Еларна қолфон нұсқасына ену

Жүктеу-Албомым-Албомдар-Желі
Осы торды сақтаймын! | Осы торды бас бет етемін!

Біздің байланыс: elarna2012@gmail.com

Үш күнгы келушылер санағыКелген адам саны (IP)Көрілген бет саны (PWs)КомпйутерҚолфон
2019-12-071600666656 %44 %
2019-12-082923931263 %37 %
2019-12-091028353857 %43 %

«Қазақстан-2050» Стратегиясы: бір халық – бір ел – бір тағдыр»



Тіркеліңіздер Кітапхана Қожалар торабы Албомдар Қазақтың 1001 ертегісі

Түрі: Егемен торы

Жолданған уақыты: 21:10 - 2013/04/24


Басты мақалалар «Қазақстан-2050» Стратегиясы: бір халық – бір ел – бір тағдыр» Бейсенбі, 25 сәуір 2013 3:00

Кеше Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайында Қазақстан Республикасының Президенті, Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен «Қазақстан-2050» Стратегиясы: бір халық – бір ел – бір тағдыр» тақырыбында Қазақстан халқы Ассамблеясының мерейтойлық ХХ сессиясы өтті.

 

Сессия жұмысына еліміздің барлық аймақтарынан Ассамблея мүшелері, республикалық және өңірлік этномәдени бірлестіктердің төрағалары, Парламент депутаттары, орталық атқарушы органдардың, саяси партиялардың, діни бірлестіктердің, үкіметтік емес ұйымдардың басшылары, елімізде тіркелген шетелдік дипломатиялық миссиялардың жетекшілері, ғылыми және шығармашылық интеллигенция мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев сөз сөйледі.

Қымбатты отандастар!

Қадірлі қауым!

Қасиетті қазақ жерін тату­лық­тың тал­бесігі етіп, бейбітшілікке бөлеген Қа­зақстан халқы Ассам­блеясы биыл кәмелетке толды.

Ел тәуелсіздігінің ең жауапты кезе­ңін­де бірлігіміздің бастауы болсын деп қолымызбен құрған Ассамблеяның дүние­ге келгеніне 18 жыл.

Осы аралықта ол өзінің өмір­шең­­дігін көрсетіп, біздің бейбіт қо­ғамның ажырамас бөлігіне айналды.

Елдіктің өлшемі, тұрақтылық­тың тұт­қасы болды.

Қазақстан халқы Ассамблея­сы­ның мерейтойлық 20 сессиясын «Бір халық – бір ел – бір тағдыр» деп атауымыздың астарында үлкен мән бар.

Кезінде тағдырдың жазуымен қасиет­ті қазақ даласына сан түрлі ұлт өкілдері қоныс тепкен еді.

Бүгінде олар тегі басқа болған­мен тең­дігі бір, қаны бөлек бол­ғанмен жаны бір, арманы ортақ біртұтас халыққа айналды.

Туған елдің туының астында бірігіп, туған жердің тұғырын биік етуге бел шеш­кен азаматтарды бір тағдыр күтеді.

Осылай, елдігіміздің ертеңі ошақ­тың үш тағаны сияқты «бір ха­лық – бір ел – бір тағдыр» деген үш сөзге сыйып тұр.

Бірлігі берекелі, тірлігі мере­ке­лі, ынтымағы жарасқан елдің ғана ырыс-несібесі мол болмақ.

Осыны халқымыз бек түсініп, бір­лі­гіне бекем болды.

Ел иесі – қазақ халқы да ешкім­ге шет­қақпайлық көрсеткен жоқ.

Ұлтына, тілі мен діліне қарамай барша этнос өкілдерінің теңдігін Ата Заңымызда айқындап алдық.

Табысқа тоқмейілсіп, тоқырап қалмай, алыс болашағымыздың темірқазығы – «Қазақстан-2050» Стратегиясын қа­былдадық.

Онда ең басты 7 басымдықтың бірі – Жаңа қазақстандық патрио­тизм­нің түп қазығы ретінде ел бір­лігін басты назарға алдық.

Менің тапсырмаммен да­йын­далған Қазақстан халқы Ассам­блеясын да­мы­тудың 2020 жылға дейінгі тұжы­рым­дамасы да айрықша маңызды құжат.

Бүгінгі сессияда салиқалы ой­лар­ айтылып, тағдырлы шешімдер қабылданары­на сенемін.

 

Құрметті қазақстандықтар!

Бүгін біз Қазақстан халқы Ас­сам­блея­сы­ның XX сессиясын өткізіп отырмыз.

Бұл біздің үлкен жолды жүріп өтке­німізді білдіреді.

Осы жылдар ішінде Ассам­блея кә­ме­лет жасына жетіп, ұлты­мыздың аса маңызды жалпы­азаматтық институтына айналды.

Қазақстан – этностық жанжалдардан азат аумақ.

Экономикалық және әлеумет­тік-саяси реформалар этносаралық тағаттылық пен үйлесімнің арқа­сында табысты жүргізілді.

Бейбітшілік пен тыныштық әр үйдің баға жетпес байлығына айналды.

Біздер мен сіздер атқарған жұ­мыстың, Ассамблея жұмысының басты нәтижесі міне, осы!

Бүгін біз Ассамблея – тұтастай Қа­зақ­стан халқы деп толық негіз­бен айта аламыз!

Барлық он жеті миллион!

Бүгін Ассамблея – тұрақтылық пен қо­ғамдық келісімнің сенімді, берік ір­ге­тасы.

Ассамблея тарихы – ел тарихы, халық тарихы.

 

Құрметті отандастар!

Біздің сессиямыздың күн тәртібіне маңызды мәселе енгізіліп отыр. Ол: «Қазақстан-2050» Стра­те­гиясы: бір халық – бір ел – бір тағдыр».

Неге біз бұлай айта аламыз?

Өйткені, «бір халық» – бұл бар­лы­ғы­мыз үшін ортақ ұлттық мүдделер.

«Бір ел» – бұл барлығымыз үшін ор­тақ Отан.

«Бір тағдыр» – бұл біз бірге жү­ріп өткен қиындықтар мен же­ңістер!

Бұл біздің ортақ келешегіміз – игілікті және өсіп-өркендеген Қазақстан!

Осының барлығын қоса ал­ған­да, Стратегияны табысты жүзеге асыру үшін қоғамның бірлігі қажет дегенді білдіреді.

Бүгінде әлемдік экономикада «белгі­сіз­дік белесі» келе жатыр.

Дамыған елдердің рейтингтері төмен­деуде, рецессияның жаңа толқынын күту күшейе түсуде.

Кипрде болған жақындағы оқиғалар адамдардың игілігіне тікелей ықпал ететін қаржы тәуе­келдері қаншалықты күрделі болатынын көрсетіп берді.

Бұл – алаңдатарлық дабыл.

Әлемдегі экономикалық жағдай біз мұқият бақылап отырған эт­но­мә­дени ахуал трендтеріне ықпал етеді.

