Еларна қолфон нұсқасына ену

Жүктеу-Албомым-Албомдар-Желі
Осы торды сақтаймын! | Осы торды бас бет етемін!

Біздің байланыс: elarna2012@gmail.com

Үш күнгы келушылер санағыКелген адам саны (IP)Көрілген бет саны (PWs)КомпйутерҚолфон
2019-08-18525278840 %60 %
2019-08-19580345151 %49 %
2019-08-20418207263 %37 %


Тіркеліңіздер Кітапхана Қожалар торабы Албомдар Қазақтың 1001 ертегісі

::::Erkin m::Лоуренс Лессиг. Еркін мәдениет

Кітәпханаға қайту

Лоуренс Лессиг. Еркін мәдениет ->
Апторы:
Лоуренс Лессиг. Еркін мәдениет - Көрілім: (1149)


: PDF Download - Жұктеұ - Скачать - ءتۇسىرۋ


Алғы сөз

XXI ғасырдың ақпараттық революция дәуіріне айналатыны әлдеқашан белгілі болған. Жаңа мыңжылдыққа зер салған футурологтардың қай-қайсысы да ақпараттық және инновациялық технологиялардың дамуына ерекше үміт артты. Енді, міне, сол технологиялардың арқасында күнделікті өміріміздің ажырамас бөлігіне айналған көптеген жаңалықтар адамзаттың игілігі үшін қызмет етуде.

Әсіресе, адамдар арасындағы қарым-қатынас құралдарының даму қарқыны мен түрлі саладағы шығармашылық алыс-беріс үдей түсті. Тіпті, шығармашылықтың өзі де жаңаша сипат алды. Әдебиет, көркем сурет, музыка, кино мен журналистикадағы кәсібилік пен әуесқойлықтың арасындағы айырма бұрынғыдай айқын болмай қалды. Ақпарат пен шығармашылықты таратудың әлемдік интернет желісі секілді қуатты үдеткіші барынша тез қанат жаюда.

Осының барлығына себепкер болған технологиялар - қазіргі таңда көп айтылатын, аса тартысты, сөйте тұра анық-қанығы аз тақырыптардың бірі. Біз өз елімізде интернетті дамыту, оны әр елді мекенге, әр шаңыраққа жеткізу мәселесін шешуге мықтап кірістік. Бірақ, Қазақстанда интернет және оның төңірегіндегі құбылыстардың табиғаты мен даму проблемалары, оның жеке адам мен қоғамға, тіліміз бен мәдениетімізге, өнер мен шығармашылыққа, білім мен ғылымға берері мен тигізер әсері туралы терең талқы енді ғана басталып келеді. Шешімін табуды тілейтін түйіндердің ірісі – интернеттегі зияткерлік меншік мәселесі.

Көп жылдан бері осы саланы зерттеп, белсенді әрекетімен көзге түсіп келе жатқан ғалым, қоғам қайраткері, профессор Лоуренс Лессигтің “Еркін мәдениет” атты кітабы аталған тақырып төңірегіндегі әлемдік деңгейдегі талқыға жаңа леп, ерекше көзқарас әкелген шығармалардың бірегейі болып саналады.

Қазақ тілі мен мәдениетіне жанашыр ортаның да осы талқыға кеңірек араласуына жол ашу мақсатында біз аталған кітаптың қазақ тіліне аударылуына жан-жақты қолдау көрсетуді ұйғардық. Алдарыңыздағы кітап біз үшін қыр-сыры көп зияткерлік доданың шеңберін кеңейтіп, ұлттық мәдениетіміз бен шығармашылықтың жаңа сипатта, жаңа бағытта ілгерілеуіне септігі тиеді деп үміттенеміз.

К.Қ. Мәсімов

ҚР Премьер-Министрі

ҚАЗАҚ ОҚЫРМАНЫНА

Лоуренс Лессиг1

1Лоуренс Лессиг – Гарвард университетіне қарасты Едмонд Дж.Сафра атындағы Этика орталығы мен қорының директоры, әрі осы университет құрамындағы құқықтану мектебінің профессоры. Ол 1989 жылы Иель университетінің құқықтану мектебін тамамдағаннан кейін сот саласында қызмет еткен. 2002 жылы Creative Commons жобасының негізін қалап, АҚШ жоғарғы сотында қаралған Элдред пен Ашкрофт арасындағы істе негізгі кеңесші болған. Л.Лессиг “Код және кибер кеңістіктің басқа да заңдары” (1999), “Еркін мәдениет” (2004), “Ремикс” (2008) және әлемге кең танылған басқа да кітаптардың авторы.

2003 жылы “Еркін мәдениет” қолжазбасының соңғы нұсқасын баспаға бердім. Редактор “Кітапты еркін лицензиямен (Creative Commons) шығарып, не боларын көрсек қайтеді?” – деді. Бұл менің де ойымда бар еді, бірақ айтуға батылым жетпей жүрген. Түк болмағандай кейіп сақтауға тырысып, ақырын ғана “көрсек көрейік, қызық эксперимент болады” – дедім.

Көп ұзамай кітап басылып шықты. Оны еркін таратуға жол ашқан Creative Commons лицензиясы баршамызды таңғалдырған нәтиже берді. Қысқа ғана уақытта оқырмандар кітаптың түрлі форматтағы көшірмелерін жасап, тарата бастады. Мәтінді бірнеше тілге аудару жобалары қатар жүріп жатты. Бір топ адам әр тарауды кезектесіп дауыстап оқу арқылы кітаптың аудионұсқасын дайындады. Осылайша бірнеше аптаның ішінде кітаптың электорнды нұсқасы орналастырылған веб-сайттан оқырмандар шығармамның мыңдаған көшірмесін тегін жүктеп алды.

Кітаптың сатылымы да жаман болған жоқ. Электронды нұсқаны тегін тарату қағаз нұсқаның сатылымын арттырады деген баспагердің үміті ақталды. Айтпақ ойымды аңғару қиын емес болар. Мұнда “а” және “б” деп белгілеуге болатын екі топ бар: “а” тобына кітап тегін тарағандықтан, оны сатып алмағандар жатады, ал “б” тобына тегін тараған кітаптар арқылы шығарма туралы естіп, оны сатып алғандар жатады. Егер “б” > “а” деген шарт орындалса, кітапты тегін тарату тиімді деген сөз.

Менің мұны жасаудағы басты мақсатым идеяны тарату еді. Әлбетте, “б” > “а” болғанын да қаладым, бірақ негізгі мүдде кітапта айтылған ой мен ұстанымды мейлінше көп адамның назарына жеткізу болатын. Сол арқылы дүние жүзінде жүріп жатқан авторлық құқық туралы пікірталаста кітапта келтірілетін дәйектердің өтімдірек, пікірдің салмақтырақ болуын ойладым.

Меніңше, кітапта сөз болатын идеялар, әсіресе Қазақстан сияқты елдер үшін маңызды. Біз Орта Азияны аса бай әрі ерекше мәдениет ошағы деп білеміз. Сондықтан осы идеялардың жергілікті жерде, соның ішінде қазақы мәдени ортада қалай қабылданатынын көру мен үшін аса маңызды. Америкалықтар зияткерлік меншікке келгенде қатал пікір ұстанады. Және өздері дұрыс деп ұғатын заңның талаптары барлық жерде бірдей қолданылуы тиіс деп санайды. Сондықтан да оны кейде “империалистік” ұстаным деп атайды. Әлемде дәл қазір сол ұстаным басымдыққа ие. Аталған америкалық көзқарас пен біздің кітапқа арқау болған идеялар арасындағы айырмашылыққа қазақстандық ортаның пікірін білу де қызық болар еді.

Кітапты қазақ тіліне аударуды қолға алып, оны іске асыруға атсалысқан барлық әріптестерге ризашылығымды білдіремін. Осы жобаға жол ашып, оған жағдай жасаған Қазақстанның Үкіметіне алғысым ерекше. Қазақстандағы Creative Commons-ты таратушы топтың жергілікті авторлық заңнаманы жетілдіруге қосып жатқан үлесін де атамасқа болмайды.

Авторларды қорғап, қолдау қажеттігі және шығармашылыққа жағдай жасау керектігі дау туғызбайтын қағида. Бірақ ХХ ғасырда пайда болған авторлық құқықтың ХХІ ғасырда өзгеріссіз қалуы қағидалы шарт емес. Оның барлық елде бірдей қолданылуы да әсте міндетті емес. Ұсынылып отырған кітап осы тақырыптағы тартысқа тың ой қосады деген үміттемін. Орайы келсе, қазақстандық әріптестермен тәжірибе алмасып, жүзбе-жүз пікірлесуге асықпын.

Біз үшін авторлық құқық (копирайт) туралы пікірталас енді ғана басталды. Жаңалық енгізуге қарсылар мен бұл мәселені қайта қарауға құлқы жоқтар өте көп. Бірақ дәл осы мәселе әр ұрпақ қайта қарап, заман талабына қарай икемдеуі тиіс тақырыптар санатында. Егер менің идеяларым Қазақстандағы шығармашылықты заң тұрғысынан реттеуді кемелдендіруге септігі етіп, Қазақстан арқылы басқа да елдердегі шығармашылық ортада жаңғырып жатса, еңбегіміздің зая кетпегені.

АВТОРДАН

Менің қызығушылығымды оятқан және осы

жолға түсіп, ісін жалғастыруыма себепші болған

Эрик Элдредке арналады

Көрнекті жазушы, техника мен компьютер ғылымы тақырыбына жазылған сансыз мақалалардың авторы Дэвид Поуг менің «Код және кибер кеңістіктің басқа да заңдары» атты алғашқы кітабыма жазған рецензиясын былай деп тәмамдап еді: «Бағдарламалық қамтамасыз ету торабының қолданыстағы заңнан ерекшелігі – оның жазалау қызметінің жоқтығында. Оның заңдылықтары (әлем халқының тым аз бөлігі ғана қосылған) тораптан тыс адамдарға жүрмейді. Ал егер ғаламтор жүйесі ұнамаса, қай кезде де модемді ағытып тастауға болады».1

Поуг кітаптың, бағдарламалық қамтамасыз ету немесе «кодтың» өзінше бір заң тәртібінде жұмыс істейтіні туралы негізгі өзек-идеясына күмәнмен қарайды. Оның пікірінде мынадай бір тамаша ой айтылған: егер кибер кеңістікте ісің қатты нашарласа, қашан болсын «крибле-крабле-бумс!» деп, компьютердің өшіру тетігін басып, модемді ажыратып тастасаң жетіп жатыр. Сосын жайбарақат үйіңе қайта берсең болады. Сөйтіп, біз сол кеңістікте кездескен келеңсіздік атаулыдан мүлдем алшақтаймыз.

Бұл туралы 1999 жылы жазған Поуг қателеспеген болар. Менің бұған толық сенімім жоқ, бірақ маған солай көрінеді. Дегенмен, онікі сол кезде дұрыс болса да, қазіргі мәселе мүлдем басқа нәрсе туралы. «Еркін мәдениет» ғаламтордың модемді ағытып тастағаннан кейін де өмірде тудыратын келеңсіз мәселелері жайында сөз етеді. Бұл кітап ғаламтор айналасындағы бітпейтін қызу тартыстардың «желіде отырмағандардың» да өміріне қалай түбегейлі әсер ететіндігі туралы. Бізді ғаламтор әсерінен оқшаулайтын бірде бір өшіру тетігі жоқ екендігі туралы.

Бұл кітабымның «Код» кітабымнан айырмашылығы сол – мұнда ғаламтордың өзі туралы емес, оның біздің дәстүріміздің мейлінше іргелі сипаттарына қалай әсер еткені туралы жазылған. Мен сынды «гикке»2 бұлай деу жараспас, бірақ та әңгіме ғаламтордың біздің өміріміздің мейлінше маңызды сипатына әсер еткені туралы.

Әрине, әңгіме мәдениеттің қалыптасу үдерісі туралы болып отыр. Төменде түсіндіретінімдей, біз «еркін мәдениет» дәстүрін негіздейміз. Еркін, бірақ, «ақысыз» емес мәдениет дәстүрін3. «Еркін» дегеніміз - сөз бостандығы, әділетті нарық, еркін сауда, іскерлік еркіндігі, ерік бостандығы мен сайлау еркіндігі деген сөз. Еркін мәдениет шығармашылық иелері мен жаңашылдарды қолдайды және қорғайды. Оны тікелей, интеллектуалдық меншікке құқық беру арқылы жүзеге асырады. Бірақ, ол бұл құқықтардың қолданылу аясын шектеу арқылы жанама түрде де әсер етеді. Мұның өзі болашақ шығармашылық иелері мен жаңашылдарды бұрынғы жетістіктер авторларының бақылауынан тиісінше еркін болуға кепілдік береді. Еркін нарық бәрі де тегін дегенді білдірмейтіні сияқты, еркін мәдениет те меншік иесінсіз мәдениет емес. Еркін мәдениеттің қарсыласы – жаңа шығармашылық иелері туындыларын өткеннің бәріне билік құрғыш авторлардың рұқсатымен ғана дүниеге әкелетін – «рұқсатты» мәдениет болып отыр.

1David Pogue, «Don't Just Chat, Do Something», New York Times, 30.01.2000

2 Гиктер - ғылым мен компьютерді жақсы білетін адамдар (geeks).

3Richard M. Stallman, Free Software, Free Societies 57 (Joshua Gay, ed. 2002).

Егер де біз осы бағытта болып жатқан өзгерістерді зерделей алсақ, бұған қарсы тұрар едік. Бұл жерде мәселе нақты бір адам туралы ғана емес, әңгіме ХХ ғасырда пайда болған бұқаралық мәдениет салаларының бірталайы жөнінде, қолында капиталы жоқ біздің барлығымыз туралы болып отыр. Қандай саяси көзқараста болмаңыз мейлі, оңшылсыз ба, солшылсыз ба – бәрібір, егер бұл мәселеде коммерциялық мүддеңіз болмаса, онда мен айтып отырған мәселелер сізді жайбарақат қалдыра алмайды. Өйткені мен баяндағалы отырған өзгерістер біздің саяси мәдениетіміздегі екі көзқарасты танытатын партияларымыз да іргелі деп санайтын құндылықтарға қауіп тудырады.

Екі партияның әдеттен тыс, бір бағытта жұмыс жасағанын біз 2003 жылдың жазында байқадық. АҚШ-тың байланыс жөніндегі федералды комиссиясы ақпарат құралдарының бір нүктеге шоғырлануына кедергі келтіретін меншік заңдарына өзгерістер енгізуді қарастырып жатқанда, бұрын-соңды мұндай құрамда болмаған коалиция бұл өзгерістерге қарсы 700 000-нан аса хат жолдаған. Уильям Сафир өз кезегінде бұл оқиғаны: «Әйелдер Бейбітшілік үшін» ұйымының белсенділерінің «Атқыш қару сүйетіндердің» Ұлттық Ассоциациясының мүшелерімен қатар шеру тартуы саясаттағы либерал әйел Олимпия Сноу мен консерватор Тэд Стивенсонның қатар тұрғанындай жайсыздық тудырды» деп баяндайды. Журналист өз мақаласында қоғамның алдында тұрған аса өткір мәселе - биліктің бір орталыққа жинақталуы туралы мейлінше айқын тұжырымдады:

«Консервативті деуге бұл жеткіліксіз бе? Тек мен үшін емес. Саяси болсын, корпоративті болсын, медиалық болсын, мәдени болсын - бәрібір, консерваторлар биліктің қай түрінің де бір орталыққа шоғырлануына еш жол бермеуі керек. Жергілікті өзін-өзі басқару, оған әрбір жеке тұлғаның қатысуын ынталандыру арқылы биліктің бір орталыққа жинақталуын сейілту – федералдықтың маңызды және нағыз демократияның шынайы көрінісі болып табылады4».

William Safire, «The Great Media Gulp», New York Times, 22.05.2003

Бұл идея «Еркін мәдениеттің» ажырамас бөлігіне айналды. Сонымен қатар мен бұл кітапта оқырман назарын меншіктің бір нүктеге жинақталуы салдарынан туындап отырған биліктің бір қолға шоғырлануы туралы мәселеге ғана емес, одан да маңызды (көзге ұрып тұрмағанымен де), яғни құқықты қолдану аясындағы радикалды өзгерістерден туындап отырған биліктің орталықтануы мәселесіне аударамын. Заң өзгереді әрі сол өзгерістер мәдениеттің қалыптасу үдерісіне де әсер етеді және осының бәрі – сізді ғаламтор толғандырсын-толғандырмасын мейлі, өзіңізді Сафирдің оң жағында әлде сол жағында сезініңіз мейлі – сізді толғандыруы, алаңдатуы қажет.

Кітаптың осылай аталуына және мұндағы көптеген идеялар мен дүниелердің басым бөлігінің жазылуына мені шабыттандырған Ричард Столлмэн мен Еркін бағдарламалық қамтамасыз ету қорының қайраткерлік іс-қарекеті, қолдау болды. Шынтуайтына келгенде, Столлмэннің кітабын, әсіресе еркін бағдарламалық код, қамтамасыз ету, еркін қоғам жөніндегі бөлімдерін мұқият оқи отырып, осы кітаптағы теориялық негізде айтылатын барлық ойлардың идеясы Столлмэн кітабының әсерімен, осыдан бір-екі жыл бұрын қаланғанын айтып өтемін. Сондықтан бұл кітапты таза «туынды» жұмыс деп есептесе де болады. Мен мұндай сынды дұрыс көремін әрі қабыл аламын. Қорғаушының еңбегі қашан да туынды еңбек, міне, осы туралы және ғұмыр бойы туынды оның заңдылықтарымен өмір сүріп, соның нәрін бойына сіңіріп, осы дәстүрді үнемі ұстанып келгені туралы, әрі сол дәстүр арқылы сақталып өмір сүріп келе жатқандығы туралы қазіргі мәдениеттің есіне тағы бір салғым келеді. Столлмэн сынды, мен де дәстүрді құндылықтар тұрғысынан жақтаймын әрі қорғаймын. Столлмэн сынды мен де бостандықтың құндылығын насихаттаймын. Столлмэн сынды мен де біздің ежелден келе жатқан құндылықтарымыздың жойылуына қарсымын әрі олардың келешекте де қорғалуы тиісті екеніне сенемін. Біздің мәдениетіміз ежелгі кездерден еркін болды, ал бұл еркіндігін ол біз қазір таңдап алған жолымыздан бас тартқан жағдайда ғана сақтап қала алады.

Столлмэннің бағдарламалық қамтамасыз етуді еркін қолданысқа енгізуге жақтасатыны сынды, мен де еркін мәдениетті жақтаймын. Ол үшін дәлелдер келтіремін. Бірақ дәлел үшін ұсынылатын аргументтерді қым-қиғаш жаңылыс, түсінбестіктерден аршып алу, ал тіпті бұдан да күрделісі оларды ұғынудың өзі қиындық тудырады.

Еркін мәдениет дегеніміз меншік ұғымы жоқ мәдениет емес, яғни шығармашылық иесіне ақы төлемеу дегенді білдірмейді. Меншіксіз, яғни шығармашылық иелеріне ақы төлемейтін мәдениет еркіндік емес, ол – анархия. Мен анархияны жақтамаймын.

Керісінше, осы кітапта мен қорғайтын, жақтайтын еркін мәдениет -анархия мен бақылаудың алтын ортасын, үйлесімін табу болып табылады. Еркін мәдениет еркін нарық сияқты меншікке негізделеді. Ол мемлекет қабылдаған меншік және келісімшарттық қарым-қатынастар аясында дамып, күн кешеді. Дей тұрғанмен, феодалдық меншіктің еркін нарықтық қатынастарды бұзатыны сияқты, еркін мәдениетті де қазіргі кездегі экстремалды сипаттағы меншік құқықтары жарымжан етіп отыр. Қазіргі заман мәдениетінде мені алаңдататын мәселе осы. Бұл кітап осы тәрізді экстремизмге қарсы жазылды.

КІРІСПЕ

1903 жылдың 17 желтоқсанында Солтүстік Каролинаның дүниенің төрт бұрышынан бірдей жел соғатын жағажайында ағайынды Райттар 100 секундтан аса уақыт бойы ауадан да ауыр, өздігінен қозғалатын аппараттың ұша алатынын дәлелдеді. Бұл аса маңызды сәт еді әрі оның тарихилығын көп адам сезінді. Мұның өзі басқарылатын ұшақтың осы жаңа технологиясына деген үлкен қызығушылық тудырды және әуеде ұшу саласын игеруге қызығушылар топ-топ болып көбейді.

