Әсіресе «Москвичтерге» бүйрегі бұрып тұрады.
Қазір шебердің меншігінде кеңестік кезеңнің осындай 4 темір тұлпары бар.
Бұл – 59-жылғы сирек «Москвич». Кеңестік кезеңде оның 7 жарым мыңы ғана шығарылған. Сол қалпы. Бірде бір рет жөнделмеген. Жүріп тұр. Игорь Туев оны бір қариядан сатып алған.
Ал бұл 63-жылғы «Москвич». Шебер оны металл тапсыратын орыннан алып қалған. Енді көне көлікті қайта қалпына келтіруге барын салып жүр.
Игорь Туев, коллекционер – реставратор:
– Түп нұсқасын 100 процентке шығара алмаймын. Көптеген қосалқы бөлшегін табу мүмкін емес. Әрі қымбат. Бірақ барынша тырысып көремін.
401-інші «Москвич». Екінші дүниежүзілік соғысынан кейін құрастырылған көлік. Сирек кездесетін раритет Игорьдің қолына 10 жыл бұрын тиіп, қазір жалтырап, жайнап тұр.
Игорь Туев, коллекционер – реставратор:
– Мен мұнымен Жеңіс күні ғана жүремін. Қаланы бір шарлап шығып, мәңгілік алау маңына барып тұрамын. Адамдар қызықтап суретке түседі.
Игорь үшін ең қымбат, әрі ең ыстық – мына көлік. Бұл – оның ең алғашқы жұмысы. Көліктің сырты «Москвич» болғанмен, іші «Мерседес». Оны құрастырып, жинауға 10 жыл кеткен.
Игорь Туев, коллекционер – реставратор:
– Бұл көлікті 2007 жылы бастап, 2017 жылы аяқтадым. Әлі толық біткен жоқ. Арасында қолымды бір сермеп, енді істемеймін дедім. Бірақ қайта келіп, қайта кірістім.
Игорь – мамандығы бойынша дәнекерлеуші. Оның коллекциясы шағын болғанымен өте құнды. Шебер әлі талай көне көлікті қалпына келтіріп, көпшілік назарына ұсынбақ.
Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Руслан Әлиев