Еларна қолфон нұсқасына ену

Жүктеу-Албомым-Албомдар-Желі
Осы торды сақтаймын! | Осы торды бас бет етемін!

Біздің байланыс: elarna2012@gmail.com

Үш күнгы келушылер санағыКелген адам саны (IP)Көрілген бет саны (PWs)КомпйутерҚолфон
2019-10-221435476533 %67 %
2019-10-231391591239 %61 %
2019-10-24000 %100 %


Тіркеліңіздер Кітапхана Қожалар торабы Албомдар Қазақтың 1001 ертегісі

::::МИЕГЛЬ АСТУРИАС. КОРДЕГИЛЕРДИН КОЗДЕРИ::Көрдегілердің көздері

Кітәпханаға қайту

Көрдегілердің көздері ->
Апторы: Мигель Астуриасроман
Көрдегілердің көздері - Көрілім: (1246)


: PDF Download - Жұктеұ - Скачать - ءتۇسىرۋ


ҮШІНШІ БӨЛІМ

ХҮІ

− Қарашы, әпке, қарашы!..

Бала, қашанғысындай, түн жарымындағы ғибадатта "Гранада" думанханасының есігі алдында Анастасиаға көмектесіп тұрған.

− Жалмап жатыр гринголар, жалмап жатыр! - Қарашы, әпке, қарашы!.. - деп қайталады да балақай басын кері бұрды, онысы әлдебіреудің қайшысымен асығыс қиқалап тастаған қара түсті жөке өсімдігінен аумайды екен. Ол, көзі бақырайып, жаңа ғана велосипедтен түскен адамға қарады да қалды. Ал ананың қимылы маңғаз. Терезе біткеннің әйнегін солқылдатып өршелене күмпілдеген джаздың соққысымен зәу биігінен құлаған қатты қанат жәндік пе дерсің. Велосипедші ымдап баланы шақырды. Әуелі қолын, содан соң қалпағын бұлғады, онысын басынан шешіп, түннің тым салқындығына қарамай, желпініп тұр. Жерге шырт түкірді. Түкірігі былш етті. Сірә, түкіргенін өзі де байқамай қалған тәрізді, бірақ енді тамағы кеберсіді. Рин-трин-трин, рин-трин- трин! Абайсызда өзі сүйеніп тұрған велосипедінің қоңырауына шынтағы тиіп кетті; өзі көрінеу күйгелектеніп, ентіге дем алды, қолындағы қалпағы желпуішше қалтырайды.

Ақыры бала оның ымын түсінді - өзін немесе әпкесі екеуін шақырып тұрғанын білді, бірақ әпкесі ештеңені байқар емес; ынты - шынты думанхана жақта, солай қараған күйі кіжініп қояды:

− Жалмап жатыр гринголар, жалмап жатыр!

"Сипе!.. Си... си... пе!" - деп орнынан қозғала берген бала, түнгі шықтан дымқылданған асфальтта жалаңаяқ шылп-шылп басып, велосипедшіге жүгіре жетті, оны тек сонда барып таныды...

"Сиииии ... пе... сииии ... пе... сииии ... пе... сипе!.." − велосипедшімен сөйлескен соң әпкесіне қарай бұрылған баланың жер басып жүргенінің өзі шайтанарба тепкендей болып көрінді. Ал әпкесі жазған есінеп, үсті-үстіне есінеп, жағын кергенде бүкіл бет әлпеті арандай ауызға айналып кеткендей - онысы иә аштыққан, иә ұйқысыздықтан екенін түсіну қиын, мүмкін соның екеуінен де шығар: қарнында дәнеме жоқ, көзінде дәнеме жоқ, тұла бойы тұл қалған, тек тынбайтын қу тілі ғана:

− Жалмап жатыр гринголар, жалмап жатыр!

− Әпкееее! - деп келіп балақай қолынан тартты. - Ана жерде сеньор Непо сізді шақырып жатыр!

− Сеньор Непо?.. Шақырса бару керек!.. - Шата есіктен ажырай берді де, қоғажай, ботакөз, себелен, қалапмыр, "теңіз игуаниті", қызғалдақтар мен сарғалдақтар сатушының бірдеңе дегісі келгеніне қарамастан, велосипедшіге қарай жүрді. Тыңдағысы келмегені - сол баяғы сочельниктегісінше бірдеңені бықсытып жүрер деп ойлады; сонда ғой бұл бетпақтың сылқия тойып алып, аймаңдай жұрттың көзінше: "Құй сен, құй сенбе, бұл мен - Гумер дейтін бір пенде; көктен түсіп, жерде жатып аунаған!... Жирен шашты періштедей янки көп!... Кино дерсің аумаған..." - деп көкитіні.

"Аузына тигені басына шыққан ғой, көзіне жоқ пәле көрінгені... әйтпесе бас киімінің астындағы сықпыты көттен аумайтын сатпақ сарыларды періштеге теңер ме еді!.." - деп Анастасиа оның аузына құм құйған болатын, қазір де сөйтер еді, бірақ оған мұрша жоқ -Нинья Гумердің бос сөзін құлағына да қыстырмастан жүре берді.

− Қос дөңгелек - қос кебіс, жалғыз жігіт - біртегіс... Кім табады!.. Мен өзім, мен өзім... -деп шата келіншек сеньор Непоға наздана келді; ал ол еңіске тартқан велосипедін ірке түсіп, пошта қақпасына қарай ылдилап барады екен.

− Жұмысқа кештеу келуге рұқсат алып едім...

− Ал жұмыс дейтін - қашанда қылмыс болғандықтан әрі қай қылмыскер болсын өзінің қылмыс жасаған жеріне қайта айналып соғатындықтан сіз де осы маңға бір соғып кетпей тұра алмағансыз ғой!

− Жолай соққаным ғой, жай ғана жолай. Ал кідірген себебім - есік аузында тұрған сені көрдім...

− Жалмап жатыр гринголар, жалмап жатыр!

− Со да жаңалық боп па!

− Жаңалық болсын-болмасын, шындық екені кәміл!

Құйтақандай жалаң аяқтары жыбырлай басып бұлардың соңынан бала емпеңдеп келеді, велосипедтің айнала беретін, айнала беретін, айнала беретін артқы дөңгелегімен қатарласа жүргеніне, ал дон Непоның нағыз кедейше жерді алшаңдай басып жаяу бара жатқанына ол өзі дән риза. Біреу-міреу сипе сатып алыпты дейтін әңгіме шыға қалса әпкесінің: "Қара жерді қайқайта басып жүре бер, құлыным, кедейдің велосипеді - жер", - деп айтатыны бекер емес қой.

− Осы бетіңізде сіз үйге бара жатырсыз ба? - Шата келіншек жүрісін ширатты, еркектің аяқ басысына ілесу үшін "қарқынға қарқын қосуына" тура келді.

− Үйге. Шынын айтсам, үйде болдым, содан соң бір кетіп, қайтып оралдым да қайта кеттім. Немеремді іздеп жүрмін, бүгін құлқын сәріден тұрып кетіп еді, сол жоқтан әлі жоқ. Ең жаманы - арбамен кетіп еді ғой, жолда не болады дерің бар ма. Оның әк таситын құрылыс орнына барып та сұрастырдым. Гуарда-Вьехоға, Ласаретоға бардым, бармаған жерім жоқ, таба алмадым. Марс алаңында, Санта-Кларада, Вилья-де-Гуадалупеде, тіпті салесиандық рақыптар құрылыс жүргізіп жатқан жерде де болдым...

− Сіздің орныңызда болсам мен тұп-тура полицияға хабарлар едім...

− Тұп - турасы қалай?.. - Өзінің көмекшісі, астыртын әрекеті үшін полицияның аңдуына түскен әлгі қашқын есіне түскенде оның жүрегі зырқ етіп, қобалжып жүре берді; әйткенмен, шатаның сөзінің жаны бар: Дамиансито бірдеңеге ұшырай қалса полиция дереу хабар берер еді, ал көмекшісіне келетін болса, ол туралы телефон арқылы да ештеңе сұрамағанның өзі жақсы.

− Әрине... - деп Анастасиа да болар емес. - Полицияның білмейтіні жоқ: кімнің қай жерде бұқпантайлап отырғанын, кімнің жараланып госпитальда жатқанын, кімнің жер астындағы құртқа жем болып үлгергенін сол біледі...

− Тілің кесілсін сенің!

− Ойнап айтам!.. Ол қайда кетуші еді!.. Естілер еді ғой... Жаманат жата ма, әсіресе қазір, ана бір радио дейтін сампылдақ барда!

− Радиоңды қойшы! Радио?.. - деп дон Непо кекесін раймен аузын қисайтқанда тіпті мұрты да жыбырлап кетті. Әуелі жеккөріністен бетін тыржитып, содан соң алқым ашуға басты: - Радио дейді?.. Радиодан жаратылған әлгі "Рокола" сайқалдың маған қылған қыласысы аз болып па! Атын естісем болды, құсқым келеді!

− Әрине, сіз сияқты мүттәйімге ұнайтыны әлгі пон... пон... пон... маримба ғой, түнгі сағат үштегі. Сіз деген ескінің көзісіз, вальс сияқтыларды ұнатасыз...

− Тіпті маримба, Анастасиа, тіпті маримбаның өзі. Бұрын оны тәуір көретінмін ғой, енді ертелі-кеш тыңдай-тыңдай құлағым сарсыды...

− Раааадиогазееееет!! - деп ышқына айғайлаған бала ілгері жүгіріп шығып, ақсақтың кейпіне түсе қалды: бір аяғы тротуарда, екіншісі - төселген көшеде.

− Көрдіңіз бе, тіпті менің балапаныма да "Радиогазеттің" салқыны тиген...

− Тағы айтатындары бар ғой, әпке... - деді бала артына қайырылып. - Лоте-лоте-лоте... рея... бір билет велосипед!

− Менің де жынымды келтіретін сөздері бар: "Доктор, жүре алатын емеспін, бұл аурудан қайтсем құтылам? - Ха, көгілдір, таксимен жүрсеңіз болды".

− Енді, бұл дегенің кәдімгі таксидің жарнамасы ғой, - деді дон Непо.

− Бұл - жарнама емес, барып тұрған адамды қорлау!.. .

Мұнара басындағы сағаттың соғысы жаңғырығып барып қайта естілді.

− Мүмкін енді ол келіп те қалар, - деп ойын сабақтады Непо - мусено. - Дамиансито түн баласы бүйтіп кешікпеуші еді. Тіпті ақылға сыймайды.

− Полициядан сұраңыз...

− Ертең өзі де сөйтермін.

− Жөн-жосығын біліп алмай қалай жайбарақат жатуға болады? Дереу біліңіз. Қазір дон Чако сауда жасайтын "Ла Селекта" дүңгіршегінің алдынан өтеміз ғой, сол жерден телефон соғуға рұқсат сұраңыз.

− Жоқ, одан да мен ұйқыны қойып, іздеуге шығайын. Тағы не істеуге болады? Ал полиция... иә, иә, полиция... Құрулы қақпан ғой ол - полиция деген, білгелі барып, қандаланың жеміне айналарсың...

− Оныңыз рас, - деп мақұлдаған шата келіншек аузын кере есінеп, бір керіліп қойды. - Ал сіз немереңіз туралы, Дамиансито жайында ештеңе сұрамаңыз. Сізге оның атын ата деп тұрған кім бар? Арба мен өгіздерді сұрасаңыз болды...

− Бәрібір...

− Мақұл, поли...лерден сұрағыңыз келмесе еркіңіз білсін...

− Жүр, Колумбыға барып, бір-бірден тамаль жеп алайық, - деді дон Непо велосипедін ыңғайлап, жүрісін ширата түсіп; ол бұрынғысынша жаяулап, екі бірдей серігін соңынан қалдырмай ілестіріп келе жатқан.

− Жөн сөз, - деп іліп әкетті Анастасиа. - Тамағың тоқ болса қабағыңның кірбіңі сөз емес...

− Болмаса, осы жерде - ақ "Санта-Росадағы" негр Роудан жүрек жалғармыз...

− Мұның тамағы қымбат, дон Непо, оның үстіне, мұнда да "Рокола" бар. Дұрысы сол Колумбыға барып, таза ауада отырған. Жанға жайлы. Әрі, қажет десеңіз, алаңды кесіп өтіп, ішек-қарын сататын қытайға баруыңызға да болады...

− Жоқ, меніңше, шелпекпен тамаль жеп, кофе ішкен ақыл..

− Маған да сол ұнайды, әсіресе шетінен үзіп жеп отырсаң ғой...

Тамаль сатушы ішінде қараңдаған еті бар қою жүгері ботқасынан үш сыбаға бөліп, банан жапырақтарына орады. Анастасиа оларды ұстай беріп еді, қолын күйдіріп алып, саусақтарын үрлеп, бая-шая болды; содан соң тамальдарды екі алақанына кезек аунатқан күйі жүгіре басып орындыққа жетті. Қатарласа отырған дон Непо, шата әйел мен бала үшеуі тамальдарының орамын ашып, қолдарымен апыл-ғұпыл жей бастады, мұнда нан да жоқ, кофе де жоқ боп шықты.

Екі бас бірден көтерілді: дон Непоның басы мен шата әйелдің басы. Әлдеқайдан арба дөңгелегінің тоқылдаған үні жеткендей болды. Бұлар демдерін іштеріне тартып тына қалған, жегендері тығылып тамақтарында тұр. Дамиансито болмаса игі еді?.. Дон Непо шыдай алмай, тамалін кейін ысырып, орнынан тұрды... шынында - Дамиансито.. Көмекшісі жоқ, бір өзі... Дон Непо қарсы жүрді... Немересі лып етіп арбадан секіріп түсті де өгіздердің алдына шығып, арбаны тоқтатты. Анастасиа орындықтан атырыла тұрды -дәл сол сәтте ол велосипедке мініп заулап-ақ кеткісі келгенімен оған шамасы жетпей, мәшинені құлатып алған баланы түтіп жеуге бар еді.

− Тоқта, соры қайнаған, жаныңды шығарамын!.. - деп ақырды шата, баланың соңынан қуа беріп. - Тоқта деймін!.. Тоқта!..

Дамиансито атасымен амандасып, тамальдің мұрын жарған иісіне рақаттана тұрып сөйледі:

− Осы тамальді қалай аңсап келгенімді бір құдайдың өзі біледі! Пласитадан өтіп бара жатқанымда - ақ тамаль сатқандар кездесе берді де тәбетімді әдбен - ақ ашты, бірақ онсыз да діңкелеп келе жатқан өгіздерімді тоқтатқым келмеді.

− Көмекшің қайда? Оны қайда тастап кеттің?

− Көмекшімді ме?.. - Анастасианың "Тоқта! Қайт кейін!" дейтін айғайы бірқауым жерден естіледі; сірә, ол балаға жете алмаған болуы керек. - ... Көмекшім сонада, қасапхананың арғы бетінде қалды. Ұшы-қиыры жоқ күлтөккен басталатын жер бар емес пе, сол арада пойыз күтпекші.

− Хуамбомен сөйлесті ме ол?

− Сөйлескен болар деймін. Екеуі оңаша болды ғой...

− Тамағың суып қалатын болды... мына сорлы жынданған шығар. Ақымақ неме, велосипедке мінді екен деп баланы өлтіргелі жүр ме?..

Дамиансито тамальді қос қолдап аузына тыққанда тіпті өмір - ғұмырында мұндай дәмді тамақ жеп көрмегендей сұғынды.

Атасы даусын бәсеңдетті:

− Сен ұшты-күйлі жоғалып кеткенге әбден есім шықты. Тіпті жұмысқа да бармадым. Рұқсат алдым. Сендер қолға түсіп қалды ма деп зәрем зәр түбіне кетсін! Арбаның шамы жоқ болғанға пәле салып жатыр ма деп бір ойладым ба - ау...

− Дәл сол үшін ұстағандары рас. Бір полицей тіпті арбаны алып қоя жаздады.

− Әне, көрдің бе...

− Бірақ мен онда жалғыз болатынмын.

− Құдай сақтаған ғой! Иә, сонымен? Жіберді ме?

− Менің қолымда Санта-Клараның арғы бетінен полиция директоры салдырып жатқан сарайға әк тасиды дейтін құжат бар болатын. Соны көрсете қойып ем қыңқ демеді.

− Менің қорыққаным да сол еді ғой. Түкке тұрмайтын бірдеңеге бола ілініседі. Бір өзеуресе қоймайды. Ал полициядағылар сол бір көмекші дейтіннің кім екенін біліп, күлманын ашып береді. Осы бірер сағаттың ішінде менің көрген құқайымды құдай адам баласының басына бермесін. Не сұмдық ойлар келіп-кетпеді дейсің - біреулер сені сабап жатыр ма дедім бе - ay, аяғыңнан салбыратып асып қойды ма дедім бе - ay... әйтеуір бір алданышым - велосипед, соның өзінде, сасқалақтағаным сонша, кейде екі дөңгелекті емес, есектің құйрығын мініп келе жатқандай болдым ба - ау. Өстіп жүріп, боқ басында өлесің де қаласың, тіпті қашан өліп, қайда қалғаныңды да білмейсің. Жазмыш деген сол әне. Бір түнде бәле - бәтірдің батпағына батып, не болғаныңды сезбей де қаласың... Ал әлгі адамыңа келетін болсақ, соның жөншемді аты-жөнін де білмеппіз ғой. Бір айтуында Табио Сан деген сықылды еді. Лақап аты ма, кім білсін... Табио Сан... түсініп көр енді...

Ол қызара піскен тамальді үстемелей қылғытып отырған немересінің қасынан тұрып, еңсесін тіктеді. Немеренің ешнәрседе шаруасы жоқ, жүгері ботқасын шөкімдеп алып көмейіне тоғытып жатыр, жеген тамағынан ғана емес, қолының басын сорғанына да керемет ләззат алған адамша әр саусағын жалап-жұқтап, тамальдің келесі кесегіне ауысады, ара-тұра оның арасынан сүйек тауып алып, рақаттана мүжиді кеп. Ал атасы орындықтың жанында тұрған күйі мойнын созалақтап Анастасиа мен балақанды іздеумен болды. Беті көгіс тартқан тоспа суын бақа жайлайтын әуітке итіндіре салынған бағанның басынан алаңға еңселене қарап Колумбтың ескерткіші тұр.

− Жоғалды ғой жоқтауы асқырлар, - деді дон Непо шата әйел көзіне түспеген соң; ал ол болса дәл қазір Театр алаңын кесіп өтіп, құйын - перен ағызған баланың қыр соңынан қалмай, жерден іліп алған тастарын үсті-үстіне лақтырып, өкшелеумен бара жатыр. - Дәл осындай саппас, делқұлы әйелді көрсем көзім шықсын. Балаға обал, тегі... Сөйтіп, құс ұшып кетті деймісің, ұлым? - деді отырған Дамианситоға қарап.

− Мен әлі сіздің айтқаныңызды ойлап отырмын... әлгі саппас әйел туралы...

− Бол тездет, кетейік. Әлде тағы жейсің бе? Жігіт адам тамақтан қайта ма!

− Құдай тілеуіңізді берсін, ата, мен тойдым! - деді немересі, жерде жатқан велосипедке тақай беріп. - Сіздің "тұлпарыңызды" арбаға салып алсақ қайтеді, кішкене демалсын...

− Өзің біл, балам. - Дон Непо Дамианситоға жақындап, еркелете иығынан қағып қойды. -Сені аман-сау көргенімнің өзі мен үшін қуаныш!

Аяқтарын ауырлай басып көнбіс өгіздер жолға түсті; жайлап айналып арбаның дөңгелектері сықырлады, атасы мен баласы да ой сорабына түсті. Әрқайсысының көкейінде көп-көп сұрақтар бар, бірақ екеуі де тіс жарып ештеңе деген жоқ... Көмекшінің күткен пойызы өтті ме екен? Қарғып мініп үлгерді ме екен бейбақ? Үлгерген болар-ау, пойыздар бұл маңда жүрісін баялатушы еді ғой. Алда-жалда ол бұларға қайтып келіп жүрсе ше?. Мұны ойлаған тек атасы ғана. Көмескі бір үрей көңілінен кетер емес: егер ол біздің үйге қайта келетін болса күлбілтелемей турасын - ақ айтайын, мұнда қалуға болмайды дейін, тым қауіпті, өте қауіпті дейін. Ол түсінер. Бірінші жолы құдай сақтады. Әрі десе, әуелгіде оның кім екенін де білмедім ғой, оның үстіне өзі де ғайыптан пайда болғандай сап ете қалмады ма. Әрине, мен ұйықтап жатқанмын, ояна кетіп қарасам... Кімді көрдім?.. Түсіме кірген адамды, елді аузына қаратқан басшыны көрдім, жаңа ғана түсімде осы адам отарбаның үстінде, ту көтеріп, соқа мен мылтық ұстаған дауылпаз еркек - әйелдің ортасында: "Алға, жарандар! Жарандар, алға!.." деп ұрандатып тұрған. Бірақ мұның бәрі түсімде, ал оянған соң қасымда ет пен теріден жаратылған сол адамның өзі тұрғанын көрдім. Отарбадан түскен - соны өзімнің түсімнен тартып шығарғандай болдым емес пе, тарта - тарта келгенде тура қасымда, төсегімнің жанында тұрған нақты адам болды да шықты.

