Нұрәлем Facebook-ке Жазыл Тәңіртау YouTube-ке Жазыл Қазақтың 1001 Ертегісі (PDF)

Жүктеу-Албомым-Албомдар-Желі
Осы торды сақтаймын! | Осы торды бас бет етемін!

Біздің байланыс: elarna2012@gmail.com


Мен жүз жерден жазушы болайын, өмірге суретші көзімен қараймын… – Астана Ақшамы



Нұрәлем Facebook-ке Жазыл Тәңіртау YouTube-ке Жазыл Қазақтың 1001 Ертегісі (PDF)

Түрі: Ақжол мақалалары

Жолданған уақыты: 11:00 - 2021/01/23

Нақты Көзі: https://www.astana-akshamy.kz/men-zhuz-zherden-zhazushy-bolajyn-omirge-suretshi-kozimen-qarajmyn/


Мен жүз жерден жазушы болайын, өмірге суретші көзімен қараймын… – Астана Ақшамы

Әдебиет әлемінде әрбір талантты суреткердің өз әлемі бар болса, қазіргі қазақ прозасында айшықты қолтаңбасы қалыптасқан Әлібек Асқаровтың да ғажайып өз әлемі бар. Одан оқырман асқақ Алтайдың сұлулығы мен сол жерде өмір сүрген адамдардың адалдығын, тазалығын көреді. Біз бүгін жазушының өмір жолы мен әдебиет туралы сыр бөліскен сұхбатын ұсынып отырмыз.

ОРАЛХАН ҚАЛАМ ҰСТАҒАН БІРАЗ ЖАСТЫ «БҮЛДІРДІ»

