Нұрәлем Facebook-ке Жазыл Тәңіртау YouTube-ке Жазыл Қазақтың 1001 Ертегісі (PDF)

Жүктеу-Албомым-Албомдар-Желі
Осы торды сақтаймын! | Осы торды бас бет етемін!

Біздің байланыс: elarna2012@gmail.com


Білімге мұқтаж ерекше балаларға карантиннің кесірі тиіп отыр



Нұрәлем Facebook-ке Жазыл Тәңіртау YouTube-ке Жазыл Қазақтың 1001 Ертегісі (PDF)

Түрі: Егемен торы

Жолданған уақыты: 08:54 - 2021/02/23

Нақты Көзі: https://egemen.kz/article/266393-bilimge-muqtadg-erekshe-balalargha-karantinninh-kesiri-tiip-otyr


Көлеңкеде қалғандар

Бұл көрсет­кіш­тер пандемияға дейін мектеп­ке қатынап оқып жүр­ген қалыпты балалардың білім деңгейіне қатысты. Ақыл-ойында ауытқуы жоқ, 12 мү­ше­сі сау, оқуда еш ке­дергіге кезік­пей­тін, үйренуге ұмтылып тұра­тын талапты ба­ла­лардың өзін қашықтан оқытуға қиналдық, са­паның түсіп кет­кенін көрдік. Ал ерекше балалар, әсіресе үйде оқи­тындар қа­лай білім алып жатыр? Дәл осы мәселе көлеңкеде қалып қой­ған­­дай.

Білім және ғылым министр­лігінің мәліметінше, бүгінде елі­мізде ерекше білім беруді қа­жет ететін 18 жасқа дейінгі 161 мың 826 бала бар. Бұл – тір­келгендері ғана. Әлі анықталмай, соның себебінен тізімге іліге алмай, мүгедектік анықтамаға қолы жет­пей немесе алуға жүрегі дауала­май жүрген жандар қаншама. Ен­ді осы тізімдегі 12 864 бала ор­та білімді үйден алып отыр. Бі­рақ сол үйден оқу дегеннің өзі аты бар да, заты жоқ сипатында секілді.

 

Ата-ана ерекше білім бере алмайды

Екі бірдей ерекше баланы өсіріп отыр­ған ана Толқын Баймаханова қазір 2-сыныпта оқитын қызы Бегімнің оқуға құштар екенін жеткізді.

«Осыдан 8 жыл бұрын егіз босандым. Жаратқанның жазғаны шығар, екеуі де ерекше бала болды. Бегімнің сыңары – Сезім, ол тырыспасы болғандықтан, оған қоса ауыр диагнозына байланыс­ты оқи алмайды. Төсек тартып жатады. Ал Бегім қоянжырық болып туды, оның үстіне сколиоз (омыртқасы қисайған).   

Сол жырығын түзетеміз деп 3 рет опе­рацияға түсті. Операцияның бәрі де дұ­рыс болмады, жөнді нәтиже бермеді. Соның салдарынан жүрегіндегі жарығы үл­кейіп кетті. Операция басымен байланысты болды ғой, содан құлағына зақым келіп, нашар еститін болып қалды. Қазір құлаққа киетін арнайы аппаратпен жүр. Омыртқасын түзетуге де болады. Алайда ондай күрделі операцияны әзір көтере алмайды. Сол себепті ұзақ отыруға болмайды, белі ауырады. Осының бәріне қарамастан, Бегім білімге құштар, жаңа нәрсені бір үйретсе, қағып алады. Алай­да оған үйрететін адам көңілінен шығуы керек. Кішкентай кезінде тіпті жаңа ойыншықтың өзінен қорқып жылайтын. Қызылорда қаласындағы №198-мек­тептің арнайы педагогтері үйге келіп оқытады. Бегім мұғалімдерін жақсы кө­реді. Өкініштісі, пандемия басталғалы мұға­лімдері үйге келе алмай қалды. Өті­ніш айтқанымыздың нәтижесінде сынып жетекшісі ғана онлайн сабағы басталмай тұр­ғанда келіп кететін болды», дейді Т.Баймаханова.