Енді басқаша. Дон Непо бастығырылып, ауыр ұйқыдан оянған сияқты. Бір ғана ойдың үрейімен оянғандай: алда-жалда немересіне яки өзіне бірдеңе бола қалса... жә, өзін қойшы - төрінен көрі жақын, тіпті өлтірсе де мейлі...

Ой сорабы үзілді, әлгі адам қайта келетін болса енді оны қабылдамасқа бекінді, сонымен болды, бітті. Немересінен:

− Әлгі Хуамбо не бітіріп жүр, ол қайда кетті? - деп сұрады.

− Үйіне кетті, - деді Дамиансито, - біз көмекшіні пойыз күтуге тастап кеттік, ал Хуамбо менімен бірге орталыққа барды. Ен ғажабы - бір ит онымен бірге келіп еді, ақыры сонымен бірге кетті, не деген жандар екенін!

− Әлгі көмекші Хуамбомен сөйлесті ме? - деп қайыра сұрады дон Непо.

− Сөйлескен болар...

− Демек, сен естімегенсің ғой?

− Жоқ, мен кетіп қалғанмын, есебімді алып әрі демалайын деп. Содан соң олармен жолықтым, тағы да сол келісілген жерде, Лаc - Араукариастың бұрышында.

− Ол өзі саған бірдеңе айтты ма, балам? Қартайған адам қазымыр болады, бірақ ештеңе сұрамасаң ештеңе білмейсің де ғой, содан тірі өлік сияқтанып бар дүниеден бейхабар жүресің де қоясың!

− Иә, өздері дайындап жүрген бір үлкен ойран-топыр жайында айтты. Байқаймын, бұрын-соңды болмаған жаңа нәрсе сияқты. Жұмыс істеп жүрген бәріміз бір күні, пәлен сағатта жұмысты тоқтатады екенбіз, бірақ қай күні екені әлі белгісіз, оны ешкім білмейді. Содан жалақымызды өсіргенше, жұмыс уақытымызды қысқартқанша... тағы бірдеңелерді орындағанша жұмысқа шықпайды екенбіз...

− Сонымен - ақ үкіметті бірдеңеге көндіргісі келе ме? - деп даусын соза, екіұштылау сөйлеген шал ештеңе білмейтін адамша аңқаусыды, ал шынтуайтында Табио Сан өзінің ойына алғанын оған жасырмай айтып берген-ді; тіпті онысын айтпаған күнде де дон Непо отарбаны түсінде көрген, сондықтан бұл адам халықтың серкесі екенін білген де қойған; бірақ енді оның бұл іске немересін тартқан - тартпағанын білуі керек қой. Дон Непоның өзі осы бір қатерлі шаруаны бос әурешілік деп санаған болатын; енді қалай десін: құр қолмен үкіметті құлатпақшы - беу шіркін, ондайды кім көрген!

Аэродромның ұшу алаңын жасау үшін Ла-Педрерадан құрылыс материалдарын тасыған әскери жүк мәшинелердің жарығы қайта - қайта көздерін шағылыстырып, қуатты моторларының азынаған гүрілі құлақтарын тұндырған дон Непо мен Дамиансито көгінде жұлдызы самсаған, айдың сүттей жарығына малынған тылсым үндерге толы түннің рақатына тек әредік бір сәттерде ғана елтіп келе жатыр.

− Міне, осылай, ата... - деп сөзін аяқтады, ойы да өгіздерінің жүрісіндей баяу жылжыған Дамиансито, - осындай ереуілмен - ақ олар үкіметті құлатып, "Тропикаль платанераның", электр фирмасының, темір жолдың билігін тартып алмақшы...

− Өзінің кеткені де жақсы болды, жаратқан ием жар болсын бейшараға. Оны үйде жатқызу тым қауіпті еді ғой. Әлгі Консунсиноның өзі-ақ арбамен өтіп бара жатсаң, көзін аудармай қадап: бұл мына көмекшіні қайдан тауып алған, өзі көмекшіге де ұқсамайды ғой деп, ынтығы құрып тұратын...

Табио Сан көмекші Лас-Араукариастың бұрышында, теміржол жиегіндегі үйіндінің тура түбінде арбадан түсіп қалған; ол сапарын әрі жалғау үшін бірінші келетін пойызды күтті. Ай жарығында темір жолдың үстіндегі көлеңкелер айқын бедерленеді - тілі мен цифры жоқ жол сағаты, әрбір шпалы мәңгіліктің бір-бір минутын есептейтін сағат. Бір қарағанға ол пойыз емес, уақыт күтіп тұрған адамға ұқсайды; пойыз да, ай да, өлімнің қалдығы -күлдікпен үнсіз кетіп бара жатқан арба да - бәрі тоқтауға тиісті уәделі сәтті күтіп тұрғандай.

Ол қалпағын жұлқи тартып маңдайына баса киді де, енді күтпеуге бекініп, аузы опырайған орлардың, қоқыс үйінділерінің жанынан өтіп, бұралқы иттер мен аттардың көлеңкесін артқа тастап, аппақ боп күл басқан ағашқа итіне қонған лашықсымаққа жетіп тоқтады. Көнетоз қабыққа ұқсаған есікті қақты. Сәлден соң:

− Бұ қайсың?.. - деп жөтелден қарлыққан дауыс естілді.

− "ЧОС...ЧОС... мойон... кон..."

Ұйқылы-ояу есік жайлап жылжыды - мұндай есіктер әдетте өзіне кім кіріп, кім шығып жатқанын білмейді, - шағындау алаңшаға жол ашылды, ондағы семіп қалған қазоты мен раушанның гүлінен жапырағы көп, жапырағынан бұтағы көп екен және соның бәрін өлік тәрізді күл тозаңы басыпты. Табио Сан баспанаға жақындады, оған, сірә, есік орнына ескі терезеден кіретін болса керек. Үстіндегі үлкенді-кішілі көп қотыры жағрапиялық картаны еске түсіретін күлгін түсті қаусаған төбет оны ырылдаумен қарсы алды. Көзі тасырайған төбет қуану дегенді білмейтін, риза сезімін тек күңкілмен білдіретін иттердің санатынан болса керек. Мейман еркелетіп сипамақшы болғанда ол басын көтеріп, құйрығын бұлғаңдатқан болды. Тұрғын бөлмелер төменде екен. Табио Сан тіпті аяғының астына қарамастан басқышпен төмен түсті. Ол мұнда кеп тұрмаған болатын, бірақ осы үш баспалдақ оған жақсы таныс еді. Кәрәсін шамның жарығында болымсыз үй бұйымдары көрінеді - айна, кебеже, үстел, орындықтар, бәрінің шаңы жақында сүртілген болуы керек, бірақ олар қайтадан күлгін түстене бастапты. Оның артынан ілесіп, керіле түсіп, бөлмеге салпаң құлақ кәрі төбет кірді де табалдырықта тұрған бойы, құдды ұйқысын ашқысы келгендей, тұмсығын сілкіп - сілкіп қойды, ал төбеттің соңын ала Худасита да көрінді. Ол тікелей далаға шығатын есіктің көзінде кідірді; тақтайға құлағын тосып, біреу-міреу келе жатқан жоқ па екен деп тың тыңдады. Әлде жымиысын жасырған, әлде көз жасын іріккен адамша қымтырылып, мейманмен амандасты. Оның жүзіне үңіле қарап, көзін тайдырып, ернін жыбырлатып тұра берді, бірақ тіл қатқан жоқ. Оның аман - сау осында келгеніне қуанғаны сонша, тіпті...

− Не болған, тегі, масқарампаздан аумайсың ғой!.. Бар айтқаны осы болды.

− Үлкен Жыртқыштың циркіндегі масқарампаз!.. - деп әзілге шаптырған болды ол, өйткені өзінің сықпытына байланысты Худасита реніш айтар деп қорықты - кейпі тым жұпыны еді: кигені қарапайым шалбар мен жейде, басында түтесі шыққан көнетоз пальма қалпақ, аяғында шаруалардың қолдан жасап киетін сандалы гуарачас және тұла бойын түгел басынан аяғына дейін әлдеқандай ақшыл тозаң басқан.

− Мен мұнда жүк тиеуші болғансып, әк артқан арбамен әрең деп жеттім.

− Бет-аузы да өзгерген. Бұрын мұндай емес еді. Домбығып, дөрбалданып кеткен бе.

− Егделеніп келеміз ғой, Худасита, оның үстіне жағалаудағы жұмыс та оңай емес.

− Ал даусы сол қалпы.

Әйел жапсарлас, жатын бөлмеге кіріп кетіп, алжапқышының астына тығып бір зат әкелді де, тиісті шаруасын атқарған адамша еркін қимылдап, үстелдің үстіне қойды. Онысы -немістердің өндірісінен шыққан, көлемі едәуір, қос түпті түнгі боқтыаяқ екен. Табио Сан осында келген сайын әйел оны қалай пайдалану керегін айтудан жалыққан емес - ал шынында оның ешқандай қиындығы да жоқ еді.

− Егер біреу-міреу келе қалса, барып есік ашпас бұрын осыны пайдалана қойыңыз...

− Күлкімді келтірмеші!

− Пайдаланыңыз!

− Шақырған адамы мен болмасам да әзір тұруым керек пе?..

− Пайдаланыңыз! Сіздің міндетіңіз - оссс..ыны пайдалану...

− Жарайды, шынымды айтсам, полиция сап ете түседі дейтінді ойлағанның өзінен-ақ осыны пайдалану керек боп қалуы мүмкін.. сөйтіп құрылықтың бәрін мұхиттың суы басады... ха-ха-ха! - деп қарқылдай күлген бойы ол әйелді бауырына басты. - Жә, халің қалай, Худасита?.. Сен тіпті мені құшақтамадың ғой!

− Байқаңыз, қабырғамды сындырарсыз! Халің қалайды сізден сұрау керек, ал мына "тамырды" айтсам, - деп ол үстел үстіндегі боқтыаяқты нұсқады, - азды-көпті қағаз барда мұның толып тұрғаны дұрыс, тіпті иттің сарығы болса да мейлі... Бласконы сарытып-ақ толтырғызып қояр едім, бірақ ол сорлы қартайды, енді ол бұған жарамайды...

− Сайтанның сарығы болса да мейлі ғой... әйтеуір біздің хаттарды таппаса бопты, Худасита!

− Хаттарды өзіңіз алған соң мен мұны сілті қосылған ыстық сумен сабындап тұрып жуамын. Әйтпесе бұлай қалдыруға болмайды, иісі мүңкіп кетеді...

− Е-е, боқтыаяғың бекер емес... сумен жусаң кетер емес!

− Қарай гөр, өлеңдетіп сөйлейді!.. Қалай дегенмен, мұны әспеттеп жуып, құммен ысқылап тазартпаса бүкіл үйдің ішін сал аурудың бөстегіндей иіс алып кетеді!

− Сонда да, сақтық үшін, осылай болсын...

− Тым секемшілсіз - ау...

− Мұндайда мен асыра сілтегенді тәуір көрем, өзің білесің ғой.

− Бәлкім, соныңыз да дұрыс шығар. Менің қарашығым да осылай сақтанса жендеттердің қолына түспес еді. Атылғанына да алты жыл болып қалды. Сол күні Жыртқыш алты боздақты атып құмарынан шықты ғой... Шіркін-ай, солардың кегін қайтару керек қой әлі...құдай куә, қайтару керек!

− Жә, енді "тамырды" әкете берсең де болады, қағаздарды алдым!

Табио Сан күйеуінің әйелі деп әзілдейтін Худасита құжаттарды сақтауға арналған қос түбі бар, өздігінен ашылып-жабылатын, бір есептен сейфке ұқсайтын жұмбақ боқтыаяқты үстелден алып қойды.

− Пакеттердің бәрі күл салынған қаптармен келді, - деп түсіндірді Худасита, - оларды әкелген адамның бет әлпеті әлемтапырақ екен, жүзін бір рет те анықтап көре алмадым. Иә, сол адам мұнда кешқұрым келді, тіпті түнге қарай десем де болады. Байлар мекендеген орамдай емес, кедейлер тұратын шеткеріде таң да ерте атады, кеш те ерте батады. Сізге айттым ба, айтпадым ба есімде жоқ. Әлгінің сойы о дүниеден оралған адамға ұқсайды, қабына өлген адамның күлін салып әкеп тұрған әлдебір көміршінің жаны ма дерсің, әрі өзі сөзге де сараң ба дедім: келісілген құпия сөздермен алмасқанымыз болмаса, даусын да естімеген болар ма едім, кім білсін. Әйтеуір кетерінде бір-екі ауыз сөз айтты: "Сеньора, мына екі қапты бөлек қойып, осылардың күлін мұқият елеп, ішінен шыққан заттарды сақтап қоярсыз", - деді.

− Солай еттің бе?

− Әрине. Қолайлы елек таба алмай әлек болғанымды айтпаңыз. Алдыра қояйын десең қымбат, әкесінің құнын сұрайды. Ақыры әйтеуір амалын таптым ғой қарызға алдым. Сол електің түбінде, бүргедей - бүргедей болып, темір түйірлер қалды, сөйтсем кәдімгі қаріптер екен. Не деген жұмыс! Екі қап күлді түгел елеп шықтым емес пе. Енді тағы әкеле ме, кім білсін.

− Менің білейін дегенім де сол ғой. Қаріптер қайда?

− Осында. Ал енді хаттарыңызды оқыңыз.

Сансур жалма-жан пакетке жармасты, Маленадан болар деп еді, қателеспепті.

Бірінші, екінші, үшінші бетті бір деммен оқып шықты. Егжей - тегжейлі есеп берген екен. Енді бәрі ойлағандай боп шықса, бұл жолы тым көтеріңкі көңілмен жасалған әрі тәуекелі көп қорытындыларды екеуі бірге отырып талқылайтын болар-ау. Жарытымсыз жалақымен мемлекеттік бюджетке байланып қойылғандықтан халықтың өзге жіктерінен гөрі мұғалімдердің мойынсалдығы мен өкіметке көнбістігі күшті, бірақ сонымен бірге мүмкін, тегі, сондықтан да шығар наразылық пиғылдар мұғалімдер арасында көбірек байқалады. Маленаның бұл пікірі өте дұрыс. Тек енді осы наразылық қаншалықты терең әрі ол жеке бастың базбір себептеріне байланысты емес пе және сөз жүзіндегі әшейін күңкілмен ғана шектеліп қалмай ма, соны анықтау керек.

Үй несі "тамырды" апарып тастап қайтып келді де Сансурды асқа шақырды. Өзі дастарқан жайып, табақшаларды қойып жүріп, қыт-қыттаған күрік тауық тәрізденіп, мұрнының астынан деміге бірдеңелерді күбірлеп қояды.

− Жә, барып жуынып келейін... - деді Сансур; ол әбден мүйізектеніп, айғыздалған тозаңынан аппақ болған қолындағы хаттан - қазіргі атымен айтқанда Роса Гавидианың, яғни Маленаның хатынан алған әсерден әлі арыла алмай отырған.

− Дұрыстап тазаланып алмасаңыз болмас. Шашыңыз бен бетіңізде сөндірілмеген әктің тозаңы бар, оған су тисе пәлеге қалдым дей беріңіз.

− Оның рас...

− Сізге не берсем екен? Томат пен пияз қосып қуырылған жұмыртқа, өзіңіз тәуір көретін дәмқабық қосылып сүтке пісірілген күріш. Келеріңізді білсем бір жапырақ ет әзірлеп қояр ем ғой...

− Сенімен ас үйге барайын.

− Көрінген нәрсеге араласып, тамағымның бәрін күйдіріп - жандырып жібермексіз ғой. Одан да қағаздарыңызды құшақтап, осында отыра тұрыңыз.

Тамаққа тәбеті жақсы шапты. Қуырылған жұмыртқаны қылғытып салып, табаның түбін нан қоқымдарымен мұқияттап сыпырып жеді. Сүтке пісірілген күрішті дәмқабығына дейін қоймай тақыл - тұқыл соғып алды. Содан соң кофе, сигарет. Tic тазартқыштың орнына - сіріңке.

− Жатам десеңіз төсек дайын... - деген ұсыныс айтты Худасита; аяқ астынан оны жөтел қысып, қиқылдап-шиқылдап барып сөзін жалғады: - Менің қайран қалатыным, сіз кейбір хаттарды оқисыз да кейбіріне мән бермейсіз, сонда ең керек жері қайда екенін қалай білесіз?.. Мен, тегі, білмес едім. Түрі - түсінен немесе иісінен ажыратасыз ба, әлде басқа бір сиқыры бар ма?..

− Балгер болсаң білер едің...

− Балды аша білмесең... кімде-кімнің қолы жүрегіне жақын болса, сол қателеспейді..

− Оған сену қиын. Біз бастаған күресте құр сезімге, түйсікке сенім артуға болмайды...

− Дегенмен жүрек шіркін жетекке ермейді, өз қалауымен жүреді...

− Әй, қайдам...

− Оқыңыз, хатыңызды оқыңыз...

− Бұл - есеп...

− Дегенмен, сөз арасында...

− Сөз арасында жазылғанды білгеннің де артықтығы жоқ.

− Жә, мазаңызды алмайын, жақсы жатып жай тұрыңыз.

− Өзің де сөйтерсің.

− Айтпақшы, ұмытып барады екем... Шамды ала жүріп, қаріптерді қараңызшы. Оларды қалай орналастырғанымды көріңіз...

Қанша діңкелеп отырса да ол үстелден кәрәсін шамды алып, Худаситаның соңынан ерген күйі суағар құбыр орнатылып, ескі ошақ тұрған артқы аулаға барды. Ошақтың оттығындағы қаріптердің бес үймесі шам жарығымен жарқырап шыға келді.

− Өте тамаша. Қорғасынның осы бір құйтақандай жанартаулары пулеметтен артық зақым жасай алады.

− Бұларды қалай қалағаным ұнады ма сізге?

Жақсы-ақ. Бұл өзі Федерацияның елтаңбасы туралы ойға жетелейді екен. Егер елтаңбадағы бес жанартау баспахана қаріптерінен қаланса және бәрі бір мезгілде атқылайтын болса тіпті ғажап болар еді... Дегенмен бұларды ашық-шашық тастауға болмас, бірдеңе етіп жасырайық - оқ пен баспахана қаріптері десе полицияның мұрны қышып тұрады.

− Ертең жасырамын. Енді жатайын. Қайырлы түн болсын. Шамды ала кетіңіз, менің бөлмемде шырақ бар. Аман-сау болыңыз.

Ол шығып кетті. Күлбеттенген жүзі, төгілген күл тәрізденген бурыл шашы, кеп жатқан күл түстес көйлегі ауланың алакөбеңіне сіңіп жоқ болды. Сансур бөлмесіне кірді. Шашын, бет-аузын, киімін, қолын, бәрін ақшыл әк тозаңы басқан. Екі елес кездесіп, жөндеріне кеткен сықылды. Салтқысы жоқ сағат әлі бола қоймаған бірді көрсетіп тұр екен.

Ол төсектің шетін ала жайғасқан күйі конверттерді ашып, қағаз парақшаларын бірінен соң бірін алып, көз жүгіртіп оқып шықты. Содан соң түнгі үстелшеде тұрған кәрәсін шамның отына еңкейе беріп аяғындағы сандалын шешті, жейдесінің жеңін түріп, белдігін ағытты -жұмысын тәмамдап, жүк артқан арбадан түскен қосалқы жұмыскер, пеон от басқан киімдерінен түгел арылмақшы болды. Сөйтіп жалаңаш ұйықтады, қаңғыбастана жүріп, ұдайы киіммен ұйықтаған беймаза түндерінің есесін бір қайтарды.

