Еларна қолфон нұсқасына ену

Жүктеу-Албомым-Албомдар-Желі
Осы торды сақтаймын! | Осы торды бас бет етемін!

Біздің байланыс: elarna2012@gmail.com



Тіркеліңіздер Кітапхана Қожалар торабы Албомдар Қазақтың 1001 ертегісі

::::орен ОНЕРПАЗДАР::Өрен өнерпаздар

Кітәпханаға қайту

Өрен өнерпаздар ->
Апторы: Нағашыбек Қапалбекұлызерттеу
Өрен өнерпаздар - Көрілім: (1280)


: PDF Download - Жұктеұ - Скачать - ءتۇسىرۋ


ҚЫРБАЙ САЛ

Қырбай сал!..

Қырбайдың өз дәуірінен оқ бойы озып әнші, ақын, сал, сері болғанын қариялар бас қосқан ортада аңыздай айтып отырушы еді-ау.

Түске дейін өзі нөкерлерімен аттары да бірдей көк, өздері де көгілдір киініп, ал түс ауа әппақ киініп, ақ боз аттарға мініп, сән-салтанатымен думандатып, сырнайлатып, әндетіп, жүрген жерін той-думанның базарына айналдырыпты.

Қырбай салды бүкіл ел-жұрты өнері үшін төбесіне көтеріп, төредей күтіпті.

Қырбай әрі әнші, әрі сыбызғышы, домбыра басқа да аспаптарда ойнайтын күйші, өнерпаз, серілігі мен салдығы бір бөлек, әрі суырып салма ақын, қисса, дастандарды, айтыстарды жатқа айтатын жыршы, жырау. Бес мезгіл намазға жығылған діндар, иманы ұйыған қасиетті жан.

Тоқсанға келсе де тарландығынан таймаған, шежіре көмей шешендігімен толғаған біздің елдегі халық ақыны Әсімхан Қосбасаров ағамыз таңдайын қағып, тамсанып, Қырбай салдың серілігі жайлы таңғажайып әңгімелерді майын тамызып айтушы еді-ау...

Қырбай сал!... Қырбай сері!..

Қырбай жайлы көкірегімізге түскен сәуле сағынышқа ұласты, іздейтін сұрайтын болдық, ұрпақтары, тағдыры жайлы білгіміз келді.

Баяғы болып барады, өткен ғасырдың жетпісінші жылдары біздің Жамбыл ауданы ақтылы қойдан көше алмай қалатын. Республикамыздағы ең ірі ауданымызда бір миллион қой бар еді-ау. «Екпінді еңбек» газетінің редакторы болып жүргенде мені «Беріктас» совхозына өкіл етіп бекітті. Сенбі, жексенбіде демалыс деген жоқ, аупартком бюросының тапсырмасымен қойлы ауылды аралаймыз. Қасымда совхоздың жас директоры Сайын Құрмашев - көпті білетін аңғарлы жігіт, ескі әңгімелерді жақсы айтады.

- Қырбай сал деген атамыз болған! – деп айта бастағанда құлағым елең ете қалды.

- Ол кісі біздің жақын ағайын болып келеді. Біздің Сүйіндіктен тарайды. Ол кісінің бес-алты қалың дәптері болған, ұрпақтары жасырып ұстап жүр, арабша жақсы хат таныған.

Елу мың қойы бар дүркіреген Беріктас қой совхозын басқарған, мамандығы инженер-механик Сайын Құрмашев Қырбай сал жайлы мақтана айта бастады. Әр атаның мақтан тұтар тұлғалары болады. Сол арқылы арқаланып, ұрпақтары іріленіп айтып отырады. Сүйіндіктен -атақты Қарасай батырға бата берген Жанай батыр шыққан, одан кейін әлеуметті ән-жырымен тербеткен әйгілі Қырбай сал.

Енді мен Сайынның соңынан қалмай:

- Қырбай атамыздың дәптерлерін тауып берші, - деп кездескен сайын сұрап жүретін болдым.

