Еларна қолфон нұсқасына ену

Жүктеу-Албомым-Албомдар-Желі
Осы торды сақтаймын! | Осы торды бас бет етемін!

Біздің байланыс: elarna2012@gmail.com

Үш күнгы келушылер санағыКелген адам саны (IP)Көрілген бет саны (PWs)КомпйутерҚолфон
2019-07-18518216236 %64 %
2019-07-19552224339 %61 %
2019-07-202611316 %84 %


Тіркеліңіздер Кітапхана Қожалар торабы Албомдар Қазақтың 1001 ертегісі

::::ВАЛЕНТИН РАСПУТИН. МАТЕРАМЕН КОШТАСУ::Матерамен қоштасу

Кітәпханаға қайту

Матерамен қоштасу ->
Апторы: Валентин Распутинповесть
Матерамен қоштасу - Көрілім: (1383)


: PDF Download - Жұктеұ - Скачать - ءتۇسىرۋ


МАТЕРАМЕН ҚОШТАСУ

(повесть)

I

Өзінің бітпейтін де қоймайтын тізбегі қатарында, өз ретімен тағы бір көктем келіп жетті, Матера үшін, осы атпен аталатын арал мен деревня үшін бұл ең соңғы көктем еді. Тағы да шатыр-шұтыр жарылып, алапат бір күшпен жағалауға қатпар-қатпар мұзды қат-қабаттап үйіп, сең жүріп өтті де, Ангара мұз сауытын сілкіп тастап, еркін көсіліп, ашық-жарқын жалтырап, жойқын бір ағынға айналды. Тағы да жоғарғы мүйістің үшкір тұмсығын сипай, екі жаққа лықси аққан су шуылы естіле береді, тағы да жер беті мен ағаш-ағашты қуалап, жасыл жалын лапылдай жөнелді, алғашқы жаңбыр құйып-құйып өтті де, қарлығаштар мен сұр қарлығаштар ұшып келе бастады, саздақтағы бақалар оянып, тіршілікке құштарлығын сездіре, кешке салым жағалай бақылдайтын болды. Мұның бәрі сан рет болған, жалғанның әрбір жарық күнінен озып кетпей, не қалып қоймай, Матёра да сан рет табиғатта болып жататын өзгерістер легінде жүрген, міне, қазірде жұрт бақша екті — бірақ түгел емес: үш семья өткен күзде көшіп, әр түрлі қалаларға кетіп қалған, ал тағы бір үш семья деревнядан бұлардан да бұрын, әлгі бір қауесеттің рас екені анықталған бірінші жылы жырылып шығып кеткен болатын. Бұрынғы әдетпен егін де салды — бірақ егістіктер тегіс қамтылмады: осы маңды, аралдың жақын-жуық жерін жыртқаны болмаса, өзеннің арғы бетіндегі аңызға тимеді. Бақшадағы картопты да, сәбізді де биыл бір мезгілде екпей, әркім қолы қалт еткен кездері, қалай болса, солай eгe салды: енді қазір көптеген кісілер араларында суы мен тауы бар, он бес шақырым жер айырып тастаған үйде бірдей тұрып, бөлініп-жарылып жүргені Матёра да сол бұрынғы мекен сияқты, өзгеріп те кеткен сияқты: қора-жайлар орын-орнында тұр, тек бір ағаш үй мен моншаны бөлшектеп, отынға жаратты, барша тіршілік әзірге бұрынғы қам-қаракетімен әуре, бұрынғыша қораздар шақырып, сиырлар мөңірейді, шабаланып иттер үреді, ал бірақ деревня солып барады, түбінен кесілген ағаш тәрізді солып бара жатқаны, тамыры үзіліп, дағдылы тірліктен арылғаны анық. Бәрі де орын-орнында бірақ бір түрлі бейтаныс: қалақай басынып, қаулап өсіп, қалыңдай түскен, қаңырап қалған үйлердің терезелерінен тірлік нышаны сезілмейді, аула-ауланың қақпалары аңқиып ашулы тұр — оларды ескі әдетпен жауып-ақ қояды, бірақ белгісіз бір бәлекет: солардан өкпек жел аңырай соқсын, қақпалар сықырлап, тарс-тарс соғылып тұрсын деп, оларды қайта-қайта ашып кетеді; шарбақтар мен дуалдар қисайып, қоралар мен қоймалар, бастырмалар қарайып, азып-тоза бастады, әр түрлі сырықтар мен тақтайлар рәсуа болып, шашылып жатыр — әлі де ұзақ уақыт жұрт мұқтажына жарасын деп, оқтын-оқтын өңдеп-жөндеп, ұқсатып қоятын ұсынақты қолдың бұлардан үріккені қаш-шан. Көптеген үйлер әктелмеген, жиналмаған, жартыкештеніп қалған, олардың бүлінген-тырналған күңгірт бұрыш-бұрышы жалаңаштанып, біраз заттары жаңа тұрғын-жайға әкетілген, кейбір дүние-мүлік бір қажетке жарар деп осында қалдырылған, өйткені бұл араға әлі талай соғып, күйбең-күйбең уақ-түйекті істемек керек. Ал қазір Матёрада тұрақтанып, тек шалдар менен кемпірлер ғана қалды, олар бүкіл тірлік көзін сақтап, деревня құлазып бос қалмасын деп, бау-бақша мен үй-жайларға көз қарақ болып, мал жайып, балаларды бағып-қағып жүр. Кешке салым олардың бәрі бір жерге бас қосып, жайымен әңгіме-дүкен құрады — сондағы айтатындары бір ғана нәрсе: енді не болып, не қояды деген, олар үлкен жаңа поселке салынып жатқан Ангараның арғы бетіне, он жағалауға қауіптене бір-бір қарасып қойып, жиі-жиі ауыр күрсініседі. Ол жақтан қилы-қилы қауесеттер жетіп жатады.

Осыдан үш жүз жылдан аса уақыт бұрын оқшау аралға қоныстанбақшы болған бірінші мұжық бұдан артық жерді таба алмайтынына анық көзі жеткен, көреген де мәттақам адам болса керек. Арал бес шақырымнан артығырақ жерге ащы ішектей жіп-жіңішке болып шұбатылмай, өтек тәрізденіп талпиып жатыр — мұнда егістікке де, орман-тоғайға да, бақа-шаянды саздаққа да жететін жер бар, ал төменгі жақтағы тайыз, қисық өзектің арғы жағынан Матёраға жақындай жүзіп келіп, басқа бір арал тоқтаған, жұрт оны бірде Подмога, бірде Поднога деп атап кеткен. Подмогасы — түсінікті: өз жерінде жетіспеген нәрсені осы арадан алып отырған, ал неліктен Поднога болғанын — құдайдың тірі жаны түсіндіре алмас еді, оны енді қазір түсіндіре алмайтыны бес инеден белгілі. Біреудің тілі бұралып кеткен шақта шыққандағы, солай аталып кеткен шығар, ал тіл жарықтыққа сөз неғұрлым қитұрқы, қызық болса, соғұрлым сүйкімді көрінеді. Осы бір оқиғада, қайдан шыққаны беймәлім, тағы бір есім — Богодул бар, сеңделіп өзге бір өлкеден келген шалды, әлгі бір сөзді хохолдардың мәнеріне салып, Богодул деп атап кеткен. Бірақ бұл арада осынау лақап аттың неден шыққанын жорамалдап айтуға болады әйтеуір. Өзін полякпын дейтін шал орыстың боғауыз сөзін жақсы көретін; шамасы, осы араға келген сауатты кісілердің бірі, оның сөзін тыңдағаннан кейін, біртүрлі налыңқы кейіппен: богодул (құдайды қарғаған) десе керек, ал, деревняның кісілері мұны әлде ұқпады ма, әлде тілін әдейі бұрып, Богодул деп өзгертіп жіберді ме — кім білген. Тап осылай болды ма, әлде болмады ма, анық-қанығын кесіп айту киын, бірақ осындай бір болжам өзінен-өзі сұранып-ақ тұр.

Деревня өз өмірінде талай құқайды көрген. Ежелгі заманда мұны жанап, Ангараны жоғары бойлай, Иркут бекінісін салу үшін қаба сақал қазақтар жүріп өткен, екі жаққа бірдей ерсілі-қарсылы ағылып жататын сауда адамдары бұл қыстаққа қоналқаға келіп отырған; су үстінен айдалғандарды алып келе жатып, кеме тұмсығынан ел-жұрты бар жағалауды көріп, бұлар да бұрылатын болған: маздап от жағып, оған осы арадан ауланған балықтан қарма-сорпа жасаған. Аралды басып алған колчакшылар мен екі жақ жағалаудан да қайықтарға отырып, тіке шабуылға шыққан партизандар арасында екі күн бойы қырғын соғыс болып, күркіреп өткен. Колчакшылардан Матёрада, жалаңаш мүйістің жоғарғы шетінде ағаштан қиып салынған ұзын барак қалды, соңғы жылдары онда жадыраған жаздың жылы-жайлы күндерінде, тарақан тәрізденіп, Богодул қарт тұрып жатыр. Деревня өзен тасып, аралдың жартысы су астында қалғанын да, ал Подмоганың үстінен — ол жайпақ та тегіс болған — иірімденіп, буырқанып тасқын аққанын да, от пен өртті де, аштық пен талау-тонауды да көрген.

Жалпы ел сияқты, деревняның тап-тұйнақтай төбе басында, алыстағы екі өзектің екеуінен де анық көрінетін, шағын ғана шіркеуі болатын; осы бір шіркеуді колхоз ұйымдасқан кездері қоймаға лайықтап жөндеген-ді. Шынында да, пірәдар поп болмағандықтан мұндағы діни қызмет одан бұрын тоқтап қалған еді, бірақ мұнара басындағы крест со күйі қала берген, ал кемпір-сампырлар таңсәріден оған қарап иіліп тағзым етіп жататын. Сосын кресті де ұшырып түсірді. Жоғарғы мүйістегі, әдейі қазылғандай болып көрінетін өзек басында диірмен бар-тұғын, ол бас пайдасы үшін өзгелер дәнін тартпағанымен, ешкімге жалынбай өз астығын тартуға кәміл жетуші еді. Соңғы жылдары бұрынғы ескі тепсенге аптасына екі рет самолет келіп қонатын да, жұрт қалаға ма, ауданға ма, әуемен ұшып баруға дағдыланып кеткен-ді.

Хош, сонымен, деревня өзеннің сол жағалауында, жар басындағы ата қонысынан қозғалмай, өзге мекен-жайлармен қарым-қатынас жасап, қадым заманнан қасында жүріп, қорек тапқан суды қалай қарсы алып, ұзатып салса, зулаған жылдарды да солай қарсы алып, шығарып салып, елден озбай, көштен қалмай, тірлік етіп жатты. Аққан судың шет-шегі жоқ болып көрінетіні секілді деревня да мәңгі жасайтын тәрізді: олардың біреуінің нан-тұзы таусылса, екіншілері туып жатты, ескі үй-жайлар тозып, құлап, жаңалары қиылып, салынып жатты. Бірде, айдың-күннің аманында, деревняның шаруасы да бітіпті, күні де таусылыпты, деген суық хабар жеткенше, ол небір нәубет пен қилы-қилы заманды басынан өткеріп, үш жүз жылдан аса уақыт ғұмыр кешіпті, осы уақыт ішінде жоғарғы мүйістің шамасы, жарты шақырымдай жерін су шайып кеткен болар-ау. Ангараның төменгі жағынан электр станцияға арнап, бөгет салып жатыр, бұдан өзен мен өзекшелердің суы көтеріліп, жайылады да, көптеген жерді, оның ішінде, әрине, ең алдымен Матёраны басып қалады. Егер тап осындай бес аралды қабаттап, бірінің үстіне бірін қойса да, бәрі бір, олардың төбесі көрінбейді, бұдан кейін шыжандай ел-жұрттың бұрынғы қонысын таба алмайсың. Көшуге тура келеді. Мұның өзі іс жүзінде солай болатынына, қараңғы халықты қорқытып келген дүниенің ақырзаманы осынау деревня үшін шынымен-ақ жақын қалғанына сенудің өзі қиын еді. Алғашқы сыбыстан кейін арада бір жыл өткен соң, катермен нарық комиссиясы келіп, үй, қора-жайлардың тозған-тозбағанын анықтап, олардың ақшасын белгіледі. Енді Матёраның тағдыр-талайына күмән келтіруге болмай қалды, ол ең ақырғы жылдарында жансебілденіп жатқан-ды. Оң жағалаудың бір жерінен совхозға арналып, жаңа поселке салынып жатса керек, жақын жердегі, тіпті мойны қашық жердегі колхоздардың бәрін соған апарып ұйыстырады екен-дағы, қалған қоқыр-соқырмен әуре болмас үшін ескі деревнялардың бәрін өртеп жіберетін көрінеді.

Енді тек ақырғы жаз ғана қалды; күзде су көтеріле бастайды.

2

Үш кемпір самаурынды ортаға алып, бірде шыныаяққа шай құйып, оны асықпай ішіп, үндемей қалса, сәлден кейін қайтадан енжар, қажыған кейіппен, желісі босаған әлсіз әңгімені сараң бірер сөзбен сабақтап қояды. Олар кемпірлердің ең кәрісі — Дарьяның үйінде отырған; қариялардың ешқайсысы өз жасынын нешеде екенін дәлме-дәл білмейтін; өйткені со туған күні бұларды шоқындырған кезде жазылған шіркеу қағазында қалған, оны кейін бір жаққа алып кетсе керек — енді оның із-түзін табу мүмкін емес. Өздерінің жасы жайлы кемпірлер мынадай бір кепті айтатын:

— Қыз-ау, сен туған кезде мен Васьканы, інімді, арқалап жүретінмін. Бұл — Дарьяның Настасьяға айтқаны.— Мен ол кезде есімді білетінмін, ұмытқан жоқпын,

— Қалай десең де, сен менен есебі, үш жастай ғана үлкен шығарсың.

— Бетім-ау, үш жасы несі! Мен күйеуге шыққанда, сен кім едің — артына бір қарашы! Сен онда көйлексіз, жалаңаш зырлап жүретінсің. Менің қалай шыққаным, өзің ойланшы, есіңде шығар.

— Иә, есімде.

— Солай де. Маған теңелу қайда саған! Сен менің қасымда қайда, әлі солқылдаған жассың.

Үшінші кемпір Сима бұлардың баяғы заманда болған естеліктеріне араласа алмайды, ол бір тағдырдың кездейсоқ желі айдап, осыдан он жылдай бұрын Матёраға келген кірме кісі-тұғын, өзі Матёраға Ангара деревнясы Подволочнаядан келген-ді; ол о жерге сонау Тула түбіндегі бір мекеннен келіп жеткен секілді, өзіне салсаң, Москваны екі рет — соғысқа дейін және соғыс кезінде көріпті. Бұған деревнядағылар: өзін көрмеген, тексеріп білмеген нәрсеге онша сене берме, деген ежелгі әдеттері бойынша, күле қарайтын болды. Егер бұлардың бірде-біреуі көрмесе, қайдағы бір қаңғыбас кемпір Сима Москваны қалай көрген? Оның іргесінде тұрғанынан не пайда?—Москва, сірә, кім көрінгенді жібере бермейтін шығар. Сима бұған ашуланбайды, өзеуремейді, тек үндемей қоя салады, ал біраздан кейін сол сөзін қайта айтады, сол үшін ол «Московишна» деген лақап атқа ие болды. Сима — мұнтаздай тап-таза, . ұқыпты кемпір еді, ептеп қара танитын, өзінде әндер жинағы болатын, кейде бір көңілі соққан кездері со жинақтан талай қыз тағдыр туралы ұзын ырғақты бір мұңлы әндерді созып отырып алатын. Сонша сергелдеңге түсіп, соғыста кіндік қаны тамған жерін тастап, жан дегенде жалғыз қызын — ол да мылқау — туып, енді қартайып қалжыраған шағында бармақтай немересімен жалғыз қалып, оны қашан, қалай ел қатарына қосатыны беймәлім болса — бұ байғұстың да қатыгез тағдыр талқысын көргені, тегі, рас болса керек. Бірақ Сима қазір де, екеуі бір-біріне ес болатын, кірін жуып, ауқатын әзірлеп, беріп отыратын бір шалды табудан үмітін үзбейді. Тек осы себептен ғана кемпір бір кезде Матёраға тап болған: Максим атайдың сояудай сопайып жалғыз қалғанын естігесін, ол әдеп үшін мерзімді уақытты тосып отырды да, о кездегі мекені Подволочнаяны тастап, бақытты көксеп аралға аттанған. Бірақ бақыты құрғыр алақанға қона қоймады: Максим атай қасарып көнбеді, Симаны әлі жете білмейтін қатындар оған қол ұшын бермеді; атайдың ешкімге керегі болмаса да, өздерінің атайы, оны апарып, бөтен біреудің бауырына сала салуға қимады. Бәрінен бұрын Максим атайды үркіткен Симаның мылқау қызы Валька болса керек, ол кезде о қыз кісінің құйқасын шымырлататын бір ащы дауыспен өкіріп, ұдайы бірдеңені қыңқылдап сұрай беретін жынды кештеу бойжеткен еді. Осы бір сәтсіз құдалық жөнінде ауыл адамдары: «Сима шалды қалап кепті, бірақ оны жанап етті»— деп келекелеп жүрді, бірақ Сима бұған қынжылмады. Ол қайтадан Подволочнаяға кетпеді, төменгі жақтағы бос қалған шағын үйге кіріп алды да, сол бетімен Матёрада қалып қойды. Бақша салып, өрмек құрып, әр түрлі жыртылған шүберектен, жүн-жұрқадан алаша тоқып, жоқ-жітіктің күнін көрді. Шешесімен бірге тұрған кезде Валька колхоз жұмысына барып жүрді.