Ағайынды Райттар ұшақты ойлап тапқанға дейін, меншік туралы америкалық заң бойынша, меншік иесі өз иелігіндегі жерге ғана емес, оның байлықтарына және сонымен қатар сол жер үстіндегі әуе кеңістігіне де ие болатын1. Ғалымдар көптеген жылдар бойы жерге деген иелікті қайткен күнде жақсылап нақтылауға болатын әрі жер иесін оның үстіндегі аспанға да ие ететін меншік заңын ойластырып, бас қатырды. Бұл меншік иесі жұлдыздарға да ие дегенді білдіре ме? Ал сол әуе кеңістігін үнемі кесіп ұшатыны үшін қаздарды сотқа беруге бола ма?

St. George Tucker, Blackstone's Commentaries 3. (South Hackensack, N.J.: Rothman Reprints, 1969), 18.

Осылай деп жүргенде ұшақтар пайда болды да, міне, осы сәттен бастап америкалық құқық қағидалары алғаш рет аса айтулы маңызға ие болды. Дәстүрлерімізден терең тамыр тартатын бұл қағидаларды өткен кезеңдердегі біздің көптеген көрнекті заңгерлеріміз мойындаған болатын. Егер менің меншігім аспанға дейін созылатын болса, онда менің егістігімнің үстімен ұшып өткен United әуе компаниясына не істеуім керек? Оған менің меншік иелігімнің үстінен ұшуға тыйым сала аламын ба? Айталық, Delta Аirlines-пен лицензияланған келісімшарт жасай аламын ба? Осы құқықтың бағасын айқындау үшін аукцион ұйымдастыра аламын ба?

Бұл сауалдар 1945 жылы федералды сот қарастырған даулы мәселелердің бастысы болды. Солтүстік Каролина фермерлері Томас Ли мен Тайми Косбидің тауықтары әскери ұшақтардың тым төмен бауырлап ұшуынан қырыла бастағанда (шошынған тауықтар тауыққора қабырғасына соқтығып қырылып қалған) Косбилер сотқа шағым түсірді әрі шағымда үкіметтің олардың меншік аумағына қол сұққанын атап көрсетті. Ұшақтар, әрине, Косбилердің жеріне қонған емес. Ал бірақ Блэкстоун, Кент, Каук сынды белгілі адамдар нақтылап кеткендей, «жердегі меншік аумағы оның үстіндегі аспан әлемінің шексіздігіне дейін созылатын» болса, онда үкімет шынымен де фермерлер жеріне рұқсатсыз енген болып тұр. Сондықтан да Косбилердің осы заңсыздықтарды тоқтатуды талап етуі заңды. Косбилердің ісін қарауға Жоғарғы Сот келісім берді. Конгресс әуе жолдарын қоғамға ортақ деп жариялады, бірақ меншік көлемі аспан кеңістігіне дейін созылады деген заңдылықты еске алсақ, онда Конгресс декларациясы қалыптасқан Конституцияға қайшы болып шығады және меншікке ешбір өтемақысыз-ақ қол сұғу болып табылады. Сот «меншікке жердің аумағы және оның үстіндегі аспан кеңістігі де кіретіні туралы жалпы заң доктринасын ескірді» деп мойындады. Бірақ судья Дуглас ежелгі доктринаны жақтыртпағаны соншалық, жүздеген жылдар бойы қалыптасқан меншік туралы заңды бір ғана азат жолмен жоқ етті. Ол қаулыда былай деп жазды:

«Қазіргі заманда бұл доктринаға орын жоқ. Конгресс қаулы еткендей, әуе кеңістігі қоғамның ортақ игілігі болып табылады. Егер бұлай болмаған жағдайда, әрбір трансконтиненталды ұшудың нәтижесінде әуе тасымалдаушысы сотқа түскен шағымдардың астында қалатын болып шығады. Бұл ақылға сыйымсыз. Әуе кеңістігіне жеке меншіктікті мойындау – әуе көлік жолына кедергі келтіріп, әуе жолдарын басқару және бүкіл қоғам мүддесі жолында авиацияның дамуы мүмкіндігінен айырады, сонымен қатар негізінен заң бойынша бүкіл қоғамға тиесілі дүниені жекенің игілігіне айналдырады»1

АҚШ Косбиге қарсы., U.S. 328 (1946): 256, 261. Сот шын мәнінде, егер мемлекет пайдаланған жер Косбилердің иеліктерін құнсыздандырса ғана, меншікке қол сұғылды деп есептеледі деп шешті. Бұл мысалды мен Кит Аокидің «Зияткерлік меншік және тәуелсіздік: авторлықтың мәдени жағрапиясы бойынша жазбалар» деп аталатын тамаша еңбегінен алдым. Сонымен қатар мына еңбекті де қараңыз: Paul Goldstein, Real Property (Mineola, N.Y.: Foundation Press, 1984), 111213

Бұл ақылға сыйымсыз.

Міне, құқық қашанда осылай жұмыс істейді. Әрине, үнемі осылайша қатты кетпейді әрі асығыс қабылданбайды, бірақ ақырында дәл осылай жұмыс істей бастайды. Дуглас шешімді көп жалтақтап, ойланып-толғанып жатпастан бірден қабылдайтын. Өзге судьялар, Дугластың «Бұл ақылға сыйымсыз» деп бір жолмен ғана жеткізгеніндей қорытындыға келуі үшін бірнеше бет пікір жазар еді. Бірақ қанша бет жазылсын мейлі, біздікіндей құқықтық жүйенің негізгі рухы заңның заманауи технологияға бейімделетінін айту керек. Және де заң, бейімделе отырып, өзгереді. Бір кездері мәңгілік жартастай мықты болған заңдылықтар келесі заман ағымында быт-шыты шығып құлайды. Шын мәнісінде сот: «Косбидің меншік құқығы жер мемлекет пайдаланған кезде құнсызданып қалған жағдайда ғана бұзылған болып саналар еді» деген қаулы шығарды. (Бұл мысалды мен Кит Аокидің «Зияткерлік меншік және тәуелсіздік: авторлықтың мәдени жағрапиясы бойынша жазбалар» атты тамаша туындысынан алдым).

Егер де мұндай өзгерістерге қарсы шығатындар анау айтқан ықпалды тұлға болмаса бәрі де осылайша жалғаса бермек-ті. Косбилер қарапайым фермерлер еді. Олар сияқты өзге де көптеген жан әуе қозғалысының артып келе жатқанына наразылығын білдіргенімен, әлемнің барлық Косбилері бірігуі және прогресті тоқтатуы, ағайынды Райттар жасап шығарған технологияға тыйым салуы мүмкін емес еді. Ағайынды Райттар ұшақты техникалық идеялардың қайнап тұрған қазанына салып жіберді, содан кейін олардың технологиясы тауық қорадағы вирус сынды тез таралды.

Косби сынды фермерлер ағайынды Райттар ұшағының «ақылға сыйымды» дүниелерді өзгертіп жіберу жағдайына қалды. Олар өз фермаларында отырып осы бір сәнді жаңалықтар үшін қатты ашу шақырып, жұдырықтарын түйіп ызалана алар еді. Олар өз конгресмендерінен көмек сұрасын, тіпті сотқа да шағымдансын мейлі, бірақ нәтижесінде бәрібір, жоғарыда айтылып өткендей, жұрттың бәріне айдан анық «ақылға сыйымды» дүниені жеңе алмады. Олардың «жеке мүддесінің» көзге анық көрініп тұрған «қоғам мүддесінен» жоғары тұруына ешқашан да мүмкіндік берілмеуші еді.

Эдвин Говард Армстронг – Американың әділетсіз ұмытылған кемеңгер өнертапқыштарының бірі. Ол америкалық жаңашылдар сахнасында Томас Эдисон, Александр Грэм Белл сынды алыптардан кейін бірден пайда болды. Оның технологияның дамуына қосқан үлесі радио пайда болғаннан кейінгі алғашқы 50 жылда мейлінше маңызды болды. Ол 1831 жылы кітап түптеушінің көмекшісі бола жүріп, электрлік индукцияны ашқан Майкл Фарадейден әлдеқайда жақсы білім алды. Алайда Армстронг радио жұмысының қағидаттарындағы ең бір көзге көрінбес, қолға ұстатпас ұсақ-түйектің бүге-шегесіне дейін білетін. Ол радио саласын әлдеқайда алға жылжытқан негізгі және маңызды үш жаңалық ашты. 1933 жылы Рождествоның ертеңіне Армстронгқа аса маңызды өнертабысы - жиілікті модуляциялы радио (FM) үшін 4 патент берілді. Бұған дейін қалың көпшілікке амплитудалық модуляциялы (АМ) радио ғана қолжетімді болатын. Сол кезең теоретиктері жиілік модуляциясындағы радио ешқашан жұмыс істемейді деп сендіретін. Олардың спектрдің жіңішке сызығы туралы ойы дұрыс та болатын. Ал Армстронг болса жиілік модуляциясындағы радио, берілетін сигналдың қуаты және атмосфералық шуылы едәуір кем болған жағдайда, спектрдің жалпақ сызығы арқылы сыңғыраған таза сигнал бере алатынын тапты.

1935 жылдың 5 қарашасында ол өзінің ойлап тапқан технологиясын Нью-Йорктегі «Эмпайер Стейт» үйінде орналасқан радиоинженерия институтында көрсетті. Ол радиоқабылдағыштың барлық амплитудалық модуляция арқылы жұмыс істейтін арналарын бұрап шығып, соңында осыдан 17 миль қашықтықтағы станциядан жіберіліп отырған трансляцияны орнықтырды. Кенет бейне бұзылып қалғандай, радио үнсіз қалды, бірер сәттен соң радиоқабылдағыштан бұрын ешкім естімеген саф таза дауыспен диктор сөйлей жөнелді! «Бұл - Нью-Йорк штатындағы Йонкерсте орналасқан, жиілік модуляциясында және және 2,5 метрлік толқында жұмыс істейтін W2AG әуесқой станциясы».

Аудитория бұрын мүмкін емес деп жүрген жаңалықпен танысты.

«Йонкерстегілер микрофон алдында тостаққа су құйып еді, құйылып жатқан су сарылы естілді... Бір парақ қағазды мыжғылап жыртып еді – барлығы да алдымен мыжғыланып, сонсоң жыртылған қағаз дыбысын естіді. Күйтабақтан Соуздың марштары ойналды, фортепиано мен гитарада жеке номерлер орындалды... Музыканың табиғи күйінде таза естілгені сонша, радиодан мұндайды бұрын-соңды ешкім естімеген еді.»1

Ақылға сыйымды деп қарастырсақ, Армстронг тамаша радио ойлап тапты. Бірақ сол кезеңде Армстронг амплитудалық модуляциялы трансляция саласында басымдық танытып жүрген RCA компаниясында жұмыс істеп жүрген болатын. 1935 жыл қарсаңында бүкіл Құрама Штаттар аумағында мыңдаған радиостанция жұмыс істеді, алайда барлық ірі қалалардағы хабар таратқыш желілер аз ғана компаниялардың қолына жинақталған-тын.

RCA президенті, Армстронгтың досы Дэвид Сарнофф, ғалымның амплитудалық модуляцияда таза сөйлейтін радио ойлап табуын асыға күткен еді. Сондықтан да Армстронг оған дыбысты таза беретін құрылғы ойлап таптым дегенде қатты қуанды. Бірақ Армстронгтың өз өнертабысын жария еткені сол-ақ екен, Сарноффтың қуанышы су сепкендей басылды.

«Мен, Армстронг біздің амплитудалық модуляциялы радиодағы шуды тазалайтын фильтр ойлап табатын шығар деп үміттенген едім. Мен одан революция бастап, RCA-мен бәсекелесетін, шайтан алғыр, шексіз-шексіз индустрияны туындатады деп күтпеген едім».2

Армстронгтың өнертабысы RCA-ның амплитудалық модуляциялы империясына қауіп төндірді. Сондықтан компания қолынан келгенше барлық тәсілдерді қолдана отырып, жиілік модуляциясында жұмыс істейтін радионы тұншықтыра бастады. FM – ғажайып технология бола алар еді, алайда Сарнофф тамаша тактик болатын. Бұл оқиғаны бір автор былай суреттейді:

«FM-ді қолдаушылар негізінен инженерлердің күші – маркетологтардың, патент беретін бюролардың, заң кеңселерінің стратегиялық күш-қуатына қарсы тұра алмады. Ал соңғыларының бәрі жабылып қоғамға пайда әкелетін, бірақ корпоративті мүдделеріне қайшы, яғни жеке компанияларға шығын әкелетін осы жаңалықты басып тастауға бар күш-қайратын жұмсады. Егер де FM радионың дамуына кедергі жасалмағанда, бұл радиоиндустриядағы күштердің толығымен қайта бөлініске түсуіне әкеліп соғар еді де... ақыр соңында бүкіл құдыреті жан-жақтан толығымен заңмен қаруланып қорғалған амплитудалық модуляциялы радионың түбіне жетер еді, ал RCA -ның барлық құдырет күші осы радионың негізінде құрылған-тын3.

RCA алғашында „зерттеу әлі толық аяқталған жоқ, сондықтан оны ары қарай жалғастыру керек„ деген желеумен, технологияны ешкіммен бөліспеді. Екі жылға созылған зерттеулерден кейін, Армстронгтың төзімі таусылғанда, жиілік модуляциясындағы радионың кеңінен таралуына жол бермеу үшін RCA үкіметтегі ықпалын пайдалана бастады. 1936 жылы RCA АҚШ-тың байланыстар жөніндегі Федералды комиссияның (FCC) бұрынғы жетекшісін жалдап, оған комиссияны FM радиосына оны мүлдем естіртпейтіндей жиілік спектрін беруге, сөйтіп, оны іс жүзінде жиіліктің мүлде өзге кеңістігіне ауыстыруға көндіруді тапсырды. Алғашында бұл қимыл-қарекеттен еш нәтиже шықпады. Бірақ Армстронг және бүкіл ұлт өкілдері екінші дүниежүзілік соғыс мәселелерімен айналысып жатқанда, RCA біртіндеп дегеніне қол жеткізе бастады. Соғыс аяқталған соң көп ұзамай-ақ Федералдық комиссия барлығы бірдей анық бір мақсатқа қол жеткізуді - FM радиосын түбегейлі жоюды көздейтін бірнеше нормативтік акт қабылдады. Мұны Лоуренс Лесинг былайша баяндайды:

«Соғыстан кейін радиоалпауыттардың мүддесі үшін FCC арқылы қабылданған бірқатар қаулымен FM радиосын құртуға бағытталған бірнеше қатты соққы күші мен жауыздығы жағынан еш ақылға сыймайтын.»4

RCA соңғы авантюрасы - теледидарға жиілік спектріндегі орынды босату үшін FM радиосы тыңдаушыларын спектрдің мүлдем жаңа кеңістігіне ауыстырып тастады. FM радио станцияларының қуаттылығы да азайтылды, бұл енді олар бағдарламаларын елдің бір шетінен екінші шетіне тарата алмайды деген сөз еді. (Бұл шешімнің қабылдануына бар күшін салып жақтасқан АТ&Т компаниясы болды, өйткені тарату бағаналарынсыз радиостанциялар хабар тарата алмас еді, сондықтан кабельді желі жүргізуге мәжбүр болатын, ал байланыстың бұл түрін АТ&Т компаниясы сататын). Осылайша FM радио уақытша болса да, мүлде жаншылып қалды. Армстронг RCA-мен шамасы жеткенше күресіп бақты. Есесіне RCA Армстронгтың патенттерін сотқа берді. Теледидар стандартына арналған жаңа жиілік модуляциясының технологияларын енгізгеннен кейін RCA Армстронгтың патенттерін, берілгеніне он бес жыл өткеніне қарамастан, ешбір негізсіз-ақ жарамсыз деп тапты. Осының нәтижесінде автор төлемақылардан қағылды. Патенттерін қайтару үшін Армстронг алты жыл бойы заң жүзінде, қымбатқа түскен майдан ашты. Патенттердің мерзімдері біткенде, RCA Армстронгты келіссөзге шақырып, ақы төлейтін болды. Бірақ ол сома Армстронгтың адвокаттарға кеткен шығынын жабуға да жетпейтін. Бұл текетіресте оңбай жеңілген, әбден қажыған, ең соңында тақырға отырған өнертапқыш 1954 жылы әйеліне қысқа ғана хат қалдырып, 13 қабаттан секіріп кетті.

Заң кейде міне, осылайша жұмыс істейді. Мұндай трагедияларды жиі тудырмас та, мұндай қаһармандық пен драматизмді де сирек тудыратын заңның қолданыста осылай да болатыны бар.

Үкімет пен үкіметтік агенттіктер әуел бастан-ақ ықпалға түскіш болады. Мұндағы ең шетін сәт – құқықтық немесе технологиялық өзгерістердің біреулердің маңызды мүдделеріне зиян келтіруі болып табылады. Осы мықты мүдде өзін қорғауды талап етіп билікке тым жиі қысым көрсетеді. Әрине, бұл жағдайда олар қоғамның мүддесін алға тартады, бірақ мұның бәрі де жалған сөз. Бір кездері жартастай мығым тұрған түсініктердің өзі де келесі бір дәуірде тарихи өзгерістердің негізінде құм болып үгітіледі. Алайда оларға сыбайлас жемқорлыққа батқан саяси жүйеміз көмек қолын созады. RCA да Косбилерде болмаған артықшылық – технологиялық өзгерістерге қарсы тұра алатын ықпал болды.

Ғаламторда белгілі бір өнертапқыш қана жұмыс істемейді, сол сияқты оның пайда болған нақ уақыты да көрсетілмейді. Дегенмен, қысқа ғана мерзімнің ішінде ғаламтор қарапайым әрбір америкалық өмірінің ажырамас бөлігі болып орнығып үлгерді. Rew Internet American Life Project зерттеулеріне сүйенсек, 2002 жылы ғаламторға америкалықтардың 58 пайызының қолы жеткен. Бұл алдыңғы екі жылмен салыстырғанда 49 пайызға көп дегенді білдірді.5 Ал 2004 жылдың соңына қарай ғаламтор АҚШ халқының 3-тен 2 бөлігін еркін қамтуы мүмкін6.

Күнделікті өмірімізге енген ғаламтор барлығын өзгертті. Техникалық сипаттағы кейбір өзгерістерді атасақ - ғаламтор коммуникация жылдамдығын үдетті, ақпарат жинаудың құнын арзандатты және т.б. Бұл кітапта техникалық мәселелер қарастырылмайды. Олар, сөз жоқ, маңызды мәселелер әрі оларды толық талдап, түсініп болғанымыз жоқ, бірақ ғаламтордан қол үздіңіз болды, бұл мәселелердің барлығы екінші қатардағы болып шығады. Және ғаламторды пайдаланбайтындарға тікелей қатысы жоқ, қатысы болған күнде де тікелей әсерге ие емес. Бұл мәселелер – ғаламтор туралы кітап қарастыратын басты дүниелер. Бірақ біздің кітабымыз ол туралы емес. Керісінше, бұл кітап – ғаламторды ағытып тастағаннан кейін де оның адамдарға ететін ықпалы туралы, оның мәдениетті қалыптастыру үдерісіне тигізер әсері туралы. Мен, ғаламтор бұл үдерісте түбегейлі және бейсана өзгеріс жасады деп нық айта аламын. Ол Республиканың өмірге келуімен бірге қалыптасқан дәстүрді түбегейлі өзгертеді. Мұны түсінген көптеген адам оған қарсы шықты, өмірлерінен алшақтатып тастады. Дегенмен, адамдардың барлығы дерлік ғаламтордың бұл қатерлі қасиетін сезбейді де.

Бұл өзгерістің мағынасын олардың әрқайсысына байланысты қолданылатын құқықтық нормалар аясы айқындаған коммерциялық және коммерциялық емес мәдениеттің арасындағы айырмашылықтан байқауға болады. «Коммерциялық» мәдениет деп мен, біздің мәдениетіміздің өндірілетін және сатылатын немесе сату үшін шығарылатын бөлігін танимын. Ал бұдан өзгесінің бәрін «коммерциялық емес» мәдениет деп түсінемін. Қарттарымыз саябақ орындықтарына жайғасып немесе қала көшелерінің қиылыстарындағы аядай орындарға отырып алып балалар мен үлкендерге тарихат, шежіре айтса, бұл коммерциялық емес мәдениет. Ал Ной Вебстер өзінің «Оқырманын», Джоэл Барлоу өлеңдерін баспадан бастырып шығарғанда бұл коммерциялық мәдениет болды.

