Еларна қолфон нұсқасына ену

Жүктеу-Албомым-Албомдар-Желі
Осы торды сақтаймын! | Осы торды бас бет етемін!

Біздің байланыс: elarna2012@gmail.com

Үш күнгы келушылер санағыКелген адам саны (IP)Көрілген бет саны (PWs)КомпйутерҚолфон
2019-11-171215391738 %62 %
2019-11-181794515640 %60 %
2019-11-191101359243 %57 %


Тіркеліңіздер Кітапхана Қожалар торабы Албомдар Қазақтың 1001 ертегісі

::::КИЯЛ-ГАЖАЙЫП ЕРТЕГІЛЕР::Қиял-ғажайып ертегілер

Кітәпханаға қайту

Қиял-ғажайып ертегілер ->
Апторы: ертегілер
Қиял-ғажайып ертегілер - Көрілім: (1102)


: PDF Download - Жұктеұ - Скачать - ءتۇسىرۋ


Мен лезде қызғыш құстан әңгі есекке айналдым да кеттім. Әйелім «бишара, әбден жүдеген екенсің» дегенде, мен ойлаған едім, «маған жаны ашып, енді мені адам қалпына келтірер» деп. Есек болғаныма өте қатты қуандым. Себебі, қызғыш құстан гөрі әлдірек болдым ғой деп. Бірақ көп ұзамай ол ойым бекер болды. Себебі, қысы-жазы бірдей үстімнен жүк түспейтін болды. Жейтінім аттардан, сиырлардан қалған шөптер. Жаз болса соқаға қосып, жер де жыртады. Әрнемені бір сылтауратып басымнан таяқ кетірмейді. Сөйтіп, есек болып, тағы бірнеше жыл жүрдім. Әбден арықтап, еттен ажырап, қу сүйек пен тері қалдым. Арқама, жоныма ұрған таяқ, тасқа тигендей дың ете қалатын болды. Әбден көтерем болдым. Сонан бір күні бұрынғы әдісі бойынша үшкіріп жіберіп, «ит бол» деп, шыбықпен салып қалды, әп-сәтте сары төбет болдым да шықтым.

Сары төбет болған соң, айдап отырып базарға бардым. Базарда бір ет сатқан қасапшының дүкенінің қасында жаттым да қойдым. Қасапшы маған сүйек-саяқ, еттің бөлек-салағын берді. Ертесіне тағы сол қасапшының дүкеніне келдім. Мен келе жатқанда басқа иттер жылысып кете беретін болды. Мен әбден әлгі қасапшыға үйреніп алдым. Бір-екі жыл өткен соң, әбден күштеніп алып, бір күні мал базарға бардым. Мен адамның сөзіне түсінемін. Бірақ сөйлей алмаймын. Базар тарағанша сонда болдым. Менің мал базарға бару себебім, менің Мысыр қаласында Аббаз деген жолдасым болатын. Соның Ләйла дейтін қарындасы сиқыр оқуын оқыған. Соған жетсем, ол мені адам қалпыма келтірер деген ойым еді. Сөйтіп, базар тарқағанда бірнеше саудагерлер көптеген қой сатып алып, қаланың шетіне қарай айдап жүрді.

Мен осы саудагерлердің соңынан қалмадым. Қаланың шетінде тіккен шатыры бар екен. Қойларды сол шатырдың жанына айдап келді. Кешке қарай бір қой сойып тамақ жеді. Саудагердің біреуі, есіктің алдында жатқан мені нұсқап: «Мына ит мана базардан шыққаннан біздің соңымыздан қалмады. Өзі бір қасиетті ит болу керек. Ұрмаңдар, қайта сорпа-су беріп үйрете беріңдер. Түбі керек болар»,—деді. Саудагерлердің сөз тұрпатына қарағанда Мысыр қаласына баратын көрінеді.

Сонымен саудагермен ілесіп кете бердім. Түнде қойды күзетемін. Ешқандай қасқыр жолатпаймын қойларға. Менің түнімен қой күзеткенім саудагерлерге өте қатты ұнап, маған тамақты жақсы беретін болды. Арада бірнеше ай жүріп, ақыры Мысыр қаласына да келдім. Қаладан іздеп жүріп, Аббаздың үйін де таптым. Үйіне барып, есігінің алдында Аббазға қарап жатып алдым. Аббаз маған қарап, қарындасы Ләйланы шақырып алып: «Мына иттің көзі адамның көзіне ұқсайды. Кітабыңды ашып көрші. Біздің Санобар емес пе екен? Оның қатыны сиқыр оқуын оқыған еді. Сол қатын оған бір қастық істеген болар»,—деді. Ләйла дереу кітабын ашып жіберіп еді, «Бұл ит емес, адам»,—деді. Дереу өзінше бірдемелерді оқып, маған «түфу» деп, дем салып еді «адам бол» деп, мен баяғы Санобар қалпыма келдім де қалдым. Сол жерде көрісіп табыстық. Мен бастан кешкен оқиғамды тегіс айтып бердім. Мен Аббаздың үйінде бір-екі жыл жүріп, әбден өзіме-өзім келген соң, ауылға қайтуға Аббаз бен Ләйладан рұқсат сұрадым. Олар маған ризалығымен ұрықсат берді. Кетерде Ләйла айтты:

—Сен еліңе барсаң, сенің әйелің саған тағы қастандық істейді. Сондықтан сен мына аятты жаттап ал. Осы аятты айтсаң, сен адам түрінен өзгеріп, қалауың бойынша не болам десең боласың. Сөйтіп, тағы бір сиқыр оқуын үйретті: «Мұны айтып қатыныңды қандай айуан етемін десең де еркің, бірақ,—деді Ләйла маған,—сенің қатының сиқыр оқуын оқыған адам, егер есек, ат істесең, аузын шөпке, ернін суға тигізбе. Тигізсең болғаны, ол дереу өзгеріп, суға тисе, балық болып кетеді. Сонан кейін сені тағы айуан етіп жібереді»,—деді.

Бұл айтқанның бәрін мен көңіліме түйіп алдым. Бірнеше күн жүріп елге келдім. Адам күйімде әйеліме көрінуге қорықтым да, әйелімнің жатқан бөлмесінің тұсынан өзім тышқан болып тестім. Сөйтіп, әйелімнің жатқан төс ағашының астынан шықтым. Әйелім ұйықтап жатыр екен. Баяғы Ләйланың үйреткен сиқыр оқуын айтып, өзім адам қалпыма келіп, бір уыс топырақты шашып жіберіп, «көк байтал бол» деп, шыбықпен тартып жібердім. Әп-сәтте әйелім көк байтал бола қалды. Мен оны ұстап алып ерттеп, бәйге, көкпар шауып жүрдім. Бірақ баяғы Ләйланың айтқаны есімде бар, аузын шөпке, ернін суға тигізбей, басын қаңтарып байлап қоямын.

Бір күндері көк байтал арықтап өлуге келді. Сонан соң сиқыр оқуын оқып, «көк көгершін бол» деп, шыбықпен салып қалдым. Анау тордың ішінде тұрған көгершін, сол менің әйелім—Гүл.

Әлгінде тамақ жегенде алдымен итке беруімнің себебі—мені өлімнен құтқарған итім болған соң, оған бірінші бердім тамақты, иттен қалғанын тордың ішіндегі көгершінге берген себебім болса, ол маған қастық ойлаған әйелім болған соң, ол маған иттен жақын емес.

Көгершін тамақты жемеген соң, мен адамның қу басын ұрдым, ол баяғы өзім кесіп алған әйелімнің көңіл жақыны дәудің басы. Мен бас салып басты ұрсам, әйелім ызаланып тамақ жейді. Міне, менің әңгімем осымен аяқталды.

Енді уәде бойынша мен сенің басыңды аламын»,—деді Санобар Махамбетке.

—Менің өлер алдында сізден бір өтінішім бар,—деді Махамбет Санобарға. Санобар: «Ол қандай өтініш, айт»,—деді. Махамбет айтты: «Өлер алдымда мен әжетжанаға дәретке отырып алайын. Сонан кейін не істесең де еркіңіз»,—деді. Бұған Санобар келісті. Махамбет әжетханаға барып, баяғы өзі тығып қойған, кисе көрінбейтін қалпағын киіп, Санобарға көрінбей қашып кетіпті.

Сөйтіп, Жамиланың әкесіне келіп, Санобардың әңгімесін айтып, уәде бойынша Жамилаға үйленеді. Әкесі отыз күн ойын, қырық күн тойын істеп, Жамиланы Махамбетке қосады.

Ең бірінші рет Санобардың әңгімесін елге жайған Махамбет екен. Егер Махамбет болмаса, Санобардың әңгімесі осы кезге дейін ел аузына таралмас екен.

12. Сұрмергеннің ажалы

Бұрынғы заманда атақты бір мерген болыпты. Аты Сұрмерген екен. Сұрмерген аң қарап келе жатса, жолда екі жылан төбелесіп жатады. Жыланның бірі қара да, бірі ақ. Келіп қараса, қара жыланның түсі суық, өте ызғарлы екен. Мерген қара жыланды өлтіріп, ақ жыланға болысады. Сонан соң ақ жылан мергенге қарап қойып, бір тасты жалап алады. «Маған да жала деп тұр ма?»—деп мерген де әлгі тасты жалап алады. Жалап алған сағатында мерген жер үстіндегі барлық хайуандардың тілін түгел түсінетін болады. Мерген бірінші жыланмен сөйлеседі. Жылан: «Екеуіміз енді дос болдық. Және тіл білдім деп кісіге айтпа!»—деп ат басындай алтын берді. «Тіл білдім деп біреуге айтсаң, өлесің»—дейді. Жыланмен дос болып мерген үйіне қайтады. Алтынды үйіне апарып тастап, қайтадан аң қарап жүріп, бір байдың үйіне келіп қонады. Қонса, түнде боран болып, қой үркіп, қасқыр ұлиды. Қасқырға байдың төбеті де үріп, жауап береді. Олардың тілін қонақ түсініп отырады.

—Қой жеймін, болмаса қонағының атын жеймін,—дейді қасқыр.

—Мен саған қой да жегізбеймін, қонағымның атын да жегізбеймін,—дейді қара төбет. Қонақ итке іштей разы болып, алдына келген еттің жартысын итке бергізеді. Түнімен боран соғып, қойлар ығып кетеді, қоймен бірге ат та кетеді. Бай: «Малым қырылатын болды-ау, құтты қонақ болса, мұндай болмас еді!»—деп уайымдайды.

—Бай, жылама, малың аман, ыққаны табылады,—деп мерген шешініп, алаңсыз ұйықтай береді. Таң атқан соң бай мен қонақ екеуі мал мен атты іздеп келе жатса, қара төбет бәрін иіріп, айналып жүр екен. Қасқыр бір мал ала алмай, малды төңіректеп жүр екен. Адамды көріп қасқыр қаша жөнеледі. Бірақ төбет қайырмалап, қасқырды да жібермейді. Қасқыр қолға түседі. Қонақтың аты да, байдың қойлары да аман екен. Бай қуанып: «Қонақ, сен құтты қонақ болдың, қалағаныңды алып кет!»—дейді мергенге.

Сонда бір ұрғашы сары бас тоқты маңырап мергенге қарай береді.

Маңырағандағысы—«Бес жылда мың болам» дегені екен. Мұны мерген түсініп, тоқтыға ен салады және «бес жылдан кейін келіп аламын, ол уақытта осы тоқты мың болады» деді байға.

Бес жыл толғаннан кейін, мерген байдың үйіне келіп, уәделі қойымды бер десе, бай: «Қой беремін деп айтқан жоқпын»,—деп уәдесінен танады. Екеуі бір биге келіп жүгініп, айтылған сөзді бастан-аяқ баяндайды. Сонда қазы: «Қойыңды екі айыр жолмен айда, мергеннің үйіне қарай жүрген қойды Мерген алсын, өз үйіңе қарай жүрген қойды сен ал!»—деп билік айтады. Бай бұл билікке көніп, қойды екі айыр жолмен айдайды. Мерген жаққа қарап сары бас тоқты бастап мың қой шығады. Мерген сол мың қойды алып үйіне қайтады.

Сұрмерген бір күні қатынымен еріп, әйелдің төркініне барады. Әйелге төркіні артынан тайы ерген буаз бие мінгізеді. Сөйтіп, мергеннің өзі, екіқабат қатыны, бесіктегі баласымен буаз биеге мініп қайтады. Қайтып бара жатқанда тай енесін емейін десе, енесі тепкілеп, кісінеп тайын қасына жуытпайды. Кісінегенде: «Үстімде үшеу, ішімде біреу, өзім шаршап өлгелі келем»,—дейді бие. Оны мерген түсініп күліп жібереді. «Сен неге күлдің?»—дейді қатыны. Түсінгенін айтса өледі, айтпаса қатыны өкпелейді, қысылғаннан мерген: «Үйге барғанда айтайын»,—дейді. Үйіне келген соң: «Сен жолдағы сөзді айт!»—деп қатыны болмайды. Мерген бір мал сойып, жұртын жиып, жөнін айтпақ болады. Малын сойып, жұртқа, сыртқа шығарып қатынына айтайын деп отырғанда, үйге бір әтеш, бір шіби, екі тауық кіреді. Шіби әтештің алдындағы бір бидайын алып жей бергенде: «Мен Сұрмерген емеспін қатынына сырын айтып өлгелі отырған»,—деп әтеш шібиін шоқып, талап тастайды. Осыны естіген мерген қатынына хайуанның тілін білетінін айтпай, бір ажалдан аман қалады.

Тағы бір күні мерген аң қарап жүріп, бір тауешкіні атып алады. Атып алып етін жеп отырғанда, құлағына бір дауыс келеді. Дауыс: «Жалғыз ешкімді атып алдың, жазаңды қасқыр берсін!»—дейді. Мерген оны тыңдамастан үйіне қайтады. Кешке таман жолда бір керуен қонып жатыр екен, мерген сол керуенмен бірге далаға қонады. Қонып отырғанда, түнде қасқыр ұлиды. Қасқыр ұлығанда: «Сұрмергенді бүгін не қылсам да жеймін»,—дейді. Мерген керуеншілерге: «Не білдіңдер?»—дейді. Керуеншілер: «Ештеңе білгеніміз жоқ»,—дейді. Мерген: «Білмесеңдер, қасқыр мені жеймін деп тұр»,—дейді. Керуеншілер жер қазып, Сұрмергенді жерге тығып, үстіне киіз төсеп жасырып тастайды. «Қап бәлем, енді қайтер екенсің?»—деп жатып, ертеңіне керуеншілер тұрса, қасқыр бір жағынан қазып келіп, мергенді жеп кетіпті.

13. Сиқырлы тас

Баяғы өткен жақсы заманда бір үлкен бай болған екен, сол байдың жалғыз баласы болыпты. Жалғыз баласының жасы толған соң, бай «баламның қызығын көремін»,—деп жыл сайын жанындағы жәрмеңкеге жібереді екен, саудаға бір мың теңге ақша беріп, һәм сауданың жөнін білмейтұғын баласы сол жолы әкесінің берген ақшасына бір мысық сатып алыпты. Өз үйіне қайтқан соң, бай баласының келгенін есітіп, «балам не нәрсе сатып алып қайтты»,—деп қуаныш көріп, баласына келіп амандасып болған соң сұрайды: «Әй, қарағым, сен не сатып алып қайттың берген ақшама?»—деп. Баласы жауап береді: «Әке, мен бір түрлі хайуан сатып алдым, өзінің өнері сол: бұл жер үстіндегі тышқаннан тышқан қалдырмайтын мысық деген»,—деп. Бай баласының бұл сөзіне ешбір жауап айтпай, үйіне қайтты дейді.

Келер жылы сол уақытта тағы да баласының қызығын көрмекке, саудаға екі мың теңге ақша беріп, базарға жібереді. Бұл жолы баласы базардан екі мың теңгеге бір бүркіт сатып алыпты. Үйіне қайтып келген соң, тағы да әкесіне айтады: «Әй, әке, бұл жолы мен бір түрлі құс сатып алдым. Сол құсым көктегі құстан құс қалдырмаса керек, бәрін қырып жойып бітіреді»,—дейді. Әкесі бұл сөзіне де еш жауап қайтармапты. Келер жылы тағы да сол уақытта үш мың теңге беріп, тағы да базарға жібереді. Бұл жолы баласы бір тазы ит сатып алып қайтты. Үйіне келіп, әкесіне мақтаныш қылып, айтады: «Ата, мен бұл жолы бір тазы ит сатып алып қайттым, оның өнері сол: жер үстіндегі қояннан, түлкіден, қасқырдан түк тастамайды»,—деп. Атасы еш жауап айтпай қойыпты. Төртінші жылы төрт мың теңге ақша беріп, бай баласын тағы да базарға жіберіпті. Баласы бұл жолы бір үлкен сандық сатып алыпты, ішінде не бар-жоғын білмей, кілтіменен. Сатқан кісі бұған айтыпты: «Бұл сандықты ашпай, бір керек бек қиын уақытта ашыңыз, егерде жай уақытта ашсаңыз, өзіңізге зиян келтіреді»,—деп.

Байдың баласы сандықты үйіне алып келіп, қуаныш қылып, әкесіне айтыпты: «Бұл жолы мен берген төрт мың теңге ақшаңызға бір сандық сатып алып қайттым»,—деп. Әкесі баласының ақымақтығын біліп, еш жауап бермей, өз үйінен біржолата қуып жібереді, өзінің сатып алған мысығын, бүркітін, итін һәм сандығын беріп. Байдың баласы жылай-жылай өз үйінен шығып, жұртынан ұялғанынан біржолата айдалаға шығып кетеді, сандықты арқасына салып алып. Жасынан мұндай жамандықты көрмеген байдың баласы біраздан кейін шаршады. Бір жерге дем алуға, сандығын жерге қойып, өзі ойланып отырса, осы сандықты сатып алғандағы сатушының айтқан сөзі ойына түседі. Сандықты сол жерде ашып қараса, ішінде бір үлкен жылан жатыр екен. Жыланды бала көріп талып қалыпты. Көптен соң көзін ашып қараса, жылан адамның тілімен сөйлепті, «Әй, жігіт, сені мен көрдім, мені сатып алғаныңа көптен-көп Алла разы болсын! Енді сен мені өз үйіме жеткіз. Ондағы менің аталарым сенің қылған жақсылығыңа қарай шамасы келгенінше, жақсылық қылар»,—деп. Байдың баласы олай ойлап, былай ойлап, не болса да бағымды сынап көрейін деп, жылан жатқан сандықты қақпағын жауып, қайтадан арқалап жыланның айтқан жеріне жол жүріпті. Недәуірден соң бір сайдың ішіне келсе, іші толған жылан екен, адамзатты көріп, жыландар бәрі басын көтеріп алып, ысқырыпты. Байдың баласы туғаннан бері мұндай істі көрмеген сорлы қорқып, қорыққанынан арқасындағы сандықты жылдам жерге қойып, қақпағын ашып, ішіндегі жыланды босатып қоя берді. Жылан сандықтан шығып, өз тілінше ысқырады. Барша бастарын көтерген жыландар қайтадан өз орындарында жатады. Сонда жылан жорғалап өз ініне жүре бастапты. Байдың баласы соңынан қалмай, жүгіріп отырыпты. Недәуірден соң жылан бір үлкен інге келіп кіріп кетіпті. Байдың баласы іннің аузында тұрып қалыпты, біраздан соң жылан іннен шығып, адам тілімен көп-көп рахмет айтып, бір жасыл тас алып беріп қоя береді: «бұл тас қыл дегеніңді қылады, бірақ бос жерге тастаушы болма»,—депті. Байдың баласы қуанып сол жерде тасқа: «Мені жылдам итіме, құсыма жеткіз!»—депті. Сонда көз ашып жұмғанның арасында байдың баласын айтқан жеріне жеткізіпті. Байдың баласы бұл тастың қасиетін білген соң, бек қуаныш көріп, мысығын, бүркітін, итін алып, тасқа айтыпты: «Енді бізді ешкім білмейтін патшаның жеріне жеткіз»,—деп. Тас оның айтқанын мақұл көріп, көзді ашып-жұмғанша бай баласын барша хайуандарымен қалаған жеріне жеткізді. Жерге түскен соң жан-жағына қараса, алыстан бір үлкен шаһар көрінеді. Бай баласы итін, құсын, мысығын алып шаһарға келіп, ең шетіндегі бір үйге сөйлес қылса, ол үйде бір шал мен бір кемпірден басқа ешкім жоқ екен, ол шал мен кемпір бай баласын біржолата бала қылып алыпты. Баласы күнде таңертең аңға шығып, құс әкеліп, шал-кемпірді асырап жүріпті. Бір күні бай баласы күн шықпай далаға аңға шығып бара жатып, күннің екі бөлік болып шығып келе жатқанын көріп, аң-таң қалып, қайтадан шал мен кемпірге келіп: «Мұның себебі не?»—деп сұрады. «Қарағым, бұл жерде күн біреу-ақ, екінші күнмен қатар таласып шыққан хан қызының нұры»,—дейді. Бай баласы сол жерде хан қызының нұрына ғашық болып, «не болса да мұны мен алайын»,—деп, алмақшы болыпты. Сол көңілімен келер күні байдың баласы «ханның қызын айттырып кел»,—деп кемпірін жібереді. Туғалы мұндайды есітпеген кемпір әуелі шошып, бай баласы тілеп сұраған соң, кемпір бармақшы болып­ты. Бай баласы оған үйретіпті: «ертең ерте таң атпай сен ханның ордасына барып есігінің алдын сыпырып тұрғайсың. Хан тұрған соң бұл не қылып жүрген кемпір деп сұраса, сен өз жайыңды айтқайсың. «Ханның қызын балама айттырғалы жүрмін деп», – дейді. Хан сонда ашуланып сені зынданға сал деп құлдарына бұйырар, құлдар сені зынданға тастап жібергенде, сен аман-есен өз үйіңе келесің»,—дейді. Сонымен бейшара кемпір ертеңіне ерте орнынан тұрып, ханның қызын айттырмаққа ханның ордасына барады. Хан оянған соң, кемпірді көріп: «Не жаймен жүрген кемпірсің»,—деп сұрады. «Мен сіздің қызыңызды айттырғалы келіп едім»,—дейді кемпір. Сонда хан ашуланып, құлдарына бұйырады: «Дереу кемпірді зынданға сал»,—деп. Құлдары кемпірді қолынан ұстап апарып, зынданға тастап жіберді, кемпір зынданға түспей, аман-есен өз үйіне қайтып барды.