Астанадан келген хабарлар. Шопырлардың, автомобиль жүргізушілердің қарсылығы. Әңгіме жүргізушілердің құқықтарын немесе мәшинеге қатысты басқа да құжаттарды қайта қарауға тірелсе, көше тәртібін бұзғаны үшін айып төлеуден бас тартуға тура келсе олар дембе-дем ынтымақтаса қалады. Тауарларын ай сайын төленетін өсімқорлық бағамен сатушы шетелдік фирмалардан несиеге автомобиль сатып алған жүргізушілер де оларға қосыла кетеді. Олар жарнасы әлі түгел төленіп болмаған мәшинелерді өз меншігі санап жұмыс істей береді, ал бұл екі арада жанар май мен қосалқы бөлшектердің бағасы өсе береді, сөйтіп, түптеп келгенде, автомәшинелерді импорттаушылардың тапқан пайдасы еселене береді. Жүк мәшинелері мен жеңіл мәшинелердің шопырларымен бірге қала көлігінің бір саласын ұстап отырған жеке кәсіпкерлерге тиесілі таксилердің тұрақты жалақыға жұмыс істейтін шопырлары да бас көтереді...

Ол есінеді. Күлгін түстес неке көйлегімен кербезсінген айдан әбден естері шығып құйғытқан жапалақтардың қанат сусылы даладағы түн тыныштығынан талып жетеді; бұл оның шаштараз өнерін үйреніп жүрген кезеңінің және қасапшылар көшесінде тұрған күндерінің аңсарлы бейнесіндей; ол тіпті адам тағдырын таразылайтын Панегириканың пысылдағанын, Хуана Түн Түнектің (бұл да жапалақ тұқымдас) ұйқылы-ояу міңгірлегенін естігендей болды. Балалық бал дәуренін өткізген күлшілердің арасына қайыра түскендей, бірақ енді Бельялус та жоқ, сүйегі қурап қалған баяғының адамдары да жым-жылас. Әбден ақшулан тартып, көресіні бүргеден көрген соқыр төбет жылыстап аяғының астына келді. Қартайғанда адамнан аумай қалатын иттер болады. Ол төбетті еркелетіп, түрпідей желкесінен сипады, құлағының түбін қасып, тұмсығын қағып қойды.

Қалған хабарлар - өзара көмек қоғамдары туралы, Атамекен күніне қарай немесе мерейтойларға байланысты ғана ұжымдаса қалатын синдикаттар мен бауырлас федерациялар жайындағы есептер оншама қызықты емес екен. Жұмысшылар ынтымақтастығының бірден-бір пәрменді әрі жарқын көрінісі деп ұйым мүшелерінен әлдебіреудің қаза болуына байланысты марқұмды жерлеуге кететін шығындарды өтеу және жетім қалған балаларға азын-аулақ жәрдем жасау үшін көмек ұйымдастыруға шақырған үндеулерді айтуға болатындай.

Өзара көмек... Қазаға байланысты бір мезгіл берілетін жәрдем... Ол шамды өшірді... Әрине, Маленаның ойы дұрыс... Мұндай жағдайда күресу дейтін күлден от шығарам дейтін әуремен бір- дей... бірақ сол отты қалай да шығару керек !..

Арада бірер күн өткен. Бірде кешқұрым ол қаладан күл сатып алып сабын қайнатушыларға әкеп сататын томаға-тұйық үндістермен танысып, достық қатынас орнатуға бекінді.

− Сендер нешеусіңдер?..- деп сұрады осы бір өркөкірек, кісікиік адамдардың бірінен; анау болса көше бұрышындағы қабырғаға сүйеніп, қалтасындағы шақаларын сылдырлатып тұрған; өзі содан кәдімгідей ләззат алатын сияқты.

− Біз азбыз әрі көппіз... - деді үндіс аз-кем үнсіздіктен соң; пышақтай тістерін ақситқанда иә күлейін дегенін, иә біреуді тістегісі келіп тұрғанын түсіну қиын еді.

− Азбыз әрі көппіз... - деп қайталады Табио Сан ойлы жүзбен.

− Иә, солай... - деді үндіс салқын үнмен.

− Ертең сенімен бірге барсам қайтеді? Қарсы емеспісің? Мен бір жұтаң адаммын, кішкене нәпақа табайын деп едім. Баспана табуын таптым, тек енді бұршақ пен нанның өзіне тиыным жоқ.

Үндіс ләм-мим тіл қатар емес.

Бірақ Табио Сан да тақымдап қоймады.

− Ертең күл алу үшін өзіңмен бірге барғанымды қалайсың ба?

− Қалаймын, бірақ ертең емес. Бүрсігүні барайық.

− Құдай тілеуіңді берсін!

− Күл салатын қабың бар ма?

− Біреу...

− Көтеруге шамаң келе ме?

− Көтермеске шара жоқ.

− Тиының бар ма? Неңе сатып алмақсың?

− Қанша керек еді?

− Көп емес, болымсыз ғана...

− Дегенмен қанша?

− Демек, бар болғаны... - деп кілт қайырды үндіс. - Тиының бар екен, бүрсігүні менімен қалаға барып, күл аласың, содан соң оны сатуға апарасың, ақысын көтеріңкіреп қой - өзім айтам. Арзанға сатудың қажеті жоқ. Сымпиып шығайын демесең өзгелерден арзан сатушы болма. Иә, айтпақшы, ұмытып барады екем: күл таситын қабың қалың матадан болсын, сонда оған тозаң да өте алмайды.

− Менде ондай қап бар, ұнға арналған үлкен қап...

− Дұрыс - дұрыс, - деді риза көңілмен үндіс, әуелгі ара қашықтығын өзгертпестен - Ондай қапты табу оңай емес, сенен сұрағаным да сол

− Бәрекелді, сен тәуір адам көріндің, тек өз жайыңды ғана ойламайды екенсің. Бұл жақсылығыңды ұмытпаспын!

− Менімен бірге жүргің келсе, әуелде не істеп, не қоятыныңды айтып отырамын. Содан соң тәуекел дейсің де жалғыз-жарым бара бересің. Ал өзің қайдансың?.. - деп аяқ астынан қойып қалды қола түстенген қоңырқай жүзі селт етпейтін, күлсіңді кір орамалмен мойнын шандып алған үндіс.

− Қайдансың деймісің?.. - деді Табио Сан, жауабын ойлап айту үшін даусын соза түсіп. -Чуакустан келген адаммын. Ондай жерді білушімең?.. Сонда туғам... Өзің осы жерлікпісің? - деп сұрады ол да өз кезегінде, ежіл - қожыл бола түскісі келіп, бірақ онысы тастың көңілін табумен бірдей екенін біле тұра.

− Айтасың - ау! - Үндіс, тіпті, жерге шырт түкіріп, Табио Санның бетіне қарады. - Денің дұрыс па? Осы жерлікпісің! Мені кім деп тұрсың өзің? Мен деген нағыз сололалықпын, кәдімгі Сололаданмын!

− Мұнда жай келіп-кетіп тұрасың ба, әлде үй-жайың бар ма?

− Төрт жыл болды мұнда келгеніме, бірақ өз жеріме қайтсам деген ойдамын.

− Ал бүрсігүні қайда кездесеміз?

− Дәл осы бұрышта, тура алтыда сені осында күтем. Аты-жөнім Сесилио Янкор, бірақ мұндағылар көбінесе Чило деседі.

Мондрагон қаланы аралап қайтатын ойы бар екенін айтқанда - бір басының өзіне адамбақсыз бәс тігілгенін білмейтіндей - ақ! Худасита селк ете қалды.

− Сіз қашанда есті адам сияқты едіңіз! Енді келіп, мұныңыз не?.. - Ол саусақтарын сырт еткізіп, орамалының ұшын аузына тістеді. - Егер шынымен-ақ қалаға барамын десеңіз, табан аузында ескі-құсқымды жинап аламын да басым ауған жаққа тайып тұрамын. Түрменің тасын көз жасыммен жуар жайым жоқ, жалғыз ұлым атылғанда жылағаным да жетер.

− Оның бәрін білемін, Худасита, мүмкін осыным да ақымақтық боларын білемін!

− Өте мүмкін... - деп шегеледі әйел

− "Өте мүмкінсіз - ақ" аңғалдық мұным, бірақ мен қалай болғанда да тұрмысы тәуір және... тек өзім білетін өте сақ адамдармен байланыс орнатуым керек. Ол адамдардың азды-көпті болса да, бұдан екі жыл бұрынғы астыртын әрекетке қатысы болған, енді мен күресті әрмен жалғастыру үшін олардан көмек сұрамақпын.

− Сіз тура бала сияқтысыз, әлі сенесіз...

− Сенемін... "Біздің Әкейге"...

− Тағы не дейсіз?! Менің айтайын дегенім: кімге сенесіз? Бала сияқтысыз - құшақ жая қарсы ала қояр деп ойлайсыз. Тіпті табалдырығынан аттатар ма екен. Әрине, өздерін атышулы Хуан Гхабло Мондрагон іздеп жүргенін білгенде шалқаларынан түсіп жүрмесе. Олар үшін сіз әлі Хуан Пабло Мондрагонсыз. Олар үшін және жасырын полиция үшін...

Есік қағылды. Екі, үш қайтара. Жасқана қаққаны сонша, тіпті сонау жер түбінен естілгендей болды. Қаттырақ, өжеттене қақты. Тұп-тура "жасырын полиция" деген сөз айтылған сәтте есіктің қағылуына Худаситаның зәресі ұшты. Бейшара тіпті тіл-ауызсыз қалған. Санның бөлмеден жылыстап кетуі мұң екен, ереже - нұсқау дейтіннің бәрін ұмытып, "тамырдың" жанына жетіп-ақ барды.

− Бұ кім?.. - деп сұрады, жөтелін әрең басып.

− Мен ғой...

− "Менің" кім?

− Сесилио Янкор, Чило...

− Мұнда ешқандай Чило жоқ, - деді ешқандай қауіп жоқ екеніне көзі жеткен соң сабырлы қалпына келе қалған Худасита.

− Жо - ға, Чило Янкор деген мен боламын...

− Сізге не керек?

− Бір адамның осында тұратын - тұрмайтынын білейін деп едім, ол бүрсігүні менімен бірге күлге бармақшы еді.

− Басқа жерден сұраңыз, мұнда...

− Демек, қайда тұрады ол?..

− Білмеймін, енді мазаны ала бермеңіз...

− Кешіріңіз, сеньора... - деп, үндістің даусы ұзап бара жатты.

Сан келіп, не жағдай екенін сұрады, Худасита енді оған түсіндіріп жатыр:

− Қайдағы бір қаңғырған ақымақ үндіс келіп, осында жолдасым тұратын еді дей ме, бүрсігүні екеуміз күлге барушы едік дей ме...

− Мен ғой!

− Сіз бе?

− Күл тасушы боп киінсем, қаланы еркін аралап, достарымның үйлеріне кірем бе дегенім ғой...

− Танып қояды...

− Көмекші боп жұмыс істеп, арбамен жүргенімде, әк тасып, Терістік тасжарғаннан әк тиеп, астананың төрт жеріне апарып түсіргенімде мені кім танып еді?.. Ол да осындай -аппақ бет перде... Тек әйгөлек жетпейді...

− Сөздің майын тамызасыз - ау!

− Ешқандай да май жоқ, әк бет перденің орнына бұл жолы күлден бет перде тағып, қаланы аралап шығамын.

− Менің білгім келетіні: сол не үшін керек?

− Сенің ұлыңның кегін қайтару үшін...

− Оныңмен мені сендірерсіз - ау, ал бірақ балалары атылмағандарды қайтіп сендіресіз?..

− Біреулер бостандыққа зәру, Худасита, енді біреулер ішер асқа зәру, ал тағы біреулер жерге зәру!

− Соның бәріне сіз бал жалатпақсыз...

− Алдымен не үшін десеңші, Худасита. Мен келгенде сен: масқарампаздың сықпытына ұқсаған мынадай бетпен қай цирктен қашып шықтың деп сұрап едің ғой. Шырмауық тордың ішінде отырған үлкен Жыртқыштың циркінен дедім. Ал спектакль әлі аяқталмағандықтан масқарампаз бетіне жағатын әкті күлмен алмастырған. Әрине, әлі тірі, сөндірілмеген әкті өлі тозаңмен, сөнген оттың күлімен ауыстыруы жақсылық емес. Міне енді масқарампазың даңғазамен ортаға шығып, жұртты көмекке шақырады. Қаріптер бар екені рас, бірақ енді баспахананы орналастыратын жай керек, содан соң қолмен бұралатын баспа станогын, баспахана бояуын табу қажет, ол аз десең, тапсырма алып бүкіл елді шарлап кеткен адамдарымыздың шығынын өтеуге және полицейлердің - иә, иә, полицейлердің! - құлқынына тығуға ақша керек. Полицейлер де, әскерилер сияқты, сатылуға бейім тұрады, неге десеңіз, ақшадан иіс жұқпайтыны белгілі...

− Сол айтқан әспетті сеньорларыңыздың өздері келсе болмай ма?..- деп Худасита көзін сығырайта, оның жанарына тіке қарады. - Heгe ғана міндетті түрде сіз баруыңыз керек, міне менің сұрайын дегенім? Содан соң, әлгі үндісіңіз сізді өзінің сауда достарының үйлеріне ертіп апарады ғой, сонда сіздің достарыңыз далада қалмай ма...

− Бұл сөзіңнің жаны бар...

− Содан соң есіңізде болсын... - деді ол абыржыған сыңайда. - Әлгі үндіспен бара қалсаңыз... аты қалай еді... Янкор ма?

− Чило Янкор...

− Иә, солай деген сияқты. Ол - осындағы ең бай көміршілердің бірі. Егер онымен баратын болсаңыз, қол ұшын береді деп ойыңызға алған адамдарыңызбен жолыға алмайсыз, үндіс сіздің кім екеніңізді білмейді...

− Әрине, білмейді... - деп екілене сөйледі Табио Сан; Худасита өзін тырп еткізбей сөзбен буып бара жатқанын ол сезді, әрі соған жыны келді.

− Онда сіз ештеңе ұтпайсыз, әрі басыңызды қатерге тігесіз.

Ақыры сөзімді өткіздім деген сыңаймен әйелдің көңілі тыншығанын сезді ол.

− Әлбетте, сенікі жөн сөз, Худасита, бірақ мен бүрсігүні көміршінің кәсібін үйренуді бастаймын...

− Үйренуді деймісіз?

− Иә...

− Оны үйренетін несі бар?

− Ал үйреніп алған соң Янкорсыз - ақ бір өзім барып, достарымның үйін табамын. Енді маған керегі тек қаланың мекен - жайлары көрсетілген жоспары ғана, бір қағаздарымның ішінде ол да бар сияқты еді...

− Жарайды, сіз барып достарыңыздың есігін қақтыңыз делік, бірақ ондағылар бізде күл жоқ десе ше?

− Бірер күн қоя тұрып, күл жиналды - ау дегенде есіктерін тағы қағамын...

− Олар көшіп кеткен болса ше?

− Қайда тұратындарын сұрастырамын, таппай қоймаймын...

− Мүмкін біреулері өліп те қалған шығар. Екі жыл өтті ғой...

− Онда солардың күлін әкелемін...

− Құдай-ау, сақтай гөр, осы сіз сиқыршы болмасаңыз еді!

ХҮІІ

Қалай дегенмен бұл да кез келген өзге жұмыс сияқты - қорланатын дәнеңесі жоқ, қай азаматқа да лайық, тіпті бүл салада да өз ісінің майталманы Сесилио Янкор секілді атаққа ілігуге болады: ол жеті желкөзден күл алғанда бір шөкімін де еденге түсірмейді - ау сабазың. Оның үстіне, бүкіл осы өңірдегі аспаз әйелдердің бірінен - біріне тараған кіржұқпас дейтін абыройынан басқа Янкордың тағы бір кереметі - ол қай үйге болсын дәл сәтті уақытында кіреді, сондықтан көміршінің бар-жоғы ондағы дағдылы өмір ағысына ешқандай кедергі болмайды; әрі оның әділдігі де бар: көмір тозаңы араласпаған таза күлге лайықты бағасын береді, сондықтан ұрыс-керіс дейтін еш уақытта болмайды; әрі десе, оның тағы бір қасиеті - адалдығы: ол торланған желкөздермен сан мәрте жекпе-жек қалып, олардың шілтерлі көмкерме, сүңгі, мұнара, көпір, құлып деп аталатын небір ықпал - жықпалдарын талқандап, сіреу боп қалған күлден тазартқанда ас үйден не бір ыдыс, не бір ішім - жем жоғалып көрген емес.

Сөйткен Чило Янкорды Табио Сан өзіне үлгі тұтты. Ол да үйді - үйге дәл сәтінде баруды, еденді ыбырсытпай желкөз тазалауды, ақшаны әділ төлеуді, сондай-ақ кісілігін сақтап, қалпағын сәл көтере амандасуды үйренеді. Өз ісіне жетік көмірші бөтен үйде болса да, мейманға ұқсамау үшін бас киімін шешпейді.

Бірақ Табио Санның өзге көміршілерден бір айырмашылығы - ол аспаз әйел мен ханымның базарға кетіп, қызметші әйелдің үй жинастырып жүрген сәттерін қолай көреді. Сондайда ол отағасымен емін-еркін сөйлесе алады - әдетте ас үй ең түкпір жақта болады да сол оңашада үй иесі оның сөзін тыңдаудан коп жасқана бермейді. Әйтпесе бомба жасауға қажетті жарылғыш заттарды тапқан да, қастандық сәтінде республика президентінің автомобиліне кесе көлденең тұра қалуға тиісті жүк мәшинесінің шопырлығына өзін ұсынған да осы көмірші еді ғой.

− Оу, сіз бе едіңіз, Мондрагон!.. - Ол көктен түскендей боп алдарына тұра қалғанда үй иелерінің зәресі ұшады. - Мондрагон!..деп оның атын атағанның өзінде көздері атыздай болады. Біразы оны өлдіге санайтын, өз ойларында сүйегі қайда қалғанын да білмейтін.

− Бұрын - Мондрагон ал қазір - Табио Сан... мінеки, күлден кайта тіріліп келіп тұр...

Сонда барып аналардың жүректері орнына түседі. Әрі аты-жөні басқа, әрі өзі көміршінің киімінде болған соң - біреу-міреу әдейілеп жеткізбесе - мұның оларға зияны жоқ; оның үстіне, тіпті ескеріп іздеп келгені үшін әрі әңгімелесуге оңтайлы орын тапқаны үшін кейбіреулері бұған риза болысты, неге десеңіз, қазіргі жағдайды және басқа да ұсақ-түйектерді ескергенде, мемлекеттік істерді талқылауға дәл осы ас үйден қолайлы жер бола қоймас. Бірақ мұның ұсынған жоспары оларға ұнай қоймады; өмірдің өзі таразы басына түсетін қастандық әрекеті, мемлекеттік төңкеріс пен революция атаулының қай -қайсынан да керемет қауіпті болмағанымен, мұны олардың барлығы дерлік мүмкін емес нәрсе деп бағалады. Дегенмен ереуілшілерге қол ұшын бергісі келетіндер де бар екен. Ереуіл басталсын, нәтижесі қандай болары оз алдына - әйтеуір оған көп адам қатысады, сондықтан жауапкершілігі де аздау, тіпті бәрін қара тобырға жаба салуға да болады.

− Б-б-б-бұл іс о-о-оң н-н-нәти-ж-жемен а-а-аяқтала қ-қ-қ- коймас, - деді сұрқия иезуитке ұқсаған, тумысынан кекеш бір адвокат. - Б-б-бірақ, Мон-мон-ммондраг-гон, с-сіз ө-ө-өзіңіз қ-қ- қажет д-д-дес-се-еңіз, м-м-маған с-с-сенуіңізге б-б-болады...

− Меніңше, осы ереуіл дейтінің оңған нәрсе емес, - деді тағы біреуі. - Бұл дегенің жұмысшылардың шаруасы емес пе... Гиппократтың антын берген біз, мына дәрігерлер, көмек сұрай келген науқасқа қол ұшын бермей тұра алмайтын болсақ, ереуілге қалай қатысамыз?.. Мұндай мәселені әріптестердің ауқымына салмаса болмайды...

− Менде ешқандай күдік-күмән жоқ. Мен мақұлмын, Хуан Пабло, - деді бір коммерсант ойланбастан.

− Хуан Пабло деген жоқ, Октавио немесе Табио деңіз...

− Ереуіл дейтінің ішіме қонады, тек бір алаяқтар дүкені мен дүңгіршегін ашып қойып, біз сияқты ақмылтық отаншылдар желкемізді қасып қалмайық.

− Байқап көруге болады екен... мына... ереуіліңді ... - деді енді бірі.

Табио Сан ұшып көкке шықты, ұшып жерге түсті:

− Жо-жоқ, мұндай жағдайда байқаудың қажеті жоқ! Ереуілді жариялау керек те қолдау керек!