Тап қазір Симаның қасына, бес жастағы бармақтай немересі, Вальканың көлденең тапқан ұлы келіп сүйкеніп тұр. Бала шешесіне тартып мылқау болмады, бірақ қиналып аз сөйлейді, өзі әжесінің етегінен айрылмайтын қорқақ та кісі-киік болып өсті. Кемпір байғұстар оны аяп, жаны ашып, аймалап жатады — ол болса, Симаға бұрынғыдан бетер жабысып, қарияларға бір түрлі балаға тән емес есті көзбен күйіне қарап, монтиып бәрінің. жай-күйін түсініп тұрғандай болатын.

— Маған тап осылай қарайтын сен кім едің сонша?— деп таңырқайтын Дарья.— Сен менің сыртымнан нені көріп тұрсың — ажалымды ма? Мен оны сенсіз де білемін — қарашы, бұл мақаудың шегедей қадалуын.

— Ол мақау емес,— дейді Сима ренжіп, Колькасын бауырына қыса түсіп.

— Мақау болмаса, неге үндемейді?

Байты шайдан, батыс беттегі терезеден түскен екіндіге таяған күн шұғыласынан бойы балқыған кемпірлер әңгіме тінінен тағы айрылып қалды. Қасында отырған Симаның төбесінен қарайтын, ұзын бойлы, тарамыс кемпір Дарья екі ұрты опырайып, ішіне түсіп кеткен, қатал да қуқыл жүзін столдан алмай, әлденені мақұлдағандай басын изеп отыр. Ұлғайған жасына қарамастан, Дарья кемпір өзінше жүріп-тұрып, қал-қадарынша қолынан келетін жұмысты, үй шаруасының недәуір ісін тындырып жүретін. Енді, міне, баласы мен келіні жаңа қонысқа көшіп кетті де, аптасына бір реттен немесе тіпті одан да сирек қатынайды, сол себепті де бүкіл қора-жай, бүкіл бау-бақша мұның мойнында, ал қора-жайда сиыр, баспақ, қыста туған бұқашық, торай, тауықтар мен ит бар. Рас, егер кемпірдің әл-дәрмені жетпей жатса не сырқаттанып қалса, көршісі Верадан көмек сұра деп қатты тапсырылған болатын, бірақ әйтеуір әзірге, шүкіршілік, Дарья барша ісін өзі атқарып жүр.

Июнь айының туғаны осы, ала көбең қысқа түндердің тұнжырап келіп үзіп-үзіп кететіні болмаса, бір мамыражай ашық, шуақты күндер керуені тұтасып жатты.

Су ортасындағы аралда ыстық аптап дегенің болмайды. Самал-себез саябырлап, дамыл тапқан қоңыр кештерде күн бойы қызған жер бусанып, жылы бу таратып, төңірек маужырай, рақат-шарапатқа бөленіп, тамылжыған тыныштық-тыным орнайды, бұрынғыдан бетер қоюланып, жаңғыра-жасара түскен жасыл дүние, шалқыған су үстінде бұрынғыдан бетер бой түзеп, биіктей түскен арал көз алдында құлпырып, жайнап тұрады, тастан-тасқа секіріп, көңілдене әндетіп, мөлдіреп ағып жатқан Ангара — міне, осының бәрі мәңгі мызғымас бір берік дүние болып көрінер еді де, кісі ештеңеге де: бұл араны, су басатынына да, өздерінің көшіп, ағайынмен айрылысып кететініне де сенбейтін. Ал мұның үстіне егін мен бақша көгі тебіндеп өсті, мезгілінде жаңбыр жауып, мезгілінде жылы күндер келіп жетті; бітік егін кепіліндей болған осы бір сирек кездесетін келісім мен үйлесімге, .жұрт аңсаған жаздың бірте-бірте баяулап барып жадырап жайма шуақтануы келіп қосылды...

— Таңертең тұрамын да, ұйқымды ашар-ашпастан, әлгі бәле есіме сап ете түседі... ой, жүрегім қап-қатты болып, жүрмей қалады,— деп баяулатады Настасья кемпір.— Жаратушы ием-ай!.. Ал Егор егіліп жылайды, жылайды келіп. Мен оны жұбатып: «Егор, сен жылама, қой енді»— деймін, ал ол маған: «Мен неге жыламайын, Настасья, неге жыламайын?!»—дейді. Өстіп жүрегім тастай болып үй ішін жинаймын. Күйбеңдеп жүріп қарасам, қыбырлап Дарья жүреді, Вера жүреді, Домни да жүреді — сосын жүрегім сәл жұмсарып, қысуын қояды. үйреніп кетемін. Бәлкім, бізді тек қорқытып қана қоятын шығар, ештеңе істемес,— деп ойлаймын.

— Бізді жөн-жосықсыз қорқытып қайтеді?— дейді Дарья.

— Қорықпайтын кісі қалмасын дейді-дағы.

Настасья, Егор екеуі соқа басы сопайып мүлде жалғыз қалғаннан кейін (екі ұлы соғыстан қайтпады, үшіншісі тракторымен қоса мұз ойылып, суға батып кетті, қызы қалада рактан қаза тапты) Настасьяны аздап шалық шалды, өзінің шалы туралы қайдағы жоқ аянышты, дертті бірдеңелерді айтатынды шығарды: бірде иіс тиіп, өліп қала жаздады, әрең айықтырдым десе, енді бірде түні бойы айқайлап, ойбайлап шықты, өйткені оны біреу ішінен қылғындыратын көрінеді дейді, тағы бірде жылады, «екі күннің жүзі болды, міне, көз жасы бетін жуып, еңіреп жылай береді» — дейді, бірақ ел-жұрт Егор атаның оңайлықпен көзіне жас алмайтынын жақсы біледі. Әуелгі кезде шал кемпірін ұялтып та, қорқытып та, ақыл айтып, алдарқатып та көрді, бірақ оған ешбір ем қонбады, сосын шал әлектенуін қойды. Басқа істің бәрінде де кәдімгі ес-ақылы бүтін адам сияқты, бірақ осы мәселеге келгенде, бір тетігі бүлініп қалғандайын, өмірде мүлде болмаған, тіпті болуға тиісті де емес жәйттер туралы аузына келгенін қырық құбылтып айтып, сандырақтап жүргені. Қайрымды кісілер Настасьяның осынау ақкөңіл есерлігін елемеуге тырысады, ал қара жүрек қайрымсыздар:

— Егордың халі қалай, бүгін өлі ме, тірі ме өзі?— деп сұрағанды ұнатады.

— Ой!— деп кәдімгідей қуанып қалады Настасья.— Несін айтасың, Егор ма, Егор... Түнде өліп қала жаздады. Қарт кісіде ес бола ма, бір сүйелін тырнап жұлып тастап, қаны тоқтамай, әлекке түсейік. Аққан қаны толық бір шылапшын болды.

— Ал, қазір қалай — тоқтады ма?

— Бойындағы бар қаны ағып біткесін тоқтады ғой әйтеуір. Енді кірпігі ғана қимылдап жатыр. Ой, шал байғұсқа жаным ашиды-ақ, қайтейін. Қой, мен кетейін, шалға не болды екен, көрейін.

Ал Егор тап сол сәтте, көшенің екінші жағымен сәмсіреп бара жатқан, Настасья жаққа дәрменсіз күймен ызалана бір қарап: тілің тасқа, есуас бейбақ, мен туралы тағы бір ертекті айтып тұрсың ғой,— деп ойлады.

Олар таяу уақытта, елдің бәрінен бұрын Матёрамен қоштасуы керек еді. Кімнің қайда көшетінін анықтап, бөлу ісіне келгенде, Егор атай ызаланғаны ма, әлде абдырап, сасып қалғаны ма, кім білген, әйтеуір қалаға, қала болғанда, әлгі су электр станциясы салынып жатқан қалаға жазылады. Ол жақта су басатын аймақтан шыққан, осы кісілер сияқты, жалғыз-жарым қарып-қасірлерге арналып, үлкен екі үй салынып жатқан. Алыс-беріс шарты былай болатын: олар өзінің лашығына көк тыйын да алмайтын, бірақ оларға қолма-қол қала пәтерін береді. Кейінірек Егор ата, Настасья түрткілеп, қыңқылдай бергесін, қайта ойланып, қаланы, пәтерді де беретін, ақшаны да төлейтін совхозға өзгерткісі келіп еді, бірақ енді болмайды екен, кешігіп қалыпты.

— Совхоз пәтерді қызметкерлерге береді, ал сен қайбір оңған қызметкерсің,— деді селолық советтің председателі Воронцов оған мән-жайды түсіндіріп.

— Мен бар ғұмырымды колхозға бердім ғой.

— Колхоздың жөні басқа. Колхоз енді жоқ.

Ауданнан соңғы кезде: көшіңдер де көшіңдер деп Егор атаны екі мәрте асықтырды, бұлардың Настасья екеуіне арналған пәтері өздерін күтіп, әзір тұрған көрінеді, бірақ қариялар ажал алдында туған жердің жанға шипалы ауасымен армансыз бір тыныстап алғысы келгендей-ақ, көшер сәтін созып, орнынан қозғалмай қойды. Настасья бақша егіп, әйтеуір неде болса, өзін-өзі алдап, кетер кезді кейінге қалдыру үшін, бір істен кейін, екінші істі бастап әуреге түсті.

Ауданның адамы ақырғы рет келгенде, бұларға шынымен-ақ әңгір таяқ ойнатып: о пәтерге басқа біреулер кіріп алады да, сендер жер сипап қаласыңдар — деп қатты қорқытты, осыдан кейін-ақ, Егор атай егер шынымен көшетін болсақ — көшелік енді — деп белді бекем буды. Сосын Настасьяға қарап:

— Троицаға дейін дайын тұрасың!—деп бір-ақ кесті.

Ал троицаға дейін небәрі екі-ақ апта қалған-ды.

— Енді шөп басын сындырмайсың,— дейді Дарья, Настасьяның көңілін аулағаны ма, әлде оған күлгені ме — белгісіз. Мен анада қаладағы қызымның үйіне қонаққа барайын — бір ғажабы: онда бар ғой енді шөп басын сындырмасаң да болады. Өзен-суы да, орман-тоғайды да, әжетхана-моншасы да бәрі-бәрі қасында, көңілің қаласа, жыл бойы көшеге шықпай-ақ қоюына болады. Краны самаурындікі сияқты, бұрасаң — су зырлай жөнеледі, бір крантта салқын су, екіншісінде — ыстық су. Плитасына отын салмайсың, оның да кранты бар, басып қалсаң — от жанады. Қайнатам дейсің бе, булаймын дейсің бе — еркіңде. Бар игілік қол астында!— Әйелге деген бір жанның рақаты. Ал нанды қолдан пісірмейді, жоқ, нан жарықтықты сатып алады. Ондайды көріп білмеген, үйренбеген жазған басым, әлгі кранттардың қасында тұрып аһылап-үһілеп, қайран қалсам керек — олар менің соны қызық көріп, таңданғаныма мәз болып күліп жатыр. Ал енді бәрінен де сөлекеті — моншасы мен әжетханасы, ана дінсіздердегі сияқты, бір қуыста, асүйдің қасында болады екен. Бұл да, әрине, ақылға қонбайды. Қысылған кезде барып отыра қалсаң, дастарқан басындағылар есітіп қалмасын деп, өзіңнен-өзің қуыстанып, қанша азапқа түсесің. Моншасы ма... қайдағы монша, емшектегі нәрестені ғана шомылдыратын, кісінің күлкісі келетін нәрсе... Олар соған барып, шалпылдап түсіп, су-су болып шығып жатады. Енді сен де Настасья, мырзаның бәйбішесі сияқтанып, керіліп жатасың сол, дүниенің бәрі үйіңде, не керектің бәрі бар, қолыңды созып та әуре болмайсың. Тағы не әлгі... Телефон дегенін қондыр. Ол саған: тырыл-тырыл десе, сен оған: ле-ле деп сөйлес те, қайтадан жантайып жата кет.

— Ой-бой, сен менің жүрегімді тырнай бермеші!— дейді Настасья мүләйімсіп болбыр қолын кеудесіне қусырып, көзін жұмады.— Мен онда апта өтпей жатып, санаменен сарғайып өлем ғой бөтен біреулердің арасында! Кәрі ағашты ауыстырып отырғызғанды кім көрген?

— Тек сені ғана емес, бәрімізді ауыстырып отырғызады, қыз-ау. Бәріміз де енді солай қарай жүреміз. Тек әйтеуір жиынып-түйінуге жаратқан жар болсын.

Настасья келіспей, басын шайқады.

— Мені өздеріңмен теңгерме, Дарья, теңгерме. Сендер бәрің бір жерде боласыңдар, ал мен жеке-дара боламын. Сендер Матёрадан шыққан кісілер, бір-біріңмен бас қосасыңдар, сонда өз үйіңде отырғандай кісі көңілі көтеріліп қалады. Ал мен ше? Қойшы, оның несін айтайын?!

— Біз бәріміз нешеуміз осы?— деді Дарья ақылға жүгініп.— Есебі, ешкім де қалмайтын секілді. Міне, қараңдаршы: Агафьяны алып кетті, Василисаны да сөйтті, Лизаны қояр да қоймай ауданға шақырып жатыр. Катеринаның жүгермегі әлі күнге дейін лайықты орын таңдап таба алмай, от тиген кісідей жанығып жүр. Әлемдегі арақ-шарап ақырғы тамшысына дейін ішілмей, ол қайдан тапсын. Наталья болса: мүмкін, Лена бойындағы қызыма кетермін дейді...

— Татьяна, Домнида, Маня, сен, Тунгуска... Осы маңнан бір үйір жан табыласыңдар әйтеуір. Мен байғұстың ендігі айтар кебіне...

— Бүкіл Матёраның бар болған осы! Жасаған-ай!

— Мен өзімді айтып отырған жоқпын. Айтпаймын, айтпаймын,— деді Сима жабығыңқы үнмен әңгімені іліп әкетіп, сосын Коляны тағы бауырына қарай бір тартып қойды.— Біз Коляна екеуміз қайыққа отырамыз-дағы, жағадан бір тебініп шығып, басымыз ауған жаққа, мұхит-теңізге қарай кете береміз...

Симаның жеке меншік мүлкі болмайтын, туған-туысқандардан да құралақан еді, енді оған бір ғана жол — Қарттар үйіне баратын жол қалған-ды, бірақ, қазір анықталғандай-ақ, бұл жолдан да бір бөгет шыға келді: ол бөгет — жанындай жақсы көретін Колька еді. Мұны кішкентай баламен бірге Қарттар үйіне алғысы келмеді. Симаның мылқау қызы Валька есінен ауып, із-түзсіз жоғалып кетті. Ересек жасқа жетіп, еркек дәмін татып, олардың біреуі, екеуі, үшеуімен көңілдес болғаннан кейін, Валька кәдімгідей дәнігіп, бұл іске құмартып кеткені сонша, енді ар-ұятты жинап қойып, түнгі ойынға өзі сұранатын болды. Сосын көп ұзамай Кольканы тапты. Сима Вальканы таяқ алып қуалайтын халге жетті, ана біткен, әйел біткен дүниедегі бар қарғысты соның басына үйіп-төкті, сонымен жүгенсіз кеткен әзәзіл Валька шығандап қашып кетті, міне, жылдан аса уақыттан бері одан ешбір хабар-ошар келмей қойды. Жұрт Симаға оны іздеуге қалай арыз беру жолын үйретті, бірақ со кезде Ангарада басталған аласапыран мен дүрбелең кезінде, ешбір деректі документі жоқ, мылқау Вальканы таба қою оңай емес-тұғын.

— Егер табыла қалса да, Коляны мен оған былай да бермеймін,— дейді Сима.— Біз Коля екеуміз етпеттеп еңбектесек те, бір жіппен тізбектеліп жүреміз.

