Еларна қолфон нұсқасына ену

Жүктеу-Албомым-Албомдар-Желі
Осы торды сақтаймын! | Осы торды бас бет етемін!

Біздің байланыс: elarna2012@gmail.com


Қауіпке қарсы қамсыз емес – Астана Ақшамы



Тіркеліңіздер Кітапхана Қожалар торабы Албомдар Қазақтың 1001 ертегісі

Түрі: Ақжол мақалалары

Жолданған уақыты: 06:45 - 2020/11/28

Нақты Көзі: https://www.astana-akshamy.kz/qauipke-qarsy-qamsyz-emes/


Қауіпке қарсы қамсыз емес – Астана Ақшамы

Республика бойынша вирустың репродуктивтілік көрсеткіші 1,07 болды. Бұл туралы апта басында Үкімет басшысы Асқар Мамин аурудың таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық селекторлық отырыста айтты. Елдегі инфекциялық кереуеттердің әзірге 22 пайызы, жан сақтау бөлімшелеріндегі орындардың 17 пайызы пайдаланылуда. Қызыл аймақта еліміздің бес өңірі – ШҚО, Павлодар, Қостанай, СҚО, Ақмола облыстары тұр. Сары аймақта – Нұр-Сұлтан қаласы мен БҚО.

Қазақстанда жаһандық індет тарағалы 8 жарым айдың ішінде вирусты 129213 адам жұқтырып, соның 115 384-і емделіп шықты. Өкінішке қарай, пандемия кезінде 2 мыңға жуық адам өмірімен қоштасты. Қазір елімізде коронавирус инфекциясынан 11 816 адам емделіп жатыр. Олардың арасында 781 бала бар. Стационарларда 3 276 науқас, амбулаториялық деңгейде 8 540 емделіп жүр.
26 қарашадағы бір тәулікте елде 813 адам вирус жұқтырды. Елорда – 15 833 жұқтыру көрсеткішімен ШҚО және Алматыдан кейінгі үшінші орында. Дертті жеңе алмай көз жұмғандардың ең жасы 37 жаста болса, ең үлкені – 93-те. Жалпы бұл вирустық аурудан көз жұмғандардың дені – 50-80 жас аралығындағы адамдар. Дертті жұқтырушылар қатары шетелді шарлап келгендер арқылы да көбейіп отыр. 25 қарашада Египет, Түркия, Корея, БАӘ, Нидерланды, Беларуссия, Өзбекстаннан 12 халықаралық әуе рейсі арқылы келген 1026 жолаушының ішінен 2 адамнан вирус анықталды. Жалпы биыл 6 қазан мен 14 қараша аралығында 50 адам шетелден вирус жұқтырып келген.
Премьер-министр денсаулық сақтау және индустрия министрлігіне әкімдіктермен бірлесіп, медициналық жабдықтар жеткізуді аяқтауды, инфекциялық стационарлардағы жан сақтау бөлімшелерін толық жабдықтауды тапсырды. Эпидемиялық ахуал нашарлап кетер болса, соған ауруханалар мен госпитальдердің 100 пайыз дайындығын қамтамасыз ету керек. ІІМ, Еңбек, Білім және Қорғаныс министрліктері әкімдіктермен бірлесе профилактикалық және эпидемияға қарсы шаралардың ұжымдарда сақталуын бақылауды күшейтуі тиіс. ДСМ әкімдікпен бірге зертханалық зерттеудің дәйектілігін қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылдайды. Осыған орай зерттеу айқындылығы үшін 1 желтоқсанға дейін бірыңғай ақпараттық жүйе арқылы зертханаларды біріктіру жұмыстарын да тәмамдау маңызды. Соған қоса ДСМ-ге бір апта ішінде ковидке қарсы препараттардың шекті құнын төмендету үшін олардың бағасын реттеу тәртібін өзгертуге тапсырма берілді. Бәсекелестікті дамыту және қорғау агенттігі Қазақстандағы ковидке қарсы дәрілер құны көтеріліп кетпеу үшін шетелдік фармацевтикалық нарықтағы баға конъюнктурасына талдау жүргізеді.
Аталған агенттіктің ДСМ-мен бірге COVID-19 ауруын емдеуге арналған дәрілер бағасын түсіру бойынша тұрақты жұмыстары нәтижесін берді. Сонымен Қазақстанда жасалған, ковидке қарсы 58 дәрінің бағасы төмендетілгені белгілі болды. Бұл – Мемлекет басшысының өткен аптада Үкімет мүшелерімен, бірқатар мемлекеттік органдар басшыларымен және қалалар, облыстар әкімдерімен өткен отырысында берген тапсырмасы болатын.

