлекеттік сыртқы бо­рыш ел қары­зының тек 8,2%-ын неме­се 13,2 млрд долларды, ал ква­зи­мем­ле­кеттік сектордың сырт­қы бо­ры­шы  12,5%-ды немесе 20,1 млрд дол­ларды құрайды.

Экономист, Public Policy Resea­erch Center директоры Меруерт Махмұтованың пікіріне ден қой­сақ, 2000 жылдың ба­сын­­да мемлекеттің эконо­ми­кадағы үлесі 63 пайыз болатын. Былтыр бұл көр­сеткіш 15 пайызға төмендеуі тиіс еді. Бірақ Меруерт Махмұтова эконо­микадағы мемлекеттің үлесі квазисектордың есебінен жоғары болып тұрғанын айтады. «Бізде дербес компания ашқысы келген заңды тұлғалар ашық нарықта жұмыс істесе, мүмкіндігінше мемлекеттің қанатының астына па­на­лауға тырысады. Олардың эконо­миканың дамудағы үлесі өте төмен. Квази­секторға шектеу қоймай, мәсе­ле­ні шешу мүмкін емес», дейді М.Махмұтова.

«Қазақстандық миноритарлық ак­цио­нерлер қауымдастығы» ком­мер­циялық емес ұйымының атқарушы директоры (QAMS) Данияр Темір­баев Ұлттық банктің және екін­ші деңгейлі банктердің 2008 жылдан бергі уақыттағы ішкі нарыққа деген ұстанымын «крест жорығына» теңейді. Ұлттық банк бұл қатал теңеуді мойындамаса да, өз әрекетін күрделі жағдайды болдырмас үшін қабылданған шешім деп түсіндіріп әлек. «Бұл фактор ішкі нарыққа кері әсер етті: жаңа ойыншылардың ашық нарыққа шығу мүмкіндігі шектеліп қалды. Бұрыннан келе жатқан ойын­шы­­лар қаржы нарығының, оның ішін­де қор нарығының дамуына мүд­­де­лі­лік танытпады. Бұл фактор «ком­фортты аймақты еркін жайлап алған» кейбір ойыншылардың шетел­дік қаржы ұйымдарымен бәсе­келесу мүмкіндігін төмендетіп жібер­ді», дейді Д.Темірбаев.

 Д.Темірбаев айтып өткендей, әлем­дік пандемия кезінде эконо­ми­каның мемлекеттің көмегіне сүйен­ге­ні, мемлекеттің түрлі қаржы­лық те­тіктері арқылы экономиканы көтер­мелеуі − заңды құбылыс. Бірақ ка­ран­тиндік шектеулер алынып тас­талғаннан кейін мемлекеттің эко­­номикаға араласуының қажеті жоқ. Енді тек қандай бағытта алға жылжу қажеттігін айқындап ал­ған жөн. 2016-2020 жылдарға арнал­ған жекешелендірудің кешенді жоспарындағы IPO арқы­лы жеке­ше­лендіруге жататын 8 ком­пания­ның тек біреуі – «Қазатом­өнер­кәсіп» ҰАҚ» АҚ нарыққа шы­ға­рылған. Соңғы жиырма жыл ішінде Қазақстанда мемлекеттік компаниялардың тек 5-еуі ғана IPO-ға өткенін, ұлттық инвестор ата­нуға орта есеппен 4 жылда бір мүмкіндік берілетінін қаперге салды. Олар − «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру (ҚМГ БӨ), «Қазақтелеком», «ҚазТрансОйл» (ҚТО), «KEGOC» және «Қазатомөнеркәсіп». «Мем­ле­кет иелігіндегі компанияларды жекешелендіру кезінде халықтан ештеңені жасырып қалуға болмайды, үлестің кімдерге сатылғаны да, одан түскен қаржы қандай мақ­сат­қа жұмсалғаны да ашық айтыл­уы керек. Бұл процесті қазір интер­нет, аук­­цион жүйесінде IT мүм­кін­дігін қолдана отырып, жүргізуге болады», дейді Д.Темірбаев.

Сарапшылар мемлекеттің эко­но­­микадағы үлесінің көптігінен ішкі нарық көтерем жағдайға жет­кенін айтады: 2008-2020 жылдар арасында нарықтық құны 36,7 трлн теңгеге қаржыландырған 18 бағ­дарлама қабылданды. Тек 2008-2020 жылдар арасында ком­­мерциялық банктер берген корпоративті несиелердің жалпы көлемі 7,3 трлн теңгені құрады. Осылайша, мемлекет әртүрлі бағ­дар­ламаларды қаржыландырып келген­нен кейін банк секторы эко­номи­каны қаржыландыруға онша ын­талы бола қойған жоқ.