— Сен оны жұрт қатарлы дұрыс сөйлеуге неге үйретпейсің,— деді Дарья кемпірді кінәлап.— Ертең ер жеткенде бұны бетіңе салық етіп жүрмесін.

— Үйретуін үйретіп жүрмін-ау. Өзі де сөйлей біледі. Бір-ақ біздің Коляңа үндемес қой.

— Баланы жалтақ қып тастаған. Өзі бар нәрсені түсінеді.

— Жалтақ.

Настасьядан сұрамай-ақ, Дарья оның стақанын алып, шайнектен шай құйып, самаурын шүмегінің астына қойды — бұл бір таза қызыл мысы жалтырап тұрған, төменгі шілтерлеп, оймыштап жасаған оттығынан шоқтары жылтылдап көрінетін, аяғын орнықты етіп әсемдеп иген, ескі ісмерлер қолынан шыққан, үлкен көпес самаурыны еді. Шүмектен қайнақ су бұрқырап шашырамастан, бір қалыппен шымырлап құйыла салды — демек қайнақ судың әлі жеткілікті болғаны, осыдан кейін самаурынға жан біткендей жіңішке үнмен пысылдай берді. Сосын Дарья Симаға шай құйып, өзіне де үстемеледі — өстіп біраз тыныстап, моншақтаған терін сүртіп, әзірленіп алып, изеле-қозғалысып, жөткірінісіп, шыныаяқтарын үрлесіп, еріндерін шүртитіп, ыстық шайларын абайлап іше отырып, кеңестің жаңа бір сорабына түсті.

— Төртінші стақан болар осы,— деді Настасья ойланып.

— Қыз-ау, қою шай әзір тұрғанда ішіп қал. Ана жақта самаурын қоя алмайсың. Әлгі қаланың пысылдағына кәстірөл қойып қайнатасың.

— Қой, кәстірөлі несі? Құманға құямын.

— Бәрібір самаурынсыз шай болмайды. Тағамды құрғақ жемейсің ғой әйтеуір. Әйтпесе, дәмі де, татуы да жоқ. Сылқытып су ішкенмен бірдей.

Совхозда да пәтерді қала үлгісімен салып жатқанын, өз басы да Настасьямен бірдей жағдайда тұруға лажсыз көнетінін есіне алып, Дарья мырс етіп күліп жіберді. Бұл өзі Настасьяны бекер қорқытады — әлі өзінің де самаурынды қояр-қоймасы беймәлім. Жоқ, ол қайтсе де самаурыннан айырылмайды, тіпті болмаса оны кереуеттің үстіне қояды, ал қалғанын көре жатады-дағы. Айтылып отырған әңгіме желісін жоғалтып алды да, басқа бір сөзді оқыс бір өкпелі үнмен қойып қалды:

— Ерік өзімде болса, осы арадан еш жаққа да табан аудармас едім. Егер қажет болса, мейлі, суына батыра берсін.

— Батырады,— деді Сима қостап.

— Мейлі. Ажал біреу-ақ — тағы неден қорқамыз?!

— Ой, беті аулақ, кімнің суға кеткісі келеді,— деді Настасья шошынып, өзгені де сақтандыра.— Күнә шығар. Одан да жерге көмсін кісіні. Бізге дейінгі ер-азаматтың бәрі қара жер қойнында, бізді де сонда қояды-дағы.

— Сол ер-азаматтарың енді қалқып шыға келеді.

— Қалқуына қалқиды ғой. Жазмыш сол,— деп Настасья тымырайып, келісе кетті.

Өзі бастаған осынау кепті басқа жаққа бұру үшін Дарья:

— Неге екенін қайдам, осы бүгін Богодул келмей жатыр,— деп есіне алды оны.

— Қайда жүр дейсің, келіп те қалған шығар. Мұндайдан Богодул қалушы ма еді.

— Оның келгені де күнә, келмесе — тағы аңсайсың.

— Богодулдан не сұрайсың! Боқтампаздығы болмаса, құдайдың бір панасыз құсы сияқты жазған ғой.

— Тәуба де, Настасья.

— Құдай-ай, кешіре гөр!— Настасья бұрышта тұрған иконкаға қарап, елпектей шоқынып алды да, солықтай күрсініп, шынаяқтағы шайынан бір ұрттады, сосын күнәсін мойындағандай, күбірлеп дұға оқып, тағы да бір шоқынып қойды.

Самауыр оттығындағы сөне бастаған шоқтан тәтті ыс иісі шығады, стол үстінен маужырай қиғаш түсіп тұрған күн сәулесінде қою шаң-тозаң әзер-әзер қозғалады. Қора ішінде қанатын сартылдата қағып, ата қораз қоқилана бір шақырды, сосын тегеурінді түрпідей аяғымен талтаңдай басып, терезе алдына келді де, үй ішіне қып-қызыл көзімен ежірейе бір қарады. Өңге терезеден Ангараның сол жақ қолтығы, оның күн астында жалтырап, ұшқын атып жатқан ағын суы мен арғы беттегі шалғыны жинап алынған шабындық, ондағы қайың мен гүл-шешегі алаулаған мойыл көрінеді. Көше жақтағы ашық есіктен күн қақтаған тақтай көпірден қаңсыған шірік иіс шығады. Табалдырыққа қалбаң етіп, бір тауық келіп қонды да, жүні шала жұлынып тазығырланып қалған иір мойнын созып: осылар тірі ме, өлі ме?—дегендей кемпірлерге сұқтана қарай берді. Колька бір тепсініп қалғанда тауық шар етіп, ырғып түсті де, жаны шошып қақылықтай бастады, бірақ алысқа кетпей, осы есік алдында, басқышта бажылдап тұр. Кенеттен ол сенекте жанын қоярға жер таппай, қалбалақтап қашып, ұшып қабырғаға соғып, салдырлатып ілулі бақырашты түсірді, сосын сасқанынан бөлме ішіне ұшып келіп, енді басымды балтамен шапсаң да мейлің дегендей жер бауырлап жата қалды. Оның ізінше ішке бірдеңе деп күңкілдеп, жалаңаяқ-жалаңбас бір сабалақ шал кірді де, ілмек таяғымен тауықты іліп алып сенекке лақтыра салды. Содан кейін бойын жазып, айналасын түк басып кеткен сығыр көзімен кемпірлерге бір қарап:

— Кур-рва!—деп айқайлап жіберді.

— Міне, әл-дәрменсіз әулие келді,— деді Дарья бей-жай кейіппен, сосын стакан алмақ болып орнынан түрегелді.— Именбейді өзі. Біз: Богодул неге келмей жатыр?— деп отыр едік. Самаурын біржола суымай тұрғанда отыр.

— Кур-рва!— деп тағы да қарқ етті шал дауыстап.— Самаурын! Өл-ліктерді тон-нап жатыр. Самау-рын!

— Кімді тонап жатыр? Сен не шатып тұрсың?!—Дарья шай құйды, бірақ шүмек астынан стақанды алмай, бір түрлі тіксініп қалды. Қазіргі уақыттың өзі солай, тіпті кісі сенбейтін нәрсенің өзіне сенуге тура келеді; егер біреу, аралды жұлып алып, жаңқа сияқты ағызып барады десе — далаға жүгіріп шығып, аралды шынында да ағызып бара жатқан жоқ па екен — деп өз көзіңмен қарауың керек. Күні кеше ғана, қара жартас тәрізді, мәңгі мызғымай тұра береді деген нәрсенің бәрі оп-оңай-ақ о дүниеге құлдырай жөнелгені сондай, енді көзіңді жұмып, бетіңді баса берсең де болады.

— Хрестерді шауып, тақтай мазараттарды аралап кесіп жатыр!—деді Богодул айқайлап, таяғымен еденді соғып.

— Қайда — бейіт басында ма? Айтсаңшы былай түсіндіріп.

— Ана жақта.

— Кім? Кісіні ынтықтырмай айтсаңшы.— Дарья орнынан тұрып, стол басынан шетке шықты.— Кім шауып жатқан?

— Бөтен біреулер. Албастылар. .

— Ой, олары кім екен?— деді Настасья аһылап.— Албастылар дейді.

Шай үстінде шешіліп кеткен жаулығын асығыс байлап, Дарья:

— Қыздар, кеттік дереу. Әлде бұл есінен ауысқан, әлде мұның айтқаны ақиқат шындық?— деп әмір етті.

Зират деревня сыртындағы диірменге баратын жол бойында, құрғақ құмдауыт дөңесте, қайын мен қарағай арасында болатын, о жерден алыс төңірек, Ангара мен оның жағалаулары түгел көрінетін.

Тіссіз ұрты опырайып, ернін қатулана жымқырып алған Дарья, жолдан бірдеңені ысыра салатын кісідейін, қолын алға созып жіберіп, бәрінің алдында емпеңдей басып келе жатты: оның соңынан Настасья әрең-әрең ілесіп келеді: демікпесі тынысын тарылтқандықтан, Настасья аузымен ауа қармап, жиі-жиі басын изей береді. Артта баланы қолынан жетектеп, Сима мөлтеңдеп келеді. Деревняны сан-сапалақ еткен Богодул кейін қалып қойды да, зиратқа баса-көктеп, кемпірлер келіп кірді.

Богодул албастылар деп атаған кісілер қиылған мазаратты, крестерді бір жерге үйіп, от қойып, бір-ақ өртеп жіберу жөніндегі істерін аяқтап қалған екен. Жасыл брезенттен күртке киген, бұтында тап сондай шалбары бар, аю секілді, үйелмендей еркек, зират басына орнатылған лақса белгілерді бір құшақ етіп көтеріп, молалар үстімен қорбаңдап келе жатқанда, Дарья ең ақырғы күшін жинап, ілгері ұмтылып шықты да, бір бүйірден келіп, жолай қолына ілінген таяқпен оны қолынан қойып қалды. Соққы әлсіз болса да, абыржып қалған мұжық қолындағы заттарын түсіріп алып:

— Саған не көрінді, не көрінді сонша, әжетай?—деді сасқалақтап.

— Кәне, бұл арадан тай, ала шайтан түге!—деп айқай салды ыза мен қорқыныштан қалшылдап кеткен Дарья, ол оны ұрмақ болып таяғын тағы сермей берді. Еркек ыршып, кері шегінді.

— Қой, қой, қария. Сен бүйтіп... кісіге қол жұмсама. Бүйте берсең байлап тастаймын қолыңды. Сен... сендер... Ол адырайған күрең көзімен кемпірлерді бір шолып шықты.— Сендер бұл араға қайдан келдіңдер? Моладан шықтыңдар ма?

— Кет!—дедім ғой мен саған,— деп Дарья әлгі еркекке тап берді. Кемпірдің ештеңеден тайынбайтын сұсты жүзін көріп, ол кейін шегіне берді.— Қараңды батыр бұл арадан, көрбақ неме сол! Моланы бұзды деген не сұмдық!— Дарья дауыс қылды.— Бұларды осы араға қойған сен бе едің? Сенің әке-шешең осында жатыр ма? Балаларың жатыр ма? Сен қарабеттің әке-шешең болмаған ғой. Сен адам емессің. Қандай адамның жүрегі дауалайды бұған.— Ол үюлі жатқан, қалай болса солай лақтырыла салынған крестер мен мазараттарға қарап, кісінің аза бойын қаза тұрғызып бұрынғыдан бетер дауыс қылды. О-о-о! Жаратушы жан ием, мына безерді тұрған жерінде жоқ қылшы, аямашы. Аяма! Жо-оқ,— деп ол тағы да еркекке қарай тұра ұмтылды.— Сен бүл арадан тегіннен-тегін кетпейсің. Жауап бересің. Барша ел-жұрт алдында жауап бересің.

— Сен кемпір, бүйтіп жабыса берме кісіге!—деді мұжық безілдеп.— Жауап бересің дейсің. Маған бұйрық берді, сосын істеп жатырмын. Әйтпесе сендердің өліктеріңді үркітіп, маған бірдеңе көрінді дейсің бе.

— Бұйрық берген кім?—Кім бұйрық берген?—деп бір бүйірден дүрсе қойды Сима Кольканы қолынан ұстаған күйі. Бала жыламсырай қыңқылдап, әжесін қолынан тартып, ашуға булығып түтеп тұрған, өңкиген ағайдан әрірек әкетуге тырысты, Сима болса, оның ырқына көніп, шегініп бара жатып:— Сендер үшін жер бетінде қасиетті орын қалмаған, жауыздар!—деп шаңқылдап ұрса берді.

У-шу дыбысқа ұйысқан бұта арасынан екінші бір мұжық шықты — бұл анадан гөрі кішірек, жасырақ та жинақтырақ екен, бірақ бұл да сойылмен соқсаң да қыңбайтын, бұл да брезент киім киген жігіт екен, қолында балтасы, жақын келіп тоқтап, бұларға сығырая қарады.

— Сен мыналарға қарашы,— деді аю серігінің келгеніне қуанып.— Бірден бас салды кісіге. Таяқтарын шошаңдатып.

— Суға батырылатын азаматтар, не жұмыспен жүрсіздер?— деді маңызданып екінші мұжық.— Біз санитарлық бригадамыз, осы маңайды тазартып жатырмыз. Санитарлық-эпидемиялық станцияның бұйрығы бойынша.

Түсініксіз сөз Настасьяға өзін қорлап, тәлкек етіп айтылғандай болып көрінді.

— Тағы қайдағы сам-аспид-стансья?— деді ол бірден шыжбалақтап — кемпірлерді келеке еткілерің келе ме! Нағыз аспид — зұлым сенсің! Сен екеуің де тойымсыз зұлымсыңдар. Құдайдың қаһары соқсын сендерді. Және сен мені балтаңмен қорқытпа. Қорқытпа дедім ғой. Таста балтаңды.

— Жабысуын бәлекеттің!— Еркек балтасын қасындағы қарағайға бір соғып, сіңіре салды.

— Сен өйтіп сығырайма. Ұры көзін сығырайтуын қарақты шайтанның. Сен бізге тікелей тура қара. Кәне, нені бүлдірдіңдер, зұлымдар?

— Не істедіңдер?! Нені бүлдірдіңдер?!—Дарья дауыстап серігінің сөзін іліп ала жөнелді. Үсті жалаңаштанып, жетімсіреп, бәрі бір-бірінен аумайтын мылқау төмпешікке айналған молаларда жаны күйіп, жәбірленіп, істелген істі ақыл-санасымен ойлап, түсінуге тырысқан және сол істен бұрынғыдан бетер қабағы салынып кеткен кемпірді осынау молалар өзінің бұзылып-бүлінген түр-пішінімен қайтадан ашындырып жіберді. Өзін-өзі ұмытқан Дарья тағы да таяғын сермеп, жақын тұрған аюға тұра ұмтылды, бірақ анау таяқты шап беріп ұстап, жұлып алды. Дарьяның тізесі бүгіліп, құлап түсті. Оның бірден ұшып тұруға әл-дәрмені жетпеді, бірақ ол Симаның жан ұшыра айқайлап жатқанын, баланың да бақыра жөнелгенін, бұған жауап ретінде мұжықтардың бірдеңе деп дауыстап дүңкілдегенін, сосын ың-жың айқайды көптеген дауыс қағып алып, жағалай уласып-шуласып, төңіректі дуылдатып жібергенін естіді. Әлдекім мұны қолтығынан демеп, тұруына көмектесті. Дарья содан кейін ғана деревнядан біраз жұрттың жүгіріп жеткенін көрді. Сол арада Катерина да, Татьяна да, Лиза да, балалар да, Вера мен Егор атай да, Тунгуска мен Богодул да, тағы басқа біреулер бар екен. Айқай-шудан құлақ тұнады. Мұжықтарды жұрт қоршап алған, олар салғыласып үлгіре алмай жатыр. Богодул қарағайға сіңіп тұрған балтаны қолына ұстап алыпты, енді ол ұшы істік бір қу таяқпен аюды төсінен түрткілеп, артына ұстаған екінші қолындағы балтаны, әлденеге әзірлегендей, қозғап-қозғап қояды. Егор ата болса, бірде ыбырсыған крестер мен белгілерден сынып түскен жұлдыздарға, енді бірде осы ойранды жасаған мұжықтарда үн-түнсіз, меңірейе қарайды. Әлі қайратты, қорқу дегенді білмейтін қатын Вера Носарева, бүлінген бір мазардан шешесінің суретін көрді де, көкпеңбек болып тұлданып, мұжықтарға тап бергенде, олар дереу шегініп, әйелден бас сауғалай қорғанып жүріп, зәресі ұшып, қатты қорықты. Айқай-шу мүлде күшейіп кетті.

— Бұлармен тілдесіп қайтеміз — мына ісі үшін тап осы жерде көзін құрту керек. Нағыз қолайлы орын осы.

— Не істегенін білсін, дінсіздер.

— Бұ жерді харамдап қайтеміз. Оларды Ангараға атайық.