Осы мақаланы жазу барысында ерек­ше баласы бар бірнеше ата-анамен сөйлестік. Соның ішінде бірі (аты-жө­нін көрсетуден бас тартты) карантин кезіндегі қашықтан оқуда баласының үл­герімі тым төмендеп кеткенін жеткізді. Ата-ананың айтуынша, оған бірден-бір се­беп – оқушының мұғалімнен тікелей сабақ алмағаны.

«Ақыл-ойының ауытқуы болса да 4-сы­ныпта оқитын ұлым сабақты жақсы оқи­тын. Әрине қатарынан кеш дамыды. Бірақ өз деңгейіне сай оқу бағ­дар­ламасынан қалыс қалған емес. Ерек­ше балаларға ерекше білім керек. Мұ­ғалімдері тапсырманы маған жі­береді, соны орындатамын. Дені сау баланың өзін оқыту қиын. Ал мұндай балаларға бірдеңе үйрету үшін мен арнайы маман болуым керек қой. Соны мектебіне хабарласып, директорына бірнеше рет айттым, бірақ нәтиже болмады. Кейін баруды да, хабарласуды да қойдым. Олардың құлағы тыныш, бірақ менің жүрегім жай табар емес. Өйткені күн сайын кері кетіп бара жатқан баламды көріп, көңілім құлазиды», деді аты-жөнін көрсетуден бас тартқан ана.

 

Мектеп мүдделі ме?

Республикадағы оқушылар панде­мия­ кезінде қашықтан оқыту фор­маты­на көшті. Дегенмен шағын жинақ­тал­ған мектептерде бала санының аз­дығы­на қарай дәстүрлі форматта оқыту жал­ғасып келеді. Оған қоса оқушылары көп мектептердің ата-аналарына бастауыш сыныптағы балаларын мектепке жібе­руге рұқсат берілді. Яғни ата-ана баласын үйден оқыта ма, әлде мектепке жібере ме – өзі шешеді. Осындай таң­дау құқығы ерекше балалары бар ата-ана­­ларға берілмей отырғаны өкінішті. Бы­лай қарасаңыз, бір педагогте ерекше білім беруді қажет ететін санаулы бала ғана болады. Әрі олар 1 бөлмеде, 1 жерде топыр­лап жиналмайды да. Иә, арнайы мектеп-интернаттары санитарлық талап­тарды сақтап оқуды дәстүрлі форматта жал­ғастырды. Ал үйден оқитын балалар ше?

Дәл осы сұрақты Арнайы және ин­клюзивті білім беру ұлттық ғылыми-прак­тикалық орталығының директоры Әйгерім Мерекеқызына қойып көр­дік. Ол: «Ата-ана ең әуелі онсыз да им­мунитеті төмен ерекше баласының аман­дығын ойлағаны жөн. Қаншама жол жүріп, бірнеше адаммен байланыста болған мұғалім оқушының үйіне келіп сабақ бергенде балаға ви­рус жұқтырып кетсе, жағдай мүл­дем қиындай түседі ғой. Өздеріңіз біле­тіндей, коронавирусты жеңе алмай ажал құшқандардың басым бөлігі – қан­дай да бір сырқаттың түрімен тізімде тұрғандар. Бізде эпидемиялық ахуал тұрақтанған өңірлер бар. Ондай облыстардағы мектептердің ерекше балаларына мұғалімдерінен көзбе-көз сабақ алуына болады. Дегенмен арнайы педа­гогтердің жұмысын бұрынғыдай жал­ғастыруына рұқсатты біз емес, санитар дәрігерлер береді. Бұл мәселе мектеп директоры, ата-ана, санитар дәрігердің өзара келісімімен шешіледі. Біз өз тарапымыздан қашықтан оқыту жағдайында қандай жаңаша әдіс-тәсілдер қолдануға болатыны жөнінен арнайы педагогтерге веби­нар арқылы кеңестер бердік», деп жауап берді.

