Еларна қолфон нұсқасына ену

Жүктеу-Албомым-Албомдар-Желі
Осы торды сақтаймын! | Осы торды бас бет етемін!

Біздің байланыс: elarna2012@gmail.com

Үш күнгы келушылер санағыКелген адам саны (IP)Көрілген бет саны (PWs)КомпйутерҚолфон
2020-02-211084260350 %50 %
2020-02-22736167358 %42 %
2020-02-231224400267 %33 %

ҰРАН ОТТЫҢ ҰШҚЫНЫ — «Ана тілі» Ұлт газеті



Тіркеліңіздер Кітапхана Қожалар торабы Албомдар Қазақтың 1001 ертегісі

Түрі: Ана-тіл газеті

Жолданған уақыты: 20:49 - 2020/01/22



Көрнекті тұлға, өлкеміздің өнегелі ақсақалы, ­жазушы, қазақтың шежіре-тарихын тіндестіріп, келелі туындыларды дүниеге әкеліп, кербез даланың келбеті мен болмысына әр беріп, ұлттық сана мен руханияттық тәлім-тәрбиеге ерекше қамқорлық жасап, қаламгерлерге тән қарбалас тірліктің майданында белсенділік ­танытып жүрген қағидалы қартымыз – Бектұр Төлеуғалиұлы сексеннің сеңгір-шыңынан асқақ қарап, айбынды үнімен, айдынды даңғылымен алшаң басып келеді.

Автор

«Балдағы алтын ақ болат» – ердің ісі қайырлы,
Ел үшін еткен еңбегі – әдеп пен иман зайыр-ды.
Қаумалаған қалың жұрт, адал да жаннан ақ тілек,
Қаратау да боз қыран, қанаты көкке жайылды.

Ағасыз елде жаға жоқ, тең атаның баласы-ай,
Алтай менен Атырау – жүрек пен бауыр арасы-ай.
Періште-ниет перделі – қазақ деген ел едік,
Ақ көңілін сұрасаң – атар бір таң мен талас-ай.

Тұлпардан қалған тұяқ-ты, сұңқардан қалған қияқ-ты,
Бірге Сауран айналған, Түркістан менен Қиятты.
Атағозы, Ер Лабақ, Есек мерген Есболай,
Иса-Досан, Исатай – бір жаралған сияқты.

Махамбет ердің сойы еді, өлеңі өрт пен жалын-ды,
Нарлардың қара боздауын, Нарынның құмы қабынды.
Қиғаштың бойы қызыл су, қызғыштың зары құлақта,
Алтынды Орда, Ақ Орда – Сарайшық естен жаңылды.

«Ақ Жарма», Түбек – Есір боп, Махамбет – «Жұмыр қылыш-ты».
Төс түйісіп төскейде, қос қаршыға бір ұшты.
Бетеге бойлап бел астым, жусан бойлап жон астым,
Біріге қалған бес саусақ, құйыла қалған құрыш-ты.

Әрәйна – көңіл борайма, әділдік табу оңай ма?
Тобылғы түбі топ дұшпан, тоғысса жолың тонай ма?!
Жаралы киік біз едік, жар астында сұр жебе,
Ту сыртымда кәуір тұр, айдаһар, әлде, орай ма?!

Жайсаңдар – теңіз, мұхит-ты, көз көрген жанның асылын,
Сағынғанда не шара, көзіңді сығып жасырын.
Бұл фәниде кім қалған, өз күніңде болып бақ,
Әркім сүрер өзінің – тағдыры менен ғасырын.
Ай мүйізді арқар бар, айтудан қалай талайын,
Алашқа тұлға ұл еді – Жалау менен Шабайым!
Қыр астында – Құлбарақ, Ай астында – Ақ Бекет,
Бестөбеде – Ер Қосай, Отпан тауда – Адайым!

