Еларна қолфон нұсқасына ену

Жүктеу-Албомым-Албомдар-Желі
Осы торды сақтаймын! | Осы торды бас бет етемін!

Біздің байланыс: elarna2012@gmail.com

Үш күнгы келушылер санағыКелген адам саны (IP)Көрілген бет саны (PWs)КомпйутерҚолфон
2019-11-192440715839 %61 %
2019-11-201983628842 %58 %
2019-11-211327469650 %50 %


Тіркеліңіздер Кітапхана Қожалар торабы Албомдар Қазақтың 1001 ертегісі

::::КАЛДАН СEРEН АБЫЛАЙДЫ ТУТКЫНГА АЛГАНЫ::Қалдан Серен Абылайды тұтқынға алғаны

Кітәпханаға қайту

Қалдан Серен Абылайды тұтқынға алғаны ->
Апторы: жыр
Қалдан Серен Абылайды тұтқынға алғаны - Көрілім: (1029)


: PDF Download - Жұктеұ - Скачать - ءتۇسىرۋ


«БАБАЛАР СӨЗІ» СЕРИЯСЫНАН

ЖҮЗ ТОМДЫҚ

ТАРИХИ ЖЫР

ҚАЛДАН СЕРЕН АБЫЛАЙДЫ ТҰТҚЫНҒА АЛҒАНЫ

Қалмақтың ханы еді Қалдан Серен,

Қазақтар тартып алды барлық жерін.

Ордасын Едірейдің Қалдан тігіп,

Қазақтан қашты Қалдан күнді кейін.

Қалмақтар қашқан төмен қойдай жосып,

Мың ермен Қалдан Серен тұрған тосып.

Абылай аңға шығып ұйқтап қапты,

Абылай қапаланды қолға түсіп.

Қызылтау оңтүстік жақ қақ қасында,

10. Абылай қолға түсті тау басында.

Соғысқа Абылай хан қол жіберіп,

Жоқ еді “Қалмақ қырған” соғысында.

Аң іздеп Абылай хан ұйықтап қапты,

Мың батыр қыз алатын мұны тапты.

Мың батыр жолы болып Абылайдан,

Танымай сол арада жөн сұрапты.

Сол жерде хан Абылай ойға қалды,

Жан-жаққа артын ойлап көзін салды.

Соғыстың не болғанын білмейді хан,

20. Арттағы қазақ халқы иесіз қалды.

Ойлайды мен шынымды айтайын деп,

Ұстаған Абылайды сонда жау көп.

Ел иесіз қапылыста шауып алды,

Жасырмай шынын айтты Абылай деп.

– Жау қалмақ танымасаң, мен Абылай,

Шығып пең ұстамаққа маған қарай.

Ал мені осы арадан жылдам әкет,

Келеді осы жерге ер Олжабай.

Қуанды Абылайды қалмақ ұстап,

30. Және ұстап Олжабайды ханға қоспақ.

Олжабай тағы бір күн қолға түсер,

Деді де бір жайсаңды қайтты бастап.

Абылай қуанды қол қайтқанына,

Қапыда қазақ халқы жатқанында.

Хан да жоқ, батыр да жоқ, халық иесіз,

Кетті қол күннің көзі батқанында.

Әкетті Абылайды ұстап қалмақ,

Ханына Қалдан Серен алып бармақ.

Қалданға алып келіп хабар берді,

40. Алғызды Абылайды қызын жалдап.

Ақылмен Абылайды алғызады,

Ор қазып Абылайды салғызады.

Бұл өзі Абылай ма, жоқ басқа ма деп,

Қырық кез терең орды қаздырады.

Сынайды Абылайды Қалдан Серен,

Зынданда жатты Абылай дәл жеті күн.

Ұста деп Олжабайды қол жіберді,

Көрген жоқ Абылайдың Қалдан түрін.

Ұстауға Олжабайды мың қол кетті,

50. Дәндеген Қызылтауға келіп жетті.

Олжабай Абылайды іздеп жүр екен,

Мың қолға ер Олжабай душар кепті.

