Еларна қолфон нұсқасына ену

Жүктеу-Албомым-Албомдар-Желі
Осы торды сақтаймын! | Осы торды бас бет етемін!

Біздің байланыс: elarna2012@gmail.com


Су тапшылығы мәселесі қалай шешілуде?



Тіркеліңіздер Кітапхана Қожалар торабы Албомдар Қазақтың 1001 ертегісі

Түрі: Егемен торы

Жолданған уақыты: 06:45 - 2020/06/02

Нақты Көзі: https://egemen.kz/article/237562-su-tapshylyghy-maselesi-qalay-sheshilude


Жоғары өнім алу тұрғысынан да су шаруашылығының маңыз­дылығы жоғары екені білінеді. Негізінен ауылшаруашылық дақыл­дарына су беру мәселесінде Жамбыл облысы көрші Қырғыз Республикасында орналасқан «Киров» су қоймасымен тығыз байланыста. Мемлекетаралық су қоймасының жобалық көлемі 550,0 миллион текше метрді құрайды.

«Киров» су қоймасы мемле­кет­аралық ірі нысандардың бірі. 1973 жылы салынған нысан­ды пайдалану мерзімі шама­мен 100 жылды құрайды екен. Жыл сайын бұл жерден жам­был­дық жергілікті шаруалар тиі­сінше су алады. Мәлімет бо­йынша, 2011 жылы сәуір айын­да Біріккен Ұлттар Ұйымы еуро­палық экономикалық комис­сиясының қолдауымен Қазақ Шу-Талас су шаруашылық комис­сиясының тексеруі кезінде сыртқы күштердің және сал­мақ­тардың әсерінен бөгеттің құры­лыс бөлшектерінің бұзы­луы, ауытқулардың пайда болуы сияқты қауіпті жағдайлар анық­талмаған. Барлық гидротех­никалық құрылғылар қалыпты жағдайда жұмыс істеуде. «Су қоймасы ауыл шаруашылығына қажетті суды жинау және пайдалану үшін ғана емес, сонымен қатар алдын ала көлемді тасқын суларды қабылдау, апаттарды болдырмау үшін құ­рыл­ған. Дегенмен, бө­гет­тің гид­ро­техникалық құ­рыл­ғылары қ­ауіпті нысанға жа­тады. Гидротех­никалық құрылыс нысаны бола тұра, ол өте көп су қорын жинап, дина­ми­калық үлкен қысымды күштерге тө­теп береді. Бөгет қабыр­ғасы бұзылған жағдайда, үлкен кө­лемдегі толқын пайда болып, Талас өзені ағысының төмен­гі жағында орналасқан елді ме­кендер зиян шегеді.

2000 жылғы Қазақстан Рес­пуб­ликасы және Қыр­ғыз Рес­пуб­ликасы арасындағы келісімге сәйкес, Мемлекетаралық Шу-Талас бассейніне мемле­кеттік су ша­руа­шылық нысан­дарын жөн­деу бірлесіп қаржылан­ды­рылады.

Аталған су қоймасының тол­ты­­рылуы және су қорының мони­­торингі күнделікті жүргізі­леді», дейді Экология, геология және табиғи ресурстар минис­тр­лігі Су ресурстары комитетіне қа­рас­ты Шу-Талас бассейндік инс­пек­циясының басшысы Гүлмира Имашева. Бүгінгі таңда қоймаға жиналған су көлемі 443,2 млн текше метр болса, түсуі секундына 6,8 текше метрді, ал тас­талуы секундына 51,0 тек­ше метрді құрайды. Соның ішінде Қазақстанға секундына 36,0 текше метр су тасталады екен. Аталған инспекцияның басшысы суармалы кезеңнің басталуына байланысты «Киров» су қоймасы су тастау режімінде жұмыс істеп тұрғанын жеткізді. Бүгінгі таңда «Киров» су қой­масынан болатын су тасқынынан ешқандай қауіп жоқ.