Иә, бұл мәселе үш жақты келісіммен шешіледі. Эпидемиялық ахуалдың тұ­рақ­талғанына қарай өңірдің бас са­ни­тары арнайы педагогке ерекше оқу­шы­ларын үйіне барып оқытуына рұқсат берер. Ата-ана да баласының бет­пе-бет білім алғанын қалайтыны сөзсіз делік. Алайда мектеп мүдделі ме? Мәселенің мәнісі осында секілді. Келе­сі жайт, ақи­қаты көңілді күпті етіп, күрсінт­кен оқиға осы ойға бекінтті.

 

Қабырғасыз үй секілді

Жоғарыда аталған орталық өзінің ресми сайтын басқа мемлекеттік мекемелерге ұқсамай, жауапкершілікпен жүргізеді екен. Өйткені сайт қолданушылары ин­клю­зивті білім беруге қатысты сұрақ­тарын қойса, міндетті түрде жауап бе­рілетіні көрініп тұр. Соның ішінде бір ата-ана жарты жыл бұрын, яғни 2020 жыл­дың 28 мамырында:

«Менің ұлым Баққали Әбдіхамит Аханұлы 1998 жылы туған. Мүгедектігіне байланысты үйде оқыды. 2009-2012 жылдар аралығында С.Сейфуллин атындағы орта мектепте 5-6-7-сыныптар­ды оқу керек еді. Бірақ мұғалімдер үй­ге келіп сабақ бермеді. Сабақ берілді деп жалған құжаттар жасап, 3 жыл бойы мемлекет қаржысын жеп келген. Жамбыл облыстық Білім саласын бақы­лау депар­таменті тексерді, бірақ еш­­­­қандай шара қолданбады. Мектеп ди­рек­­торына 37 мың айыппұл салумен шектелді. Баламның оқымай қалған 3 жылы енді не болады? Мүгедек балам­ның жағдайын кім ойлайды?», деп сұрақ қо­йыпты. Ауыр сауал.

Ә.Мерекеқызы басқарып отырған орталық ата-анаға баланы үйде оқытуда тегін көмек алу үшін облыстық Психо­логия­лық-медициналық-педагоги­калық­ ке­ңеске қайта өтініш жасауды ұсын­ған. Содан соң: «Мемлекет ақша­сын­ қайта­рып алуға қатысты айтарымыз, облыстық Білім саласын бақылау де­пар­таменті сіздің балаңыз бекітілген мек­теп­тен айыппұл өн­діріп алды», деп жауап беріпті.

Ақша қайтарылған шығар-ау, ал білім қайта беріле ме? Өткен жылдардың есесі қайтарыла ма? Қайтадан оқытады де­сек те, уақытты кері қайтара алмасы анық. Білім балаға жасына сай берілуі тиіс. Оқу бағдарламасы баланың жас ерекшелігін, психологиялық, ақыл-ой қабілетін ескеріп әзірленген ғой. Енді 20 жастан асқан адамға 7-сыныптағы бағдарламаны оқытудың не мәні бар? Негізгі білім алатын маңызды жылдары «ұрланды». 4 тіреуішімен төбесі жабы­лып, қаңырап қалған қабырғасыз үй се­кіл­ді. Ойсырап тұрған білімнің орнын кім,­ қайтіп толтырады?

 

Қоғам шеттетпесе, мүмкіндік шектелмейді

Балалардың цереберальды параличі (БЦП) диагнозымен туып, арбаға таңыл­са да, жақсы оқыған жамбылдық Жұма­бек Күлетовті мұғалімдері мектептегі үл­герімі нашар сыныптастарына үлгі ететін. Тіпті сыныптастары оны емтихан тапсыруға көмектесу үшін оқу оша­­ғына өздері көтеріп әкелген кездері болыпты. Ал қалған уақыттың бәрінде үйден оқыды.