Қастек өзеніндегі Бөшеннің сарқырамасы, Сарыжазықтағы Ұлы Жібек жолындағы Суықтөбе баурайындағы беті зілзаладан көміліп қалған жұмбақ кітапхана, Нұрабай ханның жарық жұлдызы тәрізді тарихи әңгімелерді де содан естідім. Сайын туыстарына барып, Қырбай салдың жазбаларының ізіне түсіп жүріп, арада біраз өткенде жұмысыма арнайы келіп:

- Мынау Қырбай салдың жазбалары, өзіңе аманат! – деп тапсырды. Кәдімгі қыры бір елі, сырты қара, іші арабша жазуға толы дәптерлерді қолыма алып, сипалай бердім.

Ол кезде арабша көп ешкім оқи алмайды. Ауданда оқу бөлімінде істейтін Мұхтар Әбділдабеков деген жездеміз бар, өте білімдар жан. Сол кісіні шақырып алып оқыттым. Оқыттым да іштен тынып, бармағымды тістедім. Кезінде халық жауы болып, ұсталып кеткен Қырбай сал туралы айту, өлеңдерін жариялау Кеңес өкіметі кезінде мүлде мүмкін емес. Амал жоқ, дәптерлерді архивіме сақтап қойдым.

Атақты халық ақыны Үмбетәлі Кәрібаев музейі ашылып, оған директор болып Надежда Лушникова тағайындалып, сол музейде көптеген мәдени-әдеби шаралар ұйымдастырып, қорына құнды дүниелер жинай бастады. Мен де қолымдағы Қырбай салдың дәптерлерін осы музей қорына тапсырдым.

Аумалы-төкпелі уақыт керуенінде алтын күрек дәурені туып, еліміз тәуелсіздігін алды. Көптеген ұлы тұлғаларымыз ақталып, арыстарымыз еске алына бастады.

Осы кезеңде Үмбетәлі Кәрібаев музейінің ұжымы Қырбай салдың тағы да екі дәптерін тауып, біраз өлеңдерін аударып, аудандық газетке жариялады. Бұл істе Надежда Лушникова, Жылбек Тоқтасынұлы айтарлықтай еңбек сіңірді.

Ал, өзім республикалық кітап музейіне директор болып келісімен Н. Лушникова тәтемізден Қырбай сал дәптерлерін сұрап алып, белгілі ғалым – арабтанушыларға аударттым. Атап айтқанда, филология ғылымының докторы Сәрсенбі Дәуітұлы, Дина Жандосова сияқты араб тілінің мамандары мен ғалымдар бұл дәптерлердегі Қырбай сал атасының барлық жазғандарын мұқият аударып берді. Жас зерделі ақын Ақан Әбдуәлиевті шақырып, қолжазбаны талқылап, ретке келтірдік. Тұтас компьютерге жаздырып, «Елге сәлем» деген кітаптың қолжазбасын дайындаттым. Енді осыны шығаруға демеуші болатын ұрпақтарын іздестіре бастадым. Әркім-әркім келеді, уәдені береді, ақыры көрінбей кетеді. Бір жігіттер келіп, қолжазбаны бір жетіге көруге алып кетіп, көшірмесін түсіріп алыпты. Кейін сол көшірмені көбейтіп, таратып жүр деп естідік.

Енді, Қырбай салдың өмірі, шыққан тегі жөнінде айтып өтейік. Арғы атасы – Шапырашты, одан Еміл, Емілдің ішінде - Сүйіндік. Туған жері әйгілі мұз құрсанып, қар жастанған атақты - Суықтөбе бауырындағы Аққайнар ауылы.

Жасынан өнер қуып, ел аузына іліккен Қырбай аты ерте шығады. Қасына өңкей әнші, күйші, қобызшы, биші небір сәнқой өнер перілерін жинап, қайда ас, той болса соның гүліне айналады. Алты қырдың астынан, жеті өзеннің ар жағынан ат жіберіп әдейілеп шақыратын құтты мейманы болады. Басындағы құндыз бөркіндегі үкісі желбіреп, қолында қыран бүркіт, соңына тазыларын ертіп, аңшылық-саятшылық құрған.