Қазіргі дәуірдің шешуші пара­доксі әлемде бір мезгілде екі үрдіс: унифика­ция жағына және үлкен әртүрлілік жа­ғына іс-қимыл танытатынына барып тіреледі.

Әлем қарапайымданып емес, күрде­лі­леніп барады.

Тек Еуропаға ғана мил­­лион-мил­лион­даған мигранттар келіп жатыр.

Біреулер үшін бұл құбылыс табиғи, ал екіншілері үшін апатты көрінеді.

Барған сайын шетін ритори­ка­ның дауысы қатты естілуде.

Мультикультурализмнің бұ­рын­ғы прак­тикасы өзін тауыс­қа­ны айқындала түсуде.

Тіпті болашақта Еуропа мем­ле­кет­тері­нің «өзін өзі жоятыны» туралы кітаптар пайда болуда.

Мен ашық мемлекеттік стратегия мен ізгі ниет бар жағдайда бірлік пен көп­қырлылық трендтері бір-біріне қайшы келмейтініне, керісінше, бірін бірі толық­тыратынына сенімдімін.

Біз Қазақстан халқы Ассамблея­сы­ның барлық жиырма сессиясы бойына нақ осындай саясат жүр­гізіп келеміз.

Және бұл саясат өзін толық ақтады!

Тәуелсіздік жылдарында біз этнос­ара­лық бірліктің өз моделін жасадық.

Іс жүзінде азаматтарымыздың тең құқығы мен мүмкіндігін, өмір сапасы мен қауіпсіздігін қам­тамасыз еттік.

Зураб Бобохидзе Атыраудан былай деп жазады:

«Менің үйім, менің отбасым, бауырларым, үш балам, бес немерем осында.

Тәуелсіздік жағдайында мен грузин болғаным үшін бірде-бір рет өз елімнің өмірінен шет қалу сезімін басымнан өткерген емеспін».

Бүгінде біздің көптеген азаматтарымыз осылай дей алады.

 

Құрметті қазақстандықтар!

Бүгінде әлем өзгеріп жатыр.

Онда көптеген оқшаулағыш сызық­тар: өңірлік және конфес­сия­лық, әлеу­меттік және мәдени, тілдік және этностық сызықтар пайда болуда.

Жаңа жағдайларда, біз 2050 жылға дейінгі Стратегияға аяқ­ басқан кезде қо­ғамның көп­қыр­лылығын өзіміздің пайдамызға жарата білуге тиіспіз.

Жаңа жағдайларда Ассамблея нағыз жалпыазаматтық, саяса­түс­тілік және жалпыхалықтық институт болуы тиіс.

Мен мынаны атап көрсетемін: Ассамблеяның XXI ғасырдағы миссиясы тарылып емес, кеңейіп келеді!

Өкінішке қарай, мұны барлығы бір­дей, тіпті шенеуніктер де түсіне бер­мейді.

Кейбіреулер ҚХА-ға қарап, «ескіше» – бұл этностық азшы­лық­тың өкілдігі деп ойлайды.

Мен түсінбейтіндерге немесе түсінгісі келмейтіндерге бүгінде Ассамблеяның не екенін айтқым келеді.

Оны БҰҰ-да, ЕҚЫҰ-да, АӨСШК-де таныды.

Ассамблея – бүкілхалықтық өкіл­дік!

Нақ сондықтан Ассамблеяға өзім жетекшілік етемін!

Нақ сондықтан мен бүгінде Ас­сам­блея – бұл барлық 17 миллион­дық қазақстандық дедім!

 

Ардақты ағайын!

Ассамблеяның ең басты міндеті – еліміздегі қоғамдық келісім.

Ал ұлтаралық татулық мәсе­ле­сі Ассамблеяның сан қырлы қыз­метінің бір парасы ғана.

Қазақстандағы қоғамдық ке­лі­сім – ең алдымен қазақтың келісімі екенін мықтап есте ұстаған абзал.

Татулық пен тұрақтылық ел иесі ретінде ең алдымен қазаққа керек.

Қазақтың ынтымағы мен бірлігі мықты болмайынша, мемлекеттің тұтастық келбетін сақтау мүмкін емес.

Халқымыз «тар жерде табыс­қан кең жерде келіседі» демейтін бе еді?!

Ең тар замандарда қазақ құша­ғына алған өзге этнос өкілдері бүгінде өз бауырларымыз атанып, бізбен бір халыққа айналды.

 

Құрметті отандастар!

Біз «Қазақстан-2050» Страте­гия­сын жүзеге асыруға кірісудеміз.

Бүгінде біздің 2050 жылға дейінгі этносаралық саладағы стра­тегиялық болжамымызды қа­лыптастыруға толықтай негіз бар.

Қазақстан 2050 жылы қандай ел болады?

2050 жылы Қазақстанның жұдырық­тай жұмылған біртұтас халық, үлгілі ұлт­тық мемлекет болатынына мен сенімдімін.

Қоғамдық келісім біртұтас полиэтнос­тық халық, мемлекет пен азаматтық қо­ғам институттары, саяси партиялар, діни конфессиялар өмірінің басты ерекшелігі болуы тиіс.

Қоғамдық келісім Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамының ереже тұтар қалыбы болуы тиіс.

Менің өз тәжірибемде талай мәрте көз жеткізген нәрсем – кез келген еңбек ұжымында өзара тү­сіністік пен келісім болғанда ғана табысты.

Сессиялардың бірінде мен Парахат Хаджиметоваға «Бірлік» медалін тапсырдым.

Ол 67 жаста, 10 гектар жерге бау-бақша салып, осының есебінен балалар үйіне 156 баланы өсіруге көмектесіп жүр!

Бұл нағыз патриот! Біз осын­дайларға көмектесуге тиіспіз! Бұл барша үшін үлгі!

Жаңа жағдайларда Қазақстан халқы Ассамблеясының жауап­кер­шілігі тек арта түсетін болады.

Қоғамдық келісім тиімді ин­нова­ция­лық экономикаға не­гізделеді.

Орта тап қоғамдық келісімнің дің­ге­гіне айналады.

Қазақстанның әрбір азаматы айқын перспективалар, бола­шағына сенімділік, кәсіби өсу үшін барлық мүмкіндіктерге ие болады.

Мен мерейтойлы XX сессия­ қар­саңында қол қойған ҚХА-ны­ дамытудың 2020 жылға дейінгі тұжы­рым­дамасында нақ осы мәселелер көрініс тапқан.

Бұл – жаңа стратегиялық құжат.

Оның жібек желісі – қоғамдық келісім мен ұлттық бірлік.

Тұжырымдаманы табысты жү­зе­ге асыру үшін бізге мыналар қажет:

Бірінші. Облыс әкімдеріне жер­гілікті ерекшеліктер мен этнодемо­гра­фиялық құрылымдарды есепке ала отырып, өңірлік ҚХА-ны дамытудың тұжырымдамасын жасау тапсырылады.