— Қолдары қалай сембейді. Осындай зұлымдар қайдан пайда болады?

— Сәбізді жұлғандай, жұлып алыпты... Бұл не сұмдық?! 

— Бұлардан жер жарықтықты тазартайық. Ол бізге тек алғыс айтады.— Кур-рвалар!

Екінші жасырақ мұжық, басын әтеш тәрізді кекшитіп, жан-жағына ұршықтай айналып, жұрттан даусын асырмақ болып:

— Біздің жазығымыз не?! Жазығымыз не?! Айтқанды ұқсаңдаршы. Бізге нұсқау беріп, осында әкелді. Өзіміз келген жоқпыз,— дейді.

— Алдап тұр. Жасырын қайықпен келген,— деді жұрт оның сөзін бөліп.

— Сөзге қонақ берсеңші,— деді мұжық қиылып.— Жасырын емес, бізбен бірге уәкіл де келді. Бізді әкелген сол кісі. Сендердің Воронцовтарың да осы маңда.

— Қайдағы жоқты қоқсытпа!

— Бізді деревняға алып барыңдар — сол арада бәрін де анықтаймыз. Олар сонда.

— Е жөн, деревняға апаралық.

— Оның құр бекершілік: жауапты бүлдірген жерінде бересің.

— Бұлар бізден қайтсе де құтыла алмайды. Кеттік.

Сөйтіп еркектерді деревняға қуа жөнелді. Олардың көңілі көтеріле жадырап, асығыс жүріп кетті. Оларға ілесе алмай қалған кемпірлер жүрістерін баяулатуын сұрады. Тұсалған кісідейін шоқырақтап келе жатқан Богодул әлгі өңкектен айрылмай, оның арқасына таяғын қадаумен болды. Анау артына бір қарап, гүр ете қалады — Богодул оған езуін керіп, мысқылдай мырс етеді де, қолындағы балтасымен айбат шегеді. Бала-шағалары алды мен артқы жағында, тап ортасында мұжықтарды жан-жағынан қоршап, ашу-ызадан жарылып кетердейін, ебіл-дебіл болып, белдері бүгіліп, кирелеңдеп, әлсіреп, бәрі бірдей улап-шулап, күре жолдың шаң-тозаңын бұрқыратып келе жатқан осы бір бүйірі қызып алған, ызалы, шулы тобыр жапырлап келіп, деревняға кіре берген кезде, бұларға қарсы асығып келе жатқан екі кісімен беттесіп қалды: олардың біреуі — селолық советтің ал қазір жаңа поселкедегі поселкелік советтің председателі Воронцов та, екіншісі — кеңсе қызметкеріне ұқсайтын, бет-пішіні сыған тәрізді ши қалпақты еркек екен.

— Бұларың не? Не болды сонша?— деп жүріп келе жатып, алыстан айқай салды Воронцов.

Кемпірлер ә дегеннен жаппай гуілдесіп, қолдарын ербеңдете сермеп, бірінің сөзін бірі киіп, еркектерді мегзеп жамырап кетті, ал еркектер енді бірден батылданып, қоршаудан сытылып, сыған түстінің қасына жақындап барып тұрды.

— Біз, әрине, тиісті жұмысты жасап жүргенбіз, мыналар келіп, бізге бас салды,— деп мән-жайды түсіндірді оған жасы.

— Иттер сияқтанып,— деді іле-шала өңкигені, көп ішінен Богодулды таппақ болып, күрең көзін алақтатып.— Мен сені... бақшаға қойылған қарақшы...

Ол сөзін аяқтамады, «иттер» дегенге араның ұясындай гу ете түскен кемпірлер мен оның сөзін Воронцов бөліп жіберді.

— Ты-ныш-талыңдар!—деді ол даусын соза өктем үнмен.— Сіздерді тыңдаймыз ба, әлде бет-бетімізбен шулай береміз бе? Хал-жағдайды түсінеміз бе, әлдене жасаймыз?.. Мыналар — Воронцов иегімен мұжықтарды мегзеді,— зиратта санитарлық тазалау ісін атқарып жүрген. Оны барлық жерде де жүзеге асыру шарт. Ұқтыңдар ма? Барлық жерде. Жасалуы шарт. Міне, мына тұрған кісі жолдас Жук, ол суға батырылатын аймақ жөніндегі бөлімнен келген. Бұл — осы іспен шұғылданып жүрген кісі, қазір сіздерге бәрін де түсіндіреді. Жук жолдас — ресми адам.

— Е, бұ кісі ресми болса, мына халыққа жауап берсін. Біз мыналар өтірік айтты деп ойласақ, ал сіз ресми адам екенсіз. Біздің зиратымызды жермен-жексен ет деп бұйрық берген кім? Онда жатқан адамдар — айуандар емес. Мола-мүрделерді былғап, бүлдіруге жүректерің қалай ғана дауалады? Кәне, жауап берсін бізге. Кейін өлілердің өзі сұрайды әлі сендерден.

— Мұндай сұмдық тегіннен-тегін кетпейді!

— Қасиетті әулие анамыз! Мұндай бәлені де көрдік? Масқара қорлықтан суға батқан артық!

— Тыңдаймыз да, әлде не істейміз?..— деп қайталады сөзін Воронцов дауысын қатайтып.

Жук жайбарақат, тіпті үйреншікті әдеті бойынша ма, әйтеуір жұрттың тынышталуын тосып тұр. Оның түр-пішіні шапқылаумен жүріп шаршаған кісінің түрі тәрізді, сығанға тән қараторы өңі қабарып, сұрланған. Жергілікті халықпен тап осылай бірінші рет түсінісіп тұрмағанын ескерсек, осынау жұмыс оған, шамасы, оңай тимейтін тәрізді. Бірақ ол сөзін асықпай, емін-еркін бастады, үнінен тіпті бұларды мүсіркеп тұрғандай да бірдеңе сезіле ме қалай?

— Жолдастар! Бұл арада сіз тараптан бір түсінбестік болған. Бізде арнаулы қаулы бар,— қанша ізетпен айтылса да, «шешім, қаулы, тоқтам» деген сөздердің қайрат-күшін Жук жақсы білетін,— иә, су қоймасының бүкіл алабын санитарлық тұрғыдан тазарту туралы арнаулы қаулы бар. Сол сияқты зираттарды да тазарту туралы... Суды жібермей тұрып, ең әуелі сол батырылатын жер аймағын жөнге келтіріп, территорияны әзірлеу керек...

Егор ата шыдамады:

— Сен сиыр құйымшақтағанды қой. Сен одан да ана крестерді қай қажетіне жаратам деп қырықтың, соны айт?

— Мен жауап беріп тұрмын ғой,— деді ол қиқаң етіп, налып қалғандықтан да тезірек сөйлей жөнелді.— Өздеріңіз де білесіз, бұл арада телегей-теңіз шалқып, үлкен кемелер жүзеді әлі, жұрт сейіл-серуен құрады... Туристер мен шетелдік туристер жүретін болады. Ал сонда сіздердің крестеріңіз қалқып шыға келеді. Олар су астында, мола-моланың басында қалқиып тұрмайды, су шайқап, жұлып алып, ағызып әкетеді... Осыны да ойлауға тура келеді бізге...

— Ал сіз бізді ойладыңыз ба?— деп шаңқ етті Вера Носарева.— Біз де тірі жанбыз, әзірге осы арада тұрып жатырмыз. Сіз күні бұрын туристер қамын ойлап тұрсыз, ал мен әлгіде ғана сендердің мына доңыздарыңнан кейін, жерде жатқан жерінен шешемнің фотосуретін тауып алдым. Бұ қалай? Мен енді оның моласын қай арадан іздеймін, оны маған кім көрсетеді? Кемелер жүзеді... Сенің о кемелерің қашан жүзеді, ал мен енді бұл жерде қалай тұрмақпын. Мен сенің әлгі туристеріңе...— Вера тұтығып қалды:—Мен қазір осында тұрып жатқанымда, туған жерімді басып жүргенімде, оны қорлап, зорламаңдар. Осы бір тазарту деген бәлелеріңді біз көрмес үшін, ең ақырғы кезде жасауларың керек еді...

— Қайдағы ақырғы күн? Бізде көшірілетін жетпіс елді мекен бар, солардың кез келгенінің зираты бар. Хал-жағдайды білмесеңдер, сөйлемеңдер түге.— Жуктың да уысы көпе-көрінеу қатайып барады.— Сегіз зират толығынан көшіріледі. Ең акырғы кез дегенің осы. Бұдан әрі сағыздай соза алмаймыз. Менің де басы артық уақытым жоқ.

— Сен жұрттың басын қатырма.— Деревня халқы Егор атаны бір қозғаудың қиын екенін, ал бір қозғаса, енді қайтып ештеңемен тоқтата алмайтынын жақсы білетін. Бұл атайдың арқасы ұстап, қызған үстіне қызып, күйіп-жанып тұрған шағы еді.— Қайдан келсеңдер, сол жағыңа тайыңдар,— деп жөн сілтеді ол.— Зиратқа енді қайта тимеңдер. Әйтпесе мен қолыма берданкамды аламын. Сенің ресмилігіңе қарамаймын. Ресми болсаң, қоқырайтып қалпақ кигенше, әуелі адамдарды сыйлай біл. Ал ырғалып келгендегі тапқан жұмысың осы ма! Мұндай жұмыс үшін бұрынғы заман болды бар ғой...

— Әй, мыналарыңа не болған?!—Жүктің өңі қуқыл тартып, жәрдем күткендей Воронцовқа бұрылды.— Бұлар, шамасы, түсінбей тұрған тәрізді... Әлде түсінгісі келмей ме. Немене, бұлар бізде не болып, не қойып жатқаннан хабарсыз ба қалай?

— Кур-рва!—деді Богодул ұмсына түсіп.

Воронцов кеудесін шіреп, айқайға басты.

— Сендер неге улап-шулап кеттіңдер. Неге шулайсыңдар а? Бұл ара сендерге базар емес!

— Эй, Воронцов, сен бізге айқайлама,— деп оның сөзін үзіп жіберді Егор ата жақынырақ келіп.— Сен өзің бұл араға күні кеше ғана келгенсің. Нағыз турист өзіңсің... Тек теңізден бұрын тасыраңдап өзің жетіпсің. Саған қайда тұрсаң да, бізде ме, әлде басқа жерде ме — бәрі бір. Ал мен Матёрада туғанмын. Әкем де Матёрада туған. Атам да солай. Мен бұ жерде қожайынмын. Ендеше мен осы аралық екенмін — сен маған әкіреңдеме.— Егор ата қап-қара күсті саусағын шошайтып, Воронцовтың мұрнына тақап, сес көрсетті.— Және мені талағаныңды тоқтат! Ел-жұртқа масқара болмай, жәйімен көз жұмайын.

— Сен, Карпов, халықты бүлдірме. Нені талап етсе, соны жасаймыз. Сенен рұқсат сұрамаймыз.

— Қараңды батыр!..— деп Егор ата Воронцовты бір сыбап алды.

— Е мұның жөні басқа,— деп келісе кетті Воронцов.— Тап осы күйінде есте сақтаймыз.

— Сақтасаң — сақта. Қорқақты тапқан екенсің.

— Бір қорғаушысымақ табылыпты ғой.

— Сен сияқтылар толып жатыр!

— Күнәдан аулақ, құрыңдаршы түге тезірек.

Кемпірлер қайтадан кіжініп, улап-шулап, Воронцовты, Жук пен мұжықтарды анталай қоршап алды. Вера шешесінің фотосуретін Жуктің мұрнына тақап-тақап қояды — ол шегініп, жиіркене кіржиеді; екінші жағынан оны Дарья мен Настасья қыспаққа алады. Жуктың қалпағы бір жағына қисайып кетті де, мойылдай қап-қара бұйра шашы көрінді, сөйтіп оның сығанға ұқсас екені бұрынғыдан бетер анықтала түсті — ол тап қазір шыдамай, сығандарша бір рет қиқулап, секіріп түсіп, өз тілінде оңды-солды сөйлеп, анталап тұрған адамдардың бәріне бір-ақ жауап беретіндей болып елестеп кетті. Катерина кемпір бірден Воронцовқа жабысып, оған әлсін-әлсін тап-тап беріп: «Ондай правоң жоқ, ондай правоң жоқ»— деп қадалады. Воронцов одан тайқақтап, шегінгісі келіп еді, осы у-ду кезінде трубкасын сорып, үнсіз тұрған Тунгусқа оның алдына барып тұра қалды да, сен ана Катеринаны тыңда дегендей, үн-түнсіз оған кемпір жақты нұсқады. Ең басты, негізгі дауыс иесі ретінде Егор атай гүжілдеп жүр. Міне, осынау бірте-бірте күшейіп қыза түскен ала-топалаң айқай-шу ішінде, бір-бірімен әзер дегенде бірер ауыз сөз алмасты да, Воронцов пен Жук қалың нөпір арасынан қысылып-қымтырылып әрең шығып, деревняға қарай беттеді. Әлгі өңкиген Богодулдан балтаны тартып алғысы келіп еді, бірақ Богодул гүр етіп, балтаны сермеп қалды — сол араға келіп қалған Егор ата өңкекке:

— Сен, жігітім, онымен байқап ойна. Ол бізге жер аударылып келген. Taп қазіргі сияқты, біреуді шоқпармен сипаған дейді...

— Қылмысты ма сонда?— деп сұрады әнтек.

— Иә-иә.

— Бәлкім, менің өзім де қылмысты шығармын.

— Е, ендеше сынасып көріңдер. Біз қарап тұрайық.

Бірақ өңкек сәл мүдірді де, бұған қарап, шоқтай жайнаған қып-қызыл көзін қысып тұрған Богодулға көз қиығын бір тастап, өз кісілерін қуып жетпек болып жүгіре жөнелді. Енді бір сағаттан кейін төртеуі түгел қайықпен Матёрадан жүріп кетті.

...Ал кемпірлер болса, қас қарайып, түн батқанша зират ішінде бүкшеңдеп жүріп, крестерді орын-орнына қайта тығып, мазараттарды орнатып жатты.

4

Богодулдың Матёраға тұңғыш рет қашан келгенін білетін кісілер аз-тұғын — енді ол осы маңнан атам заманнан бері айналсоқтап шықпай жүрген кісі секілденеді, әлде бір күнәсі үшін бе немесе басқа бірдеңесі үшін бе, әйтеуір Богодул деревняға, о дүниеге күллі тізбегімен бірге кеткен бұрынғы кісілерден олжа болып қалған-ды. Бұлар тек оның бір кездері, өзен бойындағы деревняларды аралаған сапарында, жолай Матёраға бұрылып, жүзіп келіп-кетіп жүретінін білетін. Сонда оны әрнені айырбастаушы ретінде білетін: ол бізді тұзға айырбастайтын. Шынында да ол қорапқа жіп пен инелерді, крөжке, қасықтарды, түймелер мен сабынды, тоға мен қағазды толтырып алып, бұларын жұмыртқаға, нан мен майға, көбіне жұмыртқаға айырбас жасайтын. Жұртқа мәлім жәйт, дүкен көрінген деревняда бола бермейді, шаруашылыққа қажет нәрсе қос астында дайын тұрмайды, ол Богодул болса, со сәт жетіп келеді, есігіңді қағады: саған мына нәрсе, хана нәрсе керек емес пе?— деп сұрайды. Керек болғанда қандай? Сөйтіп Богодулды жағалай шақырып, он жұмыртқаның үстіне тағы да екеу-үшеуін, кейде тіпті бесеуін де артық салады, шүкір, әйтеуір, тауық жұрттың бәрінде бар — о жұмыртқаларды ол кейін сельпоға өткізіп, айналымға қосады да жібереді. Мұндай айналымнан оның байып кетпегені анық, бірақ тамағын табады және аяқ-қолы аманында тамақтан тарығып көрген емес.

Әлде Богодулды Матёрада жұрттан гөрі көбірек қадірледі ме, әлде басқа бір себебі болды ма, әйтеуір, осы арал оған ұнайды, ал енді гәп мекен-жайға келіп тірелгенде, Богодул Матёраны қалап алды. Үйреншікті әдеті бойынша келді, бірақ кіндігі жабысып қалғандай, кетпей қойды. Жазды күні кейде біраз уақыт кетіп қалады, шамасы, сүйегіне сіңген сандалма тірлігі шыдатпай, белгісіз бір жаққа қуалап, әлденені жалына-жалбарына өтініп, маза бермейтін тәрізді, бірақ қыстыгүні орнынан қозғалмайды: бір апта бір кемпірдің үйінде тұрса, екінші аптада басқа біреуін паналайды, әйтпесе жағылып біткен моншаға кіріп, түнеп шығады — сосын ұзамай көктем де келеді, күн жылысымен Богодул өзінің «пәтеріне»— Колчактан қалған баранка барып кіріп алады.