Америкалық дәстүрде коммерциялық емес мәдениет әуел бастан-ақ реттелмейтін сала еді. Әрине, егер сіздің айтқан әңгімелеріңіз әдепсіз немесе әніңіз айналадағы тұрғындардың тыныштығын бұзса, бұған заң араласатын. Бірақ заң еш уақытта да мәдениеттің бұл түрінің туындауы мен таралу аспектілеріне тікелей араласқан емес. Мәдениеттің бұл қыры «еркін» болып қала берді. Өздерінің мәдениетін тарату үшін және өзара алмасу үшін адамдардың қарапайым әдіс қолдануы – қайтадан әңгімелеп беру, мазмұндау, пьеса немесе телешоудан үзінді ойнап беру, фан-клубтарға қатысу, музыка жазбаларымен алмасу құқықтық реттеуден тыс өмір сүріп келді.

Заң өзінің бүкіл назарын коммерциялық мәдениетке аударды. Заң шығармашылық ынталандыруды баста аз-аздап, ал кейіннен белсенді түрде қорғауға кірісті. Авторлар эксклюзивті құқықтарын коммерциялық нарықта сата алуы үшін оларды өз шығармашылығына деген ерекше құқықпен қамтамасыз етті.7. Әрине, бұл да шығармашылық қызмет пен мәдениеттің құрамдас бір бөлігі. Ал Америкада оның маңыздылығы өте жоғарылады. Дегенмен, ол біздің дәстүрімізде белең алып кеткен жоқ. Ешуақытта олай болған емес. Керісінше, ол үйлестірілген еркін мәдениеттің бағынышты бөлігі болып қала берді.

Енді еркін мәдениет пен басқарылатын мәдениеттің арасындағы бұрынғыша айқын да анық шекара жойылды.8 Ғаламтор бұл шекаралардың жойылуына жағдай жасады, міне, осы сәттен бастап бұл мәселеге медиоконцерндер ұйымдастырған заң араласты. Біздің дәстүріміздің тарихындағы мәдениеттің пайда болуы мен оның таралуына әсер ететін әдеттегі әдістер алғашқы рет құқықтық реттеудің қарамағына өтті. Заң бұрын басқаруға құзіреті жетпеген мәдениет пен шығармашылықтың кең саласын қамти отырып, өзінің өкілеттілігін кеңейтті. Мәдениетке деген еркін қолжетімділік пен басқарылатын қолжетімділік арасындағы тарихи тепе-теңдікті сақтап тұрған технология жойылды. Соның нәтижесінде, біздің мәдениетке қазір қол жеткізуіміз қиын, бірақ басқарылуы, шектеуі одан да көбірек мәдениетке айналып бара жатыр.

Бұл коммерциялық мәдениетті қорғау үшін керек деп ақталады. Әрине, бұл саясаттың нағыз протекционистік түрі. Бірақ менің кітабымда қарастырып отырған осы протекционизм біз білетін, барлық салаға қатар қолданылмайтын және теңгерілген протекционизм емес. Ол және суреткерлерді тіпті де қорғамайды. Керісінше, ол бір бизнестің белгілі бір түрлерін қорғайды. Ғаламтордың коммерциялық және коммерциялық емес мәдениетті де тарататын құралдардың қызметін бір өзі жалғыз атқара алатын күшінен және өзгерте алатын мүмкіндігінен үрейленген корпорациялар бірігіп, заң шығарушылардан заңдарды өздерін, яғни медиаалпауыттарды қорғау үшін қолдануды талап етіп отыр. Бұл - RCA мен Армстронг туралы тарих. Бұл – Косбилердің арманы.

Өйткені ғаламтор көпшілікке мәдениетті қалыптастыруға және дамыту үдерісіне қатысуына адам айтқысыз зор мүмкіндіктер тудырды. Бұл күш-қуат тұтастай алғанда мәдениетті өндіру мен өңдеу нарығында төңкеріс жасады және осы төңкеріс қалыптасып қалған контент-индустрияға қауіп төндіріп тұр. Осылайша амплитудалық модуляциялы радиоға FM радиосы қалай жау болған болса, ХХ ғасырдың медиа компанияларына ғаламтор да солай жау болып тұр. Немесе бұл жағдайды тағы былайша суреттеуге болады: ХІХ ғасырдың теміржолдары үшін жүк көлігі қалай бәсекелес болғанын елестетіп көріңіз. Бірақ бұл бәсекелестік теміржолдың жойылуына емес, өзгеріске түсірілуіне әкелді. Сандық технологиялар да ғаламтормен байланыстырыла дамытыла отырып, мәдениеттің дамуына күшті ықпал ететін бәсекелестік пен алға ұмтылысы орасан нарық ұйымдастыра алады. Мұндай нарық – шығармашылықтың барынша мол түрін жасауға және таратуға қабілетті авторларды мейлінше мол сыйғыза алар еді. Ал кейбір факторларға байланысты бұл авторлар бүгінгісіне қарағанда, орташа есеппен алғанда, қазіргіден әлдеқайда көп табыс табар еді. Біздің заманымыздың RCA-лары заңды өздерінің мүдделерін қорғау үшін пайдалануын бастамаса бұл жағдай осылай сақталады.

Алайда кітаптың келесі тарауларында көрсетілетіндей, қазіргі таңда біздің мәдениетіміз тап осыны бастан кешуде. ХХ ғасырдың басындағы радиокомпаниялардың немесе 1971 жылдың теміржолдарының мұрагерлері өз қолдарындағы барлық мүмкіндіктері мен ықпалдарын пайдалана отырып, заңды өздерін қорғауға мәжбүрлеп отыр. Олар өздерінің жеке мүдделерін мәдениет дамуына ықпал ететін пайдалы, прогрессивті технологиялардан биік қойып отыр. Әзірге ғаламтор олардың өздерін өзгертпей тұрғанда, олар ғаламторды өз ыңғайына қарай өзгертіп отыр.

Мен асыра айтып отырмын деп ойламаймын. Копирайт пен ғаламтор үшін күрес көбіне тым алыс жатқан бұлыңғыр мәселе болып көрінуі мүмкін. Ал бұл тартысты бақылап отырғандар үшін бар мәселе мына бір қарапайым сауалдарға келіп тіреледі: «қарақшылықты» заңдастыру керек пе, әлде «меншікті» қорғау керек пе? Ғаламтор технологияларымен жүріп жатқан «соғыс» (Америка кинематография ассоциациясының президенті Джек Валенти мұны «өзінің лаңкестікке қарсы жекеменшік соғысы» деп атайды)9 бейне бір заңсыздыққа қарсы әрі меншікке деген құрметке қол жеткізу үшін күрес сияқты болып көрінеді. Көптеген адам бұл тартыста қай жаққа шығатыныңызды шешу оңай, ол үшін меншікті жақтайсыз ба немесе оған қарсысыз ба – осыны анықтап алсаңыз болғаны, - деп ойлайды.

Егер бәрі осылай оңай болса, мен Джек Валентиді және контент индустриясын жақтар едім. Мен де меншіктің құрметтелуін жақтаймын, әсіресе мистер Валенти маңыздана «интеллектуалды» деп атайтын түріне жаным ашиды, әрине. «Қарақшылық» - теріс дүние, ал дұрыс құрылған заң оны қайда болса да, желіде ме, желіде емес пе - бәрібір тауып, жазаға тартуы керек.

Бірақ осы бір қарапайым түсініктердің астарында бұдан да ауыр, әрі өте маңызды өзгерістер жасырынып жатыр. Егер біз оларды жақсылап тұрып ой елегінен өткізбесек, ғаламторды «қарақшылықтан» тазарту жолындағы майдан - біздің мәдениетімізді ғасырдан ғасырға сақтап, алып келе жатқан негіздердің күл-талқан болуына әкеле ме деп қорқамын. Біздің жүз сексен жылдық республикалық құрылымымыздың дәстүрлеріне негізделген бұл құндылықтарымыз - авторларға біздің өткен кезеңдеріміздің игіліктерін іргетас ете отырып, еркін шығармашылығына кепілдік берді және шығармашылық иелерін заңның әділетсіздіктерінен қорғады. Профессор Нил Нетангел айтқандай,10 копирайт туралы жақсы теңгерілген заң авторларды жекелеп бақылаудан қорғайды. Осы себепті де біздің дәстүрлеріміз кеңестік те, меценаттық та болған жоқ. Керісінше, ол авторларымыз мәдениетіміздің көкжиегін кеңейтіп, дамыта алатындай ауқымды кеңістік алып берді.

Осыған қарамастан құқық ғаламтор және онымен байланысты технологиялық өзгерістерге Америкадағы шығармашылық қызметті реттейтін ережелерді қатайтуымен «жауап қатты». Бізді қоршаған мәдениетті дамыту немесе сынау үшін біз енді Оливер Твист сияқты алдымен рұқсат сұрауымыз керек болды.

Әдетте рұқсатты әрине, береді. Бірақ сыншылар мен тәуелсіз авторларға рұқсатты тым сирек береді. Біз өзімізше мәдени ақсүйек, ығай мен сығайлар ортасын құрып алдық. Бұл ақсүйектер ішкені алдында, ішпегені артында болып өмір сүрсе, өзге авторлар күндерін әрең көріп жүр. Бірақ атап айтатын нәрсе - ақсүйектіктің қай түрі болсын біздің дәстүрімізге жат.

Мен айтқалы отырған тарих - соғыс туралы. Әңгіме «бүкіл маңыздының бастауында тұрған технологиялар» туралы емес. Өз басым құдайларға -сандық болсын мейлі, өзге болсын мейлі - сенбеймін. Мен белгілі бір тұлғаны немесе адамдар тобын ардан безгендер дегелі де отырған жоқпын, себебі мен әзәзілге де, ол бір адамның ісі немесе топтың ісі болсын сенбеймін. Бұл ақылгөйлік емес. Бұл индустрияға қарсы жиһадқа шақыру да емес. Керісінше, бұл – жай ғана бағдарламалық кодтардан әлдеқайда алысқа кеткен интернет-технологиялар тудырып отырған алапат соғыстың үміт қалдырмайтынын зерделеуге ұмтылу. Осы текетіресті зерделеген соң келісімге келудің жолдарын табуға болады. Ғаламторлық технологиялар айналасында айтыс-тартыстарды жалғастыра беруге дәлелді себептер де жоқ. Олай еткен жағдайда біздің дәстүріміз бен мәдениетімізге зор нұқсан келеді, әрине егер мәдениетіміз бұл сыннан өте алса. Біз бұл соғыстың түп себептерін іздеп табуымыз керек. Бұл тартыстың шешімін табу керек.

Косбилердің дау-шары секілді, бұл соғыс, бір есептен, «меншік» үшін болып жатыр. Бұл соғыстағы меншік Косбилердікі сынды қолға ұстап көретін нәрсе емес және бір де бір балапан зардап шеккен жоқ. Алайда бұл «меншікке» деген көбіміздің көзқарасымыз Косбилердің өз меншіктеріне деген көзқарасымен бірдей. Біз бен сіз – тап сол Косбилерміз. Бүгінгі күнде «интеллектуалды меншік» иелерінің тым шектен шыққан талаптарына көбіміз мойынсұнып кеттік. Ал кейбіріміз Косбилер сынды бұл талаптарды қате деп есептейміз. Яғни, сол фермерлердің ізін ала отырып, біз жаңа технологиялардың біздің меншігіміздегі дүниелерге қол сұқпауын талап етеміз. Косбилер сияқты, біз үшін де ғаламтор технологиялары біздің әу бастан-ақ заң қорғаған «меншігімізге» баса көктеп еніп бара жатқаны айдан анық болып отыр.

Олар үшін де, біз үшін де басы ашық жайт - осы заңсыздықтарды тоқтатуға заң араласуы қажет. Әрине, ақылдылар мен технократтар өздерінің армстронгтық және райттық технологияларын қорғағанда, көпшілік оларды соншалықты бір жақтай қоймайтыны анық. Жөн-жосық бұған қарсы шықпайды. Байғұс Косбилер оқиғасымен салыстырғанда, ақылдың өзі бұл соғыста меншік иелерінің жағына шығады. Ал жолы болғыш ағайынды Райттарға қарағанда, ғаламтор өз революциясын туғызған жоқ.

Мен ақылға салған адамға дұрыс бағыт сілтеуді жөн көрдім, мақсат етіп қойдым. Мен осы бір «интелектуалды меншік» атты идеяның адамдарға әсері ұлғайған үстіне ұлғайып бара жатқанына, әрі ең бастысы оның саясаткер болсын, жай қарапайым адам болсын сыни ойлау жүйесін мүлде жойып жіберетініне көз жеткізіп, таң қалдым. «Мәдениетіміздің» осыншалықты мол бөлігінің біреудің «меншігіне» айналуы біздің тарихымызда еш уақытта болмаған дүние. Сонымен қатар, мәдениетті пайдалануға рұқсат беру билігінің орталықтандырылуын қоғамның тап қазіргідей еш шүбәсіз қолдау жағдайы да болған емес.

Неліктен? - деген сауал туындайды. Әлде бұл біздің идея мен мәдениетке деген абсолюттік меншіктің құндылығы мен маңыздылығының шын мәнінде басымдығын сезінгендіктен бе? Әлде бұл, бұрыннан бері келе жатқан, басқаруды сүймейтін мәдениетіміз өзгерді деген сөз бе, яғни мәдениет туралы түсінігіміз қате болғандықтан ба?

Мүмкін идея мен мәдениетті толығымен меншіктеп алу біздің заманымыздың RCA-ларына шашетектен пайда әкелетіндіктен және біз әлі зерделеп болмаған ұғымымызға жауап беретіндіктен шығар. Еркін мәдениет дәстүріндегі мұндай күрт бетбұрыс, құл иеленушілікке қарсы қантөгіс соғыстан кейінгідей, өткеннің қатесін түзету болып табыла ма немесе теңсіздікті қазіргідей біртіндеп жою кезінде жүріп жатыр ма? Әлде құбыланы осылайша бірден өзгерту - ат төбеліндей алпауыттардың саяси жүйені озбырлықпен басып алуының кезекті бір көрінісі ме?

Ақылға сыйымды, жөн-жосық дегеннің шектен шығатыны соншалықты – шынымен де соларға арқа сүйей ме? Әлде Армстронг пен RCA жағдайындағыдай, қай жақ күшті болса – соның сойылын соғуы ақылға сыйымды жөн болып санала ма? Мұндай жағдайларда жөн-жосық дегеніңіз сырттай бақылаушы ғана болып қала бере ме?

Мен жұмбақтап отырған жоқпын. Өзімнің жеке көзқарасым әлдеқашан айқындалған. Мен ақылға сыйымды дүние, жөн-жосық Косбидің экстремизмін жеңіп шығуы тиіс болғанына сенімдімін. Менің анық білерім сол - бүгінгі таңда «интелектуалды меншік» дегенді жақтаушылардың қисынсыз талаптарына қарсы шықса бұл ақылға сыйымды, өте орынды болып шығады.

Бүгінгі таңда «меншік» туралы қабылданған заңдар – Косбилер заманында шерифтің ұшақты бөтен біреудің меншігінің үстінен ұшып өткені үшін тұтқынға алған жағдайдағы ақымақтығынан да өткен сорақылық. Бірақ осы сорақылық, ақымақтықтың соңы ауыр қателіктерге соқтыруы мүмкін.

Қазір бар тартыс негізінен екі негізгі ұғым - «қарақшылық» және «меншік» ұғымдарының төңірегінде жүріп жатыр. Кітабымның келесі бөлімдерінде мен осы аталған екі түсінікті зерттеп қарастырмақпын.

Мен әдеттегі академиялық тәсілге жүгінбеймін. Жартылай ұмыт болған француз ғалымдарына сілтеме жасап құнарландырылған күрделі пікірталастармен (бұл қазіргі әпенділеу ғалымдар үшін ғана қызық) оқырмандардың басын қатырмақ емеспін. Оның орнына, мен әр бөлімде осы бір ең қарапайым тұжырымдамаларды жете түсінуге мүмкіндік беретін контексті құрау үшін іріктеліп алынған оқиғаларды талдаудан бастаймын.

Бұл кітаптың негізін екі бөлім құрайды. Біздің заманымызда ғаламтор шынымен де адам сенгісіз жаңа дүниелер жасап жатса, бұған медиаалпауыттардың түрткілеуімен араласып отырған билік тарихи түрде қалыптасқан «көнемізді» жоюмен үн қатып отыр. Біз ғаламтордың пайда болуымен келген өзгерістерді жете түсінуге ұмтылсақ, оған «ақыл тапқанша», нені қалдырып, нені алып тастауымыз керектігін ұғынғанша күте тұрсақ болатын еді. Оның орнына біз прогресстен шошынған жандардың өздерінің бүкіл ынта-ықпалын заңдарды қайта кесіп-пішіп, жазуына және ең бастысы, біздің қоғамымыздың іргелі негіздерін өзгертуіне мүмкіндік беріп отырмыз.

Біз бұған осы дұрыс болғандықтан, мұның жақсылыққа бастайтын өзгеріс екеніне басым көпшілік шын мәнісінде сенетіндіктен жол беріп отырмағанымызға сенімдімін. Біз, өкінішке қарай, беделі түскен заң шығарушылық үдерісімізде күшті ойыншылардың мүдделеріне нұқсан келмесін деген пиғылдан ғана жауырды жаба тоқып отырмыз. Бұл кітап сыбайлас жемқорлықтың тап осы түрінің, көпшіліктің ойына келе де бермейтін тағы бір салдары туралы да баяндайды.

«ҚАРАҚШЫЛЫҚ»

«Қарақшылықпен» күрес авторлық құқықты реттейтін заң пайда болғаннан бері жүргізіліп келеді. «Қарақшылық» тұжырымдамасының анық сипат-белгілерінің нақты шекарасын айқындап беру өте күрделі, алайда оның көрер көзге әділетсіздігін тану оңай. Ноталық жазбалар копирайты туралы ағылшын заңын жүзеге асырған істе Лорд Мэнсфилд былай деп жазады:

«Әлдекім көшірмені ойнау үшін пайдалана алады, бірақ оның көшірмелерді көбейтіп, өз пайдасы үшін сата отырып, автордың табысына қол салуға құқы жоқ.»11

Біз бүгін «қарақшылыққа» қарсы жүргізіліп жатқан кезекті «майданның» тура бел ортасында өмір сүріп жатырмыз. Бұл соғыстың туындауына контенттің жылдам таралуына жағдай жасаған ғаламтор себепші болып отыр. Пирингтік файл алмасу (р2р) – бүгінде күшті жұмыс істеп тұрған нәтижелі ғаламтор технологияларының бірі. Бөлінген желілерді пайдалана отырып р2р жүйесі контентті, осыдан бір буын бұрынғы технологиялар үшін миға сыймастай оңайлықпен таратады.

Мұншалықты нәтижелілік копирайтқа деген дәстүрлі сыйлы көзқараспен онша үйлеспейді. Желіде орналастырылған материалдарды авторлық құқығы қорғалған және авторлық құқығы қорғалмаған деп жіктеп, алмасулар жүргізу мүмкін емес. Сонымен, заңмен қорғалған контенттермен алмасу өте тез дамып кетті де, бұл өз кезегінде қарсы әрекеттер тудырды. Құқық иелері файлдар алмасу «авторларды пайдадан қағады» деп алаңдаулы.

Копирайтқа қарсы соғысушылар соттарға, заң шығарушы органдарға қатарынан арыз түсіруде, сөйтіп өздерінің «меншіктерін» «қарақшылықтан» құтқару үшін барлық технологияларды іске қосуда. «Американың тұтас бір ұрпағы «меншік» деген «тегін» болуы керек деген түсінікпен өсіп келе жатыр. Мұның қасында татуировка, пирсинг дегендеріңіз ештеңе емес, біздің балаларымыз ұры болып өсіп келеді! Бұдан сақтануымыз керек!» - деп дабыл қағады өз «меншіктерін» қорғаушылар.