Екінші. Қоғамдық келісім мен әлеуметтік бастамалардың ор­та­лығы ре­тінде Достық үйлері жұ­мысының тиім­ділігін арттыру қажет.

Мұндай үйлер барлық өңірлер­де болуы тиіс.

Бұл жай нәрсе емес.

Бірақ мен мынаны баршаңыз нақты ұғы­нып алғандарыңызды қалаймын – Қазақстандағы бей­біт­шілік пен келісім үшін қандай баға да көптік етпейді.

Ассамблея жанынан Достық үйлері директорларының респуб­ликалық әдістемелік кеңесін құ­рып, жұмыстың ең озық және тиімді тәсілдерін табуды және ортақтандыруды тапсырамын.

Мәдениет және ақпарат ми­нистрлігі Ассамблея Хатшылы­ғы­­мен бірлесіп, Достық үйлері жұ­мыс­тарының тұжырым­дамасын жасасын.

Олардың бейбітшілік пен келі­сімнің өңірлік орталықтары ретіндегі құқықтық мәртебесін айқындаған жөн.

Үшінші. Ассамблеяның «тігі» мен «көлбеуі» әр қазақстандыққа, әсіресе, әр жас қазақстандыққа жетуі міндет.

Жастарды Ассамблеяның қоғам­дық келісім қалыптастыру жө­ніндегі бар­лық деңгейдегі шарала­рына тартуды қамтамасыз ету маңызды.

Төртінші. Қоғамдық келісім бүкіл ха­лық өмірінің басты қа­ғидаты болуы тиіс.

Ассамблеяның туы астында барлық өңірлерде Қоғамдық келісім кеңестерін жасақтауды тапсырамын.

Сессия қарсаңында біздің өңір­ле­ріміздің этномәдени байлығын көрсеткен, халықтың бірлігін нығайтқан мен бас­тамашылық танытқан «Бейбітшілік пен келісімнің жол картасы» мега-жобасы мәресіне жетті.

Бесінші. Қоғамдық келісім халық­ара­лық аспектілерге ие.

Қазақстанның этносаралық толерант­ты­лық пен қоғамдық келісім моделі оның таяу және алыс шетелдердегі брендіне айналды.

Ассамблеяның саяси қу­ғын-сүргін құр­бандарын еске алуға арналған «Бола­шақ жо­лын­дағы естелік» жобасы мен Толеранттылық мәселелері жө­ніндегі аза­маттық форумы халық­аралық резонанс алды.

Жақында Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің Атқарушы хатшылығы Ассамблеямен ын­тымақтастық туралы Хаттамаға қол қою бастамасын көтерді.

Сол бастаманы қолдауға ша­қырамын.

Тағы бір мысал. Украинада қазақстан­дық­тардың «Бірлік» Харьков қоғамдық бірлестігі бар.

Соның арқасында жүздеген қазақ отбасылары осыдан 70 жыл бұрын бауырлас Украина хал­қының бостандығы үшін Харьковті азат ету ұрыстарында қаза тапқан өздерінің ұлдарының, әкелерінің, бауырларының зираттарын біліп, басына барды.

Мен оларға қазақ халқының риза­шы­лық сөзін жеткіземін.

Мен Харьков бастамашы то­бының мүшелері Макка Сағын­ғалиқызы Қа­ра­жанованы, Татьяна Николаевна Крупа­ны, Леонид Михайлович Карцевті «Қа­зақстан халқы Ассамблеясының қоғам­дық «Бірлік» алтын медалімен» марапаттау туралы шешім қабылдадым.

Алтыншы. Ассамблеяны да­мытуға ЭКСПО-2017-ге дайындық қуатты серпін беруі тиіс.

Көрмеге әлемнің ондаған ел­дерінен, оның ішінде қазақстандық этностар шыққан елдерден делегациялар қатысады және олар өздерінің үлкен мәдени бағ­дарламасын әкеледі.

Ассамблея, этномәдени бір­лестіктер, халық диплома­тия­сының жанды көпірі ретінде, көрменің этностық топтар жетіс­тік­терінің жарқын көрінісіне айналуы үшін жағдай жасаулары керек.

Қазақстан халқы біздің мей­ман­дары­мыздың қонақжай қожайы­нына айналуы тиіс.

*  *  *

Жаңа кезеңде ұлттық бірлесу үдері­сіндегі қазақ халқының рөлін нығайту міндеті бірінші кезекке шығады.

Біріншіден, қазақ халқы Қа­зақстандағы барлық этностық, әлеуметтік топтар үшін ұлт­тық мемлекеттік қауымдастықтың қуат­ты тарихи діңі ретінде көрініс табады.

Біз қазақ әлемінің тарихи тұрғыда ешқашан тар моноэтнос­ты және моно­мә­дениетті болмағанын білеміз.

Біз ешқашан да әлемдік өркениет үдерісінен бөлек дамыған емеспіз.

Одан да бетер – біздің ата-бабаларымыз осынау әлемдік үдерісті өздері қалыптастырды!

Біздің Қазақстанда тұратын бар­лық этностық топтармен – Еуразия ауқы­мында – талай ғасырлар бір­лесе өмір сүріп жатқанымызды атап көрсету қажет.

Біздің ата-бабаларымыз әлемге мә­дениет пен руханилықтың қуат­­тан­дырушы үлгілерін көр­сет­ті – біздер олардың істерін жал­ғастыруымыз керек!

Қазіргі заманғы қазақтар, ата-баба дәстүрлерін ұстана отырып, бірліктің, толеранттылық пен патриотизмнің, мемлекет пен қоғамға қалтқысыз қызмет етудің үлгісін көрсетуі тиіс.

Екіншіден, бізге ұлттар үшін ортақ тарихи сана-сезім қажет.

Біздің тарихты тануымыз тұтас, оң сипатта болуға, қоғамды бөлініске салмай, біріктіруге тиіс.

Ұлттық рухты қажетті биіктікке көтеру үшін біздің шынайы тарихымыздың, мәдениетіміздің, дініміздің қандай екенін айқын сезінуіміз қажет.

Қазақтардың ұлттық тарихы, олардың этногенезі мыңдаған жылдарға созылған бірегей ажы­рамайтын үдеріс ретінде қарастырылуы тиіс.

Осы тұрғыда қазіргі заманғы Қазақ­стан ұлы дала өркениетінің ежелден келе жатқан шешуші мұрагерлерінің бірі ретінде заңды түрде көрініс табады.

Мен жоғарыда атап өткендей, Қазақстан ешқашан оқшауланған емес.

Сондықтан да тарихта, оқу пә­нін­дегідей, қазақтар мен өзге халықтардың мәдени және эконо­микалық қарым-қатынастар үдерісі, түрлі этностардың ел тарихына үлесі лайықты танылуы тиіс.