Халық едік азғантай – көп болсын Алла бермегің.
Жаһанда жалғыз тірегім – Жаратқан Ием, – Сен менің!
Үш арысқа үн қатқан, Жайықтың бойы көп сала,
Кешегі кеткен Бейбарыс – кемеңгер туған Кербезім.

Сол сықылды Ерлердің – ерлігін айтып, парақтап,
Бек сауытын кигізбек, әбзелдеп атын, жарақтап.
Ұл қалған соң ізінде – ұлағат-пайым көргені,
Әулие-Пір, Абызды – заманға қалай талатпақ.

Ұран оттың ұшқыны – ұлықтап сүйер ер қайда?
Маңғыстауда үш түбек –Үш Қияндай жер қайда.
«Әр жусанның түбінде – қазаққа ортақ намыс бар»,
Төрелік айтар би қайда, төгілген қан мен тер қайда?!

Ер есімін ұмытсаң – ел болмағың күмән-ді,
Әулие-Пірге қол жайып, құранды ерлер құралды.
Ту түбінде тұрысты, жан берісіп ұрысты,
Елдесіп қорғап Тұранды, «Ұлтым!» деп салды ұранды.

Ата бір салтым, дәстүрім, ағайын туыс-бауыр-ды,
Жеті су бойы – желке тұс, Сарыарқа бойы – сауыр-ды.
Сыңғырлап ағып Сыр қалды, Ән менен асыл жыр қалды,
Жүзімнен дәуір сорғалап, жүректің тұсы ауырды.

Қаңқылдап ұшқан қаз едік, тылсымнан жеткен саз едік,
Өзегі өрттен жаралған, қырық күн шілде, жаз едік.
Үркерлі айдың бәрі қыс, үйездеген жылқыдай,
Топтасқан жерде – тобықтай, көрген де көзге аз едік.

Азамат көптік етер ме, қайың мен бір-бір қарағай,
Төбе сайын бір қорым – есіл де ер мен далам-ай.
Қызғалдақ толы қызыл дөң, Қазақ бір гүлдің – қауызы,
Төрт құбыла түгел жау – бал іздеген арадай.

Қара нар болып боздадың, «Халқым!» деп тарттың қаламды,
Әр кеудеде бір майдан – дүние-фәни алаң-ды.
Үзігін жамап тарихтың, бесігін тербеп ертеңнің,
Бектұр аға – беренім, ниетің елге адал-ды.

Ер Адайдың рухын – ұлықтай білдің ұрандап,
Егеулі найза Ер Шотан – ерлердің ісін тұр аңдап.
Өткеннен жасап өнеге – тіріге тәлім бердіңіз,
Жақсының ісі – жария, ізгіден – ілім құралмақ.

Байұлы – Беріш, атаңыз, Алшын да белді – бабамыз,
Қауырсын қалам Бекең – бұл, батасы бірге – ағамыз.
Қолда барда арыстың, қадірін кімдер білмек-ті,
Азамат ерді көрмесек – асылды қайдан табамыз?..

Сексеннің мынау сеңгірін – құлжадай басып қарадың,
Ақсақал болдың, жарадың, жазылған хат боп тарадың.
Абырой-атақ өзіңде, Алла білер ақырын,
Атар таңның амалын, батар күннің жамалын.

Сеңгір де сеңгір сексен тау – сейілдеп шықты бір ұлың,
Толағай тектес қарттарым – тоқсанға салмақ құрығын.
Байрақты жерде – ер асыл, баталы жерде – сөз асыл,
Халқыңмен бірге қадам бас, көп болсын аға, – жүрімің!

Сабыр АДАЙ,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі,
ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, Махамбет атындағы
халықаралық сыйлықтың және
«Құрмет» орденінің иегері

АҚТАУ

Ескерту:
Тарихи тұлғалар, ер есімдері және жер атаулары.
Бұл тарихи тұлғалар мен жер атаулары көзі қарақты
оқырманға таныс деп ойлаймын.

Нақты қайнары: http://www.elarna.net/koru_kk.php?tur=9&id=1100387
Пікірлер

Көрші сілтемелер