Нұрәлем Facebook-ке Жазыл Тәңіртау YouTube-ке Жазыл Қазақтың 1001 Ертегісі (PDF)

Жүктеу-Албомым-Албомдар-Желі
Осы торды сақтаймын! | Осы торды бас бет етемін!

Біздің байланыс: elarna2012@gmail.com


Ауыз сумен қамту: Тапшылықтың алдын алу маңызды



Нұрәлем Facebook-ке Жазыл Тәңіртау YouTube-ке Жазыл Қазақтың 1001 Ертегісі (PDF)

Түрі: Егемен торы

Жолданған уақыты: 09:03 - 2021/02/23

Нақты Көзі: https://egemen.kz/article/266394-auyz-sumen-qamtu-tapshylyqtynh-aldyn-alu-manhyzdy


2020 жылдың 1 қаңтарындағы есеп бойынша Ақтөбе қаласы тұрғындарының 99,2%-ы мен ауылдық елді мекендердің 85,7%-ы орталықтандырылған таза ауыз сумен қамтамасыз етіл­ген. Қазіргі уақытта Ақтөбе қала­сы тұрғындарының саны 550 мың адамға жетсе, орта­лық­тандырылған құбырмен жететін ауыз су үшін жеке тұрғындарға тарифтік мөлшерлеме 1 текше метрге 85,5 теңгені құрайды. Қала тұрғындарының ауыз суды тәуліктік тұтыну мөлшері де жылма-жыл өсіп барады. Мә­се­лен, су тарату желілері арқылы қала тұрғындарына 2006 жылы тәулігіне 62 227 текше метр, 2015 жылы 109 010 текше метр су жіберілсе, 2020 жылы бұл көрсеткіш тәулігіне 120 мың текше метрге жеткен. Осылайша, қала мен оған қанаттас елді мекендер тұрғындар санының кө­беюімен орталықтандырылған құ­быр арқылы жететін ауыз суды тұ­тыну мөлшері де, су сапасына деген сұраныс та өсуде. Мұның өзі қаланың су таратушы желілеріне де едәуір салмақ түсіріп отыр.

Облыс орталығы тұр­ғын­да­рын ауыз сумен қамтамасыз етіп отыр­ған бірыңғай опера­тор – «Aqtobe su-energy group» АҚ-ның қалада 1 116 ша­қы­рым­дық құбыр желісі бар. Моно­по­лист 31 тоғаннан жерасты суын жинайды. Соның бірі – 1986-1987 жылы пайдалануға берілген, Ақтөбе қаласынан 45 шақырым қа­шықтықтағы Алға ауда­ны­ның аумағында орна­лас­қан Құн­дақтықыр су тоғаны. Бұл жер­ден артезиандық тәсілмен жерасты суы ең бірінші рет 1986 жылы алына бастады. Қазіргі күні 200 метр тереңдіктен алынатын жерасты суы резервуарға жиналып тазартылған соң, 45,3 шақырым құбырмен Ақтөбе қаласына жіберіледі. Биыл Құн­дақтықырдың 8 ұңғысын тазар­туға республикалық бюд­жет­­тен қаржы бөлініп, жер ас­тынан алынатын су көлемі ұл­ғай­тылмақ.

Көп қабатты үйлерге және ғи­ма­раттарға жылу беріп, ауыз сумен жаб­дық­тайтын және кәріз желілеріне жауапты бір­ың­­ғай операторға айналған «Akto­be su-energy group» АҚ қыз­­метіне тұрғындардың шағы­мы шілде-тамыз айларын­да көбе­йеді. Өйткені жаз орта­сында Ақтөбе қаласының шеткі аудандары – Тұрғын үй қалашығы, Ақжар, Бауырластар елді ме­кен­­дері тұр­ғын­да­ры­на су жет­пейді. Бауырластар тұрғын үй алабының тұрғындары 10 ша­қырым Ақтөбе қаласынан бөтел­кемен ауыз су таситынын айтып шағынады. Бөшкелеп су са­­татындар да осы кезеңде төңі­рек­­тейді.