− Жақсы, олай болса жариялай берсін, біз қолдаймыз!

− Сіздің ереуіліңіздің маған бір ұнамайтын жері - оның әскери шені, - деді момақансып қана сөзбен шаншып отырғанды тәуір көретін жер иеленуші, - сіз айтасыз: бұл жалпыға бірдей, негізгі ереуіл дейсіз, ал біз болсақ оқалы киімнен әбден запыс болғанбыз. Әйткенмен, сынаны сынамен шығарады дейтін бар ғой, мүмкін бұл да ең құрығанда бір генералдың түбіне жетер.

Дегенмен, қасарысып қарсы шыққандар да болды.

− Бұл елдің берекесін алады... Бұдан пайда тауып қалғысы келетіндер көп болады... Әркім бір атқа қонып, айтаққа айтақ қосады... Ереуіл дегеніңіз, шындап келгенде, социализм емес пе!..

Елдегі жағдай қазір киім ауыстырғанды көтеретіндей ме? Ереуіл қозғалысын алатын болсақ, оның қашан және қай жерде басталарын жұрттың бәрі біледі де қай жерде аяқталарын... үкіметті кім басқарарын ешкім білмейді...

Әлі қасқалана қоймаған бастары даң - дабылға тіпті де ұқсамағанымен, аусар бас даңғазалар да бар екен. Мысалы, дон Ансельмо Сантомэнің желіккені сонша, тіпті өзеуреп, өзі барып отқа түсуден тайынар емес:

− Құптаймын, құптаймын! Бостандықтан аяп қалар дәнеңе жоқ!..Жұртты жұмылдырамыз... жаппай ереуіл дейтін талқыға талай бас түссе түсер, тек әйтеуір Жыртқыштың көзі жойылса екен, қолдан шығарып алған бостандығымыз қайта орнаса екен! Беу, шіркін-ай, оған енді дау бар ма, енді ертең Ансельмо Сантомэ әлеуметтік түйткілдерді білмейді, бізде және басқа елдерде орын алып отырған еңбек пен капитал арасындағы қайшылықты көрмейді деп ешкім айта алмайтын шығар. Өте жақсы! Тамаша!.. - Дон Ансельмо қолын уқалап, мәз-мейрам. - Бостандық үшін жан пида!.. Тігіншіммен, етікшіммен сөйлесейін, көлігім жөндеуде тұрған гараждағы механиктерге айтайын, солардың біреуі ереуілге қатыспаймын десінші, бетіне түкірейін... иә, айтпақшы, шаштаразыммен де сөйлеседі екем ғой!.. Өз шаштаразым, оны ұмытып кете жаздаппын -ау, ал шынтуайтында ең сенетін адам - сол; шаштараз атаулының бәрі сияқты, оның да тілі сала құлаш, сайрап тұрған сандуғаш десе де болады...

Сан өзіне алғашқы әріптерді үйретіп, қолына тұңғыш кітап ұстатқан, Мандрагон дейтін ата тегін таңдауына көмектескен костарикалық мұғалімін есіне алып, өзінің бұрынғы кәсібі бойынша әріптестеріне қатысты дон Ансельмоның сөздерін іштей құп көрмеді.

− Ал священниктер ше?.. - деп дүрілдеді дон Ансельмо. - Священниктер ереуілге қатыса ала ма? Олар ғибадат атқаруы мүмкін бе? Әлде шіркеуді жауып қойып, пономарьлар үшін атқара берсін бе?.. Ол не істей алмақшы? Шоқындыра алмайды, ол рас, тәубеге келтіре алмайды, неке қия алмайды, қаралы жиын өткізе алмайды, басқаша айтқанда, қолдарын қусырсын да тура берсін... Ay, бұл деген жалпыға бірдей ереуіл емес пе, ал қол қусырып ереуілдей алмайсың ғой!.. Міне, көрдіңіз бе, Мондрагон, - кешіріңіз, Сан дегенім ғой, -Ансельмо Сантомэнің дүниеде болып жатқанның бәрінен қаншалықты хабардар екенін байқаған шығарсыз...

Ол сөзін доғарып, өз ісінің қандайлық нәтижелі боларына кәміл сенген адамша қолын құшырлана уқалап, ерні мен мұртын a la Boulanger көміршінің құлағына тақап:

− Алқызыл гүлдер! - деді.

Екеуі де үнсіз қалған. Сантомэ қолын кеудесіне қарай апара беріп, қаралы түстес галстугін жүрегіне басты. Содан соң бет орамалын алып, ақырын сіңбірінді.

− Алқызыл гүлдер!

"Соның бәрі әлдеқашан бір қызық күндерде болып еді-ау!" - деп ойлады көмірші сәтсіз аяқталған астыртын әрекеттерінің құпия сөзін естігенде; бұл өзінің санасында жалаушаның жанына жетіп тоқтаған пойызбен де, ұмыт қалатын гүлдестемен де, жеделхатпен де астасатын құпия сөз еді. Ал арада бірер жыл өткенде барып ол сондай гүлдестені, иә, гүлдесте тура сондай болатын, бірақ гүлдері әлдеқайда жас еді... сондай гүлдерді ол қызға қайта сыйлады әрі онысына өзі ерекше мән берген де болатын, бірақ астыртын әрекеттері әшкере болғанын, енді бұл гүлдер динамиттен де қауіпті екенін әлі білмеген еді.

Бұл өңірде бұрын болып көрмеген, таудан құлаған ақсүйектік қар көшкініндей болып жаңа, күл көшкіні - пролетарийлердің қозғалысы етек алып бара жатты. Ендігі жерде "бостандық көміршісі" үйді-үйге отқа жағылған ағаштардың күл - көмірін алу үшін емес, ереуілге дайындықтың барысын айту үшін кіретін болған. Тек ұшқын жетпей тұр еді. Тек бір ұшқын!.. Бұл адамның түрі де оғаш: мыжырайған пальма қалпағын милықтата киген; жеңі жыртық қолапайсыз күртешесінің жағасы түрулі; әлде қоқыс арасынан табылған, әлде өрттен қалған көнетоз жейдесі мен тізесі тесік шалбары қолқылдап біралуан. Иығына арқан іліп, қолтығына қос қабат кендір қап қыстырған, екі қолына күлден тоқып ақсұр биялай киген тәрізді; езі тіпті үндістің жүрісін де салып алғанға ұқсайды - рас, қазір ол үндіс жүкшілерінің бәрі сияқты емпеңдей басып жүрмейтін болған, - және тас түкіріп тұрғандай боп сөйлейтін машығын да үйреніп алыпты.

Кіреберісте тұрып көмірші: "Күл бар ма?" деп сұрайды, ал есікті ашқан адам, көбінесе қызметші әйел ойына келгенін айта салады, ал егер оның жауабы сенімсіздеу, батылсыздау шықса көмірші есікті қайыра қағып: "Күл бар ма?" дейтін дағдылы сұрағын қайталайды. Қызметші әйел он жауабын әкелгенше немесе тура тұмсығының алдынан есікті тарс еткізіп жауып алғанша ол осылайша тапжылмай тұра береді. Егер: "Күл бар" дейтін немкетті сөзбен аулаға кіруіне рұқсат етілсе: "Ит бар ма?" дейтін екінші дағдылы сұрағын қояды (өз қауіпсіздігін де ойлай жүрмесе болмайды - кейде осынау жайбарақат үйлерде байлаусыз жүретін бос иттердің көп болатыны сонша, алдын ала сақтық ойламаса тек басамаңдап қашып құтылуына немесе итке бөксесін алдырып, парша-парша боп қайтуына тура келеді). Ондайда қызметші әйелдің жауабы: "Бар, бірақ байлаулы", немесе "Иә, бар, бірақ қабаған емес" но болмаса: "Иә, бар, менің соңымнан ерсең қаппайды", -деген сияқты болып келеді. Қызметшінің қамқорлығына ілінудің маңызы өте-мөте зор. Сонымен бірге, ауладан, дәлізден, әртүрлі өткелектерден өткенде оның қамқорлығында екеніңді өзіне сездіргеннің де артықтығы жоқ, ал ас үйге жеткенде аспазшы әйелмен ара қатынасыңның мәнісі - жан-жағыңа алақтамау, оның: "Неменеге тесіле қалдың, қураған үндіс... соншама не көре қалдың?" - деп айқайлауына, немесе тіпті балағаттауына жол бермеу. Оған назар салып қарамағаның да дұрыс, қайта момақан кейіпке түсіп: "Отанасы ысты тазаларсың деп еді, мүмкін, өзің рұқсат етсең..." - деп мүләйімсігенің жөн. Аспазшы әйел кейде адам сияқтанып жауап беруі мүмкін, ал қажет деп таппаса сырт айналып жүре береді - ал енді түсініп көр не дегенін. Дегенмен, ең бастысы - жұмысты Сесилио Янкор тәрізді тап-тұйнақтай істеуің керек, ал егер бір шөкім ыс жазатайым еденге түсіп кетсе аспазшы айқайға басады: "Осы жабайы үндістерден - ақ көріп болдым!.. Mә, мына щетканы ал да дымын қоймай сүртіп шық, айнадай жалтырайтын болсын, ұқтың ба?.." -деп бажылдайды кеп.

Дон Ансельмоның жалғыз қызы күйеуімен бөлек тұратын, бірақ бойдақ қалған әкесін көзінен таса қылмаушы еді, күндердің күнінде сол бір көміршінің әкесіне келгіштеп кеткенін, екеулеп әңгіме шертетінін біліп алды. Амалы таусылған әкесі әңгіме - кеп бір жерде тығулы жатқан қазына туралы еді, мына келгіштеп жүрген адам, көміршілігімен қоса, құдық қазғыш шебер екен, бір жолы тереңдігі алпыс метр құдық қазып жатып қазынаға жолығыпты - алтын шақаларға толы қыш құмыралар тауып алыпты деп далбасалады.

− Біздің үйлердің бірінде ме? - деп сұрады қызы.

− Жоқ, қалқам, басқа үйде. Біздің үйлердің бірі болса әңгіме болмас еді ғой...

− Сонда не істемексің?

− Сол ғой қинап тұрған...

− Жарайды, бірақ бәрі өзіңе тиетіндей амалын жасау керек...

− Немесе, ең құрығанда, басым бөлігі. Осының бәрін маған айтушы адам бос құмыраларды қанағат тұтып, майялардың ежелгі мәдениетінің жәдігерлері ретінде археологиялық мұражайға табыстаумен шектелер деп ойлайсың ба?

Қызы үйіне кетті, ал дон Ансельмо алты терезенің біреуін жауып қойып, кілем төселген залда әрлі-берлі жүрді де қойды... Әлде жеті терезе ме еді?.. Жоқ, сегіз болар... осынша терезе салып... не деген ақымақтық... қырсыққанда сигареті де сөніп қалды. Осы алты, әлде жеті, әлде сегіз терезе бұрыннан - ақ оның жынына тиетін. Бірақ үй әке-шешесінен мұраға қалғанда осы алты немесе жеті терезе сонда-ақ бар-ды - ол тіпті санап көрген емес, үйде қанша терезе барын санап жүрудің өзі масқара ғой; әрі сол терезелер өмір бақи бір мезгілде ашылған да емес - әйтеуір, бәрінің ашық тұрғанын өзі ешуақытта көрмепті -ашылса біреуі, екеуі, тіпті төртеуі ашылатын, онда да Иса Мәсіхке арналған мейрамда ашылатын, әрі осы үйдегі барлық құлыптарды: зілмендей салтқыларды, тиектерді, ілгектерді, бауларды бір мезгілде кім ашуы мүмкін?..

Егер бекіністің сығанақтары мен қабырғалары сықылды осының бәрі кезінде қарақшылар мен ереуілшіл үндістерден қорғану үшін тұрғызылғанын ескерсе, енді, ешкім бұл үйді замана тауқыметтерінен қорғамайтын, социализмнің, коммунизмнің, большевизмнің бүлдірімпаз рухы онсыз да жайылып болған кезде осының бәрінен не пайда, не қайыр?..

Сигаретін тағы сорып көріп еді, онысы сөніп қалыпты, басқа бір сигарет алмақшы болып бұрыштағы мәрмәр үстелшенің үстінде тұрған ашық қобдишаға барды. Ақ мәрмәр және терезеге бара - бар үлкен айна. Бұрыштағы алты үстелше, бұрыштағы жеті үстелше, бұрыштағы сегіз үстелше - оларды да еш уақытта санап көрмепті. Тып-типыл. Бірде-бір темекі тұқылы жоқ. Қызы бәрін қидай сыпырып кеткен. Қобдиша толып-ақ тұр еді. Түк қалдырмапты. Ол иығын қиқаң еткізді - бірдеңені түсінбекке әуре болудың қажеті не, онсыз да бәрі түсінікті, - мұрнының астынан бір мырс етті де жатын бөлмесіне тартты: бір жерден сигарет тауып алмаса болмас.

Темекіге қатты аңсары ауды: түтіні түскірді тартып - шығарып, тартып - шығарып, миын белсенді жұмысқа қосуы керек; тек шылым тартқанда ғана ойлай алатын адамдар болады, бұл да солардың сойынан.

Жаппай ереуіл дегенді қалай түсінуге болады?

Түтіні будақтаған сигаретін аузына тістеген күйі әрлі-берлі ырғалып, ара-тұра алты айнаның... жоқ, жеті... жоқ, жеті емес - сегіз айнаның алдына барып, алты әлде жеті немесе сегіз терезенің біріне арқасын бере тұрып, ол өзін жұмысшы киімін киген, ешқашан тарақ тиіп көрмеген ақсары шашы дудыраған, беті - қолын, кенеп шалбарын ыс басқан, қолына ағаш балға ұстаған бозбала түрінде көзіне елестетуге тырысты: бала, қарап тұрмай, "Ұсталардың көтерілісі" дейтін өлеңді нәшіне келтіре жатқа оқып, ата-аналарының, туған-туыстарының және жасөспірім достарының ризашылығына бөленген. Ол ереуілшіл жастың ерлігіне қол соққан өзінің әке-шешесінен, ағалары мен әпкелерінен көз алмайды. Ал өгей шешесі байғұс егіл-тегіл жылап тұр. Өткен өмірдің салмағынан және осы тентектің сансыз шалдуарлығынан - бұл үйде тек осының ғана біреуді келемеждеуіне рұқсат етілетін - салбырап кеткен қабағының астынан мөлт-мөлт тамған баданадай көз жасы айнала толы өрекпіген әйелдердің құлақтарында, кеуделерінде жөне саусақтарында жалтыраған маржаннан немесе гауһардан ауса неғылсын.

"Ереуіл" дейтін сөзді ол тұңғыш рет сонда естіген болатын, содан бері талай жыл өтті-кетті, енді міне, шал болған шағында, оны жай іріп-шіруден гөрі... әлдебір іріп-шіруден гөрі... тұтастыратындай маңызы бар бірдеңе ретінде көзіне елестетуге тырысты... бірақ нені тұтастырады? "Тұтастыра ма, әлде ірітіп - шіріте ме?" Көз алдына тек екі әрекет келеді: толық күйрету, қандай да болсын жасампаздықты жоққа шығару, содан соң қайта жаңғырту, дүмбілез нәрсенің бәрін жетілдіру...

Қаладан кайтысымен Табио Сан күл татитын жиіркенішті құдық суынан бірер стақан ішіп, ол дәрмен жоқ, төсекке қисая кеткен.

Тапайдың тал түсі. Айналадағының бәрі күл астында ақырын қоздаған отқа шыжғырылып жатқандай. Ой да қоздап, сыртқа шығуға талпынады - оны тіпті құлақпен естуге де болатындай. Тез арада баспаханаға лайықты үй табу керек, кішкентай баспахана болса да қайда жатыр, бірақ Табио Сан қанша есікті қақты - бәрі бекер.

− Сізден аясақ бұйырмасын, - деді оған сықиған лондон кәстөмін киген, цербер27 иттен аумайтын құныс, - тек бір ғана шартымыз бар: ол үй сіздің атыңызға жазылуы керек, Мондрагон.

− Сан, Табио Сан...

− Ал мен үшін, достым, сіз - Мондрагонсыз, анау-мынау ереуіл тұрғай әйгілі астыртын әрекетті бастан өткерген адамсыз. Сондықтан менің ұсынысым - жүріңіз, нотариусқа барайық та менің иелігімдегі баспаханаға лайықты кез келген үйді сіздің атыңызға аударайық.

Бұл құнысты жұрт Хуан Канальято28 деп тегін атамайды ғой. Бұл сұмырай оның ешбір мүмкін емес екенін жақсы біледі - ұсына қалғаны да содан.

"Үй... - деп іштей қайталады Табио Сан төсекте жатып, - үй... тегі, үйдің қажеті қанша, қабырғасы бар, төбесі жабық пана болса құйтақандай баспахана құрып алуға жетпей ме..."

Ол бір кәдімгідей-ақ сенімді әріп терушінің баспаханада жұмыс істемекші болған уәдесін алды. Бұл әріп терушіні жүрт Егеуқұйрық деп атайтын, өйткені шынында егеуқұйрықтан аумайтын еді және өте-мөте шылымкеш еді - өзінен үлкен деуге келіңкірейтін сигарасы өмірі аузынан түспейтін. Бір жолы үстінде жағасы қырқылып, жеңі қажалған, үнемі бір қоңырқай түстен аумайтын күртешесі бар, галстук сықпытындағы қара шүберек тағып, жасыл түстес, терсіңді жейде киген Табио Сан аяқ астынан оған ұшыраса кетіп, баспахана жабдығы бар екенін айтты да оны қайда орнатуға болатынын сұрады...

Саусақтары жүгері дәнін шоқыған қораздың тұмсығы сияқты зыпылдап кассадан әріп тергенде алдына жан салмайтын Егеуқұйрық баспахана ісін егжей-тегжейлі білуші еді. Ол парақша болсын, газет болсын, памфлет немесе хабарландыру болсын – талғамай -таңдамай бәрін теріп, баса беретін, сонысы үшін күндердің күнінде баспа өнерінің жұрт таныған шебері Мехуке Салинас қолын бір қысатынына сенімді болатын. Дегенмен, ең әуелі азды-көпті жөндем деуге келетін баспа станогы қолға тисе, оған қолайлы әрі сенімді орын табу керек; мұндай мәшине жұмыс істеп тұрғанда теңіз шуылына ұқсас үн шығаратынын полициясы түскір жақсы біледі, сондықтан полицияның тіміскі сүмелектері оны естісе болды, әріптен динамит құйылып жатқан жерді қалайда табуға тырысады. Әрине, қала сыртындағы үңгірлердің біріне орнықса, ең дұрысы сол болар еді; қарақшылардың шабуылынан қорыққан бір заманда сол үңгірлерде кафедралық киехананың қазыналары сақталған, ал бертінде оларды астыртын арақ зауыттары қолайлап алса керек. Бірақ ыңғайлы жерасты жайы табылмаған соң Егеуқұйрық шағын екі бөлме мен арасын қабырға бөлген аядай ауланы қанағат тұтты: ол мұнда маримба ойнауды үйрететін мектеп ашқан еді. Қазір маримба сәнге айналып тұрған, ал ол сәнге айналғандықтан күн сайын репертуарын өзгертіп, күн сайын жаңа бір шығарманы жаттауға тура келетін Заң бұзған торт немесе алты, тіпті сегіз адам аспап тілін жандарын сала тоқпақтап, әйтеуір бір сазды қиқалап жатады - осының өзінен-ақ адам жынданып кетуі мүмкін еді, - ал баспа станогы жұмыс істей бастағанда оның шуы маримбаның құйқылжыған ағаш ырғағына, контрабастың, табақшалардың, дабылдың, даңғыраның сүйемеліне ұласып, азан-қазан болды.

Табио Сан төсекте жамбастап жатыр - ойдан ой туып, мазасын алды, шоғы жайнаған күл тәрізді талма түстің аптап ауасынан тынысы тарылып барады. Неге екенін кім білсін, күресі әлі толастамаған Бананерадан да, ол енді-енді белең ала бастаған Тикисатеден де хабар жоқ. "Тамырды" неше мәрте тексеріп те көрді, бірақ пошта жәшігі бос. Хуамбо неғұрлым тездетіп Тикисатеге баруы керек еді. Үлкен ойын басталған. Сондықтан шатаны бірде анда, бірде мұнда жіберіп, піл сүйегі мен эбен ағашынан жасалған шахмат тасы сияқтандырып - қарақошқыл терісі мен бурыл шашына бола - Тынық мұхит жағалауы плантацияларының айлапат шахмат тақтасында ауыстыра беруге тура келеді: ереуілді ұйымдастырушылар осы тақтада "Тропикаль платанераға" мат қоймақшы.