Кемпір өңі-түсі екенін білмей, көптен соң есі кіріп, баласына жайын айтыпты. Баласы ертеңіне тағы да кемпірді ханның қызын айттыруға жібереді. Кемпір ханның үйіне келіп, тағы да есігінің алдын тазалап жүргенін хан көреді. Кешегі кемпір екенін білген соң, құлдарына сенбей ханшаларын қосып жіберіпті зынданға тастауға. Құлдары ханшалардың көзінше кемпірді зынданға тастап жіберіпті. Оның орнына кемпір тағы да өз үйіне келіпті. Келген соң баласына жайы-күйін айтыпты. Байдың баласы кемпірді үшінші мәртебе ханның қызын айттыруға жіберіпті. Үшінші қабат барғанда әдейі ханның өзі шығып, кемпірді өз қолынан кескілеп, отқа жандырып жіберіпті.

Онан кейін баяғы жасыл тас күлін жиып алып, кемпірді тағы да тірілтіп, өз үйіне әкеліпті. Кемпір өлместігін білген соң, ертеңіне тағы да барып, ханның қызын сұрапты. Хан кемпірді көріп мұның өлместігіне көзі жеткен соң «мұнан, мұныменен құтыла алмаспын қалың малды көп сұрап, шошытып құтылайын» деп кемпірге айтыпты: «Әй, кемпір, мен саған қызымды берейін, бірақ қалың малына қырық қара ала аяқ жорға, қырық қара жүйрік ат бер, ені-түсі бірдей болсын, қырық нар түйе бер, түсі бірдей болсын, бір түсті қырық сиыр, қырық қой бер, ені-түсі бірдей болсын, қырық ешкі бер, ені-түсі бірдей болсын, онан соң бір түннен қалдырмай жерде тіреуі жоқ, жерде де емес, көкте де емес, алтын сарай жаса; екі бәйтерек орнат, бірі алтын, бірі күмістен болсын және екі бәйтеректің түбінен бұлақ ағызып қой, сонда мен қызымды беремін»,—деп. Кемпірді хан сол сөзіммен жұбаттым, құтылдым,—деп жіберіпті. Кемпір үйіне келіп, баласына бастан-аяқ ханның тілегенін, қалың малын айтыпты. Байдың баласы кемпірді тамаққа тойғызып, өзін жатқызып, өзі далаға шығып, жасыл тасты алып, бастан-аяқ ханның сұраған қалың малын айтып, бек қатты бұйырып, тасты қоя беріп өзі үйге келіп жатыпты. Ертеңінде орнынан тұрса, бәрі де айтқанындай екен.

Хан тұрып қараса, өңі-түсі екенін білмепті, біраздан соң есі кірген соң қараса, кешегі сұраған қалың малының бәрі, у-шу, азан-қазан болып, ордасының жанында жүр екен, не көкте емес, не жерде емес, алтыннан жасалған сарай күнмен шағылысып тұр, гауһар тастан жасалған күмістен орнатылған екі бәйтерек тұр. Оның түбінен бұлақ ағып жатыр. Хан аң-таң қалып тамаша қылып, кемпірдің баласына қызын бермекші болып, күйеуді шақыртып алып, бастан-аяқ хал-жайын сұрап, байдың баласына қызын қырық күн ойын қылып, қырық күн тойын қылып берді. Байдың баласын өзінің орнына хан қылып, біраздан соң хан дүниеден қайтты. Хан өлген соң, барша жұрты байдың баласына қарап қалды. Байдың баласы хан болса да жасынан үйренген әдеті, күнде ерте тұрып, итін ертіп, құсын алып, аң аулап жүреді екен. Бір күні айдалада аң аулап жүргенде бір қу аяқ кемпір кез болады. Кемпірді көріп, хан аяп, өз үйіне қызмет қылуға әкеп қояды. Кемпір ханның үйінде ханшасынан басқа адамды көрмейді. Не жұмысы болса да өзі істеліп, өзі қылынып тұрғанын көреді. Кемпір мұны көріп, ханға айтуға батпай, ханшадан сұрапты. Ханша айтады: «ханның бір жасыл тасы бар, осы жұмысты сол істейді»,—дейді. Сонда кемпір айтады, маған жұмыс қылғызғанша, бәрін сол тасқа істетейік, хан аң аулап кеткенде, тасын үйге тастап жүрсін депті. Соны сұрап алып қал,—дейді. Ханым мұны мақұл көріп, тасты ханнан сұрап алып қалған екен. Бір күні тас кемпірдің қолына тиген соң, тасты алып, айтады: «Осы ханшаны алтын сарайымен, менімен Қарақұл деген ханның жұртына көз ашып-жұмғанша апар»,—деді. Тас айтқанын орнына келтіреді. Кемпір Қарақұл деген ханның кемпірі екен. Ханның ханшасына қыз күнінен ғашық болып жүреді екен. «Осы ханның ханшасын алып кел»,—деп жіберген кісісі екен. Қарақұл ханның жұртына келген соң, Қарақұл хан қырық күн ойын, қырық күн тойын қылып, баяғы ханның қызын алып қатын қылады, өмір дәурен сүріп тұрады.

Байдың баласы аңнан қайтса, үйінің орнында жұрттан басқа түк таба алмай, зар-зар жылап, ел-жұртынан айрылып, бүркітін, итін, мысығын алып, айдалаға шығып, адам жүрмейтін, құлақ естімейтін жердегі бір үлкен өзеннің бойына барып, балық аулап, тамағын асырап тұрады. Сөйтіп, жүріп көп жылдар өтті. Бір күні мысығы менен иті екеуі отырып, өзі-өзі ақылдасты: «Бұл біздің байымыз бізге қанша ақша шығарып, сатып алды, бізді осы күнге шейін асырап сақтап тұрды. Біз бұған бір жақсылық көрсеткен жоқпыз»,—десті. «Енді біз байымыздың жоғалтқан тасын іздеп тауып берелік, – депті. Соныменен иесі ұйықтап жатқанда ит пен мысық екеуі тасты іздеуге сапар шекті. Көп күндер, көп айлар, көп жылдар өткен уақытта ит пен мысық бір үлкен шаһарға келіпті. Шаһардың ішін аралап жүрсе, не көкте емес, не жерде емес, бір алтын сарайды көреді. Көріп, баяғы өз байының сарайы екенін танып, сол сарайдың жанынан шықпай жүріпті. Бір күні Қарақұл хан көріп, мысық пен итке тамақ бергізіпті. Ит, мысық сол үйді бірі ішінен, бірі тысынан күзетіп жүріпті, сөйтіп, жүріп мысықты Қарақұл хан жақсы көріп, тамақ ішкенде жанына отырғызатын болыпты. Мысық тастың ханның өзінде екенін біліп, итке айтыпты, ит бұған ақыл үйретіпті: «Сен бір күні хан тамақ ішіп отырғанда бір тышқан ұстап алып, тірідей жұтып қой, хан мұны көріп, мырс етіп күліп, сені қабырғаға түртіп жіберер, сонда сен тышқанды қайтадан құсып жібер, сонда хан жүрегі айнып, қақ дегенде аузындағы жасыл тас ұшып жерге түсер, сонда сен тасты тез тістеп маған бер, мен үйден ала қашып кетермін, сені арқама мінгізіп, сонан соң байымызға апарып береміз»,—депті. Иттің үйреткенін мақұл көріп, мысық иттің айтқанындай, бір күні тамақ ішіп отырғанда қылыпты, хан «қақ» дегенде аузындағы жасыл тас ұшып жерге түсіпті, сонда мысық тасты ала қашып, итке беріпті. Ит мысықты арқасына мінгізіп, алып қашып, көп күннен соң баланың балық аулап жатқан жеріне келіпті. Өзеннің бойына келген соң ит, мысық дауласыпты. Судан өткен соң мысық айтыпты: «Тасты сен маған бер, сенің аузың үлкен, шаршағанда қырылдап тас суға кетер»,—депті. Ит бұл ақылға көнбей, судың ортасына келген уақытта мысықтың айтқаны келіп, иттің аузынан тас түсіп кетіпті. Сол уақытта ұшып келе жатқан үйрек тасты қағып алып, жұтып қойып, кете барыпты. Арғы жақтағы байдың баласының бүркіті мұны көріп, ұшып барып үйректі ұстап алып, иесіне беріпті, ит пен мысық судан шыққан соң өзді-өзі ұрысыпты, байдың баласы иті мен мысығына риза болып, үйректі сойып жіберсе, үйректің ішінде тас жатыр екен, бек қатты шаттанып, қуанып, сол жерде тасқа бұйырады: «Көз ашып-жұмғанша Қарақұл ханның қатынын, кемпірін, өзін барша алтын сарайымен баяғы орнына алып кел!»—деп. Тас бәрін алып келді. Байдың баласы жұртына келіп, жұртының көзінше Қарақұл ханды, өзінің қатынын, кемпірді—бәрін қылыштап өлтіріпті. Онан кейін жұртына разы болып, өзінің орнына бір жақсы адамды хан қылып отырғы­зып, өзі итімен, мысығымен, бүркітімен, тасымен, «бұл дүниенің баяны жоқ»,—деп жаһан кезіп кетіпті.

14. Пырақ

Бұрынғы өткен заманда, дін мұсылман аманда Қасым атты хан болыпты. Ханның өзі хандығын елден асырса да, басында бір қайғы болыпты. Бір баланың жоқтығынан хан алты әйел алыпты. Алты әйел алса да бала көрмепті. Бір күні хан отырып елін жинап бата алып, қажыға бармақ болыпты. Сол оймен халқын жинатып, ақ бата алып қажыға жүреді.

Хан бірнеше күндей жол жүріп, Алатау деген тауға келіп түнейді. Түнде көзі ұйқыға ілініп кетсе, түсінде үш пері адам болып келіп: «Хан басыңды көтер, қолыңды жай, Құдай сенің тілеуіңді береді, еліңе қайт, барғаннан кейін бір әйелің екіқабат болады!»—дейді де ғайып болады.

Хан ұйқыдан басын көтеріп алса, ешкім жоқ. Сонымен хан, еліне қайтады. Еліне келіп, арада бірнеше ай өткеннен кейін ең кенже әйелі жүкті болып, бір ұл табады. Хан ұлдың атын Пырақ қояды.

Пырақ он-он үш жасар бала болып жақсы-жаманды ажырататын болады. Хан Пырақты атқа міндірейін деп, қол астындағы халқын жинатып, үлкен той істемек болады. Барлық тойға керекті нәрселерді даярлап, халқына хабар береді және алыс жерде екі досы бар екен, оған да хабар береді. Досы атпен келуге алыс болған соң, бір ағаш ат істетеді. Ол ағаш аттың оң құлағын бұраса—ұшатын, сол құлағын бұраса—қонатын болады. Соған әлгі досы мініп, ұшып келіп, жоғарыдан түсе қалады. Алыстан келген мейман деп, үйге кіргізіп алады.

Бір уақытта ойнап жүрген Пырақ: «Жаны жоқ ағаш атқа қалай мініп келді?»—деп тамаша көріп, аяғын үстіне салып, оң құлағын бұрап жіберсе, ағаш ат аспанға ұша жөнеледі. Халық дереу Қасым ханға хабар береді. Хан шығып қараса, бала аспандағы ала бұлтқа араласып көрінбей кетеді.

Хан баладан айрылып, жиналған халқын тарқатады. Пырақ ойға қалады: «Әке-шешем және елімнен айырылдым. Аттың сол құлағын бұрайын, бір өлім ғой» деп ағаш аттың сол құлағын бұраса, бір қаланың шетіне түседі.

Ағаш атты сол арадағы белгілі бір үлкен тастың астына тығып, жаяу қалаға келеді. Бір үлкен қораға келсе, қораның ортасында шам жанып тұр екен. Шамның жанына барса, бір кемпір келіп: «Әй, балам, түн ішінде не қылып жүрген баласың?»—деп аты-жөнін сұрап, үйіне апарып тамақ береді. Тамақ береді де: «Балам, сен бұл жаққа бір жаманшылық болып келіп қалыпсың. Енді сен маған бала болғын!»—дейді.

Пырақ: «Болайын»,—дейді. Сонымен төсек салып беріп, жатқызады.

Таң атады. Кемпір баланың тамағын беріп, қолына ақша беріп, «Базарға барып, тамаша қылып кел» деп жібереді. Пырақ базарға барып, аралап келе жатса, бір сұлу бала самауыр қайнатып, шай сатып отыр екен. Пырақ әлгі баланың аты-жөнін сұрайды. Бала бастан-аяқ жайын айтады. «Мен де сендей бір ханның баласы едім, бір ханның қызына ғашық болып, содан осы жерге келіп шай сатып отырмын»,—дейді бала. Пырақ: «Сен ғашық болсаң, сол қызды іздеп бармай, мұнда шай сатып отыруың қалай?»—дейді. Сонда самауыршы бала: «Менің ғашық болған қызым жанында қырық нөкері бар, осы дүкеннің басында отыр»,—деп қызды сыртынан Пыраққа көрсетеді.

Пырақ қыздың тұрған жерін анық біліп, үйіне кетіп қалады. Кешке Пырақ кемпірді ұйықтатып тастап, баяғы тығып кеткен ағаш атын алып мініп, хан қызының үйіне барып, ағаш атын қоя салып, есіктен қараса, қырық нөкерімен хан қызы да ұйықтап қалған екен. Үйге кіріп, ұйықтап жатқан хан қызының бетіне ақ шәйі орамалды он екі қабаттап жауып, сүйіп алып үйіне қайтып барып жатып қалады. Ертеңіне ханның қызының күтушілері қызды күндегідей өлшесе, салмағы бір мысқал күндегіден артып қалыпты. Оны ханға білдіріп, хан бұйрық қылыпты: «Есігіне, бояу жағып қой, кімде-кім келіп жүрсе, ертең мәлім болады. Киімі бояу болған адамды дарға асып жібергін!»—дейді. Ханның жарлығы бойынша уәзірлері есігіне бояу жағып қояды. Пырақ түнде тағы келіп қараса, қыздар тағы ұйықтап қалған екен, бетіне орамал қойып сүйіп алады да үйіне қайтып кетеді. Сол күні бейсенбі екен. Ертеңгі намазға бармақ болып, ертерек тұрып, бір суға барып, дәрет алып отырып, үсті-басының бояу болып қалғанын көреді. Сүйтіп отырғанда, бір диуана келеді. Пырақ барлық киімін сол диуанаға беріп, үйіне барып жатады.

Күтушісі келіп, қызды өлшесе, тағы да екі-үш мысқал ауырлап қалыпты. Хан естіп, қаһарланып, дереу жан-жаққа жасауыл шаптырып қаратады. Бір жасауыл намазға жиналған адамдарға барса, баяғы бояу жағылған киімді киіп тұрған бір диуананы көреді. Көре салып: «Сен екенсің ғой!»—деп, ондай-мұндай сөзін тыңдамай, дарға астырады.

Сол күні келіп жүрген кім екенін білейін деп, барлық қырық қызды ұйықтатып тастап, ханның қызы өзі ояу жатады.

Пырақ күндегісіндей барып бетінен сүйе бергенде, қолынан ұстай алады. Сүйтіп, Пырақтың аты-жөнін сұрайды, Пырақ бастан өткен істердің бәрін айтады. Қыз балаға ғашық болады.

—Сен ертең де кел. Мен әкемнің казынасынан ат басындай алтын, қой басындай күміс ділдә алайын, екеуміз қашайық!—деп сөз береді. Таң атқанша сол арада болып, үйіне қайтып келеді.

Пырақ күндіз үйінде болып, түнде уәде бойынша келсе, барлығы даяр болған екен. Қызды дүниесімен ағаш атқа мінгізіп алып, екеуі ұшып кетеді. Ұшып отырып бір жерге келіп қонса, бір үлкен қала екен. Сол қалада тұрамыз деп, қаладан бір үй табады. Ол үйге күніне үш ділдә беріп, тұратын болады. Арада үш-төрт күн өтеді. Пырақ сол қаланың ханымен танысуға көңіл беріп, баяғы әйеліне ақыл салады. Әйелі Пырақтың көңілін қимай: «Мейлің, бүгін шақыр!»—дейді.

Пырақ шақырып келеді. Әйелі неше түрлі тағам істеп ханды әбден күтеді. Пырақ ханды дос қылып, жанып тұрған шамды өшіріп, тартуға бір табақ ділдәні ханның алдына қойып еді, қараңғы үй жарық болып кетеді.

Үйінен хан ділдә алып шыққанын көріп қалып, қаланың қарақшылары ел тегіс ұйықтаған кезде, Пырақтың үйіне кіріп, барлық ділдә, ақшаларын ұрлап кетеді. Барлық ақшасынан айырылған Пырақ: «Қалай күн көреміз!»—деп жылап отырады. Пырақтың әйелі диуанаға берем деп, терезе түбіне жеті тиын алтын қойған екен, сол ақша есіне түсіп қараса, ақша орнында тұр екен. Әйелі ақшаны алып Пыраққа: «Жаным, жылама, мына жеті тиынға базарға барып келгенінше жібек алып кел!»—дейді.

Пырақ базарға барып, жібек алып келеді. Ханның қызы жібектен дереу кілем тоқып, кілемнің ортасына өзінің суретін басып Пыраққа береді. «Апарып сайдағы лайға малып, сілкіп-сілкіп жіберсең, жарқырап кетеді. Базарға алып бар, он бес сомнан кем сатпа, ақшасына тағы да жібек алып кел!»—дейді. Пырақ кілемді апарып, лайға малып, сілкіп-сілкіп жіберіп еді, кілем жарқырап шыға келді. Бір қашқарлық он бес ділдәға алып, тағы үш кілемдік ақша берді. Пырақ он бес ділдаға жібек алып, қалған пұлын әйеліне береді. Әйелі жібектен тағы кілем тоқып, ақша алған қашқарлыққа апарып береді. Әлгі қашқарлық кілемдегі суретке ғашық болып, Пыраққа: «Мен сізден оқысам бола ма!»—дейді.

Пырақ: «Болады, оқысаң, ертең менің үйіме келе ғой!»—деп кетіп қалады.

Ертеңіне қашқарлық үйіне барып, кіре бергенде Пырақтың әйелін көріп талып қалады. Оны Пырақтың әйелі сезеді, бірақ күйеуіне сездірмейді. Пырақ кашқарлықтан:

—Неге талып қалдыңыз?—деп сұрайды. Қашқарлық: «Қояншығым бар еді»,—деп жауап береді.

Қашқарлық Пырақтан біраз сабақ алып, кетерінде Пыраққа: «Әйеліңізбен менің үйіме меймандыққа келіңіз»,—деп шақырады. Ертеңіне Пырақ әйеліне: «Жүргін»,—десе әйелі: «Бармаймыз»,—дейді. Пырақ шақырған жерге барамыз деп болмайды. Ақыры әйелі бармаған соң, Пырақ өзі кетеді. Қашқарлық Пыраққа ішкілік ішкізіп, мас қылып, бір тамға апарып тастайды да, қолындағы алтын сақинасын алып, Пырақтың әйеліне бір жігітті жібереді. «Мына алтын сақинаны көрсетіп, Пырақ шақырып жатыр десең, әйелі келеді»,—деп тапсырады жігітке.

Әйел алтын сақинаны көргеннен-ақ, бір пәленің болғанын сезеді, жігітке білдірмей бір қанжар алып, қашқарлықтың үйіне келеді. Үйге кіре, бергенде, жігіттер жабылып, әйелді Пырақ жатқан тамға кіргізіп жібереді. Әйел тамға кіріп барса, қараңғы тамда Пырақ жатыр. Дереу қанжарымен тамның бір жерін тесіп, Пырақты шығарып, енді өзі шығайын деп жатқанда қарауылдар көріп қойып, әйелді ұстап алады. Айрыларда әйелі Пыраққа: «Сен енді түсіңді өзгерт те, нан сатқын»,—деп, ақыл айтады. Қыз жалғыз өзі бір тамда қамауда жата береді. Ауқат берсе, ішпейді.

Сүйтіп, арада үш күн өткеннен кейін, қыз тамның терезесінен қарап отырса, нан сатып жүрген Пырақты көреді. Қыз бір жігітті шақырып алып, қолына хат жазып беріп: «Мынау хатты апарып берсең, анау сатушы нан береді»,—деп Пыраққа жібереді. Пырақ хатты алып, нанды беріп жіберіп, енді хатқа қараса: «Бүгін түнде тамыр болған ханның екі атын, екі қылышын сұрап алып, терезенің тұсына келіп тұрғын!»—депті.

Пырақ ханға барьш екі ат, екі қылыш сұрап алып, түнде тамның түбіне келіп тұрғанда ұйықтап қалады. Пырақ ұйықтап жатқанда адам жұтатын бір жалмауыз келіп, атқа мініп, тұра береді.

Бір уақытта қыз терезеден секіріп түсіп, атқа мініп, жалмауызды Пырақ екен деп жүре береді. Таң атқан соң қараса, жуан келген бір қара жігіт қасында келеді. Әлгі жігітке сыр бермей: «Қайда барамыз?»—дейді.

Жігіт: «Жүре бергін»,—деп ертіп бір үлкен қораға алып барады. Мал қамаған бір қораны көрсетіп болып, екінші қораға барса, толған көгендеп тастаған адамды көреді.