Жиырма жігіт жанында, бәрінің де мінгені біркелкі мейіздей қатқан қара сүлік ат, үстеріндегі көкшіл жібек зерлі шапандары да біркелкі, ортасында көріктілігі жұрттан асқан Қырбай сал аузынан ақмаржан өлең-жырын төгілтіп келе жатыр дегенді естіген жұрт қоғадай жапырласып қарсы алатын болған.

Қырбай дәулетіне сәулеті сай осы өңірде ұшқан құспен жарысқан арғымақтар өсіреді екен. Жасынан зерек, алғыр, өнерлі Қырбай арабша хат танып, дастан-қиссаларды жатқа айтқан, Сүйінбай, Жамбыл айтыс-жырларын жырлаған. Өнері жұрттан асқан Қырбайды жігіттің гүлі, өнердің нұры деп ардақтап, қырғыз-қазақ түгел «Қырбай сал» деп атап кетіпті.

Ал, 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісі кезінде халық батыры Бекболат Әшекеевтің жанында Үшқоңырда бірге болып, Тоқаш Бокин, Ораз Жандосов, Жұбаныш Бәрібаев секілді ұлт қаһармандарының сенімді серігіне айналды.

Бірақ, нағыз дегенбай шағында заман апалаң-топалаң болып, Кеңес өкіметі орнап, кедей-жалшылар Қырбай салдың соңына шам алып түсіп, мал-дүниесін тартып алып, асыл тұқымды жылқылары көрінген шолақ етек кедейлердің тақымында кетеді. Бозымбектің маңдайы жарқырап туған біртуар ұлы - Қырбай сал алты айдай Қарақыстақ абақтысына қамалып, одан Алматыға айдалып, 48 қыршын жасында 1937 жылы атылып кетеді.

***

Жуырда Қырбай салдың «Ұрпаққа аманат» атты кітабы жарық көрді.

Қырбай салдың қолда бар өлеңдерін талдағанда, «Елге сәлем» атты өлеңдеріндегі ағайын-тумаларына өкпе-назы орынды. Қырбайдай асылын іздеп абақтыға ағайындарының келе алмауы да заңдылық. Халық жауын іздеп бармақ түгілі, аты аталса болды шошынтқан заман кінәлі оған.

Қырбай салдың жазбаларындағы «Бекет батыр» дастаны және «Дәриға қыз немесе Ғазірет Әлі мен Дариғаның күрескені жайлы» қиссаның әдебиеттанудағы өзіндік орны бар. Осыдан бір ғасыр бұрын Алатау бауырындағы көзі ашық, көкірегі ояу Қырбай сал осы екі үлкен шығарманы өз естуі бойынша жазып қалдырған. Оның құндылығы, ерекшелігі жайлы зерттеу – ғалымдар еншісінде.

***

«Бекет батыр» жайлы айтар болсақ, қазіргі кезде Ғылым академиясының Орталық ғылыми кітапханасының қолжазба қорында бұл дастанның бірнеше нұсқалары бар. Атап айтар болсақ бұл дастанды жете зерттеген Әбубәкір Диваев (1856-1933) – этнограф, фольклорист, ғалым.

«Бекет батыр» ел ішінде көп тараған жырлардың бірі. «Бекет батыр» жырын Ә. Диваев 1897 жылы Шымкент уезінің қазағы Еркінбек Ақынбековтен жазып алып, сол жылы Қазан қаласында бастырған. 1895 жылы И.В. Аничков «Киргизская былина о героях Ирназар и Бикете» деген атпен шығарған. Бұл екеуін салыстырғанда Ә. Диваев нұсқасы ең толығы. Аничков нұсқасында Бекеттің Сібірге айдалып бара жатып өзінің қапыда қолға түскенін, хандармен қас болғанын, артында кәрі әке-шешесі, жалғыз баласы, жас әйелі қалғанын айтқан толғауы беріледі. Ал Ә.Диваев нұсқасында жоғарғы келтірілген мазмұнға қоса Бекетті артынан барған әйелі босатып алғаны суреттеледі. Жырда Бекеттің ерлігі әрекет үстінде көрсетілмеді. Бекет Сібірге айдалып бара жатып, өзінің ерлік ісін, басынан кешкен өмірін еске түсіріп, өзі баяндайды. Бекеттің өткен оқиғаны есіне алуынан сол кездегі ел билеуші хан Арыстан Жантөринді өлтіргенін, оның мал-мүлкін халыққа тартып әпергенін, досы болып жүріп Шернияз дегеннің алдап жендеттерге ұстап бергенін білеміз. Айдалып бара жатқан батырды артынан әйелі іздеп келіп, кісенді кесетін алмас береді. Бекет қол-аяғындағы шынжырды кесіп босанып, солдаттарды жеңіп, еліне келеді. Шернияздан өшін алады.