«Қарақшылықтың» зиян екені дау тудырмайды, ал қарақшылар сазайын тартуы керек. Бірақ, жендет шақырмас бұрын «қарақшылық» ұғымын әлдебір контекстке қойып, яғни оның не екенін ұғынып көрелік. Өйткені, бұл термин көп қолданылатын болды, ал, оның негізінде ғажайып дерлік, алайда толығымен қате ой жатыр. Оның мәнісі мынада:

Шығармашылықтың өз құны бар. Мен оны мейлі қалай болсын, әйтеуір қолдансам, көшіріп алсам, белгілі бір автордың туындысы негізінде бір нәрсе туындатсам - одан бағалы бір дүниені алып отырмын деген сөз. Ал біреуден бағалы дүние алсаң, рұқсат сұрау қажет. Рұқсатсыз иемдену - жақсы нәрсе емес. Бұл - қарақшылықтың бір түрі.

Мәселеге осындай көзқарас қазір жүріп жатқан пікірталаспен үндесіп отыр. Бұл – Нью-Йорк университетінің профессоры Рошель Дрейфустің мұны шығармашылық (креативтік) меншіктің теориясы ретінде айыптауымен «құндылық бар жерде оған деген құқық та бар»12 деуімен пара-пар.

Егер құндылық бар болса, онда ол құндылыққа әлдебіреудің құқығы да болуы керек. Міне, дәл осы көзқарас композиторлар құқығын қорғаушы ASCAP ұйымының сотқа арыз беруіне негіз болды. Оның себебі, скаут қыздар ұйымының мүшелері көкке шыққанда от басында айнала отырып ән шырқаған, сол әнді шырқағаны үшін ақысын төлеуді ұмытып кеткен.13

Өлеңдерде «құндылық» бар, демек тіпті скаут қыздар үшін де сол әндерді айту үшін құқығы болу керек. Әрине, бұл идеяда шығармашылық меншік тұжырымдамасының мүмкін интерпретациясы болуы мүмкін. Алайда «егер құндылық болса, оған құқық та бар» теориясы ешқашан да шығармашылық меншіктің америкалық теориясы болған емес. Біздің құқықтық жүйемізде мұндай теорияның иісі де жоқ болатын.

Керісінше, біздің дәстүрімізде интелектуалдық меншік - бұл құрал. Ол қарекетшіл авторлық қоғамдастықтың негізінде жататын, бірақ шығармашылық құндылығына бағынышты болып қала беретін. Қазіргі кезде жүріп жатқан қызу пікірталас бәрін басынан аяғына бір-ақ шығарды. Біздің құралды қорғауға жанталаса кірісіп кеткеніміз сонша – құндылық дегеннің өзін ұмыт қалдырдық.

Бұл түсінбестікке негіз болып отырған жайт - заңның белгілі бір еңбекті қайта басып шығарудың арасы мен сол еңбектің негізінде өзге дүние жасап шығарудың арасына ешқандай шек қоймауында, яғни бұл мәселе заңмен анықталмай отырғанында. Жалпы авторлық құқық туралы заң алғаш рет шыққанда тек жарияланым саласына ғана қолданылған, ал қазір екеуін де реттестіріп отыр.

Ғаламтор пайда болғанға дейін мұндай айырым жасаудың еш мәні жоқ болатын. Баспа технологиялары өте қымбат тұратын еді, мұның өзі жарияланымдардың басым бөлігінің коммерциялық сипатта болуын талап ететін. Коммерциялық құрылымдар заң салған ауыртпалықты көтере алатын халде болатын, тіпті копирайт туралы заңның қулығы көп қалтарыстарына байланысты шығындарды да төлей алатын. Өйткені бұл бизнес үшін әдеттегі шығын қатарына кіретін.

Ғаламтордың пайда болуымен заңның қалыптасқан әрекет ету шекарасы жойылып кетті. Заң енді коммерциялық авторлардың іс-әрекетін ғана емес, өз мәнісінде әрбір жеке адамның шығармашылығын қадағалауға көшті. Құзыреттілік аясын бұлайша кеңейту, егер копирайт туралы заң тек «көшіру» саласына ғана қатысты болса, маңызды болар еді. Алайда заң осыншалықты кең аяда және бұлыңғыр түсіндірілер болса, онда оның әрекет ету аясы қаншалықты кеңейе түсері белгісіз, әрі бұл қауіпті де. Енді бұл заңның ауыртпашылығы қандай да бір көздеген пайдадан асып түседі. Жағдайдың осылай ушығуы, әрине бұл заңның коммерциялық емес шығармашылық қызметке де қатыстылығында болып отыр. Тіпті бұл үдеріс коммерциялық шығармашылықтағы сияқты күн өткен сайын қарқын алып та барады. Келесі тараулардан байқалатындай, құқық шығармашылықты қолдауды мейлінше азайтып, есесіне белгілі бір индустрияны бәсекелістіктен қорғауға күш салатын болып отыр. Әрі бұл сандық технология коммерциялық және коммерциялық емес шығармашылықтың алуан түрін бұрын-соңды болмаған қарқында өркендеуіне мүмкіндік тудырған шақта, түр-түрін жайып салатын мүмкіндік туғанда іске асып жатыр. Заң авторларды өзінің анық емес нормаларымен, ақылға сыйымсыз қатаң жазаға тарту мүмкіндігімен үрейлендіріп отыр.

Сандық технология коммерциялық және коммерциялық емес шығармашылықтың алуан түріне бұрын-соңды болмаған қарқында өркендеуіне мүмкіндік тудырып отырған шақта, бұл заң, ақылға сыйымсыз қатаң жазалаулар қолдандыратын екіұшты және көмескі нормаларымен авторлық жұмысты ауырлата түседі.

Мүмкін біз, Ричард Флорида жазғандай, «туындыгерлер табының пайда болуының» куәсі болып отырған шығармыз. Бұған қоса біз, өкінішке қарай, осы туындыгерлер табының ықпал ету ауқымының ұлғайып бара жатқанының да куәсі болып отырмыз.14

Мұндай құқықтық ауыртпалықтар біздің дәстүрімізге жат. Мәселені біздің дәстүрімізді тереңірек түсінуден және «қарақшылық» аталатын құбылыс төңірегінде жүріп жатқан қазіргі айтыс-тартыстарды тиісті контекстке қоюдан бастау керек.

І ТАРАУ. ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ИЕЛЕРІ

1928 жылы бір мультипликациялық кейіпкер дүниеге келді. Сол бір Микки Маус алғаш рет мамыр айында «Ұшақтарға ғашықтық» атты дыбыссыз фильмде көрініс берді. Ал сол жылдың қазанында Нью-Йорктің Колониалдық қалалық театрында алғашқы дыбысты мултьфильм «Уилли кемесі» көрсетілді. Сол мултьфильмде кейіннен Микки Маус деп аталған кейіпкер пайда болды. Прокатқа кең таралған да сол болды.

Синхронды дыбыстау кино саласында бұдан бір жыл бұрын, «Джаз әншісі» атты фильмде пайда болған еді. Картинаның табысқа жетуі Уолт Диснейге ой салды. Сөйтіп, ол технологияны көшіріп алу арқылы, дыбысты анимациямен араластыра қолданды. Бұның табысты болар-болмасын, табысты болған күнде де көрерменге ұнар-ұнамасын ешкім білмеді. Бірақ 1928 жылғы алғашқы сынақ көрсетілімнің нәтижесі жемісті болды. Дисней алғашқы тәжірибесін былай суреттейді: «Менде жұмыс істейтін екі жігіт сыбызғыда ойнай алатын, ал біреуі сазсырнайда ойнайтын. Біз оларды экран көрініп тұратын бөлмеге отырғыздық та, дауыстары бүкіл залға естіліп тұратындай еттік. Залда картинаны тамашалауға әйелдеріміз бен достарымыз жиналған-тын. Жігіттер музыкасы және дыбыстық эффектілері бар партитураны қолданды. Болған бірнеше фальстарттардан кейін дыбыс пен іс-қимыл бір-бірімен сәйкесіп жүріп отырды. Сазсырнайдағы адам әуенін ойнап отырса, қалғандары шөңкелерді тарсылда ұрып, ысқырық жіберіп ритмге сәйкес толықтырып отырды. Синхронымыз тұп-тура мультфильмдегі іс-әрекетпен дәлме-дәл жүріп отырды десем артық емес. Көрермендеріміздің алған әсерінде шек болмады. Олардың дыбыс пен картинаның үйлесіміне бірден көңілдері құлады. Ал мен болсам, оларды қалжыңдап тұрған шығар деп те ойладым. Сонда мені көрермен залына отырғызды да көріністі қайта бастады. Бұл бір керемет болды! Әрі бұл бір жаңалық еді!»15

Диснейдің сол кездегі әріптесі әрі жолдасы, анимация саласының ұлы дарындарының бірі Аб Айверкс бұл сәтті бұдан да айшықты етіп суреттейді: «Ешқашан да мұндай сезімді басымнан өткерген емеспін. Содан бері ешқашан да дәл солай әсерленіп көргенім жоқ».

Дисней белгілі бір деңгейдегі жаңаға сүйене отырып, мүлдем жаңа дүние жасап шығарды. Синхронды дыбыс шығармашылықтың осы бір түріне өзге фильмдерге бәсекелес болудан да биік бір ерекше ахуал орнатты (мүмкін ол тек Диснейдің өз қолымен жасалғандығынан да солай болған шығар). Ертеректе пайда болған мультфильмдерді қоса алғанда жалпы бүкіл мультфильм тарихында Дисней өнертабысы өзгелерге үлгі болар стандартты бекітті әрі енді бәрі соған жетуге ұмтылды. Диснейдің ұлы данышпандығы, оның шығармашылық жарығы көп жағдайда өзге адамдардың еңбегінің негізінде жарқырай жанды.

Оның көп мысалдары жақсы мәлім. Есесіне, сол 1928 жылдың тағы бір айтулы өзгеріс кезеңі болғаны көпшілікке онша белгілі емес. Сол жылы бір ұлы комик өзінің жеке продюсерлігімен соңғы дыбыссыз фильмін жарыққа шығарды. Ол комик – Бастер Китон, ал фильм «Кіші Билл кемесі» деп аталады.

Китон 1895 жылы эстрадалық актерлер отбасында дүниеге келді. Дыбыссыз кино дәуірінде ол дөрекі дене қимылдарына құрылған комедия жанрын тамаша пайдалана отырып, көрерменін күлкіге қарық қылатын. Кино білгірлерінің арасында өзінің адам нанғысыз трюктерімен белгілі «Кіші Билл кемесі» осы жанрдың классикасы еді. Өте танымал және осы сипатты фильмдердің арасындағы үздіктердің бірі болған бұл туынды нағыз китондық фильм еді.

«Кіші Билл кемесі» экранға диснейлік «Уилли кемесі» мультфильмінен бұрын шықты. Атаулардың сәйкес келуі кездейсоқтық емес. «Уилли кемесі» Китон картинасының анық анимациялық пародиясы16, бұл ретте екі фильмнің негізіне де бір ән алынған. Біздің мәдениетіміз «Джаз әншісі» фильмдегі синхронды дыбыстауды мультфильмге көшірген алғашқы мультфильм «Уилли кемесімен» ғана байыған жоқ, сонымен қатар бұл мультфильмнің өзі Бастер Китонның «Кіші Билл кемесі» картинасының дәстүрлі жалғасы болып табылса, ал Бастер Китон өз кезегінде бұл фильмді «Билл кемесі» әнінің желісінен алып түсірген. Сөйтіп, біздің мәдениетімізге «Уилли кемесі» және онымен бірге кейіпкер Микки Маус та енді.

Осылайша пайдалану, бейімдеп алулардың ешқайсысы да Диснейге де, бүкіл индустрияға да анау айтқандай шектен шыққандық деп есептелмейтін, бұл әдеттегідей шығармашылық үдеріс-тін. Дисней сол заманның толық метражды фильмдерін үнемі пародиялау арқылы көшірме жасаумен айналысатын.17 Бұлай жасайтын жалғыз ол ғана емес, көпшілігі осылай ететін.

Бұрынғы мультфильмдер көшірмелерге толы, олар негізінен өте көне әңгімелердің ең ұтымды сәттеріне негізделіп түсірілген. Ал олардың сәттілігі бір ғана оқиғаның бірнеше адамның көзқарасымен әртүрлі нұсқада түсірілуінде болды. Диснейдің мультфильмі «сөйлеп», оза шапты. Кейініректе бірінен соң бірі тоқтамай шығып жататын мультфильмдермен бәсекелестікте ол сапасымен басым түсіп отырды. Алайда осы толықтыруларының бәрінде де ол өзгелердікін бейімдей, жаңғырта отырып жасады. Дисней әлдебір көнеден жаңа дүние тудыра отырып, өзінің алдындағылардың жұмысына жаңаша қарқын берді.

Мұндай жаңғыртулар кейде мардымсыз, ал кейде елеулі болды. Ағайынды Гриммдердің ертегілерін еске түсірін көріңіздерші. Егер сіздер де мен сияқты ұмытшақ болмасаңыздар, осы ертегілерді балаларыңызға ұйқыға жатар алдында оқып беру керек деп ойлайсыздар. Ал, шынтуайтына келгенде, ағайынды Гриммдердің ертегілері қорқынышты. Сондықтан да, қанды оқиғаларға, ақылгөйлікке толы осы ертегілерді өз баласына ұйқы алдында болсын, басқа уақытта болсын оқып беруге бірен-саран, оның өзінде де тым кеудемсоқ ата-ананың ғана батылы жетер еді.

Дисней осы ертегілерді алып, тамаша бояу-реңк бере жарқыратып қайтадан әңгімелеп шықты. Ол ертегілерді кейіпкерлермен жандандырды, сәуле берді. Ертегілердегі қорқынышты сәттерді толығымен алып тастамастан, ол жабырқаңқы сәттерді күлдіргіге айналдырса, үрей тудыратын сәттерде кейіпкерлер үшін күйініп-сүйінетіндей етті. Дисней мұндай жаңғыртуларды тек ағайынды Гримм ертегілеріне ғана жасаған жоқ. Іс жүзінде Диснейдің өзгенің шығармашылығымен жасаған жұмыстарының тізімі таңғалдырарлық: «Ақшақыз» (1937), «Қиял» (1940), «Пиноккио» (1940), «Дамбо» (1941), «Бэмби» (1942), «Оңтүстік әні» (1946), «Күн қыз – Күл қыз» (1950), «Питер Пэн» (1953), «Ханым мен қаңғыбас қыз» (1955), «Мулан» (1998), «Ұйқыдағы ару» (1959), «101 далматиндік» (1961), «Тасқа қадалған қанжар» (1963). «Джунгли кітабы» (1967), жақында ғана шыққан, бізге, мүмкін, ұмытуға тура келетін «Қазына ғаламаттары» (2003) туралы айтпасақ да болады. Осы жағдайлардың барлығында да Дисней (немесе «Дисней Инкорпорейтед» компаниясы) айналамыздағы бізді қоршаған мәдениеттен шабыт алды, оған өзінің қайталанбас, дара таланты қосылды да, бұл қоспаны балқытып, өзгеше туынды жасады. Яғни идеяны алды, араластырды, қайта жасап шықты.

Бұл – шығармашылықтың бір түрі. Шығармашылық қызметтің бұл түрін есімізден шығармауымыз керек әрі қолдауымыз қажет. Кейбіреулері тіпті шығармашылықтың өзге түрі болмайды деп те айтып жүр. Оның маңыздылығын тану үшін тым алысқа бармай-ақ қоялық. Оны жай ғана «Дисней шығармашылығы» деп атасақ та болушы еді, бірақ мұндай термин шатасуға әкеп соғуы мүмкін. Ал дәлірек айтқанда, бұл – «Уолт Диснейдің шығармашылығы» өз ойын білдіру мен бізді қоршаған, айналадағы мәдениетпен нәрленген және оны дамытып, одан да жақсырақ ететін шығармашылық дарындылықтың формасы.

1928 жылы Дисней емін-еркін бейімдеп алып жүрген мәдени қайнар салыстырмалы түрде жас, жаңа мәдениет болды. 1928 жылы қоғамдық игілік деген ұғым онша ескіре қоймаған, сондықтан да барынша маңызды еді. Копирайт терминінің қолданыла бастағанына 30-жылдай ғана болған-тын.18 Оның өзінде де шын мәнісінде авторлық құқықпен қорғалған аз ғана шығармаларға ғана қатысты болды.

Бұл дегеніміз, орташа есеппен алғанда, 30 жылдай авторлар немесе құқық иелері «эксклюзивті құқыққа» бақылау жүргізе алатын және ол өз жұмыстарының пайдалануының тек кейбір әдістерін ғана қадағалайтын. Міне, сол алдын-ала анықталған көшірме әдістеріне ғана құқық иесінен рұқсат сұрауға міндеттейтін.

Копирайтқа берілген мерзім аяқталған кезде контент қоғамдық игілікке айналатын. Осыдан кейін оны пайдалану үшін ешқандай рұқсат сұраудың қажеті болмайтын. Ешқандай рұқсат керек емес, демек заңгерлердің де бұл мәселеге қатысы болмайды. Қоғамдық игілік аясы дегеніміз - бұл «заңгерлерден ада ая». Осыған сүйенсек, Дисней ХІХ ғасырдың барлық контентін 1928 жылы қалағанынша еркін пайдалана алған болып шығады. Тек ол ғана емес, туыстық деңгей, байлық дәрежесі, қолдаушысының бар-жоғы, т.б. жағдайларға қарамастан барлығы да қалағанынша қолдана және өңдей алатын. Міне аз уақыт бұрын ғана жағдай осылай болатын. Біздің тарихымыздың көп бөлігі осылай қоғамдық игілікке айналды. 1978 жылға дейін осылайша болды. Копирайттық орташа мерзімі ешқашан да 32 жылдан аспайтын. Бұл дегеніміз - біздің мәдениетіміздің көп бөлігі уақыты (шамамен біржарым буындай) өткен соң пайдаланғысы келген кез келген адам үшін емін-еркін қол жеткізуге болатын дүние, қалаған адам оның негізінде ешқандай рұқсатсыз жаңа дүниелер жасап шығара алатын. Біздің уақытқа сәйкес есептегенде, олар алпысыншы, жетпісінші жылдар шығармалары болуы тиіс-ті. Солардың негізінде біздің заманымыздың Уолт Диснейлері авторларынан рұқсат сұрамай-ақ жаңа да жарқын дүниелер жасап шығара алар еді. Алайда, бүгінгі таңда қоғамдық құндылық деген ұғым тек Ұлы депрессияға дейін дүниеге келген туындыларға ғана қатысты қолданылады.

Әрине, Уолт Дисней «Уолт Диснейдің шығармашылығына» монополия жүргізбейтін. Ондай монополия Американың өзінде де жоқ. Еркін мәдениет нормалары осы уақытқа дейін тоталитарлық жүйедегі елдерден басқа жерлердің бәрінде кеңінен қанат жайып, орныққан болатын.

Мысал үшін, америкалықтардың көбісіне қызық болып көрінетін, бірақ жапон мәдениетінің ажырамас бөлігі болып табылатын манганы алыңыз, бұл да комикстің бір түрі, соған ұқсайды. Жапондар комикс десе ішкен асын жерге қояды. Басылып шығатын шығармалардың қырық пайыздан астамы комикстер, ал баспа үйлерінің пайдасының отыз пайызы комикстерден түседі. Жапон қоғамында комикстер кеңінен тараған – оларды журнал сататын үстелшелерден көресіз, ерекше жүйедегі қоғамдық көліктерімен жүретін жапондықтардың басым бөлігі жолға комикс алады. Америкалықтарға мәдениеттің осы түріне ұнатпай жоғарыдан қарау тән және бұл бізге жараспайды. Осыған қарағанда, мангада біз түсінбейтін дүниелер көп сияқты, өйткені біздің ешқайсысымыз осыған ұқсас шығармаларды, яғни «графикалық повестерді» оқып көрмегенбіз, білмейміз. Жапондар үшін манга қоғамдық өмірдің барлық қырын қамтитын жанр. Ал біз үшін комикстер бар болғаны «трико киген еркектер» ғана. Дей тұрғанмен, манганы былай қойғанда, нью-йорктік жерасты жолдары вагондарында адамдардың Джойстан немесе Хэмингуейден бас алмай отырғанын да көрмейсің. Әртүрлі мәдениеттің адамдары көңілдерін әртүрлі көтереді, ал жапондар көңіл көтерудің осындай қызықты, ерекше әдісін таңдаған. Мен манганы насихаттамақшы болып отырған жоқпын. Мен тек оның біздің заңгерлерге ақылға сыйымсыз болып көрінуі мүмкін, ал есесіне, Диснейдің көзқарасынша, қалыпты, мейлінше таныс жағдай болып қала беретін нұсқалану түрлерін баяндап бермекпін.