Нәтижесінде қазақстандықтар­дың тарихи сана-сезімі топтасуға, өзінің өткеніне, қазіргісіне және болашағына патриоттық қарым-қатынас қалып­тас­тыруға жұмыс істеуі тиіс.

Үшіншіден, біз бүкіл күш-жі­гері­міз­бен қазақтардың ішкі бірлігін ны­ғай­туымыз қажет. Бүгінде ХХІ ғасыр, ин­новациялар уақыты, сондықтан қазақ қоғамы да бұрынғы ғасырлардағыдай бола алмайды.

Қазақтың зиялы қауымы менің сөзімді естуі тиіс.

Қазақстан – біздің жеріміз, біз өз жеріміздің перзентіміз.

Ақиқат қарапайым: қазақтар­дың белсенді араласуынсыз Қа­зақстанда ешқандай ұзақ мерзімді қоғамдық келісімнің болуы мүмкін емес.

Бұл жер әрқашанда біздің ата-бабаларымыздың жері болған.

Ол енді біздің ұрпақтары­мыз­дың жері болмақ.

Біз өз жеріміздегі бейбіт өмір үшін тікелей жауаптымыз.

Толеранттылық ұлттық құн­дылық және Қазақстан халқының игілігі болып табылады.

Ол қазақ халқының көп ғасыр­лық дәстүрлері мен мәдени үлгі-қалыптары негізінде қалыптасты.

«Ел-жұрт», «жеті ата», «қо­нақ­­жай­лы­лық», «асар», «сый­ластық», «са­быр­лылық» –­ бұл­ ұғымдар қазақтардың дү­ние­та­ны­мы және өмір салттарының негізінде жатыр.

Осындай құндылықтардың арқасында біздің ортақ үйімізде бейбітшілік пен тыныштық сақталып отыр.

Сондықтан қазақтардың то­лерантты­лық­ты қалыптастыратын өзіне тән әлеуметтік-мәдени ере­же­лерін, салттары мен дәстүрлерін жалпыадамзаттық мақ­саттағы материалдық емес мәдени мұ­ралардың белгі-нышаны ретінде қарастыру қажет.

Осы тәжірибені Қазақстанның ЮНЕСКО-дағы өкілдігі жұмысы бағыт­та­рының бірі ретінде тану тиімді болар еді.

Төртіншіден, Тәуелсіздік жыл­дары ішінде Қазақстандағы тілдердің, мә­дениеттер мен салт-дәстүрлердің этнос­тық көптүрлілігі сенімді үндестікке, өзі­не тән реңктер мен әсемдіктер молшы­лығына ие болды.

Бүгінде, әлемде түрлі бағалау­лар бойынша, күн сайын 10-25-ке дейін жазба тілдер жойылып, этностық мәдениеттердің бүтіндей бір қатпарлары келмеске кетуде!

Чамикуро тілінде сөйлейтіндер­дің ең соңғыларының бірі Наталия Сангама былай деген болатын:

«Мен чамикуро тілінде армандаймын, бірақ өз армандарымды ешкімге айтып бере алмаймын, өйткені, ендігі жерде чамикуро тілінде ешкім сөйлемейді. Сенің ең соңғы болуың жалғыздыққа ұрындырады».

Эяк тілінде ең соңғы болып сөйлеген, 2008 жылғы қаңтарда дүниеден өткен Мэри Смит мынадай үндеу жасаған болатын:

«Сенің тіліңде сөйлейтін соң­ғы адам болу өкінішті. Мен сияқты жалғыз қал­мау үшін өз бастауларыңа қайта оралып, өз тілдеріңді үйренулеріңді өтінемін».

Қазақстанда тәуелсіздік жылдарында бірде-бір этнос өз тілін жоғалтқан жоқ.

Біз тіпті ең шағын этностық топтар­ – ассириялықтардың, рутулдардың, лак­тардың және басқа да топтардың мәдениеттерін ұқыптылықпен сақтаймыз және оларды дамыту үшін барлық мүм­кіндіктер жасаудамыз.

Қазақ жері 100-ден астам этнос­ты біріктірді.

Әрине, осы этностық әралуан­дықтың бәрі біртұтас ұлтқа айналуы үшін жақсы цемент қажет.

Бүгінде ұлтты біріктіруші бас­ты фактор қазақ тілі – мемлекеттік тіл болып отыр.

Бесіншіден, бізге менталитет моде­лін, «Қазақстан-2050» жаңа саяси бағытының негізінде елдің болашақ бейнесін қалыптастыру қажет.

Бұл бейне шынайы, тартымды және рухтандырушы болуы тиіс.

Жаһандық сын-қатерлер жағ­дайын­да өзіміздің мәдени кодымыз: тілді, салт-дәстүрлерді, құн­дылықтарды сақтай отырып қана оған баламалы жауап қайтара аламыз.

Отанға, туған жерге, өзіміздің ата-бабаларымызға, өзіміздің бір­тұтас және бөлінбейтін тарихы­мызға деген сүйіс­пеншілік бүкіл қазақстандықтар үшін айрықша маңызға ие.

Біздің асыл мұраттарымыз – Тәуел­сіз­дік, бірлік, келісім және өркендеу.

Оны Қазақстанның халқы өзі қалып­тас­тырды.

Ұлт бірлігін нығайтуда интел­лигенция қызметі айрықша ма­ңызға ие.

Тек интеллигенция ғана қо­ғамды топ­тастырудың рухани үдерісіне басшылық жасай алады.

Біздің елордамыз осы жұмыс­тың орталығына айналуы тиіс.

Сондықтан да біз Астанада әлемдік деңгейдегі Опера және балет театрын – «Астана-опера­ны» салдық, Қазақстан тарихының жаңа мұражайын құрудамыз.

Алтыншыдан, біздің бірлік фор­муламыз нақты істер төңіре­гін­де қалыптасады.

Ол біздің бірлігіміздің ең берік, материал­дық негізі.

Мен әркім меншік иесі бол­ған­да қоғамдық келісімнің іс жүзінде жүзеге асатынына берік сенімдімін.

Сондықтан да мен Үкіметке «Халық­тық ІРО» бағдарламасын жүзеге асыруды тапсырдым.

Ассамблея бұл бағдарламаны түсін­діруге белсенді атсалысуда.

Бұл – өте маңызды, бүкілха­лықтық іс. Оны жалғастыру қажет.

Бүгінде біз бірлік пен толерант­тылық біздің активіміз, елді жаң­ғыртуға салған экономикадан тыс инвестицияларымыз деп сеніммен айта аламыз!

Бүгінде бейбітшілік пен келісім сая­сатының тікелей экономикалық тиімділікке ие екені баршаға мәлім.

Ішкі тұрақтылық инвесторлар сені­мін нығайтуға, экономикалық ын­ты­мақтастықты дамытуға жағдай жасайды.

Жетіншіден, жаһандық тренд­­терді ескере отырып, біз мем­лекеттің, қоғам мен діннің өзара қарым-қатынастарының тиімді моделін табуға тиіспіз.