Сондай-ақ, Мыңбайұлы Ахмет деген кісінің «Ерназар - Бекет» деген атпен тапсырған дастанын қарап шықтық.

ХІХ ғасырдың 55-58 жылдары патша үкіметінің отаршылық қысымына қарсы кіші жүз қазақтарының күресін басқарған Ерназар Кенжалин мен Бекет Серкебаевтың ерліктері суреттелген жырлардың бір нұсқасы. Қазақ руларын бағындыру үшін патша әкімдері Арыстан ханды әскермен елге шығарады. Бекет батыр халықпен бірге қарсы шығып Арыстан Жантөринді өлтіріп, оның қазына-мүлкін халыққа үлестіріп береді. Бекет батыр Есет батырдың баласы Ерназармен Орынборға барған жерінде қолға түседі. Сібірге айдалып бара жатқан Бекеттің толғауы ретінде, өзінің қапыда қолға түскенін, хандармен қас болғанын, артында кәрі әке-шешесі, жалғыз баласы, жас әйелі қалғанын айтып налиды. Оқиға қара сөзбен басталып, өлеңмен аяқталады. Мыңбайұлы жинаған бұл нұсқа бұрын жарияланбаған, тарауға бөлінбеген.

Сондай-ақ 1941 жылы жазып қалдырған Мұрат Құсайыновтың қолжазбасы небәрі үш-ақ бет. Ал, Мұхтар Әуезов 1935 жылы «Бекет батыр» деген пьеса жазған.

Қырбай сал Бозымбекұлы арабша жазып қалдырған «Бекет батыр» дастаны өзіндік ерекшелігімен оқылады.

Егер Ә. Диваев қолжазбасында дастанның басқы сөзі: «Кешегі өткен уақыттағы Арыстан ханның заманында...» ал соңғы сөзі «... Ақырында не керек Бекет сынды батырдың мұрадын хаспы қылады» деп қара сөзбен бітіреді.

Қырбай салда бұл дастан ежелгі ақын-жыраулар дәстүрімен былай басталады:

Дін мұсылман халқымыз,

Ерлік шерлік атанды.

Әзелде біздің бақытымыз

Шернияз достым қор қылып,

Осылай болды парқымыз.

Атадан ұл туғалы,

Ата жолын қуғалы,

Мына қазақ жұртына

Бар еді берген антымыз.

Қас болса досым амал жоқ,

Тәңірім қылса шара жоқ,

Перзентсіз қалды артымда

Сіргебай шал қартымыз.

Он үшінен бері қарай,

Қылыш, мылтық белге алып,

Атқа міндім алшаңдап.

Талай-талай таласып,

Жүрдім біраз талтаңдап.

Төменнен шығып Ор барып,

Әруаққа ұран қолға алып,

Иілдім Бекет дегенге

Жоғары мен төменге.

Алшын, Жаппас, Шөменге.

Жасымнан шықтым ұдайы,

Мен қазақпын дегенге.

Ат семірттім өлеңге,

Жолдас болма көбенге.

Ал, соңы да жырмен аяқталады:

Қабыл болып тілегі,

Шернияздың көңілінде.

Найзаменен ашады

Арада күндер өткенде

Мұратқа сөйтіп жеткенде.