– Бала күніңізден бірге өскен досыңыз, марқұм Дидахмет аға сіз туралы жазған «Әлібектен Әлекеңе дейін» атты мақаласында сегізінші класта оқып жүргенде екеуміз «Боранда» деген повесті бірігіп жазуды бастап, кейін ол басқа мектепке ауысып кетіп, аяқсыз қалды деп айтады. Осыған қарап, көркем сөз өнеріне бала кезіңізден ынтық болған секілдісіз. Әдебиетке қалай келдіңіз?
– Ұмытпасам, «Пионер» журналында солай жазылған повесть жарық көретін, оны әркім әрі қарай жалғастырып алып кетеді. Дидахмет екеуміз солай жаздық. Ол бастады, мен әрі қарай жалғаймын, келесі бөлімін ол, сосын тағы мен… Осылай жаза бастағанбыз. Бұл енді әдебиетке деген бала кезіміздегі бір ұмтылыс қой. Бірақ мен жас күнімнен әдебиеттен гөрі бейнелеу өнеріне бейім болдым. Суретшілікті жақсы көрдім. Дидахмет өлең жазады, соған еліктеп менің соның соңынан ілескім келгені болар… Әйтпесе мен де әдебиетші болам деген ой жоқ. Мектеп бітіргеннен кейін Алматы көркемсурет училищесіне түстім. Сонда оқып жүргенде де Қазақ ұлттық мемлекеттік университетінің журналистика факультетінде оқитын Дидахмет, Ұлықбектермен іргем ажыраған жоқ. Училищеде әдебиет пәнінің мұғалімі А.Әмірова деген ұстазым екеуміз әдебиет үйірмесін ұйымдас­тырып, соған ақын достарымды шақырып өлең оқытам. «Екейде елу бақсы сексен ақын, жын соққандай болады кешке жақын» деп Жамбыл ақын айтқандай, Дидахмет, Ұлықбек, Болат Қанатбаев деген досым болды, бәріміз «Горный гигантта» пәтер жалдаймыз, олар кешке таман әдебиеттің әңгімесін қыздырады. Одан басқа ештеңе айтпайды. Соны тыңдап жүріп, әдебиетке мойын бұрып кеттім. 1975 жылы Алматыда республикалық жас ақын-жазушылардың кеңесі өтетін болды. Соған қатысуға Дидахмет бір әңгімесін дайындап жүрді. Содан одан «Кеңеске маған қатысуға бола ма?» деп сұрап едім, «Енді көр» деп жауап берді. Сөйтіп, жөпелдемеде бір әңгіме жазып, кеңеске қатысып, айтулы академик Зейнолла Қабдоловтың тобына түстім. Кеңеске қатысушылар бір-бірлеп жазғандарын оқып жатыр… Мархабат Байғұт оқыды, Дидахмет оқыды. Төрде отырған ағаларымыз екеуін мақтады. Ендігі кезек маған келді. Әңгімемді оқып шықтым. Залда құлаққа ұрған танадай тыныштық орнады. Асығыс-үсігіс жазылған дүние. Көркемдіктен хабарым аз. Бір кезде Қалихан ағам сөз алды… Ол кісі мені біледі. «Әй, сен биыл көркемсурет училищесін бітіресің ғой, мұнда нағып жүрсің, біздің басымызды ауыртатын сенсіз де жетеді, суретіңе бар» деді дауысы қатуланып. Бір жағы інісі болғандықтан, батырып айтқандай болды. Енді көрмегенім жазушылар болсын деп шығып бара жатыр едім, Зейнолла Қабдолов: «Әй, бала тоқташы» деді ерекше әуезді дауысымен. «Сен өзі суретші екенсің… Сенің көзқарасың өзге жұртқа қарағанда басқаша болу керек қой. Қалихан айта береді. Сен осыны әрі қарай жалғастырып, үмітіңді үзбей жаза берсең қайтеді» деп алабұртып тұрған көңілімді сабасына түсірді. Сосын жазсам жаза берейін деп ойланып қалдым. Сөйтіп жүріп, жазуға төселдім, сөйтіп жүріп, тұңғыш кітабым шықты.
– Бірақ сіз оқырманға алғашында әсерлі жазылған очерктеріңізбен танылған секілдісіз…
– Иә, мен бірден әңгіме емес, очерктер жаздым. Оған Оралхан Бөкей себеп болды. Ол кісі бірде маған басқа өңірде қой, сиыр, жылқы бағады. Біздің жақта ғана марал бағады. Оны ешкім білмейді, осыған байланысты очерк жазшы, содан басташы деп ақылын айтты. Өзі сол кезде «Жұлдыз» журналында істеп жүрді-ау деймін. Содан елге барып, үлкен очерк жазып әкелдім. Оралхан аға оған «Маралдар маңып барады» деген тақырып қойды да, ең соңында «Маралдар маңып барады екен… Әлдеқайдан тарс еткен мылтықтың дауысы естілді» деген сөйлем қосты. Оған өзінің де фамилиясын қосып, сені өткізу үшін осылай істеген дұрыс болар деді. Бұл очерк сол жылғы «Жұлдыздың» сыйлығын алып, екеуміздің суретіміз басылды. Осы маған үлкен қанат бітірді.
– Жалпы, Оралхан ағаға еліктеген жоқсыз ба?
– Алғашқы қалам ұстап жүрген кезімде болды. Менің де Оралханға еліктеп жазған ешқайда жарияланбаған повесім бар. Енді ол кісімен үнемі бірге жүремін, әңгімесін тыңдаймын. Күнара газет бетінде бір очеркі немесе әңгімесі жарқ ете қалады. Соны оқып ағам секілді жазайыншы дейсің. Шындығын айтқанда, Оралхан қалам ұстаған біраз жасты «бүлдірді».

«ЖАҚСЫ ДҮНИЕ ТУДЫРУ ҮШІН ҰЛЫ ШЫҒАРМАЛАРҒА ҚАРАУ КЕРЕК»