Олжабай Абылайды еш білмейді,

Соғысқа ер Олжабай ерінбейді.

Қалмақпен көре сала Олжабайлап,

Мың қолмен салды соғыс жиренбейді.

Қалмақтың бар жайсаңын ұстап алды.

Мойнына ер Олжабай шынжыр салды.

Сұрайды Абылайды білдің бе деп,

60. Абылай қолда екенін біліп қанды.

Сол жерде ер Олжабай долданады,

Олжабай түсі қашып сұрланады.

Білген соң Абылайдың уақиғасын,

Телкөкпен зырқыратып қолға барды.

Барды да мың қалмаққа араласты,

Қалмақ та беттей алмай жан таласты.

Қалмақтар соғыса алмай қару тастап,

Сол жерде түгел қалмақ аттан түсті.

Олжабай қалмақты айдап екі келді,

70. Қазақтан шылбыр арқан бәрін жиды.

Ығында Сабындыкөл Ермек тасқа,

Қалмақты байлап сонда батыр үйді.

Олжабай байлап қойды көп қалмақты,

Абылай сол уақытта не боп жатты.

Қалданның Абылайға не қылғанын,

Сөйлейін енді өзім Қалдан жақты.

Сөйлейін не қылғанын Серен Қалдан,

Жеті күн ор түбіне ханды салған.

Сынайды сол арада Абылайды,

80. Екі адам қылышпенен ханға барған.

Айтады Қалдан Серен жендетіне,

– Қарайтын мен болмадым ел бетіне.

Әгер осы Абылай болса жақсы

Болмаса мен шықпаспын жер бетіне.

Абылай жатты көп күн терең ойда,

Тоң май сал бір аяққа суды құй да.

Апарып Абылайға беріңдерші,

Басқа зат ол аяққа ешбір құйма.

Тобықтай сиыр майын салыңдаршы,

90. Қылышты даярланып алыңдаршы.

Суды ішпей майды қолмен алып жесе,

Қылышпен бір сөз демей шабыңдаршы.

Абылай болса қолымен май жемейді,

Сендерге бір ауыз сөз үндемейді.

Айтады су мен майға бір ауыз сөз,

Қалдан әмір етіп солай дейді.

Жендеттер Қалдан Серен тілін алды,

Бір аяқ суға айтқан майды салды.

Қолына қылыш алып екі адам,

100. Айтқандай Абылайға алып барды.

Абылай қолға алды су мен аяқ,

Суды ішті аузына өзі таяп.

Аузына тартпаса да май іркілмейді,

Тықпады суға Абылай қолын аяп.

Абылай аяқты алып жерге қойды,

Май қалды жерге түсіп суға тойды.

Өмірі мұндай жұмыс көрмеген хан,

Абылай сол арада ойлайды ойды.

Абылай сол арада қарап тұрды,

110. Абылай еш білген жоқ мұндай сырды.

Тепсем кетпейтін май едің өпсем келмедің деп,

Майды алып аяғымен жерге ұрды.

Жендеттер мұны көріп шаба алмайды,

Аяқты олардағы қолға алмайды.

Бұл сырды айтпақ үшін Қалдан Шерге,

Жанынан Абылайдың бұлар тайды.

Келеді бұл екеуі Қалдан Шерге,

Жүгіріп айтпақ үшін батып терге.

Көргенін бастан-аяқ бәрін айтты,

120. Бағынбай жатыр дұшпан біздің жерге.

Қалдан Шер бұл екі адам сөзін білді,

Естіп басын шайқап Қалдан күлді.

Тағы да сынаймын деп Абылайды,

Жинады барлық бегін ашпақ сырды.

Жинап ап барлық бегін айтады сөз,

Ордаға жинап алды барлығын тез.

Абылай мүмкін білем осы болар,

Қоқиға мың бір тәуба көрсетті көз.

“Әй, халқым, мен айтамын сөзім тыңда,

130. Ордағы Абылайды алдыр мұнда.

Айтпай-ақ Абылай болса мені таныр,

Сенемін Абылайға өзім сонда.

Жиналған бектеріме мал сойыңдар,

Есіктен бір орынды бос қойыңдар.