Жасаған ием жар болып,

Шернияздың ниеті

Ақырында не керек,

Бекет сынды батырдың

Мұраты асыл болады.

Ал, енді осы дастанға арқау болған Бекет батыр деген кім? Энциклопедияға үңіліп қарауға тура келді:

«Бекет Серкебайұлы (т.ө.ж.б.) – Есет Көтібарұлы бастаған Кіші жүз қазақтары көтерілісіне (1855-1858) қатысқан батыр. Елінің еркіндігі үшін күресіп, ресей отаршыларына қолдау көрсеткен Арыстан төрені өлтіруге қатысқан. Көтеріліс жеңіліс тапқан соң ел арасынан жаңадан жасақ жинап жүргенде қолға түсіп, Сібірге жер аударылады. Артынан анасы мен жары іздеп барып, солардың көмегімен түрмеден қашып шығады. Елге келген соң, жауларынан өш алады. Бекет батырға байланысты ерлік пен елдікті, азаттық пен адалдықты өсиет ететін «Бекет батыр» атты дастан жазылған».

«Қазақстан». Ұлттық энциклопедия. Алматы: «Қазақ энциклопедиясының Бас редакциясы», 1999. – 255 бет.

***

“Дариға қыз” атты рауаят 2002 жылы Астанадан “Фолиант” баспасынан шыққан “Бабалар сөзі” басылымының 1 томында діни дастандарға кірген. Бұл «Бабалар сөзі» жүз томдық қазақ ауыз әдебиетінің үздік нұсқалары жарияланатын үлкен дүние. Қазірге дейін елу томы жарық көрді. Бұл нұсқа мен Қырбай сал жазбасында толығымен берілген, мағынасы жағынан бірдей. Сол сияқты екі нұсқада кейіпкерлер аттары өзгеше. Мысалы: “Бабалар сөзі” басылымында Әли Арыслан деп, оның баласы Маһди деп берілсе, Қырбай сал Бозымбекұлы жазған нұсқада Ғали Арыстан деп, баласы Мәді деп беріледі.

Өлең шумақтарында өзгешелік бар. “Бабалар сөзі” басылымының басталғандағы шумақтар: Бұл қисса 159 шумақтан тұрады

Әуелі сөз сөйлейін бисмилладан,

Өлмей қалмас анадан туған адам.

Өлмей тұрып сөйлейін мен бір қисса,

Туған жан бәрі де өлер ата-анадан.

Құлдық, тағат қылсаңыз бұ дүниеде,

Өлсең иман табарсың ол дүниеде.

Тәңірі досты Пайғамбар төрт жарменен

Бір күні кеңес қылды Мәдинеде, - деп басталса,

Қырбай сал Бозымбекұлы нұсқасында:

Өлеңді біссміллә деп бастайында

Жаман сөз күнә болар тастайында

Мен-дағы бір Аллаға мінажат қып,

Сонан соң бір қиссаны бастайында.

Қатыран Самарқанда күшті патша,

Айтайын бұл қиссаны жұрт ұнатса.

Құлақтың мұны естіген құршы қанар,

Түсінген ғашық болар дәмін татса,- деп басталып кетеді.

Мұнда Ғазірет Әлі мен Дариғаның күрескені шариғат сөздерімен жазылған.

Мағынасы: Дариға қыздың айбаттылығы, күштілігі, онымен күрескен Әли Арысланның да жеңісін суреттеген. Олардың ұлдары Маһди нағыз батыр және керемет күш иесі екені жырланады.

Сонымен бірге бұл екі нұсқада да соңғы шумақтар да өзгеше аяқталады. “Бабалар сөзі” басылымында:

Ол Әли – бұл дүниеде ердің ері,

Дариғаға күресуге барған жері

Дариғадан Маһдидің туған жері,

Әлидің баласынан айырылып қалған жері.

Бихамдулла, кітабым болды тамам,

Бар ма екен бұл дүниеде менен жаман.

Оқығандар, бір дұға қылып қойғың,

Нәсіп етсін, бізге де бақи иман. - деп аяқталады.