– Әр шығармаңыздан суретші екендігіңіз байқалып тұрады, сол жолды қумағаныңызға өкінесіз бе?
– Өкінем. Кейде табиғаттың көркемдігін көріп, «мынау не деген ғажап бояу, суретін салса ғой» деп армандаймын. Бірақ оған дайын тұрған асай-мүсейім жоқ. Осы күзде Алтайды араладым. Сонда табиғаттың таңғажайыбына тағы таңғалдым. Алтай күзінің балбырап тұрған кезі екен. Бір сап-сары бояудың өзі неше түрлі түспен құбылған. Әр ағаш өзінің реңін береді. Мәселен, орыстың атақты қылқалам шебері Илья Репин 124 бояудың реңін білген. Оны білу деген – үлкен дүние. Мысалы, біз 15-20 реңді ғана білеміз. Репиннің бір сөзі бар: «Жақсы дүние тудыру үшін ұлы шығармаларға қарау керек» деген. Шынында да талғамсыз дүниеге қарасаң, көзің үйреніп кетеді. Оқып жүргенде бір суретшілер ауылына барып, «совхозға плакаттар салдым, пора-пора ақша таптым» деп мақтанып келеді, Оған біреулер «Өзіңді бүлдіріп аласың, неге халтура жасайсың» деп ренжіп жатады. Қарапайым адамдарға оның бәрі керемет болып көрінуі мүмкін. Шын мәнінде талғамды көтеру үшін үлкен дүние қажет.
– «Өр Алтай, мен қайтейін биігіңді» деген повесіңіз жазылғанға дейін төрт кітабыңыз жарық көріпті. Сізді осы шығармаңыз оқырманға, әдеби қауымға жаңа бір қырынан, яғни, тынысы кең жазушы ретінде танытты…
– Бұл шығарма өзіме де ұнайды, енді ол апалас-төпелес кезеңде жазылды. Бұрын біз көрген ауыл тұнық судай мөлдір еді. Колхоз-совхоздар орнында, ауыл адамдарының берекесі тасып, бәрі шат-шадыман көңіл-күйде жүретін. Кейін бұл көрініс өзгерді. Ауылға барғанда оны жиі байқап жүрдім. Өткен ғасырдың сексенінші жылдардың соңынан қайта құру басталып, түрлі реформалар қолға алынды. Оның салқыны ауылға да тиді. Сонда елге жолымыз түскенде былтырғы мен биылғы ауылды танымай қалдық. Адамдардың психологиясы да өзгерген. Енді олар «қалай өмір сүреміз?» деп күндіз-түні тірлік қамымен шапқылап жүрді. Бұрынғы ауыл адамдарына тән кеңпейілділік, алаңсыздық жоғалды. Бала күнімізде өзіміз көрген ауыл көзден бұл-бұл ұшты. Мүлде басқа ауылға келгендей күйді бастан кештім. Бұл мені ойландырды. 1995 жылы Абайдың 150 жылдығы мен Мұхтар Әуезовтің жүз жылдығына дайындық жүріп жатты. Сол кезде заңғар жазушының баласы Мұрат Әуезовтің бір газетке әкесінің «Абай жолын» жазуға қалай келгені жайында ой шерткен мақаласы басылды. Ұлы Мұхаң – көшпелі өркениеттің ең соңғы куәгері. Жаңа жиырмасыншы ғасыр басталды. Мүлдем басқа өмір, басқа қоғам. Ал енді ешқандай түрмесі жоқ, барлық түйінді мәселені билер мен ақсақалдардың бір ауыз сөзімен шешкен дала өркениеті өмір сахнасынан