Одан шығып далада тұрғандарды көрсетеді. Қыз білмегенсіп: «Бұл немене?»,—дейді. «Бұл адамды тартып өлтіретін дар» дейді. «Оған қалай тартып өлтіреді?»,—деп таңданады. «Білмесеңіз мені тартып көріңіз»,—дейді.

Сол арада жалмауыз киімін шешіп, мойнына арқан салып тұрып: «Қоя бер дегенде қоя бергін»,—дейді. Қыз: «Болады»,—деп жалмауызды дарға тартады. Жалмауыз қоя бер дегенде де қоя бермей, асып байлап тастап, жалмауыздың киімін еркекше киіп алып, барып қорадағы көгендеулі адамдарды босатып, өзі жүріп отырып Көкек деген қалаға барып, еркек болып тұра береді. Бір күні ел жиылып, басқа жақтан келген сүйкімді, мінезі жақсы, ақылды жігітті өлген ханның орнына хан сайлайды. «Хан болдың, енді ханның әйелін ал»,—деп әйелін неке қылып қосады. Хан болып қызмет етіп жүріп, әйеліне «Қырық күндей маған жақындама»,—дейді. Сүйтіп, өзінің суретін бастырып, отырған тамның есігіне жапсырып қояды. «Кімде-кім келіп осы суретті сұраса, маған айдап кел?»—дейді. Бір күні қарап тұрса, бір қара жігіт келіп, суретті сүйе береді. Жігітті дереу ханға айдап келеді. Оны дарға астырып жібереді, ол баяғы жалмауыз екен. Арада неше күн өткеннен кейін тағы біреу келіп, суретті құшақтап жатқан жерінен жасауыл айдап, ханға әкеледі. Хан ор қаздырып, оның ішіне жылан, тағы басқа түрлі бақа-шаянды толтырып, жаңағы адамды ішіне тастайды. Ол қашқарлық екен. Ханның алған әйеліне қылған уәдесіне екі күн қалып, Пырақтың келетін жолына қарап отырады. Адам келмей кеш болып қалып, жатайын десе бір жасауыл бір жаман киімді мүсәпірді айдап келіп ханға білдіреді. Хан қараса, баяғы Пырақ. Сол арада хан құшақтасып көрісіп, киім киіндіріп, ертеңінде елін жинап, бастарынан өткен істерін айтады. Сол арада ана әйелді де Пыраққа қосып, Пырақ екі әйелді алып, еліне қайтып, әкесін, елін аман көріп, мұратына жетеді.

15. Күлсе, аузынан будақ-будақ гүл түсетін, жыласа, көзінен моншақ-моншақ маржан түсетін құс

Ерте заманда бір патша болыпты. Патшаның үш баласы бар екен. Ең үлкенінің аты—Асан, ортаншысының аты—Үсен, ал ең кенже баласының аты—Хасан екен. Хасан өте сұлу, ақылды, әрі батыр, ақ көңілді бала болып өседі. Патша ұйықтап жатып түс көреді, түсінде бір ғажайып құс көреді. Құстың күлсе, аузынан будақ-будақ гүл түседі, жыласа, көзінен моншақ-моншақ маржан түседі. Міне, патша осы құсқа ынтық болады. Дереу орнынан тұрысымен Асан мен Үсенді шақырып алып айтады: «Мен түсімде бір тамаша, өмірімде көрмеген құсты көрдім, өзі өте сұлу, күлсе, аузынан будақ-будақ гүл түсетін, жыласа, көзінен моншақ-моншақ маржан түседі. Осы құсты қайдан да болса маған тауып әкеп бересіңдер,—деп бұйрық береді,—Егерде тауып әкеп бермесеңдер, бастарыңды аламын»,—деп қатуланады.

Асан мен Үсен әкесінен қорыққанынан: «Қайдан да болса тауып әкеп береміз»,—деп уәде береді де, жол жүріп кетеді. Бұл уақиғаны Хасан білмейді. Хасан әкесінің Асан мен Үсенді күлсе аузынан будақ-будақ гүл түсетін, жыласа, көзінен моншақ-моншақ маржан түсетін құсқа жұмсағанын қырық күннен кейін барып біледі. Асан мен Үсенді осындай алыс жолға жұмсап, өзінің үйде қалғанына қапа болып, әкесіне жылап келеді.

—Әке,—дейді Хасан,—Асан мен Үсенді жұмсаған жаққа мені неге жұмсамадыңыз, әлде мені ол екеуінен жек көресіз бе, я болмаса маған сенбедіңіз бе? Патша айтады: «Жоқ, балам, олай емес, мен Асан мен Үсенді өте қатерлі қиын жолға жұмсадым. Ал сені ол қиын сапарға жұмсауға көзім қимады!».

Хасан әкесіне жалынып, сол құсты іздеуге разылығын алып, ел-жұртымен қош айтысып, екі ағасының артынан кетеді. Қырық күн бұрын кеткен ағаларын Хасан қуып жетеді. Ағайынды үшеуі бір үлкен жолға түсіп жүре береді. Бір күндері бұлардың жүріп келе жатқан жолы үш айрылады: бір жол оңға, бір жол солға, бір жол тура бетімен. Әр жолдың басында үлкен тас тұр, тастың бетіне ойып жазған жазуы бар. Бірінші жолда—«Барса, келер», екінші жолда—«Барса, мүмкін келер, мүмкін келмес», үшінші жолда—«Барса, келмес» деп жазылған. Асан «барса, келер» жолына түседі. Үсен «барса, мүмкін келер» жолына түседі, ал Хасан «барса келмес» жолына түсіп жүре береді. Бірнеше ай, бірнеше күн жүргеннен кейін Хасанның алдынан үлкен қала көрінеді, қаланың айналасында көп киік жайылып жүр. Хасанның осы кезде азығы таусылып бірнеше күннен бері ас ішпей, ашығып келе жатқан кезі екен. Киіктің біреуін атып алайын деп, беліне асынған садағын алып кезене бергенде, киіктердің бәрі маңырап Хасанды қоршап алып, мұңлы дауыспен шулай кетеді. Хасан киіктерді атпайды, «бұл жануарларға не болған» деп ойлап, еш нәрсеге түсінбестен қаланың ішіне кіреді. Бір үлкен сарайдың ішіне кіріп: «Кім бар?»—деп дауыстап еді, ешкім жауап бермеді, жан-жағына қарап еді, бір алтын табақ тола қуырылған етті көреді, әбден ашыққан Хасан етті жемекші болып, табаққа қолын сала бергенде: «Әй, адамзат, тарт қолыңды!»—деп үсті-басы алба-жұлба, тісі ақсиған, түсінен адам қорқатын бір кемпір келіп, бір нәрселерді айтып аузын күбірлетті де, жерді теуіп қалды. Осы кезде Хасан киікке айналды. Әлгі кемпір Хасанның мойнынан жетектеп жаңағы маңырап Хасанның алдынан шыққан киіктерге апарып қосты. Хасан адамгершілік түрінен айрылғанмен, ақылынан адаспады. Көп киіктерден бөлініп жаңағы өзі келген жолына түсіп, келген жағына қарай жүре береді. Бірнеше күн өткеннен кейін, алдынан жаңадан соғылған үлкен сәулетті бір сарай көрінеді. Киік болған Хасан сол сәулетті сарайдың ішіне кірді, алдынан бір сұлу қыз шығып, киікке қарап: «Сен киік емессің ғой, адамзатсың ғой, егерде мен сені адамгершілік қалпына келтірсем, сен мені аласың ба?»—деп сұрап еді, киік—Хасан тіл қатпады. Қыз айтты: «Сені киікке айналдырып жіберген менің залым анам ғой, сенің тіліңді де сөйлетпей қойыпты ғой»,—деді де киік Хасанның бетіне бір уыс топырақ шашып жіберіп еді, Хасан бұрынғысынан да сұлу жігіт болып шықты. Хасан адамгершілік калпына келген соң қызбен сыпайы амандасып, қызға үлкен алғыс айтты және де басынан өткізген тарихын баян етті. Қыз да басынан өткен-кеткенін Хасанға айтып берді. Қыз айтты: «Мен сол сені киікке айналдырған жалмауыз кемпірдің жалғыз қызы едім, шешемнің адамға жасаған дұшпандығына төзе алмай, еншімді алып бөлек шығып едім. Мен өмірімде адам баласын көрмей жалғыз өтермін деп қапалықта отыр едім, Құдай сені маған кездестірді, мен сенің соңыңнан қалмаймын»,—деді. Хасан айтты: «Мен әкеме берген уәдемді орындамай, саған үйлене алмаймын»,—деді. Қыз сұрады: «Әкеңе қандай уәде берген едің?» Хасан әкесінің түсінде бір тамаша құсты көргенін, күлсе, аузынан будақ-будақ гүл түсетінін, жыласа, көзінен моншақ-моншақ маржан түсетінін айтты. Сол құсқа әкесінің көруге құмар болып, екі ағасын тауып әкеліңдер деп жұмсағанын, ағаларының артынан өзінің өтініп, қандай қиындық болса да төзіп, қайдан да болса тауып әкеліп беремін деген уәдесін айтты. Қыз Хасанның бұл сөзін естіп жылай берді. «Сен бұл құсты іздейтін болсаң, маған жоқсың. Бұл құс менің құсым еді, адамша сөйлей алатын еді. Менен бұл құсты пері патшасының Күлжамал деген қызы әскерімен келіп тұрып алып кеткен еді. Ол перінің елін іздеп табарсың-ау, бірақ та құсты саған оңайлықпен алдыра қоймас»,—деді. Хасан айтты: «Мен қандай қиындыққа болса да төзуге тиіспін, қандай да болса құсты әкеме тауып апарып беру міндетім және борышым, ал құсты аман-есен тауып алып қайтсам, алдымен саған келемін, сенен басқа ешкімге үйленбеймін»,—деді.

Қыз Хасанның беттеген жағынан қайтпайтұғынын білген соң, Хасанға рұқсат беріп, жөн сілтеді.

—Батысқа қарай тоқсан күн жүресің, одан кейін алдыңнан аспанмен таласқан биік тау кездеседі, сен ол таудың ар жағына тоқсан күн дегенде өтерсің. Сол таудың арғы түбінде үлкен жалғыз түп бәйтерек бар, сол бәйтеректің басында зымырық құстың ұясы бар. Сені, мүмкін, сол зымырық перінің еліне жеткізер»,—деді. Содан кейін қыз айтты. «Менің залым шешем тірі тұрғанда екеумізді бірге өмір сүргізіп қоймайды, бір зиянын тигізеді, менің шешемнің ажалы мынадан болады»,—деп бір садақтың оғын берді.—Қалай қарап атсаң да, менің шешемнің маңлайына тиеді,—деді. Хасан садақтың оғын алып, көп кідірместен атып жібереді, атылған оқ жалмауыз кемпірдің мандайынан тиіп сол заматта өлді. Бұдан кейін Хасан қызбен қош айтысып батысқа қарай жүріп кетті. Қыз айтқандай, Хасан тоқсан күн жүріп аспанмен таласқан үлкен тауға кездесті, таудың ар жағына тоқсан күн дегенде зорға деп асып түсті. Үлкен жалғыз түп бәйтерекке келіп саясында демалып отыр еді: «Әй, адамзат, бізді өлімнен құтқар, құтқар!»—деп шырылдаған зымырық құстың балапандарының даусын естіді. Хасан: «Бұл мүсәпірлерге не болды?»—деп қарап еді, бір үлкен айдаһар жылан балапандарды жұтуға әзірленіп, бәйтеректің басына қарай жылжып өрмелеп бара жатыр екен. Хасан көп ойланбай, дереу қынаптағы қылышын суырып алып айдаһарды бірнеше жерден шауып өлтірді. Зымырық құстың балапандары өлімнен аман-есен құтылғанын біліп, Хасанға көп рахмет айтты, ашығып отырған балапандар айдаһардың етін жеп тойып алды. Дәл осы кезде қатты жел тұрып, нөсер жаңбыр жауды. Хасан балапандардан сұрады: «Бұл не қылған жел, не деген нөсер жаңбыр?»—деп. Балапандар айтты: «Бұл жел емес, біздің анамыздың қанатының лебі, ал жаңбыр дегеніміз—біздің анамыздың көз жасы. Біздің анамыз жылда осы бәйтеректің басына жұмыртқалып, балапан басып шығарады екен. Анамыз балапандарына тамақ іздеп кеткенде, жаңағы сіз өлтірген айдаһар інінен шығып, біздің анамыздың басып шығарған балапандарын жеп қояды екен, біздің анамыз келгенше қайтып ініне тығылып қалады екен. Қазір біздің анамыз аң аулап қайтып келе жатыр, біздерді тірі көремін бе, әлде айдаһар жеп қойды ма деп жылап келе жатыр. Міне, жаңбыр емес, біздің анамыздың көз жасы»,—деді.—Біздің анамыз,—деді балапандар,—адамзаттың етіне сондай құмар. Сізді көрсе дереу жұтып жіберуі мүмкін, сондықтан сіз біздің қанатымыздың астына жасырына тұрыңыз,—деді. Хасан балапандардың қанатының астына жасырынды. Бір мезгілден кейін зымырық құс келіп бәйтеректің басына қонды. Зымырық құстың салмағынан бәйтерек иіліп жерге тиді. Балапандарының тамағына көп бұғы, киік, тағы басқа аңдарды алып келіп үйіп тастады. Балапандарының тірісін көріп көз жасы тыйылып, қуанып кетті. Дәл осы кезде жадырап күн де шығып, қатты жел де тыйылды. Бір кезде зымырық құс тамсанып жан-жағына қарай берді: «Адамзаттың иісі шығады, сендер көрген жоқсыңдар ма?»—деді. Балапандар айтты: «Егер сіз бір қасық қанын кешсеңіз, біз адамзатты көрсетелік»,—деді. Зымырық «мақұл» дегендей бас изеді, балапандар қанатының астындағы Хасанды көрсетіп еді, зымырық Хасанды жұтып жіберді. Балапандар шыр-шыр етіп, анасының тамағынан ұстай алды. Зымырық Хасанды қайтып, жұтпай тастады. Содан кейін зымырық балапандарынан: «Бұл адамзат сендерге қандай жақсылық істеді?»—деп сұрады. Балапандар айтты: «Бұл адамзат айдаһарды өлтіріп, бізді ажалдан құтқарды»,—деді. Зымырық Хасанға үлкен алғыс айтып, не жұмыспен келгенін сұрады және де қандай жәрдем керек деді. Хасан басынан кешкен уақиғаны тегіс жасырмай айтып берді және перілердің жеріне жеткізіп тастауды өтінді. Зымырық «мақұл» деп жол қамына кірісті. Балапандарына өзі қайтып келгенше жетерлік ауқат жинап беріп, жолда жейтін ауқатын алып, үстіне Хасанды мінгізіп перінің жеріне қарай ұшады. Зымырық бір жеті ұшады, мұхиттан өтеді, шөлден өтеді, от дариясынан өтуге жақындағанда жейтін тамағы таусылып, басы айналып, көзі қарауытқан зымырық сасады.

—Ей, адамзат, баратын жерімізге жете алмаймыз-ау, менің әлім кұрыды, құлауға айналдым!—дейді. Хасан дереу екі санының етінен екі жапырақ ет кесіп, зымырықтың аузына тосты. Зымырық Хасанның берген етін жеп, күшіне келеді. Содан кейін зымырық Хасаннан сұрайды: «Бұл қайдан шыққан ет? Сондай дәмді, әрі күш беретін ет екен»,—дейді. Хасан айтты: «Мен сізге санымның етін кесіп бердім». Зымырық Хасанның екі санындағы жарасын дереу қанатымен сипап еді, жара жазылып кетті. Осыдан кейін көп ұзамай-ақ зымырық пен Хасан перінің жеріне келіп жетті. Зымырық айтты: «Перілер бір ұйықтаса қырық күн ұйықтайды. Перілердің ұйықтағанына қазір үш күн бопты. Мен сені осы жерде үш күн күтемін, үш күнде қайтып келмесең, мен саған қарамай-ақ ұшып кете берем»,—дейді.

Хасан үш күнде қайтып келуге уәде беріп, қалаға қарай кетеді. Қала өте сұлу екен, ылғи алтыннан соғылған, бұрын мұндай сұлу қала көрмеген Хасан қаланы тамашалап, құсты да, зымырықты да ұмытып кетеді. Хасан бір кезде қаланы аралап жүріп, бір үлкен тамаша соғылған сарайға кіреді. Сарайдың ішінде қырық қыз ұйықтап жатыр, ар жағында оңаша бір бөлмеде алтын кереуеттің үстінде тағы бір қыз ұйықтап жатыр. Одан әрі тағы бір бөлмеге кіріп еді—жаюлы дастарқан, неше түрлі тамақ. Тамақтан алып жейін деп еді, бір нәрсе шаңқ ете қалды: «Әй, адамзат, біреудің тамағын неге рұқсатсыз жейсің?»—деп күліп жібергенде аузынан будақ-будақ гүл түседі. Хасан қараса, өзінің іздеп жүрген құсы екен, алтын қапаста отыр. Хасан қуанып кетті. Құсты алып зымырыққа тез қайтпақшы болып, құсқа ұмтылғанда құс шар ете түсті. «Сен мені алып кете алмайсың. Егерде мен ащы даусыммен сайрасам, осы қаладағы ұйықтап жатқан перілердің бәрі оянады. Ал, сенің бір мысқал етің бұл жерде мың ділда тұрады, мені ескертпеді деп өкпелеме, ендігісін өзің біл»,—деді. Хасан құсқа жалынып жылай берді. Жолда көрген уақиғаларын және де құстың бұрынғы егесімен қосылмақшы болып уәделескенін айтты. Құс Хасанның көңілін қимай: «Мақұл, мені алып кете ғой, бірақ жолда көрген оқиғаларыңды айтып хат жазып, ана бөлек бөлмеде ұйықтап жатқан қыздың қалтасына сал»,—деді. Хасан құстың айтқанын орындады. Содан кейін құсты алып зымырыққа келді. Зымырық, енді болмаса ұшып кетейін деп отыр екен. Хасан құсымен зымырықтың арқасына мініп көп қиындық көрмей, зымырықтың балапандарына аман-есен жетті. Ар жағына жету үшін зымырық қанатының бір қауырсынын үзіп берді. Хасан құспен зымырықтың қанатының қауырсынына мініп уәделескен қызына келді. Қыз қуанып Хасанды, құсты бар ынтасымен қарсы алды. Бірнеше күн демалған соң, Хасан қызды, құсты алып, зымырық берген қауырсынға мініп еліне қарай жүріп кетті. Бірнеше күн жүрген соң, алдынан жаяу келе жатқан бір адамға жолықты. Қараса, өзінің ортаншы ағасы Үсен екен, жолда қаражаты таусылып, бір байдың малын бағып күнін көрген, содан кейін еліне жаяу қайтып келе жатыр екен. Өзі әбден аштықтан азған, киімдері тозған. Хасан Үсенді суға түсіріп, үстіне жаңа киімдер кигізді, тамаққа әбден тойғызды. Сөйтіп, өздерімен бірге қауырсынға мінгізіп келе жатса, Үсеннің халінен де жаман азып-тозған, биті торғайдай, мойны ырғайдай болған Асанға кездеседі. Хасан Асанды да Үсен сияқты тамаққа тойғызып, киіндіріп алып, қауырсынға мінгізіп алып жүреді. Бір күні бұлар бір жерге келіп қонады. Осы кезде Асан мен Үсен екеуі ақылдасады. «Біздің әкеміз бұрын да біз екеумізден Хасанды жақсы көруші еді, енді Хасан елге барған соң құсты мен таптым, қызды да өзім таптым дер, ал бізді аштан өлейін деп келе жатқан жерінен өзім тамаққа тойындырып алдым дер. Әкеміз екеуміздің байға жалданып мал баққанымызды естісе, менің атыма дақ келтірдіңдер деп дарға асуы да мүмкін. Қайткен күнде де Хасанның көзін жою керек, содан кейін құсты өзіміз тауып алып келдік дейміз»,—дейді. Екеуі осылай етіп келісіп, Хасанға келеді. «Бізге құдықтан су алып бер»,—дейді. Хасан «мақұл» деп беліне жіп байлап терең шыңырау құдыққа түседі. Асан мен Үсен Хасан құдықтың дәл ортасына жетісімен жіпті пышақпен кесіп жібереді. Хасанды құдыққа тастағаннан кейін Асан мен Үсен қызды «мен аламын», «мен аламын» деп таласып қалады. Қыз екеуіне де тимей, айдалаға қаңғырып кетеді. Асан мен Үсен құсты алып еліне келеді. Әкесіне құсты алып келгенін баяндайды. Патша Асан мен Үсеннен: «Хасан қайда?»—деп сұрайды. Асан мен Үсен: «Хасан біздің айтқанымызға көнбей, теңіздің суына шомылып жатқанда, жайын жұтып кетті. Бірақ біз жайынды өлтірдік, Хасанның кегін алдық»,—дейді. Патша Хасанның өлгенін естіп, қатты қайғырып басын көтермей күн-түн жатып алады.