Келесі жүрісі - Хуамбоны тағы бір қозғап, содан соң...

Төсекте аяғын соза түсіп, Табио Сан арқасымен матрасты жаймалап, жайлырақ жатуға әрекеттенді...

Келесі жүріс ... бірақ...

Кенет шатаның басына плантацияға барып, банан тиеуші болып орналасу керек деген ой келді. Ол өзінің ескі айыбын жумаққа немесе ескі борышын өтемекке - ата-анасын осында тастап кеткені үшін өзін-өзі жазаламаққа бекінді. Әкесі банан тиеп жүріп көз жұмды... Бір кезде өзінің дәулеті, Атлант жағалауында ата-анасы мен бабаларынан мұраға алған жері болған адамның... банан шоқтарының салмағын көтере алмай, аузынан атқылаған қара қанның үстіне етпеттей құлағаны... ешкімге керегі болмай қалған жануарша тым көп артылған жүктен белі қайысып, тірсегі майысып барып өз аузынан - өмірі үн шықпайтын арандай жарадан атқылаған қанға құлағаны...Ол кегін қайтару керек. Хуамбо қарызын өтеуге тиіс. Ол планатациядан басқа ешқандай жұмыс істемеуі керек, тек қана банан тиеуші болуы керек...

Ол қайдағы бір дұшпанына қол жұмсағандай өз бетін өзі шапалақтай берді - шектен шыққан ашуын шата осылай білдіретін. Қылпыған тырнақтары көзіне тимес үшін жұдырығын түйіп, саусақтары мен шашын жұлып құтырынды - үстіндегі киімінің дала -даласын шығарып, өз аяғын өзі басып, өкшесімен саусақтарын езгілегісі келді. Қартайған әкесін шарасыз тастап, қара қанға тұншығып өлуіне себепші болған айыбын өзіне-өзі кешіре ала ма?

Бәріне құдай куә. Әкесі мұны, Хуамбоны, тауға апарып теңбілтердің жемтігіне тастапты, ал қожайын жыртқыштың тырнағынан жұлып алыпты дейтін қауесетті кім және қашан таратып жүргенін бір қудай біледі. Теңбілтер... тау... түн және жел... жыртқыштың табаны астында әйнекше сытырлаған құрғақ жапырақтар... от боп жанған екі көз және таудан тарғыл жүн құлағандай боп теңбілтердің қарғуы - осының бәрін жұрт Хуамбоға бала кезінде-ақ жырдай ғып айтып берген болатын. Ал Хуамбо есейе келгенде ұдайы бір елестен арыла алмай-ақ қойды: жыртқыштың тырнағына ілігіп, жанұшыра арпалысады, ояна келсе, бүкіл денесіне матрасты тесіп шығып сойдиған серіппенің ұшы батқанын, тұла бойы теңбілтердің терісіндей алашұбарланып кеткенін көреді.

Сылтау өтірік: өзін Мейкер Томпсонға бекерден-бекер бере салғанын естігенде інісі қапа болмау үшін Анастасиа осының бәрін ойдан шығарған болатын. "Ол әкесін жек көріп, қожайынын жақсы көретін болады", - дейтін шата келіншек. Дәл солай болды да, бірақ енді осынша қулықпен тұрғызылған ғимараттан қалған жалғыз жұрнақ - Хуамбоның Оңтүстік плантациясына бармақ болған жоспары ғана, онда да ол банан тиеу үшін емес, жағдайды біліп, басқармаға немесе басқа бір кеңсеге есікші, малай, аулашы сияқты техникалық қызметші боп кіріп байланыс жасау, барлау жүргізу жөніндегі тапсырмамен бара жатыр...

Табио Сан бір кездегі мамық, ал қазір үйінді күл тәрізді қатқылданған жастыққа басын тыға түсіп еді, әлдеқайдан құлағына үн келгендей болды: өз үні және арба үстінде Санмен қатарласа жатып, оны әлденеге сендірмекші болған Хуамбоның үні:

"Маған орын табылар - ау; басқарманың кеңсесінде мен тәуір шауыпкел, тәуір есікші, тәуір аулашы болармын - ақ - маған бәрі жарап жатыр, жұмысқа орналасуым да қиын бола қоймас. Мені әмбесі біледі. Бала кезімнен Джо Мейкер Томпсонның үйінде тәрбиелендім, оның толық сенімінде болдым. Иә, иә, қиын дәнеңесі жоқ, тек мені басқа бір тіл баурап әкетіп, банан тиеуші боп шыға келмесем..." - "Ол неғылған тіл, Хуамбо?.." - "Басқа тіл.." -"Сен жүкші бон баратын болсаң, біздің ісімізге одан еш пайда жоқ..." - "Мүмкін солай да шығар: бірақ мен әуелі әкемнің есесін қайтаруым керек, әйтпесе менің өмірім өксуде кетеді және бәрі құриды - қолға алған ісіміз де, сіз де, бәрі..." - "Хуамбо, ұлының мынадай ереуілге катысып жүргенін естісе, сенің банан тиеуден бас тартып, өзінің алдындағы борышыңнан айнығаныңды әкең кешірген болар еді..." - "Жағалауға барып, анаммен ақылдасайын. Әкем өлгенмен, шешем тірі. Со кісіге айтып көрейін. Ереуіл туралы ештеңе демеймін, тек ақылдасамын да қайтамын. Ал басқарманың кеңесіне келсек, Боб балақай мені ертіп апарады да: "Мынау - Хуамбо!" - дейді. Сонда бәрі тұрып: "Бұл - Хуамбо!" -деседі. Ал мен өз ішімнен: "Чос, чос, мойон, кон" - бізді сабап жатыр, бөтен қолдар бізді сабап жатыр деймін... Сендердің алдарыңдағы бұрынғы Хуамбо емес, өздерің ойлағандай қожайынның Самбитосы емес, алдарыңа келіп тұрған - ұлы шайқасқа бел буған Хуамбо!" -"Өте жақсы, өте жақсы! Бұл дегенің - бәріміз жақсы көретін Хуамбо, бұл банан тиеуші емес, алапат ереуілдің күрескері Хуамбо..." - "Тек мені басқа тіл баурап әкетпесе ғана солай болады; ол тілде мен әкемнен ешқашан сөйлескен емеспін, бірақ енді анаммен сол тілде сөйлесемін және ол сізбен сөйлесіп тұрған тіліме ұқсайды, тек қана ұқсайды!" - "Жә, Хуамбо!.." - "Егер мені басқа тіл баурап әкетпесе, онда маұқл!" - "Хуамбо!.." (Жаны күйзелген Табио Сан шатаны жағадан алып, тура осында, арба үстінде, әктен арылтқан бос қап құрлы қағып-қағып алуға шақ қалды; арты өкінішті болса да ол соны істейтін де еді, бірақ кезінің алдында шыдамдылықтың, момындықтың үлгісіндей боп ілби басып бара жатқан екі өгіз оны сабасына түсірді). "Хамбо, ешқандай басқа тіл жоқ! Басқарушының кеңсесіндегі жұмысыңнан күткен үмітіміздің бәрін осы бір түкке тұрғысыз сандырақ үшін қиып тастамақпысың? Онда ешбір күдік-күмәнсіз кіре алатын сенен басқа кім бар еді?.. Әкеңнің аруағы үшін сен осыны істеуін керек, сол үшін..." - "Әкем өлген, әлі күнге көзі ашық жатыр!.. - "Өлгендердің бәрі көздері ашық күйінде көмілген, Хуамбо!.. Бәрі, Хуамбо, бәрі!.. Дүниедегі әділетсіздік жойылмайынша солай болады. Сондықтан да, жер бетінде тыныштық пен әділеттілік орнасын десең, көрдегілердің көздері жұмылсын десең, сен мына алапат ереуілге көмектесуің керек!.." - "Тек мен әуелі борышымды орындайын, өзімнің азабым мен тозағым арқылы әкемнің кешуін алайын... Әкем көзі тірісінде қандай азап көрсе, ұлы мен де ереуілге дейін сондай азапты тартуым керек..." -"Ау, бәріміз көмектеспесек, әркім өз еркін білдірмесе алапат ереуіл болмайды, өйткені алапат ереуіл дегеннің өзі - көп адамның жұмырықтай жұмылған еркі ғой..." - "Егер сіз алапат ереуілге сенетін болсаңыз ол болмай қалады деп неге айтасыз? Мен тек әкемнің борышын өтегеннен кейін ғана басқармаға жұмыс істеуге барамын. Менің қамқорымның қалтасында, жазу үстелінің тартпасында, темір жәшігінде уыс-уыс, төбе-төбе, тау тебе доллары бар, ол маған: "Ала бер, Самбито, қалағаныңды ала бер..." - дейді. Менде жоқ нәрсе жоқ, ал менің әкемде ештеңе болған жоқ... Менің қамқорымның қоймалары дәмді тағам мен сусынға толы, сандықтары мен шкаптары киімге, іш киімге, аяқ киімге, шұлық пен қалпаққа тіреліп тұр, сондықтан ол екі сөзінің бірінде: "Ала бер, Самбито, керегіңді сұрамай-ақ ала бер..." - деп шүленсиді - қамқорымның үйінде мен ештеңеден таршылық көрген жоқпын, менде бәрі болды, ал әкем ішер асқа, киер киімге жарымады..." - "Сонда сен, Хуамбо, өздеріңді бәсірелі жерлерің мен жекен суларыңнан айдап шыққан қарақшының садақа ғып берген долларын, киімі мен тамағын әкең ала қояр еді деп ойлаймысың?" - "Иә, иә, бірақ Хуамбоның көмектескісі келмесе, ол ондай сыйлықтарды қайдан алғанын айтпаған болар еді..." - "Онда сен қазір ұяттан өле жаздаған болар едің. Ол деген өзіңді-өзің алдау ғой. Ал, өзгесін былай қойғанда, Хуамбо, сен қартайдың, ауыртпашылықты көтере алмайсың... банан тиеу дейтін сұмдық жұмыс..." - "Әкем де қартайған болатын, бірақ сол жұмысты істеді ғой... ал мен ең болмағанда қазір есемді қайтаруым керек. Егер жас болсам, аса қиналмас ем, бірақ онда аяғым тұсаулы болар еді... қазір мен шалмын, сондықтан ойыма алғанымды орындайтын шығармын!.."

Табио Сан дереу орнынан көтерілді - ой тізбегі үзіліп кеткен. Көзін ашты - бетінде кірпігінің дымқыл жапырақтары бүркемелеген ыстық таба тұрғандай. Үйге біреу кірді. Сыртқы есік ашылып, жабылды. Оның жүрегін орнына түсірген Худаситаның даусы болды, содан соң - аяқ сыбдыры: кебісінің жерге тық-тық басқаны ағашаяқтың күлін қағып жатқандай естіледі. Әйелдің кебіс киіп алғанының өзі оғаштау көрінді. Үйде болғанда ол әдетте топылимен жүретін, ал кебісін қалаға ол-пұл алуға шыққанда немесе атылып көз жұмған ұлының басына гүл ұстай барғанда киетін. Әрі ештеңе айтып ескертпей кеткені де ғажап! Аяқ сыбдыры жақындап, ішкі албардан ас үйге апаратын баспалдақтарға ауысқан сайын ол Худаситаның жалғыз емесін, мұны әлі ұйықтап жатқан болар деп, әлдебіреумен күбірлесе сөйлесіп келе жатқанын түсінді.

Сол бөтен дауысты - Серропомнан күл күресініне ауысқан дүниенің бейнесін, соғыс шайқалтқан дүниенің тәнсіз - сөлсіз бейнесін білдіретін желдің, таудың, ағаштың даусын естісімен Табио Сан кенет жүрегіне соққы тигендей, дәп бір болат серіппе орнынан атып жібергендей болып төсектен ұшып түрегелді. Ол табан астында аяқ-қолы қайтадан қимылға келген мүгедек тәрізді лап еткен қуанышы қойнына сыймай сәтте қарғып тұрған.

Худаситаға еріп есіктен кіре берген аңсарлыңа ұмтыл! Сені іздеп өзі келді ғой, келмеуі, сені іздеп таппауы мүмкін емес еді ғой, сенен қалай айырылсын - ай! Маленамен құшақтары айқаса берді де... содан... содан... содан...

ХҮІІІ

Қосылды!.. Қосылды!..

Өздеріне осының бәрі мүмкін еместей көрінді...

− Мален!..

− Хуан Пабло!..

Өздерінің әуелгі аттары...

Осыдан екі жыл бұрын Өмір Үңгірінде айрылысқан-ды, еріндерінде бақытсыздықтың, жеңілістің, сенімсіздіктің табы қалған болатын; жігітті өлім күтіп тұрды, қыз шарасыздықта қалды. Ал енді, жеті жүз пәленбай күнгі күрестен кейін, екеуі бір-бірінің құшағында тұр, үміт сәулесі де жылт еткендей... Қызды кеудесіне қатты қысып алып, тұншықтыра жаздап, сүйе берді, ернінен сүйіп, нәзік тынысын қомағайлана жұтып, өмірдің өзіне, аңсаған арманына бас қойып, құмарын қандыра берді, көз жасына, қуаныш толқынына мас болған қыз да оның үзіліссіз, үздіксіз сүйгеніне жанып - күйіп жалын ата жауап қатты.

− Хуан Пабло!

− Мален!

− Екі жыл!

− Екі жыл?.. Одан көп... он үш жыл!.. Пойыздағы сапарлас қыз... жалаушаның түбіндегі аялдама... камелия гүлдестесі...

− Және тақымдап қалған мазасыз жолаушы!.. - деді қыз оның сөзін бөліп.

− Су перісі шықсын деп өзенді әдейі тоқтатқандай!

− Сол су перісі ғайып болды... әрі ешқайда кеткен жоқ... - деп күлді Малена. - Қалай?.. Білмеймін... Әйтеуір мен сені білмей тұрып, Кайэтано Дуэнденің шоқалақ арбасымен Серропомға бара жатқанда оның не екенін әлі түсінбей тұрып-ақ сені іздедім... - Хуан Пабло бетінен, шашынан және иығынан үстемелете үздіге сүйіп шыққанша сәл тыныс алды да сөзін қайта жалғады: - Мен он бір жыл бойы сенің кім екеніңді білмей-ақ соңыңнан ілестім, сен де осы он бір жыл бойында кім екенімді білместен менің қасымда болдың; сол бір жолы сен мектепке келіп, екеуміз ойда жоқта кездескенге дейін осылай болды. Есіңде ме, сол жолы сен жолшы офицердің киімімен келгенсің?.. Сонда мен пойызда, алысқа - алысқа бара жатқандай, екеуміз сапарға бірге шығып, бір вагонда отырғандай күй кешкенмін, тек сенің пайда болуыңмен бәрі өзгеріп жүре берді, нақты өмір көрген түстің бейнесіндей, ал көрген түс нақты өмірдің бейнесіндей боп жүре берді...

− Мален!

− Хуан Пабло!

Екеуі - бір құшақта, ойлары - екі жақта... Серропом... падре Сантос... жексенбілік кездесулер... Гирнальда мұғалім... қыз күнделігі... "Ал енді сенің кеткеніңді қалаймын..." ...Астыртын әрекеттің әшкере болтаны туралы хабарлар басылған газеттер... Хуан Пабло Мондрагонның қастандық жетекшілерінің қатарында аталуы... тірідей немесе өлідей қолға түсіру туралы бұйрық... күзет жасағы... атты полиция... жұртты жамсатушы солдаттар ротасы... камелия гүлдерінің дестесі... тағы да камелия гүлдері - бұл жолы жалын атқан махаббаттың көрінісі ғана емес, бостандықтың құпия белгісі...

− Сен білесің бе... - деп деміге сыбырлады қыз, - мен ұдайы түн-түнектің ортасында жүрсем де кей-кейде саған бірдеңе боп қала ма деп зәрем ұшады, ондайда тынысым тарылып, тамағым кеберсіп, демім жетпей қалады, орнымнан атып тұрып, тынысымды ашу үшін екі қолымды кезек сермеп, бұрыштан бұрышқа жүрем де қоям... Сөйтіп, өлдім-талдым дегенде, кенет жүзіме күлкі үйірілді - екеуміз алғаш кездесетінде мен пойызда ұмытып кеткен, кейін сен өзіме қайтарған гүл дестесінен аумайтын иісі бұрқыраған, шоқтай жанған жап-жас гүлдердің тағы бір дестесін алу қаншалықты қуаныш, қандай ләззат екенін білсең ғой!.. Кейін падре Сантос сутанасына мұқияттап тығып, мектептен алып кететін бейшара гүлдер біздің бұрынғыдан да сұмдық тағы бір ажырасуымыздың хабаршысы боларын сонда ойласамшы...

Ол баспана іздеген жанша құлшынып, жігіттің құшағына тығыла түсті де үнсіз қалып, оның денесінің жылуы киімінен өтіп, өзінің тұла бойына, бүкіл жан дүниесіне жайылып бара жатқанын сезді.

− Біз баяғы жерде - су тозағына ұқсайтын жайылмалардың арасында да тіршілік иелері болатынын жалғыз жалау ғана білдірген аялдамада ажырасқан жоқпыз, біздің ажырасқан жеріміз - шетсіз- шексіз үнсіздік пен туабітті қараңғылық жайлаған қылует болатын. Кейде тағдыр да қызық. Мені Серропомдағы аты жоқ аялдамадан алып кететін делбеші бар емес пе, кейін Өмір Үңгірінде жасырынып жатқан саған мені апарған адам сол болып шықты; сөйтіп мен де бір замандарда қылуеттерді паналаған христиандарға ұқсап сенімен қош - қош айтысып қала бердім емес пе...

Ол қызды кеудесіне басты, қос дененің жылуы тағы да қосылды. Олар от құшақта осы тұрған шынымен өздері екенін білгісі келетіндей. Сонша жыл бөлек тұрғандықтан екеуі бірін-бірі тек қиялда елестетіп үйренгені сонша, енді мына кездесулерінің шындығын түйсіну қиынға соғып тұр.

− Бұрынғы қалпыңа түсіпсің... - деді Малена имене сөйлеп. - Мен сонша қорқып ем...

− Сол ұсқынсыз қалпымда қалып қояр деп қорыққансың ғой....

− Мен мүлдем өзгеріп кеткен шығарсың деп қорықтым... іштей емес, сырттай... бір жолы демалыста болғанымда адамның ұсқынын өзгертетін сол дәріні қолданып көремін деп адам шошырлық бір сұмырай болдым да қалдым... Сен солай боп қалмасын дегенім ғой...

− Сұмпайыны көруден қорыққансың ғой, - деп Маленаның көмірдей қара жанарынан көз алмаған күйі анау да қояр емес. - Сұмпайыны...

− Махаббатсыз ғашықтық хаттар! - деді қыз жазғырған үнмен.

− Махаббат сөзі жоқ дегің келеді ғой, бұл екеуі екі басқа, - деп түзетті жігіт. - Себебі, ол хаттар тек саған арнап жазылмаған болатын... - Қыз оның құшағынан босанып кеткісі келді. - Мален, сен түсінсеңші... олар тек саған арналған емес! - Қыз оның қолынан сусып шығып та кетер ме еді, бірақ Хуан Пабло оны өзіне икемдей беріп, құлағына сыбырлады: -Олар сондай-ақ Роса Гавидиаға да жазылған болатын...

Қыздың амалы таусылды.

− А... Роса Гавидиа, - деп сөзін сабақтады жігіт, - басқа көз - қараста болатын. Жауаптарының бірінде оның не деп жазғанын есіңе алшы: "Сенің хаттарың бірте-бірте маған өмірдің қызығын қайтара бастағандай - бәрі айқын ажарланып, осы тұйықтан жол табармын - ау, күн сайын біртіндеп шөге берген сұмдықтан арылып, жаңа заманның жарқын таңына бет түзермін - ау дейтін үміт оянып келе жатқандай..."

Ол қолын қыздың иығына артты.

− Немесе тағы былай деп жазасың... Е, айтпақшы, сен емес, Роса Гавидиа жазған екен ғой... "Тек дерексіз дүниенің бейнесі болып табылатын махаббат былай қалуы керек... бізге қиял мен айнаның субстанцияларына айналу қаупі жоқ..."

− Күле түс!.. Күле түс!..

− Бұл мысқыл емес, құдай сақтасын! Менің не деп жауап бергенімді есіңе түсірші ... бәлі, ұмытып та қалғансың ба?.. "Құрып бара жатқан дүниенің бейнесі ретіндегі махаббат кейінде, біздің соңымызда қалуы тиіс... Бізге әділетсіздіктің, іріп-шірудің, өкініштің субстанцияларына айналатындай қауіп жоқ".