жоқ болып бара жатты. Мұхтар Әуезов сол ғажайып көшпелі өркениеттің тірі куәгері ретінде оның сән-салтанатын бар бояуымен таза қалпында келешек ұрпаққа жазып қалдырды. Жазушы «Абай жолында» қазақ көшін қалай көркем суреттейді, төгіліп тұрған поэма ғой. Бұл – бір. Екінші, Бөжейдің асын бергендегі көрініске көз салыңыз. Жоғары жақта жұмыртқадай ақ екі жүз киіз үй… етекте екі жүз қара киіз үй. Әр екі үйдің арасында екі атқа мінген адамды санағанда төрт жүз жігіт атпен табақ тасып, шапқылап жүр. Осыны аударып жатқан орыстың атақты қаламгері Леонид Соболев: «Мұхтар Омарханұлы, бұл мүмкін емес» дегенде, Мұхаң: «Жоқ, ол солай болды» деп жауап беріпті. Сонда Леонид Сергеевич: «Онда қазақтарға коммунизмнің не керегі бар?» деп айтыпты. Әлі күнге дейін көшпелі дәуірдің өркениетін дәл осындай картинада жазған ешқандай шығарма жоқ. Үзіп-жұлып жазғандар болды, бірақ анадай панорамада ешкім жаза алмады. Мұрат Әуезовтің сол мақаласы маған түрткі болды. Өзім көзіммен көрген кешегі ауылымның жақсылығын неге жазбаймын деген ойға бекініп, қолыма қалам алдым. Повестегі «Мұқыр» деген біздің ауыл, атын әдейі өзгерттім. Мұқыр деген өзен бар, қазір ол Ресейге қарап кетті, оған бізді жолатпайды. Бұл шығармада ауыл адамдарының кіршіксіз тазалығы, адалдығы, аңғалдығы сөз болады.
– Сіз оны повесть деп жаздыңыз, қалай романға айналды?
– Оны алғаш «Таңшолпан» журналы басты. 1997 жылы кітап болып жарық көрді. 2000-жылдары «Қазақ әдебиетінің редакторы Жүсіпбек Қорғасбек пен орынбасары Әмірхан Мендеке екеуі осы кітап шыққаннан бері үш жылдан асып барады, ешкім үндеген жоқ, бір аузы дуалы қаламгерге оқытайық деп, Шерхан Мұртазаға береді. Кейін оны Шерағаң: «Астанаға пойызбен келген едім, келгенше шалқамнан жатып, сенің кітабыңды оқып, біресе жүрегім ауырды, біресе мәз болдым» деп өзі айтып берді. Көп ұзамай «Егемен Қазақстан» газетінде Шерағаңның «Романға бергісіз повесть» деген мақаласы басылды. Кейін парасатты сыншы Шериаздан Елеукенов ағамыз да «Бұл – повесть емес, роман» деп баға берді. Былтыр «Атамұра» баспасынан хабарласып, «осы шығармаңызды қайта басайық» деген ұсыныс білдірді. Сосын мен оларға оны тағы бір қарап шығайын дедім. Мен жазылған дүнием кітап болып шыққаннан кейін қайта қарай алмаймын. Қайта қарағанда бірдеңе жетпей тұрғандай көрінеді. Жазушы бір әдемі тіркес, бір әдемі сөз тапса соған қуанады ғой. Сөйтіп, бір ай бойы аталған туындыны үстінен қарап, кейбір кем-кетігін толтырып, артығын қысқартып, образдарды қайта байытып, бейнелеп айтқанда, қыздың жиған жүгіндей етіп жасадым.