Біздің қолдағы Қырбай сал нұсқасында:

Көктен Иса түседі, Жерден Мәді,

Не болар сол уақытта жұрттың халі

Біздерге жәрдем бергей патша құдай

Қиссаны мұнан басқа жаздым талай,

Бір дұға оқығандар етеме деп,

Аяғын тамам еттім, дерсіз қалай? – деп аяқталады. Бұл қисса 143 шумақтан тұрады.

Қисса тартымды, жеңіл түрде оқылады және рухани жағынан да әсерлі жазылған. Ата-бабаларымыздан қалған ерекше асыл мұра.

***

Жалпы Қырбай сал жазып қалдырған мұраларын қарап, оның дін-исламға ерекше берілгендігін айқын аңғаруға болады.

Қырбай салдың жазып қалдырған арабша 7 дәптерінің көпшілігі дін-исламды уағыздау жайлы. Атап айтар болсақ, олар:

Хадид сүресіне түсініктеме

Уақиғат сүресіне түсініктеме

Құрбан шалуға арналған хұтба

Үлкен күнә жасамауға арналған хұтба

Нәбә сүресіне түсініктеме

Құрандағы дұғаларға қысқаша түсініктеме

Құрбан айт намазына арналған хұтба

Әр түрлі жағдайларға байланысты оқылатын қысқаша дұғалар

Каф сүресіне түсініктеме

Мұсылмандарға имандылық туралы түсініктемелер

Юсуф ғ.с. өткен өмірі туралы.

* * *

Қазақтың ұлы ақыны Сүйінбай өлең-жырларымен Қырбай сал жасынан сусындап өскен.

Көзкөргендердің айтуынша Қырбай сал Сүйінбай Аронұлының Қатағанмен, Тезек төремен айтыстарын жатқа айтқан.

Қырбай сал жазбаларындағы Сүйінбайдың Тезек төреге көңіл айтуы жөнінде кейінгі ғылыми нұсқасымен салыстырып көрдік.

Филология ғылымының докторы, профессор, Сүйінбайдың шөбересі Сұлтанғали Садырбаев құрастырып дайындаған 1996 жылы «Білім» баспасынан шыққан «Сүйінбай» атты жинақта «Сүйінбайдың Тезек төреге көңіл айтуы» былай деп жырланады:

«Тезек төренің жақсы көретін баласы қайтыс болыпты. Төре үш күн нәр татпай жатып алыпты. Қылышын суырып бас жағына шаншып қойыпты», - деп басталып, «Ә, Сүйінжан! Келіп қалдың ба? Неге тұрмайын, тұрамын ғой, жалғыз-ақ өз орнымды басып қалуға лайықты бала еді, сол себепті күйініп жатырмын. Сенің саңқылдаған дауысың көңілімді сергітті, енді тұрайын! – деп басын көтеріпті», - деп аяқталады.

Ал, Қырбай сал жазбаларында түсіндірме, қарасөзбен емес, бірден өлеңмен басталып кетеді:

Жатырмысың хан Тезек тұрмайын деп,

Сүйінбай саған келді жырлайын деп.

Алса құдай өзі берген балаңды алды,

Қой, түйесін құдайдың ұрлаймын деп.

Балаң тұрсын, хан Тезек өзіңді алар,

Аузыңда сайрап тұрған сөзіңді алар.

Аю құсап жегізіп бар денеңді,

Жәутеңдеп екі ғана көзің қалар.

Құдай сенен қорқатын қазақ емес,

Сүйретіп өзіңді де көрге салар.

Өлмесе ата-бабаң қайда кетті,

Күшті болсаң құдайдан алшы хабар.

Қырбай сал Бозымбекұлы нұсқаларында Сүйінбай мен Тезек төре айтысының көп жері түсіп қалғанымен, болашақ сүйінбайтанушылар мен әдебиеттанушыларға кәдеге жарар деген оймен атақты ақынның бұл айтысын кітапқа енгізуді жөн деп таптық.

