Нұрәлем Facebook-ке Жазыл Тәңіртау YouTube-ке Жазыл Қазақтың 1001 Ертегісі (PDF)

Жүктеу-Албомым-Албомдар-Желі
Осы торды сақтаймын! | Осы торды бас бет етемін!

Біздің байланыс: elarna2012@gmail.com


Едіге батыр жайында бірер сөз



Нұрәлем Facebook-ке Жазыл Тәңіртау YouTube-ке Жазыл Қазақтың 1001 Ертегісі (PDF)

Түрі: Егемен торы

Жолданған уақыты: 10:03 - 2021/02/23

Нақты Көзі: https://egemen.kz/article/266421-edige-batyr-dgayynda-birer-soz


Атап айтар болсақ, 1842 жылы Жұма­ғұл мен Арыстанбай ақыннан жазы­лып алынған Шыңғыс пен Шоқан Уәлихановтар нұсқасы, 1922 жылы Ташкентте жарық көрген Әбу­­бәкір Дибаев нұсқасы, 1927 жылы Мәскеуде жарияланған Қаныш Сәт­баев нұсқасы, 1933 жылы «Қазақ­стан» бас­пасында басылған «Батыр­лар жыры» жинағына Сәкен Сейфул­лин ұсын­ған нұсқа, сондай-ақ Мәшһүр Жүсіп, Мұрын жырау, Нұртуған жырау, қа­ра­қалпақ халқының нұсқасы бар.

Ел аузындағы:

Едіге деген ер екен,

Елдің қамын жер екен –

дейтін, немесе Едігенің атынан:

Мен түнерген қара бұлтпын,

Нөсерлеп жаумай ашылман!

Еңсеме емен шоқпар

Біткен бір ермін,

Еліңді шаппай басылман! – деген. Ноғай Ордасын билеген Едіге батыр турасындағы телегей қазақ-ноғай жырларында эпикалық әсірелеу мен ертегілік, аңыздық-әпсаналық сарындар жеткілікті. Сандаған ғасырлардан бері халықтың тарихи санасын тереңдетіп, көркемдік дүниетаным жүйесін, әдеби тілін көркейтіп келе жатқаны даусыз.

Халық жыршыларының төгілтіп, тамылжытып, шынайылықпен айтқан батырлар туралы әңгімесі тұтас бір ұлтты, ұрпақты рухани сұлулық­қа бөлеп тәрбиеледі. Бұл ретте ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы: «Ба­тыр­лар әңгімесінің құны қандай деген мәселеге келсек, мұнда айту тиіс: бұрынғы жаугершілік заманда халық – тән есебінде болғанда, батырлар – жан есебінде болған. Сондықтан батырлар турасындағы әңгіме – халықтың жаны, рухы турасындағы әңгіме» – деп жазады (А.Байтұрсынұлы Қазақ тіл білімінің мәселелері. Алматы, 2013. 370-бет).

Едіге батырдың ғұмыр кешкен гео­графиялық ортасы – Еділ бо­йың­­­дағы шығыс бөлігін иемденген Ноғай­лы жұрты. Ал Еділдің оң жақ тұсы яғни батысында Тоқтамыс ханның ордасы тігілген.

1399 жылы Ер Едіге Тевтон ордені рыцарлары мен Литва-Польша әскер­лерінің қуатты жасағын быт-шыт етіп талқандаған.

Негізінде, Ноғай ордасын билеген Едіге – Алтын Орда мемлекеті тари­хындағы айбарлы тұлға. Едіге заманында қият, керей, маңғыт, қоңы­рат, қыпшақ, қаңлы, кенегес, үйсін, найман, арғын, шырын сияқ­ты ру-тайпалар Ноғай этностық құрамын құрағаны белгілі.

1399 жылы Ворскла (Борсықты) өзеніндегі алапат шайқаста Едіге Тоқ­та­мыс ханды биліктен тайдырады. Ол Қырымға, сонан соң Литваға қашады, оны ұлы князь Витовт қабылдайды.

Оңтайлы сәтті пайдаланып, Алтын Орданы уысына түсіру мақсатында Витовт 1) Линка (Литва) мен Польша әскерін, 2) батыс, орыс князьдарының әскерін, 3) Тевтон орденінің рыцарларын біріктіріп, басын қосып жорық бастайды. Бұлар Ворскло өзенінде Алтын Орда әскерімен беттеседі.

Витовт Құтлық ханға: «Жарату­шы мені жиһанға әмірші етті, сен де маған бағын, бас іи, бала бол, мен әкең болайын, әйтпесе құлым боласың», дейді.

Едіге мұны естіп, Витовтты өзен жағасына шақыртады.