Дәл сол күні перілер ұйқысынан оянады, пері патшасының қызы қапастағы құстың жоқ екенін біліп қалаға жар салады. Қалтасындағы хатты көріп, құсты адамзаттың алып кеткенін біліп, пері патшасының қызы әскерімен құсты іздеуге аспанға ұшады. Хасанның әкесі бір күні өзі орнынан тұрмастан: «Құсты сайратыңдар!»—деп бұйрық береді. Құсты алтын қапасқа отырғызып сайратады. Құс қайғылы, мұңлы үн, ащы дауыспен сайрайды. Дәл осы кезде аспанда ұшып, құсты іздеп кең аспанды кезіп жүрген перінің қызының әскерлері Хасанның елінің үстінен адам болып түсе береді. Аспаннан адам жауған соң, Хасанның елінің адамдары үрейленіп, қорқып патшаға келіп тығылады. Пері патшасының қызы әскерімен құстың тұрған жеріне келіп, патшаны алдына шақырады. Патша жатқан орнынан тұрып киімін киіп, белін буынып, Аллаға сиынып, пері патшасының алдына келеді. Пері қызы патшадан сұрайды: «Ей, адамзаттың патшасы! Мына құсты қай балаңыз алып келді, соны маған көрсетіңіз, мен сіздің сол балаңызбен сөйлесер едім»,—дейді. «Әй, пері қызы! Осы құсыңды мен түсімде көріп, бір көруге құмар болғаным рас. Алып келіңдер деп үш баламды жұмсағаным рас. Ал сол үш баламның екеуі аман қайтып келді, ал ең кішісі жақсы көретін балам қайтпады, жолда балық жұтып кетті деп келді, өтірік-расын әлі анықтағаным жоқ. Ал, сол баламның қайғысынан мына құсты осы бірінші рет көріп тұрмын, ендігісін ана тірі келген екі баладан сұраңыз!»—деді де патша үйіне кетті. Пері қызы Асан мен Үсенді шақырып: «Қалай алып қайттыңдар, соны айтып беріңдер»,—деді. Асан мен Үсен: «Е, қалай алып қайттыңдар дейтін несі бар, жүйрік атпен бардық та, алып қайттық»,—деді. Пері қызы айтты: «Сендер шындықтарыңды айтпай отырсыңдар, бәрібір мен қазір құсты сөйлетемін, құс барлық шындықты айтып, сендердің сөздерің өтірік болса, бастарыңды аламын!»—деді де құсқа «сөйле» деп белгі берді. Құс жолда болған оқиғаның бәрін айтты: «Хасан ақ көңіл, қайырымды жігіт екен, жылап қоймаған соң, ергенім рас, Хасан мені алып менің бұрынғы иемнің үйіне әкелді. Содан кейін бәріміз осы жаққа қарай келе жатқанымызда жолда азып-тозып, ашығып келе жатқан Асан мен Үсенді кездестірдік. Хасан бұл екеуін тамаққа тойындырып, киім киіндіріп еді, бұлар Хасанға қастық ойлап құдыққа алдап түсіріп тастап кетті. Содан кейін менің бұрынғы иемді екеуі «мен аламын», «мен аламын» деп таласып еді, ол қыз екеуіне де тимей, айдалаға қаңғырып кетті. Олардың аштан өлетін уағы болған жоқ, әлі тірі болуы мүмкін»,—деді.

Пері қызының бір әскері жер жүзін бір сағатта айналып шығатын жүйрік екен, пері қызы сол жүйрікті жұмсады, ал Асан мен Үсеннің басын кесіп алды. Пері қызының мұнысына патша қарсы болған жоқ. Асан мен Үсеннің басы алынып болған кезде жүйрік пері Хасан мен қызды алып келді. Пері қызы Хасанның батырлығына, адамгершілігіне риза болып, құсты өз қолынан Хасанның әкесіне сыйлайды. Патша пері қызына алғыс айтып қырық күн той, отыз күн ойын жасады. Пері қызы әскерімен қонақ болды. Сонымен адамзат пен пері араласқан қой мен бөрі араласқан үлкен той болыпты.

16. Құланайжарқын

Баяғыда бір кемпір мен шал болыпты. Кемпір тамаққа тою білмейтін мешкей болады екен. Бұлардың торы биесі күніге бір құлын туады екен. Сол құлынды жалмауыз кемпір күнде жеп қояды. Тіпті бір күні жаңағы биені жегісі келіп шалына: «Осы биенің өсімі жоқ, сойып алайық»,—дейді. Торы биенің досы—осы үйдің бір тазысы болады. Жаңағы шал осы тазыны торы биеге жібереді. Тазы биеге келіп жылайды: «Енді екеуміз дос бола алмаймыз. Сені соятын болды. Мені саған жіберді»,—дейді. Торы бие: «Сол ма сенің келгенің? Оған қиналма, менімен шын дос болсаң, мені союға апарып «арқан әкел» дегенде үзілетін әлсіз жіп әкел, «пышақ әкел» дегенде өтпейтін пышақ әкел, ал өзің менің құйрығымнан тартып тұр»,—дейді. Тазы торы биені шал-кемпірге әкеліп береді. Торы биені құбылаға қаратып жығып, тазының әкелген жібімен аяғын буып, тазыға торы биенің құйрығын ұстатып қояды. Шал өтпейтін пышақпен бауыздайын деп жатқанда, торы бие мен тазы аққу болып ұшып кетеді. Бір жерлерге келіп «аққулар» қонады да, баяғы қалыптарымен біреуі тазы, біреуі торы бие болып, дос болумен жүре береді. Торы бие күніге бір құлын туып, жылқы көбейе береді. Бұларды қасқырлардан, жыртқыш аңдардан қорғаушы тазы болады. Жылқылардың саны көбейген сайын тазының ісі қиындап, бір күні торы биеге келіп: «Енді маған адам тауып бер»,—деп жалынады. Торы бие: «Ол үшін сен адамның басқан ізінен бес уыс топырақ әкеп бер, сонда саған адам тауып берейін»,—дейді. Айтқанындай, тазы адам басқан жерден бес уыс топырақ әкеледі. Торы бие бұған адам тауып береді. Бұның атын Құланайжарқын қояды. Құланайжарқын аса мерген, сондай батыр болады. Ол жүрген жерге ешкім келе алмайды. Жылқыны тазы екеуі қорғап жүреді. Бір күні бұлар далада жүргенде бір үйдің үстінен шығады. Бұл үйдің ішінде үш қыз отырады. Жаңағы үш қыз Құланайжарқыннан қорқады. Құланайжарқын бұларды өлтірмекші болады, бірақ жаңағы үш қыз жылап қоя береді. «Сіздердің астарыңызды пісіріп жүретін болайық»,—деп жалынады. Құланайжарқын бұған келіседі. Құланайжарқын аң атып, әрі жылқыларын бағып жүре берді. Бір күні қыздар ойнап жүргенде қазанның астындағы от сөніп қалады. Енді бұлар қорқып үйдің үстіне шығып тұрса, бір түтін алыстан шұбатылып көрінеді. Бұған үш қыз жүгіріп барады. Келсе, жаңағы от мыстан кемпірдің оты болып шығады. Қыздар от алып үйлеріне келіп, Құланайжарқынның алдынан ас пісіріп қояды. Қыздар енді оты таусылып қалса, мыстан кемпірдің үйіне келіп тұрады. Мыстан кемпір мен қыздардың үйінің арасына тас жол салынады. Мыстан кемпір күнде қыздарға келіп басын қаратып тұрады. Басын қыздардың тізесіне салып, қанын сорып алады да үйіне кетеді. Бір күні Құланайжарқын қыздарға: «Сендер неге жүдеусіңдер, әлде менен қорқып ас ішпейсіңдер ме?»,—дейді. Қыздар: «Мыстан кемпір келіп, күнде біздің қанымызды сорып алады»,—деп жауап қайтарады. «Олай болса, мен осында бүгінше қалайын, сендер айтпаңдар, мыстан келіп «батырдың иісі шығып тұр ғой» десе, сендер жаңа кетіп еді, және үйде көйлегі тұр деңдер»,—дейді. Құланайжарқын кілемнің астына жасырынып қалады. Күндегі мезгілінде мыстан кемпір келеді де: «Үйден батырдың иісі шығып тұр, кірмеймін»,—деп даурығады. Қыздар Құланайжарқынның айтқанын айтады. Мыстан үйге келіп отыра бергенде, Құланайжарқын шығып, мыстан кемпірді буып тастайды. Өзі ертесіне аңға шығып кетеді. Жаңағы мыстан кемпір қолы байлаулы үйде қалады. Қыздар қасында тұрып мыстан кемпірге сылқ-сылқ күледі. Біреуі абайламай жүріп, мыстанның қасына отыра қалады. Мыстан кемпір оны аяғымен теуіп өлтіреді. Екіншісін де сүйтеді. Үшіншісі қорыққанынан мыстан кемпірдің қолын шешіп жібереді. Жаңағы қызды ертіп алып мекеніне қарай тайып отырады. Құланайжарқын келгенде осындай жағдай болған еді, бұған таң қалады. Манағы мыстан кемпірдің екі қызды өлтіріп кеткенін, енді біреуін алып кеткенін біледі. Құланайжарқын бір қыздың киімін киіп, тас жолменен мыстанға барады да: «Мен де қызың, Құланайжарқын қорлық көрсетті, енді саған келдім, шешеке!»—дейді. Мыстан кемпір бұған сеніп үйіне кіргізеді. Бір күні Құланайжарқынға басын қаратады. Мыстан кемпірдің басын Құланайжарқын жарып өлтіреді. Құланайжарқын қызбенен бұрынғы мекеніне келеді. Екеуі қосылып, бай болып, барша мұратына жетеді.

17. Қармақ салған жігіт

Бір жігіт бұрынғы заманда суға қармақ салып жүрді. Қармақ салып жүргенде күнінде бір балықтан артық түспейді. Бір күні қармағын салды, екі балық түсті. «Е, Құдай-ай!»,—деді. Күнінде біреуден артық түсуші емес еді, маған бүгін екі балық түсті, мұны берген Құдай маған бірдеме берер»,—деді. Қармағын күнде салып жүрді. Күнінде екі балықтан түсіп жүрді. Бір күнде жігіт жатқан жерінен түрегеліп, беті-қолын жуып тұрса, қармағын салайын дегенде бір сары ит жүгіріп жігітке келді. Жігіт айтты: «Е, Құдай-ай! Қанша жылдан бері мен қармақ салып, бір балықтан алып жеп жатушы едім, енді маған, екі балық түсіп тұрғаны, біреуі иттің несібесі екен»,—деді. Бір балықты итке берді, бір балықты өзі жеді, итті жолдас қылды, екеуі жолдас болып жүрді. Екеуіне екі балықтан Құдай қанағат беріп жүрді. Сөйтіп, жүргенде екі балықтан түседі, бірін ит жейді, бірін өзі жейді.

Бір күні үш балық түсті қармағына. «Е, Құдай-ай!»,—деді. Бізге Құдай тағы бір серікті берер». Күнінде үш балықтан түсті. Бірін ит жеді, бірін өзі жеді, бірін алып қояды. Ертеңіне екеуі түрегеліп, беті-қолын жуып тұрады. Бір ала мысық жүгіріп келді. «Е, Құдай-ай!»,—деді. Ит пен жігіт айтты: «Бір тәуір мысық екен»,—деді—мұны берген Құдай тағы бірдеңе берер», – деді. Түнде үшеуі жатты, ертеңіне тұрды, қармағын салды, үш балық түсті, үшеуі үш балықты жеді. Үшеуі бір күні ақылдасты: «Біз бүйтіп жүрмейік, бір мал табайық»,—деді. Жігіт айтты: «Ит пенен мысығым, мен ел-жұртты білмеймін. Мал табатұғын жерлерің болса, мал табыңдар»,—деді. Мысық айтты: «Мына жақта бір бай бар, мына итті маған қосып бер, мен мына судан өте алмаймын, ит мені арқасына мінгізіп ар жаққа алып шықсын. Ар жақтағы байдың бір зымырық тасы бар деді, соны алып келейін, соны алып келсем Құдай бізге мал да берер, бас та берер». Ит пен мысық екеуі кетті. Ит арқасына мінгізіп мысықты ар жаққа алып өтті. Мысық итке айтты: «Итім, сен осы арада жата тұр, мен ауылға барып келейін». Мысық ауылға жүгіріп келеді, ауылға келсе, ауыл ас беріп жатыр екен. Мысық келді деп, әркім ет берді. Мысық етке тойды, бір қауым ет жеп алды. Жүгіріп қайтты, итке келді. «Итім—деді,—мына етті жеп сен осы арада жата тұр. Сен ауылға барсаң, ит таласа берер, мен саған тамақ әкеп берейін. Мен ауылға барсам «мысығым, мысығым» деп әркім ет берер»,—деді. Мысық жүгіріп ауылға барды. Әркім ет берді, мысық келді деп. Мысық бір қауым етті жеп итке әкпеліп берді. «Сен осы етті жеп жат»,—деді. Мен барып зымырық тасты алып келейін». Жүгіріп келді байдікіне. Бай айтты: «Ұры мысық келді, зымырық тасты ұрлап кетер». Күңдер оны, қуып жіберді мысықты үйге жолатпай. Мысық есітті де кетіп қалды. Бай айтты: «Зымырық тасты алып бер, мысық оны ұрлап кетер, аузыма салып жатайын». Мысық байдың айтқанын білді. Бай зымырық тасты аузына салып ұйықтады.

Жүгіріп мысық түнде қайтып келді. Бай шалқасынан жатыр, мысық келіп кеудесіне шығып отырды. Мысық қайтып түсті жерге, құмандағы суға құйрығын малып алды, байдың кеудесіне шықты. Суға малған құйрығын ұйықтап жатқан байдың танауына тығып алды. Бай түшкіріп қалды, аузынан зымырық тас ұшып жерге түсті. Мысық зымырық тасты алып қашты. Бай қуып-қуып жете алмай қалды. Мысық жүгіріп итке келді. Мысық айтты: «Зымырық тасты алып келдім». Ит айтты: «Жүрейік» деді. Иттің арқасына мінді мысық. Суда жүзіп ит жүрді. Келе жатып, судың ортасында мысыққа айтты ит: «Зымырық тасты маған бер. Мысығым, алып келген жақсы атын сен ал, апаратұғын жақсы атын мен алайын». Мысық итке айтты: «Итім, мен зымырық тасты саған берер едім, сен суда жүзіп келесің, сен аузыңды ашып отырасың, аузыңнан суға түсіп кетер». Ит айтты: «Бермесең, мен сені суға тастаймын» деді. Мысық қорықты, итке тасын берді. Судың шетіне жетіп келгенде иттің аузынан зымырық тас суға түсіп кетті. Судан шығып ит пен мысық жылап жігітке келді. Мысық айтты жігітке: «Зымырық тасты алуын алып едім. Ит иттігін қылды. Судың ортасына келгенде «зымырық тасты маған бер» деп ит айтты. Судан шыққан соң берейін деп едім, оған болмады, айтқан сөзге көнбеді, судың ортасында бер деді, бермесең, суға тастаймын деді. Қорыққан соң зымырық тасты бердім. Иттің аузынан суға түсіп кетті».

Жігіт итке ұрысты. Мысық айтты: «Ұрыспа, Құдай берсе зымырық тас табылар»,—деді. Үшеуі қармақ салып жүрді. Үшеуі бір балықтан алып жеп жүрді. Бір күні жігіт суға қармақ салды. Бір соқыр шабақ түсті қармағына. Жігіт айтты: «Соқыр шабақ түсті», – деді. Мысық айтты: «Көзін неғып шығарды, Құдайдың құдіретімен?». Шабаққа тіл бітті. Жігіт айтты шабаққа: «Көзің неғылып шықты?». Шабақ айтты: «Бір ит пенен бір мысық зымырық тасты алып келе жатқанда судың шетінде жусап тұрғанымда иттің аузынан тас түсіп кетіпті. Сонда зымырық тас тиіп көзім шықты»,—деді. Жігіт айтты: «Зымырық тас көзіңе түскенде қай жерде болдың?». Балық қай жер екенін көрсетті. Жігіт айтты: «Сен жерден зымырық тасты табармысың, балығым?» Балық: «Табармын,—деді.—Мені қоя бер, мен тауып әкпеліп берейін»,—деді.

Балықты қоя берді жігіт. Балық шолп етіп жүзіп кетті. Мысық жүгіріп барып балықтың түскен жеріне қарап тұрды. Мысық балықтың барған жерін көрді. Балық барып зымырық тасқа тигенін көрді. Мысық айтты жігітке: «Зымырық тас жатыр екен. Жігіт айтты: «Қанеки?». Мысық айтты: «Міне, жатыр» деді. Мысыққа жігіт айтты: «Қайтып оны алармыз». Мысық айтты: «Ит алмаса, біз ала алмаспыз». Мысық итке тастың жатқан жерін көрсетті. Ит мен алайын деп суға сүңгіп түсіп кетті, зымырық тасты алып келді. Мысық айтты жігітке: «Құдай бізге енді мал-бас берер».

Жігіт кешке таза шомылды. Зымырық тасты қойнына салып жатты. «Е, Құдай, мал бер, бас бер, өмір ұзақ жас бер»,—деп тілеу тіледі Құдайдан. Қатты ұйықтады, ертеңінде тұрды. Жақсы қатын қойнына жатқан, үстіне үй тігілген, астына төсек салынған, мың жылқы біткен, мың қой, мың сиыр біткен, мың түйе біткен, мың ешкі біткен. Бір қара жорға ат, күмістен ер-тоқымы бар, күмістен жүгені бар, күмістен құйысқаны бар, үйінің жанында байлаулы тұр екен. Ердің қасында күміс мылтық тұр. Ертең тұрды, малы көп бай болды. Қара жорға атқа мініп, аң аулауға кетті. Күнде қатын үйінде жалғыз қалады, өзі күнде аулағалы кетеді. Малын адам бақпайды, өзі келіп, өзі кетіп жүреді. Бір күні тағы аң атқалы кетті. Ол күнде қатын жалғыз отырады екен. Бір кемпір келеді. Қатын айтты: «Не қылып жүрген кемпірсің?»—деді. Кемпір: «Бір бейшара кемпірмін»,—деді. Қатын айтты: «Енді қайда барасың?». Кемпір айтты: «Бір бишара кемпірмін» деді,—тұрар үйім, барар жерім жоқ. Сен, балам, жалғыз екенсің, серік болып тұрайын, басыңның битін қарап беріп тұрайын». Кемпір тұрды. Кешке бай даладан келді. «Бұл не қылған кемпір?»—деді. Қатын айтты: «Бір бейшара кемпір, мен серікке алдым». Кемпір қатынмен үйде отырады. Бір күні байы аң аулап кетсе, бір адам қашып келеді, шаң шығады. Қашып бұ адам жігітке келді. Жігіт сұрады: «Неғылған адамсың?»—деді. «Неғылған адам болайын, артымнан өрт келеді, өрттің алдынан бір айдаһар келеді. Сол айдаһардан қорқып қашып келемін»,—деді. Жігіт айтты: «Қорықпа, айдаһарды мен атайын!». Жігіт аттан түсті. Мылтығын құрып отырды. Айдаһар жетіп келгенде жігіт атып жіберді. Айдаһар екі үзіліп өліп қалды. Қасына келген кісі айтты: «Сенімен Құдай дескен тамыр боламын, саған бір пәле жолықса, мені іздеп тап, атым менің—Жылан Баба. Аман бол, енді!»—деп айырылып кетті. Жігіт кешке үйіне келді. Ертеңіне тұрып қатынына айтты: «Е, қатыным» деді. Осы кемпір не қылған кемпір? Зымырық тасты ұрлап кетпесін!» Жігіт тағы да аң аулай кетті.

Кемпір айтты қатынға: «Балам, мен сенен кетемін. Құдай десіп тұрып едік, мен көңілімді аққа санап едім. Біреудің көңілі біреудікіндей болмайды екен. Енді мен кетейін». Жігіттің қатыны айтты: «Неге өкпеледіңіз?». Кемпір айтты: «Мен өкпеледім, сендердің менен жасырғандарың бар екен». Кемпір үйден шығып кетті. Қатын тысқары шықты. «Кетпе,—деді.—Сізден көп жасырған нәрсем жоқ еді, жасырған кішкене нәрсем бар екен, сонымды көрсетейін». Зымырық тасты сандықтан алды, кемпірге көрсетті. Кемпір: «Көрейін»,—деп қолына алды, сонан соң аузына қағып салып, жоғалып кетті.

Кешке жігіт келді, қатын жігітке айтпады. Ертеңіне жігіт түрегелсе, мал да жоқ, үй де жоқ, қатын да жоқ, бәрі де жоқ жігіттің жалғыз өзі қалған.

Жігіт ертеңіне тұрып, беті-қолын жуып, Құдайға налыс қылып жылаған. «Менің бір тамырым бар еді, соны бір іздесем екен». Іздеп кетеді. Бір заман болғанда іздеп тапты. Бір жылқышыға келді. «Бұл кімнің жылқысы?»—деді. «Жылан Бабаның жылқысы». «Сен Жылан Бабаның несі едің?» «Жылан Бабаның досы едім». Жылқышы айтты: «Енді қайда барасың?» «Жылан Бабаныкіне барамын». «Барғанда тамырыңнан не сұрайсың?». «Не сұрарымды білмеймін, қайдан білейін несі барын?». Жылқышы айтты: «Айтайын! Тамырдыкіне барарсың, барғанда тамырың айтар жылқымның жарымын алып кет деп. Сен оны алмағайсың. Бір ермек тасы бар, сен соны сұра. Өзге нәрсе берсе алма! Ол тасты саған берсе, мал бітер, бас та бітер». Жылқышыдан шықты, барып-барып Жылан Бабаның үйіне келді. Үйінің артына келіп еді екі жылан шықты. Атынан түсті. Жылан Бабаның үйіне кірді. Екі жылан қойнына енді, қонышынан шықты. Төсек үстінде екі жылан жатыр екен. Жыландардың бірі сілкінді, құбылып жатыр екен, тұрып кісі болды, Жылан Баба болды, амандасты, есендесті. Бұл үйдің ішіндегі жыландар бәрі кісі болды. Бірі—қатыны болды, бірі—келіні болды, ұлы да болды, қызы да болды. Той қылдылар, жақсы ас берділер. Ертең тұрдылар. Жылан Баба сұрады: «Тамырым, не сұрай келдің?» Жігіт айтты: «Сенің мен іштемеңді білмеймін». Жылан баба айтты: «Жылқымның жарымын берейін, ал»,—деді. Жігіт айтты: «Жоқ, жылқы өзімде көп, берсең ермек тасты бер маған». Жылан Баба ермек тасын алып берді.