КӨРКЕМ ШЫҒАРМА ӨМІРДЕН ЖОҒАРУ ТҰРУ ҚАЖЕТ

– Кейінгі жазған «Әйелдің парасаты», «Аңшы хикаясы, «Социализм әңгімесі» секілді циклді шығармаларыңыздағы оқиғалардың бәрі өмірден алынған, осы тақырыпқа әдейі қалам тарттыңыз ба?
– Менің жазып жүргенімді көрген Оралхан аға бірде: «Саусағыңды қанша сорсаң да, одан бал шықпайды. Сондықтан мүмкіндігінше шығарманы өмірде болған оқиғалардың негізінде жаз» деп айтқаны бар еді. Шынында, менің жазғандарымның бәрі де ешқандай өтірігі жоқ, өмірден алынған. Содан көп кейіпкерлерімнің есімін өзгертіп алам. Михаил Алексеев деген орыс жазушысы шығармашылық туралы айта келіп, «Көркем дүниенің іргетасы төрт тұғырдан тұрады десек, соның біреуі өмірдегі шындық болуы керек» дейді. Әйтпесе, қаламгер қиял қуып, фантастика жазып кетеді. «Әйел парасаты» циклімен жазылған оқиғалардың бәрі өмірде болған. Кейбіреуіне ептеп көркемдік қосылды, сол қаз-қалпында ақ параққа мөлдіреп түскені де бар. Бірде Мұхтар Құл-­Мұхаммед телефонмен хабарласып: «Ғаббас пен Шураның» оқиғасының ұзын-ырғасын айтып берді. Мұндағы кейіпкер Ғаббас – халық ақыны Қалихан Алтынбаевтың інісі. Бұл оқиға арқылы әйел затының көк аспандай тұңғиық жеке әлем екеніне көз жеткізгендей болдық. Мұхаң телефонмен тағы бірде хабарласып, өмірде болған «Задаш пен Балғанымның» әңгімесін айтып берді де, жазғаннан кейін маған көрсетіңіз деді. Дүйсенбі болатын, бір-екі күнде жазып тастап, бейсенбіде Мұхтарға жіберіп, өзім сосын хабарласам деп ойладым. Мұхаң әңгімені сол мезетте оқығанда «Егемен Қазақстанға» басуға беріп жіберген. Сенбі күні бас басылымда әңгімем жарқ ете қалды. Өзім таңғалдым. «Қиғашта» болған оқиғаның ізімен қағазға түсті. Оны атыраулық өлкетанушы-ғалым Өтепберген Әлімгереев досымнан естідім. «Аңшы хикаясымен» жарық көргендердің бәрі де аңшы досым Ерен Жұмағұловтың айтқанымен жазылды.
– Жетпісінші жылдардың соңы мен сексенінші жылдардың басында әдебиетке келген сіздер де аға буынға айналдыңыздар, осы буын әдеби ортада мойындалды ма, әлде алдыңғы толқынның ығында қалып қойдық деп алаңдайсыздар ма?
– Әдебиетте мойындалдық деп айта алмаймын. Көркем сөз өнеріне бізден бұрын келген – Төлен, Оралхан, Дулат, Кәдірбек, Қажығали ағаларымыздың тегеу­ріні мықты болды. Біріншіден, бізді солар өздерінің толқынымен басып кетіп, көрінбей қалдық. Екіншіден, біз сексенінші жылдары әдебиетке келгенімізде қайта құру басталды да, мыңдап кітап шығарамыз, өзімізді танытамыз деген арман адыра қалды. Одан тоқсаныншы жылдар келді де, сол кездегі қиындыққа тап болдық. Біздің буынның мойындалмай қалғанына екі нәрсе кедергі болды: біріншісі – алдыңғы толқынның мықтылығы, екіншісі – өзімізді көрсетеміз дегенде қоғамдық формацияның өзгеріп кеткендігі. Содан жазушының құны көк тиын болып қалды. Енді қазір әркім өзімен «күлшесіне күл тартып» келе жатырмыз.
– Әр суреткердің өз стилі болады, сіз стиліңізді таптым деп ойлайсыз ба?
– Иә, стилімді таптым деп ойлаймын. Дидахмет бір көркем дүние жазарда алдымен әуенді ойлап алу керек деп айтатын. Жалпы, әр жазушының бір әуені болады. Мәселен, Мархабат Байғұтты оқығанда оның жазу мәнерін бірден білесіз, Мұхтар Мағауиннің өз стилі бар. Төлендікі де ешкімге ұқсамайды, Оралхандыкі мүлде бөлек. Әр шығармаға әуен іздеу мүмкін емес.
Сондықтан да өз әуеніңе саласың да, шығарманы жазып шығасың. Әуен деп мен осыны ұғам. Қазір кейбір жастар көркем тілсіз шығарма жазуға болады деген пікір айтып қалады. Мен мұнымен келіспеймін. Актер сахнаға үйде жүрген киімімен шықпайды. Ол сахнаға шыққан сайын бет-жүзін әрлеп қана емес, киімін ауыстырады. Сол секілді сенің жазған дүниең де көркем болып, әдемілікпен, әсемдікпен үйлесім таба білсе, оқырманға жан шуағын сыйлайды. Қысқасы, көркем шығарма өмірден жоғары тұру керек.
– Жастар деп қалдыңыз, олардың прозасына көңіліңіз тола ма?
– Жазып жүрген жастардың арасында көңілімнен шығатындары бар. Айталық, Есболат Айдабосын, Айзат Рақыш деген жас қаламгерлердің аяқ алысы ұнайды. Кейбір жастар оқиға қуып, арзан әдебиетке кетіп қалды да, талғамды түсіріп жіберді. Бізде поэзия дамып кетті де, проза шабандап қалды. Алайда Моңғолия мен Қытайдан келген жазушылар әдебиетімізге жылы леп алып келді. Мен солардың прозаларын оқимын. Олар үлкен әлеуметтік дүниеге тереңдеп бармаса да, оларда қазақтың құнарлы тілі сақталған, содан тіл үйренуге болады.