Мен өзім Абылайдан сөз сұраймын,

Басқа адам бір сөз айтпай тік тұрыңдар.

Шақырсақ Абылай хан мұнда келер,

Қорықпай Абылай болса кіріп келер.

Келгенде бос орынға отыра кетсе,

140. Ол кезде Абылай емес шауып жібер”.

Осылай Қалдан Шер айтты сонда,

Батырлар кеткен еді бәрі жонға.

Қазақтың бір батыр тұтқан екен,

Байлауда Малайсары тағы қолда.

Алдырып босағаға байлап қойды,

Отырмай Қалдан Шер тақ бос қойды.

Ордаға барлық қалмақ жиналады,

Абылай сол уақытта келіп кірді.

Абылай келіп кірді хан ордаға,

150. Сол жақта көзі түсті босағаға.

Есікте бір кісілік орын көрді,

Отырмай хан қарайды айналаға.

Таңырқап қарап тұрды Абылай хан,

Бос жерге жоқ хан ордасы толған жан.

Есікте шынжырлауды Малайсары,

Абылай көрді сонда торда жатқан.

Хан келді көрді сонда Малайсары,

Бастығы Қалдан Шер сонда бәрі.

Көрген соң Абылайды жонын беріп,

160. Тұғыр боп жата кетті Малайсары.

Аштыққа Абылай хан жасыған жоқ,

Қалмаққа мені қолда деп бас ұрған жоқ.

Үстіне Малайсары отырды хан,

Бос тұрған босағаға отырған жоқ.

Бұл сырды көрді отырған түгел қалмақ,

Қылышпен екі жендет тұр жалаңдап.

Абылай отырмады босағаға,

Қалдан хан қойған еді соған арнап.

Отырды Малайсары дәл үстіне,

170. Таң қалды барлық қалмақ бұл ісіне.

Айтады Малайсарыға Қалдан Шер,

– Дұшпанның неге жаттың бөксесіне.

Айтады Малайсары Қалданға сөз,

Тісін қайрап, от боп жанып ол екі көз:

– Қазақтың Абылай хан ақсұңқары,

Бос жерге отырмайды бір тұғырсыз.

Астында Абылайдың мен өлемін,

Бұл ханның әміріне мен көнемін.

Тұтқындап екеуімізді ұстап тұрсың,

180. Көтіңді, бәлем қалмақ, бір көрермін.

Әй, қалмақ, түк қылмайсың Олжабай бар,

Дүниені бәлем қалмақ қылармын тар.

Тұтқыннан ер Олжабай бізді алады,

Өлтірер бізді қалмақ қай көтің бар.

Отырды хан Абылай көтін қойып,

Сөзіне Малайсары тұрды ұйып.

Бос тұрған Қалдан Шер тағын көріп,

Қарғыды хан Абылай ортаны ойып.

Абылай тура барып отырды тақ,

190. Бұл іске іші күйді барлық қалмақ.

Заңы бар таққа мінген әмір айтар,

Сол жерде Абылайға қонды үлкен бақ.

Абылай дұшпанының тағын алды,

Жан-жаққа мойын бұрып көзін салды.

Бір қалмақ Абылайға сөз айтпады,

Сол жерде Қалдан Шер ойға қалды.

Қалдан шердің айтқан жауабы:

– Әй, дұшпан, неге отырдың алтын таққа,

Тұтқын боп отырғанда біздің жаққа.

Өлесің бүгінгі күн орның даяр,

200. Иманың айтатұғын өзің жатта.

Абылай хан жауабы:

– Өлтірсең өлтіре бер жыламаймын,

Қалмақтар сенен тақты сұрамаймын.

Бос тұрған хансыз таққа мен отырдым,

Қанша айтсаң осы тақтан еш тұрмаймын.

Алтын тақ күнде, қалмақ, бос тұра ма,

Қалмақтар менен бүгін тақ сұрама.

Иә, Қалдан, иә Абылай отырмағанда,

Атаңның қақбастары отыра ма?!

Қалдан шердің сұрағы:

– Абылай, шыныңды айтшы, Сәру қайда,

210. Өлтірдің сол Сәруды қайсы жайда?