«Бұ ермек тасым сандықтың ішінде екен, сен үйіңе келсең, оны аш, үйіңе бармай сандықтың аузын ашпа!».

Жігіт үйге кетті, үйіне жеткенде аузын ашты. Сандықтың ішінен мал да шықты, бас та шықты. Бай болды. Мың жылқы бітті, мың түйе бітті, мың сиыр бітті, мың қой-ешкі бітті. Бай болып, барша мұрат басына жетті.

18. Тұз басты жыланның хикаясы

Бұрынғы заманда бір қатынның бір қызы бар еді. Ол қыздың аты Маржан еді. Бір уақытта Маржан көршілерінің қыздары мен суға түсуге кеткен, барлық қыздар киімдерін, көйлектерін шешіп суға түседі, бұл қыздар судың ішінде тұрғанда бір тұз басты жылан шығып, Маржанның көйлегіне кіріп жатқан. Қыздар суға шомылып болған соң, судан шығып, киімдерін киіп, үйге қайтып кетті. Маржан судан шығып, киімін киемін деп келсе, көйлегі ішінде бір өлген тұз басты жылан көрді. Жаман қорыққан Маржан бір үлкен таяқ алып, жыланды қуалап жіберем деп, таяқпен ұрам дегенде, жылан басын көтеріп, адам секілді Маржанға айтқан: «Әгар маған тием деп уағда қылсаң, киіміңді беремін, әгар маған тимесең, киіміңді де бермеймін, өзіңді өлтіремін», – деген. Маржан тіпті жаман сасып, уағда берген болады. «Тиемін»,—дейді. Мұнан соң жылан киімнің үстінен түсіп, суға түсіп кеткен. Маржан киімін киіп, үйіне қайтып кеткен. Қайтқан соң анасына барын қалдырмастан сөйлеген, қандай болған істерін һәм өзінің уағда қылғанын. Қыздың анасы қызына көп қарап айтты: «Бала, жаным, бұл сенің түсіңде көрген түсің шығар»,—деген.

Бір жұма өткен соң бір уақытта көрді, бір көп жылан келе жатыр. Маржанның үйін тауып, есік алдына келе бастады. Маржан анасына айтты: «Мінеки, мені алуға келді». Анасы қараса, жолда көп жылан есікке таман келе жатқанын көріп, анасы жаман қорықты. Есікті жауып, еш тесік қалдырмай бәрін бекітеді. Анасы бір бұрышқа жасырынды. Маржан пеш басына мініп отырады. Жыландар кіретін жер таппаған соң біріне-бірі оралып, терезеге өздерін лақтырып, терезені сындырды. Үйдің ішіне кіріп, Маржанды тауып, сүйретіп, алып кетті. Анасы қызының артынан жылай-жылай жүгірген, жете алмаған. Жылан Маржанды су жанына алып барып, суға түсіп кетті. Анасы жылап-жылап үйіне қайтты, «қызым өлді» деп.

Біраз уақыт өткен соң Маржанның анасы терезеден қарап отыр екен, Маржан бір ер бала жетектеп, бір қыз баланы қолына құшақтап, келе жатқанын анасы көріп тұрды. Маржан анасының жанына келіп кірген, қуанған анасы, Маржанның бетінен сүйіп хал сұраған: «Бұл балалар кімдікі?», – деп. Қызы жауап берген «Өзімдікі» деп. Маржан анасы тағы сұраған: «Қайда тұрасың?», – деп. Маржан айтқан: «Су түбінде тұрамын», – деген. «Су патшасы болып, бұл балалар жыланнан туды», – деп. Маржан айтқан анасына: «Мен қайтатын уақыт болды» деп. Анасы айтқан «Қызым, су патшалығында тұру жақсы ма, болмаса арысы құрғақ жерде тұрған жақсы ма?», – деп. Қызы жауап берген: «Су патшалығына тұру жақсы», – деген. Анасы қызына айтқан: «Бүгін осында қон», – деп. Қызы айтқан: «Керек емес, неге десеңіз бүгін қайтам», – деп уағда бердім деген. Анасы Маржаннан сұраған: «Қызым, нағып қайтасың?» деп. Қызы айтқан: «Мен судың жанына барам да «Ахмет, шық, мында, мені алып кір!» деп айтам. Ол шығып мені алып кіреді», – деген. Анасы айтты, «Ондай болса тіпті жақсы»,—деді. Анасы айтты: «Маржан, ондай болса, бүгін мында қонып кет», – деді. Маржан анасының сөзін қимай қонды. Маржан ұйықтаған соң қыздың анасы тұрып, қолына балта алып, су бойына барып, «Ахмет, Ахмет, мында шық, мені алып кір», – деп айқайлады. Жылан шықты, шыққан соң Маржанның анасы жыланды балтамен басын шауып тастады. Жылан өлген соң судың үсті қызыл қан болды. Анасы үйіне қайтты. Маржан ұйқысынан тұрып, балаларын алып, шығып кетті. Судың жағасына барып айқайлады: «Ахмет! Ахмет! Шық, мында, мені алып кір», – деп. Солай айтып көп заман айқайлады. Судан бір нәрсе де шықпады. Маржан суға жөндеп қараса, су үсті қып-қызыл қан болған һәм жыланның басын көріп, балаларын сүйіп жылады. Мұнан соң Маржан балаларына айтқан: «Сіздердің, атаңыз өлген екен, атаңыз болмаған соң анаңыз да болмасын» деп. Қызына айтқан: «Сен, қызым, қарлығаш бол да, су үстінде ұшып жүр», – деген. Ұлына айтқан: «Сен, ұлым, сандуғаш бол да, таң алдына сайрап жүр», – деген. Анасы айтқан: «Мен көкек болып, ерім үстінде «көк-көк» деп ұшып жүремін», – деген. Болар. Ұшып кетті бір уақытта бұлар әртүрлі жаққа.

19. Омар мен Ғазиза

Ертеде бір ханның баласы болмай жүргенде кіші әйелі жүкті болып көп ұзамай тоғыз ай, тоғыз күн дегенде бір ұл, бір қыз туыпты. Осы кездерде хан далада қыдырыстап жүріпті. Балаларының атын Омар мен Ғазиза қойыпты. Екі-үш ай болғасын шешесі өліпті. Баласы жоқ бәйбіше екі баланы қалай жоғалтудың жолын ойлапты. Ол үшін бір мыстан кемпірді жалдапты. Хан келгенде «әйелің екі мысық туды» деп алдынан мыстан шығып: «Мысық туғанына өкпелеген әйелің, «бұл Құдай мені әбден ойыншық қылайын дегені ме, бүйткенше өлгенім артық» деп, у ішіп өлді»,—депті.

Соны айтқан мыстанның сөзіне сенген хан ашуын тоқтата алмай: «Мысықты да жоғалтыңдар!»—деп ақырыпты. Бұл сөзге өте қуанған бәйбіше: «Екі баланы сандыққа салып суға тастаңдар!»—деп бұйырады. Мыстан бәйбішенің айтқанын жасаған. Қара толқынның арасында ойнақшыған сандық кете барады. Тасқын айдаған сандықты ау салып отырған аушы көріп, аумен ұстап алады. Ашып қарап, екі баланы көріп қуанады. Баласы жоқ аушы екі баланы асырайды. Балалары сегіз жасқа келгенде аушы өледі. Ол өлерінде Омар мен Ғазизаға:

—Балаларым, мен көп кешікпей өлермін, сендер мені көміңдер және артымда қалған мына жалғыз ауымды көзімдей көріп ұстаңдар,—дейді.

Кешікпей аушы өледі. Омар мен Ғазиза аушы өлгесін екеуі бірігіп күн көру тәсілін ойлайды. Қолдан жасаған садағымен аң аулап, аулаған аңмен қарындасы екеуі күн көріпті. Ғазиза—ұзын бойлы әдемі қыз болыпты. Күндердің күнінде Омар Ғазизаға:

—Сен басыңды өзенге, не болмаса ағын суға жума,—дейді. Бірақ Ғазиза ағасының айтқан ақылын алмаған, ағын суға басын жуса, шашына таққан алтын тұлымы түсіп кетіпті. Бұның, шашы қалмақ патшалығындағы бір аушының ауына ілінеді. Бұл тұлымды ол Хасан деген патшаға сыйлық етеді. Бұл тұлымды көрген Хасан еліне жар салады. «Осы шаштың иесін тапқан адамға қой басындай күміс берем»,—деп лепіреді. Сонда бір кемпір келіп, «бұл шаш осы өзеннің арғы басында Омар деген батыр бар, соның қарындасының шашы» деп айтады. Хасан сол күннен бастап соғысқа даярлық жасап, жаз ортасында аттанады. Көп кешікпей Омарға жетеді. Сол күндері Омар аңда жүр екен, Ғазиза келген жауды көргесін қарап отырып өлгенше, соғысып өлейін деген пікірге келеді. Үйіне келе жатқан Омар қарындасын құтқарып алайын деп, бір шетінен келіп кіріскенде Хасан әскерін сиретіп-ақ тастайды. Ең соңында Хасанды көздегенде Ғазиза келіп:

—Аға, атпай-ақ қой, мен осы кісіні сүйдім,—дейді. Қарындасының өз жауына тигеніне өкпелеп Омар құла дүзге шаба жөнеледі, содан есінен ауып бір жерге барып құлайды. Омар есін жинап атына мініп келе жатса, бір елге кезігеді. Бұл елдің ханы өліп, хан тағайындауға, хан орнында отыруға баласы, туғандары болмаған. Содан бағанаға тиын байлап, «соны атып түсірген кісі хан болады» депті. Ата-ата кезек Омарға келіпті. Омар атып түсіріпті, содан сол елге хан болыпты. Хасан алып кеткен қарындасы барғасын екі перзенті болады да, үлкейген сайын ағама барайын деген қиялға келіп, бір күні бірнеше уәзірмен өзен жағасына барады. Суға сүңгіп үйренген Ғазиза судан әрі қарай өтіп кетеді. Содан уәзірлер Ғазизаға жалынады:

—Хасан өлтіреді ғой, бері келсейші,—деп. Ғазиза тұрып:

—Менің екі баламды алып кел, сосын барам,—дейді. Уәзірлер айтқанын жасайды. Ғазиза баласын алып ағасын іздеуге тартып отырады. Келе жатса, бір қойшы балаға кездесе кетеді. Ғазиза тұрып:

—Бұл қой кімнің қойы?—дейді.

—Бұл Омар деген ханның ауылының қойы,—дейді қойшы.

—Қазір Омардың халі қандай?—деп сұрайды қарындасы. Сонда қойшы бала:

—Қазір ол екі көзінен айрылып отыр,—дейді. Сонда Ғазиза:

—Мына екі алманың біреуімен көзін сүртіп, біреуін жесін. Сосын сен сүйінші сұра, мен соның қарындасымын,—дейді.—Мен сенің қойыңның қасында тұрайын,—дейді,

Қойшы бала Омарға келіп көрген-білгенін түгелдей айтады да, манағы Ғазиза берген алмасын береді. Алманы жегенде көзі жазылып кетеді. Содан Ғазизаны өзінің сүйгеніне береді. Баяғы қойшы баланы бас уәзір қылып алады. Ағасы қарындасын, қарындасы ағасын көріп дегеніне жетіпті.

20. Көк сиыр

Баяғыда Әлболсын деген бір қоңырқай шаруа болыпты. Оның әйелі және бір қызы болыпты. Күндердің бірінде Әлболсын тоқал алуды арман етіпті. Әлболсын тоқал алуды, бір жақтан, жұрт көзіне түсу, екінші жақтан, үй тіршілігінде қол ұзарту деп түсінетін болса керек. Күндердің бірінде Әлболсын арманына жетіп тоқал алады. Ол да қыз табады. Өзі ұл таппаған бәйбіше тоқалдың да ұл таппауын тілейді екен. Іштей қуана отырып, ұл таппады деп жазғырып, «әдіре қалсын, күң неме» деп, тоқалды басынып алыпты, оған күн көрсетпепті. Тоқал байғұс арқалап отын, шелектеп су тасыпты, сиырды сауатын да, атты ерттейтін де, жүн түтіп, жіп иіріп, қап тоқитын да сол болыпты. Қыста суыққа тоңып, жазда ыстыққа қарылып, аш-жалаңаш жүріпті. Жаман сырма киіз етігін үсті-үстіне жамап киіп, бақытсыз қызын баспақ теріге орап өсіріпті.

Бәйбішенің қызы Әлболсынның тапқанын киіп, тоқалдың қызы ысытып берген сумен басын жуып, шашын тарап білгенін істепті. Еркелікпен аузына келген сөзді сөйлеп, бәдік және дөрекі болып өсіпті.

Әлболсын осы екі қыздан кейін перзент көрмепті. Күндер өтіп, ай толыпты, айлар өтіп жыл толыпты, жылдан жыл өтіп, екі қыз ержетіпті.

Тоқалдың қызы күң атаныпты. Анасының толып жатқан қиыншылықтарын өз үстіне алып, отын тасып, су әкелетін, ыдыс-аяқ жуатын, сиыр бағатын болыпты.

Бәйбішенің қызы бәйбішеліктің әрекет-кимылын, тәкаппарлығын, зілін және жасанды маңғаздықтарын келтіре алмай, шешесінен күнде сөз естіп, таяқ жеп, соның салдарынан өтірікші, жалтарғыш қу болып өсіпті. Бір күні шешесі ұрып-ұрып қуып шығарыпты. Ол жүгірген бойы сиыр бағып жүрген күңге барыпты. Барса, күң бір шидің түбінде бірдемені жеп отыр екен. Аң-таң болып біраз тұрыпты, тоқалдың қызы оны байқамай қолындағы өрік-мейіздерін жеп отыра беріпті. Бәйбішенің қызы дереу өзгеріп:

—Сіңлім, не жеп отырсың, маған да берші!—деп сұрапты. Байқамай қалған күң сасып:

—Ойбай, не жеп отырушы едім, қарным ашқан соң бұталардың басындағы бірдеңелерді теріп жеп отырмын,—деп өрік-мейіздерін тыға қойыпты. Ана қыз:

—Әкелші, не болса да мен көрейін,—деп қадалып тұрып алғаннан кейін, күң лажсыздан бір тал мейіз беріпті. Бәйбішенің қызы қолына мейіз тиісімен ұшып шешесіне келіп:

—Апа, «айдалада сиыр бағып қаңырығы түтеп, жұлығы шығып, үйге келсе, жуынды ішіп, суымен кіріп, күлімен шығып жүрген әлгі қу күң құрлы ақыл, ес болмады сен албастыда» деп, маған кешке шейін ұрсасың. Ол сияқты күнде өрік-мейіз жесем, мен де ақылды болар едім,—депті.

Шешесі жалма-жан қызының қолындағы мейізді алып татып көріп, қызына:

—Күңнің артынан аңдып жүр, қайтер екен,—деп тапсырыпты. Сөйтсе, сиырдың ішінде бір көк сиыр бар екен. Ол өріске барғанда күңге өрік-мейіз құсып беріп жүреді екен. Күң жартысын өзі жеп, жартысын шешесіне әкеліп беріп жүреді екен. Бұл оқиғаны қызына аңдытып жүріп әбден білгеннен кейін бәйбіше Әлболсынның мазасын алыпты. Ақыры қояр да қоймай жүріп, көк сиырды сойғызатын болыпты.

Күң көк сиырды әкелуге жылай-жылай барады. Көк сиыр жылап келген қызды көріп, жерге қарап мөңіреп, көкке қарап есінеп: «Жылама, мен тегінде сен үшін жаралғанмын, мені сойғанда ешкімге сездірмей төрт сирағымды, жалбыршақ қарнымды, екі мүйізімді, қарнымды, тілімді ал, ішегімнен бір-екі құлаш ал, сөйт те барлығын мен күнде мейіз құсып беріп жүрген жерге апарып көм. Үш күннен кейін аш»,—депті.

Күң сиырдың сирақтары мен мүйіздерін оңай алған болса да, ішек-қарнын әрең алыпты. «Түнде ит алып кетті» қылып ұрлапты. Сөйтіпті де түн ішінде апарып сиырдың айтқан жеріне көміпті. Бір күн өтіпті, екі күн өтіпті, енді қайтер екен деп, бәйбішенің қызы бірінші, екінші күні де аңдып, оның соңынан қалмапты. Бірақ бұл күннің ішінде күң ешнәрсе істемей тек жүргендіктен, бәйбіше қызының көңілі жәй тауып, аңдымайтын болыпты.

Үшінші күн күң әлгі жерді ашса, келіскен бір пар етік, бір көйлек, жекей бөрік, жібек орамал тұр екен. Алып киіп көрсе, сондай жарасыпты. Бірақ көк сиыр сойылғанда, тілі басымен бірге қазанға түсіп кеткендіктен, оны ала алмай қалған екен, егер ол да болған болса келіскен күміс тарақ болып шықпақ екен.

Бұл киімдерді көрген күң бұрынғысынан әрі шаттанып, суға барып әбден шомылыпты, басын жуып, шашын қолымен болса да әдемілеп тарапты. Әлгі киімдерді сиыр баққанда киіп, үйіне қайтқанда өз орнына тығып қойып кетіп жүріпті.

Күң бұрынғысынан әрі жарқын, жеңіл, епшіл, сүйкімді бола түскендіктен, бәйбіше онан әрі күндестік қылып, өз қызына ұрса бастапты.

Бірақ істі бір рет байқатып алған күң ендігі сырын бәйбіше мен оның қызына сездірмепті. Күндердің бірінде сиырға оқыра тиіп, бір сиыр табыннан бөлініп шыға қашыпты. Соны қайырамын деп күң жүгіріпті. Сиырға жету қиын болыпты, сонда күң етігі ауырлап, оны шешіп қолына ала жүгірген екен. Сиыр тіпті бой бермегеннен кейін, бір сыңарын лақтырыпты. Сиыр сонда да қайыру бермепті. Күңнің етікке қайрылуға мұршасы келмей, қуа беріпті, ақыры сиырды зорға дегенде тоқтатыпты. Қайда қалғанын болжай алмай кеткендіктен қайтып келіп етікті әрі іздепті, бері іздепті, таба алмапты, ақыры үмітін үзіпті.

Бір күні бір жігіт сол жерден өтіп бара жатып, әлгі етікті тауып алыпты. Бұл әкесі үш қатын алған бір байдың баласы екен. Үш қатынның пәлесінен үйінде тыныштықтың болмағанынан әбден тойып, «ержеткенде көп қатын алып мынадай азапта жүргенше, таңдап тұрып сүйген біреуімді алайын» деп жүрген жігіт екен. Әлгі етік оған әбден ұнапты. «Апырай,—депті ол ішінен,—осы етік аяғына дәл келетін қызда мін болар ма екен».

Сөйтіп, ол етікті алып ел аралапты. «Осы етік кімде-кімнің аяғына дәл келсе, соны аламын» деп, жар салыпты. Байға қолы жетсе, аспанға қолы жеткендей болатын надан ел қандай, Әлбосынның бәйбішесі сияқты талай бәйбіше қыздарын әкеліп етікті кигізіп көріпті. Бірақ, біреуінің де аяғына сыймай, талай қыз таяқ жепті шешелерінен. Ал етік аяғына сыйған қыздар тым кішкене қыздар болыпты. Жігіт: «Апырай, осынша елден ешкімнің шықпағаны ма»,—деп қайтып келе жатып, жолда әлгі сиыр бағып жүрген күңге кездесіпті. Жекей бөрікті сәндеп киген, жібек орамалды мойнына бос салып алған, бір қолында сыңар етігі бар жалаң аяқ қызды көрген жерде жігіт аттан ұшып түсіпті. Қыз да етігін бас салыпты.

—Ағатай-ай, мынау менің етігім ғой, қайдан тауып алдыңыз?—деп сұрапты күң. Жігіт қыздың аты-жөнін сұрап ала салып, үйіне қарай шауыпты. Күң «етігімді беріп кетіңіз» деп, айқай салса қарамапты. Ол үйіне бара салып әкесіне айтып, ертеңіне күңнің үйіне кісі салыпты.

Бәйбіше жер-көкке сыймай қуанып, қызын шомылдырып, шашын тарап даярлатып тұрыпты. Немене, ай-үй дегенше әзірліктерін істеп жіберіп жігіт келіпті. Келсе, әлгі қыз жоқ, ерні қалың, кабағы түксиген бір сары қыз отыр екен. Жігіт ренжіпті. Әлболсынның үйі жігіттің ренжігенін біліп, лажсыздан күңнің кызын көрсетіпті. Бірақ баяғыдағы киімдері жоқ, сөйтсе де сүйек сымбаты ұқсап тұр. Көзі-көзіне бір-екі рет тоқталғанда-ақ жігіт қызды тани қойыпты. Кұралайдың көзіндей жалтырап күлімдеген көзге жігіт ойы сүріне беріпті. Қолындағы сыңар етікті кигізсе, дәл келе кетіпті. Жігіт таң қалып, не істерін білмепті. Ақыры күң оқиғаны бастан-аяқ айтып берген соң, жігіт мықты сенімге келеді. Әлбосын қарбандап тойын жасап, қызды ұзатыпты.