Белсенді болу өлімнен сақтайды

ДДҰ пандемия кезіндегі дене белсенділігі нормалары бойынша ұсынымдарға түзетулер енгізді. Енді ересек адамдар мен балалар үшін де ұдайы дене белсенділігін сақтау маңызды. Ұйым өкілдерінің айтуынша, әлем халқы дене қозғалысы жағынан бүгінгіден анағұрлым белсендірек болса, бұл жылына 5 млн адамға дейін жететін өлім көрсеткішін болдырмауға септік етер еді.
Қазір адамдар коронавирусқа байланысты үйлерінен шықпауға мәжбүр. Енді қай жаста болса да, қандай қимыл-қозғалыс түрімен айналысса да адамдардың белсендірек болғаны жөн. Жаңа ұсыным бойынша ересектер, соның ішінде созылмалы аурулары бар адамдарда немесе мүгедектерде де аптасына орташа интенсивті деңгейдегі 150-300 минуттық дене белсенділігі болуы керек. Балалар мен жасөспірімдерге күніне орташа есеппен 60 минут орташа немесе жоғары интенсивті аэробикалық жаттығулар жасауға кеңес беріледі.
Ұйым мәліметтері бойынша егде адамдар, шамамен 65 және одан жоғары жастағыларға тепе-теңдік сақтауды және координацияны жақсартатын белсенді қимыл түрлерін жасап, бұлшық еттерді нығайтуға кеңес етіледі. Ұдайы дене белсенділігін сақтау жүрек-қан тамырлары ауруларының алдын алуға, екінші типтегі қант диабетін емдеуге көмектесуге, күйзеліс белгілерін азайтуға, когнитивті қабілеттерді төмендетіп, жадыны, ми қызметін жақсартуға септік етеді. ДДҰ бас директоры Тедрос Адханом Гебрейесус айтқандай, дене қимылын белсенді қозғалыста ұстау адам өмірін ұзартып, өмір сүру сапасын жақсартуға ықпал етеді.

Грузияда қосымша шектеу

Бүгіннен бастап Грузияда қосымша карантин шектеулері енгізілді. Соның шеңберінде жаңа коменданттық сағат енгізіліп, көптеген дүкендер мен мейрамханалар, бассейндер мен тренажер залдар жабылады, көлік жұмысы мен спорттық, мәдени шаралар өткізуге шектеу қойылады. Бұл шектеулер келесі жылдың 31 қаңтарына дейін жалғасатын болды.
Елдің премьер-министрі ­Георгий Гахария шектеу шаралары тек православтық Рождество мерекесіне орай 24 желтоқсан мен 3 қаңтар аралығы және 6-7 қаңтарда жеңілдетілетінін жеткізді. Жаңа коменданттық сағат бұрынғыдан бір сағат ерте, кешке 22.00-де басталып, таңғы 5-ке дейін жалғасады. Бұл аралықта жаяу жүргіншілер мен көліктер қозғалысына шектеу қойылады. Ал банктер, азық-түлік және зоодүкендер, ауылшаруашылығы базарлары, дәріханалар шектеусіз жұмысын жүргізе береді. Қонақүйлер тек дерт жұқтырғандарды орналастыру үшін ғана ашық болады, барлық қысқы курорттар жұмысы тоқтайды. Мекемелердегі қызметкерлердің 80 пайызы қашықтан жұмыс істеуге жіберіліп, мектептер мен ЖОО-дағы сабақтар онлайн түрде жалғасады, балабақшалар жабық болады. Грузия билігі мекемелер ішінде де, көшеде де міндетті маска тағу талаптарын енгізді. Бүгінде бұл елде 118 690 адам ауру жұқтырып, 1124 адам дерттен көз жұмған.

Оңтүстік Кореяда – үшінші толқын

Биыл 24 қарашадан бері Оңтүстік Кореяда күніне ауру жұқтырған 300 адамнан анықталуда. Билік елдегі пандемияның ақпан-мамыр және тамыздағы кезеңін салыстыра келе қазір үшінші толқын өтіп жатыр деп санап отырғанын мәлімдеді. Қазір мұнда ел астанасы маңайында әлеуметтік қашықтық сақтау шаралары күшейтілді. Ауру профилактикасы және бақылау жөніндегі Корея агенттігінің мәліметтеріне қарағанда, елде ауру жұқтырғандар саны 31 мыңнан асты. Бұл елде қазір әлеуметтік қашықтық сақтау жүйесінің бес деңгейі қолданылуда. Түнгі клубтар мен жұқтыру қаупі басым басқа да орындар жабылып, кафелер келушілерді қабылдамай, тағамды үйге жеткізу қызметіне көшті. Мейрамханаларға кешке 21.00-ден кейін қызмет көрсетуге тыйым салынды. Үйлену тойлары мен жерлеу рәсімін өткізу залдарында 100 адамнан артық адам жиналмайды. Мемлекеттік қоғамдық нысандар да тек әдеттегідей емес, 30 пайыз толтыра отырып қана адам қабылдайды.