Сәруды хан Абылай өлтірмесең,

Бүгін күн болар еді саған пайда.

Абылай ханның жауабы:

– Ұрыста тұрыс болмас, өлді Сәру,

Шаппаймын деп айтпады біздің қару.

Ерегескен екі ердің бірі өледі,

Батырлар қан майданда жанын бағу.

Төрт күндей Олжабаймен көп ұрысып,

Жеңіліп Олжабайдан өлді Сәру.

Қалдан шердің сұрағы:

– Абылай, елдеріңде қандай мал көп,

220. Егін салып қазақтар шаба ма шөп?

Не кәсіппен қазақтар күн көреді,

Сұрайды Қалдан шер осылай деп.

Абылай ханның қайтарған жауабы:

– Қазақтың ең көп малы жылқы мен қой,

Көптіктен баға алмайды, бермейді бой.

Шөп шауып, егін салып көргеміз жоқ,

Қазағым басқа іске бұрмайды ой.

Сол малдың арқасында біздің халық,

Болады күнде жиын, күнде үлкен той.

Қалдан шердің қайтарған жауабы:

– Айтайын саған көп сөз, хан Абылай,

230. Алмаққа келе жатырсың Сарыарқаны-ай.

Қымыз бен жылқы еті желік болар,

Қазақта көп болады екен кісі өлімі-ай.

“Қой ұры, қойшы өтірікші” деген сөз бар,

Ұрлыққа жүреді екен жаппай түнде-ай.

Айтылар жер емшегі шөппен екен,

Адамға тіршілік жоқ емшек ембей.

Шынында Сарыарқаны орыс алар,

Жеріңді тартып алар ол босатпай.

Сұраймын Сәру қайда, Абылай хан,

240. Туысқан інім өлді сенен қалай?

Абылайдың жауабы:

– Ей, Қалдан, өз-өзіңді көремісің,

Өлді Сәру, көп айта беремісің?

Астыңдағы тақтықтан тірі айырылып,

Оны да Қалдан менен көремісің?

Хан болсаң тақта отыр жерде бұқпа,

Әй, Қалдан, айтам саған сөзге тоқта.

Өліп қалған Сәруды айта бермей,

Өйткенше өз басыңды өзің жоқта.

Таныды айтқызбастан Қалдан Шерді,

250. Ұялғаннан Қалдан өлмей тұрды.

Қалданды тірідей-ақ көрге тығып,

Абылай Қалдан ханнан ашты сырды.

Қалдан шердің ашумен Абылайға айтқаны:

– Абылай, өлтіремін сені дұшман,

Ағыздың судай қылып көп қызыл қан.

Абылай, менен өзің не сұрайсың,

Айтып қал ойыңда бар қандай арман?

Қанға қан ер Сәруға сен тұрасың,

Келдің ғой ажалыңа өзің Сырдан.

Абылай, енді қазір тағымнан түс,

260. Берейін тілегіңді сен сұраған.

Абылайдың жауабы:

– Әй, Қалдан, сұрағым жоқ, бар арманым,

Жерлерін алып едім Сарыарқаның.

Әр жерін Сарыарқаның қоныс қылып,

Қолымнан қазағыма бере алмадым.

Бір кезде аспандағы құстай ұштым,

Аңдамай қапылыста қолға түстім.

Сәрудай қан майданда өлмедім мен,

Қызығын көре алмадым қайран күштің.

Үшінші бір арманым ұл балам жоқ,

270. Әйтеуір Олжабай бар көңілге тоқ.

Әй, Қалдан, мені өлтірсең ойлап өлтір,

Үстіне ақ ордаңның шақырма топ.

Олжабай менің қаным алмай қоймас,

Болмаса сенің тілің әскерің шөп.

Қалдан шердің Абылай хан балам жоқ жалғызбын дегенге айтқандағы сөзі:

– Абылай, қоямысың сен егесің,

Сөзім шын өтірік емес ол кекесін.

Мен-дағы бас азабын көріп жүрмін,

Дәл менің жалғыз Көбекендей сен де екенсің.