− Менен қандай сөз естігің келетінін білмеймін, маған салсаң, осы ереуілдің мақсаттары мен міндеттерін саралап беретін хаттарыңнан артығы жоқ. Осының өзі тағы бір астыртын әрекетке ұқсамай ма дейтін сұрағыма жауап бергенсің. Бәрі есімде... "Мұның астыртын әрекетке де, бүлікке де, әскери төңкеріске де ешқандай қатысы жоқ, - деп жаздың сен. -Бұл мүлдем басқа тірлік. Астыртын әрекет, бүлік немесе төңкеріс, диктатураға қарсы бағытталған күннің өзінде де, сол диктатураның бір бөлшегі болып қала береді, өйткені әскери - полициялық шеңберде болады. Ал ереуіл олай емес! Революциялық ереуілдің, дәл біз әзірлеп жатқан нұсқасында, полиция жансыздарымен де, тұрақты әскерлермен де үш қайнаса сорпасы қосылмайды - олар қаншалықты әсіре революциялық болып көрінсе де солай, - өйткені олар шын мәнінде халықты қанау құралы болып келген және солай болып та отыр. Ал ереуілдің мемлекеттік тәртіппен ортақ ештеңесі жоқ, ол қалыптасқан тәртіпті бұзады..." Одан әрі сен... ең соңына таман...тұра тұршы, есіме түсірейін, жаңа ғана тілімнің ұшында түр еді... әлгіде ғана ... ой, тоба! Қалай еді соңғы жағы? Е, иә, сен тіліңнің сұғын қадап былай дегенсің: "Ереуіл - жасырын акционерлердің консорцияларға беретін жауабы, ал шын мәніндегі жасырын акционерлер дегеніміз - жұмысшылар, - деп, жайқия күле тұрып қайталап шықты ол, - сондықтан бұл жауап істің саяси жағын да, әлеуметтік жағын да бірдей қамтиды..."

− Не деген керемет зерде!.. - деп лепіре жөнелген Хуан Пабло құшағын аша берді, бірақ қызды босатпастан оның саусақтарын ерніне басып, ең ұштарынан бастап жұп-жұмсақ алақанын, құс қанаты сияқтанған қолының сыртын сүйе берді, сүйе берді.

− Зердем жап-жақсы еді, бірақ әлгі кактустың улы дәмін татып көрем деп езім бүлдіріп алдым ғой. Түрім адам көргісіз болғаны сонша, Пополукаға барып бой тасалап, Серропомдағыларға каникул кезінде астанаға кетіп қалдым деп хабарладым. Каникул, қол бос!.. Ісікті қайтару үшін вакцина ектіруге тура келді... Қарадан қарап жылағым келді, өзімнен өзім дел-сал болдым да қалдым, соның өзі де улы кактустың әсері болатын!.. Кайэтано сенің хаттарыңды әкеп береді, бірақ олар да жұбата алмады, оларды кәдімгідей-ақ күтетінмін, әрине, - бірақ бар болғаны сол ғана, өйткені оларда да...

− ... махаббат сөздері жоқ болатын... - деп қосып жіберді Хуан Пабло.

− Маған жұбаныш болған жалғыз нәрсе - қарттың сен туралы әңгімелері еді: хал -жағдайыңды, жаңалықтарыңды, алдағы мақсаттарыңды және, ең бастысы, күдік -күмәннан қалай екеніңді айтады, содан соң... әлгі кактус дейтіннен... - қыз күліп жіберді, -мәжнүн болғаныңды да содан естідім... (Ол "махаббат" дей жаздап қалды). Мені қанша рет аузына алар екен, санай жүр деп Дуэнденің де мазасын алдым және менің кактус ішкенімді саған айтып қояр ма екен деп те қорықтым...

− Енді қалай деп ең!..

− Мені қанша рет аузыңа алғаныңды да санап келді ғой ол! Елу тоғыз рет сұрапсың - дәл солай, мылжың қарттың өзі айтты оны, және бір айтқаны: мен әлгі кактус ішкен кезде сенің маған деген ықыласыңның қызуы көтеріліп кетсе керек. Небәрі елу тоғыз рет! Мен туралы елу тоғыз - ақ рет сұрапсың! Ұялмағыр! "Менің мына кактус ішіп көргенімді айтқан жоқсың ба, Кайэтано?" - деп сұрадым бірде. "Иә, сеньорита, айттым", - деді шал. "Соны естігенде қайтті?" - деп, шыдамсыздана қайта сұрадым. Әуелде сен ештеңе демепсің, иә, біршама уақыт не айтарыңды білмей үнсіз тұрыпсың да кенет сасқалақтап: "Мен у ішкен болсам ше!.. неғылған жабайылық бұл, осындай дәрі бере ме екен оған?.. Бет - аузы қисайып қалса не болмақ?.." - деп ұшып көкке шығып, ұшып жерге түсіпсің.

− Зәрем ұшатындай бар ғой! - деп Хуан Пабло оның сөзін бөлді.

− Ал өзің ше?.. Өзің қисайып қалған жоқсың ба? - деді ол даусын көтеріп, жігітке байыптай қарап.

− Мен өзімнің қанша уақыт бой тасалап жүретінімді білмеймін, бұл дәріні әлі қабылдап жүргенім содан. Бірақ сен түсінсеңші, бұл - ерекше жағдай, еркектің бет әлпеті әдемі болмағаны соншама бір уайым емес және, оның үстіне, мен мұны істегенде...

− Махаббат үшін емес... оны өзім де білемін!

− Менің жексұрын кейіпте қалуыма болар... ал сен...

− Сен не көрсең, мен де соны көруге бармын - мейлі өлім болсын, мейлі кемтарлық болсын! Міне, дәл осы себепті мен біресе Дуэденге, біресе Пополукаға барып: "Хуан Пабло сендерден у сұраған жоқ деп ант-су ішіңдер, адал шындарыңды айтыңдар, содан соң... маған да кішкене у қалдырыңдар!" - деп мазаларын алумен болдым. Сәтсіздікке ұшыраған жағдайда сен у ішіп қоясың ба деп талай таңды көзбен атырдым - онда сенің басқа амалың қалмайды ғой; ал бірақ мен не істеймін?.. Тіпті сені іздеп жолға да шықпақшы болдым - шалдар жалынып-жалпайып әрең тоқтатты. Шынында, саған зияным тиіп кетуі мүмкін еді ғой. Дәл сондай сәтте сен менің жай-күйімді түсінгендей болдың, сенің жазған хатың кеудемдегі үміт отын қайта тұтатты. Сонай шалғайда, сор басқан батпақты жайылманың сасық шырышында, алапат мангр ормандарының мың-мың тамырларының біріне айнала жүріп - "Тропикаль платанераның" плантацияларында істейтін пеондар бұқарасы маған сондай орман сияқтанып көрінеді, - сөйте жүріп сен біздің еліміздегі диктатураның мән-мағынасына бойладың. Диктатураны "Тропикаль плантанерадан" айыруға болмайтынын, олар - бір тәртіптің туындысы екенін, екеуі бірін -бірі асырайтынын ұқтық. Президенттің шекпенін киген кезекті Жыртқышты құлатып, "Тропикаль платанераны" дін аман қалдырам деу - өзіңді-өзің алдау, ал ел тізгіні диктатордың қолында тұрғанда Компанияның көзін жою мүмкін емес. Ол екеуін бір мезгілде құрту керек...

Бұлай ойлайтын адам, дедім мен іштей, өзіне-өзі қол салуы мүмкін емес. Сол-ақ екен, тынысым кеңіп жүре берді. Дуэнденің әкелетін хаттары енді тек Роса Гавидиаға ғана арналған емес еді...

− Жоқ, жаным, олар сондай-ақ Малена Табайға да арналған болатын!

− "Сондай - ағы" қалай?

− Жарайды, Роса Табайға ... Малена Табайға дегенім ғой.

− Ештеңе айтпай-ақ қой, сүйіктім, өйткені Роса да, Малена да - екеуі де сенікі, ал қиялдауға кім-кімнің да қақысы бар болғандықтан сен екі бірдей әйелім бар деп лепірсең де сыяды! Дегенмен, әңгімемді жалғастырайын. Сонымен мектепте сабақ басталып кетті, ал мен үшін ол бір қасіретті күндер болды: біріншіден, біз дүниені шарлап саяхат құрып жүрген Жыртқыш жолай Серропомға аялдамақшы екен дейтін хабар алдық, ал содан соң сенің ғайып боп кеткенің туралы сыбыс жетті. Дуэнде Серропомнан Тикисатеге, Тикисатеден Серропомға қатынап, тыным көрмеді... Ал мен ше?.. Менің тынысым тарылды, маған ауа жетпеді... Сен тұтқындалған яки өлген болармысың?.. Неткен сұмдық сөздер!.. Неткен сұмдық сөздер!.. Өзіңді осы сөздердің - "тұтқындалған яки өлген" дейтін сөздердің қапасында сезіну қандай үрейлі... Тұтқындалған яки өлген.. Мен тіпті Жыртқыштың, әскери форма киіп, мундиріне ұзынша әрі қылдырықтай алтын оқа таққан осынау жолбасардың алдынан шықтым да, зәре-құтым қалмай, сол бір сөзді іштей қайталай бердім: тұтқындалған яки өлген... Тұтқындалған яки өлген...

Бірақ сенің жайың не болғанын газеттерден де, радиодан да, жұрт аузынан да білу мүмкін емес! Ешқандай хабар-ошар жоқ, тұтқынға алынғаның немесе "қашпақ болған әрекет үстінде" оққа ұшқаның жайында ешбір сыбыс естілмейді, міне осы жым-жырт беймағлұмдық әуелі қатты қорқытқанымен, түптеп келгенде менің өмір сүруіме, ойлануыма, бір жақсыға, бір жаманға жорып, іштей ширығуыма мүмкіндік берген жұбанышыма айналды...

− Жыртқыш Серропомға барады екен дейтін хабар шығуына байланысты күзеттің күшейтілуі - айтпақшы, ондай сапарлары үшін Жыртқыш жолбарыс киімін кимейтін болған, өйткені "жолбарыс" мундирі салтанатты жайларға қажет, ал басқа уақытта ол "қасқырша" киінеді, - иә, сондай сыбысқа бола күзеттің күшейтілуі жолда кетіп бара жатқан біздің бір адамымыздың қолға түсуіне себепші болды - ол менің Бананераға бара жатқан тауарлы пойызға іліккенімді, одан әрі шекарадан өтіп, Гондурасқа, Солтүстік жағалауға бет алмақшы ойым бар екенін саған хабарлауы тиіс болатын. Мен уақытша сол жаққа барып, ондағы шаруаларды көтеріліске әзірлеу жөнінде тапсырма алған едім - онда ереуіл дейтін ешкімнің ойында да жоқ, - ал содан соң, бәрі дайын болғанда, қайтадан еліме қайтуым керек болатын...

− Әлбетте, енді ол адамның атын атауға да болады: ол Флориндо болатын. Айтпақшы, менің қандай күйде болғанымды саған сол айтып бере алар еді. Оны құдіреттің өзі жіберген болар-ау, егер ол сол күнгі таңмен таласып бірге келмегенде менің жағдайым қалай боларын кім білген. Тән күйзелісі аз болғандай - ақ енді жан күйзелісі басып, түсімнен шошитын пәлеге тап болдым емес пе. Көл-көсір көз жасыма да ие болудан қалдым, менің гөй-гөйім, сірә, жәбір көріп, жапа шеккен күллі міскіндердің зар - наласына жалғасқан болар-ау. Сол бір түсім өңімдегідей айқын болғаны сонша, оны ойласам күні бүгінге дейін денем түршігеді. Сен екеумізді жерасты баспанасында, Өмір Үңгірінде ұстап алған екен деймін. Әскери трибунал бізді Серропомда дарға асуға үкім шығарыпты-мыс. Екеумізді бірге асулары керек екен, бірақ өзім дарға асылып тұрсам да сені құтқаруға, жазаңды орындатпауға мүмкіндігім бар көрінеді. Бұл мотоцикл мініп, кинокамера асынып, жазалау орнына жеткен Жыртқыштың тағы бір қаскөйлігі екен: ол өзіне қызық көрінгеннің бәрін таспаға түсіріп алмақшы. Бірақ қалай, деп ойлаймын мен, қол-аяғым байлаулы күйде сенімен қатар жатып, өзім де дарға асылғалы жатқанда мұны қалай құтқармақпын мен?.. Дар ағаштарын бір-біріне өте жақын орнатқан екен, екеуміздің денеміз тиісіп тұратын сияқты. Бір түрлі оғаш түскен жарықта қым-қуыт есіріктенген көлеңкелердің қолдары сені жерден көтеріп алып, мойныңа арқан тұзақ тастайды. Бірақ арқанды тарта қоймайды, қайта жаналғыштардың бірі аяғыңнан демеп тұрады, ал қалғандары мені жерге алып ұрып, тұзақты мойныма емес, аяғыма шалады да, қолымды босатып, басымды төмен қаратқан күйі асып қояды, сонда менің екі қолым тура сенің аяғыңның деңгейінде екен деймін. Сені демеп ұстап тұрған жаналғыш: "Мен қазір мынаның аяғын қоя беремін, сондықтан мұның өлу - өлмеуі сізге байланысты. Егер аяғынан демеуге шамаңыз келсе бұл тұншықпайды, болмаса - өлгені", - дейді. Содан сенің мойныңдағы тұзақ тартылғанша мен де жанұшыра аяғыңа жармасып, сені көтеруге жанталастым, - әуелгіде өліп-талып болса да соған шамам келгендей еді, бірақ табан астында әл-дәрменім құрып, қаным басыма шауып, аяғымды шалған тұзақ толарсағымды қиып, аузыма бір түрлі сарғылтым шырыш келді, сол сәтте сенің жантәсілім қырылың естілді... аяқтарың менің қолымнан қашықта ауаны қармап жатыр екен...

Ол сондағы сұмдықты қайта көріп отырғандай басын Хуан Паблоның омырауына тыға берді, әлгі көріністің соңына қарай, өзі оның аяғынан демеуге шамасы келмеген ақтықтық сәтте, жігіттің жантәсілім дірілімен қоса бетіне тамшы саулап қоя бергенін ол айта алмады.

− Біргеміз, - деп сыбырлады ол қыздың құлағына, сол сөзі сондағы нақты заттың бөлшегіндей, сол тамшының шашырандысындай көрініп кетіп, қыз селт ете қалды. -Біргеміз, тек өлім үшін емес, күрес үшін!

Үй сыртында, көмірлі даланың аспанында күйіп-жанып күн тұр, аптап ыстық жан шыдатар емес, ал беталды мезгілсіз шақырған әтештердің айғайы маужыраған тыныштық тылсымын одан әрі айқындай түсетіндей; күл үстінен өз иелерінің іздерін қарап ит біткен жүр сенделіп, тек өлімтікке сылқия тойып кекіргі азған құзғындар ғана бар дүниеге енжар кейіпте жайбарақат отыр.

Кеш жамырап, көлеңке қоюланып келеді. Сұлба кескіндер шеруі қайталай бастаған: суық тауарын - ақ тозаңын арқалап қаладан қайтқан адамдар маңайдағы сабын қайнататын орындарға емпеңдесіп барады, күлдерін ақ металдан жасалған, цифрлары көшкен ескі безбенге өлшетіп, тапсырған соң оған тиесілі азын-аулақ ақысын алуға асығады. Бірі есінеп, бірі қасынады, аңқаларынан аңызақ шөлді түкіріп тастамақшы болып зорланады, бұрқырап сақар қайнап жатқан қазандардың жүрек айнытар сасық иісі тамақтарын жыртады; кеспек ағаштардың үстінен шаяндарды сыпырып жүрген адамдар, кофе ағашының иісі бұрқыраған, әлі суып үлгірмеген жемістерінің ылжыраған ып-ыстық балдырына тайғанақтап, жығыла жаздап бара жатқан адамдар.

− Ал Флориндо сенің мына түсің туралы маған ештеңе айтқан жоқ, - деді Хуан Пабло.

− Онда тұрған не бар, көңіл аудармай-ақ қой! Дегенмен оның келуі мені жаман түстер мен шошымалдан құтқарды. Сен Гондурастың терістік жағалауына кеттің, мен болсам шаруалар қозғалысын ұйымдастыруға кірісіп кеттім, Кайэтано Дуэнде мен Пополука сияқты шалдармен бірге алдыңғы шепте жүрдім, әрине, менен гөрі олардың тындырғаны көп. Бәрін істеген солар, біз соларға қарыздармыз...

− Тамаша ұйымдастырылды ғой, несін айтасың!

− Тамаша, оның рас. Жағалауға, Тикисатеге сенен нұсқаулар, бағыттамалар және басқа да материалдар келіп тұрды, ал Кайэтано Дуэнде таудағы Жылан балқыма салған жолмен оларды Пополукаға жіберіп отырды. Саған егжей-тегжейлі түсіндірейінші. Пополука қағаздарын шағын металл қорапқа салып, дереу саздан бір пұттың, абыздың немесе батырдың бейнесін жасай қойып, құжат салынған қорапты сонымен тұмшалап тастайды. Сенің нұсқауларың қалай жететінін білмей полиция табанынан таусылады. Мен Пополукаға бара қалсам, ол дымқыл шүберекпен жабылған басты сындыра қояды - бәрі оп-оңай.

− Содан соң нұсқауларды таратасыңдар...

− Иә, иә, жағалаудағы елді мекеннен шығып, жер асты жолдарымен өтіп, бір пұттың басына тұмшаланған күйі олар маған жететін де осы арадан басқа жерлерге тарайтын. Айтпақшы, кейбір достар соңғы сәтте енгізілген өзгерістермен келісе қоймайды. Оларға жаппай ереуілден гөрі шаруалар қозғалысы көбірек ұнайтын сықылды.

Ac үй жақта әлдене салдыр-гүлдір етті де ізінше Худаситаның даусы естілді:

− Қорықпай-ақ қойыңыздар, бұл мен ғой, бұршақ араластырып тұрған кепсерімді түсіріп алдым...

− Роса Малена... Арманымда сені ылғи осылай атадым.

− Мен сені Хуан Пабло дедім. Табио Санға үйрене алмай-ақ қойдым, тіпті үйрене алмайтын да шығармын...

− Әлі сол қиялшыл қалпыңдасың...

− Әлі солаймын. Бірақ әңгіме онда емес. Бір мәселелер жөнінен өзіңмен ақылдасайын деп ем..

− Одан да әуелі екеуміз жайында әңгімелесейікші...

− Екеуміз?

− Иә, екеуміз жайында! - деді Хуан Пабло нығарлап, үні тура жүрегінен бұлқынып шыққандай болды.

− Өте бір маңызды шаруа бар, - деп таптай сөйледі Малена, - ол темір жолшылар ұсынған мәселеге байланысты. Олар біздің ел одақтас держава ретінде Құрама Штаттарға берген базаларға орналасқан әскери бөлімдердің жаппай ереуілге қатысты ұстанатын бағыты қандай болатынын анықтап беруді өтінген еді.

− Кейін...

− Сондай-ақ Тикисатеден басқарма кеңсесіне жұмысқа орналасатын адам қашан келеді деп сұрап жатыр...

− Кейін... - деп қайталады ол жұп-жұқа ернін қимылдатпастан.

− Ал біздің шаруаға келсек... - деді Малена қатқыл үнмен, - мүмкін оларды кейінге қалдырармыз?

− Бәріне бола қынжыла беруге болмайды. Бізге тек бірер минут қана керек қой, әрине, кешеуілдетуге болмайтын шаруалар да бар, шаруаның аты - шаруа, оны табанда шешу керек. Бірақ біз де зарығып біттік қой... Өзгелерден кем сарылған жоқпыз... сондықтан білгім келетіні - бұдан біздің күресімізге нұқсан келе қоймайды, - менің білгім келетіні... осы екеуміздің жайымыз не болады?

− Екеуміздің?.. - деп, таңданысын жасыра алмаған қыз жасқана сұрады.

− Күн сайын біз осылар үшін, осынау ер азаматтар мен әйелдер үшін, солардың өздерімен бір сапта тұрып, от пен суға түсіп жүрміз, біздің күресіміз ереуілден де зор нәрселерді көздейді, біз өмірді сақтап қалу үшін күресіп жүрміз, өйткені біздің елімізде өмірдің өзіне қауіп төніп тұр, дегенмен, Мален, біздің ерік-жігеріміздің тағы бір мақсаты болуы керек... Оның даусы құмығып шыққаны сонша, тіпті әрең естілді. - Менің әйелім болғың келе ме?