Бұл құбылысты додзинси деп атайды. Додзинси - бұл да комикстер, бірақ бұл өзінше бір еліктеуден туған, яғни түпнұсқадағы комикстің өзгертілген түрі. Додзинсидің тарихы әріден бастау алады. Егер жай ғана көшірме болса, ол додзинси емес, суретші көшірмесін жасап отырған өнер туындысына міндетті түрде өз тарапынан аздаған немесе елеулі түрде өзгеріс енгізуі керек. Осылайша, додзинси комиксі өзіне негіз ретінде кез келген кәдуілгі комиксті ала және оны басқа сюжеттік желімен дамыта алады. Немесе комикс ең соңғы кейіпкеріне дейін түпнұсқалығын сақтауы, есесіне түрін ептеп өзгертуі мүмкін. Додзинсиді өте маңызды өзгерісі бар туындыға айналдырудың формуласы жоқ. Бірақ, олар, нағыз додзинси деп танылуы үшін, ерекшеленіп тұруы керек. Жапонияда тіпті додзинсидің қалай жасалғанын тексеретін комиссия да бар, егер кімде-кім комиксті өзгертпеген күйінде жай ғана көшіре салса, онда таралуына рұқсат етілмейді.

Осындай еліктеме комикстер нарықтың үлкен бөлігін ұстап тұр. Олар өте көп. Бүкіл Жапония бойынша 33 мыңнан астам авторлық «үйірме» көшірудің осы түрімен мықтап тұрып айналысады. Америкада бұның мысалын Уолт Дисней шығармашылығы көрсетіп кетті. 450 мыңнан аса жапондық жылына екі рет додзинсилермен алмасу және сатудың ірі қоғамдық форумына жиналады. Бұл нарық манганың негізі коммерциялық нарығымен қатарласа жүріп отыр. Додзинси бір жағынан мангамен бәсекелес те болып отырғаны анық, бірақ манганың коммерциялық нарығын бақылайтындар оны жауып тастауды ойламайтын да сияқты.

Додзинси бәсекелестік пен заңдарға қарамастан, тәуелсіз дамуын жалғастыруда. Додзинси нарығының өмір сүруіндегі ең бір керемет жағдайы – бұл әсіресе біздегі заң саласының майын ішкендерді таң-тамаша қалдыруы керек - оның өмір сүруіне мүмкіндік жасалып отырылғандығында. Жапон авторлық құқық заңы бойынша додзинси нарығы заңды нарық болып есептелмейді. Додзинсидің «туынды шығармашылық» екені анық. Додзинси суретшілерінде манганың авторларынан рұқсат сұрау әдеті жоқ. Керісінше, олар кез келген өзге автордың жұмысын алып, Уолт Дисней «Кіші Билл кемесін» өз қалауынша өзгерткені сияқты, өз қалауынша өзгертеді. Жапондық заң бойынша да, америкалық заң бойынша да автордың рұқсатынсыз бұлайша «бейімдеу» заңсыз болып табылады. Түпнұсқа авторының рұқсатынсыз көшірме жасау немесе өзге туынды жасап шығу копирайт заңдылықтарын аяққа таптау деген сөз.

Осыған қарамастан, осы бір заңсыз нарық өмір сүруде, тіпті ол Жапонияда өркендеу үстінде. Көптеген адамның пікірінше, жапон мангасы нарығы осы себептен де қарқынды дамып отыр. Осыған байланысты америкалық комикс суретшісі Джад Уиник былай дейді: «Америкадағы комикстердің алғашқы туындаған жылдарындағы дамуы қазіргі Жапониядағыдай болатын... Америкалық комикстер бір-біріне еліктеуден туындады... Сурет салуды (суретшілер) дәл осылайша үйренеді, комикске қарап отырып, оны көшіруге тырысады немесе оны негізге алады».19

Қазір америкалық комикстер мүлдем басқаша болып кетті, - дейді Уиник. Өйткені оларды додзинси сияқты жария түрде бейімдеу өте қиын. Мысалы, Супермен туралы айтсақ, - деп түсіндіреді Уиник: «Оған қатысты белгілі бір ережелер бар, олардан ауытқымау керек». Кейбір нәрселерді Супермен «жасай алмайды». «Шығармашылық адамы үшін бұл нағыз азап, себебі, орныққанына 50 жыл болған көне бір қағидаларды ұстануың керек».

Құқықтық бұл күрделілікті Жапонияда ереже жеңілдетеді. Кейбір зерттеушілер, мұның мәнісі жапондық манга нарығының қосымша табыс әкеліп отырғанында, жеңілдік осы себептен беріліп отыр дегенді айтады. Мысалы, Темпл университетінің құқық профессоры Салил Мера, манга нарығы додзинси нарығын жауып тастамай отырғанының себебі, соңғысы алдыңғысын қамшылап отырды, бұл өз кезегінде манга нарығындағы сапа мен өндірісті күшейтеді. Егер додзинсиге тыйым салса, бәріне де жақсы болмас еді, заң сондықтан да додзинсиге тиіспейді, - деген болжам айтады.20

Алайда бұл құбылыстағы мәселе, деп ашық мойындайды Мера, осы процеске араласпау жағдайын тудырып отырған механизмнің анық еместігінде болып отыр. Мүмкін, тұтас алғанда, нарық үшін тыйым салынған додзинсиден гөрі заңды додзинси тиімді шығар, алайда мұның өзі де жекелеген құқық иелері неге соттаспайтынын айқындап бере алмайды. Егер де заңда додзинси үшін жалпы жеңілдік қарастырылмаса, ал, тәжірибеде манга суретшілерінің додзинси жасаушылар үстінен шағым-талап түсірген жекелеген жағдайлар кездескен болса, онда додзинси мәдениетінің «еркін бейімдеуіне» осылайша жаппай қарсылық таныту неге жалпы ережеге айналмады?

Мен Жапонияда төрт айымды тамаша өткіздім және осы сауалды мүмкіндігінше жиі қойып отырдым. Бәлкім, берілген жауаптардың ішіндегі ең озығы жапондық ірі заң фирмасындағы жақсы танысымдікі болған шығар. «Бізде адвокаттар жетіспейді, - деді ол маған бірде. – Мұндай істерді жүргізуге ресурстар жеткіліксіз.»

Бұл тақырыпқа біз тағы ораламыз. Шындығында да құқықты қолдану дегеніміз – ол кітапта жазылған сөздің қызмет атқаруы, сонымен қатар сол сөздердің жүзеге асырылуы. Осы сәтте жауабы өзінде тұрған сауал туындайды. Заңгерлері көп болса Жапонияға жақсы болар ма еді? Егер додзинси суретшілерін тұрақты түрде соттап отырса, одан манга байи түсе ме?

Егер додзинси саласына тыйым салса, Жапония елі бұдан ұта ма, ұтыла ма? Осы жағдайда қарақшылық өзінің тұтынушыларына кесір тигізіп отыр ма, әлде тұтынушының мүддесіне қызмет етіп отыр ма? Қарақшылықпен күрес жүргізетін адвокаттар өз клиенттеріне осы іс-әрекеттері арқылы көмектесе ме, әлде шығынға ұшырата ма? Осы жайында ойланайық. Егер сіздер осыдан 10 жыл бұрынғы маған ұқсасаңыздар немесе осы сұрақтар туралы алғаш ойланып тұрған өзге де адамдар сияқты болсаңыздар, онда сіздер бұрын соңды ешқашан да ойланып көрмеген сауалдармен бетпе-бет келіп тұрсыздар. Біз «меншікті» дәріптейтін әлемде өмір сүріп жатырмыз. Мен де сол меншікті сыйлайтындардың бірімін. Мен де сол меншікті сыйлайтындардың, мадақтайтындардың бірімін. Мен жалпы меншік ұғымының құндылығына сенемін, сонымен қатар мен оның заңгерлер «интеллектуалды меншік» деп атайтын түсініксіздеу формасының құнды екеніне де сенемін.21 Әр алуан үлкен қоғам меншіксіз күн кеше алмайды, ал ірі, сан түрлі және қазіргі заманғы қоғамның интеллектуалды меншіксіз гүлденуі мүмкін емес.

Дегенмен, өзге де көптеген бағалыны «меншікке» жатқызудың еш мүмкін еместігін зерделеу үшін бір секунд ойланып көрудің өзі жеткілікті болар еді. Бұл жерде мен «махаббатты ақшаға сатып ала алмайсың» дегенді айтып отырған жоқпын. Керісінше, әңгіме коммерциялық та, коммерциялық емес те өнімді жасау үдерісіне қатысатын анық құндылық туралы болып отыр. Егер де Дисней аниматорлары «Уилли кемесін» салу үшін бір қорап қарындаш ұрлап алар болса, біз оларды, түкке тұрмайтындай, тіпті байқалмай да қалған, осы жаман әрекеттері үшін айыптар едік. Осыған қарамастан Диснейдің Бастер Китон мен ағайынды Гриммдер шығармаларынан пайдалануында, қалай дегенде де, сол кезеңнің заңдары бойынша, қылмыстық әрекет жоқ болатын. Китоннан алып пайдалануында тұрған жамандық жоқ еді, өйткені диснейлік пайдалану «адал ниетті» деп саналды. Гриммдерден алып пайдалануда тұрған да еш жамандық жоқ-ты, өйткені, олардың еңбектері қоғамдық құндылыққа жататын. Осылайша, тіпті Диснейдің өзгеден алып пайдаланғаны (егер жалпылай айтқанда, Уолт Диснейдің шығармашылық тәсілін тәжірибе етіп алған кез келгеннің пайдалануға алғаны) құнды нәрсе болғанның өзінде де, біздің дәстүр мұндай қарекетті қылмыс деп есептемейді. Еркін мәдениеттің аясындағы біраз нәрсені еркін пайдалануға болады және де бұл еркіндік – игілік.

Додзинси мәдениетінде де тап осылай. Егер додзинси суретшісі баспагердің кеңсесіне баса көктеп кіріп, одан соңғы шыққан комикстің мыңдаған данасын (тіпті тек біреуін) ақысын төлеместен алып қашса, біз суретшінің жаман әрекетке барғанына шүбәміз болмас еді. Жекеменшік аймаққа рұқсатсыз кіргенімен қоса ол құнды әлденені ұрлаған болып шығар еді. Ал, заң қандай да ұрлық үшін, оның үлкенді-кішілігі, жеңілдігі-ауырлығына қарамастан жазалайды. Осыған қарамастан біз, тіпті жапон адвокаттарының да комикстерден көшірме жасайтын суретшілерді «ұрылар» деп тануға құлықсыз екенін айқын көреміз. Уолт Диснейдің шығармашылығының мұндай түрі, заңгерлер тіпті неліктен екенін түсіндіріп бере алмаса да, адал ниетті және дұрыс деп саналады.

Бұл мәселеге назар аударсаңыз болғаны – мұндай мысалдарды молынан табасыз. Ғалымдар өз еңбектерін өзге ғалымдар еңбектеріне негіздеп жазады, олардан рұқсат сұрамай-ақ және ондай құқығы үшін ақы төлемей-ақ жазады (кешіріңіз, профессор Эйнштейн, кванттық физикада қалай қателесетініңізді көрсету үшін сіздің салыстырмалылық теорияңызды пайдалансам бола ма?»). Театр труппалары Шекспирдің шығармалары бойынша сахнаға бейімделген спектакльдерді ешкімнен рұқсат сұрамай-ақ қояды (немесе Шекспир, не оның құқын қорғайтын орталық кеңсе болған жағдайда, біздің мәдениетімізге кеңірек енер еді және Шекспирдің бүкіл қойылымдары ең алдымен мақұлдаудан өтуі тиіс еді деп есептер ме?) Голливуд та циклды түрде типтік картиналар түсіреді: тоқсаныншы жылдар соңында астероид туралы бес фильм, 1997 жылы жанартау туралы екі апат-фильм түсірді.

Авторлар барлық жерде де, қазіргі және барлық кезде де өздерінің алдындағы және қазіргі заманғы шығармашылықтарға сүйенеді. Және де бұл қашан да, қайда болса да, ең болмағанда шамалы бөлігі түп автор - төл автордың келісімінсіз және ақысыз жасалады. Ешбір қоғам, ол еркін немесе бақылауда болсын мейлі, әртүрлі пайдалануға ешқашан да ақы төлеуді талап еткен емес және Уолт Дисней үлгісімен шығарма тудыру үшін рұқсат сұрауға мәжбүрлеген емес. Керісінше, қандай да болсын қоғам өз мәдениеттерінің бір бөлігін еркін пайдалану аясында қалдырып отырды. Еркін қоғамдар, мүмкін, еркін еместерге қарағанда көбірек қалдырған болар, бірақ белгілі бір деңгейде қалдырып отырды.

Сонда кілтипан мәдениеттің еркіндігінде емес екен. Белгілі бір деңгейде барлық мәдениет еркін. Бұл тұста мәселе осы мәдениеттің өзінің қаншалықты еркін екендігінде болып шығады. Мәдениет, пайдалана алу және көбейте түсу үшін, қаншалықты кең ауқымда және қандай деңгейде еркін? Әлде еркіндік тек партия қайраткерлеріне ғана тиесілі ме? Әлде король отбасының мүшелеріне ме? Мүмкін Нью-Йорк қор биржасының ірі он корпорациясына қатысты шығар? Әлде осы еркіндік кеңірек ұғынылып, оны Нью-Йорк өнер музейінің мүшелері ғана емес, жалпы суретшілер қауымы пайдаланатын болар? Ақ немесе өзге нәсілді екеніне қарамастан музыканттар пайдалана ма? Әлдебір студияның қызметкерлері ғана емес, бүкіл киногерлер ретін көре ме?

Еркін мәдениеттер көп нәрсені пайдалануға болатындай етіп еркін қалдырады. Еркін емес немесе рұқсат етілетін мәдениеттер барынша аз қалдырады. Біздің мәдениет еркін болған-ды, бірақ сол еркіндігінен біртіндеп айырылып барады.

II ТАРАУ. ҚАРАПАЙЫМ ЕЛІКТЕУШІЛЕР

1839 жылы Луис Даггер біз «фотосурет» деп атап жүргенді жасауға арналған алғашқы қолданбалы технологияны ойлап шығарды. Олардың «дагерротиптер» деп аталуы орынды еді. Үдеріс мейлінше күрделі болды және қымбатқа түсті, сондықтан да оны әу баста кәсібилер және әл-ауқаты жақсы әуесқойлар ғана қолдана алды. (Елде осы өндірісті реттеуге көмектескен Даггердің Америкалық қауымдастығы да жұмыс істеді. Бүкіл қауымдастықтар бағаның түспеуі және бәсекелестікке жол бермеу жолында осылай жасайды.)

Алайда, бағасының қымбат екеніне қарамастан, дагерротиптерге сұраныс өте жоғары болды. Бұл өнертапқыштарды «автоматты картиналарды» шығарудың қарапайым да арзан жолдарын іздестіруге алғышарт. Көп ұзамай Уильям Толбот «негатив» жасаудың әдісін тапты. Бірақ та негативтердің шыны болуы және оларды дымқыл қалыпта ұстау керектігіне байланысты бұл бұрынғысынша қымбат әрі қиындығы көп процесс болды. XIX ғасырдың жетпісінші жылдары құрғақ пластиналар ойлап табылды, мұның өзі түсірілім мен фотосуретті шығаруды бір-бірінен бөлек процесс етуді жеңілдетті. Пластиналар әлі де шыны еді, сондықтан да бұл үдеріс тұтынушылардың басым көпшілігінің қолы жете бермейтін күйінде қала берді.

Фотосуретті шын мәнісінде бұқаралық өнерге айналдыруға мүмкіндік тудырған технологиялық серпіліс 1888 жылы ғана жасалды және ол жекелеген бір адамның ғана «перзенті» еді. Өзі әуесқой-суретші бола жүріп Джордж Истменнің суреттерді пластинкалар көмегімен шығару технологиясына көңілі толмайтын. Бір жолы Истменге мынадай ой сап ете қалды: егер үлбірді жұмсақтау материалдан жасаса, оны орамаға орап қоюға болады. Мұндай орамды айқындауға жіберуге болар еді де, мұның өзі бүкіл суретке түсіру процесін мықтап арзандатар еді. Истмен бағаны түсіру арқылы фотосуретшілердің санын арттырамын деп үміттенді. Истмен дөңгелектеп орауға болатын, беті эмульсиямен қапталған қағаз үлбір жасап шығарды да, оны катушкамен бірге кішкентай да қарапайым Кодак камераларына орналастырды.

Нарықта бұл құрылғы қарапайымдылықтың ең озық үлгісі ретінде таныстырылды:

«Сіз тек түймені басасыз, қалғанын біз жасаймыз»22. Бұл «Кодак: жаңадан үйренушілер үшін» кітапшасында былай деп түсіндіріледі: «Кодак жүйесінің жұмыс істеу қағидаты фотосуретпен жұмыс жасау барысын – кез келген адам жасай алатын және сарапшы жасайтын бөлігі деп екіге бөлінуінде болып табылады... Біз ер адам ба, әйел немесе жас бала ма, бәрібір, камераны бағыттап, түймесін басуға епті кез келген жанның арнайы машықтануы немесе ерекше бір өнерлі болуын талап етпейтін құрал бере аламыз. Енді камераны қалай қолдануды алдын-ала оқып-білудің де, қараңғы бөлменің де, химикаттардың да қажеті жоқ.»23

Жиырма бес долларға кез келген адам фотосуретке түсіре алатын болды. Камералар ішіне орналастырылған үлдірлермен сатылды да, оларға түсіріліп біткенде камералар Истменнің фабрикасына қайтарылатын да, үлдірлер айқындалатын. Уақыт өте келе, әрине, камераны қолдану бағасы арзандап, оны қолдану неғұрлым қарапайымдандырыла түсті. Орамды үлдір, осылайша, халықтың фотосуретпен жаппай айналысуына және мұның ғаламат дамуына негіз болды.

Истмен камерасы сатылымда 1888 жылы пайда болды, ал осыдан бір жыл өткенде Кодак күніне алты мыңнан аса негатив шығаратын болды. 1888 жылдан 1909 жылға дейінгі аралықта өндіріс 4.7%-ға өскенде, фотосуретке түсіру құрал-жабдықтары мен материалдарының сатылымы пайыздық жағынан өсе түсті.24 Истмен Кодак компаниясының осы кезеңдегі сатылымы жылына орташа есеппен алғанда 17 %-дан асты.25

Дегенмен, Истменнің өнертабысының экономикалық маңызынан гөрі әлеуметтік маңызы жоғары еді. Кәсіби фотосурет (өнері) қарапайым адамдарды бұдан басқаша жолмен қолы жетуі мүмкін емес дүниемен таныстырды. Бұған дейін болмаған мүмкіндікке қол жетті - адамдар өмірінің қалаған сәтін суретке түсіре алатын болды. Бұл туралы Брайан Коу былай деп жазады: «Фотосуреттері бар альбом алғаш рет адамдардың барлығына өзінің және отбасының өз шежіресін жасауына мүмкіндік береді. Тарихта алғаш рет қарапайым адамдар өмірі мен қызметінің, әдеби интерпретация немесе асыра әсерлеусіз шынайы көріністеріне куәгер-суреттер пайда болды.»26

Осы жағынан алғанда, Кодактың камерасы мен үлдірі адамның өз ойын білдіру, өзін өзі таныту технологиясына айналды. Әрине қарындаш пен қалам да адамның жан дүниесін таныту құралы еді, бірақ оларды өзін-өзі танытуда пайдалы әрі тиімді пайдалана алу үшін көп жылдар үйренуге кететін. Кодактың арқасында адамдардың өзін өзі таныту жолы жылдамдады әрі оңайландырылды. Қойылатын талаптар төмендеді. Ол суреттердің сапасына снобтар мысқыл білдірсе, кәсібилер онша менсінбеді. Бірақ, сіз сурет түсіруді үйреніп жүрген баланы сырттай бақыласаңыз, сөз жоқ, Кодактың бала бойындағы шығармашылық әлеуетті ашқанын сезінер едіңіз. Демократиялық құралдар қарапайым адамдарға өзінің шығармашылық әлеуетін ашуда бұрынғыларымен салыстырғанда мейлінше жеңіл құрал сыйлады.

