Нұрәлем Facebook-ке Жазыл Тәңіртау YouTube-ке Жазыл Қазақтың 1001 Ертегісі (PDF)

Жүктеу-Албомым-Албомдар-Желі
Осы торды сақтаймын! | Осы торды бас бет етемін!

Біздің байланыс: elarna2012@gmail.com


Індеттің екінші толқынына дайынбыз ба?



Нұрәлем Facebook-ке Жазыл Тәңіртау YouTube-ке Жазыл Қазақтың 1001 Ертегісі (PDF)

Түрі: Егемен торы

Жолданған уақыты: 09:33 - 2021/02/23

Нақты Көзі: https://egemen.kz/article/266407-indettinh-ekinshi-tolqynyna-dayynbyz-ba


COVID-19 вирустық инфек­циясының бірінші толқынының өзі көптеген елді қатты састырып, әбігерге түсіргенін білеміз. Өкі­нішке қарай, елімізді де бұл індет айналып өтпеді. Мыңдаған адам аталған инфекциямен ауырып, күтпеген қиындықтарға кез келді. Індет 2020 жылы жаздың басында, яғни 1,5-2 айдың ішінде (мау­сым мен шілдеде) қу қамысқа тиген оттай бүкіл өңірді аямай шарпып, қоғамымыздың оған да­йын емес екенін мойындатты: ауруханаларда – орын, емдеуге – дәрігер-мамандар мен қажетті дәрі-дәрмектер болмай, демалдыру аппараттары (оттегі конденсаторлары, өкпеге дем беру құралдары және с.с.) жетіспей көпшілікті қатты әлекке салды. Ел-жұрт арасында үрей, қорқыныш өрбіді. Жүз­деген адам тажал тырнағына ілігіп, біраз отбасы жақындарынан айырылып, қара жамылды. Бұл біздің елдің ғана емес, экономикасы мен әлеуметтік ахуалы жоғары мемлекеттердің өзін тығырыққа тіреп, қатты қобалжытты, қауіпті індетке дайын емес екенін көрсетті.

Әлемнің ғалымдары – ви­ру­со­логтері, бактериологтері, ин­фекционистері мен эпи­де­­­мио­логтері коронавируспен бұ­рын­нан (олар 30-40 жылдай бұрын анықталған болатын) таныс бол­ғанымен, мына COVID-19 виру­сының жұмбақ тұстары мен та­биғатын біле алмай дал болды, тіпті оны қалай емдеуді білмей көптеген қателік жіберді. Елімізде де орны толмас қателіктер жіберіліп, қа­терлі пандемияға дайындық шараларына жүрдім-бардым қараған сол кездегі Денсаулық сақтау ми­нистрі Елжан Біртанов өз тобымен қызметтен кетті. Содан сабақ алған медицина қызметкерлері ковидтің екінші толқынына дайындық жұ­мыстарын бастап кеткен болатын. Пандемияның екінші тол­қы­ны көптеген елде басталып, ко­ронавирустың жаңа түрлері (өзгертілген, мутацияға ұшыраған штаммдары – «британдық коронавирус», «бразилиялық коро­навирус», «Оңтүстік Африка ко­ро­­на­вирусы» және т.б.) халық арасында кеңінен тарала бастады. Қазақстанда коронавирустың жа­ңа түрлері әзірше тіркелген жоқ деп мәлімдейді, еліміздің бас санитарлық дәрігері. Әрине беті аулақ, оның болмағаны ха­лыққа жақсы. Сонда да оған дайын­дық­ барынша жүргізіліп жатыр. Об­лыс­тық Қоғамдық кеңес мү­шелері коронавирустың алдын алу шара­лары, оған дайындық және каран­тиндік талаптардың орын­далу барысы жайлы білмек болып өңірдегі біраз емхана мен ауру­хананы тексеріп қараған болатын. Қоғамдық кеңес отырысын­да об­лыстың денсаулық сақ­­тау бас­қармасының басшысы Әсет Қалиев пен облыстың бас санитар дәрігерінің міндетін атқа­ру­шы Найля Муликова есеп беріп, облыстағы жалпы ахуалды баян­да­ған болатын.