Ал мұны жылдам жендет өлтіріңдер,

280. Көбекен жалғыз балам еш көрмесін.

Абылайдың мені өлтіре алмайсың, мені жалғыз балаң Көбекенге теңедің, мен саған бала болдым деп тақтан түсіп Абылайдың айтқан сөзі:

– Қалдан шер, босатамын өзіңе тақ,

Болмаспын мұнан былай мен-дағы жат.

Жалғызың Көбекенді аузыңа алдың,

Өлтірсең мені қазір саған ұят.

Мұны айтып хан Абылай тақтан түсті,

Жүрегі қорықпайды өзі күшті.

Құлақ, мұрын кесілген бір қалмақ кіріп келді,

Айтады Қалдан шерге қызық істі.

Құлақ-мұрны кесілген адамның сөзі:

– Жібердің, тақсыр ханым, Олжабайға,

290. Ұстап ап қоспақ ойың Абылайға.

Мың ерің Олжабайдың қолында тұр,

Байлауда аяқ-қолы терең сайда.

Үш мезгіл ерте-кеші дүре соғып,

Тақсыр хан жан қинап тұр, аяу қайда.

Құтырған қасқырдай боп кетсе соғар,

Бұраған үш сым темір сомбы қолда.

Ағып тұр бектеріңнің көттен қаны,

Қор болып бектер жатыр бәрі сонда.

Мың ерің Олжабайға қолға түсті,

300. Теңі жоқ Олжабайдың аса күшті.

Әкел деп Абылайды өзі маған,

Сымпитып құлақ-мұрным бәрін кесті.

Тақсыр хан Абылайды босатпасаң,

Сіз-дағы көресіз мұндай істі.

Күні-түні ұйықтамайды бір дамыл жоқ,

Төсек қып отырғаны аттың үсті.

Айтты да осы сөзді келген қалмақ,

Талықсып хан алдында мұрттай ұшты.

Қалдан шердің Абылайға айтқаны:

Отырды өз тағына Қалдан шер,

310. Шықпай даусы қозғалар екі ерін.

Жалтақтап жан-жағына қарай берді,

Білмеді Абылай ханға ол не дерін.

Айтады Абылай ханға бақытың көп,

Мен саған өз айтпаспын еш пәлен деп.

Босат деп мың ерімді айтты Қалдан,

Абылайға жалғыз қызым беремін деп.

Отырған барлық қалмақ жаман састы,

Айрылып ақылынан ол адасты.

Майлайсары батырды босатады,

320. Хандары қазақ-қалмақ ақылдасты.

Қалданға Абылай хан күйеу болды,

Берген соң Тобыш сұлу қыршын жасты.

Малайсары, Абылай, Қалдан шер,

Бітімнің сол арада кілтін ашты.

Үй тігіп Тобыш сұлу шақырған соң,

Абылай, Малайсары қадам басты.

Қазақтан қырсық кетіп, бақыт жетіп,

Абылай сол арада судай тасты.

Тобыш пен Абылай хан отырғанда,

330. Қалмақтар көреміз деп жан таласты.

Алтын үй отырғаны мамық төсек,

Екеуі отырғанда құп жарасты.

Абылай, Қалдан шер Олжабайға Малайсарыны жібергені.

Тынығып күйеу, құда сонда қонды,

Әр түрлі сөз айтысты оңды-солды.

Малайсары еліне қайтпақ болды,

Қайтармақ тұтқындағы мыңдай қолды.

Екі хан қағаз жазды Олжабайға,

Жүрмісің аман-есен жақсы жайда?

Арамыз қазақ-қалмақ жақындасты,

340. Бір үлкен кез келдік біз ұлы тойға.

Бірі ата, біріміз бала болдық,

Қолыңдағы бектеріңді енді сойма.

Босатып аман-есен қайтарыңыз,

Олжабай өзім аман, ашу қой да.

Қайтамын содан кейін Тобышты алып,

Олжабай әр жұмыстың артын ойла.

Хатты алып жүріп кетті Малайсары,

Құда боп амандасты жас пен кәрі.