Бұл технология гүлдене түсуі үшін не қажет еді? Мұндағы ең маңыздысы Истменнің төлтума данышпандығы екені, әрине, түсінікті. Сонымен қатар, Исменнің осы өнертабысы пайда болған құқықтық ортаның да маңызы бұдан кем емес-ті. Фотосурет пайда болған ерте кезеңдегі бірқатар сот шешімдері фотосуреттің дамуына елеулі түрде әсер ете алар еді. Соттар фотосуретші әуесқой болсын, мейлі кәсіби болсын, мейлі суретті рұқсат сұрамай-ақ, өз қалауынша түсіріп, өз қалауынша басып шығара ала ма деген сауалдарға жауап іздеді. Сот әрбір азамат суретті өз еркінше және қалауынша түсіріп, шығаруға құқылы деп шешті27.

Рұқсат сұрау міндетті дегенді қолдайтындардың аргументтері бізге барынша таныс. Олар мынадай:

Фотосуретші өзі суретке түсірген жеке тұлғадан әлдене «алады», немесе біреуге тиесілі ғимаратты түсіргенде де әлдебір құндылыққа «ие» болды, демек, әлдебір маңыздыны ұрлады. Кейбірі осылайша тіпті адамды рухынан да айыруға болды деп білді. Тап бір Диснейге, оның аниматорлары Миккиді салған қарандаштарды ұрлауға болмайтыны сияқты, фотосуретшілерге де әлдебір құнды нәрселерді өз еркінше түсіруге болмайды.

Дегенмен де, бізге таныс аргументтер қарсы жақтан да айтылды. Иә, фотосуретте әлдебір құндылық пайдаланылған болуы мүмкін. Бірақ та, азаматтардың, ең болмағанда, көз алдында көрініп тұрғанды суретке түсіру құқы да болуы тиіс (кейіннен Жоғары соттың мүшесі болып сайланған Луис Брандайс, жеке адамдардың өмірін суретке түсіру өзгеше заңмен реттелуі тиіс деген қаулы қабылдады28).

Бұл - осылайша фотосуретші әлденені су тегін алады, дегенді білдіруі мүмкін. Диснейдің «Кіші Билл кемесінен» немесе ағайынды Гриммдерден шығармашылық шабыт алатыны сияқты, фотосуретші де суретке, өз шығармашылығының бастау-көзіне ақы төлемей-ақ, еркін түсіру құқығына ие болуы тиіс.

Мистер Истменнің және жалпы фото өнерінің бағына орай, ертеректегі бұл сот шешімдері қарақшылардың пайдасына шешілді. Фотосуретке түсіріп, оны өзгелерге көрсету үшін ешқандай рұқсат алудың қажеті жоқ. Ерекше бір жағдайларда ғана тыйым салынуы мүмкін-ді, ал, өзгелей реттерде суретке еркін түсіруге болатын еді (ақырында, заң атақты адамдар үшін ерекше ережелер бекітті. Біздің барлығымызға қарағанда атақты адамдарды коммерциялық мақсатта суретке түсіретін коммерциялық фотосуретшілерде шектеу көп. Ал әдетте фотосуретке арнайы рұқсат алмай-ақ түсіре беруге береді29).

Егер заң басқа позицияны қорғағанда жағдайдың қалай болатыны туралы біз ойша ғана елестете аламыз. Егер заң фотосуретші жағына шықпағанда, ол әр суретке түсіру алдында рұқсат сұрауға мәжбүр болар еді. Үлдірді айқындау үшін мүмкін Истмен Кодактың өзінен де рұқсат сұрауға міндетті болар ма еді. Ал соңында рұқсат берілмейтін болса, Истмен Кодак суретші жасаған «ұрлық» арқылы пайдаға кенелер еді. Ғаламторды пайдаланушылардың копирайт ережелерін бұзуы арқасында пайда табатын «Напстер» сынды, Кодак та фотосуретшілердің «түсіру ережелерін» бұзғанынан пайда тауып отырар еді.

Әрбір үлдірді айқындау үшін заңның әлдебір рұқсатты талап етіп отырған жағдайын көз алдыңызға елестетіп көріңізші. Мұндай рұқсатты алудың әбден жолға қойылып, тарамдалған жүйесін де ойша елестетіп көруге болады.

Біз мұндай рұқсат беру жүйесін елестете алғанымызбен, фотосуретке түсіру міндетті түрде рұқсат алу жүйесімен реттестірілетін қызмет болған жағдайда, фотоөнердің дамып-гүлденуін елестету өте қиынға соғады. Фотосурет әрине, болар еді. Уақыт өте келе оның маңызы арта түсер еді. Кәсіби мамандар технологияны пайдаланар еді, өйткені олар рұқсаттық жүйенің ауыртпашылығына төтеп бере алады. Алайда фотосурет қарапайым адамдар үшін қолжетімді өнер болмас еді. Және өзін-өзі танытудың демократиялық технологиясы осынша шырқау биікке көтерілмес еді.

Егер сіз Сан-Францисконың Президио ауданынан жүріп өтсеңіз, әдетте мектеп аты жазылып тұратын жерінде «Жай ғана ойлан!» деген жазуы бар түрлі түсті суреттермен әшекейленген автобусты бірден байқайсыз. Осы автобустардың «қатысы бар» жоба әдеттегі дамыту бағдарламаларынан өзгеше. Бұл автобустар балаларды фотосурет болсын, бейнетаспаға болсын түсіруге үйрететін технологиялармен жабдықталған. Истменнің үлдіріне де емес, тіпті бейнекассетаға да емес, қазіргі кездегі сандық камераларға түсіруге үйретеді. «Жай ғана ойлан!» - балаларды фильмдер түсіруге және сол арқылы олардың кеңістігіндегі киномәдениетті түсінуге және оны сыни тұрғыдан қарастыруға үйрететін жоба. Бұл автобустар жыл сайын 30-дан аса мектепті аралайды және саны 300-ден 500-ге дейінгі балаларға медиамен жұмыс жасата отырып медиаға тартады. Балалар медиамен жұмыс жасай отырып ойланады. Олар жұмыс барысында үйренеді.

Бұл автобустар арзан емес, алайда технологиялық құрылғылар тұрақты түрде арзандап келеді. Жоғарғы сапалы сандық бейнежүйенің құны таңғаларлықтай арзандады. Бір сарапшы атап өткеніндей, «осыдан бес жыл бұрын нақты уақытты монтажды бейнетүсірілім жасайтын сапалы сандық жүйе 25 мың доллар тұратын еді. Ал бүгінде қазір кәсіби деңгейдегі аппаратура 595 доллар ғана тұрады»30. Бұл автобустардың ішінде жасақталған техника осыдан небәрі он жыл бұрын ғана жүздеген мың доллар тұратын. Ал қазір мұндай автобустар ғана емес, елдің барлық елді мекендердегі мектептерде, балалар, мұғалімдер «медиалық сауаттылық» деп атайтын пәннің бүкіл қыр-сырын оқып-білетін осындай сыныптардың болуы да ешкімді таң қалдырмайды. «Медиалық сауаттылық дегеніміз - медиалық бейнелерді түсіну, сараптау және талдай білу қабілеті, - деп түсіндіреді «Жай ғана ойлан!» жобасының атқарушы директоры Дейв Янофский. - Мақсат балаларды медиа жұмысының қағидаттарымен, құрылғыларымен және оған қол жеткізу құралдары мен қолжетімділігін таныстыру болып табылады».

Мұның «сауаттылық» деп аталуы құлаққа тосын естілуі мүмкін. Көптеген адамдар сауаттылық дегенді оқу мен жаза алу деп ұғады. Фолкнер, Хемингуэй және жекелеген инфинивтер - «сауатты» адамдардың білетіні, міне осы болып келеді.

Бұл дұрыс та шығар. Алайда балалар орташа есеппен жылына 390 сағат телевизиялық жарнама немесе 20-дан 45 мыңға дейінгі жарнамалық ролик31 көріп шығатын әлемде медианың «грамматикасын» түсіну уақыт өткен сайын маңызды бола түсуде. Жазудың грамматикасы болатыны сияқты, медианың да «грамматикасы» бар. Балалар жақсы жазуды үйрену үшін алдымен бұрқыратып сұрқай проза жазатыны сияқты, медианы да алдымен өте нашар түсірілімдерді көптеп жасай жүріп үйреніп, меңгереді.

Осы саланың күн санап қатары көбейіп келе жатқан ғалымдары мен белсенділері келесі ұрпақтың мәдениеті үшін негізгісі медиа сауаттылық болады деп есептейді. Өйткені, жазуға ден қойған әрбір адам – жүйелеп баяндау, оқырманның назарын өзінде ұстау, тілді мейлінше ұстартудың қаншалықты күрделі екенін біледі, алайда медиа жасаудың қаншалықты қиын екенін біздің арамызда білетін адам аз. Жалпы алғанда медианың қалай жұмыс істейтінін, олардың аудиторияны қалай жинайтынын және өз материалдарына қалай назар аудартатынын, көрерменді қалай жаулайтынын және қалайша сүйініш-күйінішін тудырып, эмоциялық күш-қуатын жоғалтпай ұстап тұра алатынын аздаған адам ғана біледі.

Мұның бәріне қол жеткізу, шеберлікті шыңдау жолында кинематографшылардың тұтас бір буыны еңбек етті. Бұл ретте білім кинематограф туралы кітаптар мен мақалалардан емес, түсіру процесі арқылы меңгеріледі. Жазуды жаза отырып және жазғаны туралы ойлана отырып үйренеді. Бейнелермен жазуды бейнелерді жасай отырып және жасалған бейнелер туралы ойлана отырып үйренеді.

Грамматика медиамен өзгеріп отырды. Оңтүстік Калифорния университетінің жанындағы Анненберг коммуникация орталығының атқарушы директоры және сондағы кинематография мен телевидение факультетінің деканы Элизабет Дейли түсіндіргендей: «бүкіл грамматиканың кілті «объектілердің орналасуында, түр-түсте, қарқын және текстурада еді»32. Алайда компьютерлер, тарих тек «ойналып» қана қоймай, көрермен оны өз басынан өткергендей күйге түсетін, интерактивтілікке жол ашқаннан кейін грамматика да өзгерді. Жай ғана баяндап отыру кешегі күннің ісі болып қалды да, жаңа технологиялар қажеттілігі туды.

Майкл Крайтон – фантаст-жазушы шеберлігін барынша жетік меңгерді, бірақ өз кітаптарының бірінің негізінде ойын жасап шығаруға талпынып көргенде, оған мүлдем жаңа өнерді үйренуі керек болды. Адамдарды ойыннан, көріп отырғаны ойын екенін еш сездірмей алып шығуға болатынын түсіну ерекше танымал автордың өзіне де оңайға түскен жоқ.33

Кинематограф дәл осындай шеберлікке үйретеді. Дейли мұны былайша баяндайды: «Адамдар өздерін фильмнің соңына дейін қалай «ұстап отырғанына» қатты таңғалады. Киноның шебер монтаждалғаны соншалық, сіз оны байқамайсыз немесе ол туралы еш түсінігіңіз де жоқ. Егер кинематографист мықты жұмыс жасаған болса, сіз оның жетегіне ілесіп отырдым-ау, деп сезіктенбейсіз де. Ал егер сізді фильмнің сюжетімен алдарқатпақ болса, фильм «құлады» деген сөз.

Алайда, сауаттылықты мәтін аясынан кеңге шығару, дыбыстық-бейнелік (аудио-визуалдық) элементтерді енгізу жолындағы қозғалыстар танымал режиссерлер дайындап шығару үшін емес. Мақсат – тіпті де кинематографистердің кәсібилігін арттыру емес. Бұл міндетті Дейли былай түсіндіреді: «Менің көзқарасымша, сандық технологияның кереметі оған деген қолжетімділікте емес. Оның ең кереметі - осы сандық техника тілі арқылы адамның шығармашылық мүмкіндігін кеңейтуі. Әйтпеген күнде, ол тілде адамдардың аздаған тобы ғана сөйлесе алатын болар еді де, өзгелері оқырмандар деңгейінде ғана қала бермек еді».

«Оқырмандар ғана». Қандай да бір жерде өндірілген мәдениетті селсоқ (пассив) қабылдаушылар. Диванға отырып алып, екі көзін теледидардан алмай, бәрін көре беретін әншейін тұтынушылар. Бұл – жиырмасыншы ғасырдың медиа әлемі.

Ал ХХІ ғасыр өзгеше бола алады. Бар мәселе осында. Адам оқырман да, жазушы да бола алады, ал ең кем дегенде жазушылық өнерді жақсы түсінетін оқырман бола алады. Ал бұдан да жақсысы – ол жазушының өзін нендей әдіс-тәсілдермен алдақартатынын жақсы білетін оқырман бола алады. Сауатсыздықпен күрестің қандай да түрінің және әсіресе, сауатсыздықтың осындай түрімен (медиасауатсыздықпен) күрестің мақсаты – «адамдардың өз шығармашылығын немесе өзін-өзі танытуға ыңғайлы тіл таңдай білу қабілетін ашу34. Бұл шара студенттердің XXI ғасырдың тілінде сөйлесе білуге үйренуі үшін жасалып отыр35.

Кез келген тілдегі сияқты, бұл тілді де біреулер оңай меңгереді, біреулер қиындықтарға тап болады. Көркем тілді мықтап меңгергендер табысқа жетеді деу қиын. Дейли және Анненберг орталығының жанындағы мультимедиалық сауаттылық институтының директоры Стефани Бэриш өздері әлдебір колледжде жүргізген жобаның ерекше бір қызғылықты мысалы туралы баяндайды. Бұл – Лос-Анджелестегі өте кедей қалалық колледж. Барлық дәстүрлі әлеуметтік, экономикалық көрсеткіштер бойынша да ешбір үміт күтуге болмайтын мектеп деуге болады. Бірақ Дейли мен Бериш сол оқу орнында балалардың өз ойын фильмдер арқылы жеткізетін жоба ұйымдастырды. Балаларға олардың бала екендіктеріне қарамастан, өздері жақсы білетін, атыс қаруын қолдану арқылы көрсетілетін зорлық-зомбылық тақырыбы берілді.

Сабақ жұма күнінің екінші жартысына қойылды. Бұл осы бір сорлы мектепке жаңа бір қиындық әкелді. Себебі, өзге көптеген сабаққа ешқандай жолмен де қызықтыра алмайтын болса, бұл сабаққа қатысатындардың өте көп болатыны сонша, сыймағандарын шығарып жіберуге тура келетін. «Балалар таңғы алтыда келіп, ертеңгі сағат таңғы бесте қайтатын» дейді Бэриш. Олар басқа кез келген сабаққа қарағанда мұнда бар жан-тәндерімен жұмыс істейтін. Білім берудің міндеті – өзін, өз ойын танытуға баулу болса, біздің үйірмемізде олар нақ осымен айналысты.

Бэриштің айтуынша, «ғаламтор желісінде еркін пайдалануға болатын құралдардың бәрін» және бейнені, дыбысты, мәтінді микстейтін қарапайым құралдарды пайдалануда оқушылар осы сабақтарда атқыш қаруды қолдана отырып, көрсететін зорлық-зомбылық туралы көпшілік мүлдем біле бермейтін көп нәрселердің бетін ашқан бірнеше жоба жасап шығарды. Бұл бозбалалық өмірдің тынысын көрсететін әрі өмірден алынған дүниелер болды. Жоба оларға «өмірдегі түсінгендерін айтуға және оны талқылауды үйретті. Осыған жету үшін қолданылатын құралдары пайдалануы үйренді» деп түсіндіреді Бэриш.

Медиақұралдар балаларға өз ойын айтуды мәтін жазуға қарағанда тез үйретті. «Егер біз оларға осы тақырыпта шығарма жазыңдар деп бұйырсақ, олар әрнәрсені сылтау етіп сабақтан сұранып өз жөндерімен кетер еді» - деп есептейді Бэриш. Бір жағынан, оның айтып отырғандары дұрыс, өйткені, жазба жұмысы арқылы өз ойын жеткізе білуге бұл оқушылар соншалықты қабілетті дей алмас едік. Өзін, өз ойын жеткізу, таныту үшін ең қолайлы форма мәтін деп те айта алмаймыз. Бұл тұстағы бар мәселе – өзін таныта білудің формасында болып отыр.

«Білім беру дегеніміз – балаларды жазуға үйрету үшін қажет емес пе?» – деп сұрағанымда, «Әрине, бір есептен осылай. Бірақ біз балаларды жазу-сызуға не үшін үйретеміз? Білім - балаларға өміріміздегі «мағынаны құрудың» әдіс-тәсілдерін ұғындыру үшін қажет, деп түсіндірді Дейли. – Жазуды игерсең білімді боласың деу – жазуды үйрету оқушыларға сөздерді қате жазбау мақсатын ғана ұстанады деумен пара-пар. Ал мәтін – «мағына құрудың» бір бөлігі және оның маңызы ғана, ал ол күн санап кетіп барады». Дейли сұхбатының ең қызғылықты бөлігінде осылай деп тұжырымдады.

Оқушыларға «мағына құру, тудыру» үшін қажетті құралдары ұсыну керек. Егер оларға тек мәтін ғана берсеңіз, олар ештеңе де жасамайды. Өйткені қолдарынан келмейді. Таратып түсіндіргенде былай: сіздің видеоны көре, приставкада ойнай алатын, қабырғаларыңызды граффитимен әлеміштеп, машинаңызды бұзып бере алатын... қолынан басқа да көп нәрсе келетін Джонни есімді балаңыз бар делік. Ол тек сіздің мәтіндеріңізді ғана оқи алмайды. Сол Джонни мектепке келгенде, сіз оған: «Джонни сен сауатсызсың. Сенің қолыңнан жібі түзу ештеңе келмейді» дерсіз. Ал Джонни не істейді - ол не сізді, не өзін мықтап бір сыбап ала салады. Егер оның намысы бар болса, сөз жоқ, ол сізді сыбап салады. Ал әлгіндейдің орнына сіз: «Сенің қолыңнан осыншама дүние келеді екен, онда әңгімені былай қисындалық. Маған осы мәтіндегінінің бәрін жеткізетін әуенді ойнап бер немесе осының бәрін бейнелейтін суреттерді көрсет немесе осылар туралы бір сурет сал» десеңіз қалай болар еді. Балаға «Кел, екеуміз бейнекамерамен біраз ойнайық, шағын фильм түсірелік» деп камераны әшейін ұстата салмай, керісінше: өзіңізге түсінікті дүниелерді, өзіңізге таныс тілді алып, тақырыбы жағынан маңызды әлдене жасап шығуына көмектесіңіз...

Бұл балаға үлкен күш береді. Мұндай сабақтардың нәтижесінде осыған қол жеткізуге болады. Бірақ әдетте оқушыларға: «мына нәрсені түсіндіру қажет, мынаны жазып келу керек» деген сынды тапсырмалар беруге тура келген. Мұндай жағдайда, сол мектептің мұғалімдерінің бірі Стефанидің әңгімелегеніндей, олар бір азат жолдың өзін дұрыс нұсқасына жеткенше бес, алты, жеті, сегіз рет жазады екен.

Ал оларға бұл керек-ті. Олардың бұлай етуге себептері болды. Олар сіз қойған кедергілерден әншейін ғана секіріп өту үшін емес, өз ойларын жеткізгісі келді. Шын мәнісінде олар бұл ретте өздері онша меңгере қоймаған жазу тілін пайдаланғысы келді. Бірақ олар өздерінің осы тілдегі мүмкіндіктерін ұғынды.

Осыдан бірнеше жыл бұрын, екі ұшақ Бүкіләлемдік сауда орталығының мұнараларын, үшіншісі Пентагонды соққылап, ал енді біреуі Пенсильваниядағы алаңға құлағанда, бүкіл әлемнің медиасы жаңалықтарға барын салды. Оқиға болған сол аптаның әрбір күнінің кез келген сәтінде және одан бірнеше апта кейін де телевидение, тіпті бүкіл медиа да біз куәгер болған сол оқиғалардың хроникасын қайталап баяндаумен айналысты. Бұл қайталап баяндау еді, өйткені ол баяндалғанның бәрін біз көргенбіз. Бұл қорқынышты лаңкестік әрекеттің жете ойластырылған жері - екінші шабуылдың сәл кешігіп барып жүзеге асқанында болды, себебі, екеуінің арасындағы уақыт оны бүкіл әлем көруі үшін әдейі есептелген. Сол жайындағы репортаждар бір-біріне қатты ұқсас-тын. Бәрінде паузаларды толтыруға арналған оркестрлік музыка, экранда жарқылдаған компьютерлік графика. Бір сарындас сұхбаттар. «Сабырлылық» пен салмақтылық. Жаңалықтар біз көріп үйренген хореографияда және де біз үшін «жаңалықтар көңіл көтеру» құралына айналды, көңіл көтеру – трагедия екеніне қарамастан...