Жұрт ұзақ жылдар бойы Богодулды көп жасаған шал деп білетін, бірақ ол со баяғы бірінші келгендегі кейпінен айнымай, ұзақ жылдар бойы өзгеріссіз, бір қалпында тұрып алды, шамасы, құдай тағала өз алдына, тым болмаса бір адамды бірнеше ұрпақпен бірге жасатпаққа мақсат қойған секілді. Ол ұдайы жалаң аяқ жүретін де, аяғын асықпай аршындай басып, арқасын бүкірейтіп, дудыраған шашына торғайлар емін-еркін ұя салатындай, дәу қазан басын кекірейтіп, салмақпен балпаңдап бара жататын. Бет-аузына ұйыса біткен қалың түк арасынан етті де шошақтау дөң мұрны мен ұдайы қанталап тұратын қып-қызыл көзі жылтылдап тұрар еді. Көктем жылт етіп шыққаннан алғашқы қарға дейін Богодул тас-қиыршақ, тікен-шөгір дегенді елемей, тек қана жалаң аяқ жүреді, оның жалпақ табан, қап-қара аяғының терісі, тері түрінен баяғыда арылып, күс басып мүйіздей қатайып кеткені сонша, оның ескі сүйегінің үстіне қабаттаса жаңа сүйек өскендей болып көрінетін. Бір кездері ауыл балалары жыланды оңай ұстауға машықтанып алды: олар таяқпен жыланды басып, мойнынан қысып ұстайды да, қыздар мен қатындарды қорқытпаққа жүгіре жөнеледі. Бір күні байқаусызда қолдан шығып кетіп, жол бойымен жылжып бара жатқан, айналасында бала-шағалар секіріп жүрген жыланды көрді де, Богодул кеп ойланбастан оған жалаң табанын тоса қойды — жылан шап етіп, тісімен бір шанышқанда, тесе алмады да, тұмсығы тасқа тигендей жасып қалды. Осы оқиғадан кейін балалар жаңа бір ермек тапты: ұстап алған жыландарының бәрін Богодулге әкеледі, ал ол кісі барағының алдындағы қойтасқа отырып, қолымен аяғын көтеріп, жылан біткен оқтай атылып, мұның мүйіз табанын теспек болғанда, ол аяғын әлде біреу қытықтап жатқандай-ақ кеңкілдей күліп, әлгі жәндіктерді мазақтап:

— Кур-рва!—дейді жаны рақаттана жай тауып.

Өзге кісілер қолданбаса ісі оңға баспайтын мың сан сөздің орнын оған осы бір сөз ғана алмастырар еді. Богодулге осы сөз де жететін. Ол поляк па, әлде басқа ма қайдам, әйтеуір орысша сараң сөйлейтін. Бірақ соның өзі әңгіме сөз емес, керекті бір нәрсені әлгі «курвамен» және оның ағайын-туыстарымен үсті-үстіне тұздықтай отырып, жай ғана түсіндіретін бірдеңе болып шығатұғын. Мұжықтардың бағзы бір кездері қайдағы жоқ қияңқы-қитұрқы сөздерді тауып яки қазымырлана қадалып боқтайтыны бар, бірақ ешкім де тап мына кісідей боқтаудан ләззат алып көрген емес: ол боқтық сөзді қалай болса солай айта салмайды, ол оны сүйсіне сылап-сипап, мүсіндеп, майлап-сулап, оған әлде бір мейірім-ықылас немесе ыза-зәр дарытып, атып жібереді. Бөтен кісілердің боқтағаны құлақты сарсытқан үйреншікті сөгіс есебінде, кісінің қаперіне де кірмей, жолай жоғалып жатса, Богодулдың боқтауы әңгіме болған нәрсенің күллі мән-мағынасына дәлме-дәл тиіп жатар еді. Қанша айтқанмен, сирек те болса, Богодул кемпірлермен сөйлесіп қалатын — жасырып қайтеміз, мұндай кезде де бір курва екінші курваға мініп, оны курвалап айдап отырады екен, дегенмен де бұл өзге кісілердің де тыңдауына болатын, бас-аяғы сабақтас, түсінікті әңгіме-сөз болар еді.

Кемпірлер Богодулды жақсы көретін. Мұның оларды қандай қасиетімен сиқырлап, тәнті қылып қоятыны белгісіз, әйтеуір осы шал, мәселенки, сол әлгі Дарьяның табалдырығын аттаса болды, кемпір не жұмыс істеп жатса да, со жұмысын тастай салып, оны қарсы алып, асты-үстіне түсіп, бәйек болар еді.

— Амансың ба, Дарьюшка!—деп гуілдейтін ол қарлығыңқы дауыспен.

— Сәлем берсең, саламат бол!—деп жауап қататын Дарья сабырлы қуанышпен.— Келдің бе?

— Құдайдай болып келдім,— деп боқтығын бұрқыратады.

Дарья образға қарап, шал айтқан және айтатын балағат сөзі үшін құдайдан кешірім тілеп, бір шоқынады да, самаурын қайнатуға асығыс кіріседі.

— Настасья! Шайға кел, Богодул келді!—деп дауыстайды ол шетен арқылы. Ар жағынан Татьянаны да шақыр, ол да келсін.

Богодулды кемпірлер жақсы көргесін, әрине, шалдардың жек көретіні анық. Тек ас ішіп, аяқ босатар бөтен біреу, оның үстіне ақылы кеміс диуана, өзімен әңгімелесіп, бірдеңені білу де қиын — осы бір кемпірлердің басын шыр айналдыратын жадының қандай адам екенін, шайтан білмесе, кім білсін. О кемпір өзінін жүз атадан бері туыс болып келе жатқан адамына самауыр қоюды ұмытып кетеді, ал оған ұмытпайды, бұл алаяқ кейуанаға шынымен-ақ осынау қайғы-қасірет азабын көп тартқан жерге түсіп, өзінің күнәкар да дуаналық түр-пішінімен тірі пендені түгел сынап жүрген құдайдай болып көрінеді. Шалдар бұған күңкілдейді де қояды:

— О жер ауған қарақшы! (Богодулды кезінде кісі өлтіргені үшін Сібірге жер аударыпты деген сыбыс барды).— Қанша күңкілдегенмен, оған төзіп келеді: кемпір-сампырмен ұстаспағанның өзі жақсы, қанша айтқанмен ана шалдың да аты адам, ит емес қой. Күллі жарық дүниедегі көк тиындық пайдасы жоқ нағыз зиянкес болса да, қайтерсің енді, адам ғой әйтеуір.

Соңғы жылдары әуелі қауесет тарап, сосын, жүре-келе көшіреді деген әбігер басталғалы осы бір мәселеге қай жағынан болса да қатысы жоқ бірден-бір кісі Богодул болатын — ол әлде сол уақытқа дейін өліп те қалармын деп, не болмаса, осы арадағы сияқты, жаңа жерде де кемпірлердің қасына жантаярмын деп ойласа керек. Енді бұлар үшін, бүкіл тірлік тек осы мәселеге келіп тірелетін, әңгіме-сөз не жөнінен болса да, ол қай кезеңге қарай бұрылып кетсе де, әлдекім сөзге телініп жатса да, соның бәрі бір түйінмен — Матёраның жақында суға батырылатыны және өздерінің тез арада көшетінімен бітетін. Богодул да осы арада отыр, отырғанда тасты тасқа жанығандай өзінің қабыршақтанып-мүйізденіп кеткен аяғын екінші аяғымен тыр-тыр қасып қояды да, шайдан кейін мұрнын шуылдатып, ауыр тыныстап, тұнжыраған қалпы:

— Хах-қысы жоқ,— деп қырылдайды.

— Хақы бар болса, ол қалайша жоқ болады,— деп бас салады кемпірлер оған әрі налып, әрі үміттене қарап.— Бізден рұқсат сұрайды дейсің бе?

— Хах-қысы жоқ. Қалың жұртқа... тасқын... Кур-ва... хақы жоқ. Мен заңды білемін.

Сосын сұқ саусағын жоғары айбаттана көтеріп, одан бірдеңені талап еткендей ызалана қарайды.

— Құдайдың құлы, сен сорлы қайда барып паналайсың?—дейді кемпірлер жаны ашып.

— Еш жаққа кетпеймін!—дейді Богодул дауыстап.— Тәңірі атсын түге! Хах-қысы жоқ! Тірі күнімде, кур-рва!

— Егер судың алдын бөгесе, сен жападан-жалғыз оны тоқтата алмайсың ғой. Саған да құрық салып, бір жаққа жөнелтетін шығар.

— Тірі болсам... кур-рва!—дейді ол қасарып.

Зират басында болған оқиғаның ертеңіне ол Дарьянікіне, дағдылы әдеті бойынша, кешке салым келмей, ертеңгісін келді — ол мұны түрегеліп қарсы алмады, сөйлеспеді де, тынымсыз жұмыстан еті қашып қуарып, сүйектері шодырайып кеткен тарамыс қолын тарақтай ұстап, тізесінің арасына түсіріп жіберіп, еңсесін көтере алмай, тапшан үстінде тапжылмай отыр екен, есікке таяу сәкі үстіне отырып жатып Богодул бір жөткірініп қойды — магазиннен алынған жаңа мебельді Павел совхоздағы пәтерге мұз сөгілмей тұрғанда апарып тастаған, мұнда тек ескі-құсқылар ғана қалған-ды, Богодул тағы да бірер жөткірініп, мына жайына көңілі толмай, бірдеңе деп күңкілдеді де, Дарьяның сөзін күтіп үнсіз отырып қалды. Бірақ ол әлсін-әлі ауыр күрсініп, ештеңені көрмей, белгісіз бір нәрсеге қарап отырған көзін Богодулға жәйімен, зілдене бір тастап қойып, оны танымайтын немесе оның мұнда неге, нендей жұмыспен келгенін түсінбейтін кісі тәрізді, шалмен сөйлескісі де, шай ішкісі де келмей, үн-түнсіз отыра берді.

Уақыт сәскеге таянған мамыражай тыныш кез еді, арқан бойы көтерілген күн жадырап, жарқырап тұр, бірақ әлі ыстық уытын бойына жинап, жерді онша қыздыра қоймай, жаймашуақтанып тұр, бұл тіпті үй ішінен де сезіледі: терезе сыртындағы сәуле де бір. түрлі сүле секілді, айналадағы алуан түрлі у да шу бұл жаққа, осындағы тыңдар құлаққа құйылғысы келмегендей, басқа жаққа ағындап кетіп жатыр. От жағылмаған үйде онша ыстық та, суық та емес, орташа ғана қоңыржай жылылық бар — ұйқы кезіндегі тәрізді ол тіпті сезілмейді де; терезе жанындағы шыбындар бір сарынмен, кісіні мезі етердей ызыңдап, әйнекке соғылып жатыр, малға арналып құйылып қойылған, бірақ әлі далаға шығарылмаған шелектегі жуындыдан ашқылтым бір иіс шығады; кешегі кештен бері стол үсті әлі жиналмапты, Богодулға арнап кешкілік құйылған бір стақан шай сол қалпында әлі тұр. Богодул со стақанды енді ғана көрді де, жетіп барып, қағып салды — Дарья сонда ғана қимылдап:

— Жаңадан шай қояйын ба?— деп сұрады.

Ол басын шайқады: керек емес — деп, бірақ кемпір оған қарамастан, орнынан тұрып, самауыр қойды. Бір шетінен басталған іс оны әрі қарай жетелей берді: ол жуындыны шығарып, тауықтарға жем шашты, олар жапа-тармағай шулап, жемге бас салды, сосын қайтып келіп стол үстін жинастырды, сенектегі самауыр әндетіп, бұрқылдай бастаған кезде кәрлен шайнекке қара тақта шайдың бір қайнатымын салып, оны конферка үстіне қондырды. Осыдан кейін самаурынды әкеліп, шайды демдеп, бұқтырып қойғаннан кейін ғана Дарьяның тілі шықты-ау әйтеуір, ол осы әлгіде ғана әңгіме айтып отырып, бір сәт тоқтап қалғандай-ақ ешкімге ешбір шағым айтпай, жәйіменен бұрынғы сөзін сабақтай берді:

— Кеше кешқұрым сиырды саумадым, өріске айдай салдым. Қырсыққанда қымыран іриді, сүт шыдамайды, ашып кетеді. Қаймақ қылып тұндырып қойсам — ол да ашиды, күллі көзелер қақсып бос тұр. Ал ол, Павелді айтам, қайықпен келеді де, сауын шелектен бір банкі сүтті басына бір-ақ төңкереді, сосын қайтадан қайығына отырады да ғайып болады. Өз басым тиіп-қашып қана ішемін. Сонда ындыным кеуіп бара жатқанынан емес, обал ғой — сол себепті де, әйтеуір рәсуа болмасын деп, бір аяғын аламын да, қағып саламын. Уақасы жоқ, көп ұзамай бұл ит басына іркіт төгілген күн де өтеді. Сонда кейбір кездері ішіп отырған шайыңа сүт құйғың келетін болса, тамшысын да таба алмайсың әлі, тек атын ғана атап, тамсанып отырамыз-дағы.

Ол шай құйып, Богодулдың стақанын алдына жылжытып қойды, өз стақанынан шыныаяққа бір тамызып, ішіп алды. Сосын әлденеге құлақ тіккендей, әлденені есіткендей елең етіп, басын көтеріп, тына қалды, сәлден соң бір дыбысты құлағына құйып алып, қайтадан басын төмен салып, шыныаяғын қаймыжықтай кезеріңкі ерніне тақап шайынан бір ұрттады. Содан кейін әңгіме бағытын күрт өзгертті.

— Бүгін отырып, мынадай бір ойға баттым: олар менен түбінде бір сұрайды. Сұрағанда, мұндай зорлық-зомбылыққа сен неге жол бердің, қайда ғана қарадың?— дейді.— Біз саған сеніп едік, ал сен не бітірдің — дейді.— Ал менің оларға беретін жауабым да жоқ. Мен осы арада қалдым, соларға көзқарақ болу менің міндетімде тұғын. Ал бұны су басатынына тағы да мен кінәлі сияқтымын. Олардан бөлек жататыныма да кінәлімін. Осы күнге жетпей үзілер ме едім — жаратушы құдайым-ай, жаным сонда бір жай табар еді-ау! Жо-жоқ, енді бар нәубет келіп мені тапты. Мені. Қандай күнәм үшін сонда?!— Дарья иконаға қарады, бірақ шоқынбады, қолын қозғамады.— Әкем, шешем, аға-інілерім, бозымым — бәрі бірге жатыр, тек мен бейбақты ғана бөтен жерге әкетеді. Істің жөні солай болғасын, кейін мені де су астында қалдыруын, бір қалдырады ғой, менің сүйегім де шайылып қалқып шығатын шығар, бірақ бөлек шығады. Қуып жету қайда оларды.

Әкем айтатын... әкеміз мені жақсы көруші еді. Дарья, қызым, оралыңның барында ойна да күл—дейтін. Жақсыны да, жаманды да түгел тат, кісіге ғұмыр тек сол үшін берілген. Қайғы-қасіретке, жауыздық-жамандыққа малтығып, зар илесең, әл-дәрменнен айрылып, тірліктен түңіліп, бізге жеткің келсе де — мойыма да қажыма, бізді жарық дүниемен жақсылап жалғастыру үшін, тірлікке тікендей қадалып, бізді жоқтатпай, көзіміздей болу үшін сен өмір сүр, әрекет-қимылдан бір таңба. Бізге келуден әлі ешкім тартынып көрмеген, ондай ашық ауыз болмаған, болмайды да — дейтін. Ол ондай кісі кездеспейді деп ойлады, ал нағыз жүрегі дауаламай қойған мен болдым. Мен ертерек қамдануым керек еді, мен көптен бері бұл жақтық емеспін... ана жақтыкімін, о дүниенің адамымын. Және көптен бері өзі ақылыммен емес, өзгенің ақылымен жүріп-тұрып келе жатқан сияқтымын. Сонда қайда, не үшін жүретінімді білсем, түсінсем бұйырмасын. Бірақ баяғы тірлік сол тірлік. Қазір дүние ортасынан қақ айрылды: әне әлемде не болып жатыр! Тағы да бізді, қарттарды да қоса қақ айырды... біз анда да жоқпыз, мында да жоқпыз. Құдай сақтасын! Осы бізге қарап, бүгінгілер бұрынғы кездегі кісілердің қандай болғанын, зәредей де болса, біле алар еді, бірақ қазір артына қарап жатқан жан бар ма, ешкім де қарамайды. Жұрттың бәрі ышқынып, ілгері қарай жүгіріп барады. Жолай алқынып та қалады, қадам басқан сайын тәлтіректеп кетеді — бірақ жүгіре береді. Артына қарау қайда... біреу қуып келе жатқандайын, аяғының астына қарауға да мұрсаты жоқ.

