Нұрәлем Facebook-ке Жазыл Тәңіртау YouTube-ке Жазыл Қазақтың 1001 Ертегісі (PDF)

Жүктеу-Албомым-Албомдар-Желі
Осы торды сақтаймын! | Осы торды бас бет етемін!

Біздің байланыс: elarna2012@gmail.com


Қолдан жасалған «істің» құрбандары



Нұрәлем Facebook-ке Жазыл Тәңіртау YouTube-ке Жазыл Қазақтың 1001 Ертегісі (PDF)

Түрі: Егемен торы

Жолданған уақыты: 10:15 - 2021/02/23

Нақты Көзі: https://egemen.kz/article/266415-qoldan-dgasalghan-istinh-qurbandary


Бұл өзекті мәселе бұдан бұрын да кө­терілген еді. Алайда түйіні шешілмей, күр­меуі көп болып, орта жолда аяғына дейін жеткізілмей қалған-ды. Енді, міне, сабақты ине сәтімен болған уақыт та келіп жетті.

Солақай саясаттың құрығына ілініп, қаза тапқан азаматтардың есімдерін ақ­тап алу иманды, сауапты, ізгілікті іс деп білемін. Біріншіден, қилы кезең, тар жол, тайғақ кешуде шейіт болғандарды ақтау – аруақ алдындағы азаматтық бо­ры­шымыз. Екіншіден, көзі тірі ұрпақ алдындағы мін­детіміз. Үшіншіден, бо­ла­­шақты гума­нистік, имандылық қа­дам­ға бағыттауға кең мүм­кіндік берер қа­да­мымыз.

Тарихшылар мен саясаттанушылар­дың пайымдауынша, 1937-1938 жылдары 100 мыңнан аса адам қуғын-сүргінге ұшырады. Соның 25 мыңы атылды. Оққа ұшқандардың дені қазақтың бетке ұстар, көш бастаушы, ағартушы, ұлттың көсемі болуға лайық Алаштың арда ұлдары еді.

Сонымен қатар елімізде сол зұлмат жылдары болған 370-тен аса бұқаралық көтеріліс пен қарсылық шарасы да әділ бағасын алған жоқ. Бұл қан-жосамен басылған оқиғалар туралы деректер тәуелсіздікке дейін өте құпия сақталды.

Ай­талық, Семейдің Абыра­лы­сын­да­ғы, Қызылорданың Қара­құмын­дағы, Түр­­кістанның Соза­ғындағы және Маң­ғыс­таудағы Адай көтерілістері әділдікті талап еткен халық наразылығы болатын.

Адай көтерілісі туралы жазылған ең­бек­терде Маңғыстаудағы қуғын-сүр­гін­­нің екінші кезеңі тарихта «Тобанияз ісі» атымен қалды. 1929 жылы Тобанияз Әл­ниязұлы тұтқынға алынды. Онымен бірге «Байлардың, саудагерлердің, патша өкіметінің бұрынғы Адай округі Кеңес қызметкерлерінің контрреволю­ция­лық ұйымы» деген қылмыстық іске қаты­сушылар деп 70 адамды тұтқындайды.

ОГПУ «үштігі» Тобанияз Әлниязов бас­таған 21 адамды атуға, қалғандарын 3 жылдан 10 жылға дейін түрмеге қамауға шешім шығарған. Сөйтіп, елдің сүт бетіндегі қаймағы, ел басшылары ойдан шығарылып, қолдан құрастырылған «тергеу ісінің» құрбандары болды.

Адай көтерілісі бойынша (1931 жыл) жауапқа 740 адам тартылып, оның 559-ы тұтқынға алынды. Маңғыстау да­ласындағы жазалау мұнымен де біткен жоқ. 1938 жылы 4 шілде күні таң атпай шырт ұйқыда жатқан 54 ер-азаматты киіз үйге қамап, ас-сусыз, отбасыларына түсініктеме бермей, келесі күні таң ата Форт-Александровск түрмесіне жеткізеді. Олар Ресейге жер аударылып, 54 қазақтың 38-і атылған (Э.Абланова «Маң даладағы қуғын-сүргін»).

Ел басына төнген зобалаң Маңғыстау топырағындағы атақты дін иелерін де айналып өткен жоқ. «Дін – апиын» деген қағиданы ұстанған коммунистік режім елге сыйлы, қадірлі тұлғалардың да соңына шам алып түсті. Төтеннен келіп қолына кісен салды, итжеккенге айдады, түрмеге қамады, атты. Басына қара бұлт үйірілгенін сезгендер жан сауғалап тым-тырақай көрші елдерге қашты. Қарақалпақ, Түрікмен, тіпті Иран, Ауған асып кеткендері де жетерлік. Со­лардың арасында зиялы тұлғаның бірі Оразмағанбет Тұрмағанбетұлы да бар еді. Ол да 30-шы жылдары Иранды бетке алмақ болады. Алайда қолы да, құ­ры­ғы да ұзын Кеңес өкіметі оны қолға тү­сіріп, одан Ашхабаттың абақтысынан бір-ақ шығарады. Кейін ұзақ тергеу мен жазалаудың соңы өмірін қиып кетті.