Едіге Витовтқа: «Ұлы Орданың ханын бала қылып бағынуға икемдейсің. Рас, Темір-Құтлықтың жасы сенен кіші, бірақ мен – Едіге, сенің жасың менен кіші. Кел, сен маған бала бол, бас іи, алым-салық төле, еліңдегі бар­лық теңгеге Орданың таңбасын соға­тын бол!» – деп, ойын шегелеп айтады.

Соғыс өрті осы мезетте тұтанады. Витовт оңбай жеңіледі. Атақты князьдар мен әскербасылар ажал құшады. Осы бір жеңістен соң, Алтын Орда еңсесін тіктейді. 1405 жылы Ақсақ Темір өлген соң, Едіге Сыр мен Хорезмді қаратады. Едіге 1405 жылы Мәскеуге жорық жасайды, бағынышты етеді, алым-салық алады. Едіге ішкі және сыртқы саясатта да алғыр. 1399-1400 жылдары ақша реформасын жасайды, «Төре», «Жасақ» дейтін құқықтық жүйелерді енгізеді.

Едіге Алтын Ордадағы билікті 1410 жылға дейін мықтап ұстайды.

1412 жылы Сарайдағы билікті Тоқтамыс баласы Жәлелиддинге бұйырды. Хан тағына отырды. Едіге өз ұлысына оралады.

Едіге 1416 жылы Витовтпен тағы соғысып, Литва жерін ойрандайды, Киевті өртейді.

Едігенің осы бір қаһармандық қимылдары жырда нақты көрініс бергендей:

Мен, мен дүрмін, мен дүрмін,

Менменсіген мінезден,

Тәуба қылған ер дүрмін.

Досымның отын сөндірмен,

Дұшпаным отын жандырман.

Өзім демес нәмартқа

Шаңқан боз ат міндірмен.

Асылын сұрамай ас бермен,

Атасын сұрамай дос қылман...

Тауға ұялар сұңқармын,

Тау бөктерлей шүйермін,

Тұрлаусыз өскен құланмын,

Мезгілсіз жусап өрермін.

Бұйырғыннан ащымын,

Шәрбат құйсаң тұщымын.

Буыршыннан қаттымын,

Бұйдаласаң шөге алман.

Бурылша аттан асаумын,

Бұғалық салсаң тоқтаман...

Я болмаса:

Қарағайдан берік біткен терекпін,

Басымнан дауыл ұрса теңселмен,

Қарағайға қайнап біткен бұтақпын,

Балталасаң айырылман.

Еменге айыр біткен бұтақпын

Еңкейіп келсем оңдырман...

Садақ толы сары жебе,

Саудыратып төккенмін.

Атанға тартсаң ауырмын,

Таразыға тартсаң тең дүрмін.

1406 жылы Тоқтамыс хан Сібір аймағындағы Түмен жерінде Едігенің қолынан қаза табады.

1419 жылы Тоқтамыстың баласы Қадірбердімен болған соғыста Едіге оңбай жараланады, Қадірбердінің өзі бұл шайқаста қаза табады. Қансыраған Едігені Тоқтамыс әулетінің бір әмірі шауып өлтіреді.

Жәлелиддин Ворскла шайқасында Витовтпен тізе қосып, өз еліне қарсы соғысқан, жеңіліп Литваға қашқан. Жәлелиддин 10 жыл өткен соң, Полон – Литвания бірлестігі мен Тевтон ордені арасындағы ғаламат соғысқа 30 мың әскерімен қатысып, 1410 жылғы атақты Грюнвальд шайқасында немістердің біржола талқандалуына мүмкіндік тудырған (Длугош Ян. Грюнвальдская битва. М., - Л., 1962. с.57, 90, 102, 180, 198; Лэн-Пуль. Мусульманские династии. СПб., 1899. с.189, 193; Мағауин Е. Ел қамын жеген Едіге. Жыр мәтіні және зерттеу. – Алматы: Атамұра, 1996. 58-59, 64-65, 67 беттер).

Жинақтай айтқанда, Едіге батыр­дың тарихи һәм көркем тұлғасы міне, осындай. Бұл ретте күні бүгін­ге шейін беймәлім академик Қажым Жұмалиевтің 1943 жылдың 15 мау­сымын­да ұсынылған, яғни Қазақстан Рес­пуб­ликасы Орталық мемлекеттік мұра­ғатында сақталған «Рукопись драмы Х.Джумалиева «Едиге батыр», драма 4 актах, 6 картинах» дейтін қол­жаз­басын (Қор 1778, тізбе 1, іс 218, 67-бет) айту­ға болады.

 

Серік НЕГИМОВ,

филология ғылымдарының докторы, профессор

Нақты қайнары: http://www.elarna.net/koru_kk.php?tur=4&id=1359230
Пікірлер

Көрші сілтемелер