Сөйтіп, ақылды қызы мен тоқалдың аз да болса кәдірі асып қалады. Ал бәйбіше қызын төмпештей береді. Шыдатар болмаған соң, қыз бір күні ұзатылған сіңлісіне келеді. Сіңлісімен біраз мұң айтысқан болып отырып, суға шомылып келуге ұсыныс етеді. Сіңлісі мақұл болады. Екеуі бір кішкене көлге келеді. Бәйбішенің қызы:

—Мынау көл шомылғанға жағдайсыздау екен, жиегінде тұрып бір-бірімізді қолымыздан ұстап шомылмасақ болмайды, мен үлкенмін ғой, алдымен мен шомылайын, сен мені қолымнан ұстап тұрып көлге үш рет матырып ал, одан соң мен сені сүйтем,—депті. Сонымен сіңлісі әпкесін шомылдырыпты. Енді әпкесі сіңлісін екі рет матырып, үшіншіге келгенде көлдің түбіне қарай итеріп жіберіпті. Сіңлісі бақыра-бақыра көлдің ортасына қарай батып көрінбей кетіпті. Бәйбішенің қызы жалма-жан суда өлген сіңлісінің киімдерін киіп о жақ, бұ жағына қарап, сіңлісіне ұқсаған болып, үйіне барып сызылып отырыпты.

Кешінде әлгі жігіт келіпті. Даладан ері келгенде күнде жарастықты мінезбен қарсы алатын әйелі бүгін ондай етпепті. Сөйтсе, бәйбішенің қызы күңнің бұл әдетін байқамаған екен. Жігіт «әке-ау, бұл қалай» деп, атын байлап үйге кіріпті. Әйелінің қимылы өрескел, қамшысын бергенде орнына қоймай, басқа жерге қойыпты. Дегенмен көп көңіл бөле қоймай, жігіт орнына барып отырыпты. Күндегідей бабымен даярланған тамақтың да мәнісі жоқ. Әрі-беріден соң жігіт күдіктеніп әйелінен:

—Өзіңе не болған?—деп сұрапты. Әйелі:

—Еш нәрсе, әншейін, бағана күндіз ұйықтап едім, сонан бойым байсал тартып қалған ғой,—депті. Оның арасында сырттан дабырлаған дауыс шығыпты, қараса, бір-екі адам қонақ келіпті. Сонымен әйелі жайындағы әңгіме қалып, жігіт қонақтарға айналып отыра беріпті. Қонаққа сойыс мал әкеліпті, ет пісіп қолға су құймақ болыпты. Күтуші жігіт су әкелгенде шелекке бір бақа ілесе келіпті. Бәйбішенің қызы қатты шошып, бақаны далаға лақтырып жіберіпті. Жігіт «апыр-ай, албаты бақа-сақа, қоңыз сияқтылардан орынсыз қорықпаушы еді, бұған бірдеме болған екен, бетін жақсы байқай алмай отырғаным-ай» деп, іштей ойланып қойыпты.

Ертеңінде далаға шықса, есік алдында бір үлкен бәйтеректің көктеп тұрғанын көріпті. Жігіт бұл кереметті көріп секем алыпты. Әйелінің өзгеріп қалғанын, есік алдына мына бәйтеректің орнап қалғанын—барлығын «тіл-көздің ісі» деп түсініп, молла іздепті. Бәйбішенің қызы осы болып жатқан құбылыстарды сезіп, байқап жүрген екен. Қыз бәйтеректі кесіп тастауға бұйырады. Бір жігіт келіп балтамен шауып қалғанда ұшар басында тұрған бір тал жапырақ ұшып кетеді. Оны ешкім байқамапты. Ағашты кесіп тастапты. Жігіт үйіне молла әкеліп, кітап аштырады.

Әлгі жапырақ ұшқаннан ұшып отырып, бір ауылдың шетіндегі киізі қырық жамау қараша үйдің шаңырағына келіп, үйде көйлегінің жыртығын жамап отырған кемпірдің алдына түседі. Кемпір «жақын арада ағаш жоқ, бұл жарықтық қайдан келді екен» деп ырым қылыпты. Оны көріп, балта саптап отырған шал қолын соза бергенде, жапырақ бу болып бұрқ ете түседі. Кемпір мен шал талып қалады. Бір кезде естерін жиса, үйлерінде ай мен күндей бір сұлу қыздың отырғанын көреді. Қыз сондайлық сыпайылықпен сызылып, «апа, инеңізді мен сабақтап берейін» деп, кемпірдің қасына келеді. Кемпір-шал сұстанып тұрып қалыпты. Ақыры қыз оларды өзіне тартып, бір-біріне үйренісіп, сол үйге бала болып кетеді.

Жігіт молладан еш нәрсе өнбеген соң, не істерін білмей құса болып, қолына қаршығасын қондырып жүріп кетеді. Бір жерге келгенде бір қоян қашады. Қаршығаны қоя берсе, қоянға қарамай, ұшқан бойынша әлгі жапырақ түскен үйдің шаңырағына барып қонып отырып алады. Әрі шақырса келмейді, бері шақырса келмейді. Ақыры жігіт үйдің қасына келеді. Қаршыға шаңырақтан үйдің ішіне үңіліп отыр екен. Айқай салып шақырса да, қарамапты. «Әке-ау, бұл қалай» деп, атынан түсіп, үйге кіруге рұқсат сұрайды, кемпір шығып:

—Кірсең кір, қарағым, жалғыз-ақ буының берік болсын,—дейді. Жігіт «бұнысы несі екен» деп, кіріп келіп, ай мен күндей болып бұралып бір қыздың отырғанын көреді. Қыз орнынан тұрып, төріне алаша төсеп жігітті қарсы алады. Жігіт қыздың бас-аяғына көзінің қырын салып барып отыра бергенде, қыздың көзіне көзі түсіп кетіп талып қалады. Су бүріккен соң есін жияды. Жігіт қызды танып, ішіндегі бар әңгіме-сырларын баяндайды. Қыз да өзінің басынан кешірген оқиғаларын айтыпты. Бірақ, осы үйде қыз қалпына келгеннен бұрынғы оқиғаларын білмейді екен. Ол тек осы үйде туып, осы үйде өстім деп түсінеді. Ақыры жігіт кемпір мен шалдың қызына кұда түсіп, тиісті той-тамашаларын жасап қызды алыпты. Баяғы көк сиырдан қалған киімдерін әкеліп кигізгенде, қыз сонда ғана есіне келеді де, бастан кешкен барлық оқиғаларын түгел айтады.

Ол кездегі елде «береке түбі—мереке, мереке бұзғанға бейнет» деген бір жол бар екен. Бұл оқиға сол жол бойынша тектеліп, жексұрын бәйбішенің жазасы беріліпті. Әлболсын мен тоқал бірге өмір кешіріпті. Тоқалдың қызы мен жігіт қосылып мұрат-мақсаттарына жетіпті.

21. Достық

Бұрынғы өткен заманда бір жігіт аңға шығып құс салып жүрсе, бір тасқа қонып отырған бір көк құсты көреді. Кұстың қасына жақындап барса ұшпайды. «Бұл не қылған кұс» деп ұстап алып қараса, қанат, құйрығы жұлынып, жұрдай болып қалған екен.

Көк құстың мұндай ахуалда болғанына рақымы келіп, жігіт құсты үйге алып келіп, атасына көрсетіпті. Атасы құсқа қарап отырыпты да:

—Балам, бұл құсты он бес күн бақ, сонан соң тілеген жағына ұшырып жібер,—депті. Жігіт атасының, айтқанын істеп, құсты он бес күн бақты. Құсқа жаңадан қанат, құйрық шықты.

—Тілеген жағыңа ұшып кете бер,—деді жігіт.

—Басыңа қандай болса да бір қиыншылық туса, мені тауып ал, мен пәлендей жерде тұрамын,—деді көк құс.

—Жақсы, керек уақытта тауып алармын,—деп қалды жігіт.

—Қош, жігіт!—деп пыр етіп көк құс ұшып кетті. Күндерден күн өткенде жігіттің атасы да, қатыны да өлді. Малдан, бақтан айрылды. Киюге көйлек те, ішуге тамақ та таппады. Сондықтан ол баяғы көк құсты іздеуге мәжбүр болып жолға шықты.

Түн қатып, түсі қашып, бірнеше күн жол жүріп, бір жерге жеткенде алдынан бір адам шықты.

—Қайда бара жатырсың?—деп сұрады ол адам жолаушыдан.

—Көк құс деген досым бар еді, соны іздеп бара жатырмын. Оның ауылын білмейсің бе?—деп сұрады жолаушы.

—Оны не қыласың, ауылы ұзақ емес.

—Малдан, бақыттан айрылдым. Ол досым еді, сонан көмек сұрайын деп бара жатырмын.

—Олай болса, кішкене көк сандығы бар, оны үлкен бір сандыққа салып қояды, соны сұра. Соны алсаң бақытты да, бай да боласың.

—Жақсы, жора,—деп жолаушы жолға түсті. Ертеңіне көк құс досынікіне келді.

Көк құс іздеп келген досын әбден сыйлады. Киіндірді, тойындырды. Күндердің бір күні болғанда ол қайтатұғын болды.

—Алыс жерден арып-талып келген екенсің, не бұйымтайың бар, досым?—деді көк құс.

—Мал да, жан да сұрамаймын, тек қана үлкен сандығыңның, ішіндегі кішкене көк сандығыңды сұраймын,—деді жолаушы.

—Менің көк сандығымның барын қайдан білдің, біреу айтты ма?

—Жоқ, ешкім айтқан жоқ, өзім білдім.

—Қимас досым едің, берейін, бірақ сандықты үйіңе бармай ашпа,—деп сандықты берді.

—Жақсы,—деп көк сандықты қолтығына қысып жолаушы еліне қайтты.

Жолаушы бірнеше күн жол жүргеннен кейін бұл сандықта не бар екен, ашып көрейін деп, сандықты ашып еді, ішінен пыр етіп, екі кептер ұшып кетті. Жолаушы ізінен қуып біреуін ұстап, енді біреуін ұстайын дегенде бір көкжал арлан бөрі келіп кептерді жейтін болды. Сонда жолаушы бөріге жалынып:

—Досымнан сұрап алып келе жатыр едім, кептерімді жемей өзіме қайтарып беріңіз,—деді.

—Кептеріңді жемесем, бір жылдан кейін өзіңді жеймін,—деді бөрі айбаттанып, шабынып тұрып.

—Өзімді жесең же, досымнан алған кептерімді жеме, қайырып бер,—деді жолаушы.

—Жақсы, уәдеңе тұр!—деді де бөрі жөніне кетті. Жолаушы кептерді сандыққа салып алып, бірнеше күн жол жүріп, арып-талып, болдырып үйіне келді. Сандықты ашты. Екі кептер екі жаққа ұшып үйдің есігіне қонды.

Біразырақтан кейін үйдің ішінде бәрі дайын болып кетті, сонан бастап жанағы адам бай бола бастады.

Күндерден күн өтті, баяғы бөрінің келіп жейтұғын уақыты жетті.

«Бүгін келіп жейді ғой,—деп жаңағы адам қорқып жатқанда біреу келіп, құлағынан көтеріп аспанға алып ұшты. Біразырақтан соң тарс етіп мылтықтың дауысы естіледі. Жаңағы адам қорыққанынан сөйлей алмай тілі күрмеліп қалды. Бір уақытта есін жиып, өзіне келді. Қараса, қасында баяғы көк құс отыр екен.

—Досым бола тұрып, мені неге бұнша қорқыттың?—деді жігіт көк құсқа.

—Жоқ, қорқытпадым, достық істедім. Сені жейтұғын көкжал бөрі менің ағам еді, ол баяғыда менің қанат, құйрығымды жұлып, өлсін деп, елсіз құла түзге тастап кетіп еді. Сен мені тауып алып, он бес күн бағып күшіме келтіріп, қанат-құйрығымды жетілдірдің, достық еттің. Мен де саған достық етіп, сандығымды беріп едім. Бірақ әзәзіл ағам арамызға қыстырылып сені жейтін болғанын білдім. Сондықтан сені жегізбей алып қаштым. Бағанағы мылтық атқан мен едім, онда сені жейтін ағамды аттым. Сендей досым үшін ағамды өлтірдім, — деді көк құс.

22. Адам болған жылан

Баяғы өткен заманда Құрман қойшы деген бір байдың қойшысы болыпты. Құрман сол байда он сегіз-жиырма жыл қойын бағыпты. Алатын ақысы бір жылға екі тоқтылы қой екен. Егер қой жоғалтса, ақысын бермей соның есебіне алады екен. Құрман қойшының тапқаны киіміне жарамай сол байдың қойын бағып жүре беріпті. Құрман қойшы бір күні қойын бағып тұрғанда төрт-бес шақырым жерден жанған от көреді. От жанған қалпында тура қойшыға қарай тартады. Құрман қойшы ойлайды, «апырмай, мынау от қалай жүреді. От болса жан-жағына тарап жанар еді және қара түтін шығар еді. Ал мына от жайылып жанбай, тура тартып келе жатыр» деп тұрғанда, от та, Құрман қойшыға жақындап келеді. Анықтап қараса, оттың алдында ұзындығы бір құлаштай ақ жылан қашып келеді екен. От қайтсем де сені күйдірем деп келеді екен, ал жылан қа­шып келеді екен. Жылан қашқан қалпында Құрман қойшының шалбарының балағынан кіреді. Ол жыланды балағынан кіргізбеуге үлгіре алмайды. От та кіруге ыңғайланғанда сабап сөндіреді. Жылан жорғалай омырауынан шығып, оттың өшкенін көріп, жерге түседі.

Жерге түскеннен кейін адам тілімен сөйлей бастайды: «Сен мені өлімнен құтқардың, мен сенің жақсылығыңды өмірі ұмытпаймын, сен мына қойды таста да менің соңымнан ер, мен саған өзімнің қызымды беремін»,—дейді. Қойшы байғұс қуанады, бірақ «қойды тастап кете алмаймын» дейді. «Сен қойға қам жеме, қойдың өздері кешке аман-есен үйлеріне барады»,—дейді. Қойшы амалсыздан жыланға ілесіп кете барады, бір жерге барғанда бір тесікке түсіріп алады, сонан екеуі жер астымен кете барады, бір жерге келгенде төбедей үйілген көп жыланға кез келеді. Құрман қойшы «осынша жыланға жем қылуға алып келе жатыр екен» деп, зәресі зәр түбіне кетіп, өңі қашып тұра қалады. Жылан оның қорқып тұрып қалғанын біліп, «жүр саған олар тимейді» деді, ол амалсыз ере берді, жылан үйілген жыланға келгенде қатты ысқырып еді, жыландар екі жаққа айырылып ортасынан қақ бөлініп жол берді. Екеуі біраз жүргеннен кейін алдарынан үлкен ақ үй көрінді, біраз жүріп ақ үйге келді. Жылан айтты: «Осы үй біздің үй»,—деді. Екеуі үйге кірді Құрман қойшы: «Бұл мені қызымды беремін деп ертіп келіп еді ғой, бұның қызы тұрмақ ештеңесі көрінбейді,—деп ойлап отыра берді. Бір уақытта ас дайындап алып келді. Отырып ас ішіп болғаннан соң, жылан үйінде бір ақ, бір қара қалайы сандық бар екен, екеуін төр алдына жинап қойыпты, ақ қалайы сандықты қойшыға алып берді. «Жер бетіне шыққан соң алты қанат ақ үйдің орнындай жерді дөңгелектеп сызып, соның ортасына осы қалайы сандықты басыңа жастап ұйықта»,—деп, жыландардан өткізіп жіберіп, қош айтысып қала береді.

Құрман қойшы жер бетіне шыққаннан кейін бір жерді таңдап алып, алты қанат ақ үйдің орнындай жерді дөңгелектеп сызып, сандықты басына жастай жатып ұйықтайды. Ертеңгісін оянса, аппақ ақ үйдің ішінде жатыр екен, оң жағына қараса, аппақ сұлу қыз ұйықтап жатыр екен, қойшы қорқып қалады, қорыққанынан айғайлап жібере жаздайды, «бұл пәленің қасына қалай, қайдан жаттым» деп, білдіртпей төсектен түсіп, өзінің жаман шалбары мен тонын іздесе, ондай жаман нәрсе ол үйден табылмады, ылғи асыл киімнен басқа ештеңесі жоқ, асыл киімді киіп, үйден шықса, мал деген жердің жүзін, күннің көзін алады. Бұл жерде ешқандай мал жоқ болатын, барып қойшыдан сұраса, «Құрманның қойы» дейді, «қай Құрман» десе, өзінің әкесін және елін айтады, «апырмай, бұл жынданған қойшы ғой, менің атымды басқа біреудің атына шатастырып тұр» деп, сиыршыға барып сұраса, ол да соны айтады, жылқышыға барса, ол да соны айтады. Бұл қайтып үйге келе жатып ойлайды, «бұл қалай, маған мұнша мал қайдан бітті» дейді. Ойлап келе жатып, «бұл әлгі жылан берген ақ қалайы сандық екен ғой, ана үйдегі қыз соның берем деген қызы екен, мына мал соның еншісі екен» дейді. Сонымен ойланып үйіне келеді, үйіне келсе, әйелі шай қойып жүр екен. «Байеке, қайда барып қайттыңыз?»—дейді. «Е, мына малшылар жер жайын білмейді ғой, соларға жер жағдайын түсіндірдім»,—деп шынын айтпайды. Сонымен бірнеше уақыт өмір сүреді. Бір күні «бұл үйде кім бар» деген дауыс естиді. Әйел далаға шықса, патша киімін киген және уәзір киімін киген бірнеше адам есік алдында тұр екен. Әйелді көріп патшаның дегбірі қалмай, көзі алақтап, біресе әйелге, біресе жолдастарына қарап не айтарын білмей қалады. Сонымен «бұл кімнің үйі» деп сұрайды. Әйел: «Құрман байдың үйі»,—дейді. «Күйеуің қайда кетті?»—дейді. «Аң аулай кетті»,—дейді әйел. Патша айтады: «Мен осы елдің патшасы боламын, күйеуің ертең біздің ордаға келсін»,—деп кетіп қалады. Кешке Құрман келеді, әйелі болған жағдайды айтады, «патша ертең ордаға келсін деп кетті» деді.

Ертемен ерте тұрып атына мініп, патша ордасына барады, патша Құрманның келуін тосып отыр екен, Құрманды өте жылы жүзбен қарсы алады, дастарқан жайғызып, ас пен шарап құйғызып тамақтандырады. Тамақтанып болған соң, патша: «Әй, Құрман, екеуміз бұғыншақ ойнаймыз, үш күн мен тығылам, үш күн сен тығыласың, үш рет мен тапсам, сен маған әйеліңді, малыңды бересің, сонан соң басыңды аламын,—дейді.—Егер мен сені үш рет таппасам, мен саған қырық әйелім бар, соны және патшалығымды, мал-мүлкімді берем де, атыма мініп кете берем»,—деді.

—Осыған қалай қарайсың, егер сен ойнамасаң да, әйеліңді тартып алам,—деді. Сонымен амалдың жоғынан көніп, үйіне барып болған жағдайды айтады. Әйелі онан соң «ойна» деп қарсы болмайды. Патша артынан хабаршы жіберіпті. «Ертең мен бұғынамын, мені іздесін»,—деп хабар беріпті. Ертеңгісін ерте тұрып бір атты мініп ханды іздеуге кетеді. Әйелі артынан шығып қараса, атқа мініп ханды іздемекке кетіп барады екен. Әйелі айғай салып ерін шақырып алып: «Қайда барасыз?»—деп сұрайды. «Кеше патша бұғыншақ ойнаймыз деп еді ғой, соны іздеуге бара жатырмын»,—дейді. Әйелі: «Сіз олай бармаңыз, сіз қазір жылқыдан таңдатып ең жүйрік ат мініңіз, қолыңа темір құрық алыңыз, сонымен хан ауылына барыңыз, ауылына жақындағанда төбенің үстінде үлкен қара төбет ит жатыр, сіз жақын барғанда сізге үріп жүгіреді, сіз оны жақындатпай қашыңыз, сонан сіз бет алды қаша бер, бір уақытта сізді қуып жетеді, сол уақытта қайта бұрылып итті сіз қуыңыз, сол итті өлтіріп, патшаны сонан соң іздесеңіз»,—деді. Хабаршы жіберіп жылқышылардан «ең жүйрік ат ұстап бер» деп сұрайды, жылқышылар жүйрік ат әкеп береді. Қолына темір құрық алып, патшаның сарайына қарай кете береді. Патшаның ауылына жақындағанда, айтқандай, төбенің үстінде үлкен қара ит жатыр екен, Құрман жақындап келгенде арпылдай үріп тұра ұмтылады. Құрман жалт беріп бет алды қаша жөнеледі, ит те қуады, қаша-қаша талай жерге барғанда, ит қуып жете бергенде, атын кілт бұрып итті қайта қуады, ит қашады, ол қуады, әрі-бері қуғаннан соң ит шаршайды, итті қуып жетіп құрықпен соғып, іннен-інге тығып өлтіре сабайды. Ит өлетін болады, бір қуысқа тығылады, атынан түсіп итті құрықпен түрткілеп өлтіруге жақындайды, өлуге таянғанда, «ей, өлетін болдым, енді қой» деп, адам қалпына кіреді. Қараса, әлгі бұғынам деген патша екен, «ертең тағы тығынамын, келіп тауып ал» деп үйіне кетеді.

Ертеңіне ертемен тұрып кешегі атына мініп, құрығын қолына алып, патшаны іздеймін деп кетіп бара жатқанда, әйелі шақырып алып: «Қайда барасың?»—деп сұрайды. «Патшаға барам, кешегі итті қуам, әйтпесе, бір жерде жүрген шығар»,—дейді. «Жоқ, сен олай етпе, құрығыңды таста да, үйіне бар, «патша қайда» деп, әйелдерінен сұра, әйелдері «білмейміз» дер, сен үйінен шығып тауға қарай біраз жүрсең, алдыңнан үлкен кер жол шығады, сонымен батысқа қарай жүре берсең, сол үлкен кер жолдан тауға қарай жаңғыз аяқ жол шығады, сол жолмен біраз жүрсең, сайға түсесің, сайдың арғы қабағында бір түп тобылғы тұр, сол тобылғының ішінде қамшы сапқа жарайтын үш тобылғы бар, екеуі сары, бірақ түзу, ал қалған біреуі қисық, бірақ өте қызыл, «мына қисық тобылғы қамшыға шыдамды, берік сап болушы еді және өзі қызыл екен» деп, сол қисық тобылғыны кесіп ал, сонан соң патшаны іздесең, патшаны тауып аласың»,—дейді.