Мінгені боз арғымақ жүріп кетті,

350. Қанған соң хан мен ердің ол құмары.

Ойнатып ақбоз атпен жүріп кетті,

Болғанда намаздыгер келіп жетті.

Олжабай дүре соғып жатыр екен,

Көрген соң ер Олжабай жасын төкті.

Аман ба жан жолдасым, қайдан келдің?

Жалғыздық сен жоғыңда мен де көрдім.

Мен сені көрмегелі көп күн болды,

Батыр-ау, Малайсары қайда болдың?

Сөз айтты Малайсары бастан-аяқ,

360. Қолында темір сомбы тұрған таяқ.

Қорлығын қалмақ қылған естіген соң,

Тағы да дүре соқты аямай-ақ.

Олжабай бір қалмақтың мұрнын тесті,

Құлағын қақ түбінен тағы кесті.

“Сәлем айт жылдам барып Қалдан Шерге,

Жіберсін Абылай мен қыз Тобышты.

Қалса егер ертең түсте өзім барам,

Қолдағы мың батырдың бәрін қырам.

Абылай Тобыш қызды әкелмесе,

370. Сертімде осы айтқан өзім тұрам.

Ордасын бұзып, қанға жерін бояп,

Қалданның алтын тағын талқан қылам”.

Осылай қалмақты айтып босатады,

Қалданға осылай айт менен сәлем.

Босатқан қалмақ оқиғасы.

Қашты қалмақ құтылып,

Бұғауынан сытылып.

Өне бойы жаралы,

Сол жараны көтеріп.

Бір күнде келіп жетті,

380. Құлақ-мұрны кесіліп.

Келіп Қалдан Шерге,

“Лақы” деп қалмақ өкіріп.

Олжабайдың қолына

Түскенге қалмақ өкініп.

Олжабайдың сәлемін

Айтыпты ханға жүгініп.

“Ұзатпасаң қызыңды,

Соғыс болар керемет.

Абылайды босатсаң,

390. Бізге қылмас қиянат.

Босатпасаң Абылайды,

Мың батырың өледі,

Олжабайдың қолында.

Ертеңгі күн бір саған,

Қыз алам деп барып ем,

Қызың құрысын Қалдан-ау.

Абылайды тез жібер,

Мен алмаймын қызыңды,

Осы да маған қанағат”.

400. Мұны естіп Қалдан шер түсі қашты,

Адасып ақылынан жаман састы.

Алдырып Абылайды Тобышпен,

Сол жерде Қалдан шер ақылдасты.

“Абылайға мен беремін жалғыз қызым,

Ақтасаң мұнан былай татқан тұзым.

Абылай, бала болдың өзің маған,

Қызымды жұптылыққа бердім саған.

Тез барып мың батырым босатыңдар,

Опа қыл мұнан былай болсаң адам”.

410. Қалдан шер Тобыш қызды ұзатады,

Қыз беріп Абылайды жұбатады.

Құдамыз Олжабайға менен сәлем,

“Айта бар хан Абылай” деп айтады.

Абылай атқа мінді Тобышты алып,

Бірі ай, бірі күндей болып жарық.

Алған соң Тобыш сұлуды Абылай хан,

Қайтыпты жалғыз келіп олжаланып.

Қайтады Абылай хан дәл сол күні,

Тынбастан жүрді Абылай күні-түні.

420. Сәскеде келіп жетті Олжабайға,

Саңқылдап қайтқан қаздай шығып үні.

Олжабай дүре соғып жатыр екен,

Баянауылда Ермектасты қылып мекен.

Көрген соң Абылайды атқа мініп,

Алдынан Абылайдың жүрген екен.

Тез барып қарсы алдынан түсе қалды,

Абылай жүрейік деп көзін салды.

Абылай о да келіп аттан түсті,

Құшақтасып бірін-бірі сусын қанды.

430. – Келдің бе тақсыр ханым аман деді,

Сіз жоқта көрген күнім жаман деді.

Айрылып Малайсары екеуіңізден,

Басыма ақыр заман болған деді.