Қоғамдық кеңестің атынан тек­­серу жүргізген топ жетекшісі Қалыбек Атжан мән-жайды ширатып, біраз кемшіліктің орын алып отырғанын тілге тиек етті. Әлі де халық арасында коронавирус індеті жайлы түсініспеушілік басым. Індет біреуден екінші адамға ауа арқылы, қол алысқанда, бетпердесіз қорғанбай жақын жүргенде жұ­ғатыны белгілі. Бірақ өкінішке қарай, сол талаптарды өзі жүрген ортада орындамайтын жандар арасында тажал-індет тарап, біразын ауыр халге жеткізіп, тіпті одан ба­қилық болып жатқанын көріп отырмыз. «Қазақ тойшыл халық» деп кеуде керіп мақтанамыз. Сол той өткізу алғашқыда біраз уақыт тыйылғаны белгілі. Бірақ соңғы кезде бұрынғы, бейберекет дағ­дылы жолға оралып, астыртын тойлар барынша әр ауылда, қалада «ұрланып» өткізіліп жатқаны жасырын емес. Пандемияға қарсы құрылған мобильдік топтар (оның құрамына әкімдік қызметкері, дә­рігер, полиция, журналистер және т.б.) өздеріне жүктелген мін­­дет­терді толық орындап отыр деген­ге сену қиын, жауапкершілік жоқ. Бұл топтар қағаз жүзінде бар да, атқарып жатқан іс-шаралары мар­дымсыз. Жыл басынан бері карантиндік талаптарды бірнеше рет бұзған дәмхана мен мейрамха­на жабылып, мемлекет есебіне жал­пы алғанда, бар болғаны 20 млн теңге айыппұл түсті. Ал құ­рыққа ілінбегендері қаншама? Әри­не әр тойханада дер кезінде байқалған, көзге іліккен пробле­маны шешетін «көкелері» отырғаны белгілі. Содан болар, тойхана иелері өздерін тым еркін сезінеді. Оның залалы халыққа тиюде, тойдан кейін біразы ауыр індетке шалдығып, өмі­ріне қауіп-қатер төнеді. Қоғам­дық көліктерде, дүкендерде және халық көп топтасатын орындарда қажетті карантиндік талаптар (мас­ка тағу, қолдарды антисептиктер­мен өңдеу, адамдар арасында қа­­шықтықты сақтау және т.б.) орын­­дала бермейтіні көпшілікті қын­­жылтады. Оны бақылайтын, тәртіпке шақырып, ретке келті­ретін өңірдегі жасақталған топ­тар, санитарлық-медицина қыз­мет­керлері мен ішкі істер депар­таментінің қызметкерлері өздеріне жүктелген міндетті толық атқармай отырғаны көңілге қаяу түсіреді.

Денсаулық сақтау басқармасы әкімдіктің қолдауымен коронави­рустың алдын алу, қатерлі індет тұрғындар арасында тарала қал­ған күнде оны емдеу шараларын қалай өткізу керек екенін анық­­тап, дәрі-дәрмек, қорғану құрал­дары мен тыныс беру аппараттарын сатып алып, біраз дайындық жүргізгені белгілі. Атап айтқанда, облыс орталығындағы бұрынғы қалалық перзентхана коронавирусқа шалдыққан ауруларды емдейтін 200 төсектік арнайы ауруханаға айналдырылып, қажетті құрал-жабдықтармен қам­тамасыз етілді. Қаладағы ауруханаларға 4 компьютерлік томо­граф, нау­қас­тарды үздіксіз от­те­гімен қам­тамасыз ететін 4 от­тегі стансасы орнатылып, қа­жет­ті көлемде тыныс алу аппараттары, оттегі конденсаторлары, коронавирусқа қарсы пайдала­нылатын дәрі-дәрмектер мен қор­ғану құралдардың екі айлық қоры дайындалды. Оның біразы жеке кәсіпкерлердің қолдауымен гуманитарлық көмек ретінде жет­кізілді. Алдағы уақытта халық көп шоғырланған аймақтардағы ем­ханалар немесе ауруханалар жанына компьютерлік томограф орнату жоспарда бар еке­нін өңір басшысы Бердібек Сапарбаев есептік кездесуінде мәлімдеді (жеке кәсіпкер, қазір Парламент депутаты Гүлдара Нұрымованың қолдауымен Меркі ауданының орталығына КТ және МРТ қондырғылары 2020 жылы қойылған).