Біздің тарихи таңдауымыз – зайырлы мемлекет пен қоғам.

Бірақ зайырлы деген атеистік дегенді білдірмейді.

Зайырлы дегеніміз – ілгерішіл, бейбітсүйгіш, толерантты, ашық қоғам.

Біз дәстүрлі діндерді қолдай­мыз, бірақ кез келген экстремизмді үзілді-кесілді теріске шығарамыз.

Жастарды біздер үшін бөгде радикалды діни ағымдардан қорғау қажеттігіне менің сенімім мол.

Біздің Ұлы Дала мыңдаған жылдар бойы толерантты, яғни тағатты болды.

Сонымен бірге, мен то­ле­рант­тылық­тың, кейбіреулер ой­лайтындай, ойыңа кел­генді іс­теу емес екенін де атап көр­сеткім келеді.

Толеранттылық – өзіміз ны­ғайтып, сақтайтын және бүкіл ұр­пақты тәр­бие­лейтін біздің қо­ғамымыздың парасаттылық қалыбы.

 

Құрметті сессияға қатысушылар!

Екі онжылдықта Қазақстан Жолы жаңа тәуелсіз елдер үшін ұлттық табыстың үлгілі моделіне айналды.

Бұл – бүкіл қазақстандық­тар­­дың еңбексүйгіштігі мен топ­тас­қандығының нәтижесі!

Бұл – ұлттың нағыз пассионар­лық бұлқынысы!

Бұл – тек күшті халықтарға ғана тән ұлы қабілет.

Біз осындай халыққа айналдық және осы биіктікте қалуға тиіспіз!

Қазақстан – бұл біртұтас жер, біртұтас халық, біртұтас болашақ.

Біздің мерейтойлық сессиямыз – бүкіл қазақстандықтардың игілігі жолындағы жаңа жұмыстар үшін жақсы бастау.

Алдымызда үлкен жоспарлар тұр.

Оларды жүзеге асыру жаһан­дық құбылулардың күрделі жағ­дайларында жүретін болады. Оған бүгіннен бастап дайын болып, халық бірлігін бүкіл күш-жігермен бекемдеу қажет.

Сондықтан да біз бір халықпыз – бір елміз – бір тағдырмыз!

Мен бүкіл қазақстандықтарды алдағы Қазақстан халқының бірлігі күнімен құттықтаймын!

Барлық сессияға қатысушы­лар­­ға, бүкіл халыққа және жа­һан­дық әлемдегі біздің барлық дос­та­ры­мызға зор табыс­тар тілеймін!

Президенттен кейінгі сөз Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, әскери ғылымдар докторы, профессор Ким Серікбаевқа берілді. Мен көпұлтты еліміздің ардагерлері атынан бүгінгі салтанатты жиынның нәтижелі өтуіне тілек білдіремін, деп бастады сөзін ол. Қазақтың ерлік тарихындағы жеңістердің түпкі тамыры – бірлік. Сіз, Нұрсұлтан Әбішұлы, осы саясатты іскерлікпен қолданып, Алаштың ғасырлық арманы – тәуелсіз Қазақ елін құрдыңыз, шекарамызды нығайтып, көк Туымызды әлемге таныттыңыз. Патриотизм деген осы емес пе? Иә, осы.

«Боламыз ба, әлде бордай­ тозамыз ба?» деген қиын күндерде, Сіз, құрметті Елбасы, былай деген­сіз: «Біз тек бірлесіп қана, бүкіл халықтың күш-жігерін біріктіріп қана алға баса аламыз». Бұл саналы елге айтылған ерекше сөз – берекенің басы болды. Бүгінгі 20-сессия – ұлттық тұтастықтың кепілі. Меніңше, бұл да – патрио­тизм».

Осылай деген шешен Ұлы­ Отан соғысы кезіндегі қазақ­стан­дықтардың ерлігіне тоқталып өтті. К.Серікбаевтың айтуынша, ол және оның кұрдастары мектеп партасына Ұлы Отан соғысы басталғанда отырған. «Жеңіс күні» – бұл біздің балалық шағымыз, деп жалғастырды сөзін полковник. Оның мәні мен маңызын біз жастардың бойына сіңіруіміз қажет. Бүгін Сіз қазақстандықтардың Харьков маңындағы ерлігі туралы фактіні айттыңыз. Қазақстандық үш дивизияның басқыншыларға қарсы батырлықпен күрескені жөніндегі хабар ұзақ жылдар бойы құпия сақталып келіпті.

Шешеннің айтуынша,­ Харьков маңында 20 мың қазақ­стан­дық­тың тағдыры жатыр. Харьков майданында қаза тапқан ерлердің есімдері табылып, олардың ұрпақтары із-түзсіз кеткен ата-әкелерінің тағ­дырын біліп жатыр. Біздің жас­тарымыз – болашағымыз, деп жал­ғастырды сөзін К.Серікбаев. Осыған байланысты Білім және ғылым министрлігі мен Қорғаныс министрлігінен тәрбиелік маңызы ерекше «Ерлікке құрмет сабағы» бағдарламасын енгізуді өтінемін. Сондай-ақ ол жастарға патриоттық тәрбие беретін әскери-техникалық мектептерді құруды ұсынып, бейбіт кезде батырлық көрсеткен бірнеше әскери қызметшілердің аты-жөндерін атады.

Жезқазған тарихи археоло­гия­лық институтының директоры Зульфия Чумакова чешен-ингуш этносын Қазақстанға жер аударған кезде дүниеге келген екен. Осында біз өсіп-өндік. Қазір Жезқазғанда тұрып жатырмын. Біз Сіздің Қарағанды облысына ерекше назар аударатыныңызды жақсы білеміз. Орталық Қазақстанда Жезқазған – Бейнеу темір жолы құрылысы өте маңызды. Бұл біз үшін өмір жолы болып табылады, деді ол.

З.Чумакова осыдан 18 жыл бұрын өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының бірінші сессиясын еске алды. Оның айтуынша, сол жиында Елбасының айтқан сөздері бүгін нақты шындыққа айналды. Өткен жылдардың қиындықтары артта қалды. Қазақстан халқының ынтымағы арқасында еліміз осындай деңгейге көтерілді. Сіздің тапсыруыңызбен тұрғызылған қазақ үйінің жылуы бүгінде вайнахтарды рухани жағынан жылытып келеді, деді шешен.

Қазақстан халқы Ассам­блея­сының жиынына ресейлік саясаткерлер де келген екен. Ресейлік сая­саткер Қазақстан Президентінің «Қазақстан-2050» Стратегиясы жөнінде ой-пайымын ортаға салды. Қазақстанның айтарлықтай табысқа жетуі Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың жүргізген саясатының жемісі деп білемін, деді Юрий Солозобов. Салиқалы жүзеге асырылған саясаттың нәтижесінде Қазақстанда саяси тұрақтылық, этносаралық татулық қалыптасты. Ассамблея құрылып, жұмыс істей бастағаннан бері бұл құрылым өзінің өміршеңдігімен танылды.