КІТАП ШЫҒАРУ ІСІ ХАОС БОЛЫП КЕТТІ

– Жазушы, суретші, баспагер… Сіз өзіңізді кім деп есептейсіз?
– Біріншіден, мен жазушымын; екіншіден, баспагермін; үшіншіден, мүмкін, суретшімін. Жазушы ретінде кімнен озық, кімнен кем екенімді жақсы білем. Баспагер ретінде де баспа саласын терең меңгергем. Бір кезде баспагер деген үлкен мамандық болды. Қазір олай емес…
– Кәсіби баспагер ретінде елімізде қазіргі басылған кітаптарға көзқарасыңыз қандай?
– Бұрын әр баспаның өзінің өрісі болды. Мәселен, «Қайнар» баспасы ауылшаруашылық жөніндегі кітаптарды шығарса, «Өнер» баспасы өнер туралы жазылған жинақтарды басты. «Жазушы» баспасы көркем әдебиетпен айналысса, «Жалын» баспасынан жастар әдебиеті жарық көрді. Қазір кітап шығару ісі хаос болып кетті. Өнерден мұрнына иісі бармайтындар ақша берсе, бұрқыратып суретші туралы кітап шығарады. Біздегі кейбір баспаларда не корректор, не редактор жоқ, онда директор мен бухгалтер ғана жұмыс істейді. Автор жазған дүниесін қалай әкелсе солай шығарады. Онда қате деген өріп жүреді. Қазір министрліктегі баспа бөлімінде екі-үш маман ғана отыр, олар жарық көріп жатқан топ кітапқа не істейді? Бұрын сол салада қызмет істеп жүргенде баспаларға: «Сіз мына кітапты үш мың данамен шығарасыз, сосын бес жүз дананы тағы басасыз» деп келіскенбіз. Өйткені үш мың данамен шыққан кітап кітапханаға түседі де, сатылымға жетпей қалады. Өйткені оқырманның бәрі жаңа жинақты кітапханадан алып оқи бермейді. Әсіресе, қарияларға қиын. Кейбір азаматтар кітап дүкенінен сатып алғысы келеді. Қазір бұл үрдіс жоқ. Баспалардың артық шығын шығаруға ақшалары жоқ. Тек «Атамұра», «Фолиант», «Аруна» деген ауқымды баспалар ғана солай жасайды.
Содан кейін Мемлекет басшысы балалар әдебиетін дамыту жөнінде айтқаннан кейін Мәдениет және спорт министрлігінде қозғалыс басталды. Бұрын Лондон, Франкфурт, Мәскеуде өткен халықаралық деңгейдегі көрмелерге барған отандық баспалар шетелдік балалар кітабын сатып алады да, оның қазақшасы мен орысшасын бірдей шығарып жүрді. Қазір кітап дүкендеріне барғанда қаптаған аударма әдебиетті көресіз. Әрине, оның бәрі сапалы жасалған. Танымдық дейсіз, техникалық дейсіз бе… жұтынып тұр. Бірақ олардың бәрі өзге елдің идеологиясымен жазылған. Қашанға дейін өзгенікін пайдаланып жүреміз. Енді ондай кітаптарды өзіміз жазуымыз керек. Бүгінге балалар әдебиетіне Толымбек Әлімбек пен Бейсенбай Сүлейменов секілді санаулы жазушылар қалам тербейді. Бір кезде Сапарғали Бегалин, Мұзафар Әлімбаев, Бердібек Соқпақбаевтар балаларға мөлдіретіп тамаша дүниелер жазды. Мемлекетіміздің балалар әдебиетін көтереміз деп жатқаны жүрекке жылылық ұялатады.