Десе де өңірде су мәселесі әлі өзекті. Жуырда ғана Меркі ауданын­да қайта қалпына кел­ті­рілген «Аспара» гидроторабы мен қосымша сумен қам­ту трактісі іске қосылған болатын. Жамбыл облысы жер үсті су ресурс­тарының 80 пайызы­на жуығын Шу мен Талас транс­шекаралық өзендері арқылы алады. Шекаралас мемлекеттер арасында суды өзара бөлісу осы тұрғыда арнайы бекітілген Ере­желер негізінде жүзеге асырылады. Алайда соңғы жылдары өңір веге­тациялық кезеңінде суару ыл­ға­лының тапшылығын бас­тан ке­шіруде. Ағымдағы жылы Орта­лық Азия аймағында да ылғал тапшы­лығы сезіледі деген болжам бар. Маман­дардың айтуынша, бұл шаруалардың ойдағыдай өнім ала алмауына әсер етуі мүмкін.

Осы мәселеге орай, 2018 жылы су тапшылығын ішінара шешу үшін аталған жобаның қолға алынғаны белгілі. Бүгінгі таңда 1928 жылы пайдалануға берілген «Аспара» су торабы толығымен қайта жаңартылды. «Аспара» қосымша сумен қамту трактісі» каналының 7,6 шақырымдық бетон жамылғысы ауыстырылды. Ол 3,7 мың гектар суармалы жерді сумен қамтуға негізделген. Сондай-ақ су жүретін арнаны, тұндырғышты, автожол көпірлерін қайта жаңғырту бойынша жұмыстар жүргізіліп, автоматты су есептегіш жүйесі де толығымен жаңартылған. Нәтижесінде, «Аспара» қосымша сумен қамту трактісінің» өткізу қабілеті секундына жетіден тоғыз текше метрге дейін өсіп отыр. Нысанды іске қосу нәтижесінде «Ас­пара» жүйесінің арналарымен Меркі ауданының алқаптарын, сонымен қатар 2,5 мың гектарды құрайтын «Үлкен Шу» каналының батыс тармағының төменгі бөлігіндегі аумақты да сумен қамтуға мүмкіндік туған. Бұл орайда 1,5 мың гектар суармалы жер айналымға қосылады екен. Мәселен, жыл сайын облыс бойынша 170 млн текшеметрге дейін ылғал жетіс­пейді. Бұл орайда өңір шаруалары суармалы судың тапшылығын көреді. Бірақ бүгінде облыс әкімдігі суармалы жерлердің көлемін 200-210 мың гектарға дейін жеткізуді жоспарлап отыр екен. Сонымен қатар «Тасөткел» су қоймасын жөндеу, кем дегенде 3 шағын су қоймасын салу жұмыстары да жос­парлануда. Меркі аудандық қоғамдық кеңесінің төрағасы Серік Құралбайдың айтуынша, ауданда 3,5 млрд теңгеге 41 арнаны қайта жаңғырту және 5,6 млрд теңгеге 46 ұң­ғы­маны салу жобалары жүзеге асырылуда. Бұл жұмыстардың да жергілікті аграрлық сек­тор­дың дамуына оң әсер ететіні сөзсіз. Ал өңірге келген сапарында еліміздің экология, геология және табиғи ресурстар министрінің орынбасары Сергей Громов құны 922,4 млн теңге болатын жобаның тапсырыс берушісі – аталған министрліктің су ресурстары комитеті екенін айтқан болатын. Кейіннен бас ғимарат іске қосылып, канал арқылы алғашқы су ағыны жіберілді. Енді «Аспара» қосымша сумен қамту трактісі» және «Үлкен Шу» каналының батыс тармағының төменгі бөлігінде жерлері бар шаруалар ойдағыдай өнім ала алады.