Саясаткер, сондай-ақ ресей­лік­тердің Қазақстан халқы Ас­самблеясынан модель алуы қажеттігін атап өтті. Оның айтуынша, қа­зақ­стандық модель әлем елдеріне үлгі болады. Қазақстан халқы Ас­самблеясының іс-әрекетін пай­далануға қам жасаған елдер әлемде баршылық.

«Динар-Электромаш» ЖШС іс басқарушысы Сергей Вишняк қазіргі кезде кәсіпорында 200-ден аса адам жұмыс істесе, ұжым 20 этнос өкілдерінен тұратынын алға тартты. Әр жұмыс күні теледидардан Президентпен бірге Мемлекеттік гимнді орындаудан басталады, деп сөзін сабақтаған ол «Қазақ Елі» біз үшін Отан, Туған жер, деп ағынан жарылды. Қазіргі таңда фирмамызға жаңадан жұмысқа келгендерге, соның ішінде шет елдерден ауысқан қызметкерлерімізге қазақ тілін үйренуді басты міндет етіп қойып отырмыз. Қазақтардың салт-дәстүрі, ол ең алдымен адамзатты сүю, қонақжайлық және де жақынына көмектесу. Сондықтан да біз өз кәсіпорнымызда садақа мен ас беру және қасиетті жұмада дастарқан жаю сияқты салттарды орындап келеміз. Әрбір жұмада тігілген киіз үйіміз қонақтан арылмайтынын бүкіл қала біледі. Үйленгендер болса, фирма қолдау көрсетіп, баспанамен қамтамасыз етеді. Медициналық көмекті де Ресейден көшіп келген қазақтар көрсетіп жатыр.

Шешеннің мәліметіне қа­ра­ған­да, соңғы 10 жыл ішінде фирмада жұмыс істейтіндер отбасыларында бала саны арта түсіпті. Осыған орай отбасыларға қолдау көрсету де арта түскен. Жалпы, ол өзінің «Қазақ Елі» бірлестігін қолдайтындығын білдірді және оның ең басты мақсаты халықты біріктіретін, ортақ құндылықтарға жұмылдыратын күш екеніне назар аудартты. Елбасының атқарып отырған жұмыстарына риясыз ризашылығын жеткізе отырып, ұлттық бірліктің басында тұрғаны үшін рахметін жеткізді. Бәріміз де Қазақстанда өмір сүреміз! Туған үйім, Ана тілім және Алла тағала бізді қолдасын! деді Сергей Викторович сөзінің соңында.

Өзін Ілияс Жансүгіров атын­дағы Жетісу мемлекеттік уни­верситетінің студентімін деп та­ныстырған Елена Михеева Пре­зиденттің Ассамблеяның ХІХ сессиясында көтерген «Мем­ле­кет жастар үшін – жас­тар мем­­лекет үшін» деген бастама­сы­ бірқатар міндеттердің ат­қа­­рылуына мұрындық бол­ған­ды­ғын алға тартты. Ең бас­ты­сы – жастар саясатының тұжы­рым­да­масы қабылданып, ол жас­тар­­дың мемлекеттегі өз орнын ай­қындауына және де қажетті істен қорытынды шығаруыңа мүмкіндік берді. Біріншіден, өз жеріне адал болу керек. Әлем­нің сан елдерінде болған спортшы Василий Скворцовтың Талдықорғаннан артық жер жоқ, деген сөзін алға тарта отырып, студент қыз оның «Мен еуропалықтар қызғанатындай етіп, оны сондайлық деңгейге жеткіземін», деген сөзін де көпшілікке жеткізді.

Екіншіден, біз туған еліміз үшін не істей аламыз және өз туған жерімізде өзімізді қалай көрсете аламыз дегенге ден қоюымыз қажет. Менің достарымның арасында бір кәсіпкер бар, дей келіп, шешен оның ұстанымы: «Қол қусырып отыруға уақыт жоқ. Өзің үшін тиімді шаруа істесең, ол еліңе де пайдалы болуы тиіс», екенін де тілге тиек етті. Осылайша талдықорғандық студент бірнеше мысалдармен еңбексіз бақуаттылықтың болмайтынын, Қазақстаннан басқа жерде жұмақ жоқтығын да қаперге салды.

Әрі қарай сөзін қазақша жал­ғастырған Е.Михеева былай деді: «Біріншіден, нағыз патриот – мен үшін Сіз, мәртебелі Елбасы. Елі­міз үшін атқарып жатқан ісіңіз – То­лағайдың тауындай. Біз Сізден үлгі аламыз.

 

Екіншіден, нағыз патриот қазақ халқы – қаншама ұлыстың басын бір шаңырақтың астында біріктіріп, шайқалтпай, шашып алмай еліміздің бірлігін сақтап отыр. Үшіншіден, бұл аналар. Ана жүрегі – бейбітшіліктің бастауы, жанның жылуы, бала бақытының бекеті».

Әрі қарай шешен 15 жылда 340 бала тәрбиелеген Тұяқ апайды ауызға алып, сол балалардың 100-і білікті маман болып шыққанына назар аудартты. Қазіргі таңда 25 қыз тұрмысқа шықса, 15 ұлы үйленгені белгілі болды. Бұл бір отбасының өзі бүкіл бір Ассамблеяға татиды, деп сөзін сабақтай түскен Е.Михеева әке-шешесі қазақтар бол­ғанымен, тәрбиесіндегі бала­лардың әр этностан екенін атап өтті. Залда отырған Тұяқ апайға үлкен рахметін жеткізген Е.Михеева «Қазақ тілінде сөйлеуді мен жоғары мәдениеттіліктің, тектіліктің белгісі деп білемін», дегенді де айта кетті. Жері жәннат, ауасы дәрумен, адамы асыл қазақ жерінде тұрып, осы елдің тілінде сөйлеп, елімді Отаным деп айту – мен үшін аса қымбат құндылық. Сондықтан да мен өзімді патриотпын деп айта аламын, деді сөзінің соңында студент қыз.

Қостанай облысындағы «Деевс­кий» ЖШС бас директоры Олег Даниленко сөзін Елбасыға өзі­нің және әріптес диқандар атынан ал­ғыс білдіруден бастады. Сіздің тікелей қолдауыңыздың арқасында бүгінгі күні ауыл шаруашылығы алға басып тұр. Осыдан 15 жыл бұрын мен агрокәсіпорынға басшы болып тағайындалғанымда Сіз халықты таратпай, астық өсіруге жұмылдыруды тапсырған едіңіз. Сол тапсырмаңызды бүгінгі күні бұлжытпай орындадым деп айта аламын, деді даңғайыр диқан. Одан әрі шешен өзінің ауылшаруашылық серіктестігінің жетістіктерін, бүгінгі күні мемлекеттен бір тиын да көмек алмай астық өсіріп отырғандығын айтып өтті. Өзін тереңнен таныстырған шешен Даниленко әулетінен үшінші ұрпақ болып қазақ жерінде астық өсіріп отырғанын жеткізді. Менің ұлым да астық өсірумен айналысып, біздің әулеттің дәс­түрін жалғастыруда, деді ол. Сонымен бірге, О.Даниленко со­нау дағдарыс жылдарында Қа­зақстаннан өздерінің тарихи отандарына көшіп кеткендердің оралып жатқанын айтты. Соңғы жылдары 141 отбасы оралды, деді ол.