– Қатонқарағай ауданынан жалпақ жұртқа мәлім бес бірдей белгілі жазушы шықты. Дидахмет аға туралы естелігіңізде: «Енді, міне… Тағдырдың жазуына не шара, сопайып жалғыз қалғандай күйдеміз!» деп жазыпсыз. Жалғызсырайсыз ба?
– Жалғызсырағанда қандай…! Дидахмет кетіп қалады деп ойлаған жоқпын. Еркелеп Оралханға баратынбыз. Еркелеп Қалиханның бауырында жататынбыз. Солардың жоқтығы жаныма батады. Қазір Өскеменде Әлібек Қаңтарбаев деген ақын бар, сол екеуміз хабарласып тұрамыз. Құдайға шүкір, мені қолдайтын достарым жетерлік. Айталық, Сауытбек Абдрахманов… Ол менің кішкентай дүниеме дейін қуанып жүреді. Әлгінде айтқан Ерен Жұмағұлов бар, ол да астанада тұрады. Жасымыз ұлғайып келеді. Бәрі де Алла тағаланың жазуы… Одан ешкім аса алмайды.
– Жетпістің жотасына шығып отырсыз, өмірде неден күйіндіңіз, неден сүйіндіңіз?
– Кітап дүкеніне барсам, суретшілердің бір альбомын алмай кетпеймін. Мені сол ерекше тартып тұрады. Бұрынғы қылқалам шеберлерінің картиналарынан эстетикалық ләззат алам. Бала күнімде «Огонек» журналында басылған суреттерді қызыға қараушы едім. Өйткені бейнелеу өнерін терең түсінемін. Жеке мұрағатымда суретшілердің он мыңдай открыткасы бар. Суретшілер туралы түрлі альбомдар да жетеді.
Мен жүз жерден жазушы болсам да, өмірге суретші көзімен қараймын. Орыс халқының бір бақыты, оларда өнердің үш тұғырында үш алыбы отыр: әдебиетте – Лев Толстой, бейнелеу өнерінде – Илья Репин, музыкада – Петр Чайковский. Сонда олар мақтанбағанда кім мақтанады? Суретшілік өнерімді тастап кеткеніме ептеп күйінем, ішім ауырады. Алайда соған деген сағынышымды басу үшін шығармаларымда табиғатты суреттегенде бояуды қалыңырақ жағамын. Артық кеткенімді білсем де, әдейі солай істеймін. Өйткені қазіргі қапас қалада тұрып жатқан адамдар мені оқығанда табиғат аясында бір еркін тыныстағандай сезінсе деймін.
Сүйінгенім: ұлым мен қызым аман-есен ер жетті, немерелерім бар, солар үйге келгенде мәз болам. Айналамда аталап, жаны қалмай жүгіріп жүреді. Бірде сая­бақта екі жағыма екі немеремді ұстап келе жатыр едім, Сауытбек жолығып қалды. Сосын қарап тұрды да: «Әлеке, бақыт деген осы» деді. Шынында бақыт деген сол. Адамға көп нәрсенің керегі жоқ. Бір данышпан: «Алла тағала адамзатты жарық жалғанға жіберген кезде «Сен министр бол, ия, қойшы бол» деп жібермейді, сені адамзаттың алтын жібін жалғасын деп жіберді» деп айтыпты. Осы тұрғыдан алғанда, өміріме шүкіршілік айтамын. Ел аман, жұрт тыныш болсын!
– Әсерлі әңгімеңізге рақмет, аға!

Нақты қайнары: http://www.elarna.net/koru_kk.php?tur=7&id=1340633
Пікірлер

Көрші сілтемелер