Нұрәлем Facebook-ке Жазыл Тәңіртау YouTube-ке Жазыл Қазақтың 1001 Ертегісі (PDF)

Жүктеу-Албомым-Албомдар-Желі
Осы торды сақтаймын! | Осы торды бас бет етемін!

Біздің байланыс: elarna2012@gmail.com


Әділдіктен – әділеттілікке



Нұрәлем Facebook-ке Жазыл Тәңіртау YouTube-ке Жазыл Қазақтың 1001 Ертегісі (PDF)

Түрі: Егемен торы

Жолданған уақыты: 09:24 - 2021/02/23

Нақты Көзі: https://egemen.kz/article/266401-adildikten-–-adilettilikke


Кеңестік қиғаш сот жүйесі экономикаға қажетсіз деп танылса да, әлеуметтік рефор­ма­лардың сөлін қалдырмаған заман келмес­ке кетсе де, неліктен осы күнге дейін сот жүйесіндегі кемшіліктерге қайта-қайта орала береміз? Әлде, тәуелсіздіктің алғашқы жылдары нарық қатынасына байланысты пікірталастарда нарықтық экономика тек қана құқықтық бола алады, ол бәріне ортақ ережелер бойынша жүргізілуі шарт және құқықтық мемлекет бірінші кезекте экономика саласында қалыптасуы керек деген ойлардың ескерусіз қалғаны ма? Оны айтып отырған себебіміз, тек құқық қана ережесіз шаруашылық жүргізуден нақты және оңтайландырылған экономикаға жол ашады. Экономика түзеліп, халықтың әлеуметтік жағдайы оңалған жағдайда ғана Қазақстан толыққанды әділетті мемлекетке айналуы мүмкін. Бұл іргелі көзқарас іске асып, орта таптың қатары өскен кезде құқықтық нигилизм болмай, ескі жүйеден мирас болған құқықтық институттардың сарқыншағы да қалмас еді.

Құқықтық мемлекет құру өткеннің «мұ­расы» мен тәуелсіздік жылдары жіберілген «жаңа» қателіктерді еңсеруді талап етті. Соттар мен судьялар жаңа жағдайда жұмыс істеуге дайын болмағандықтан, кадрлардың жаңа буынын өсіру керек болды. Яғни оны дербес және тәуелсіз мемлекеттік орган дең­ге­йіне көтеру мәселесі қолға алынды. Алайда заңнамалық жұмыстағы тұрақсыздық пен тең­герімсіздік заңдар мен заң актілерінің жүйесіздігіне, сәйкессіздігіне әкеліп, оның бірізділік сипатқа ие болуына кедергі жасап, ведомствалық мүдделердің қайшылығына ұрындырды. Бұған сот жүйесінде кездесетін сыбайлас жемқорлықты, процессуалдық емес байланыстарды, корпоративті оқшаулануды қосар болсақ, онда алда тұрған міндеттер мен жұмыстардың ауқымын тереңірек түсінуге болады.

Елде жүргізілген сот реформасы сот жүйе­сінің мемлекеттік биліктің тәуелсіз тармағы ре­тіндегі мәртебесін конституциялық деңгейде бекітті, әр азаматтың әділет пен сот тарапынан қорғалуын қамтамасыз етті. Дегенмен сот органдарының жұмысын жетілдіруге және судьялардың дербестігі мен тәуелсіздігіне қол жеткізу шараларының іске асырылуына қарамастан, сот төрелігін жүзеге асыру жақсармады, олардың жұмысына қатысты шағымдар легі толастай қоймады. Сот жүйесін ұйымдастыру мен оның қызмет ету тәжірибесі және қабылданған арнайы заңдардың орындалу барысы көрсеткендей, сот органдарын атқарушы биліктің ықпалынан толықтай шығару қиынға соғуда. Әділет органдары оларға қорғаншылық пен бақылау жасайтын тетіктер мен саңылауды қолынан жіберер емес. Бұл, өкінішке қарай біріншіден, Қазақстанда демократиялық сот дәстүрінің әлі қалыптаса қоймағанын, екіншіден, соттардың кеңестік дәуірден қалған айыптаушылық тәсіліне бейімділігінен айырылғысы келмейтінін көрсетеді. Үшіншіден, бұл толыққанды, беделді сот билігінің әлі құрылмағанының дәлелі. Төртіншіден, қоғамда судьялардың тәуелсіздігіне шартты түрде қараудың бір ұшы олардың атқарушы билік өкілдерімен бейресми кездесулерінің жалғасуына келіп тірелуде.

Осындай жағдайлардың орын алуына судьялардың заңдардағы қарама-қайшылықтар мен олқылықтарды өз қалауларынша түсініп, ыңғайларына қарай еркін пайдаланулары да ықпал етуде. Оған кейбір судьялардың кәсіби дайындығының, құқықтық санасы мен құқықтық мәдениетінің таяздығы олардың заңдық тұрғыдағы қателіктер жіберулері түгіл, жемқорлыққа баруларына түрткі болуда. Бұлар сот жүйесіне деген сенімнің әлсіреуіне әкелуде. Адамдарды судьялар арасында кездесетін жемқорлық, тамыр-таныстық, корпоративтік мүдделер, жабықтық, кәсіби деңгейлерінің төмендігі, әділетсіздік, тәуелділік, бопсалауға бейімділік, арын сату, тәкаппарлық сияқты жағымсыз қылықтар алаңдатады. Өйткені сот істерін қарауда немқұрайлылыққа, шынайы материалдарды өтірікпен алмастыруға, пара алу, бюрократизм мен өрескел қателіктерге жол берілуде. Сондықтан судьялардың моральдық сипаты мен мәдениетіне назар аудару арқылы ғана сот билігінің тиімділігін қамтамасыз етуге болады.

Қорыта айтқанда, реформаны рефор­ма­лау­дың орнына әділдік пен әділеттілікті нақты іспен, оң нәтижелер арқылы өмір шындығына айнал­дырған кезде ғана халықтың әлеуметтік әл-ауқаты түзеліп, қоғамда әлеуметтік әділеттіліктің орнығары анық.

 

Жапсарбай ҚУАНЫШЕВ,
қоғам қайраткері, саясаттанушы

Нақты қайнары: http://www.elarna.net/koru_kk.php?tur=4&id=1359196
Пікірлер

Көрші сілтемелер