— Жапон құдайы!—деп Богодул келісе кетті.

Дарья самауырдан стақанға үстеп құйып, стақаннан шыны-аяққа құйып, шайды сүйсіне, баппен ішеді, оны бірден жұтып қоймай, тәтті дәмінен бір ләззат тауып ішеді де, ернін мінәйі бір жалап қояды, сосын сөзді іріктеп-сұрыптамай, аузына түскенін сыртқа суырып шығарып жатқандай-ақ, аспай-саспай, кейде бірдеңені ұмытып мүдіріңкіреп, әңгімені тек бір салаға бұрып кетпей, оны бірде олай, бірде бұлай қарай бейімдеп ұзақ-сонар етіп, сабақтап айта берді.

— Шайың жоқта, жайың да жоқ,— деді шай ішкеннен көңілі шуақтанып, рақат табатынын мойындап.— Аздап бойым жеңілдеген сияқты. Ал азанда көкірегімді бір қысқашпен қысқандай-ақ, жаным көзіме көрінді... бұл тірліктен баз кешкендей болдым. Әзер дегенде сиыр саудым, әйтпесе желіні сыздап мөңіреп бітті, байғұс,. сосын оны қорадан шығардым — өзім бірақ есік-терезені де көрмеймін, көз алдым қап-қараңғы. Самаурын қою керек қой —деп ойлаймын. Бірақ көңілім әлем-жәлем, әлсіреп жүріп: саған самаурынның керегі не?., деп өзімді-өзім қажаймын. Сен самаурынның қасында жайбарақат шай ішіп омалып отырғанда, қайдағы бір дінсіздер әке-шешеңнің басындағы ең ақырғы белгісін бұзып кеткен. Саған енді ешбір самаурын қойылмайды, сұрама. Соларды есіме алғанда, иә, соларды есіме алғанда бар ғой... жүрегім үзіліп, мұздап сала береді — тоқтап қалған тәрізді. Мен өзімді-өзім қайраймын — со замат ол бірер рет бүлкілдеп, соғып тұрады да, тағы да... әлгі сұмдық есіме түсіп... тағы тоқтап қалады. Хош, бұл енді мені қайда апарып, қай жерге бетімді жасырады?—деп ойлаймын. Райка Серкинаның балақайы қайтыс болған кезде жаңа зират ашпақ болып, баланы қоймақ болып, жарты құлаш жер іздедік, ал бірақ кейіннен бәрібір зиратты басқа жерден тапты. Сөйтіп, құдай деген бір сәби мүлде басқа жақта, жалғыз өзі бір бүйірде... шалғай бір шетте жатыр дейді. Қаршадай баланың қалың орман ішінде, хайуанаттар арасында жалғыз жатқаны оңай дейсің бе? Осы қылығы үшін ол кейін ата-анасына алғыс айта қояр ма екен?

Біздің әкеміз бен шешеміз уәделескендей, бір мезгілде қайтыс болды. Әгәрки, менімен салыстырсақ, әлі онша қартаймаған еді. Айдың-күннің аманында, ажал бірінші етіп анама ауыз салды. Таң сәріден тұрып, ол-пұл шаруасын жайғастырып жүрген, сосын демалайын деп кереуетке жатты, қанша жатқанын қайдам, бір кезде жан ұшыра шыңғырып жіберді: «Ой, ажал, ажал алды алқымымнан!»—деп. Ал өзі қолымен мойнын, кеудесін қармалап жанталасып жатыр. Біз үрпиісіп, атып-атып тұрдық, бірақ не істеп, не қоярымызды білмейміз, тек әйтеуір қолымызды бостан-бос сермеп: «Не, апатай, қай жерің ауырады?» дейміз. Ол бәріміздің көз алдымызда ерні көгеріп, бет-аузы теңбіл-теңбіл болып, қырылдай бастады. Оны көтеріп, төсекке отырғызғанымыз сол, бірден қайта жатқызу керек болды. Мойнында, әлгі ажал буындырды-мыс деген жерде... бір із қалған тәрізді... жабысып. Әкем кейінірек: «Ол ажалдың көздегені мен едім, мен оны шақырғанмын, бірақ мүлт кетіп, бөтенді бас салған»— деп айтып жүрді. Әкеміз ұзақ уақыт, жеті жылдай ма екен, ауырды. Диірменге жаңа жебіртас орнатып жатып, ол бірден соның астына түседі.. аяғы кілт етеді де, тастың астында қалады. Қалай тірі қалған десеңші! Бүкіл ішкі сарайын езіп тастаған ғой, қан қақырып жүретін. Егер күтінгенде ол, бәлкім, ұзағырақ жасар ма еді, бірақ ол өзін-өзі күту дегенді білмейтін, әліне қарамай, дені сау кісі сияқты жұмысты жапырып жіберетін. Шешемізді қыста, Рождествоға жақын қалғанда жерледік, ал оны со мезгілге таяу, Троицадан кейін қойдық. Бір бүйірден шешеміздің табытына тақай, қабыр қаздық, ал әлгі табыт тіпті қараймапты да, күні кеше салған сияқты. Соған қатарластыра әкемнің табытын қойдық. Жатқан жері жарық болсын! Екеуі бірге ғұмыр кешті, бір-біріне өкпелемесін деп, екеуін жерге де қатар салдық.

Біздің аралда бір мола бар.... Ешкім ескермегесін, қазір оны көзден таса етіп алдық, біздің жағалаудың деревнядан төмен жатқан бір дөңесінің үстінде. Мен оны қаршадай кезімнен білемін. Онда бір көпес-саудагер жатыр дейді жұрт, өзі Ангара бойымен әртүрлі товарлар алып жүреді екен. Хош, сонымен бір күні товарын алып келе жатып, Матёраны көреді де, қайықты солай қарай есіңдер деп әмір етеді. Оған біздің Матёраның ұнағаны сондай... со заманда аралды мекендеп жатқан мұжықтарға келеді, келеді де: «Уа қалайық, мен пәлен де түген деген кісі боламын, соңыра ажал шеңгелін салған кезде сендердің аралында, биік жар басында жатқым келеді. Ал сендердің со жақсылықтарыңа мен христос шіркеуін орнатамын»—дейді. Мұжықтар да ақымақ емес қой, келісе кетеді. Ол сертінде тұрып, тегі, шіріген бай көпес болса керек... тұтас бір мыңдаған сом ақшаны — он мың ба, жиырма мың ба — әйтеуір бере салады. Сосын шеркеуді салуға өзінің бас піркәзшігін жібереді. Сөйтіп біздің шеркеуді салып бітіреді, құдайға құлдық ұрып, бата қайырып шеркеуді ашады, оған көпестің өзі келеді. Содан кейін, көп ұзамай өзінің тапсыруы бойынша, әлгі байғұсты мәңгілік орнына әкеліп жатқызады. Қариялар осылай деуші еді, ол осылай болды ма, әлде басқа болды ма — білмеймін. Олар бекерден-бекер айтпайды ғой...

Әкем үзілер алдында ақыл-есі бүтін, бәрін біліп жатты, мені қасынан шығармады... Ол маған: «Дарья, сен көп нәрсеге көзсіз жегіле берме — қажып, азып-тозып қаласың, сен ең алдымен өзіңе ар-ожданды қалап ал: арлы жан атанып, ар-ұяттан аттамас үшін»—деп ақыл берді. Бұрын жұрт ар-ұят дегенді бірден айыратын. Егер біреу арсыздыққа барса, бірден байқалып қалатын, бәрі бір-бірінің көз алдында ашық-жарқын тұрып жататын. Әрине, жұрттың бәрі бірдей емес, аласы да, құласы да бар. Мәселенки, ар-ұяттан мүлдем аттағысы келмейтін біреулер болады, бірақ со жарықтықпен бірге тумағасын оны қайдан алады? Оны ақшаға сатып ала алмайсың. Ал ар-ожданы асып, төгіліп жататын біреулер болады, бірақ ондай йен дәулеттен не пайда. Оның соңғы жейдесін сыпырып алып жатса, со ақжүрек үстіндегісін шешіп беріп және өзін жалаңаш қалдырғанына алғыс айтатынын қайтерсің. Біздің Иван құдамыз осындай кісі-тұғын. Ол өзі осынау жарық дүниеде халық қадыр тұтатын әйбат пешші еді. Соған пеш салдырамыз деп жүз шақырымдай жерден жұрт ағылып келіп жататын. Тірі жанның бетін қайтарып кермеген ол, кім шақырса да бара беретін, ал еңбекақысын алудан ұялатын, оны тегіннен-тегін істеді деп есептей бер. Оған әлгі құдағиымыз кейиді келіп: «Байғұс-ау, сен тұтас бір аптаға кетіп қаласың, сонда егіс басындағы сенің жұмысыңды кім істейді? Үйдің шаруасын кім жайғастырады, сен адам емес, ашық ауыз аңқаусың»— деп. Ол шынында да ауам-аңқау кісі-тін: «Жұрт өтінеді ғой»— дейтін де қоятын... Сонымен, өз шаруасының қиюы қашты... «Жұрт өтінеді ғой»— деп жүріп тіленші болып кетуі ғана қалды. Тап сол кезде жар салып, коммуния келсін — ол соған басын сұға қойды... Дарья соңғы сөзін сағыздай созып, ойыменен қазіргі күнге бір-ақ секіріп, сәл кідіріңкіреп, есіне түсіріп барып айтты:— Кеше кешкісін, ес қалған ба кісіде, Иван құдамыздың моласын көруге барайын. Күн батып, қас қарайған кез, кімнің қайда жатқанын білу қиын еді. Оның моласын да қопарып тастады ма екен? Үстінде сырланған жұлдыз тұратын, баласы қаладан темір белгіні әкелген, оның ұшында құс тәрізді жұлдызшасы бартұғын. Бүгін барып көріп қайту керек. О жаратушы жан ием, со жауыздарды қуып жетіп, оларды біз үшін бір жазалашы. Егер бұл дүниеде кешірілмес бір күнә болса, бұдан өткен қандай күнә болмақ.— Тағы да өз жанын өзі қажай бермес үшін Дарья, басын абайлап қана бір шайқап, кеудесін кере күрсініп, орнынан түрегелді де, мүйістегі асадалға барып, шұбар ала қағазға оралған бес шоколад конфетін алып, оның үшеуін Богодулға беріп, екеуін өзіне қалдырды.— Аздап тәттілеп іш, мұны сенің жақсы көретініңді білемін. Әлі есімде, тіске басатын да ештеңе жоқ, ал сен қай жақтан екенін қайдам, әйтеуір, бір түйірден қант тауып, тістеп ішуге бізге беруші едің. Оны балаларға сақтасақ, құдай сақтасын, ашуланып, бізді зорлап қытырлатқызушы едің. Сол кездегі қанттан тәтті нәрсені әлі көрген емеспін, не тәтті — жоқ нәрсе тәтті.

— Шарап-ық!—деп дыбыс шығарды Богодул, ол шарапты жек көретінін, бұрын да жек көріп келгенін білдіру үшін басын шайқап-шайқап қойды.

— Мейлі, оны әзәзіл шайтан-ақ ішсін,— деп қостай берді Дарья орнына қайта отырып жатып.— Әлгі Иван құдамыз туралы не деп едім, құдай-ау? Ұмытшақ болып барамын, кәрі лақсада не ес қалды дейсің. Ә-ә, ар-ождан туралы айтқанмын. Бұрын ол бар ма, жоқ па, анық көрініп тұрушы еді. Кімде ол бар болса арлы, кімде жоқ болса — арсыз атанатын. Енді қазір қарап тұрсаң, бәрі де — анаусы да, мынаусы да бір үйір болып араласып кеткен — ақ шайтанның өзі де анықтай алмайтын шығар. Оны қазір жөн-жосықсыз көрінген жерге тықпалап, киелі бейшараны аздырып-тоздырып жібергені сонша, онда ине шаншар сау жері жоқ болар. Тіптен оны игеріп жүруге де қабілет жетпейтін тәрізді. Ой-хой дүние-ай! Халық құжынап, көбейіп кетті, ал ар-ождан ойлап тұрсаң, сол баяғы қалпында, міне, сол себепті де оны өзі үшін де, өзгенің қажеті үшін де емес, тек көзді бояп, көрсету үшін ғана жұмсап, жүдетіп жіберген тәрізді. Бұлар әлде орасан зор жұмысты жасап жатыр да, уақ-түйек істерді ұмытып кеткен, ал үлкен істі істеп жатқанда, ар-ождан дегенің бір түрлі темір тәрізденіп кетеді-дағы, оған ештеңенің де тісі өтпей қояды. Ал, біздің ар-ұятымыз болса қартайып, баяғыда кемпірге айналған, енді оған ешкім қарап, әуре болмайды. О, құдайым-ай! Дүниеде осындай сұмдық болып жатқанда, ар-ұятты айтқаннан не пайда!

Кешегі қиқудан кейін, менің түнемелікте көзім ілінбейтін болды, бір ой түбіне батып, жете алмай жүрмін... Қайдағы жоқ бірдеңелер басымнан кетпейді. Ғұмыр бойы ешбір дерттен қорықпаушы едім, енді бір үрей басады да тұрады: бір зауал соғатындай, бір сұмдық болатындай көрінеді. Соны күте-күте қажығаным сондай, тіпті шыдамай кеттім... Далаға шығып, қораның тап ортасына барып, біз адам болудан қалғасын көк тәңірісі күркіреп, жасын түсіріп, жайратып салатын шығар бізді немесе тағы бірдеңе болатын шығар деп сілейіп тұрмын келіп. Қорыққаннан кішкентай бала секілді үйге жып бергім келді, бірақ қыбырламай қатып қалыппын. Сөйтсем, ана жерден де, мына жерден де сықыр-сықыр есік дыбысын естимін — ендеше, мазасызданып жүрген жалғыз мен ғана емес екенмін. Шалқайып аспанға қарасам, жұлдыз біткен жайнап тұр, күллі аспанға жамырай шығып, ашық бір жер қалдырмапты. Және өздері баданадай-баданадай болып, балқып тұр — ғаж-жап! Олар бірте-бірте төмендеп, маған жақындап келе жатқандай... Жұлдыздар мені шырқ айналдырып... есімнен айрылып қалған сияқтымын, өзімнің кім екенімді, қайда жүргенімді, тіпті ештеңені де білмеймін. Бір кезде есімді жинасам, айнала ала көбеңденіп көріне бастапты, жұлдыздар қайтадан жоғары көтерілген, өзім тоңып, дірілдеп тұрмын. Маған бір құдайдың нұры жауғандай-ақ жаным жадырап, жай тауыпты. «Мұнысы қалай, не болды?—деп ойлаймын. Жақсылық пен ар-ұят бір болғасын ба, жаным әрі рақат тауып, әрі ауыратын тәрізді. Бірдеңені көрдім бе осы — дәп әлгіні есіме түсіре бастап ем, көрген сияқтымын. Бір дауыс аян бергендей ме қалай, «Бар, Дарья, ұйықта және күт бізді. Әркімнен жауап алынады»—дегендей болды әлгі дауыс. Мен кеттім. Ұйықтауын мандытып ұйықтай алмадым, бірақ бойым біраз жеңілдеді, енді шыдауға болады әйтеуір. Ал со дауыс қандай еді, қайдан шықты — есімде қалмапты, айта алмаймын.

Біздің мұжықтарымыз қадым заманнан-ақ түгелдей өзіміздікі, байырғы матёралықтар болатын. Бөтен адамды қабылдай бермейтін. Менің кезімде тек жалғыз Орлик қана сіңісіп кетті, ал Орлик ақ сайтанның өзімен бажа болып жүре беретін. Егер ол шындап кіріссе, көлкіген су ортасына жерден бетер орнығып алып, аяғына шық жұқтырмас алаяқ еді. Тілі молотилка тәрізді, өтірік пен өсекті қаптап-қанарлап төгіп жатқанда, бір тұтықпайтын нағыз суайттың суайты еді. Мұжықтар, тегі, оны көңіл көтерсін, өздеріне ермек болсын деп қалдырса керек. Бізде ондайлар тумысынан жоқ-тұғын. Мұжықтар бір жерге жиналып алып, қарқылдап күлісіп, бүкіл Матёраны басына көтеріп жатады, ал солардың ортасында жирен шашты, шұбар бет, сирек тісті әлгі қу отырады.