− Жеңістен соң.

− Кейінгі ысыра берудің керегі не? Үндістердің бір қыстағына барып, сол жерде азаматтық некеге тұрсақ болмай ма!

− Жеңіске дейін қоя тұрайық, Хуан Пабло... Соны айтты да жігіттің кескін - кейпінен оның қайран қалғанын ұқты.

− Немене?.. Сен жеңістен күдіктенесің бе?

− Жо-жоқ... тіпті де олай емес... бірақ, сүйіктім, мен саған деген сезімімді тәуекелге сала алмаймын!.. - Ол ашуланып шыға келді. - Ал басқалар ше?.. Басқалар да бәрін, бәрін... лауазымын, қызметін, жұмысын, балаларының жеп отырған нанын, өздерінің бақ-дәулетін, тіпті өмірін құрбан еткелі жүрген жоқ па?

− Иә, иә... бәріміз де тәуекелге бел байлап жүрміз, бірақ біздің махаббаттымыз жеңіске не жеңіліске тәуелді болғанын мен қаламаймын!

− Хуан Пабло, мүмкін мен түсіндіре алмаған шығармын... мені тыңдашы... әлде мен түсіндіре алмадым, әлде сен мені дұрыс түсінбедің! Ешқандай да ойын жоқ! Көзсіз болмасаңшы! Жұғысып кеткен нәрсенің бәрін жұмырыңа жұқ көрмейтінің бар, тіпті теңіз де сенің қолыңда бір жұтым суға татымай қалады...

Малена байыппен сөзін жалғай берді, ал жігіт орындыққа жайғасты.

− Ешқандай ойын жоқ. Егер мен жеке шаруамызды жеңіске дейін қоя тұрайық десем, жеңісімізге сенбегендігім емес. Тіпті жеңіле қалған күнде де, қайда жүрсек те - абақтыда немесе эмиграцияда болайық мейлі, - бәрі бұрынғысынша қалады, әне сонда өзіміздің жеке шаруамыз туралы сөйлесуімізге болады, шынымен өз қолымыздағы нәрсе туралы сөйлесе аламыз...

− Табанда шешілуге тиісті мәселелер онша көп те емес... - деді жігіт сәл үнсіздіктен кейін.

− Ең тығызы - теміржолшылардың тілегі. Олар жаппай ереуіл жарияланған жағдайда біздің елімізде тұрған солтүстік американдық әскерлер қандай бағытты ұстанатынын білгісі келеді. Әскерлердің барлау әрекеті туралы хабар бар, ол мәлімет... тиісті адамдар арқылы алынған. Бұл мәселені барынша дендеп зерделеуге мүмкіндік бола қоймады, әйткенмен ереуіл "Тропикаль платанераның" мүддесіне залалын тигізетіндей жағдайда әскерлер іске қосылмайды дейтін үміт бар. Әйтпесе ол мүлдем қисынсыз болар еді, өйткені Американың ең таңдаулы азаматтары Еуропада, Азияда, Африкада бостандық пен демократия үшін бастарын оққа байлап жүргенде мұнда, Американ құрлығының бір елінде, АҚШ әскерлері өздері қорғайтынның бәрін теріске шығарып отырған үкіметке қолдау көрсетеді деген не масқара.

− Теміржолшыларға осылай деп жауап беру қажет. Шыны керек, мен әдетте мұндай байланысты қолдамаймын одан табар еш пайдаң жоқ, бірақ оқыста көмейіңді ашып қоюың мүмкін. Дегенмен, жолшылар жеңіске ие болатындарына көздерін әбден жеткізіп алып бас көтермекші болған ғой.

− Тағы бір тығыл - таяң шаруа бар, - деп Малена оның сөзін бөлді. - Әңгіме "Платанераның" Тынық мұхит бөлімшесін басқарушының кеңсесіне кіре алатын адам туралы.

− Ол жақында келеді дерсің. Содан соң, Флориндоға ескертіп қойшы, сол адам банан тиеуші болып орналасып жүрмесін. Өзі Хуамбо дейтін бір қыңыр шата.

− Сондай-ақ республиканы белгілі бір аймақтарға болу туралы бірнеше ұсыныс бар. Біз қай жерде нан туралы айтып, қай жерде бостандықты алға тартуды білуіміз керек, ал кейбір аймақтарда пәлендей талап қоюдың да қажеттігі шамалы...

− Бұл ара үндістердің аймағы, ал оларға жерлерін қайтарып беру керек, дегенмен, ол басқа шаруа. Қазір әңгіме адамдарды ереуілге тарту туралы - біреулер оған наны үшін, енді біреулер - бостандық үшін барады...

− Апыр-ай, - деді Худасита күрсініп, - бұл ұядағы жандар тамақ іше ме, ішпей ме? Осының өзі тұрғын үйден гөрі көмірлі даланың ортасындағы агутидің29 ұясына көбірек ұқсамай ма, сеньорита?.. - Соны айтты да, бұрынғысынша Маленаға қарап тұрып сөзін жалғады: - Нанмен кофе ішіп, қазір ғана пісірілген бұршақ жеуге қарсы емессіз бе?

− Сеньоританың мұнда күн құрғатпай келіп тұруын өтінетін шығармыз, - деп сөзге араласты Хуан Пабло, - әйтпесе маған дәмі татуы жоқ суық бұршақтан басқа ештеңе тимеуші еді.

− Оған өзі кінәлі, тамағы суып қалғанша дастарқанға жоламайды, соған қарамай ыстық тамақ ішпекші... ал дәмі мәз емес десе, әртүрлі жағдай болады ғой, кейде бұршақ мәз болмай шығады. Сәтін салғанда, осы жолы тәуір бұршақ кездесті. Түсі қара, дәмі жақсы, маған сондай бұршақ ұнайды. Жә, мен кетейін, сіздерге кедергі болмайын, мұндайда үшінші адамның артық болатыны бар. Мына кісіге тамақ жегізіңізші, сеньорита, әйтпесе нәр татудан қалып бара жатыр.

Худасита кетісімен екеуінің арасында дау туды. Кімге кім қызмет көрсетуі керек? Қыздың мойынсұнуына тура келді: қанша дегенмен, алькальдияда неке тіркелмеген соң, бұл үйде ол қонақ есепті, сондықтан үй иесі ретінде жігіт оған ықылас көрсетеді.

Худасита қалаға шыққанда киетін кебісін киіп, ұлы қайтыс болғалы үстінен тастамайтын кара шәлісін жамылып қайтып келді. Сеньорита көмір алқаптарында адасып кетпеуі үшін жол көрсетпекші. Худасита ас үйден өтіп барып, кіреберісте бөгелді - ғашықтар қоштасып болғанша айналада кім бар, кім жоғын шолып шығуы керек, әйтсе де оның назары далаға емес, ішкі албарға ауа берді: жастардың сүйіскенін көргісі келді, өйткені сүйіскенді көру де өзің сүйгенмен бірдей; ұлының көзі тірісінде жас жұптардың оңаша кездескен жерлерімен өткенді жақсы көруші еді-ау.

− Табио Сан!.. - деді Малена сәл бөгеле беріп; табалдырықтан аттап шығысымен ол қайтадан Табио Санға айналды.

− Роса Гавидиа!.. - деді жігіт, қызды көзімен шығарып сала тұрып.

Қыз ішкі ауладан өте берді.

− Тезірек көріскенше!..

Жігіт есікті жабуға шықты, бірақ оны шалқасынан ашық тастағысы келді: мүмкін қалыңдық секілді кілең ақтан киім киіп, күлдің үлдесі мен бүлдесіне оранып, әлгіде ғана елес боп көзден ұшқан Малена қайтып келер ме...

XIX

− Тоба алысқа кетті, шеше, бірақ Хуамбо қайтып оралды. Тобаның орнына Хуамбо келді. Анасиа жоқ. Анастасиа келмеді.

− Анастасиа не бітіріп жүр?

− Үйлер, үйлер, кілең үйлер бар ғой, сонда қайыр тілейді...

− Ұлым келген үйлер, үйлер, үйлер жақта десеңші...

− Иә, сол жақта, шеше, Хуамбо сол жақтан келді. Тоба алыста, оны сеньоралар алып кетті...

− Тоба алыста, оны білемін. Енді оны көре алмаймын ғой, маржан қызымды, Тоба -жанымды. Әкең осында жерленген.

− Әкесі осында жерленген, шешесі әлі тірі - ұлы жерленген әкесі үшін, көзі тірі шешесіне келді.

Шата тура шешесі секілді сөйлеуге тырысты; оның ойынша, осылай етсе ғана ол осы адамның, өзінің дүниеге келуіне себепкер болған және теңбілтер туралы өтірікті ойлап тапқан қамқорының кесірінен өзі сонша жыл жадынан" шығарып тастаған адамның - жан дүниесіне тереңірек үңілетіндей көрінді.

− Қамқор жаман, сенің бұрын келуіңе рұқсат етпеді, тек ақыр соңында ғана...

− Қамқор алыста, Тоба жүрген жақта, рұқсатты басқарушы берді. Мен түс көрдім: шешемнің жағдайы қиын екен деймін... – Там - тұмдаған ауамен ғана өмір сүріп, демін әрең алатын, там - тұмдаған жарықты сығырайып әрең көретін, там - тұмдаған дыбыстарды құлағы әрең шалатын жүз жастағы шата кемпір кеңістіктің тамыры қалай соққанына елтіп қалғанын бағып, біршама уақыт үнсіз отырған Хуамбо даусын көтере, тез-тез сөйлеп кетті: - Самбито енді қамқор жаққа бармайды! Самбито оған өмір бойы қызмет етті, сөйтсе де Самбито кедей - кедей; қамқор Самбитодан бәрін алады, ал Самбитоға түк бермейді, Самбитода бәрі бар, бірақ өзінің ештеңесі жоқ!

− Ол оңбаған адам, сонау, сонау арғы жағалаудағы жеріміздің бәрін тартып алды, ұлым туған, Тача туған жерімізді...

− Содан соң Самбитоны теңбілтер жесін деп әке-шешесі тауға тастап кеткен деді... Жиырма жылдан әрі, жиырма бес жылдан әрі, отыз жылдан өрі Самбито ата-анасын көргісі келмейді... Енді Самбито кегін алады, әлгі Боби дейтін байбатшаға көресіні көрсетеді. Ұзынтұра, жирен шаш Боби байбатша қатты қапаланады... Ол тыңдап тұр, мен сөйлеп тұрмын, ал оның шашы қапалы - қапалы... Атам сенің әкеңді өлтірді, байбатша Боби!.. Оның шаштары қапалы; Маймыл айналмасында атам сенің әкеңді өлтірген, байбатша Боби! - деп екінші айтқанымда аузы аңқиып, сөзден қалды; мен жылдамдыққа басқым келді, байбатша Боби, теміржол арбасын құйғытқан күйі еңіске құлатып, дөңгелектерін аспаннан келтірдім, түбінде сенің әкең қалды, байбатша Боби, басы жарылып әкең қалды...

− Ал сенің әкең осында жерленді...

− Бірақ шешем тірі... - деп оның сөзін бөлді Хуамбо жайқия күліп.

− Мен де өлемін, - деп сөзін жалғады шата кемпір, - кейін, Самбито келген соң өлемін де, Хуамбо өзімен бірге екенін әкесіне түсіндіріп айтамын, қайтадан өзімен бірге екенін, - деп кемсеңдеді кемпір, - қайтадан бізбен бірге, әке-шешесімен... ал біз - Самбитомен... Сонда әкесі алғысын айтады, жер астында жатып алғысын жаудырады! Әкең сенің, Самбито, жер астында жатып жылайтын болады, қуаныштан, шексіз ризашылықтан жаны жай тауып жылайтын болады!

Хуамбо оның мұздай болған қолын, әлдеқандай бір байырғы жеміске ұқсайтын ұзынша тырнақтары сорайған сүйрік саусақтарын қыса берді.

− Әкеңнің аты Агапито Лyca болатын; тура Самбитоның шашындай бұп-бұйра шашы болушы еді, құдды қара сүлік дерсің... Тоба - жақсы қыз, Анастасиа - жаман қыз, бізге жаманшылық әкелген арғы беттің қызы... Агапито марқұм айта беруші еді: жағдайың жаман болса - әлі жаман емес, қызың жаман болса - нағыз жаманы сол деп... Анастасиа маған немере сүйгізбеді, мен немере көрмей-ақ өлетін болдым...

Хуамбо кішкентай шабаданын шешесінің үйіне тастап, қыстаққа қайтып оралды. Тынымсыз құлағы шуылдады. Биік таудан жағалауға түскенде ұдайы өстетіні бар. Саусағын қайта-қайта құлағына тығып, ондағы тынымсыз ызыңдаған сағат серіппесін қолына іліктіргісі келгендей ырғайды келіп. Қыстақтың өңі қашыңқыраған тәрізді. Жағалаудағы тірлік жақсармақ түгілі кері кеткенге ұқсайды. Төселмеген көшелер, тропикалық қалақай - чиочикастеден қаланған шарбақтар; қайда барсаң да күйдіріп-жандырған күн көзінен ғана емес, удай ашытқан қалақайдан құтыла алмайсың; әредік -әредік жапырайған құжыралар. Дон Ихинио Пьедра - саптаның дүңгіршегі мен шарапханасы. "Күн мен түннің теңесуі" шаштаразы. Құрылысы аяқталмаған шіркеу: ондағы бойраның астынан мақтадан сақалы бар, ақ кенептен киім киген Жаратушы әр күн сайын таңертең айналаға байыптай қарап, дон Паскуалито Диас сынды соншама қадірі бөлек әрі соншама озық ойлы алькальдтың қырағы бақылауындағы алты-жеті діндарлардың тып - тыныш тірлік кешуін қадағалайды; ал енді алькальдтың қадірі бөлек болатыны - үнемі осы орынға қайта сайлана береді де озық ойлы болатыны -алькальдияның қарсы бетіндегі бас алаңға ағылшын саябағын орнатқан соң дереу ірі қара мал соятын қасапхана ашқызбақшы ойы бар екенін айтудан жалыққан емес.

Кейбір үйлердің қабырғасынан Хуамбо: "Қасапхана орнасын, қасапсыз бір күн болмасын!" - дейтін жазуларды оқыды. Алькальдтың түсіндіруінше мұның мәнісі: егер ол қасапхана салғызып, қасапшыларға малын тек сонда союға міндеттесе, олар әуелі басекеңнің өзін жайратуға тырысады дегенге саяды екен.

Дон Паскуалитоның өзі - оның атын осылай еркелетіп атаған жарасатын, өйткені ол бәкене бойлы кісі еді, - иә, сол кісінің өзі мұндай жүгенсіз жазуларды ойлап тауып жүрген ақысыз, су тегін дұшпаным Пьедрасантадан басқа ешкім де емес дейтін; алькальдтың ойынша, ақылы дұшпандар да болатын сияқты, - яғни бір кәдеге жарайтын жандар, өзі оларға бірдеңе істеген немесе күндердің бір күнінде бұдан қарызға ақша алған адамдар болса керек. Әрине, дон Ихинионы Пьедра деп атағанда жұрт әлдебір құрбандық тасына немесе асыл тастардың біріне ұқсатпаған болар, жай әшейін диірмен тасын немесе ошаққа қалайтын қойтасты мегзегені шығар - қалай болғанда да дон Паскуалито осы Пьедраға алькальдия бухгалтериясынан қызмет ұсынып, тәп-тәуір жалақы берген болатын, бірақ күндердің бір күнінде Пьедра жұмыстан кетемін деп қиғылықты салсын әрі кетіп те тынды. Онысымен қоймай, ломбер мен конкиан жөніндегі достарына оның себебін құтырта жеткізуін қайтерсің: "Қалай ғана кетпейін? Кун сайын бір мезгілде кабинеттің табалдырығын аттап, армансыз тәтті ұйқының қызығын көрген және жұмыста отырып та біраз мызғып алмақшы болған адамның жайдары жымиысын миығына қыстыра келіп, мені арқамнан қағып: "Кредит... Дебет... дәнеңе де жоқ қой..." - деп, мен көз майымды тауысып отырған кітапты саусағымен

Ойнақы сөз – pierda – тас(исп.)

Ломбер мен конкиан – карта ойындары.

нұқи берсе, сөйтіп миымды шұқи берсе қалай шыдайын?.." - дейді ғой баяғы.

Жергілікті мектептің мұғалімі Хувентино Родригес Тобаның кеткеніне қайғырып ертелі-кеш бас алмай ішкендіктен қарлыққан құмығыңқы даусымен мыңқылдай сөйлеп, ірі қара малға арналған қасапхана салынатын болса, ол қаншалықты пайда беретінін айтып отыр. Ол ендігі жерде туберкулезге шалдыққан сиырларды соймауға бақылау қойылатынын, сондай-ақ салық төлеу ісі де бақылауға алынатынын және, ақыр соңында, мал сою кезінде тазалық сақталатынын әрі, тағы бір тәуірі, ет сатушы пайда - күнемдерден арылуға жағдай туатынын бірсыдырғы әңгіме ғып етті.

Қыстақ хокотенің қызғылтсары жалынына оранған. Ағаш бұтақтарынан салбыраған мыңдаған, мың-мыңдаған хокоте жемістері; бәрі хокоте жеп, жерге хокоте сүйегін тастап бара жатқан жұрт; сап-сары боп ылжыраған сүйектер біртіндеп кеуіп, қурап, ақыры күлге, тозаңға, тек қана тозаңға айналады. Көз жауын алған көріктінің қурағанын көрген қандай мұң! Басқа жемістердің де ақыры осы. Шайырлы манго да, маймыл мангосы да осылай. Әрине, тағдыры басқаша аяқталатын сүйектер де бар. Мәселен, анонаның сүргіден өткендей жып-жылтыр, қап-қара, мықты сүйектері таспихтың шашылған тастарындай боп жерге қадалады, немесе, айталық, патернаның қошқылдау жасыл түсті сүйектері уақытың мен тауқыметіңді мәу демей көтереді, болмаса гуапинольдің қызылқоңырқай металдан шыңдалған тәрізді қатты сүйектері...

Ал Хуамбо қайта кетті?

Қайда кеткені қалай? Өзіне жүктелген тапсырмаға байланысты ол "Семирамиданың" ғимаратына баруы керек болатын. Егер біреу-міреу "мұнда неғып жүрсін?" деп сұрай қалса Лусероға қонаққа келген байбатша Бобимен кездеспекші екенін айтады.

Миллионер Лусероның әсем ғимараты сонадайдан көрінді. Аделаидо қарт тірі болып, осы сарайды көрсе жүрегі ұшып өлер еді. Бір кезде ол жексенбі және мереке күндері тынбай тыраштанып, кірпішке кірпіш жалғап жүріп, өз қолымен жұпыны баспанасын салған жерге оның ұлдары аспанмен таласқан ғимарат тұрғызды; екеуі алғаш танысқанда Роселияның үстінде қызғылт кофта мен сары белдемше болған еді (әлде керісінше ме екен - кімнің есінде дейсің) - қарттың соған лайықтап сәндеген қызғылт және сары түстес қабырғалары бар ұядай үйінің орнында қазір салтанатты сарай түр. Ұлдары оның айналасына асыл тұқымды ағаштарды әкеп отырғызды да бәрін солтүстік американдық үлгімен сәндеп, "Тропикаль платанераның" ең басты шенеуніктері өз үйлерінде жасаған жағдайды түгел орнатты. Мұнда не жоқ дейсің: көгал да осында, гүлзарлар мен субұрқақтар да осында, қара – ақ - қызыл саздың тостағаншаларынан атқылап, түрлі түсті талавер тақташаларымен көмкерілген бақалшақтар мен суаттардан нөсерлеп, нөпір құйылып жатқан құлама сулар тізбегі де осында. Түбіне әсем сыламалы тақташалар төселген су сылдырлап, сыр ақтарып тұрғандай: сылдыр қақпайтын, сыр ақтармайтын су-су емес, әшейін адамның ол-пұл шаруасына жарататын ылғал ғана.

− Бойы биік-биік, шашы оттың мұңды жалынындай болған қайран ғана байбатша Боби -ай, сенің басың ойлайды ғой атам өлтірді деп... атамның өлтіргені өтірік, Хуамбоны теңбілтер жесін деп әке - шешісінің тастап кеткені де өтірік!

Гүл-шешекті ағаштар көмкерген кең аллеямен "Семирамидаға" қарай бара жатқан Хуамбо қалың ой құшағында еді: осы бетінде ол шешесімен әңгімесін іштей жалғастырғандай болып барады.