Шалғайда жатқан Сарысу ауданы бүгінде су тапшылығын көріп отырған облыстағы бірден-бір аудан. Бүгінде өңірдегі алқаптарды тиімді пайдалануға су қоймаларынан шыға­тын тоғандар мен сужетектерінің тозы­ғының жетуі шаруалар­ға үлкен қол­байлау болып отыр. Жалпы, ауданда 2 су қоймасы мен 16 ішкі су жүретін канал және 8 бөгет бар. Аудан аумағынан 6 өзен ағып өтеді. Бірақ су тапшы. «Жаңа Кәрітоған» ар­қылы су өтетін «Сарыөзек» су каналы­нан 5 ауыл егістікке су алады екен. Ка­нал­дың басынан 600 литр су салын­са, су пайдаланушыларға дейін 200 литр су әрең жететін болып отыр. Канал­ды қалың қамыс, таби­ғи шөп ба­сып, бұрынғы бетон арық әбден ескір­ген. Соның салдарынан 400 литр су шы­­ғы­ны болады. Бұл мәсе­лені жою үшін ка­налдың табаны мен ер­неу­лерін бе­тон­дау қажеттігі де айтылуда. «Сарыөзек» ка­налы арқылы Ұйым ауы­лы­ның егіс­тік алқаптарын суландыру үшін қа­зір­гі таңда каналдың су өткізу мүм­кін­дігі бо­йынша қиындықтар туын­­дауда. Ұзындығы 2500 метр бола­тын «Сарыөзек» каналын бетондау бо­­­йын­ша Жаңаталап ауылдық округі тара­­пы­­нан жобалық-сметалық құжаты жаса­­лып, «Қазсушар» республикалық мем­­­лекет­тік мекемесіне ұсыныс бері­ліпті. Қазір­гі кезде «Сарыөзек» каналын бетон­дау мәселесі облыстың бас жос­пары­на енген. «Кезінде 45 гектарға де­йін бақша еккен Ұйым ауылының тұр­ғын­дары «Сарыөзек» тоғаны ары­ғы­ның бе­тон­далатынын естіп, қуану­да. Уа­қы­тында бұл тоғаннан Ұйым ауылы­­ның екі шетіне де бақша егі­ліп, осы аудан­ды пияз, сәбіз, қияр, қыза­нақ­­пен қамтып қана қоймай, сонау сол­түс­тік облыстарға дейін жөнелтетін. 30 млн текшеметр су жиналатын «Ын­талы» су қоймасынан алынатын су Ұйым, Жаңаталап, Игілік, Өндіріс, Сау­да­кент ауылдарының барлығына қара күзге дейін жететін. Алайда тоған бетон­дары­ның тозығы жеткен соң канал басы­нан шығатын 600 литр судың 200 литрі ғана Ұйым ауылына әрең жете­тін болды. Енді «Сарыөзек» су то­ға­­нында кезең-кезеңімен бетондау жұ­­мыс­т­арының іске асатынына ауыл болып қуанып отырмыз», дейді Ұйым ауылының тұрғыны Сайлаубек Қалы­­беков. Сонымен қатар Жайылма ауыл­­дық округін сумен қамтамасыз етіп отыр­ған «Бүркітті» су қоймасының «Бүр­кітті» лоток каналы бар. Бірақ әбден тозығы жеткен лоток отырған, жал­ғанған жерлері ашылған. Сол үшін тұрғын­дар «Бүркітті» су қоймасының жаға­лауын бекітіп, жаңадан бетондау керек­тігін айтуда. Ал ұзындығы 1548 метр болатын каналдың лотогын ауыстыру да басты мәселе екен. Дегенмен, аталған су қоймасының да жобалық-сме­та­лық құжаты дайындалған. Сон­дай-ақ «Күлтөбе» каналы тазаланып, Сауда­­кент ауылының 6 көшесіне бақша суы келіпті. Бұл да болса жергі­лікті шаруа­ларға үлкен көмек пен қолдау болса керек.