Бірақ аталған «11 қыркүйек трагедиясы» жөнінде әбден жаттандыға айналған жаңалықтарға қоса, ғаламторға шығып, оқиға барысын қадағалағандар, мүлде өзге нәрселерді көре алды. Ғаламтор сол оқиға туралы куәгерліктерге, мәліметтерге толы болатын. Бірақ, ғаламтордағы хабар-мәліметтердің бояу-реңкі мүлде өзге еді. Кейбіреулер әлемнің әр бұрышынан жиналған суреттердің галереясын жасаған және оны мәтіні бар слайд-шоу түрінде көрсеткен. Енді біреулер ашық хаттар жазған. Дыбыс жазбалары да болды. Ашыну мен торығу. Осы оқиғаның түп мәнісін ашуға ұмтылғандар да болды. Бір сөзбен айтқанда, бүкіл жер шарының назарын өзіне аударған жаңалыққа байланысты біз бүкіл әлем болып сарай тұрғызу (бұл ұғымды мен Майк Гудвиннің «Киберқұқықтар» кітабындағы мағынасында пайдаландым) жағдайына келдік. АВС пен СВS та болды және сонымен қатар бұған ғаламтор да атсалысты.

Мен ғаламторды өзін-өзі танытудың осы формасына қатысы бар адамдар мақтауға лайықты деп есептесем де жайдан жай мадақтамақ емеспін. Оның орнына, мен өз ойыңды білдірудің осы жолының маңыздылығын айтпақпын. Себебі, Кодак сынды, ғаламтор да адамдарға бейне жасау мүмкіндігін сыйлады. Мәселен, «Жай ғана ойлан!» жобасындағы мектеп оқушысының фильмі сияқты, визуалды бейнелер дыбыспен және мәтінмен біте қайнасты.

Оның үстіне, бейнені түсіріп қана алатын кез келген технологияға қарағанда, ғаламтор өз шығармашылығыңды көптеген өзге адамдармен әп-сәтте таныстыруға мүмкіндік береді. Бұл біздің өмір-салтымыздағы жаңа нәрсе. Мәселе, әрине, мәдениетті механикалық түрде камераға түсіріп алуда немесе оқиғаларды сыни тұрғыда баяндауда емес. Оның мәнісі суреттер, дыбыстар және түсіндірмелерді араластыра отырып әп-сәтте кеңінен таратуға болатынында.

11 қыркүйек аберрация емес-тін. Бұл басы ғана еді. Шамамен сол кезден бастап қоғамдық санаға веб-лог немесе блог коммуникация жүйесі кеңінен енді. Коммуникацияның бұл түрі кейіннен өте тез жылдамдықпен дамыды. Блог дегеніміз – көпшілікке арналған күнделіктің бір түрі. Кейбір мәдениеттерде, мысалы, Жапонияда ол көбіне күнделік ретінде жүргізіледі. Блог ол елде жеке адамдар өмірінің көпшілікке арналған хроникасы, құрылықтың кез келген бөлігінен «тауып алуға» болатын өзінше бір электронды Джерри Спрингер десе болады.

Алайда, Құрама Штаттарда блогтар мүлдем басқаша сипат алды. Блогты өзінің жеке өмірі туралы айту үшін жүргізетіндер де бар. Алайда көптеген адам блогпен ашық лекциялар оқумен айналысады. Онда қоғамдық маңызы бар мәселелер талқыланады, өзгелерді қате көзқарастары үшін сынайды, қабылдаған шешімдері үшін саясаткерлерді сынап, көпшілікке басы ашық мәселелерді шешудің жолдарын ұсынады. Блогтар – виртуалды вече (көпшілік жиыны) түсінігін қалыптастырады. Бұл веченің ерекшелігі жиынға бәрі бірден әрі бір уақытта жиналмайды, әңгімелер арасы байланыссыз болуы да мүмкін. Ең жақсы жазбалар қысқа жазбалар болып табылады әрі олар өзгелердің пікірлеріне сын айту немесе толықтыру түрінде болады. Блогтар, шамасы, біздің өмірімізде бар қоғамдық полилогтың алдын ала ұйымдастырылмаған ең маңызды түрі болып табылады.

Бұл әрине, асыра айтылған мәлімдеме болуы да мүмкін. Алайда ол тек блогтар туралы ғана емес, біздің демократиямыз туралы да көп нәрсе айта алады. Бұл Американың – біздің, Американы сүйетіндердің қабылдауы қиын бір бөлшегі. Қабылдауымыздың қиын болуы - біздің демократия жансыздана бастаған. Әрине, бізде сайлау бар және көп жағдайда соттар олардың нәтижелерін дұрыс деп таниды. Осы сайлауларда адамдар анағұрлым аз дауыс береді. Сайлау циклы біржолата кәсібилендірілді де, жаңалығы аз, іш пыстыратын шаруаға айналып кетті. Бізде көбісі осыны демократия деп түсінеді.

Алайда демократия дегеніміз тек қана сайлаулардан ғана тұрмайды. Демократия дегеніміз - халықтық басқару, ал басқару дегеніміз - жай ғана сайлау дегеннен әлдеқайда кең ұғым. Біздің дәстүрімізде демократия, сонымен бірге ойлы талқылаулар арқылы бақылау дегенді де білдіреді. Бұл - XIX ғасырдағы француз адвокаты Алексис де Токвиллдің санасын жаулап алған, «Америкадағы (ерте) демократияның» маңызды сипаттамасын құраған идея еді. Оны сүйсіндірген халықтық сайлаулар емес, алқабилер соты, яғни қарапайым адамдарға өзге азаматтардың тағдырын шешуге құқық беретін институт еді. Бәрінен де бұрын оны алқабилер өз шешімдері үшін дауыс беріп қана қоймайтыны таңғалдырды. Қазылар алқасының қырағы мүшелері қабылдаған шешімдерінің «дұрыстығына» байланысты пікір таластырды, бірін-бірі өз көзқарастарының дұрыстығына сендіруге, ал тіпті болмағанда, қылмыстық іс-әрекет бар болған жағдайда сот процесін аяқтау үшін барлығы бір шешімге келуге тиісті-тін36.

Бірақ, қазіргі Америкада тіпті осы институт та бәсеңсіп кетті. Ал оның орнына азаматтарды пікірталасқа араластыратын жүйелі құралдар ақыры ойлап табылған да жоқ. Кейбір тұлғалар осы сынды қоғамдық институттың құрылуына шақырады37. Және де Жаңа Англияның кейбір қалаларында қоғамдық талқылаудың жұрнақтары әлі де сақталған. Бірақ біздің көбімізге, көп жағдайда «демократиялық процедуралар» үшін не уақыт жоқ, не орын жоқ болып шығады.

Ең қызығы, мұндай жиындар өткізуге тіпті рұқсат та керек емес. Біз әлемдегі ең мықты демократиясы бар ел, мұндай қатаң ереже орнықтырдық – нені айтсаң-талқыласаң да болады, бірақ саясат жөнінде ауыз ашпа. Біздің көзқарасымызбен келісетіндермен саясат туралы сөйлесу тамаша. Бірақ оппоненттермен саясат туралы талқылау әдепсіздік болып табылады. Саяси дискурсымыз оқшауланды. Ал оқшауланған дискурс шектен шығушылыққа ұрынатыны бар.38 Біз достарымыздың естігісі келетінін ғана айтамыз және өз достарымыздың айтқанынан басқаны тым-тым аз естиміз.

Блогқа кіріңіз. Блогтың құрылымының өзі осы мәселелердің бәрін шешеді. Адамдар қалаған кездерінде жазба қалдырып, қалаған кезінде өзгелер қалдырған пікірлерді оқиды. Мұндағы ең күрделісі – синхрондау. Хабарламаларды бейсинхронды түрде жеткізуді қамтамасыз ететін электронды пошта сынды технологиялар коммуникация мүмкіндігін кеңейтіп отыр. Блогтар адамдарды бір орынға жинамай-ақ қоғамдық талқылау өткізуге мүмкіндік береді.

Сондай-ақ блогтар өз құрылымынан тыс ережелер мәселесін шешіп беріп отыр. Блогтық кеңістікте саясат туралы айтуға болмайды деген ереже (әзірге) жоқ. Шын мәнісінде блогтар мейлі солшыл бағытта болсын, мейлі оңшыл бағытта болсын, саяси пікірталастарға толы. Кейбір танымал сайттар консервативтік көзқарасқа жақын келсе, кейбірі либералдыққа жақындығын танытып жатыр, бірақ көбінде саяси спектрдің бүкіл бояу-реңкі бірден көрініс береді. Тіпті саясат саласынан алыс жатқан блогтардың өзі де қоғам үшін маңызды деген саяси мәселелерден қалыс қалмайды.

Бұл блогтардың маңызы бүгінгі таңда айтарлықтай жоғары емес, бірақ, мардымсыз да емес. Егер блогтар болмаса 2004 жылғы президенттік жарыстан бері Говард Диннің есімі ұмыт болар еді. Оқырмандар саны көп болмаса да, ол туралы оқ үлкен әсер береді.

Дәстүрлі медиаға қарағанда қызмет ету циклі өзгеше болып келетін медианың әсер қандай болатынына бір мысал Трент Лоттың ісі. Лотт сенатор Стром Термондтың құрметіне ұйымдастырылған кеште сөйлеген сөзінде оның сегрегационистік (діни немесе нәсілшілдік кемсітушілік-ауд.) көзқарастарын жақтап, «байқамай айтып қалған» бұл пікірінің дәстүрлі баспасөз беттерінде ең көп дегенде екі күнде жоқ болатынына анық сенген-тін. Осылай болды да. Бірақ ол бұл оқиғаның блог кеңістігінде өміршеңдігін ұмытып кеткен еді. Блогшылар болса, бұл оқиғаның түбін қазуды қоймады. Уақыт өте келе, осындай «байқамай айтып қалған» өзге де жағдайлары бой көрсетті. Мұның бәрі жинала келе қайтадан дәстүрлі БАҚ-қа тақырып болып оралды да, Лоттқа сенат көпшілігінің көшбасшысы өкілеттілігін тоқтатуға тура келді39. Мұндай керемет циклдың блогта өмір сүруі оған деген коммерциялық қысымының жоқтығынан болып отыр. Ал мұндай еркіндік өзге медиаларда жоқ. Телеарналар мен газеттер – коммерциялық ұйымдар. Олар өз аудиторияларын сақтап қалуға ұмтылады. Егер олар оқырманын жоғалтса, онда пайдадан да айырылады. Сондықтан да олар акулалар сынды үнемі қозғалыста болуы керек.

Алайда блогшыларға мұндай қысым көру деген жоқ. Олар өз ойларын қанша рет қайталаса да өздері біледі, тіпті әлдебір идеялармен «ауыра» да алады. Онда жеңіл-желпі көзқарас та, салиқалы кәсіби пікірлер де бар. Егер қандай да бір блогшы әлдебір қызықты дүние туралы жазса, онда көп адамдар оған сілтеме жасайды. Ал сілтеме саны көбейген сайын постингтің рейтингі де көтеріледі. Адамдар көпшілікке танымал нәрселерді оқиды, олардың психологиясы осылай құрылған. Ал танымал жазба цитаталау арқылы таза демократиялық жолмен таңдалады. Блогтың өмір сүру ырғағын дәстүрлі медиа циклынан ерекшелейтін тағы бір қыры бар. Қозғалыс көсемдерінің бірі (соңғы кезде көптеген бағдарлама жасаған) Девид Уайнер блогтың екінші бір ерекшелігін – онда қаржылық «мүдделер қақтығысының» болмайтындығы деп атап көрсетті. «Меніңше, мүдделер қақтығысы» деген ұғымды журналистикадан алып тастау керек, - деп ойын анықтай түсті менімен әңгімесінде Уайнер. - Әуесқой тілшіде мүдделер қақтығысы деген мүлдем болмайды. Ал егер, ол біреудің мүддесін қорғап отырған болса, оның бұл ісінің тез-ақ көзге түсіп қалатыны сонша, оны шетке ығыстырып тастау оп-оңай.»

Осындай қақтығыстардың маңызы медианың бір жерге не қолға шоғырлану үдерісі (бұл туралы төменде нақтырақ айтатын боламыз) көрініс бере бастағаннан бері артып келеді. Бір орталыққа шоғырланбаған медиаға қарағанда шоғырланған бұқаралық ақпарат құралдары халықтан өте маңызды дүниелерді жасыра алады. CNN қызметі Ирактағы соғыстан кейін өз қызметкерлерінің өмірі үшін қорыққандықтарын жасырмады40. Оның үстіне шоғырландырылған БАҚ жаңалықты мейлінше «ұстамды» түрде таратуға мәжбүр (Ирактағы соғыс қызып тұрған кезде мен ғаламтордан бір адамның постингін оқыдым. Ол жерсеріктік байланыс арқылы Ирактан Нью-Йорктегі штабқа беріліп жатқан хабарламаны тыңдаған. Штабтағылар журналистке оның репортаждарының тым бірқалыпты, сүреңсіз екендігін қайта-қайта ескертумен болған. Оның орнына оптимистік сарындағы оқиғалар туралы әңгімелеу қажеттігін өтінген. Журналист қыз ондай ештеңе бере алмайтынын жеткізгенде, Нью-Йорк штабындағылар ондай репортажды оған өздері дайындап жатқанын айтқан).

Блог кеңістігі әуесқойларға өз ойларын ортаға салуға мүмкіндік береді. Мұнда бәрі «әуесқой», бірақ бұл тәжірибесі жоқ дегенді білдірмейді. Олимпиада атлеті сияқты блогшы да өзінің репортаждары үшін ешкімнен ақы алмайды. Мұндай ерекшелік блогқа енгізілетін ақпарат спектрін кеңейтеді. Бұған дәлел ретінде «Колумбия» шаттлының апатқа ұшырғаны туралы репортаждарды келтіруге болады. Құрама Штаттардың оңтүстік-батысынан жүздеген адам көрген-білгендерін жеткізу үшін ғаламторға сүйенген41. Осының өзі-ақ оқырманды келтірілген куәгерліктердің, яғни ақпараттардың барлығын да оқып шығуға және Уайнер айтпақшы, ақиқатқа «триангуляция» арқылы жетуге итермелейді. Уайнердің пікірінше, блог «сайлаушылармен тікелей байланысқа шығу және бұл жерде орташа адамға орын жоқ». Өйткені келер пайда мен кетер шығын орасан көп.

Уайнер блогпен ауыратын журналистиканың болашағына үміт күте қарайды. Ол танымал адамдар үшін блог жүргізе білу «аса маңызды өнерге» айналады; уақыт өте келе мұның жеке адамдар үшін де маңыздылығы артады деп болжайды. Ал бұған журналистика қаншалықты қуанышты екені беймәлім: кейбір журналистер өздерінің блогтарын кескілеп (қысқартып – кромсать) тастайды деген де сөздер бар42. Есесіне, бір жайттың беті ашық - біз қазір өтпелі кезеңді бастан кешіріп отырмыз. «Біздің қазір жасап жатқан көп нәрселерімізді жай ғана жаттығулар деуге болады», - деп түсіндіреді Уайнер. Толыққанды жұмыс істемес бұрын көп нәрсе пісіп-жетілуі керек. Ал блог кеңістігінде жарияланатын контенттердің жариялануы интернетті қолданудағы мейлінше аз заңсыздық (копирайтқа қол сұғу мағынасында) болғандықтан, «Бізді ең соңынан жабады» деп мәлімдейді Уайнер.

Мұндай дүниелер демократияға әсер етеді. Уайнердің айтуынша, блогтың өркендеуінің бір себебі «мұнда адамдар өзін бақылап, қадағалайтын әлдебіреуге қызмет етуге мәжбүр емес». Бұл дұрыс. Бірақ бұл әдіс демократияға басқа бір жағынан да әсер етеді. Күннен-күнге өз ойларын ашық айтатын және көзқарастарын жазбаша түрде білдіретін азаматтар саны көбейіп келеді және мұның өзі адамдардың қоғамдық маңызды мәселелерге деген қарым-қатынастарын өзгертіп отыр. Өз өзіңнен ойға шомғанда қателікке ұрыну қиын емес, ал сенің ойларыңның нәтижелері өзгелердің сынына ашық болған жағдайда қателесу қиынырақ. Әрине, өзінің көзқарасының дұрыс емес екенін мойындайтындар сирек. Бірақ өз ойының жоққа шығарылғанына мүлдем назар аудармайтын адамдар мүлдем сирек. Идеялар, пікірталастар және сынның жариялануы демократияны нығайтады. Бүгінгі таңда, шамасы, осы үдеріс жүріп жатқан кезеңде екі миллионнан аса блог бар. Ал енді олардың саны он миллионға жеткенде, айтпасқа-мәлімдемеске болмас әлдебір ерекше ахуал пайда болады.

(Жаңалықтар қызметі түгелдей дерлік өз қызметкерлерінің блог жүргізетініне жайдан жай қарап отыра алмайды. CNN тілшісі Кевин Сайтс өзінің Ирактағы тілшілік жұмысы жөнінде жүргізе бастаған блогын, басшылықтың табанды түрде талап етуімен, тура он екі күннен кейін тоқтауға мәжбүр болды. Былтыр «Хьюстон Хрониклдың» тілшісі Олафсон Стив желіде бүркеме атпен күнделік жүргізгені үшін жұмыстан босатылды. Журналист күнделігінің кейбір жерлерінде қызметтік міндеті бойынша жазуға тиісті болған кейбір адамдар туралы сөз арасында айтып өткен).

Джон Сили Браун «Xerox» корпорациясының жетекші ғалымы. Оның жұмысы, ол өзінің жеке сайтында түсіндіргеніндей, «адам танымы және... жаңалықтар жасап шығару үшін ғылым экологиясын жасау» болып табылады. Осылайша Браун, сандық шығармашылық технологиясына жоғарыда мен келтірген көзқарастан өзгеше бір көзқарас танытады. Мен оның демократияны жетілдіретін кез келген технология үшін өте қуанышты боларына сенімдімін. Бірақ, ол осы технологиялардың таным үдерісіне қалай әсер ететініне шынымен таңғалады.

Браунның сенімінше, адам бір нәрсемен айналыса отырып қана үйренеді. Жасөспірім кезімізде бәріміз де «мотоцикл қозғалтқышын, газон машиналарын, автомобильдерді, радиоқабылдағыштарды және т.б. шұқылап, әрі-бері қарастырғанымыз анық» дейді ол. Бірақ сандық технологиялар бізге осындай әурешіліктің өзге бір түрін - нақты түрде болса да абстрактылы идеяларды тауып берді. «Жай ғана ойлан!» жобасындағы балалар жарнамалық роликтің саясаткерді қай қырынан көрсететіні туралы жай ойланып қана қоймайды. Сандық технологияларды пайдалана отырып олар жарнаманы бөлшектеп, оларды өздерінше қайта құрастырып, онымен әуреге түсе алады. Сөйтіп оның қалай жұмыс істейтінін, өзгелерге қандай жолмен, әдіспен әсер ететінін түсінеді. Сандық технологиялар өзіндік бір ерекше бриколаж немесе Браун айтқандай «еркін коллажды» туындатып отыр. Көп адамдар оған өзінің үлесін қосады немесе өзгелердің ой-идеяларын трансформациялайды.

Осындай қозғалысты өмірдің тамаша да ауқымда мысалы деп еркін бағдарламалау немесе ашық кодты бағдарламаларды (еркін софтты) айтуға болады. Еркін софт дегеніміз – бастапқы коды барлық қолданушыларға қолжетімді бағдарламалар. Кез келген адам ашық кодты бағдарламаның жұмыс жасауына қажетті технологияны өзіне жүктеп ала алады. Әрі осы еркін технологияның жекелеген модульдерінің қалай жұмыс істейтінін білгісі келетін әрбір адам оны, яғни кодты, еркін түрде зерттей алады.

Осы мүмкіндік «оқыту тұғырнамасының мүлдем жаңа түрін тудырып отыр», - деп жазады Браун. «Осы нәрсемен айналыса бастағаннан-ақ сіз... ұйымдағы жаңа коллаждарды туындатасыз. Енді сіздің кодыңызды өзгелер де көре, зерттей алады, оны жетілдіруге болар ма екен деген деп, осы тұрғыдан тексере де алады.» Осындай әрбір жұмыс бағдарламаны жетілдіре түсуге деген ұмтылыс. «Ашық кодты БҚ (Бағдарламалық қамту) дамуының ірі платформасына айналып отыр».