Бұдан кейінгі кезекте сөз ал­ған альпинист Мақсұт Жұмаев Елбасына, Ассамблея қаты­сушы­ларына қарата айтқан сөзінде: «Мені Қазақстан секілді жоғары белестер мен асулар қызықтырады. Ал жоғары асуды бағындыру үшін сенім мен қолдау ауадай қажет екенін білемін. Біз – Қазақстан халқымыз. Сондықтан, біз бір елміз және біздің тағдырымыз да бір. Біздің командамызда бәріміз сенетін бір Лидер бар. Ол – Сіз, Нұрсұлтан Әбішұлы!» дей келе, Елбасымен бірге XXI ғасырдың биік белесін бағындыратынына сенім білдірді.

Спорт біздің елімізде нағыз халықтық іске айналды. Оның нәтижесі де көп уақыт күттірген жоқ. Өткен және биылғы жылы тарихта алғаш рет біздің жігіттер қысқы спорт түрлері бойынша әлем чемпионаттарының жеңімпаздары атанды. Мұндай жеңісті Қазақстан 18 жыл күткен болатын, деді өз сөзінде М.Жұмаев. Осылай дей келе, ол сахнаға жаңа чемпиондарды, атап айтқанда, конькимен сырғанау спорты бойынша Қазақстан тарихындағы алғашқы әлем чемпионы Денис Кузинді, мәнерлеп сырғанау спорты бойынша әлем чемпионатының күміс жүлдегері Денис Тенді, фристайл спорты бойынша Әлем кубогының күміс жүлдегері Дмитрий Рей­хердті, кәсіпқой боксшылар ара­сын­да WBA, IBO тұжырымы бойынша әлем чемпионы Геннадий Голов­кинді, қазақ күресінен 2012 жылғы «Қазақстан барысы» атанған Бейбіт Ыстыбаевты шақырды.

Сахна төрінде сөз алған был­ғары қолғап шебері Геннадий Головкин: «Менен ұлтымды сұраған кезде: «Әкем – орыс, анам – корей, ал мен қазақпын!» деп жауап беремін. Мен барлық жеңісімді өзімнің еліме, өзімнің халқыма және өзімнің Президентіме арнаймын! Нұрсұлтан Әбішұлы! Мен орта салмақ бойынша қолғап түйістіріп жүрмін. Бізден, яғни қазақ­стандықтардан жоғары сал­­мақ дәрежесіндегі спортшы­лар да қаймығады. Ал Сіз, Нұр­сұлтан Әбішұлы, саясатта ауыр салмақта жүрсіз және дәйім жеңіп жүрсіз. Біз Сіздің көш­басшылығыңыздың арқасында тек алға ғана қадам басатын боламыз», дей келе, Президентке зор ден­саулық пен сәттілік тіледі.

Мәнерлеп сырғанау спорты бойынша әлем чемпионатының күміс жүлдегері Денис Тен әлемдік мәнерлеп сырғанау Қазақстан тарапынан бәсекелестікті күт­пе­генін, мәселен, әлем чемпиона­тын­да 9 мың көрермені бар зал қазақ­стандықтарға тікесінен тік тұрып қолдау көрсеткенін атап өтті. Олардың ішінде тек қазақ­стандықтар ғана емес, жапон­дықтар, италиялықтар, амери­калықтар, кореялықтар, сондай-ақ, басқа да ұлттың өкілдері болды. Олар бізге келіп, Қазақстанға келгісі келетіндерін, қазақ тілін үй­ренгісі келетіндерін айтып жат­ты. Сондықтан, Нұрсұлтан Әбіш­ұлы, біздің жеңісіміз – Сіздің де жеңісіңіз, деді.

Конькимен сырғанау спорты бойынша әлем чемпионы Денис Кузин әлем чемпионы болуды армандамайтын спортшы болмайтынын, бұл жолда ол әртүрлі қиындықтарды бастан кешіргенін есіне алды. Қазақстан бүгінде 22 жылды артқа тастады. Ал ендігі кезекте бізді жаңа қашықтықтар күтіп тұр. Қазақстан оларды да үлкен рекордпен жүріп өтеді деген сенімдемін, десе, фристайл бойынша Әлем кубогының күміс жүлдегері Дмитрий Рейхерд те қазақстандықтарға өзінің игі тілегін жеткізді. Мен шаңғы фристайлымен шұғылданамын. Бұл спорт түріне техника мен күш-жігер, сондай-ақ, ойлылық айрықша қажет. Егер Сіз, Нұрсұлтан Әбіш­ұлы, дәл осы спорт түрімен шұ­ғылданатын болсаңыз, ол Сізге міндетті түрде ұнар еді. Себебі, Қазақстан дәл қазір дәл осындай ойын стилін көрсетуде! деді.

Ал Бейбіт Ыстыбаев өз сөзінде: «Мәртебелі Елбасы, Нұрсұлтан Әбіш­ұлы! Қазақстанның ұлт­тық құрамасының капитаны – Сіз. Құрметті Қазақстан халқы! Ел­басының және сіздердің алдары­ңызда біз Қазақстан туын, «Қазақстан барысы» алтын белдігін ел намысындай биік ұстап өтеміз деп ант береміз!» деді.

Спортшылардың сөздерінен кейін Ассамблеяның ХХ сессиясы өз жұмысын аяқтауға бет алды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев сөз сөйлеуге жазылғандардың бәрі сөйлеп болды, бірақ шығып сөйлеймін деушілерге жол ашық, деді. Сөйлеушілер бола қоймаған соң, Елбасы алдыңғы қатарда отырған 120 жетім баланың анасы Тұяқ Есқожинаны мінберге өзі шақырды. Осы күні бір баланы да асырай алмай, бастары қатып жүрген ата-аналар бар, ал сіз жүздеген баланы өсіріп отырсыз. Сол тәжірибеңізді жұртқа айтып беріңізші, деді Нұрсұлтан Әбішұлы. Жиналған халықтың қол соғып қоштауымен 120 баланың анасы мінберге көтерілді.