− Самбито - пасық неме, бірақ қожасы да жексұрын!

Ол кілт тоқтады. Қарсы алдынан қоңырқай түсті, қап-қара сүйір тұмсықты, ақтабан ит шыға келген. Қуаныштан жарыла жаздаған ит оған арсалаңдай жетіп, қолын жалағысы кеп, аяғына оратылып, кенет пайда болған достықтың мадақ жырын созғандай болып аңқылдаған ақкөңіл үнмен арпылдап, үріп - үріп алды. Содан соң Хуамбоның жеңінен тістеген күйі батымсыздау қимылмен оны қыстаққа қарай икемдеді.

"Юпермен дос болғаныма сонша жыл өтті, бәлкім, өзіме де иттің иісі әбден сіңіп кеткен болар..." - деп ойлады ол, сол-ақ екен, Юпер жайындағы ойлары наз қылықты, сұлу мүсінді, тым елгезек досымен кездескендегі қуанышына көлеңке түсіргендей болды, Хуамбоның қыстаққа бет алғанын байқасымен төбет оның жеңін босатты да, адамға жол көрсеткеннің ырымымен алға түсіп, жортақтай жөнелді.

Өзінің Юпері... Юпер деп ат қойған себебі - құлаққа керемет естіледі "Ю...Ю...пер...ррро..."30

Итін өлердей сағынып еді. Оны аспазшы әйелдің қарамағына қалдырып кеткен. Ал өзі таңертең теміржол бекетіне кетісімен-ақ аспазшы итті базарға апарған. Юпер бейшара оның кеткенін сонша - ақ қаламап еді, иесінің сол кеткеннен мол кетерін білген сияқты... Басқарушы мен аспазшы әйел, анасы жазған тәуір болса немесе көз жұма қалса, ол қайтып оралады деп ойлайды, өзінің де, яғни Юпердің де өмірі өткен осы үйден иесі біржола кетіп бара жатқанын тек Юпер ғана түсінді.

"Итқұмар неме!" - деп ақыратын оған қожасы; шынында, Хуамбо төбеттен екі елі ажырамаушы еді, содан да ол Юпер иістеніп кеткен тәрізді әрі иттің оны арсалаңдай қарсы алып, енді неғайбіл жолға бастап келе жатқаны да сол болуы керек.

Бұлар шырмауық тұмшаланған шатқалға кірді. Мұнда тыныс алу қиын, тіпті жалаң бұтақтарын жайған гуаябоның жұқалтаң көлеңкесінде де деміңді әрең аласың, ал жапырақсыз сидам бұтақтар жарқ ете беріп қатып қалған найзағай шоғырына ұқсайды -бойында әлі дірілі бар, шарт-шұрт сынған, қызғылтым түсті найзағай шоғыры.

Хуамбо көзімен тінткілеп гуаябо жемісін іздеді, бірақ жас егде тартқан сайын адамның ебі де кете береді ғой, бірдеңеге шалынып, құлап қалмаса де. Ол жемісті көргенде шұбыра жөнелген сілекейін түкіріп тастады да иттің соңына түсті, ал ит бүл кезде күн күйдірген, әр-әр жерде қабырға, толағай сияқты ақсөңке сүйектер шашылып жатқан алаңқаймен салдырып, күшігендер мен қозықұмайлардың ізімен желе жортып, оларды бір орыннан екінші орынға ұшырып, тіпті олжаларынан біржолата айырып, алда кетіп бара жатқан.

Бұлар қыстақ пен плантациялардан едәуір шығандап кетті. Тіпті төменде, аяқ астында қылаң берген Тынық мұхитқа да алқымдап келіп қалды, адамдар мен үйлер көз көрімде қалған; мұнда тек шақырайған күннен басқа және толқыннан соң толқын қуалаған желден өзге ештеңе жоқ.

Хуамбо су-су болған қол орамалымен маңдайы мен желкесінің терін сүртті, екі бетін, ернін, мұрны мен алқымын ысқылады.

Бұлардың аяғы жетпестей жартастың арғы сыртынан тау-тау құм үйінділері көрінді. Талтүс. Аптап буып барады. Хуамбо тоқтады. Енді шама жоқ. Жейдесінің жағасы қылғындырып, малмандай болған жеңі иығына жабысып, қолтығына жылбысқыланды.

− Мына төбеттің сілемді қатырғаны - ай! Осыған ерген өзім де ақымақпын! Дегенмен, кінәні итке артатын несі бар, жіптің ұшы алыста жатқан жоқ па. Мені қуған Анастасиа... Сол Анастасиа ғой жылы орнымнан қозғап, үйден алып шыққан - иә, қожамның үйі болғанмен, өзім сонда тұрған соң, ол менің де үйім еді ғой, қырылдап сөйлейтін адаммен кездестірген де сол... Дегенмен, шынын айтса, осының бәрі әлгі: "Чос, чос, мойон, кон..." дейтін сөзден басталды. Бізді осы жерден қуатында анамды таяққа жықты, әкемді, тіпті, жаралады да... Атлантикалық... Бананера... жанға батқан жағалау.

Құмдақпен құлдыраңдай жүгірген ит кенет әлденені сезгендей Қалт тұра қалды. Шынында, олардың алдынан кес-кестеп белуарына дейін жалаңаш, тек бұтына шалбар, аяғына сандал киген, басында пальмадан тоқылған дағарадай сомбреросы бар кеспелтек денелі біреу өтіп барады екен; алаулаған жүзіне аппақ тістері күп жарасатыны сонша, олардың саны жоқ па дерсің, тіпті жайқия күлгенде өзінің күлкісін де тісімен қиятын сияқтанады.

Екеуі ұшыраса келгенде бейтаныс:

− Сан-Бенитоға бара жатырсыз ба, сеньор? - деп сұрады.

− Жоқ, Санхон-Грандеге барушы ем...

− Онда шоқыныңыз...

Екеуі құшақтаса кетті. Дәлірек айтқанда, құшақтаған - бейтаныс адам. Самбито сезімге берілу дейтінді білмейтін. Оның екі қолы ешқандай сезімсіз, құдды көсеу дерсің. Сол үшін оны кінәлауға да болмас, өйткені оны ешқашан ешкім құшақтап көрген емес.

Езуінен күлкі кетпейтін осы бір жайдарман жанмен амандасу рәсімін атқарып, "Сан-Бенито" - "Санхон-Гранде" дейтін кәделі сөздермен жөн біліскеннен кейін олар іске көшті.

− Маған мынаны сізге тапсыру жүктеліп еді... - Хуамбо ішкі қалтасынан алып, үш түйреуішпен түйрелген пакетті ұсынды.

Бейтаныс пакетті ашты да екі бетінде бірдей жазуы бар қағазды шығарды...

− Рұқсат етсеңіз... - деді де, қағазды оқымай, бір дегеннен жұтып салғандай болды. Көзі хат жолдарында болса, жайнаған жымиысы - миығында; тегі, өзі бір рақат дүниесінде тұрғандай.

− Менің атым Флориндо Кей31 , сондықтан, достым, қалай болғанда да мені ұмыту немесе жоғалтып алу мүмкін емес, өйткені құлағымның мына жерінде... - ол сол құлағының сырғалығын көтерді, - кілт бейнелі қал бар.

− Өте қуаныштымын, менің атым Хуамбо, немесе Самбито десе де болады, ата тегім бойынша Луиса, бірақ олай атағанды өзім жаратпаймын...

− Сансур мұнда келем деп ештеңе айтқан жоқ па?

− Жоқ, айтқан жоқ... тіпті ондай ойы барын да білдірген емес...

− Онда басқа жағалауға түспекші болған ғой...

− Ештеңе демеді.

− Өзіңіз қайда тұрасыз?

− Шешемнің үйінде, о кісі әбден қартайған. Дон Октавио менің жағалауда жұмыс істеуге қалатынымды айтып еді.

− Қаласыз ба?

− Пайдам тиетін болса қалайын.

− Біздің жоспарымыздың орындалуы сіздің көмегіңізсіз өте қиынға соғар еді... - Кей оның иығына қолын салып, көзіне тура қарады. - Бізге ақпарат қажет. Біз Компанияның кеңсесіне жол табуымыз керек, ал ондай жолды тек сіз ғана таба аласыз.

− Әрине, маған оның қиындығы жоқ. Мен "Платанера" президентінің ең байырғы қызметшілерінің бірімін.

− Иә, сіз жөнінде ешкім сезіктене қоймайды. Мейкер Томпсон сізді өз үйінде тұра беруге қалдырып кеткен, ал енді сіз оның өзіңізге жасаған барлық жақсылықтарының қарымтасын қайтару үшін оған өмір бақи қызмет жасау мақсатымен осында келдіңіз - міс. Сондықтан, тым құрығанда күзетші болсаңыз да, сіздің кеңседе жұмыс істейтініңіз күмәнсіз...

− Бірақ мен әуелі ауырлау жұмыстан бастасам деп ем...

− Түсінсем бұйырмасын!

− Ең ауыр жұмыстың өзі маған жеңіл көрінер еді...

− Ол мүмкін емес. Мұнда адамды жарты күнде-ақ, тіпті бір-ақ сағатта жарымжан қылатын жұмыс барын білесіз бе?

− Өз түбіме өзім жеткім келмейді, бірақ мен жазаға ұқсайтын жұмысқа тұрсам деп едім. Банан тиеуші боп жалдансам деймін.

− Біреулер сізді танып қойса ше?

− Мейлі. Біреу өзінің бүкіл саналы өмірін Компания президенті - мультимиллионерге қызмет етумен өткізеді де, енді оның үйінен кетіп, қайыр тілеуге мәжбүр болады - бұдан асқан әділетсіздікті, бұдан артық дәлелді қайдан іздеп табарсың.

− Банан тиеуші болып жұмыс істеу - жоқ, ол жарамайды. Оған шыдамайсыз. Әрі сіздің өзімбілермендікке қақыңыз жоқ, сіз біздікісіз...

− Өз күнәмді өзім ақтағанға дейін...

Ит біресе отырып, біресе өз құйрығын өзі ұстамақшы болып алас ұрады.

Құмдақтың о шеті мен бұ шетінде лүп еткен жел жоқ.

− Сөйтіп кешу алған соң "Семирамидаға", байбатша Бобиге барамын, ол маған кеңсенің есігін ашуыма көмектеседі.

Кей сигарет ұсынды. Хуамбо рахмет айтты. Ол шылым шекпейтін - құдай сақтасын! -түтін мен күл арқылы қожасының қытығына тимеу үшін мұндай жаман әдетке бой алдырмаған. Қандай ақымақ болған десеңші! Әрине, ол өзін-өзі көре алмайды, бірақ сырт көзге ақымақтау көрінетінін іштей сезеді, сондықтан мұң шалған жүзін саусақтарымен беталды сипай берді.

− Енді амал жоқ, жоспарды өзгертуге тура келеді... - деп жабырқау ғана күңк етті Кей; ол Хуамбоға қолын да берместен кетіп қала жаздап шақ қалды. - Біз сізді басқарма кеңсесінде жұмыс істейді деп үміт етіп жүрсек... Жә, кешікпей тағы кездесерміз...

Ол көзден ғайып болды, ит те соның соңынан кетті. Көкжиекте әлдебір қара құстардың ұбақ-шұбақ тізбегі көрінді. Қайтар жолда Самбито құмға бедерленген өз ізін басып жүрді; рас, бір рет қызғылтым гүлдері бар ағашты көріп жол сорабынан бұрылды: ағаш әудем жерде ғана тұрғандай көрініп еді, онысы бекер екен - тек құм шағылдағы көз алдау болып шықты. Әйтеуір зәулім өскен матилисгуатенің32 саясына жеткенше қорлықты көрудей-ақ көрді! Добалдай шыбындар, көбелектер, өрмекшілер, құмырсқалар. Ол кебісін шешіп, ішіндегі құмын төкті.

Жүк тиеуші болып істеу керек - иә, жаныңды жеген қасіретті өзгелердің қасіретімен жалғастыруың керек, көрдегілердің зарыға күткен күнін сөйтсең ғана жақындатасың, сонда ғана олардың көздері жұмылады... жер қойнындағы әкесінің жаны жай тауып, ашық жатқан көзі жұмылады, жайбарақат ұйқыға кетеді...

Шіркін, сол күн -"Тропикаль платанераның" туы жығылатын күн - көрдегілердің қараңғы түнекке тесіле қарап үнемі ашық жатқан, зарыға күткен көздері жұмылатын күн қара жердің қатпарын қақыратып, жай түскендей жаңғырықтырар - ау!

Шіркін, сол күн!

Қыстақ қаңырап қалған... Көшелер. Кокос пальмалары. Оқта - текте авокадо немесе манго жемісі артылған жануарларды қақпайлап әлдебір салтатты өтіп бара жатады. Үйлердің есіктері сығырайта ашылған; алакөлеңке үй ішінен аспалы төсектердің сықыры естіледі. Омырауы ашық әйел лақ еткізіп төге салған су жерге жетпей-ақ, түгелдей дерлік ауада буланып кетті. Әйел басын сүлгімен орап алған. Мұрнының сүйір ұшынан су тамшылайды. Қасы мен кірпіктеріне маржан тізіп қойғандай. Қолының сыртымен бұрымын кейін қайыра беріп, маңдайын сүртті де: "Масқара! Су құрғамай жатып-ақ тер шыға келіпті!" - деді.

Өзіне біреудің көзі түскенін сезіп, басынан сүлгіні жұлып алды да омырауына баса берді.

− Әй, сеньор, сізге не керек? - деді қатқылдау үнмен, содан соң шатаны тани кетіп, майдалай жөнелді: Қашан кеп қалдыңыз? Енді сізді көрмеспіз деп ойлап едік. Өте жақсы болды... Сәл күте тұрсаңыз, қазір шыға қояйын. Үйдің іші астан-кестең боп жатқан соң кіріңіз демедім. Мынадай ыстықта ештеңе істегің келмейді.

Хуамбо неше түрлі адам аттарын ойша сапырылыстырып, бірақ мына сеньораның кім екенін есіне түсіре алмай-ақ қойды. Сірә, бір жолыққан жерлері болар.

− Мені ұмытып қалған боларсыз... Ал мен сізді жазбай таныдым... Мен Виктореанамын, есіңізге түспедім бе?

Самбито екіұшты ишарат жасаған болды. Мұндай атты білсе неғылсын. Виктореана...

− Мен сіздің қожаңызға және мұраны болу үшін осында келетін ақ күшік адвокаттарға жалданбақшы болғандардың бірі едім ғой. Өзіңіз қазір не бітіріп жүрсіз? Тек тағы бірдеңелерді бөлуге келдім деп айта көрмеңіз. Ол өмірде бір-ақ рет болатын нәрсе.

− Қыдырыстап жүргенім ғой!..

− Оныңыз ертерек, жеміс әлі түгел піскен жоқ. Мұнда, мына көшелерге, қыдырымпаздар кештетіп шығады... Бірақ осы күні жүрт қас қарайысымен-ақ апандарына кіріп алып, әке десе тысқа шықпайтын болған. Биыл мейрам да мейрам сияқты емес дейтінім содан. Ойран-топыр солтүстікте болады да сызы бізге жетеді. Бірақ, естуімше, мұнда да бір сойқан болғалы жатса керек қой, жаппай ереуіл жасайды дей ме...

− Мен сізді Сарахобальдамен шатастырып тұрсам...

− Әлгі сұмпайымен бе!..Ол сиқыршы неме қайткенде бала туам деп жүріп ақыры рактан өлген жоқ па. Бала табуын тапқан жоқ, бірақ пәлекетті ісікке ұрынды ғой. Өлуін ол өлгенмен, айтулы маскүнемдерінің бірін паналатқан мен болдым. Мұрагер ішкіш алдым... Кедей-кепшіктің арасында, дон... сіздің атыңыз кім еді?.. Маскүнемдер - ең жиі кездесетін мұрагерлік...

− Хуамбо деңіз... менің атым - Хуамбо, немесе Самбито...

− Содан, өзіңізге айтқандай, сеньор Хуамбо, әлгі мұрагер ішкішім кез келген маскүнемнен әрман болып шықты! Дені сауда өзін Макарио Расконмын дейді, ал ақылынан алжасты болды, Браулио болып шыға келеді... Бір пайдасы болса екен-ау, біреуден мұраға алған бірдеңесі болса арман кәне... әйтпесе Сарахобальда да жесір еді ғой. Ол сонымен де тұрды, басқалармен де тұрды... айналып келгенде, құдайдың өзі қарғап қойған соң ол бейшараны кінәлап та керегі жоқ... Сіз шылым шекпейсіз бе?

− Жоқ, шекпеймін...

− Айып етпесеңіз, мына тұқылымды тұтатып алайын. Сигара тартатыным бар. Бұл жағалауда бәріміз шылымшымыз десе де болады... бірдеңе етіп сона мен ұйқыны қуу керек емес пе.

Ол темекіні құшырлана сорып, сигарасын аузынан алды да қос ауыз мылтықтан оқ атқандай етіп түтінді бұрқыратты. Содан соң нәзік кірпіктерінің астынан Хуамбоға мейірлене қарап, жұмсақ тіл қатты;

− Мен онымен некелескен едім ғой. Желкесінен алдым да дедектетіп отырып Қасиетті құдай - ананың інжіл шіркеуіне апардым. Ашыналық қатынасымызды қойған соң Жаратқан нем оны ішкіліктен тияр деп едім, бірақ болмады... Ол түсінікті де. Маскүнем ғой ол... маскүнем... маскүнем...

− Не деп сандырақтап түр, құдай-ау, кешірегөр... алда ғана сайқал - ай! - деген қарлығыңқы, масаң дауыс естілді түпкі үйден. С-с-айқал неме... с-с-сайқал!..

− Әне, көрдіңіз бе, аузына келгенін айтады... Көзін тырнап ашып,сандырақтай бастайды...


Мазмұндас кітаптар

1 Сайын Назарбекұлыөлеңдер
2 жыр
3 Бауыржан Момышұлыәңгіме
4 жыр
5 Серікбол Қондыбаймифология
6 Марат Қабанбаевәңгіме
7 Ханс Кристиан Андерсенертегі
8 Мұхтар Әуезовпьеса
9 саясат
10 Сапарғали Бегалинповестер

Пікірлер:


Жолдаушы №: #114, : 05:26 - 2019/07/13

Мен сіздердің барлықтарыңызға менің куәлігімді бөліскім келеді, мен 2 жыл бұрын әйеліме үйлендім, үйде қиындықтар бастадық, сол төсекке ұйықтап жатырмыз, кешке кешке үйге келген кішігірім заттар үшін күресіп, көп ішеді әлкөгөльмен және басқа ер әдәмдәрмен бірге ұйықтайды. Мен өзімнен басқа ешқәшән әйелді сүймедім. ол менің баламның әкесі, мен оны жоғалтқым келмейді, өйткені біз бүгінгі күннің өзінде болу үшін осылай жұмыс істедік. бірнеше ай бұрын ол мені және балаларымды өмір сүруді шешті, жалғыздықтан қиындық тудыруы мүмкін, сондықтан менде ешкімге бұрылуға тура келмейді, сондықтан мен жүрегім ауырып қалды. Мен анамды шақырып алып, оған бәрін түсіндірдім, анам мені дөктөр Сәнгө туралы, ол мені және әкемнің арасындағы мәселені шешуге қалай көмектесті, мен оны таң қалдырдым, өйткені олар бір-бірімен үш жарым жыл бойы болды және бұл бір-біріне қайтып келген керемет сияқты. Мен өзімнің Dr.Sango электрөндіқ поштасына жібердім: spellspecialistcaster937@gmail.com
және оған бәрін түсіндіріп беріңіз, сондықтан ол мені емделуге қалай оралса, соншалықты қайтаруды және әйелді басқаратын тағы бір ер рухты бастан кешіреді деп алаңдамауды уәде етеді. Менің прөблемә екі күн ішінде шешіледі. Сондықтан ол мені жазды және екі күн өткен соң, менің сүйіспеншілігім қайтып келді және оны кешіруді өтінді. Мен қәзір бақыттымын. Сондықтан мен өз тәжірибемді осындай мәселе бар барлық әдәмдәрмен бөлісуді шештім. Дәрі өзінің электрөндіқ пошта мекен-жайында: spellspecialistcaster937@gmail.com мекен-жайы


ادام نەمەسە ۋيروس ەكەندىگىڭىزدى تۇراقتاندىرۋ سۇراعى، كاتەكشەگە 99 دەپ جازىڭىز، راحىمەت!
98 + 1 = ? sozsiz sifermen tolteringiz.