1

Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев жұмыс сапарымен Жамбыл облысына келіп, өңірдегі су шаруашылығы саласында жүзеге асырылып жатқан жобалармен таныс­қан еді. Бүгінде облыста суармалы алқаптар­ды 200 мың гектарға дейін ұлғайту міндеті қойылып отыр. Оның көлемі 110 мың гектарды құрайды. Ал суару жүйелерін қалпына келтіру жұмыстарынан соң бұл көрсеткіш кем дегенде 180 мың гектарға дейін артады деп жоспарлануда. Сонымен қатар Жамбыл ауданындағы 3098 гектар алқап «Раис» магистральды каналына байланған шаруашылықаралық және шаруашылықішілік арналарынан келетін суға тәуелді болып отыр. Бүгінде аталған аудандағы 36 шаруа қожалық жоңышқа, жүгері және бақ­ша дақылдарын өсірумен айналысуда. Дегенмен, 1332 гектар жер су тап­шылығына байланысты пайда­ланыл­май отыр екен. Сол сияқты ұзын­дығы 8,4 шақырым бола­тын «Исмаил» магис­тральды кана­лындағы жағ­дай да осыған ұқсас. Мұнда қолға алынған шаралар нәти­жесінде 798 гектар алқаптағы суармалы жерлер қал­пына келтіріледі деп күтілуде. Ирри­­гациялық және дрена­ж­дық жүйе­лерді жақсарту жөнін­дегі жобаның екінші кезеңін жүзе­ге асыру Жамбыл ауданының суар­малы жерлерінің 5000 гектар алқаптағы мелиоративтік жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді. Жалпы алғанда, Жамбыл облысы бойынша Еуропалық қайта құру және даму банкінің 24,7 млрд теңге несиесі есебі­­нен су шаруашылығы және су бұру жүйелері­­нің 310 нысаны қайта жаңартылатын болады. Бұл мәселелер министр келгенде де көтерілген. «Қазсушар» рес­пуб­лика­лық мемлекеттік мекемесі Жам­был об­лыстық филиалының басшысы Қазы­бек Бедебаев «Қарақоңыз» су қойма­сының сыйымдылығын 8,5 млн текшеметрден 18,5 млн-ға дейін ұлғайту, Жамбыл ауданы, Жасөркен ауылындағы гидрологиялық бекеттің нашар жағдайы, «Химпарк Тараз» жауапкершілігі шектеулі серік­тестігінің тірек құрылысын жөндеу сияқты бірқатар мәселелердің бар екенін айтты. Ал Бердібек Сапар­баев каналдарды жөндеуден басқа құдықтар қазу ісінің де өзекті екенін, барлық қол­даныстағы каналдарды бетондау қажеттігін жеткізген еді. Жоспар бойын­­ша, каналдарды бетондау ұзақ шы­дас береді және су шығынын айтар­лық­тай азайтады екен. Ал Мағзұм Мыр­за­ғалиев ел Президентінің алдағы 10 жылда суармалы жерлердің аумағын 1,6 млн-нан 3 млн гектарға дейін ұлғайту туралы тапсырмасы бар екенін айтқан еді. Сондықтан да өңірдегі мәселелерге министрлік тарапынан қолдау көрсетілетінін жеткізген.

Сонымен қатар Талас және Бай­зақ аудан­дарының шекарасында сыйым­ды­лығы 11 млн текше метр бола­тын «Ақмола» су қоймасын салу жос­пар­лануда. Жоба құны 4,8 млрд теңге. Жоба­ның мақсаты – Темір­бек станция­сы­ның астындағы Талас өзені­нің бойын­дағы жерлерді суару үшін кепілді су­мен қамтамасыз ету. Егер жоба іске ас­қан жағдайда мұнда 500 млн тек­ше­ метрге дейін ылғал жинауға болады екен. Сондай-ақ «Байзақ» магистраль­ды каналының 21,9 шақырым болатын Түймекент, Дөңсары, Өтеген, Ұзын ішкі шаруашылық арналарын жөн­деу жұмыстары жалғасуда. Нәти­­жесін­де, 1000 гектар алқаптағы суар­ма­лы жерлер қалпына келтіріліп, «Сәмбет» магистральды каналының Отарбек, Болпан, Анар және Өтелбалық ішкі шаруа­шы­лық арналарын қайта жаң­ғырту жұмыстары 700 гектар суармалы жерді айналымға қосуға септігін тигізеді екен.

Бүгінде Жамбыл облысында су тап­шы­лы­ғы мәселесі біртіндеп шешімін тауып келеді. Жоспар көп, бірақ оның іске асуы да уақыт­қа байланысты. «Жам­был су қоймалары» ком­мунал­дық мем­лекеттік мекемесінің директоры Айдар Асамбаевтың айтуынша, өңір­де бүгінде 106 су қоймасы бар. Биыл 15 су қоймасы жөндеуден өту­де екен. Ал Шу, Қордай, Меркі, Талас аудан­­дарын­дағы 36 су қоймасы жөн­деу­­ден өтуі керек. Облысқа елордадан сала бас­шы­лары келгенде де өңірдегі су мәсе­лесі жөнінде айтылған. Оның қан­ша­лық­ты шешімін табатыны уақыт­тың еншісінде.

 

Жамбыл облысы

 

Нақты қайнары: http://www.elarna.net/koru_kk.php?tur=4&id=1191688
Пікірлер

Көрші сілтемелер