Ұлыбритания пабтарын қайта ашпақ

Джонс Хопкинс университетінің мәліметтері бойынша, пандемия басталғалы әлемде адамдардың 60,5 млн-нан астамы коронавирус инфекциясын жұқтырды. Дерттен 1,4 млн адам көз жұмды.
Өткенде шектеу шараларын күшейткен Лондонда 2 желтоқсанда локдаун аяқталғаннан кейін пабтар қайтадан ашылып, карантиндік шектеудің үш балды жүйесі енгізілетін болды. Елдегі әр өңір эпидемиологиялық жағдайына қарай бағаланады, яғни ауру жұқтырудың, өлімнің, аурухананы толтырудың жаңа жағдайлары қалай болса, соған қарай шектеу шаралары да ішінара өзгеріске ұшырауы мүмкін. Мұндай жүйе Ұлыбританияда күзде де болған, бірақ қысқы нұсқасы қаталдау болады деп болжанып отыр.
Еуропадағы тау шаңғысы мау­­сымы сәл кештеу басталуы мүмкін. Себебі пандемия басталғанда коронавирус инфекциясының таралу ошақтарының бірі – осы тау шаңғысы курорттары болған еді. Кейбір Еуропа елдері дерттің таралуына байланысты жағдайды у­­шықтырмас үшін өздерінің тау шаңғы курорттарын келесі жылға дейін жаба тұруға дайын.

Германияда локдаун ұзартылды

Ел билігі локдаунды 20 желтоқсанға дейін созуға шешім қабылдады. Алайда кейбір шектеулер одан соң да сақталуы мүмкін. Әсіресе, сауда орталықтары мен дүкендерге келушілер санына шектеу қойылып, қоғамдық орындарда маска тағу міндеттеледі. 23 желтоқсан мен 1 қаңтар аралығындағы мерекелер кезінде топ болып тек 10 адамға дейін жиналуға рұқсат етіледі. Меркель Бундестагта сөйлеген сөзінде қатаң шектеулерді қалдыру керек деді. Себебі тек сонда ғана 100 мың адамға шаққанда жұқтырудың жаңа жағдайы аптасына 50-ден аспайтын болады деп санайды. Ал қазір Берлинді қоса алғанда елдегі 62 елді мекенде бұл көрсеткіш 200 адамды құрап отыр. «Өкінішке қарай, Рождество мен Жаңа жылға таман елдегі жағдай жақсарады деп уәде ете алмаймыз» деді ол.

Топ жарған вакциналар үштігі

Соңғы клиникалық сынақ мерзімінен өткізіліп жатқан 3 вакцина өндіруші өз препараттарының тиімділігі теңдессіз деп мәлімдеді. Тіпті апта сайынғы мұндай мәлімдемелер қазір әлемде коронавирусқа қарсы вакциналардың жарысы өтіп жатқандай әсер қалдырады. ДДҰ сарапшылары тиімділігі 70 пайыздан асқан кез келген вакцинаны сәтті жасалды деп санайтынын жеткізді.
Сонымен бұл үштіктің қатарындағы бірінші вакцина – америкалық Pfizer компаниясының өнімі. Бірнеше апта бұрын олар өз екпелерінің вирустан 95 пайыз қорғайтындай тиімділігі дәлелденгенін айтқан. Бұл – жақсы көрсеткіш, себебі оны алған 100 адамның 95-де тұрақты иммунитет қалыптасады. Екінші үміткер вакцина – америкалық Moderna да вирустан 94,5% қорғайды деп дәлел келтірілді. Үшіншісі Ресейдің Гамалея орталығы дайындаған «Спутник V» вакцинасы вирустан 92 пайыз қорғай алады. Бұл үш вакцинаны шығарушы компаниялардың бәрі де – нарықта көп жылдан бері келе жатқан, сенімге ие болған өндірушілер. Олардың бәрі де жыл соңына дейін өз екпелерінің миллиондаған дозасын шығаруға дайын. Бірақ әзірге үшеуі де алдағы жылдың мамыр айына дейін ауқымды клиникалық сынақтардан өткізіледі. Сондықтан олардың ішінде қайсысының коронавирустан қорғау тиімділігі жоғары екенін айтуға әлі ерте.

Нақты қайнары: http://www.elarna.net/koru_kk.php?tur=7&id=1310487
Пікірлер

Көрші сілтемелер