Осы үдерісте «сіз әуреге түсетін, яғни зерттейтін дүние абстрактылы. Ол – код». Балалар «абстрактылы түрде шұқылап-зерттеу қабылетіне ие болады, ал бұлайша әуреге түсу – өз гаражыңда оқшау, жеке өзің жұмыс жасау емес. Сен енді қоғамдастық тұғырнамасымен әуреге түсесің... өзгелердің жасағанын зерттейсің, зерделейсің. Оны неғұрлым көп жақсартып, жетілдірген сайын, өзің де көбірек білетін боласың.

Міне, контентте де тап осындай үдеріс жүріп жатыр. Ол да тура осындай үлгіде жүзеге асып отыр. Яғни қоғамның біріге отырып қатысумен контент даму үстінде, өйткені сенің контентің Желінің бір бөлігі болып табылады. Браун мұны былай суреттейді. «Желі – ол ақыл ойдың сан мыңдаған формасын шын мәнінде танитын алғашқы орта». Бұның алдындағы жазу машинкасы немесе мәтіндік жады (процессор) сынды технологиялар мәтінді дамытуға қызмет етті. Бірақ желі мәтіннен де маңызды дүниені дамытып отыр. «Желі» сенің қаншалықты музыкаға бейім екендігінді, қаншалықты артистік қабілетің бар екенін, қандай дәрежеде визуал екеніңді, киноны қаншалықты түсінетіндігіңді өзіңе айтып бере алады... (сондықтан да) осы ортада немен айналысамын десең де мүмкіндік бар. Ол енді ақыл-ойдың сан мыңдаған формаларын дамытады және құрмет тұтады. Бұл ретте Браун Элизабет Дейли, Стефани Бэриш және «Жай ғана ойлан!» бағдарламасының нені үйрететінін айтып отыр: мәдениетпен осылайша әуреленудің жасампаздығы қаншалықты болса үйрететіні де соншалықты. Яғни бұл бағдарлама мәдениетті туындатуға, оны өз қолымен жасауға үйретеді. Ол таланттарды өзгеше жолмен дамытып-жетілдіреді және бағалану-мойындалудың өзге түрін жасап шығады.

Алайда осы нысандардың барлығында да еркін отыруға қызығып-зерттей беретініңізге кепілдік жоқ. Шын мәнісіне келгенде, төменде келтірілетін мысалдардан байқай алатынымыз, мұндай еркіндікке қарсылық көбірек. Сіздің әкеңіздің машина моторын қалай бөлшектеуге де құқы болған болса, айталық, қызыңыздың желі жүйесінде осындай зерттеу ісімен айналысуына рұқсат болар ма екен. Заңмен көп жағдайда технология еркіндікке кедергі келтіреді, ал басқаша жағдайда бұл еркіндікті технология мен әуестік қамтамасыз ете алар еді.

Мұндай шектеулер зерттеушілер мен мамандардың назарын аударды. Принстон профессоры Эд Фелтен (ол туралы біз оныншы тарауда айтатын боламыз) компьютерлік ғылым мен жалпы танымға қатысты «әуре болу құқығын» қорғайтын мықты аргумент жасап шығарды43. Алайда бұл мәселеге деген қызығушылық Браунда ертерек оянды. Мүмкін ол жас немесе тыңғылықтылау болғандықтан шығар. Ол қазіргі уақытта заң тиым салған, бірақ балаларға қолжетімді білім беру жүйесін қамқорлыққа алып жүр. «XXI ғасырдың білім беру жүйесі бет алып отырған бағыт осы, - дейді Браун. – Біз балаларымыздың сандық ойлау жүйесін оқып-үйрене отырып қалай өсетінін және білімге қалай ұмтылатынын түсінуіміз керек».

«Алайда деп жалғастырады ойын Браун және осы кітап дәлелдегеніндей, біз қазіргі сандық технологияларды меңгерген балалардың білімге деген табиғи қызу ұмтылыстарын жоятын заң жүйесін жасап отырмыз. Біз мидың әлеуетінің 60 %-ын жұмыс істетпейтін қорған және сонымен қатар мидың бұл саласын тарс бекітетін жүйе құрудамыз».

Біз Кодак сиқырын пайдалана отырып бейне мен дыбысты араластырып жіберетін, түсініктемелер үшін орын қалдыратын және бұл шығармашылықты барлық жерге тарату мүмкіндігін беретін технологияны ойлап табудамыз. Бірақ біз осы технологияларға тыйым салатын заңдар қабылдап жатырмыз.

«Мәдениеттің қанат жаюына еш орын жоқ» - деп әзілдеді Брюстер Каль менімен әңгімесінде біртүрлі торығып. Тоғызыншы тарауда біз онымен әлі кездесеміз.

III ТАРАУ. КАТАЛОГТАР

2002 жылдың күзінде Нью-Йорк штатының Оушенсайд қаласының тұрғыны Джесси Джордан сол Нью-Йорк штатының Троя қаласындағы Ренселлер политехникалық институтының 1-курсына қабылданады. Оның түскен мамандығы ақпараттық технологиялар болатын. Сол жылдың қазан айында Джесси бағдарламашы болмаса да, институт желісінің іздеу қызметін біраз зерттемек болып қарай бастады.

Ренсселлер политехникалық институты – Америкадағы ең алдыңғы қатарлы ғылыми-зерттеу ЖОО-дардың бірі. Онда архитектура мен инженериядан бастап ақпараттық ғылымдар мамандарына дейін дайындайды. Институттың бес мың студентінің 65 %-ы мектепті үздік тамамданған 10%-дық көрсеткішке кіреді. Осылайша бұл ЖОО-да желілік ғасырдың тұтас бір буынының дарын мен ұшқыр қиял және шығармашылық тәжірибесінің керемет үйлесімін ұштастыра дамытуына толық мүмкіндік бар.

Институтының компьютерлік желісі студенттерді, факультеттерді және әкімшілікті бір-бірімен толық байланыстырып тұрады. Ол сонымен қатар ЖОО-нын ғаламтормен байланыстырады. Институттың желісіндегі бардың барлығы интернетте табыла бермейді. Дей тұрғанмен, желі студенттердің ғаламторға шығуына мүмкіндік беру әрі Ренсселлер политехникалық институтының өзге мүшелерімен тығыз байланысқа шығу үшін ұйымдастырылған. Іздеу қызметтері желілер арасындағы жақындықты дамыта түсті. Google ғаламторды бәрімізге жақын әрі оңай етті, сонымен қатар сапалы іздеуді қамтамасыз етті. Ал арнайы мамандандырылған іздеу қызметтері бұдан да жақсы. Ғаламторға арналған жеке бір ұйым ішіндегі ақпаратты іздеуге құрылған іздеу қызметтерінің негізгі идеясы - осы ұйым материалдарына өзгелердің сапалы әрі тез қол жеткізуін барынша жақсарту болып табылады. Бұл жағдайды компаниялар үнемі дамытып отырады. Ол үшін қызметкерлеріне өзге адамдар ала алмайтын ақпараттарға қол жеткізуге мүмкіндік береді. Университеттер де осылай жасайды.

Осы аталған іздеу қызметтері желілік технологияның арқасында жұмыс істеп тұр. Мәселен, «Майкрософт» іздеушілерге қол жетімді ақпараттарды, контентті іздеуге үлкен көмек көрсететін желілік файлдар жүйесін жасап қойған. Джесси болса осы технологияның тамаша мүмкіндіктерін пайдалана отырып өз іздеу қызметін ұйымдастырды. Нақтырақ айтқанда, ол мұны «Майкрософттың» желілік файл жүйесін қолдана отырып, институт желісінің ішіндегі қолжетімді түгел файлдарды индекстеу арқылы жасаған.

Джессидің іздеу қызметі Ренсселлер политехникалық институтында алғашқы емес-тін. Шын мәнінде оның жасағаны - өзгелер жасаған іздеу қызметтерінің модификациясы ғана болатын. Бірақ, оның ең бір маңызды жаңалығы – «Майкрософт» файлалмасу жүйесіндегі жеке компьютерлері істен шығарып жіберетін кейбір бағдарламалық қателіктерді жоюында еді! Джесси осы мәселені шешу үшін, жүйені сәл өзгертті. Ол желінің қажетті файлмен бірге жоғалып кетпегенін тексеруге арналған тағы бір нүкте-белгі қосты.

Джессидің іздеу қызметі қазан айының соңында іске қосылды. Соңғы жарты жылда ол оны жетілдірумен айналысты. Наурыз айында оның іздеу қызметі сенімді түрде жұмыс жасады. Джессидің іздеу қызметінің қорына жеке компьютерлерде сақталған түрлі контенттің миллионнан аса файлы жиналды.

Осылайша, іздеу каталогына студенттер өз веб-сайттарына қолдана алатын суреттер, зерттеу жұмыстарының көшірмелері, ақпараттық проспектілер, студенттер түсірген бейнеклиптер, университет брошюралары, т.т., бір сөзбен айтқанда, ЖОО-ның желісін қолданушылар ортақ қолжетімді папкаға не салса, соның бәрі кірді.

Сонымен қатар каталогтарға музыкалық файлдар да кірді. Негізінде Джессидің іздеу қызметі индекстеген файлдардың төрттен бірі музыкалық файлдар еді. Алайда қалған 75 % өзге файлдар-тын. Джессидің өзге пайдаланушыларды ортақ қолжетімді папкаларға музыкалық файлдарды салып қоюға үгіттемегені әрине, айдан анық. Ол осы файлдарды ғана іздеуді реттеген жоқ, көздеген де жоқ. Бозбала өзі информатика мамандығына оқып жүрген институтының Googlе сынды технологиясын қарастырып-зерттеумен ғана шұғылданды. Оның мақсаты кодтарды үйрену, зерттеу болды. Бірақ ол бұл жұмысы үшін Googlе немесе «Майкрософт» сияқты ешқандай да ақы алмайтын. Джесси өзінің тәжірибесі арқылы пайда көруі мүмкін ешқандай да бизнеске қатысы жоқ болатын. Жас жігіт бұл технологияларды өзіне тиесілі ауқымда ғана зерттеп қарастырды, яғни бұл іспен өз мамандығы аясында ғана айналысты.

2003 жылдың 3 сәуірінде Джессиді институтының оқу ісі жөніндегі проректоры шақырды. Проректор студентке Америка дыбыс жазу компаниялары Ассоциациясы RIAA оны және тағы үш студентті (Джесси ол үш студентті тіпті танымайтын – олардың екеуі тіпті өзге жоғарғы оқу орындарында оқиды екен) сотқа бергенін хабарлады. Бірер сағаттан соң Джесси ақы талап еткен шағым мәтінімен танысып шықты. Бұл құжаттарды және ақы талап етіп сотқа түсірілген шағым туралы жаңалық ақпараттарды оқи отырып жас жігіт аң-таң болды.

«Бұл миға сыймайтын жайт еді, - деп әңгімелейді Джесси. - Мен жаман бірнәрсе жасап қойған жоқ сияқтымын... Менің іздегішімде немесе оны түзеткенімде тұрған жаман ештеңе де жоқ. Яғни мен оны қарақшылық контентті тарату немесе осыған көмек беру мақсатында жетілдірген жоқпын... Мен тек іздегішті пайдалану ыңғайлы болу үшін ғана модификацияладым..» Байқап қараңыз, тағы қайталалық: Джессидің өзі жасап шықпаған іздеу қызметі Windows файл алмасу жүйесін қолданады. Оны ойлап тапқан, бағдарламасын құрған Джесси емес, оған тіпті қатысы жоқ бұл жүйе институттағы қоғамдастық мүшелерінің контентке қол жеткізуіне мүмкіндік береді, ал ол контенттің авторы да Джесси емес. Ол сол контенттерді компьютерлерге әдейі өзі жүктеген жоқ. Бұған қоса оның көпшілік бөлігі музыкаға еш байланысты емес.

Бірақ RIAA Джессиді қарақшы деп айыптады. Олардың мәлімдеуінше, Джесси желіні басқарған және осылайша копирайт туралы заңды «әдейілеп» бұзған. Лейблдар келтірген шығыны үшін бозбаладан төлемақы талап етті. Авторлық құқық туралы Заңда авторлық құқық әдейілеп бұзылған жағдайларда, заңгерлер «статутты шығын» деп атайтын ережені пайдаланып, құқық иесі заң бұзушыдан әр осындай заңбұзушылығы үшін 150 000 доллар көлемінде өтемақы талап ете алады деп көрсетілген. Осыған сүйене отырып RIAA өзінің арызында 100-ден аса копирайтқа қатысты заң бұзушылықты атап шыққан. Сонда олар Джессиден кем дегенде 15 миллион доллар көлемінде өтемақы талап етіп отыр деген сөз.

Осы сияқты шағым өзге үш студенттің де атына түскен. Олардың біреуі осы Ренселлер политехникалық институтының студенті, біреуі – Мичиган техникалық университеті студенті, үшіншісі – Принстоннан. Олардың басындағы хикая да Джессидікіне ұқсас. Барлығында да детальдары тұрғысынан айырмашылықтары болғанымен, үшеуінің басына түскен жағдайдың қорытындысы бірдей болып шыққан. RIAA өзіне орасан шығын келді деп есептеп, ақылға еш сыймастай мөлшердегі өтемақы талап етті. Егер сотқа берілген төрт шағымдағы талап етілген сомалардың басын қосса - сотқа арызданушыларға 100 миллиардтай АҚШ долларындай өтемақы төленуі тиіс болады. Бұл дегеніміз – Америкадағы киноиндустрияның 2001 жылғы жалпы табысынан алты 6 есе артық сома44.

Джесси ата-анасына телефон соққан. Олар баласын қолдаған, бірақ шамалы қорқып та қалған. Джессидің ағасы адвокат болатын. Сонымен ол Джессиде қанша ақша бар екенін білгісі келген RIAA- мен келіссөз жүргізе бастады. Жазда жұмыс істеген және өзге де тірліктер жасаған Джесси 12 000 доллар жинап қойған еді. Содан RIAA істі тоқтату үшін осы соманы талап етті.

Ассоциация Джесидің өзін кінәлімін деп мойындатқысы келді, бірақ студент бұған көнбеді. Олар оны өмірінің соңына дейін технологияның көптеген салаларында жұмыс істеуіне тыйым салатын сот шешіміне қол қойдыруға көндіргісі келді. Джесси үзілді-кесілді бас тартты. Оған бұл сот процесінің оңай шаруа болмайтынын айтып шошытқысы да келді (Джессидің әкесінің маған айтқанындай, бұл іс бойынша бас адвокат Мэтт Опенгеймер жас жігітке: «Сен мен сияқты дантистке қайта-қайта келе беруді қаламайтын шығарасың» деген). Осы істің ең соңына дейін RIAA өзінің талап-арызын Джессидің бар жиған-тергенінің түгін қалдырмай тартып алмайынша қайтып алмайтынын қайта-қайта айтумен болды).

Бұл сипаттағы талаптар жас жігіт отбасының ашуын келтірді. Олар қарсы күрескісі келді. Бірақ Джессидің адвокат ағасы Американың құқық жүйесінің негізгі табиғатын түсіндіріп, олардың біраз көзін ашты, бұл күрестен ештеңе өнбейтінін жақсылап тұрып айтқан. Джесси RIAA-мен күреске түсе, тіпті оларды жеңе де алар еді. Бірақ, мұндай іске байланысты текетірес оған ең аз дегенде 250 мың долларға түсер еді. Егер Джесси сотта жеңіп шыққанның өзінде жұмсаған қаржысын қайтара алмас еді, оған жеңіп шыққаны туралы жазылған бір жапырақ қағаз ғана берілер еді де, оның отбасы мен өзі банкрот болар еді. Себебі жұмсалған ақша қайтарылмайды.

Осылайша Джессидің алдында екі жол тұрды: 250 мың доллар жұмсап жеңістен үмітті болу немесе текетіресті тоқтату үшін 12 000 доллар төлеу.

Дыбыс жазу индустриясы өз іс-әрекетін заң мен моральді қорғау деп сендіріп бағады. Сіз бен біз заңға байланыстыны бір сәтке қоя тұрып, мораль, яғни адамгершілік тұрғысынан ойланып көрелікші.

Мұндай талап-шағымдардың адамгершілік сипаты қаншалықты? Кінәліні іздеп табар ізгі, рақымшымыз кім сонда? RIAA – өте күшті лобби. Қолда бар мәліметтерге қарағанда, бұл ассоциацияның президенті жылына миллион доллардан артық табыс табады екен. Сонымен қатар артистерге әманда ақысын толық төлемейді. Музыка жазумен айналысатын артист орташа есеппен жылына 45 900 доллар табады.45

RIAA-ның өзіне ыңғайлы саясат жүргізуіне және заңға өз қалаумен әсер етуіне зор мүмкіндігі де, құралдары да бар. Сонда, іздеу қызметін модификациялаумен айналысқан студенттің ақшасын тартып алуда нендей адамгершілік бар?46

23 маусымда Джесси бар жиған ақшасын RIAA-ға жұмыс істейтін адвокатқа жіберді. Содан соң оған қарсы қозғалған іс тоқтатылды. Компьютермен айналысамын деп 15 миллиондық талап-арызға тап болған жас жігіт осы оқиғадан кейін белсенді күрескерге айналды:

«Мен бұдан бұрын ешқашан белсенді болған емеспін. Белсенді болайын деген ой миыма кіріп-шыққан да емес. Алайда мені осыған мәжбүр етті. Мен тап осылай болады деп ешқашан да ойлаған емеспін. Бірақ, мен RIAA-ның жасап отырған бұл ісі – барып тұрған жөнсіздік деп есептеймін».

Джессидің ата-анасы мәжбүрліктен белсенді болған ұлдарын мақтан ететіндерін айтады. Оның әкесі маған былай деген еді: «Джесси де өзін мен сияқты барынша консерватормын деп есептейді... Ол тіпті де табиғат қорғаушысы емес... Мұндай сынақ көптің арасынан оның маңдайына жазылғанына таңым бар. Бірақ енді ол лейблдардың өздеріне жалған міндет жүктеп алғандарын адамдар білсе екен дейді. Және ол мұндай ойын ережелерін өзгертуді қалайды».

ІV ТАРАУ. ҚАРАҚШЫЛАР

Егер «қарақшылық» дегеніміз өзгелердің шығармашылық меншігін рұқсатсыз қолдану болып табылса, әрі «егер құндылық болса, яғни оған деген құқық та бар» деген постулат дұрыс болса, онда контент индустрияның бүкіл тарихы - бұл қарақшылық тарихы «Үлкен медианың» барлық замандағы бағыттары кино, дыбыс жазу, радио, кабельді теледидар – осылардың бәрі қарақшылықтың арқасында пайда болған дүниелер. Егер жоғарыда айтылған ережелерге сүйенсек ол үшін тарихты саты-сатысымен қайта қарастыру артық болмайды.

КИНО

Голливудтың киноиндустриясын қашқын қарақшылар құрды.47 Продюсерлер мен режиссерлер XX ғасырдың басында Шығыс жағалаудан Калифорнияға қоныс аудара бастады. Өйткені кино өндіруге құқық беретін құжат өнертапқыш Томос Эдисонға тиесілі-тін, олар сол қадағалау шараларынан құтылу үшін де осылай ауды.

Қадағалау монополиялық «Трест», Кинематографиялық патенттік компания (МРРС) арқылы жүзеге асырылатын және Томос Эдисонның шығармашылық меншіктері - оның патенттеріне негізделетін. Эдисон бұл компанияны өзінің шығармашылық меншігінің негізінде алынған құқықтарын қорғау үшін құрған болатын, сондықтан да MPPC бұл іске шындап кірісті.


Мазмұндас кітаптар

1 Ағайынды Гриммдербалалар әдебиеті
2 Бауыржан Момышұлыәңгіме
3
4
5 Ғабиден Мұстафинроман
6 Сәкен Иманасовестеліктер
7 Қарауылбек Қазиевәңгіме
8 дастан
9 Джон Голсуорсиновелла
10 Ханс Кристиан Андерсенертегі

Пікірлер:


Жолдаушы №: #109, : 23:20 - 2019/05/05

Не болд бул сонда?


ادام نەمەسە ۋيروس ەكەندىگىڭىزدى تۇراقتاندىرۋ سۇراعى، كاتەكشەگە 99 دەپ جازىڭىز، راحىمەت!
98 + 1 = ? sozsiz sifermen tolteringiz.