Сирек тісті дегеннен шығады-ау: Тісі сирек кісілер — өтірікші келеді, әлгі сирек тісінің арасынан бар нәрсе тоқтаусыз өте береді деп тегін айтылмаған. Сол сирек тісін сөзбен жуады да жатады, жуады да жатады — қайдан шығатынын кім білген! Мұжықтар одан ішін басып, жатып қалады. Бірақ нағыз жұмыскер еді, ой, керемет жұмыскер еді! Бір жерге қазық қақса, сонысы көктеп шыға келетін. Мына, әлгі Генка Пресняковке тұрмысқа шыққан Дунька бар ғой, содан қалған, соның қызы. Бірақ ол әкесіне мүлде тартпаған: өтірікті де айта білмейді, жұмысты да келістірмейді. Тағы да бір екі жігіт болған, екеуі де усойқы, сөзге келгенде дес бермейтін — солардың біреуін, тырнақ астынан кір іздемесін деп, ерман шпиені ретінде ұстап әкетті, ал екіншісі бұдан кейін тілін тістеген күйі Матёрадан кетіп қалды. Ол қайда кетті, қазір тірі ме, өлі ме— білмеймін. Оның осында болғанын өзім де ұмытып кетіппін, әйтпесе Дунькадан сұрап аламын ғой.

Е, біздің мұжықтарымыз осы аранікі болатын, ал қатынды басқа жақтан алуды жақсы көретін. Бұл тіпті әдетке айналып кеткен еді. Ал біздің басы бос қыздарымызға жан-жақтан жүзіп келіп жататын: Матёрамен сүйек жаңғыртуға бәрі де құмар еді. Біздің ел баяғыдан бай тұратын. Біздің мұжықтардан туған қыздардың да тұқымы бөлек, шеттерінен алғыр келетін — товарымыз жатып қалмайтын. Тіпті қазіргі күнге дейін кімнің Матёра тұқымынан шыққанын біле қоясың. Менің әкем де апамды қайдағы бір буряттар жағынан алып келді. Ол оны: «Ой-е-ек,— деп мазақтап отыратын. Сол бір Ой-е-сектен бе, әлде басқаша атала ма, апамның шыққан тегі әйтеуір со жақтан-ды. Ал о жақта мүлде су жоқ па, әлде ені бір қадамдық өзекше ағып жатқан ба, о кісі өле-өлгенше судан қорқумен кетті. Әуелгі кездері жиекке келгенде суды көрмес үшін көзін тарс жұмып алушы еді — дейтін әкем. Ал бірақ айналаңның бәрі Ангара — одан қайда кетіп құтыласың. Подмогаға бару үшін де жүзіп өтуің керек, ал онда Подмогада біздің шабындығымыз болатын. Әйтеуір, көз жұмғанша суға үйрене алмай кетті ғой жарықтық. Біз оған күлуші едік, Ангара өзіміздікі, қиттай күнімізден соның басындамыз, апам айтушы еді: «Ой, маған бір бәле жабысады ғой әлі, жабысады, кісі тегіннен-тегін қорықпайды»— деп. Жоқ, біздің үйден ешкім суға кетпеді, өзен буырқанып-буырсанып, жағадан асып жатса, ол жалғыз бізді ғана емес, жұрттың бәрін жүдетеді. Апамның қорқынышы енді ғана рас болып шықты, ол бекерден-бекер қорықпапты... сонда... Қазір...— Дарья абыржып, аузын жаба қойды. Ол бір түрлі шарасызданып даусын бәсеңдетіп, естілер-естілмес етіп бітірді сөзін:— Со-лай де.. Қанша айтқанмен, апамды су қуып жететін болды. Ол менің есіме де келмепті. Солай де-е-е...

Кісі баяғыда-ақ білетін, бірақ кезінде бір қалтарыста жоғалып қалған, енді, міне, естелік ретінде сырғып шыға келген, осынау тосын жаңалықтан есі кеткен Дарья, шайды ұмытып, ешбір ойсыз, меңіреу сияқты, алдына көзін жүгіртіп, бірдеңені іздей бастады, сонда мүлде қажетсіз, ауыр бірдеңені іздей бастады. Күн түске таман бұрынғыдан да бұлыңғыр тартып, оның жарығы бозарып әлсірей берді. Ақталған, бірақ әлі кебе қоймаған қабырғалар, жуыла-жуыла, әр жері шұқырланып, ойылуға жақындаған еден, сызаттанып жарылып-жарылып кеткен терезе алдының тақтайлары — әйтеуір осы бір бозғылт жарық түскен нәрсенің бәрі-бәрі сұрықсыз да сиықсыз, қайта түзелмес қарттық басып-жаншып тастаған тәрізді көрінеді. Бөлменің тап ортасында, Богодулдың арт жағындағы бір жерге төбеден бір өрмекші жылжып түсіп, тыныстамақ болды да, әлде төңіректе не болып жатқанын көргісі келді ме, әйтеуір біраз аялдап, ауада тербеліп тұрды да, сосын қайтадан төмен түсті.- Ангараның терезеден көрініп тұрған бөлігінен бір моторлы қайық, қоңыз тәрізді ыжылдап, ағып өте шықты да, суды шайқап, толқындатып кетті; екінші терезеден аумақты сал үстінен жайылып жатқан ақшыл аспан көрінеді. Дүниенің бәрін бір көзіне сыйдырып, бірақ ештеңені де көрмей, ештенеңі жеке-дараламай, алдыңғы жаққа аңырып ұзақ қараған сайын, Дарьяның мазасы кете бастады. Және тағы да қажетсіз іспен айналысып, кешегісін қайталап, самаурын қасында отырғанына... қатты налыды, жанына бір тыным бермей, ойын он саққа салып қойған ауыр бірдеңе мұны көзіне шұқып, нығынан албастыдай басып жатқан тәрізді.

Ол орнынан тұрып, бірдеңеден кешігіп қалғандайын, Богодулға асығыс тіл қатты:

— Міне, екеуміз бүгін шайға қандық білем. Әбден қандық — бұдан әрі болмайды. Егер кеткің келсе, сен енді жүре бер. Әйтпесе, осында қал, мен кетемін. Көп отырып қалдық, тағы да әңгімемен отырып қалыппыз, енді нені айтпақпыз... Біздің сөзіміз үпелек сияқты — алмағы да, салмағы да жоқ. Оның дәнегі тек кісінің зейін-зердесі. Бір кезде...

— Дарья, қайда?— деді қатқыл үнмен Богодул басын көк жең еткізіп.

Ол сәл ғана кідіріп барып, оған өз кесімін айтты:

— Жоқ, жоқ, мен жалғыз барамын. Сен осында қал. О жаққа жалғыз өзім барамын.

Қайдағы «о жақ» екенін оның өзі де білмейтін, сол себепті де қақпадан шығып, сол арада біраз ойланып тұрды да, Ангараға қарай жүрмек болды, бірақ басқа жаққа бұрылатынын алдын ала білді де, бұрылып бақшаларды жанай жүріп, деревняның сыртына шықты — аяғы мұны зиратқа қарай алып келе жатты. Бірақ ол зиратқа жетпей тоқтады; жаным жай таппай тұрғанда о жаққа барып, өлілер тыныштығын бұзып қайтемін, онсыз да кешегі арпалыстан алакөңіл болып жатқан шығар. Ол бүгін бір киелі сөз тауып, олардың қаперіне жеткізе алмайды — ондай сөз жоқ және қапелімде тумайды да; олар бұған қайта үн қатпайды. Ақырында, ақылы дал болып жүріп, ол бір шөп басқан құрғақ төбе басына шығып, отыра кетті, сөйтсе алды жазылып жатқан еңіс, одан алабұртқан көңілі байыз табатын бірдеңені көзімен іздеп, төңірекке қарай бастады. Бір емес, екі, үш рет қарады...

Осы арадан, аралдың биік төбесінен, Ангара да, алыстағы бөтен жағалаулар да, қарағайлы тоғайдың ар жағындағы Подмогамен бір тұтас болып, ұласып жатқан өзінің Матёрасы да тап бір алақаныңдағыдай көрінеді екен, хош, сонымен аралдың жері тіпті сонау көкжиекке дейін созылып жатыр екен, оның тек арғы жиегінде ғана жұлықтай болып су шеті жылтырап жатыр. Өзеннің жалпақ он жақ қойнауы, бұрылар жерде әдейі шығандағандай, қарсы беттегі жатқан жағалауды әрі итеріп, сұғына кіріпті де, сонау жаққа алыстап кеткенде ғана, арнаға жуасып, жып-жинақты болып қосылады екен. Ал өзеннің Матёраның жеке меншігіндей болып кеткен, ана тармақтан гөрі жақынырақ та жайбарақат саналатын сол жақ тармағы аралдың тік жарқабағынан төмен қарай созылып, тап осы сәтте, шағырмақ күн сәулесі астында қимылсыз қарасудай болып көрінеді. Оны Матёрада: өзіміздің Ангарамыз — деп атап кеткен-ді. Деревняда осы жаққа қарап тұратын, қайықтарды да суға осы жиектен салатын, ауыз суды да осы арадан алатын, балалар да бар әлемді осы өңірден бастап көретін, бұ жердің әрбір тасына дейін тексеріліп, көкіректе жатталып қалған-ды, ал, өзектің арғы бетінде колхоздың егістігі бар, оны тек биыл ғана елеусіз-ескерусіз тастаған-ды.

Арал тыным тауып, тыныш қана маужырап жатыр, бұл әуелден тағдырдың талайыңа деп өзі берген туған жер, оның дәлме-дәл белгіленген шет-шегі бар, одан сәл ассаң болғаны құрлық емес, құрдым басталады. Дегенмен, оның бір шетінен екінші шетіне дейін, бір жағалауынан екінші жағалауына дейін жалтаң жазығы да, байлығы да, сұлулығы мен жабайылығы да, пар-парымен әр түрлі жан-жануарлары да жетіп жатады — негізгі құрлықтан бөлініп қалғаннан кейін ол бәрін де мол қамтыған ғой, бәлкім, сол себепті де ол Матёра деген әйгілі атпен аталса керек. Ол ішіне сыр бүгіп, тыныш жатыр — ерте келген жаздың бары мен нәріне қанығып жатыр: Дарья отырған төбенің он жақ беткейін қиғаштай қалың өскен күздік бидай кегі көз тартады, одан әрі жапырағын әлі түгел жайып бітпеген, ара-арасында шырша мен қарағай дақтары қарайып, сұйқылт орман тұр тіреліп, оның жоғарғы жағынан да Подмогаға баратын жол ағараңдап көрінеді. Орманнан берігірек, жолдың сол қанатын ала өзіміздің Ангара мен деревняға қараған бетін ашық қалдырып, екі жағынан қоршалып малдың өрісі жатыр — онда сиырлар жайылып жүр, олардың біреуінің мойнына тағылған қоңырау жіңішке үнмен бірде сылдырлап, бірде шылдырлап қояды. Сол арада тіп-тік, құдіретті бұтақтары күдірейіп-күдірейіп, күн күркірегенде найзағай соғып, жоғарғы жағын кесіп түсірген, жуандығы үш құлаш патша-ағаш шомбал самырсын «лиственница» (шалдар оны еркек жынысқа балап, қадірлеп «листвень»—деп атайтын) қасқайып тұр. Оған таяу жерде, соған жақындағысы келгендей болып, бірақ оның айбарлы түрінен сескенді ме, әлде тағдыр жазасынан қорқып, үні шықпай қалды ма, әйтеуір қасына жете алмай, мұңайып бір қайың тұр. Дарья оның бүлдіршіндей балғын кезін білетін, енді оның діңі қожырлана екіге бөлініп, жуандап, қабығы қатайып, қопсып, сыдырыла түскенін, ауыр бұтақтары төмен иіліп, салбырап тұрғанын да біледі. Бар болғаны осы, жайылым құлазып қалған — қалғанын мал отап, таптап тастаған.

Дарья тағы да орманның ар жағында не бар, не жоғын ап-анық көріп отыр — зәулім көктеректермен көмкерілген егістікті де, тал-шілік пен қарақат қалың өскен, дымқыл-сызды еңістеу келген оң жағаны да, Подмогаға иек артып жатқан саздақ табанды да көріп отыр — оның шоқат-шоқатында иір-иір болып, шақа қайыңдар өседі де, шірік судан ерте қурап қалады, оның сидиып тұрған алдамшы бұтақтарынан ұстай алсаң, күрт етіп сынып кетеді. Сол жақтың биік жағалауындағы қайыңдардың жөні басқа — қолың тиіп кетсе болғаны, әк тәрізді аппақ із қалдыратын, зәулім биік қайыңдар қою жапырақтары жамырап, тап-таза болып мөлдіреп, белгісіз бір ойынға арналып, үш-төртеуден әдейі шоқ-шоқ етіп қойылғандай, қадау-қадау болып, бір-біріне көңілдене қарап тұрады. Осынау шалғынды жастар жағы өздерінің ойын-сауығына баяғыдан-ақ таңдап алған еді. Бұл арада талай уәде-серт байланып, аққудың көгілдіріндей талай қыз сыпсың-сыпсың сөзге ілініп, бұл арадан бұрын киіп келген көйлек-көншегімен қайтса да, бұрынғы бүтін күйінде емес, бүлініп қайтар еді. Бағзы бір кездері бүкіл деревня арбаларына аттарын жегіп, жаздың ыстық күндерінде той-томалақ мерекеге жиналар еді, биік жарқабақтан талай жігіт-желеңдер қара суға қарғыр еді, ескіден жеткен бір хикаяның айтуынша, баяғыдағы бір жазда Проня деген бір бозым осы арада суға кетеді, содан бері ұзақ жылдар бойына түн баласында, су перісінің ері есебінде, сенделіп жүріп, әлдекімді имене, түсініксіз түрде, күбірлеп шақыратын көрінеді.

Дарья ойша есіне түсіріп, одан арғыны да көреді — күре жолдың екі жағында тағы да егін-жайлар созылып жатыр, онда жұрт меншікті шаруасын бір өзі басқарған кездері әрбір участке шекарасын белгілейтін қадау-қадау кәрі ағаштар, көбіне-көп қурап қалғандары кездеседі, ал сол ағаш бастарында нұры қашып сұрланып, бозара түскен күн мен беймезгіл тыныштықтан қысылып, үн-түнсіз мүлгіп отырған қарғалар көрінеді. Сосын жол ескі қырманға қарай бұрылады, ондағы топан арасынан дән көктеп шығып жатқан жерде торғайлар жыпырлап жатады, ал қарайып, шіріп кеткен ескі сабан қабат-қабат тұтасып жатады — шынында да айналамызға қарап тұрсақ, өз уақыты мен қызметіне жарамай, қартайып, қажетсіз болып қалған, бірақ әлі де ешбір құлықсыз жайыменен іріп-шіріп жататын нәрселер қанша. Оларды қайда қоямыз? Не істейміз? Жарайды, бұл араның бәрі су астында қалады, өртеледі ал басқа жерлердегіні қайтеміз? Сонда Дарьяға, бүкіл жарық дүниеде әлдененің — ол адам ба, әлде ағаш па — бәрібір, мүлде пайдасыз халге жетіп, біреуге масыл болып қалатынынан өткен әділетсіздік жоқтай болып елестейді; бұл фәниге берілген кісі құдайға құлдық ұрып, дұға қайырып, тазарып шығатын қисапсыз көп күнә ішіндегі пенде көтере алмайтын зіл-қаратасы осы. Ағаш болса, бір сәрі, ол қурап құлап, шіріп, жер құнарына құнар қосады. Ал, адам ше? Тым құрығанда,. ол осы қажетке жарай ма? Енді қазір егіске қажет тыңайтқыштың бәрін қаладан әкеледі, бүкіл ғылымды кітаптан табады, ән мен күйді радиодан жаттап алады. Ендеше, ол айналасындағылардың шырқын бұзып, азапқа салғаннан өзге ештеңеге жарамайтын болса, онда қарттыққа төзгеннен не пайда? Бүгінгі барша шындық — қазір сенен жұртқа ешбір пайда тимейтін болса және келешекте де тап солай болатын болса, әрі бұ дүниеге келгенің үшін істейтін ісіңнің бәрін келістіре істеп қойсаң, ал сенің ендігі бар қызметін — өзге жұрттың зықысын кетіру ғана болса, онда өзгеше бір биік шындық пен қызмет іздеудің қажеті қанша? «Осылай ма? Шынында да осылай ма?»—деп өзінен-өзі сұрайды Дарья үрейленіп, бірақ, со жауапты білмей, дұрысын айтсақ, тек жалғыз ғана жауапты біле отырып, абыржып, ұнжырғасы түсіп, үндемей қалады.

...Ана жақта — Матёраның доғал мүйісі, Подмога ма, әлде Поднога ма әйтеуір сол алақандай арал алдындағы ұйықты жаға немесе сол аралға апаратын жар-кешу өткел. Ондағы таза су арқылы ешбір қысылмай-қымтырылмай, малды айдап өтетін, колхоз малы жыл сайын жазда сол араны жайлайтын, бірақ, су тасып, өзен құтыра бастаса болғаны,— сақадай сайланып, қайыққа отырып ал. Подмоганың тұмсығы Ангараға сұғына түсіп, Матёрадан сәл ғана асып тұрады, бір кездері төменгі арал алдыңғы аралдан оралып өтпек болып, бар пәрменімен жүгіріп келіп, бұрыла бере, неге екені белгісіз, тоқтап қалған тәрізді. Сонымен Матёраның Подмогаға жегіліп, тартуына тура келді: өткел тұрған жерге, су буырқанып тасыған кезде, ұстап жүру үшін, ауадан темір арқан тартылып қойылады. Оның үстіне өз Ангарасының жарқабағында ұя салған сұр қарлығаштар тізіліп отырғанды ұнатады, олар құйрықтары дірілдеп, төменге қарап қойып, қалтқылар сияқты қарайып, тап қазір де отырған болар.