Маңғыстаудың тағы бір қадірменді азаматы, белгілі тұлғасы Сарымерген би де ой-шұқыры беймәлім, мүлде ат ізін салып көрмеген Түрікменнің Қазанжық елді мекеніне қоныс аударып, өзі де, әйелі де бақи­лыққа аттанады. Бүгінгі таңда Сары­мер­ген бидің ұрпақтары бабасының зиратын таба алмай шарқ ұруда.

Ер тоқымы бауырына түскен, кеже­гесі кері тартқан тар заманда Сенек ауылын­дағы сәулет өнерінің айшықты үл­гісі саналған, ақ тастан қашалып қол­дан салынған «Ақ отау» ғимараты ұзақ жылдар шәкірт тәрбиелеген білім ор­дасы еді. Осы «Ақ отауға» молда, ишан­дарды қудалап әкеліп қамап, ас-су та­тырмай аш-құрсақ ұстап, басқа қа­ла­дағы түрмелерге жөнелтіп отырған. Міне, киелі Маңғыстау жері осындай шек­тен шыққан жауыздықтың куәсі бол­ған.

Осындай замана запыраны – қу­ғын-сүргін қазақты баудай түсірді, мәйе­гін отап кетті. Бірақ ұлтымыз түп-тұқия­ны­мен жойылып кетпеді. Уақыт өте келе етек-жеңін жиды, іргелі де азат ел атанды.

«Адамды аздырмайтын – үміт» дейді дана халқымыз. Ендеше, мемлекеттік ко­миссия жұмысынан халқымыздың кү­­тер үміті көп. Адамзаттың гуманизмі мен ізгілігі үшін қажет шаруа. Жаныңды қуырып, жүрегіңді паршалайтын тарих­тағы саяси қателіктің запыранын кеш­кен қуғын-сүргін құрбандарын толық­тай ақ­тау – бізге үлкен міндет әрі жауап­кер­шілік.

Осыған орай, Мемлекеттік комис­сияға Қазақстанға байланысты саяси қуғын-сүргінді, «Қазақстандағы кіші қазан» бағдарламасын күштеп жүр­гізуді, «Алаш» партиясы және Алаш қоз­ғалысы мүшелерін, басқа да еліміздің бос­тандығы үшін күрескен тұлғаларды қу­ғындау, аяусыз жазалау жайттарын зерт­теу ұсынылып отыр.

Мемлекеттік комиссия атқаратын жұ­мыстардың әдістемесін, т.б. құжаттарды дайындалып, осы комиссия мүшелеріне және облыстар мен қалалар әкімдіктеріне жіберілді.

2020 жылдың желтоқсан айын­да Маң­ғыстау облысы әкімінің шешімімен об­лыс­тық комиссия құрылып, жұ­мыс­­­қа кірісті. Оның алғашқы отырысына қа­тысып, ал­дағы атқарылар шаруалардың басым бағыттарымен таныстым. Ш.Есенов атын­дағы уни­вер­­­ситет ғалымдарымен, облыстық ар­­хив қызметкерлерімен, Қарақия ауда­ны, Жаңаөзен қаласы, т.б. ұжым­дар өкіл­дерімен пікір алысып, жұмы­сы­мыздың негізгі бағыт-бағдарын пы­сық­­тадық. Облыстық комиссия мү­шел­ерінің ізгі бас­тамаларына 2010 жылы саяси ғылымдар докторы Қырымбек Кө­шербаевтың басшылығымен жарық көр­ген «Адай көтерілісі» атты қос том­дық кітаптың да көмегі болады деген ой­дамын.

Қасіретті жылдардың құрбандарын ақтау жолында комиссия түскен пікір­лер­ді ескеріп, іске кірісіп те кетті. Мәсе­лен, Маң­­ғыстау облысының өкіл има­мы Әнуар Ізім­ұлы қудаланған дін ие­лері, сот­тал­ған, жер аударылған дін қайраткерлері, жабыл­ған және құла­тыл­ған мешіттер туралы мә­лімет­тер дайындауға кіріссе, облыстық комис­сия мүше­сі Алқажан Еділханов бастаған топ Түр­ік­мен және Қарақалпақ елдеріне, т.б. өлкелерге қудаланып, қоныс аударуға мәжбүр болған маңғыстаулықтар жө­нінде материалдар жинақтаумен айна­лысып жатыр. Алда атқарылар шаруа жеткілікті. Ко­миссия тарихтағы ақтаң­дақ­ты әлі-ақ екшеп, таразылап, әділ баға­сын берері даусыз.

 

Өмірзақ ОЗҒАНБАЕВ,

профессор,

тарих ғылымдарының докторы,

мемлекеттік комиссияның мүшесі

Нақты қайнары: http://www.elarna.net/koru_kk.php?tur=4&id=1359240
Пікірлер

Көрші сілтемелер