Нұрәлем Facebook-ке Жазыл Тәңіртау YouTube-ке Жазыл Қазақтың 1001 Ертегісі (PDF)

Жүктеу-Албомым-Албомдар-Желі
Осы торды сақтаймын! | Осы торды бас бет етемін!

Біздің байланыс: elarna2012@gmail.com


Тарихи саммит тағылымы



Нұрәлем Facebook-ке Жазыл Тәңіртау YouTube-ке Жазыл Қазақтың 1001 Ертегісі (PDF)

Түрі: Егемен торы

Жолданған уақыты: 09:18 - 2021/02/23

Нақты Көзі: https://egemen.kz/article/266397-tarikhi-sammit-taghylymy


Қазақстан – 2010 жылы еуропалық ұйымда төрағалық еткен посткеңестік кеңістіктегі тұңғыш мемлекет, Орталық Азияның бірінші өкілі және алғашқы мұсылман елі болды. Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуінің бастамашысы – Тұңғыш Президент – Елбасы Нұр­сұлтан Назарбаев. Қазақстанның 57 мемлекеттің ба­сын біріктіріп отырған іргелі ұйым – Еуропадағы қауіпсіздік жəне ынты­мақ­тастық ұйымына төрағалық етуі еліміз­дің халықаралық қоғамдастық алдын­дағы беделін өсіріп, әлем елдерімен серік­тес­тігіне серпін бергені анық. Еліміз төра­ғалық еткен кезеңнің нәтижелі белесі деп ЕҚЫҰ-ның онжылдық үзілістен кейінгі басқосуы – Астана саммитін айтуға болады. Оған дейін жоғары деңгейдегі кездесу 1999 жылы Ыстанбұлда өткен болатын. Осылайша тұңғыш рет Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының саммиті Орталық Азиядағы елде өткен-ді. Саммит барысында ЕҚЫҰ-ға мүше және әріптес 68 елдің ресми делегацияларының басшылары Еуразиядағы қауіпсіздіктің қатерлері мен сынақтарын талқылап, ұйымның қызметін жетілдіру жолдарын сөз етті. Басқосу нәтижесінде «Қауіпсіздік қауымдастығына апарар жолда» атты Астана декларациясы қабылданып, ұйымға мүше-мемлекеттер ЕҚЫҰ-ның қауіпсіздікке қатысты ұстанымын айқындаған еді.

Елбасының халықаралық конфе­рен­цияға қатысушыларға арналған құт­тық­тау сөзін Тұңғыш Президенттің кеңес­шісі Әділ Тұрсынов оқып берді. «Елор­дада 2010 жылы желтоқсанда өткен Еу­ро­падағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымы саммитінің 10 жылдығына ар­нал­ған халықаралық конференцияның қатысушыларына ыстық ықыласымды білдіремін. Аталған жоғарғы деңгейдегі саммит Еуропа, Орталық Азия және Сол­түс­тік Америкадағы 57 мемлекетті біріктіре­тін ірі әрі маңызды трансконти­ненталды ұйым – ЕҚЫҰ-дағы Қазақ­стан Рес­публикасы төрағалығының аса айтулы оқиғасының бірі болды. Өз­дері­ңіз білетіндей, Ұлы дала елі – постке­ңістікте ЕҚЫҰ-ны басқару мәртебе­сіне ие болған алғашқы мемлекет. Әді­летті де орнықты әлемді, сондай-ақ Атлант мұхитынан Тынық мұхитына, Сол­түстік Мұзды мұхиттан Үнді мұхи­тына дейінгі «төрт мұхит» кеңістігін­дегі стратегиялық тұрақтылық пен қауіп­сіз­дікті қалыптастыру ісінде Қазақстанның төрағалығы мен ЕҚЫҰ-ның Астана саммиті өз құндылығын жоғалтпайтынына сенімдімін», деген Нұрсұлтан Назарбаев өз құттықтауында.

Премьер-Министрдің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеу­берді өз сөзінде Қазақстан мен ЕҚЫҰ-ның өзара серіктестігіндегі басты басым­дықтарды атап өтіп, біздің елдің 2020 жылы Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңеске (АӨСШК) төрағалық еткенін еске салды.