Қырбай сал Сүйінбай ақынның көптеген өлеңдерін жазып қалдырған. Атап айтар болсақ «Тезектің Сүйінбайға айтқаны», «Ат пен Сүйінбай айтысы», «Сүйінбайдың Тезекпен қоштасқаны».

***

«Ағайынға наз» - жаңа табылған өлең. Мұндағы бір ерекшелік – Қырбай салдың Ораз Жандосов жайлы тебірене жырлауы, атақты ел марқасқалары мен дәулетті де сәулетті асыл азаматтарын сағынып, сарғайып, қоштасуы. Заманының ақылман, биік тұлғалы азаматтарының кері кеткен Кеңес өкіметі кезінде абақтыда қамалып, көзкөрмеске қол-аяғы бұғауда айдалып, атылып кеткені жайлы аһ ұрып, өкініш-наласын жырмен жазады:

Бұл елдің қор болғаны ер намысқа,

Қожаны қанап-мінеп кетті алысқа.

Жолдасымның жақсылары өліп кетті,

Бүгінгі жүргендердің бәрі басқа.

Оразжан мынау шыққан арызымыз,

Ел болып саған салған қарызымыз.

Ей, шырағым назарыңды бір салмасаң,

Жұрт болмайтын боп кеткен тәріздіміз.

Аман бол туысқаным Жапақ дос-ай,

Өткіздік бұл дәуренді біз де осылай.

Алланың салғанына қыл сабырлық,

Бұл дәурен әркімнен-ақ өткен талай.

Қырбай салдың кейбір өлеңдерін туысы Жұрымбай деген кісі 1955 жылы арабша қайта көшіріпті.

Осы жинақты құрастыру барысында араб тілінен аударуға көмектескен Қазақ қыздар мемлекеттік университетінің аға оқытушысы Тұрсынбай Дәуітұлы мен республикалық кітап музейінің ғылыми қызметкері Рәсім Челидзенің және ақын, жас зерттеуші Серік Қалиевтердің көп еңбек сіңіргенін атап айтқан ләзім.

Алтын кездік қап түбінде жатпас болар. Асыл батпақта да жарқырайды. Қырбай сал есімі еліне атақ-даңқымен, сән-салтанатымен қайта оралуы тиіс.

Қырбай сал Бозымбекұлы шығармашылығын, өмірін зерттеу жаңа – жаңа басталды. Мына жинақ соның алғашқы қарлығашы.

Қырбай сал туралы жазушы Балғабек Қыдырбекұлы, ақындар Надежда Лушникова, Жылбек Тоқтасынов жазды. Зейін Шашкиннің «Тоқаш Бокин» деген романында Ораз Жандосов, Тоқаш Бокин, Қанай Боранбаев сияқты оқыған, көзі ашық алаш зиялыларымен бірге жүргені суреттеледі.

Бұл жинақты шығаруға ұйтқы, демеуші болған Қырбай салдың немересі – Динара Бақтыбекқызы Бозымбековаға айтар алғысымыз шексіз. Ол Қарасай ауданы Қырғауылды ауылындағы орта мектеп директоры болып істейді. Сұңқардан - сұңқар туады, тұлпардан – тұлпар туады деген осы.

Қырбай сал мұрасын халқына жеткізу – ортақ борышымыз.


Мазмұндас кітаптар

1 Ханс Кристиан Андерсенертегі
2 зерттеулер
3 Константин Паустовскийәлем әдебиеті
4 әңгімеҚұс қанаты
5 жыр
6 Нұрдәулет Ақышәңгіме
7 Шортанбай Қанайұлыдастандарайтыстар
8 Бейімбет Майлинпьеса
9 Александр Сергеевич Пушкинәлем әдебиеті
10 Константин Паустовскийәлем әдебиеті

Пікірлер:


Жолдаушы №: #136, : 08:24 - 2020/04/04

Қырбай атамның аруағы риза шығар мен өте ризамын


ادام نەمەسە ۋيروس ەكەندىگىڭىزدى تۇراقتاندىرۋ سۇراعى، كاتەكشەگە 99 دەپ جازىڭىز، راحىمەت!
98 + 1 = ? sozsiz sifermen tolteringiz.