Қолындағы құрығын тастап патшаның ауылына келді. Келіп патшаның қатындарынан: «Патша қайда кетті?»—деп сұрайды, қатындары: «Білмейміз»,—деп жауап береді. Ауылынан шыққан үлкен кер жолға түсіп жүре береді. Біраз жүргеннен кейін алдынан тауға қарай жаңғыз аяқ жол шығады. Сол жолға түсіп алып тауға қарай жүреді. Бір сайға түскенде арғы бетінде бір түп тобылғы көреді. Барлық тобылғыдан биік үш тобылғы көрінеді. «Осы тобылғыда қамшы сапқа жарайтын тобылғы бар ма екен, көрейінші деп, атынан түседі, әлгі сапқа жарайтын үш сапты көріп, «осылардың бәрін (үшеуін де) алуға болмайды, мұның қайсысын алайын» деп, біраз ойланған болады да, «осы қисығы қамшыға мықты болушы еді ғой» деп, бәкісін алып қисық тобылғыны ұстап кесе бергенде: «Ей, Құдай атқыр, бұл мен едім»,—деп патша шыға келіпті, сонда Құрман: «Ой, тақсыр, мұнда неғып жүр едің»,—депті.

Патша қабағы салыңқы ауылына қайтады. Ауылына жақындағанда, Құрман ауылына кететін болады, сонда патша: «Әй, Құрман, сен мені екі рет таптың, ертең тағы бұғынам, келіп мені ізде»,—деп үйіне жүре беріпті. Құрман үйіне келіп ертеңгісін атына мініп кетіп барады екен, әйелі көріп: «Құрман, атыңның басын бұра кет, қайда барасың»,—депті. Құрман патшаны іздейтінін айтады, әйелі: «Сен патшаның үйіне барған соң, әйелдерінен сұра, «патша қайда» деп, әйелдері «білмейміз» дейді. Сен қора-қопсысын, жер асты-жер үстіндегі қазынасын тегіс көр, сонда бірталай қызық көресің, сонан соң үйін қара патша жататын төсектің бас жағында үш ақ семсер (қылыш), аяқ жағында үш семсер жатыр, екеуін де ашып қойып, «ойпырмай, мынау не деген семсер, мұның қайсысы өткір болды екен» деп, бәрін бір-бір ұстап көр де, бас жағында жатқан үш семсердің ортасындағысын алып далаға шығып, үйінің алдында үлкен тас бар, сол тасқа қылыштың өткірлігін білу үшін шауып жібер, сонан соң ханды тез табасың»,—деді. Құрман патшаның үйіне барып кілет, қорасын қарап, онан жер үстіндегі қазынасын көріп, онан жер астындағы қазынасын көріп, түс қайтқанша серуендеп, түс қайта патшаның үйіне келіп, қатындарынан сұрайды. Қатындары «білмейміз» дейді. «Осы хан таптырмайтын жаққа шықты» деп, төсегін ақтара бастайды. Айтқандай, төсегінің аяғында үш, басында үш ақ семсер жатыр екен. Соларды көріп әрқайсысын бір ұстап көріп, «ойпырмай, мынаның қайсысы асыл болды екен, шамасы наркескен деген семсерлер осы болғаны ғой» деп, бас жағындағы үш семсердің ортасындағыны алып, далаға шыға үлкен бір тасқа енді шабайын дегенде, «ағатай-ай, мен едім ғой» деп, патша шыға келіпті. «Ал енді сен мені үш рет таптың, ертеңнен бастап сен тығыл, мен іздеп сені табамын»,—деп Құрманды үйіне қайтарады.

Құрман ертең ерте тұрып ауыл қасында үлкен жар бар еді, соған қарай безіп бара жатқанда, әйелі шақырып алады да: «Қайда барасың?»—деп сұрайды. «Әлгі патша келмек еді, ол маған сен бүгін тығыл, мен іздеймін деген, сол енді ана жарлардың бір жерінен орын дайындап қойып едім, соған тығылайын деп барамын»,—деді.

Әйелі айтты: «Хан кеше кісі жіберген, ертең тығылмай-ақ қойсын, іздемеймін депті. Үйде отыра бер»,—деп, үйіне отырғызып қойыпты. Әйелі шай қайнатып әкеліп, екеуі шай ішіп отырғанда патшаның ауыл жағына қараса, патша келе жатыр екен дейді. Құрман ішіп отырған шайын тастай салып кебеженің ішіне кіріп кетіпті. «Үй, саған не болып қалды» десе, «ойбай, патша келіп қалды» дейді. «Ендеше, кебежені салдырлатпай бері кел, мына жерге тығыл»,—депті. Көзі жәутеңдей «қай жерге тығыламын» деп, әйелінің қасына келіпті. Әйелі аузы күбірлеп «тпу» деп еді, ұршық болып кетті, Әйелі шәйді жинап, ұршық иіріп отыра беріпті.

Патша келіп: «Құрман қайда кетті?»—деп, әйелінен сұрайды, әйелі: «Білмеймін, тақсыр»,—дейді. Патша үйін түгел қарайды, бірақ үйінен таппайды. Ауыл төңірегін қарайды, еш жерден таппай үйін қайта қарайды. Бірақ таппайды, хан қайтар болып атына мініп тұрып, «таппадым» деп айғай салады, әйелі ұршықты шанши салып еді, «мұндамын» деп, Құрман үйден шыға келді. «Ертең тағы тығыл»,—деп, хан ауылына кетеді.

Хан келе жатып ойлайды, «бұл қайда тығылды, осының өзі алаңғасарлау екен, бұл Құрманда ешқандай қасиет жоқ, осы кептің бәрі әйелден-ау» деп ойлайды да, «бұл үйінен басқа жерге тығылмайды, ертең таң ата адам жіберіп бақтырайын, егер үйінен ешқайда шықпаса, бұны ертең қайтсем де табам деген қорытындыға келіп, үйіне келе өзі епті бір қуды шақырып алып: «Саған мен жұмыс тапсырамын, соны орындасаң, ат басындай алтын беремін, бірақ мұны өзің және менен басқа ешкім білмейтін болсын»,—дейді. «Құп, тақсыр, не бұйырсаңыз орындауға мен дайын»,—деп екі көзі алтынды естіген соң жасаурап патшаның алдына жүгініп отыра кетеді. Сонда патша: «Сен көрінбей Құрманның ауылына барып, Құрман қайда барар екен» соны бақ, бірақ көрініп қалып жүрме, ертең ерте мен ауылдан шыққанда қайда екенін маған айтып, өзің көрінбей ауылға қайтатын бол»,—деп тапсырады.

Ертең ерте тұрып патша Құрманды іздеуге келе жатқанда алдынан өзінің тыңшысын кездестіреді, тыңшысы айтады: «Құрман үйінен ешқайда шыққан жоқ, кәзірде үйінде жүр, тақсыр»,—дейді. Патша: «Жарайды, бара бер»,—дейді де, Құрманның үйіне кете береді. Құрман әйелі екеуі шай ішіп отырғанда патшаның келе жатқанын Құрман көре салып күндегідей қайда болса сонда тығылмай, әйелінің кереметі барын біліп, «патша мені тауып алуға келе жатқанын қара» деп күледі, өзінің абыржып отырғанын сездірмей. Әйелі патшаны көріп, дастарқанын тез жинап «тіпу» дейді. Сонда Құрман ине болып кетеді. Инені қамзолының жағасына түйрей салып, ұршығын қолына алып, жіп иіріп отыра береді. Патша келіп: «Құрман қайда?»—деп сұрайды. «Білмеймін, кеше кешке таман кеткен, сонан әлі оралған жоқ»,—дейді. Патша ертеңгісін үйінде жүргенін біледі. Үйді қарай бастайды, бірақ үйден күдікті ештеңе табылмай әбден сандалады, кешке дейін ананы бір ұстап, мынаны бір ұстап таппай, таппасына көзі жеткен соң «Құрман, мен таппадым» деп айғай салады. Сонда әйелі инені жерге қадай салғанда, «мен мұндамын» деп, үйінен шыға келеді. Патша: «Ертең тағы бұғын, таппасам, патшалығымды берем»,—дейді де кете барады.

Құрман ертемен тұрып шаруасын істеп, ертеңгі асын ішіп отырғанда, үй артына білдіртпей келіп түсіп жатқан патшаны әйелі сезіп қалып «тіпу» деп жіберіп еді, қайрақ болып кетеді. Қайрақты әйелі күлдің ішіне тастай салады. Сол кезде патша жетіп келеді. Келсе, қазір екеуі сөйлесіп отырғанын естіген болатын, қайқайып әйелі жалғыз отыр екен. «Құрман қайда» деп сұрайды, әйелі «көргенім жоқ» деп, жауап береді. Үйдің ішін ары-бері қарап, «таппадым» деп айғай салады, «мен мұндамын» деп, күлдің арасынан шыға келеді. Сонымен хан жеңіліп патшалығын бермек болады. «Ертең кел түске таман мен елімді жинап отырамын, ел алдында патшалығыңды өткізіп ал»,—деп атына мініп кетіп қалады.

Құрман ертемен тұрып атын алдырып мініп, патшаның ауылына жүрмек болады. Сонда әйелі айтады: «Сіз барып хандығыңды, қазынаңды өткізіп алғаннан кейін бір түнеп қайтып келіңіз»,—дейді. «Жарайды»,—деп Құрман жүріп кетеді.

Құрман патшаның ауылына келсе, патша елді жинап Құрманға қарап отыр екен. Құрманды аттан көтеріп алып, астына кілем төсеп төрге отырғызып, патша жиналысын ашады. Жиналысында Құрман екеуінің бұғынбақ ойнағанын және пенделік жасап Құрманның әйеліне қызыққанын айтады, «енді маған обал жоқ, тұрмайтын нәрсеге әуреленіп» деп, өзінің кем ақылдығын ел алдында жасырмай айтып, Құрманға былай дейді: «Ел бастаған адам дүниеге қызықпау керек, міне, мен сияқты қызығам десең, менің қалпыма түсесің, ал, ел-жұрт, мен патшалығымды мына Құрманға бердім, енді осы кісі сіздердің патшаларыңыз болады, қош сау болыңдар»,—деп тағынан түсіп, Құрманға тәж кигізіп, таққа отырғызады. Патшаның қазынасын және малын, қырық қатынын бәрін алып, орда кісілеріне ескі дәстүрмен жаңа киім беріп, кешке бір әйелдің үйіне түнеп, ертеңіне қайтайын десе, қалған әйелдері жібермейді, «анадан мені жек көресің бе» деп. Қырық қатынның үйіне қырық түнеп, қырық күннен кейін өз әйеліне келеді. Келсе, әйелі бұртиып ашуланып отыр екен. «Саған мен бір түнеп қайтып кел дегенім қайда, сен қырық түнедің, «уәде—Құдай үйі» деген ата-бабамыз, сен уәдеде неге тұрмайсың»,—деп Құрманмен ұрса кетті. Құрман: «Сен неге ақшаңдайсың, мен патшамын, бұрынғы Құрман екен деме» деп қожаңдады. «Сен немене, менің тілімді алуға тиістісің, сенің қолыңды патшалыққа жеткізген мен»,—дейді әйелі. Құрман: «Сен емес мені патша еткен Алла тағала, олай деп былжырама»,—дейді. Сонымен екеуі ұрсысып төсекке жатады. Төсекке жатқанда әйелі ашуланып жатады. Сонда Құрман: «Әй, әр таман жатшы, жылан иісің шығып кетті»,—дейді. Әйелі: «Рас айтасың ба?»—дейді. «Рас айтпағанда»,—деп Құрман теріс қарап жатады. Әйелі: «Сонда сен мені тастайсың ба, жылан иісің шықты деп»,—дейді. «Тастаймын, қайтесің»,—дейді. «Рас айтасың ба?»—дейді. «Рас айтамын»,—дейді Құрман. «Онда қайталай үш рет айтшы»,—дейді әйелі. «Рас, рас, рас»,—деп айғай салады Құрман. Әйел төр алдына төсек салып жата береді.

Құрман ертеңгісін ұйқысынан оянып көзін ашып қараса, айдалада үй де жоқ, бұрынғы киіп жүрген асыл киім де, шықырлаған сақтиян етік те жоқ, өзінің бұрынғы қойшы күйінде киіп жүрген жаман тоны мен жаман шалбары, одан басқа ештеңе қалмапты. «Енді не істеймін» деп, аң-таң болып тұрып артына қараса, арт жағында баяғы өзі бағып жүрген бір қора қой мен астына мініп жүрген қызыл өгізі тұр. Өгізіне мініп, қойын өргізіп, «мен патша болдым, қырық әйелім бар, бұл қойды сонда айдап барайын» деп қойды айдап, ханның ордасының жанына апарып иіріп тастап, құрттаған бір қойды өңгеріп, патшаның ордасына барып: «Ей, қатындарым, мына қойды түсіріп алыңдар»,—деп өгіздің үстінде тұрып айғай салады. Қатындары даусын танып үйден жүгіре шықса, бір қойшы қой өңгеріп келіп тұр. Құрман аңырып қарап қалған қатындарына ақырып: «Ал, мына қойды, неғып мелшиіп тұрсыңдар»,—деп балағаттайды. Қатындар қойшының балағаттағанына шыдай алмай, қырық қатын, қырық сойыл алып, Құрманды сойылдың астына алып береді. Құрман қашады, өгіз жаяудан оза алмайды. Есі танып өгізден өкіре құлап жер қабады. Қатындар: «Сендей қойшыға сол керек, біздің байымыздың даусын салып, бізді алдамақшы»,—деп алдындағы күлге көміп кетіп қалады. Бір уақыттар болғанда Құрман есін жиса, күлдің ішінде жатыр, күлмен көміп аяқ жағына бір жалпақ тас бастырып кетіп қалыпты. Тасты аударып тастап, көрден шыққандай үсті-басы жұлма-жұлма болып түрегеліп жан-жағына қарайды, сол жерде қанша жатқанын да білмейді, қазір таң атып келе ме, не күн батып келе ме, әйтеуір, ала көлеңке уақыт, біраз тұрып басы айналып қайта құлап қалады. Біраз қозғалмай сол орнында жатып аздап есін жиып болған соң, жағдайдың бәрін көз алдына елестетіп, Құрман ойлайды: «Қой, бүйтіп өлуге болмас, қайтадан жыланға барайын, болған кемшілікті айтып жалынайын, оны ажалдан алып қалып едім, менің істеген бір кемшілігімді неге бір жолға кешірмес екен»,—деген ойға келіп, орнынан тұрып үсті-басын қағып, қасында ағып жатқан бұлаққа барып жуынып, ауылдан аулақ барып бір жерге жатып, таң атуын күтеді. Бір уақытта күткен таң да атады, таң атқан соң баяғы өзі көрген жыланның ауылына тартады, соған келіп өзін жылан ертіп келген шұңқырдан түсіп жер астындағы үңгірмен жүре береді.

Баяғы үйіліп жатқан жыланға келеді. Жыландардың үстін басып жүруге болмайды, айланып өтейін деп, айланып жолдан шығып бара жатқанда жыландар өзінен өзі қақ айрылып ортасынан жол ашады, қайта жолға түсіп жүріп кетеді. Өзі көрген үлкен ақ үйге жақындап келгенде ішінде күбірлеп сөйлескен адам даусын естиді, «бұл не болды екен» деп, үй сыртында тыңдап тұрса, қызбен сөйлесіп отырған әлгі жылан екен. Қызға шешесі: «Неге қайтып келдің?»—деп отыр екен. Қыз жылап болған уақиғаның бәрін айтады. «Сонан үйдің бәрін көшіріп осы жер астына кіретін есіктің алдында бір күн отырдым әлі де артымнан келер деп, бірақ ол келмеді, сонан соң келдім енді, ол келсе, сіз маған қайта бар деп қинамаңыз, мен енді оған қайта бармаймын, ол мені алмаймын деп үш қайыра айтты және мен оған сонша жақсылық жасадым, қойшы басын патшалыққа көтердім, ол сонда да жақсылықты білмейді»,—деп солқылдап қыз жылап жіберді. Қыз жылағанда шешесі ашуланып: «Егер енді оны көрсем шағып өлтіремін»,—деп қаһарланды. Ол бәрін естіп тұрып жаңа келе жатқан адамша тарсылдатып үйіне жақындады. Сонда «осы келе жатқан күйеу ғой» деп, адам бейнесінен жылан бейнесіне енді қыздың шешесі. «Ассалаумағалайкүм»,—деп кіріп барғанында, шешесі қаһарланып орнынан ысқыра тұра келді. Ол екі қолын қусырып, бар-жоқты айтып жалынып, болған кемшілікті кешіруін сұрады, жылан райынан қайтып адам қалпына түсті, келбетті келген кемпір екен. Сол кемпір болса да оған берген қызынан он есе сұлу екен, сонда кемпір айтты: «Қызымды неге қуып жібердің?»—деді. Құрман болған жағдайдың бәрін айтты. Екеуінің сөзін ой таразысына тартқандай біраз үндемей отырып, әлден кейін «жарайды, әлде де тексерем» деп, ас әзірлеуге тысқа шығып кетті. Даладан бір қайнап тұрған самауыр әкелді, екеуі отырып шай ішті. Шай ішіп отырғанда ол сөз бастады. «Ене, анадағы сізді қуған от не, сол маған жұмбақ, соның сырын маған айтыңызшы»,—деді. Сонда кемпір ауыр бір күрсініп, былай деді:

«Ол мені жастайымнан оқытқан молда еді, өзі аса сиқыр адам еді, мені оқытып өзінің молдалық дәрежесіне жеткізіп, бірақ маған сиқыр оқуын оқытпады. Сиқыр кітабы бар еді сол кітапты өзінен тастамайтын, ол әрбір айда бір жеті ұйықтайтын еді, мен сол ұйықтағанда сиқыр кітабын алып оқи беретін болдым, айына жеті күн сабақ оқимын, ол оянар алдында кітабын орнына қоямын, сонан, қойшы, сиқыр кітапты түгел оқып бітуге жақындадым, бірақ жылан болу және қайта адам болу өнерін ғана тез үйрендім, басқасын тез үйрене алмадым. Менің оқуым бітуге жақындағанда молда айтты: «Оқуың бітуге жақындады, енді сен үйіңе қайтасың»,—деді. Мен оқуды бітіргеннен кейін үйіме қайтпадым, сондағы ойым әлгі сиқыр кітаптың бәрін жатқа біліп алу еді, «оқуың бітті, үйіңе апарамын десе», әзір осы жерде тұрам» деп көнбедім. Сөйтсем мен білмеймін, мен қайтпаймын дегенге әлгі құзғын менде кеуілі бар екен деп ойлапты, бір күні маған әйел бол дегендей сөз айтты. Мен ашуланып оны тышқан етіп жібердім сиқырмен, ол қап деп қапы қалды, ол менің неге қайтпай жүргенімді сонда бірақ білді де, бармағын тістеп қала берді.

Мен кітапты алып еліме қайттым. Өзімнің сүйген кісіме қосылдым. Сонан екі-үш бала туды, біз қартайдық. Кейін әлгі кітапты ақ матаға орап, теңге салып қойдым. Сөйтсем әлгі құзғын молда соны бағып жүріпті де, теңге тесіп кіріп, адам болатын қағазын жеп, адам қалпына түсіпті. Түн ортасы болғанда үстіме біреу ыстық суды шашып жіберді, көзімді ашып алсам әлгі молда, шалыма пышақ салып өлтіріп, енді мені іздеп жүр екен, мен дереу жылан бола кеттім, сөйткенде әлгі от болып маған лап етті, мен атылып қаштым, ол мені қуды, сонан саған тап болдым, сен оны өлтіріп, мені жауымнан құтқардың, ажалдан құтылған соң мен саған қызымды бердім, ақыры сен де қызымды тастадың, бүгін келмей қалғанда мен сені шағып өлтіремін деп отыр едім, алдыңа келсе атаңның құнын кеш деген, сондықтан сен маған қайта күйеу бала бола аласың»,—деді.

Ас ішіп болған соң бір қалайы қоңыр сандық алып қолыма ұстатты да: «Жер үстіне шыққан соң төрт қанат ақ отаудың орнындай жерді дөңгелетіп сызып алып, мынаны басыңа жастанып жатып ұйықта»,—деді.

Кемпірмен қош айтысып кетіп қалды, жер бетіне шыққан соң төрт қанат ақ отаудың орнындай, жер сызып алып ұйықтады, ертеңгісін тұрса, төрт қанат ақ отаудың ішінде жатыр, қасында бір қыз жатыр, анадағы қыздай сұлу емес екен, далаға шықса малы да шамалы, алғашқыдай көп емес екен, үйге келіп киінейін деп қараса, әлгі оның патшалық киімін ала келген екен, патшалық киімін киіп барып өзінің тағына отырды. Сонан әйелін ордаға көшіріп алып, бірнеше жыл патшалық өмір сүрген екен, тату-тәтті тұрып, дүниеден олар да кеткен екен дейді.