«Біз ЕҚЫҰ мен АӨСШК арасында тәжі­рибелік ынтымақтастықты орнату үшін жәрдемдесуге дайынбыз, өйткені бұл екі алаң Еуразияның негізгі мәселе­лерін шешуде бірдей мақсаттар қойып, ұқсас тәсілдерге сүйенеді. Осыған байла­нысты әріптестерімізді АӨСШК пен ЕҚЫҰ диалогының, сондай-ақ АӨСШК-ні Азиядағы қауіпсіздік және даму ұйымына ауыстыру идеясын қолдауға шақырамыз. Астана саммитінің негізгі тақырыптары – Еуроатлантикалық және Еуразиялық кеңістіктегі диалог пен тұрақты қауіпсіздік мәселелері, Ауғанстан мәселесі, «қатып қалған» қақтығыстарды шешу бүгінгі күнге дейін өзекті», деді Мұхтар Тілеуберді.

Конференцияның модераторы болған Елбасы кітапханасының директоры Ба­қытжан Темірболат ел Тәуелсіздігінің мерейтойлық 30 жылдығында Қазақстан ел басқаруда және күнделікті өмірде де­мо­кратия қағидаларын берік ұстанып келе жат­қанын мәлімдеді. «Президент Қасым-Жомарт Тоқаев демократияны одан әрі дамытуға бағытталған жаңа саяси ре­формалардың үш ірі пакетіне баста­ма­шылық етті. Қазірдің өзінде Мемлекет бас­шысының бірқатар бастамасы заң дең­гейінде бекітіліп, қолданысқа енді. Бұл – осы­дан бірнеше жыл бұрын басталған демо­кратия жолындағы әрекеттерді Қа­зақ­­стан басшылығының жаңа легі жал­ғас­тырып жатқанының дәлелі. Әрине, алда әлі де көп жұмыс күтіп тұр, бі­рақ біз­дің ЕҚЫҰ-мен байланысы­мыз бұ­рын­­ғыдай Қазақстанның ілгерілеуіне ға­на емес, ЕҚЫҰ-ның дамуына, сон­дай-ақ Еуразиялық кеңістіктегі қа­уіп­­сіз­дікті нығайтуға да оң ықпал ететініне сенімдімін», деп атап өтті Бақыт­жан Темірболат.

Алқалы жиын барысында арнайы да­йын­далған қысқаметражды бейнефи­льм көрсетілді. Онда Елбасы Нұрсұл­тан Назарбаев пен жетекші саяси көш­бас­шылардың ЕҚЫҰ саммитін өткізуге дайын­дық барысы көрсетілген және сол жыл­дардағы ресми хрониканың кадрлары­нан тыс қалған ұйымға қаты­сушы елдер арасындағы күрделі дипло­ма­тиялық келіс­сөздер туралы естеліктер ортаға салынған.

Сондай-ақ ЕҚЫҰ-ның қазіргі төр­ағасы, Швеция Корольдігінің Сыртқы істер министрі Анн Линде мен ЕҚЫҰ-ның Бас хатшысы Хельга Шмид бейнеконференция байланысы арқылы сөз арнады.

Қатысушылар алдында баяндама жа­сағандар қатарында ЕҚЫҰ-ның бұрын­ғы төрағасы (2010 ж.) Қанат Сауда­баев, Ха­лықаралық қылмыстық сот­тың судьясы, ЕҚЫҰ-ның бас хатшысы бол­ған (2005-2011) Марк Перрен де Бришам­бо, белгілі мемлекет және қоғам қайрат­кері Қуаныш Сұлтанов, жақында тағайын­далған ЕҚЫҰ-ның Аз ұлттар істері жө­ніндегі Жоғарғы комиссары Қайрат Әбді­рах­манов, 2014-2018 жылдары ЕҚЫҰ Адам саудасына қарсы күрес жөнінде­гі арнайы өкілі мен үйлестірушісі болған Мә­дина Жарбосынова, Қазақстан Республи­касының Вена қаласындағы халықаралық ұйымдар жанындағы Тұ­рақты өкілі Қай­рат Омаров, ЕҚЫҰ бағ­­дар­ламалары кең­сесінің басшысы Дьердь Сабо және өзге де білікті ха­лық­­аралық және отандық сарапшылар болды.

Конференцияға қатысушылар ЕҚЫҰ мен оның құрылымдары ұйымға мүше ел­дер қазіргі өзекті мәселелер мен сын-қатерлерді жеңу жолында бел­сенді әрі жан-жақты зерттелген шаралар қа­былдауы керек деген ортақ ұйғарымға келді.

Нақты қайнары: http://www.elarna.net/koru_kk.php?tur=4&id=1359190
Пікірлер

Көрші сілтемелер