Байладым мың батырын сақау қалмақ,

Үш рет дүре соғам барлап-барлап.

Келмесең бүгінгі күн тақсыр ханым,

Байлауда мың қалмақты өзім қырмақ.

Мен енді аман көрдім жүзіңізді,

Бар билік тақсыр ханым өзіңізде.

440. Әгарда маған ханым босатсаңыз,

Қалданды байлар едім осы кезде.

Абылай сөзі:

– Арыстаным Олжабай,

Амандық берсін бір Құдай.

Сен болмасаң өліп ем,

Сен өлтірген Сәрудей.

Талай қорлық мен көрдім,

Тартпадым сонда тілімді-ай.

Сонда да қуат сен болдың,

Тағдырдың жазғаны осылай.

Аман сені көрген соң,

Жинадым қазір бойымды-ай.

Қалмақ-қазақ дос болдық,

Не қылсаң да өзіңде-ай.

Амандас өзің жеңгеңе,

Тобыштайым сұлуқай.

Сонан кейін сен босат,

Қолдағы мың батырды.

Ашуыңды сен қалдыр,

459. Мен келдім аман Олжабай.

Сонан кейін Олжабай ашуын басып, қалмақтың мың батырын босатып, Қалдан Шерге ат ерін салып, өзім барамын, құда болдық, соның арқасында қазақ-қалмақ тату-тәтті тұрам десе Сарыарқаны маған берсін, егер бермесе арамыздан қылыш тағы жүреді, осыны ханға айта бар деген екен. Қорлық көрген қалмақтар ат-тонын ала қашып, Қалдан Шерге келіп Олжабайдың сәлемін айтады.

Олжабайдың барғаны. Олжабай ерің Төлкөкке мініп, бүкір қылышын алып тұп-тура Қалдан Шердің ордасына келіп сұрамастан кіріп келеді. Қалдан Шер Олжабайдың айбатына шыдамай түре келеді. Олжабай бір тізерлеп амандасып, орданың ортасынан аспай отырып, амандасып:

– Қалдан хан, мен сізге амандыққа келдім, ал қайтамын, айтарлық сөзім бар: Сарыарқаны маған босат, егер босатпасаң, ертең ордаңның үстінде соғыс болады, шыдасаң отыр, болмаса өзің біл, – деп шығып кетіп бара жатқанда, Қалдан Серен:

– Әй, батыр, мойныңды бұр, – деген. Сонда Олжабай тік тұрып қарайды.

– Қазақ халқына менің мына сөзімді айта бар ер болсаң, – деген. Сондағы айтқан сөзі:

– Абылайдың Бөксесі алтын, кеудесі мырыш, өзіндей батыр хан болып ұл туады, бір атаға шын айрылмас. Олжабай, сенің кеудең алтын, бөксең мырыш, өзіңдей болып артыңнан ер тумайды, ерлік өз басыңмен кетеді, – деген екен. – Осы сөзді айта бар, қош, Сарыарқаны босатамын, бірақ аяқ астында қазақ қалай, қазақ халқы халқы басқа халыққа бағынады, күндердің күнінде менің бұл сөзім тарихта қалмақ, қош Олжабай, – деп қоштасты. Олжабай қайтып кетеді.

Хан Абылай алған Тобыш сұлудан Қасым хан туғанда қан ұстап жалғыз туады, онан кейін Сары Наурызбай туады.


Мазмұндас кітаптар

1 Мұқағали Мақатаевпоэма
2
3 жыр
4 жыр
5 жыр
6 Фариза Оңғарсыноваөлеңдер
7 Агата Кристиәңгіме
8 Әлжаппар Әбішевкомедия
9 Қабдеш Жұмаділовәңгіме
10 Бейімбет Майлинпьеса

Пікірлер:


Жолдаушы №: #120, : 10:58 - 2019/11/04

От тупойлар сайт жаман


ادام نەمەسە ۋيروس ەكەندىگىڭىزدى تۇراقتاندىرۋ سۇراعى، كاتەكشەگە 99 دەپ جازىڭىز، راحىمەت!
98 + 1 = ? sozsiz sifermen tolteringiz.