Экономикалық тұрғыдан ал­ған­да, қазіргі жағдай тұрақты. Асып-тасып кетпесек те экономи­ка­лық өсім бар. Бірақ сарапшы-кәсіпкер Санжар Боқаев Қазақстан экономикасында әйгілі «голланд ауруының» классикалық белгілері қоюланып бара жатқанын айтады. Бұл кедергі мемлекеттің эконо­ми­ка­дағы үлесін азайтуды бел­гісіз мерзімге ұзартып жібер­уі мүмкін. Сондықтан оның алдын алу шараларын қарастыру қажет. Мысалы, қол­даныстағы мемлекеттік бағдар­ла­маларды қысқартқан жөн. Бұл ішкі нарықты саны бар, сапасы жоқ компаниялардан тазартады, зейнетақы активтеріне, инсти­ту­ционалдық инвесторларға қа­тыс­ты ұсыныстардың пайда болуына жол ашады. «Әлемдік нарық­та мемлекеттік бюджет қар­жы­лан­дырылған бағдарла­ма­лардың тиім­ділігін тәуелсіз сарапшылар сараптайды. Біздің елде салалық бағдар­ламаларды дайындауға кім­нің қатысатыны белгісіз. Оны қаржы­ландыру да түрлі ведомст­во­лар арасында кезегімен үлес алып оты­ратын «қара кассаға» көбірек ұқ­сайды. Бағдарлама қаржы­лан­ды­рылды, қаржы қалтаға түсті, соны­мен іс бітті», дейді С.Боқаев.

Компанияларды мемлекеттің ие­лігінен ажырату процесінде кү­мәнді тұстардың көп екенін, бизнес қауымдастық олардың сатылатыны туралы республикалық газеттерден білетінін айтқан ол 40 млрд теңге тұратын компания бар бол­ғаны 3-4 млрд теңгеге сатылатынын атап өтті. «Біз бүгінге дейін осы процестің барынша ашық болуын, сатылымға шығарылған компаниялардың акцияларын ашық конкурста кім сатып алғаны жөніндегі мәліметтерді талап еттік әрі компанияны басқаруға кел­ген­дер­дің біліктілігі де соған сай болса екен дедік. Бірақ ұсыныс сөз жү­зін­де қалды», дейді С.Боқаев.

Қазақстандағы қаржы нарығын­да­ғы квазисектор дегенде ең алдымен микроқаржы ұйымдары еске түседі. Олардың қаржылық капиталы кейбір екінші деңгейдегі банктердің капиталын он есе орап алатынына банк қызметкерлерінің өздері таңғалады.

Ұлттық банк басшысы Ерболат Досаев былтырғы жылдың соңында Парламент Сенатының отырысында микроқаржылық ұйымдар эко­но­­миканың нақты секторын несие­лендіруге қатысатынын мәлім­деді. Оның айтуынша, банктердің шағын және орта бизнеспен жұмыс істеу­де­гі тәжірибесі аз. Есесіне, микро­қаржылық ұйымдардың тәжірибесі мол. Сондықтан бұл шешім – ШОБ-ты қосымша қаржыландыруға таптырмайтын мүмкіндік. Міне, осыдан кейін еліміздің барлық аймағында микрокредит ұйымдары құрыла бастады, оған әкімдіктердің қатысу үлесі 49%-ды құрады. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің басқармасы жа­ңа қаулының жобасын жария­ла­ды. Онда халыққа несие беретін ұйым­дардың борышкерлер үсті­нен көретін табысы заңмен рет­тел­ді. Сарапшылардың айтуынша, несиенің үстінен берілетін жоғары пайыз коммерциялық банк­тер­дің де, МҚҰ беретін кредитке де бір­дей қолданылады. Ең жоғары сыйақы арқылы олар аста-төк пайда көреді. Алдағы уақытта бұл тәжірибе жойылуға тиіс. Қолда­ныс­тағы «Микрокредит беру тура­лы шарт бойынша сыйақының шек­ті мәнін белгілеу туралы» қаулыда сыйақы мөлшері бәріне 30% деп белгіленген. Енді МҚҰ-лардың сыйақысы 20%-ға дейін төмендетіледі.

Сарапшылар осы ретте квази­мем­­­лекеттік сектордың атын жа­мы­­лып, 200 пайызбен несие бе­ріп жүрген институттар­ды мем­лекеттің қарауынан алып, жекеменшік сек­тор­ға өте баста­ға­нын жаңа­лықтың басы деп отыр. Осы уақытқа дейін аудан әкім­де­рі­нің балансында болған, кей­бір жергілікті басшылардың «қалта­сын қалыңдатып» келген квази­­мем­лекеттік қаржы ұйымда­ры да жеке шығуы керек. Егер олар мемле­кет­тен еншісін алып, еркін айна­лым­ға шықса, қаржы саясатын дер­бес жүр­гі­зуге де мүмкіндік болады, дейді сарап­шылар.

Экономист С.Жобаев квази­мем­лекеттік институттарды әкім­­де­р­дің ықпалынан алу үшін мемле­кет­тің үлесін 49 пайыздан да азайтып, құрамына тәуелсіз сарапшыларды қосу керектігін айтады.

– Мемлекет экономикадағы үле­сін азайтуды квазимемлекеттік ұйым­­дардан бастамаса, тірлік­тің бәрі бос деген сөз. «Бәйтерек», «Да­му» сияқты қар­жы институт­тарының бәрі – мемлекеттің бақыла­уында. Оларды жекеше­лен­дірмей, «Атамекен» ҰКП-дағы микроқаржылық ұйымдар номен­клатуралық тетіктер арқы­лы қолдан ұйымдастырылған қысым­ның қыспағынан құтыла алмайды, – дейді ол.

 

АЛМАТЫ

Нақты қайнары: http://www.elarna.net/koru_kk.php?tur=4&id=1359275
Пікірлер

Көрші сілтемелер