Ол өзінің отбасылық балалар үйін қалай ашқанын жүрегі толқып тұрып айтып берді. Мен өзім Ұлы Отан соғысында қаза болған азаматтың баласы едім. Әкем соғысқа кеткеннен кейін туып, жалғыз бала болған соң есімімді де Тұяқ деп қойыпты. Мен жетімдіктің қандай болатынын өз басымнан өткерген соң, «жетім көрсең жебей жүр» деген халық даналығының қасиетін жақсы түсінемін. Елімізде экономикалық дағдарыс болып жатқан 1998 жылдың бір күнінде жұбайыммен базарға барып, өзінен үлкен сөмкені көтеріп, қайыр сұрап жүрген баланы көрдім. Әлгі балаға жаным ашығаны сондай, жүрегім езіліп, жанымды қоярға жер таппадым. Бәріміз де қол қусырып қарап отырсақ, мұндай сәбилерге кім көмектеседі деген ой келді. Сосын жұбайыма айтып, біз балалар үйін ашып, артымызға бір жақсылық тас­тап кетейік, дедім. Ол кісі қарсы болмаған соң, үш бөлмелі жайлы пәтерімізді сатып, ақшасына балалар үйін аштық. Биыл бізге 15 жыл толады.

Балалар үйінің аты – «Нұр» қайырымдылық үйі. Ол бұрынғы кеңестік интернат сияқты емес, әке-шешесі, аға-апалары бар балалардың үйі болды. Үлкендерім кішілерге көмектесіп, қолдарынан жетелеп, көмектерін көрсетіп жүреді. Құдайға шүкір, міне, 120 баланы асырап отырмыз. Алды азамат болды. Алдында 50 баланы асырайтын шығармыз деп шамалаған едік, бірақ артынан 120 бала келген соң, оларды да кеудеден итермей, бәрін де бауырымызға бастық.

Одан әрі әз ана балаларды жет­­кізуге көмектескен ұжым бас­шы­ларына, жергілікті және жоға­ры билікке, әсіресе, балаларға, аналарға қатысты дұрыс саясат ұстанған Елбасына рахметін айтты. Елімізде жетімдер болмасын, біздің халқымыздың жүрегі әрқашан иіп тұрады, сондықтан жетім балаға біздің елде жол жоқ, деді ол. Көшеде жүрген әрбір қараусыз балаға селқос қарамаңыздар, бір көмектеріңізді жасауға дайын тұрыңыздар. Өйткені, барлық бала біздің болашағымыз, егер ол бала жаман жолға түссе, бәріміз де кінәлі боламыз, деді ол.

Әз ана орнына жеткенше қол соғу үзілмеді, бәрі де орындарынан тұрып оған құрмет көрсетті. Елбасы Н.Назарбаев Т.Есқожинаға ризашылығын білдіріп, оның ең жоғары құрметке лайық екенін айтты. «Бір жетімнің басынан сипаған адам жұмаққа барады» деген сөз бар еді, ал сіз тура барасыз, Құдай бұйыртса, деді Президент. Одан әрі Елбасы сөзін жалғастырып, біздің елімізде әлі күнге жүздеген бала көздері жәудіреп балалар үйінде отырғанын айтты. Соларды алып неге бауырымызға баспасқа? Оларды аламыз деп тіпті алыс шет елдерден де адамдар келіп жатқанда, жанымыздағы тумай жатып тағдырдың талайына ұшыраған әлсіз жандарға қам­қорлық жасауымызға болады ғой, деді Елбасы.

Одан әрі Президент жылдағы дәстүр бойынша Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының этно­мә­дени бірлестіктің төрағалары болып табылатын екі жаңа орын­басары ротация әдісімен тағайын­далатынын еске салып, осы орындарда болған З.Хасанов пен А.Карапетянның жұмыстарына алғысын білдірді. Ал олардың орнына еврей этномәдени бірлес­тігінің жетекшісі А.Барон мен күрд этномәдени бірлестігінің басшысы К.Мирзоевтың кандидатурасын ұсынып, ешкім қарсы болмаған соң, екеуін де тиісті өкімімен бекітетінін айтты.

Бұдан кейін Мемлекет басшысы Қазақстан халқының бірлігі күні қарсаңында Ассамблеяның белсенді мүшелеріне тапсыры­латын «Бірлік» алтын медалімен наг­­радталған «Егемен Қазақ­стан» республикалық га­зеті АҚ пре­зиденті Сауытбек Абдрах­­мановқа, болгар этномәде­ни бірлестігінің төрағасы Олег Ды­мовқа, Талғар қаласындағы «Нұр» отбасылық қайырымдылық балалар үйінің директоры Тұяқ Есқо­жинаға, Павлодар облысындағы украин этномәдени бірлестігінің төрағасы Михаил Парип­саға, «Әзербайжандар ассоциациясы» республикалық қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Әбилфаз Хамедовке, ҚХА Ақмола балалар және жастар ұйымдары ассоциациясының төрайымы Дина Галлямоваға медальдарды табыс етті.

Сессия жұмысы Үндеу қабыл­дау­мен қорытындыланды. Ол Ассамблеяны қоғамдық келі­сім, мемлекеттік кемелдік, жауап­кер­шілік пен ұлттық патриотизм ордасына айналдыруға, ізгілік пен ашықтық дәстүрлерін сақтауға, әр азаматтың елді гүлдендіруге бел­сенді үлес қосуына шақырады.

Сессия өз жұмысын аяқтаған соң Ассамблея мүшелері кон­церт­тік бағдарламаны тамашалады.

Ассамблея сессияларында берік орныққан дәстүрдің бірі – сессия соңынан Ассамблея мүшелері мен қонақтарына арналып ұйым­дастырылатын концерт. Кеше Бейбітшілік және келісім сарайында болған концерт те еліміздегі тұрақтылық пен татулықтың сұлу сазбен өрілген салтанатына айналды. Қарағанды қаласындағы «Шолпан» би ансамблі орын­даған «Кербез» биімен басталып, еліміздегі этностардың ән­дері мен билері бірінен кейін бірі жарасымды жалғасып кете барған, кәсіби өнер шеберлері мен этномәдени бірлестіктердегі әуесқойлар қосыла әрлеген бұл концерт Қазақстанды мекен еткен барша жұрттың төл мәдениетін өркендетуіне тиісінше жағдай жасалғанын келісті көрсетіп берді. Концерт финалында Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Толқын Забирова, халықаралық конкурстардың лау­реаттары Игорь Благородный, Равшан Саидходжаев және этномәдени бірлестіктердің би ұжымдары, барлық қатысушылар қосыла кестелеген «Мәңгілік ел» вокалды-хореографиялық композициясы ел халқының тілі басқа болса да тілегі бір, жүзі басқа болса да жүрегі бір перзенттерінің бір үйдің баласындай, бір қолдың саласындай татулығын өнер тілімен тамаша өрнектеді.

Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ, Жақсыбай САМРАТ,

Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ, Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан».

—————————————–

Суреттерді түсіргендер

С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ, Е.ОМАРОВ.

Нақты қайнары: http://www.elarna.net/koru_kk.php?tur=4&id=129050
Пікірлер

Көрші сілтемелер

Ең жаңа мақалалар