23. Майлықарашаның ертегісі

Ертеде бір бай бар екен. Ол байдың үш баласы бар екен. Үлкенінің аты Жандос, ортаншысының аты Табанақ екен. Ең кішісінің аты Майлықараша екен. Майлықараша үш жасар екен. Бір күні екі ағасы мал табамыз деп жолға шықты. Майлықараша айтты: «Ай, ағалар, мен бірге барамын». Ағалары айтты: «Жарайды, жүрсең жүр»,—деді. Үшеуі ата-шешесіменен амандасып кетті. Келе жатып бір үлкен тасқа келді. Сол тастың түбінде қонды. Үшеуі жатты. Майлықараша айтты: «Ай, ағаларым ортадарыңа жатқыз,—деді,—Мен қорқамын»,—деді. Екі ағасы жатқызады. Майлықараша үш күн, үш түн ұйықтайды екен. Екі ағасы қастық қылып бір үйдей тасқа байлап кетті. Ұйқысы қанды. Майлықараша оянды. Білді, екі ағасының қастық қылып байлап кеткенін. Біліп, тасты көтеріп, екі ағасына алып келді. Екі ағасы айтты: «Мұны не қыласың?»—деді. Майлықараша айтты: «Шешемнің ұршығының басы жоқ еді, соған бас қыламын»,—деді. Екі ағасы шешіп тастады. Тағы да келе-келе жатып бір терек түбіне келді. Үшеуі сол жерге қонды. Майлықараша айтты: «Ай, ағаларым, қорқамын,—деді,—Ортадарыңа жатқыз»,—деді. Екі ағасы жатқызды. Тағы да ол терекке байлап кетті. Үш күннен соң ұйқысы қанып оянды. Теректі тағы да көтеріп екі ағасына алып келді. Екі ағасы айтты: «Мұны не қыласың?»—деді. Майлықараша айтты: «Шешемнің ұршығының сабы жоқ еді. Соған сап қыламын»,—деді. Екі ағасы шешіп тастады. Келе келе жатып Майлықараша бір жай қылып алды, құлан мен бұланды атып алып, екі ағасына таудай қылып үйіп беріп, мал табам деп кетті. Күн батыс жақта үш алып бар екен. Сол батырды іздеп кетті. Бір уақытта жетеді екен. Үлкенінің үйіне келді. Бір сұлу қатын отыр екен, ол қатын айтты: «Ай, бишара, байымның келетұғұн уақыты болды. Кішкене қымыз ішіп шыға ғой»,—деді. Майлықараша кетті: «Сабаңды сабасыменен ішіп қоймасам, Майлықараша атым құрысын! Байыңның жолы қайсы?»—деді. Қатын байының жолын көрсетті. Майлықараша жолына келіп жатты. Алып келе жатыр екен. Майлықараша тұрып айтты: «Атыспақ керек пе, алыспақ керек пе?»—деді. Онда алып айтты: «Атыспақ атаң басы деген, алыспақ керек»,—деді. Екеуі алыса кетіп еді, Майлықараша алып ұрып, басын кесті. Ортаншысының үйіне келді. Алыптың қатынына айтты: «Байың қайда?»—деді. Қатын айтты: «Аңға кетті». Майлықараша барып жолында жатты. Келе жатқанында түрегеліп: «Атыспақ керек пе, алыспақ керек пе?»—деді. «Атыспақ атаң басы деген, алыспақ керек»,—деді. Екеуі алысып еді, Майлықараша алып ұрып басын кесті. Енді ең кішісінің үйіне келді. Бір айдай сұлу келіншек отыр екен. «Байың қайда?»—деді. Келіншек айтты: «Аңға кетті»,—деді. Майлықараша айтты: «Байыңның жолы қайсысы?»—деді. Қатын көрсетті. Майлықараша келіп жолында жатты. Алып келе жатқанда ұшып түрегеледі. «Атыспақ керек пе, алыспақ керек пе?»—деді. «Атыспақ атаң басы деген, алыспақ керек»,—деді. Екеуі үш күн, үш түн алысса Майлықараша алып ұрып басын кесті. Үшеуінің үйін көшіріп алып келді. Үлкенінің үйін үлкен ағасына, ортаншысының үйін ортаншы ағасына берді. Кішісінің үйін өзі алды. Сөйтіп, үш ауыл болып отырды. Бір заманда екі ағасы бұл кіші інісін күндеп өлтірейік деді. «Өзі сұлу қатын алды,—деп екеуі ақылдасып,—мұны қалай өлтіреміз?»—деді. Бір уақытта айтты: «Өзінің қанжарын ұрлап алып, есікке көлденең байлап қояйық»,—деді. Қанжарын ұрлап алып, есікке байлап қойды. Жылқыны дүркіретіп айдап: «Майлықараша, Майлықараша, жылқыны ұры алды!»—деп айқай салды. Майлықараша жүгіріп шықты. Аяғын қанжары кесіп түсті. Таң атқанда екі ағасы көшіп кеткелі жатыр екен. Майлықараша жұртында қалды. Қатынын, ат-айғырын алып кетті. Қатыны жанына қанжарын, шақпағын тауып беріп, жылай жылай кетті. Бір заманда бір мұрны жоқ келді. Майлықараша айтты: «Неғып жүрген адамсың?»—деді. Мұрны жоқ айтты: «Екі ағам бар еді. Өзім жер дүниеден иіскеп білуші едім,—деді,—Күндеп екі ағам мұрнымды шауып тастады». Екеуі жолдас болды. Бір уақытта бір көзі жоқ келді. Оған айтты: «Сенің көзің қайда?»—деді. Көзі жоқ айтты: «Екі ағам бар еді. Өзім қырағы едім,—деді,—Күндеп көзімді ұрып тастады»,—деді. Үшеуі жолдас болды. Тағы бір уақытта бір қол жоқ келді. Майлықараша айтты: «Қолың қайда?»—деді. Қолы жоқ айтты: «Екі ағам бар еді, өзім елде жоқ шебер едім. Екеуі күндеп қолымды шауып тастады»,—деді. Төртеуі жолдас болды. Аяқ қолдары тәуір болып жазылайын деді. Майлықараша айтты, мұрыны жоққа: «Иіскеші,—деді,—Не бар екен?» Мұрыны жоқ иіскеп айтты: «Анау жақта бір хан бар, сол ханның күйеуі келіп қызын ұзатқалы той қылып жатыр»,—деді. Майлықараша құбыл екен, бір күміс ер тоқымды қара жорға ат болып кетті. Ханның күйеу қызы сейілге шығып жүр екен. Майлықараша күйеуінің алдынан өте берді. Күйеу бозбалалар жыйылып қуды, ұстатпады. Енді қыздарының алдынан өте берді. Қыздар қуды. Ханның қызы алдынан шығып еді, Майлықараша тұра қалды. Қара жорғаны мініп алды. Майлықараша алдын ашық, артын тұман қылып, қашып кетті. Жолдастарына алып келді. Қызды қатын қылып алмады. Қарындас қылып алды. Күндердің күні болғанда Майлықарашалар бәрі аңға шыққалы жатқанда, қыз Майлықарашаға айтты: «Маған бір мысық тауып бер»,—деді. Майлықараша бір мысық тауып берді. Қызға айтты: «Анау тауға шықпа»,—деді де аңға кетті. Күндердің күні болғанда қыз бір мейіз тауып алып мысығына айтты: «Мысығым, келе ғой, бір мейіз тауып едім, жей ғой»,—деді. Мысық айтты: «Тұра тұр, барайын»,—деді ойнап кетті. Қыз мейізді мысық келмеген соң өзі жеп қойды. Бір уақытта мысық: «Мейіз қайда?»—деді. Қыз енді: «Ойбүй, жеп қойып едім»,—деді. Мысық ашуланып құйрығыменен отын сөндіріп, қашып кетті. Қыз Майлықарашаларға ас қылып қоюға от таба алмады. Манағы шықпа деген тауға келіп қараса, бір жаман қараша үй тұр екен. Қараша үйге жүгіріп келді. Бір кемпір отыр екен. Жаман кемпір айтты: «Шырағым, басымды қарап берші?»—деді. Қыз кемпірдің басын қарап отырды. Кемпір тізесінен қанын сорып отырды. Өзі жалмауыз кемпір екен, қыз от алып келді. Бір уақытта Майлықараша келді. Қыздың бетінде қан жоқ, құп-қу боп отыр екен. Білді. Мұрны жоқты тастап, аңға кетті. Мұрны жоқ есіктің алдынан бір ор қазып алып, тығылып жатты. Аяғын аңдап басып кемпір келді: «Майлықараша үйде ме, сайман-садақ қолда ма?»—деді. Қыз айтты: «Майлықараша үйде жоқ, сайман-садақ қолда жоқ»,—деді. Кемпір келіп басын қаратып, қанын сорып-сорып кетті. Шыға берейін дегенде мұрны жоқ ұстай алды. Мұрынға қойып қалып еді, мұрны ауырып айырылып қалды. Кемпір қашып кетті. Кешке Майлықарашалар келді. Енді Майлықараша өзі қалды. Таң атты. Аналар аңға кетті. Кемпір келіп, басын қаратып, қанын сорып, шығайын дей бергенде, Майлықараша ұстап алды. Кешке басқалар келді. Кемпір айтты: «Мені өлтірмеңдер,—деді,—Мен қолы жоғыңа қол, тағы мұрны жоғыңа мұрын, көзі жоғыңа көз бітіремін»,—деді. Майлықараша: «Жарайды»,—деді. Майлықараша қызға айтты: «Мыналардың бәрін жұтып, таста дегенде тастар,—деді,—Мені жұтып, таста дегенде, тастамас,—деді. Сонда менің қанжарымды алып басын кесіп, бірде башпайын қоймай шаққайсың!»—деді. Аналардың бәрін жұтып, таста деп айтты, тастады. Қолы жоққа қол, мұрны жоққа мұрын, көзі жоққа көз бітіп шықты. Енді Майлықарашаны жұтып таста деп еді, тастамады. Қыз басын кесіп, бір бақайын қоймай шақты. Майлықарашаны таба алмады. Бір бармағы «көкек» деп ұшып қонып, ұшып қонып жүр екен. Қыз ұстап алып шақса, Майлықараша ішінде отыр екен. Аяғы Майлықарашаның жазылды. Майлықараша айтты: «Енді, Құдайға шүкір, аяғымыз жазылды. Елімізді табайық»,—деді. «Қызды қайтеміз?»—деді. Майлықараша айтты: «Әр қайсымыз өз жолымызға жүрейік,—деді,—Қыз қайсымыздың көтімізден жүрсе, сол апарып салғай»,—деді. Әрқайсысы өз жөнінде жүрді. Қыз Майлықарашаның көтінен жүрді. Майлықараша үйінің жанына алып барып тастады да өз жолына келді. Келе келе жатып, екі ағасына келді. Екі ағасы мұны танымады. Майлықараша екі ағасына жөнін айтып еді, екеуі маңайына жуытқысы келмеді. Майлықараша екеуінің де басын алды. Сөйтіп, екі ағасының қатынын өзі алып, малын малданып, жанын жанданып, бай болып отырды, барша мұрат басына шықты.

24. Зайыт пен мысық

Бұрынғы заманда бір кедей қарт диірменші болған. Бұл диірменшінің қатыны жоқ екен. Үш қызметкері бар екен. Көп заман өткен соң бұл қарт өзінің қызметкерлеріне айтты:

—Мен сіздерді енді шығарамын, қартайдым. Қазір тыныш өз күнімді өзім көргім келеді. Солай болса да мен біріңді алып қаламын. Маған қайсыңыз жақсы ат келтірсеңіз, міне, сол өлгенімше туысқандай мені күтеді. Диірмен сол ат келтіргеніңізге қалады,—деген соң бұлар шығып кеткен. Біреуінің аты Зайыт екен, екіншісі—Рафик, үшіншісі—Ғаббас. Зайыт—есалаңдау жынды екен. Бұлар қарттан кетіп бір ауылға жеткенде жолдастары Зайытқа:

—Сен нағып ат табасың, жынды. Бізбен бірге бармай-ақ осы ауылда қал,—дейді. Зайыт бұлардың сөзін қабыл алмай «мен де сіздермен барамын» деп ілесіп қалмаған. Бұлар кеш болған соң далада бір шұқырға кіріп жатқан. Зайыттың екі жолдасы оянған соң, Зайытты оятпай қашып кетеді. Зайыт күн шыққан соң оянып қараса, жолдасы оятпай қашып кеткен. Зайыт қорқа-қорқа шұқырдан шығып тоғаймен бара жатып ауыр ойланып өз-өзіне: «Мен бір өзім қалдым, жақсы атты қайдан табамын»,—дейді. Сол арада Зайытқа тоғайдан шығып, бір ала мысық келіп жолықты. Зайытқа айтты:

—Қайда барасың?—деп.

Зайыт «осы мысыққа айтқанымен мұнан не қайыр» деп шынын айтпады. «Қайда болса да барамын»,—деп жауап берді. Мысық:

—Мен саған пайда келтіремін, сенің не іздегеніңді білемін. Сен бір жақсы ат іздейсің. Сен маған үш жыл қызмет етсең саған сондай жақсы ат беремін. Өзің өмірің бойынша іздеп таба алмайсың,—дейді.

Зайыт ойға қалып ойлайды. «Осы ала мысық маған қандай пайдалы сөз айтты»,—деп қызмет қылуға ырза болды. Ала мысық Зайытты алып келіп бір сиқырлы сарайға кіргізді. Сарайдағы көп мысықтар, бұл ала мысық Зайыт екеуін құрметтеп үйге кіргізді. Кеш болған соң екі мысық келіп ойнай бастады. Біреуі Зайытқа келіп айтты «жүгірейік» деп. Зайыт айтты:

—Мен мысықпен бірге жүгіргенім жоқ. Жүгіре алмаймын,—дейді. Біраз уақыт өткен соң біреуі Зайытқа бір үй көрсетіп «ұйықта» дейді. Зайыт шамды сөндіріп ұйықтады. Таң атқан соң Зайытты оятып, жуындырып құйрықтарымен бетін сүртті.

Зайыт:

—Сіздің сүлгіңіз жүдә жақсы жұмсақ екен,—деді. Содан Зайытқа тамақ ішкізіп-жегізіп болған соң, Зайыттың қолына күміс балта мен күміс пышақ беріп, ала мысық айтты:

—Бар, менің шабынымнан пішен шауып кел, күміс балта мен күміс пышақтың біреуіне де зиян қылмай, әкеліп бересің,—дейді. Зайыт ала мысықтың айтқанынын істеп, нәрселеріне зиян келтірмей алып келіп берді. Зайыт айтты:

—Енді маған айтқан нәрсеңіз бола ма?—деп.

Мысық айтты:

—Бұл қызметің аз, көбірек қызмет көрсетуің керек,—деді.

Мысық:

—Күміс бұрғыны, күміс балтаны, күміс пышақты—бәрін алып маған бір сарай сал,—деді. Зайыт ала мысықтың айтқанының бәрін де істеді.

Зайыт айтты:

—Маған айтқан атыңыз бар ма?—деп және айтты.

Мысық:

—Менің қазір саған берер атым жоқ, болса да атты көргің келсе жүр, көрсетемін,—деп Зайытты алып барды. Сарайдағы тамаша өңді аттарды Зайыт көрді. Он екідей ат тұр, бірінен-бірі жүдә жақсы екен. Ала мысық Зайытқа:

—Мен саған казір бермеймін үш күннен соң беремін,—дейді.

Зайыт ырза болып, диірменшінің жанына барған еді. Диірменшінің қасында бұрынғы жолдастары отыр екен. Олардың диірменшіге әкелген аттарының біреуі—ақсақ, біреуі—соқыр болған. Жолдастары Зайытқа айтты:

—Сенің атың қайда?—деп.

Зайыт:

—Менің атым үш күннен соң келеді,—дейді. Жолдастары Зайыттың бұл сөзін есітіп күліп:

—Сенің тапқап атың қандай болады екен, көрейік,—деген. Зайыт кірген соң диірменші «отыр» деп айтпаған. «Киімің жаман, атың жоқ» деп, диірменші Зайытқа азғана тамақ береді. Кеш болған соң Зайытты жолдастарымен жатқызбай қаздардың жанына қуып шығарған.

Үш күн өткен соң ертемен алты ат жеккен пәуескемен бір атты артына байлаған біреу диірменшіге келіп түсті. Диірменшіден сұрады:

—Зайыт қайда?—деп. Сұраған адам бір сұлу қыз екен. Диірменші бұл сұлу қызға:

—Зайытты үйге кіргізуге жарамайды. Үсті-басы тіпті жаман, қазір ол қаздардың арасында,—деді. Қыз Зайытты шақырып үстіне, басына таза киім кигізіп, жуындырып еді, Зайыт жүдә сұлу болып, жолдастары қызғанып кетті. Бұл қыз Зайыттың жолдастарының әкелген атын қарап көрді. Көрсе, біреуі—ақсақ, біреуі—соқыр.

Қыз диірменшіге:

—Міне, мен Зайыт үшін сізге ат әкелдім. Диірменің де өзінде қалсын,—деп, қыз Зайыттың қолынан ұстап үш ат жеккен пәуескеге отырғызып алып кетті. Зайыт өзінің істеген күміс үйін көрді. Бұлар сол жерде осы сұлу қызды алып, шаттықпен өмір кешірді.

25. Тас болған шаһар

Әуелгі заманда бір шаһарда бір қарт пен кемпір болған бір нысапты тауфиқты ұлы. Күндерде бір күн бұл жігіт сапар шығуға ойлап атасынан, анасынан рұқсат сұраған. Рұқсат алып кетіп бара жатып, бұл жігіт бір шаһарға барып кірген. Ол шаһар тас болған. Әрбір үйлері һәм нәрселері, кісілері кейбіреуі отын кескен жерінде балтасымен тас болған, қайсыбір адам отын көтерген бойынша тас болған. Қайбіреуі көшеде жүрген кісі сияқты тас болған. Бұл шаһардың не себептен тас болғанын білмей, бұл жігіт шаһар бойынша жүрген. Жүре-жүре патшаның үйіне келіп кірген. Патшаның үйінде бір тірі адам көрмеген. Болса да патшаның үйінде екі-үш сағат күтіп отырған, бір адам көрінер ме екен деп. Сол арада патша үйіне патшаның қызы келген. Ол қыз бұл жігітті көріп амандасқан, әрі сұраған «қайдан келдің, қайда барасың», – деп. Бұл жігіт бәрін бастан-аяқ айтып берген. Сонан соң қыз айтқан: «Бізге бір жақсы таза кісі керек еді, үш түн патша үйінде дұға қылып отыруға, осындай үш күн дұға қылып отырушы болса, бұл шаһардың халықтары жаңадан тіріліп өз түріне қайтатын еді»,—деген. Бұл жігіт қыздың сөзін қабыл етіп ырза болған. Қыз бен жігіт уағда қылған, егер жігіт үш түн дұға қылып шаһар халқы тіріліп өз суретіне қайтса, қыз жігітке тимек болған. Қыз жігітке үш шам берген де өзі кеткен.

Бұл жігіт шамды жандырып дұға оқуға кіріскен. Түн ортасы болған соң, бұл жігіт жанына сонша көп жындар келген. Жындар келіп бұл жігітке дұға қыла бастаған. Кейбіреуі отпен өртемекші болып, кейбіреуі ұрмақшы болып, кейбіреуі қорқатын нәрсемен қорқытпақшы болып, қорқытып қараған. Бұл жігіт тіпті қорықпаған. Түн ортасы өткен соң жынның бәрі де жоқ болған. Таң атқан соң, бұл жігіт жатып ұйықтаған. Бір уақыттан соң патша қызы бұл жігіт жанына келіп сұраған «қандайсың» деп. Жігіт жауап берді:


Мазмұндас кітаптар

1 Нұрдәулет Ақышәңгіме
2 Ыбырай Алтынсаринэтнографиялық еңбек
3 Бейімбет Майлинпьеса
4 зерттеулер
5 Шерхан Мұртазаәңгіме
6 Нұрхалық АбдырақынОқу құралы
7 Бейімбет Майлинәңгіме
8 Тоқаш Бердияровповесть
9 Оқу құралыоқулықтүркітануфилология
10 Мұхтар Әуезовлибретто

Пікірлер:


Жолдаушы №: #119, : 22:45 - 2019/09/05

​Бұрынғы сүйіктіңізді шұғыл түрде қайтарыңыз Оны жоғалтпаңыз! Дригбинөвия мыңдаған әйелдер мен ерлерге өзінің шынайы сүйіспеншілігін қолдана отырып, некелерін қалпына келтіруге көмектестіSpell Мен Татьяна Ахмедөвә мен Алматыданмын, бірәқ мен Швейцәрияғә көшіп келемін. Некеден 12 жыл өткен соң, мен күйеуім екеуіміз бір жанжалда / ұрыс-керіске түсіп кеттік. ол мені тастап, басқа әйелмен бірге болу үшін Калифорнияға көшкенше. Менің өмірім аяқталғанын сездім, ал балаларым әкелерін бұдан былай көрмейді деп ойлады. Мен тек балаларға ғана күшті болуға тырыстым, бірәқ жүрегімді ауыртатын ауыртпалықтарды жеңе алмадым, жүрегім қайғы-қәсіретке толды, өйткені мен күйеуімді қатты жақсы көрдім. Күнде және түнде мен ол туралы ойлаймын және ол маған қайта оралсын деп тілеймін, мен қатты уайымдадым және маған көмек керек болды, сондықтан мен Интернеттен көмек іздедім және Дригбинөвиянің бұрынғы күйеуіне тез оралуына көмектесе алатын веб-сайтты кездестім. . Сондықтан мен оны сынап көруім керек деп ойладым. Мен өнімен байланысқа шықтым, ол маған не істеу керектігін айтты және мен мұны істедім, ол маған махаббат шырынын жасады. екі күннен кейін менің күйеуім маған қоңырау шалып, мені және балаларды қатты сағынатындығын айтты, сондықтан керемет !! Осылайша ол дәл сол күні оралды, ол көптеген сүйіспеншілікпен және қуәнішпен өтті, ол өзінің қәтелігі үшін және мені және балаларымды ауыртқаны үшін кешірім сұрады. Содан кейін, дәл сол күннен бастап, біздің неке бұрынғыдан да күн сайын күшейе түсуде, б


ادام نەمەسە ۋيروس ەكەندىگىڭىزدى تۇراقتاندىرۋ سۇراعى، كاتەكشەگە 99 دەپ جازىڭىز، راحىمەت!
98 + 1 = ? sozsiz sifermen tolteringiz.