«Жамбыл облысының Жаңатас қала­сында Абай атындағы мектепті 11 жыл бойы үйден оқып бітірдім. Үздік болдым, математика, физика, информатика пән­дерін жақсы көретінмін. 11-сыныпты бітірерде сыныптастарым емтиханға көмек­тес деп мені үйден өздері алып кет­кен кез болды. Көмектескім келген, бірақ мүгедек жан емтиханнан боса­тылған деп мені олармен бірге емти­ханға қатыстырмады. Үйден білім ал­ғанда мұғалімдер аптасына 1-2 рет келіп оқытатын. Еңбекке баулу, музыка, дене шынықтыру секілді сабақтарды оқы­мадым. Мектепте пандус, жедел саты болғанда қатынап оқитын едім. Онда білі­мім қазіргіден де терең болар ма еді. Мүмкіндігінше баланы қатарға қосып, мектепте оқуына жағдай жасаған жөн. Әр бала мектепте оқуға лайық қой. Мү­гедек балалар сау балаларға қарап талаптанса, сау балалар да мүгедек балаларға қарап үлгі алар еді», дейді Ж.Күлетов.

Аптасына 1-2 рет мұғалімнің төбесін көр­­се де сыныбында үздік болды. Ра­сы­­­мен мектепке күн сайын барып, са­­бақ­тарды қалдырмай оқыса, бәрі бас­­­қаша болар ма... Емтиханнан шеттет­песе, мүмкіндігі шектелмес дерсіз. Де­генмен осы алған білімімен-ақ ал­ғыр, қабілетті кейіпкеріміз Жамбыл об­­лысының Қаратау қаласындағы кол­ледж­ге оқуға түсіп, бағдарламашы ма­ман­дығын алып шықты. Қазір компьютер жөндеп, бағдарлама орнатып нә­пақа­сын тауып отыр.

«Болашақта ІТ мамандығы бойынша жоғары оқу орнына түсіп, білімімді жетілдіргім келеді. Әттеген-айы, университеттерде пандус, жедел саты жоқ. Ал қашықтан білім алу, үйден оқу де­геніңіз оқытушыларды көзбен көріп, оқу орнына барып оқығанға жетпейді», дей­ді Ж.Күлетов.

 

Түйін

Осыдан кейін әлемдегі 70-­ке­ жуық елдің адам құқықтары бо­йын­­ша түр­лі мониторингтер мен зерт­теу­лер жүр­гізетін үкіметтік емес ұйым Human Rights Watch-тың 2019 жыл­ғы зерт­теуіндегі «Қазақстанның Конс­титу­циясы барлық баланың жалпы және ар­наулы орта білім алу құқығына ке­піл­дік береді. Бірақ Human Rights Watch кей балалардың шын мәнінде еш­қандай білім алмайтынын анықтады», дегеніне сенбеске шара жоқ. Оған 3 жыл бойы үйден тиісті білімін ала ал­маған Абдухамит Аханұлының, үйде оқы­­ғандықтан еңбекке баулу, музыка (бәлкім шебер немесе музыкант болар ма еді) секілді адам өмірінде маңыз­ды пәндерді оқи алмаған Жұмабек Күле­товтің жағдайы дәлел болады.

Білімнің көкжиегі кеңеймесе, қан­шама мыңдаған баланың кейбір сабақ­тарға қатысу мүмкіндігінен айырылған ерек­ше білім алушылардың құқығы шек­теле береді.

Балалар мүмкіндігінше оқу ошағын көзімен көріп, ондағы аураны сезініп, мектептің өзінде оқыса дейміз. Бірақ пан­­демия жайлағаннан бері сөз басын­дағы Бегім секілді 12 мыңнан аса бала мұға­лімді үйде көру мүмкіндігінен де айы­рылып қалды ғой...

Нақты қайнары: http://www.elarna.net/koru_kk.php?tur=4&id=1359179
Пікірлер

Көрші сілтемелер