Медициналық көмекті халыққа қолжетімді ету үшін өткен 2020 жылы 8 жылжымалы медициналық кешен алынып, қазіргі күндері аудандық ауруханаларға берілді. Тек тиімді пайдаланылса деген ой мазалайды. Әйтпесе, әлгі «жылжымалы амбулатория» әзірше (қыстың қарлы-мұзды кезеңіне байланысты) бірнеше ауданда қаңтарылып тұр. Көктем шығып, жер кепкенде оның маршрутын жасап, ауыл тұрғындарына қажетті медициналық көмекті барынша жақсартамыз деп отырған ауру­хана басшылары бар. Өйт­кені әлгі кешенде рентгендік, сто­ма­тологиялық қондырғымен қатар ЛОР, гинеколог, хирург каби­неттері бар. Әрине оны керекті маман-дәрігерлермен қамтамасыз ету мәселесі туындап отырғаны жа­­сырын емес. «Кадр барлық мәсе­лені шешеді» деген сөз орынды айтыл­ған. Қазіргі таңда облыстық емдеу-про­филактикалық мекемелеріне 250 дәрігер жетіспейді. Сол кем­шілікті толтыру мақсатында облыс әкімі Б.Сапарбаев Алматыдағы С.Асфендияров атындағы ме­ди­ци­налық университетпен келі­сімшартқа отырып, Таразда университет филиалын ашуға қол жет­­кізді. Жоғары курс студенттері облыс орталығындағы емханалар мен ауруханаларда білгір дә­рі­герлердің көмегімен сапалы тә­жірибеден өтіп, диплом алған­нан кейін облыстық емдеу меке­мелеріне қызметке алынбақ. Оның тиімділігін уақыт көрсете жатар...

Жалпы, облыс көлеміндегі ауру­ханалар мен емхана қызметкер­лері коронавирус індетін азайту мақсатында біраз дайындық жұ­мысын жүргізді. Оның арасында об­лыстық көп бейінді балалар ауруханасы, Тараз қалалық №5 емхана, Т.Рысқұлов ауданының орталық аурухана басшылығы халық арасында пандемияның кең таралмауына, профилактикалық шаралардың мәнісін дұрыс түсініп, Денсаулық сақтау министрінің, бас санитарлық дәрігерлердің карантиндік-эпидемиялық талаптарын орындауға бар күш-жігерін жұмсауда.

Өкінішке қарай, біраз емханалар (қалалық №7 және т.б.) мен ауруханалар (Меркі ауданының орталық ауруханасы) ковидтің екінші толқынына толық дайын емес. Бұл мекемелердің басшы­лары мен эпидемиологтері қыз­меттеріне жауапкершілікпен қа­рамай, профилактикалық жұмыс­тарды ақсатып алған.

Денсаулық сақтау басқармасы жағынан емдеу-профилактикалық мекемелердің коронавирус пан­де­мия­сының екінші толқынына дайындық шараларын ұдайы ба­қылауда ұстап, орын алған кем­шіліктерді қысқа мерзімде ретке кел­тіргендері орынды болар еді. Со­ның бірі – шалғайдағы аудандық ауру­ханаларды шағын көлемді оттегі стансасымен қамтамасыз ету мә­селесі. Әйтпесе барлығы қа­зір от­тегі толтырылған баллондар­ды облыс орталығынан, яғни Тараз­­ қаласынан­ тасуға мәжбүр. Бұл баллондар дер­ кезінде жеткізілсе жақсы, ал олай болмай қалса ше? Ойланатын мә­селе...

Әлемді жайлаған COVID-19 інд­етінің беті, өкінішке қарай, әзір­­ше қайтар емес. Дүниежүзі қа­тер­лі індетпен күресуге бар мүм­­кіндігін салуда. Солардың қата­рында Қа­зақстан да бар. Әйтсе де, «Сақ­тан­саң – сақтаймын» дегендей, ауру жұқ­тырмау аза­мат­тардың өзде­ріне байланыс­ты екенін естен шығар­майық. Каран­тиндік талаптарды әр азамат орынды қабылдап, індеттен қорғану та­лаптарын барынша сақтаса, бұл ауыр тажал-індеттен, оның әке­летін зардаптарынан көп уақыт өт­пей құтылар едік.

 

Сағындық ОРДАБЕКОВ,                   

медицина ғылымдарының докторы, профессор,

Жамбыл облыстық Қоғамдық кеңесінің мүшесі

 

ТАРАЗ

Нақты қайнары: http://www.elarna.net/koru_kk.php?tur=4&id=1359206
Пікірлер

Көрші сілтемелер