Облыс орталығындағы Тұр­ғын үй қалашығы ауданын­да­ғы ескі көп қабатты үйлердің жо­ғары қабаттарына да су кө­те­­ріл­мейді. Жазда Ақжар елді мекені­нің тұрғындары да ауыз су тапшылығын сезінеді. Таңер­теңгілік және кешкілік са­ғатпен берілетін су құбырдан сыз­дықтап қана ағады. Ақтөбе агло­мерациясына кіретін Ақжар елді мекенінде жерасты суы 4 ұңғыдан қазылса да су жетпей жатыр. Өйткені, су тоға­ны 1200 жер учаскесіне арнап салынғанымен, бүгінде мұндағы абонент саны 2 750-ге өскен. Қала әкімі Асхат Шаха­ров Ақжардағы су тапшы­лы­ғын жою үшін көктемде қосымша 2 ұңғы қазылады деп сендірді.

«Aktobe su-energy group» су жетіс­пеушілігін таратушы желі­лерінің тоз­ғандығымен тү­сін­дір­се, тұр­ғын­дар­дың пікірі бас­қаша. Жұртшылық қала­дағы су жетіс­пеу­шілігіне ауыз суды бей-берекет пайдаланып жатқан кәсіпкерлік нысандары кінәлі дейді. Соның ішін­де Ақтөбедегі монша, сауна, көлік жуатын орындар шар­­уа­шылық қызметтерінде тех­ни­­калық суды емес, құбыр­мен келетін ауыз суды шектен тыс мөлшерде пайдаланып отыр. Оларды ешкім бақы­лап жатқан жоқ. Өйткені кәсіпкерлер қызметін тексеруге мораторийдің жариялануы да қолбайлау болып тұр. Осыдан үш жыл бұрын жергілікті билік кәсіпкерлік нысандарынан техникалық суды пайдалануды талап ете бастаған болатын. Ол үшін әр нысан өз аумағында ұңғы қазып алсын деген шешім шықты, бірақ қазір арты сұ­йыл­ды. Қазіргі кезде көлік жуатын орындар, қоғамдық монша-сау­налар техникалық мақсаттағы суды пайдалануға асығар емес. Осылайша орта­лық­тандырылған ауыз суды бей-берекет қолданудың соңы су тап­шылығына әкеліп отыр. Қаланың жасыл желегін суа­ру­ға техникалық суды пайдалану жөніндегі жоба да аяқсыз қалды.

Бүгінде қала іргесіндегі Саз­ды, Пес­чан­ка, Қарғалы, Елек өзендері арна­ла­рының төмендеуінен жерасты тұщы су қоры едәуір азайды. Оның үстіне, соңғы 15 жылдан бері жерасты су көздерінің қоры зерттелген емес. Бұл туралы 2006 жылы жасалған қаланың бас жос­парында ғана айтылады. Осы жоспарда Ақтөбені сумен қамтамасыз ететін тұщы су көзі «Електің оң жақ жағалауы мен сол жақ жағалауындағы су тоғандары, Тамды су тоғаны, Жоғары Қарғалы сол жақ жағалау су тоғаны және Құндақтықыр су тоғаны» деп көрсетілген. Содан бері жер беті мен жерасты су көздерінің қорғалуы, оның қазіргі жағдайы туралы гидролог мамандардың толық зерттеуі жүргізілген емес. Ақтөбе облысындағы жер беті және жерасты су көздерін қорғауға тікелей жауапты «Су ресурс­тарын пайдалануды реттеу және қорғау жөніндегі Жайық-Каспий бассейндік инспекциясы» мекемесінің Ақтөбе аумақ­тық бөлімі мен «Қазсушар» РМК Ақтөбе филиалының жұмысы туралы ешкім білмейді, бұл мекеменің мамандары өзен-көлдердің қазіргі жағдайын айтып, жерасты су көздерінің ластануы мен қорғалуы туралы мәселе көтеріп, жұрт алдына шығып көрген емес.

Облыс орталығындағы орта­­лық­тандырылған су, кәріз же­лі­лерінің ескіруі кәріздік сорғы­лардың қызметін қай­та жабдықтауға деген қажет­тілікті туғызып отыр. Қол­даныстағы коллекторлар мен кәрiздiк сор­ғы бекеттерінің жай-күйі, оған жалғасқан кәріз құбырларын қайта жаңғырту, пайдаланылған лас суларды биологиялық тазалау арқылы қайта өңдеу – кезек күттірмейтін маңызды шаруалардың бірі. Жергілікті табиғат жанашырлары мен экологтардың мәлім­деуінше, Ақтөбе қаласын ең бірінші лас­тау­шылардың қатарында әбден тозған кәріздік желілері тұр.

 

АҚТӨБЕ

Нақты қайнары: http://www.elarna.net/koru_kk.php?tur=4&id=1359182
Пікірлер

Көрші сілтемелер