Аралға күн нұры түсіп тұр ма, әлде түспей тұр ма — белгісіз; аспанда күн барына бар-ау, ауадан, жер үстінен әйтеуір бір. сәуле байқалады, бірақ өте әлсіз, бұлыңғыр, тіпті көлеңкесін де түсірмейді. Айналаның бәрі жым-жырт мүлгіп-маужырап тұр — сол жақта өгіз терісімен кептелгендей болып көрінетін, жұмық терезелері сығырайып, үн-түнсіз ескі деревня жатыр; қалың бұтақтары жайылып кеткен, орасан зор тармақтарын тарбитып, соқыр кісідей меңірейіп, басы кесілген «патша самырсын» тұр; көгі тебіндеген егістіктің де реңі қашып, сүлесоқ тұрған тәрізді; орман-тоғайдың да бойы аласарып, жапырақтары жазылмай, селдіреп қалған секілді, сол сияқты, айналаны қоршай ана деревнядан да байырақ, бірақ енді барып қоныстануға жабылып қалған, басқа бір деревня — бұрынғылардың мәңгі мекені, зират та көзге — күйкі, көңілге — өктем көрініп, әрине, тылсым сырын ішіне бүгіп үн-түнсіз жатыр.

Ұзамай, көп ұзамай бәрі де ғайып болады.

Дарья өзінің әл-дәрмені жетпейтін, зілдей бір ауыр ойды көтеруге тырысады, бірақ көтере алмайды: бәлкім, осылай болуы да керек шығар?—деген. Бұл ойынан шегіншектеп, ол жеңілірек бір ойға; не «осылай болуы керек?»—деген ойға жауап тапқысы келеді.— Өзі не ойлап отыр осы? Нені қалайды сонда? Бірақ ол мұны да білмейді. Ғұмырының ақыр-соңына келгенде: бұл жалғанның дымына да түсіне алмадым,— дегенді мойындауы үшін соншалықты ұзақ, сергелдең тірлік кешуі қажет пе еді. Қарттыққа қарап қозғалып келе жатқанда, ол әйтеуір бір жаққа қарай ұмтылатын, сонымен қоса адамның өмірі де оза берген. Мейлі, енді оны басқалар қуып жетсін. Бірақ олар да қуып жете алмайды. Оларға тек өздері өмірмен орайлас келе жатқандай болып көрінеді — жоқ, мұның өзі тап қазір өмірге қалай опына қарап отырса, олардың да өмірге тап солай әл-дәрменсіз, опына қарап отыруы әуелден-ақ пешенелеріне жазылған.

Ту сыртындағы үлкен Ангара үстінен бір пароход қышқырды. Соның ізінше егістіктегі жалғыз ағаш басынан бір қарға қалбалақтап жоғары көтерілді. «Телегей теңіз бетінде, Буянарал шетінде...» деген қорқынышты бір ескі мінәжат-дұға Дарьяның есіне жөн-жосықсыз сап етіп түсе кетті.

5

Кешке салым Павел келді. Қақпаның сарт еткен дыбысына басын көтеріп, Дарья Павелдің аулаға кіргенін, осы бір қала үлгісіндегі дорбаны, іші бос рюкзакті иығынан түсіргеніне қарап, оның картоп әкететініне көзі жетті. Сосын Павел үйге келіп кіргесін:

— Картопты тазартып па едіңдер?—деп сұрады ол

— Тазартқанбыз.

— Көбірек алыңдар,— деп айтып ем ғой. Қарбызбен кеттіңдер. Тым болмаса, жарты қап та алмадыңдар — сендер сияқты тамақсауларға ол қаншаға жетеді?

— Көп алсақ — былқылдап босап кетер еді,— деді" Павел сәкіге отырып, ауыр кирза етігін шешуге ыңғайлана беріп.

— Жұмсарып?— деп таң қалды Дарья.— Сен онда еден астында қамба бар демеп пе ең?

— Барына бар ғой,— деді жөткірініп Павел, аяғына жабысып қалған етігін шешіп жатып.— Қамба бар екені рас. Бірақ құдықтан суды қалай тартсақ, одан да суды солай тартып алатын шығармыз. Көлкілдеген су. Насоспен сорсаң да болады.

— Не дейді! Сонда ызалы жерге үй тұрғызғаны ма? Берген кезде қарамап па едің, жазған-ay?

— Оған қарадың не, қарамадың не... бәрінде де су бар. Ешбір Ангараның керегі жоқ.

— Бұл не деген масқара! Ол араға қалай ғана үй салған? Әуелі жерді күрекпен түртіп, онда не бар, не жоғын көрмей ме екен?

— Ойбай-ау, оны салған бөгде біреулер ғой. Сөйтіп үй-жайды да салып біттік.

— Естімеген елде көп.

Дарья үндемей қалды: апама жездем сай. Шынында да ешбір түсіндіруді қажет етпейтін нәрсені, жауабы өзінде даяр тұрған нәрсені қалай түсіндірерсің? Нан неге нан деп аталады, үй неге үй деп аталады?—деп аңқау сұрақ қоятын тек балалар ғой. Өйткені нан мен үйдің ежелден келе жатқан меншікті аты бар, басқа сөздер кейін, солардан келіп шыққан, енді олардың қайдан шыққанын біреудің білгенінен не өзгереді бұ дүниеде?— әйтеуір, нан болса, үй болса, адам тұратын үйді соқыр көзбен салатындар құрыса, болды емес пе!

Кемпір Павелдің қатты шаршағанын көріп отыр. Ол етігін зорлана әрең дегенде шешіп, сасық иісі шықпасын деп сенекке шығарып қойды да, жалаң аяқ күйі, ауызғы бөлменің бұрышындағы тапшанға отырып, аппақ болып сарсылып, ісінген аяғын абайлап алдына тартты. Биылғы көктемде, Пасхаға таяу кезде, ол елуге шықты — енді ол Дарьяның үлкені рет-ретімен санағанда екінші ұлы болатын. Тұңғышын соғыс жалмаған. Соғыс кезінде ол тағы бір баласынан айрылған-ды, ол жасы жетпегесін үйде қалған-тұғын, бірақ ол өз ажалын осы арадан, Матёрадан отыз шақырымдай жерде, орман құлатып жүрген кезде тапқан-ды. Оны үйге жабық табытқа салып әкелді де, байғұстың сау тамтығы қалмады деп, шешесіне көрсетпестен жерлеген еді. Ажал дегенің мүлде кісі түсініп болмайтын, оп-оңай келе салатын сұмдық қой: ол ұл тапты, асырап бақты, өндірді-өсірді, бала ер жетіп, ер-азамат болуына аз-ақ қалған-ды, не бар болғаны — шатасып құлаған бір ағаш нас пен көздің арасында жаншып кетіп, тіпті табытқа саларлық сүйегін де қалдырмаған. Зауалды саусағын шошайтып, мұны мегзеген кім және неліктен соны мегзеген? Оның жөн-жосықсыз, көзсіз бола салатынына, ештеңені көрмей, кімге құласа, сол сылқ түседі — дегенге өз басы сірә да сенбейді; жоқ, осынау пәледе кімнің ізіне түсетіні әуел бастан-ақ белгіленіп, мәлім болып, шешіліп қойылған бірдеңе бар. Сондай бір түсініксіз, қорқынышты шындықтың бар екені күмәнсіз: Дарьяның қаза тапқан үш баласының үшеуі де балиғатқа жетіп, өмір-тірлікке араласып кеткен еді — біреуі соғысқа жараса, екіншісі жұмысқа кіріскен, үшіншісі — Подволочная деревнясында екінші рет босанып жатқанда үзілген үлкен қызы, өз семьясымен тұрып жатқан. Подволочнаядағы қызы да су астында қалады. Жат өлкеде, басқа да көп кісілермен бірге ортақ молаға қойылған ұлы, бәлкім, жер қойнында қалатын шығар: о жақтағы жер мен судың жай-күйі қалай, кім білген, әйтеуір оның тірілерге көбірек керек екені анық.

Дарьяның осынша баласынан үшеуі тірі қалды: Иркутскідегі қызы, бұрынғы, ескі орман өнеркәсібі шаруашылығынан Матёраға жақынырақ жерден, жаңадан ашылған шаруашылыққа жуырда ғана ауысын алған ұлы мен мына Павел ғана. Оларды пәлен-төлен деп кінәлай қою күнә: өзге жақта жүргендері хат-хабар жазып, қонаққа шақырып жатады, Павелдің өзі де шешесіне мә деп қатты сөз айтқан емес, әйеліне де соны мықтап тапсырып қойған. Қартайған кезінде тап осындай тағдыр кім көрінгенге бұйырып жатқан жоқ — расында да бұдан артық не керек? Қазір әйтеуір аш-жалаңаш отырған ешкім жоқ, сол бір іс, туған-туысқандарыңның қарттарға деген көзқарасы, олар үшін ең маңызды, аса қажет нәрсе.

Павел ауыр бірдеңені ойлағандай-ақ, үнсіз төмен қарап отырды да, еденнің сыпырылмағанын содан байқап қалғасын ба, әйтеуір:

— Сен мұндағы шаруаны қалай жайғастырып жүрсің? Вера келмей ме, немене?—деді жәйімен.

— Вера келген кездері, оған көмек керек емес деймін. Бәрін өзім жинап-теремін. Тек осы кешелі-бүгін ғана салақсып қалғаным. Кешкілік, тіпті сиырға да бармадым, бар шаруаны жинап қойдым.

— Сырқаттанып қалдың ба, немене?

— Өзің қарашы, бұлар не істеп жатыр, Павел!? Не істеп жатыр а?! Кісінің ақылы жетпейді жүдә!— Әуелі сөзді байсалды бастаса да, артынан шыдамай, бетін қолымен басып, өксіген сайын ілгері-кейін теңселіп, күйіне жылап жіберді. Сәл ғана сабыр айлап, сабасына түскеннен кейін шешесі, әсіресе Воронцов пен Жуктің істелуге тиісті жұмыс туралы айтқан сөздеріне ерекше мән бере, кешегі оқиға жайлы, зиратқа не жасағаны жайлы баяндап бергеннен кейін де, бал асы ләм деп тіл қатпады, бірақ екі қолын қарттар тәрізді тізесінің арасына салып қойып, еңкейіп отырған күйі, бұрынғыдан бетер шаршап, қажып, жанын жегідей жеген бір ауыр ой тұңғиығынан шыға алмай, мелшиіп қатты да қалды. Одан жауап бола қоймағасын, Дарья жалына тіл қатты:

— Тым болмаса, сенің атаң мен әжеңді ана жаққа апарсақ... а, Павел? Кольцовтар өздерімен бірге... екі табытын ала кетті. Тіпті Анфиса да балақайын алып басқа жаққа апарып қойды. Әрине, марқұм болған үш кісінің мүрдесін әкету... бірақ тастап кеткен бұдан да өткен күнә ғой. Әне, не сұмдықты жасап жатыр! Ал егер суды жайып жіберсе...

— Қазір оған қол тиіп жатыр ма, апа,— деп жауап қатты Павел.— Онсыз да ығыр болып біттім, тіпті тыныс алар уақыт жоқ. Кейін арқа-басымыз кеңейгесін,— алып кетеміз. Мен оны біраз ойлағам. Жалғыз жүріп көз түрткі болмас үшін, біреумен келісіп алып кетеміз.

Сосын ол осы кепті қозғап, келісіп алғанына қуанарын да, қуанбасын да білмей, дегенмен, бір нәрсеге жадырай қуанып, тағы бірдеңеге елеңдеп елегзи қалып, басқа жәйтті сұрап кетті:

— Биыл осы шөп шабуға шығасыңдар ма, жоқ па?

— Білмеймін, апа. Әзірше ештеңені де білмеймін.

Ол ұлына жаны ашып, енді әрнені сұрап, басын қатырмайын деді.

Бірақ ол дегенмен де шөп шабуды тегіннен-тегін айта салмаған еді: сиырды ендігәрі ұстай ма, ұстамай ма, соны шешетін мезгіл жеткен-тұғын. Бұл сұрақ тек бұлардың алдында ғана емес, совхозға көшетін кісілердің бәрінің де алдында тұрған-ды. О жақтан, жана совхоз поселкесінен бірінен-бірі өтетін қызық та шыжық жаңалықтар жетіп жатты. Ол поселкеге алыс-жақын он екі деревняның халқы жиналады екен, онда үйлер жеке-жеке кіріп-шығатын есігімен, тұрғын жайымен екі семьяға арналып тұрғызылатын көрінеді, ал әр семьяға деген пәтер екі қабат етіліп салынып, олардың арасын, ілініп тұрған тәрізді, тік басқыш қосады дейді. Жұрттың бәріне тап осылай бірдей етіліп жасалған. Басқыштың тым тік етіп салынғанын, онымен өлмелі кемпірлер ғана емес, тіпті дымкәс кісінің де жүре алмайтынын, содан біраз адамдардың зәбір көргенінен білуге болатын еді: қызу мінезді, мес қарын колхоз бухгалтерін жұрт: Мас самаурын деп атайтын, түнемелікте басқышпен жоғары-төмен зырылдап жүргенде әлгі кісі ұшып түседі де, тепкішектерді санап, төмен қарай домалайды келіп, сосын өзінін екі қабырғасы сынып, ауруханаға барып түседі: бөтен бір деревнядан келген қиттай қыз да басқыштан құлап, басы зақымданады. Сөйтпегенде қайтеді енді — жұрт бұрын тегіс жермен жүріп дағдыланған, оларды сол дағдысынан айыру үшін біраз уақыт керек қой. Егер сондай үйде тұруға тура келсе, жоғары көтеріліп, ажал іздейтін жайым жоқ — деп Дарья іштей бір шешімге келіп қойды. Ел пәтер дегенің жайнап тұр, қабырғалары гүл-шешектермен өрнектелген, ас үйі қаладағы сияқты, онда көмір жағатын орыс пеші емес, бұрандалы электр плитасы бар—деп мақтанысады. Көшеге жүгіріп шықпас үшін, асүйімен қабырғалас әжетхана тұр, ал жоғарыда, егер біреуі онда шыға қалса, әр түрлі шкафшалары мен есіктері бар, үлкен екі бөлме мәңгі рақат дәурен кешуге арналып, саңғырлап тұрған көрінеді.

Бұл — тұрғын-жай. Ал оның тап қасында, қабырғаға тақалып, аула ішінде бір жарым сотықтай бақшалық жер жатыр, онда бірдеңе өсіп-өнуі үшін құнарлы топырақ тасып әкелу керек, өйткені ол тастақ та сазды жерден кесіліп берілген, міне, бұл да ел құлағы естімеген жабайы іс еді: дүние неліктен бұлай ойпаң-тойпаң болып кеткен: бақшаның құнарға егілмей, құнарлы топырақтың бақшаға тасылатыны қалай? Және оны қандай бақша десеңізші! Бір жарым сотық қана — бұған күлмегенде неге күлесің! Айтпақшы, тауықтарға арналған бір қуыс, шошқаның да өз қуысы бар, ал сиыр қора атымен жоқ, ал оны тұрғызатын орын тағы жоқ. Бір сыған ретін тауып, қора салған екен, бірақ поселкелік советтің кісілері қолма-қол жетіп келіп: салуға болмайды, дереу құртыңыз, бұл ара сізге сығанның дарқан тірлігі емес, қала кейпіндегі поселке, мұндағы қора-жайдың бәрі бірдей болуы керек,— деп дігерлейді. Сыған жөніндегі сыбысқа Дарья онша сенбеді: сығанға сиыр қалай біткен? Олар өмірде бұл малға жуымаған, атам заманнан атты ғана мал деп танып, сиырды ұрлаудан да жеркенетін болған. Қасқыр қойшы болып жарытпаса, сыған да бақташы болып жарытпайды. Бірақ, неге екенін қайдам, жұрт әйтеуір тек сығанды ғана сөз етіп жүрді. Дарья Павелден, сиыр қора салуға рұқсат етпейтіні рас па екен — деп сұрағанда, баласы күмілжіп, бірдеңені шала-пұла айтқан болды:

— Рұқсат етеді... Гәп сиыр қорада емес...

Иә, ең зәру мәселе пішенде болды: жаңа қоныста шабындық-шалғын да, жайылым-өріс те жоқ, ал о жақта жеке меншіктің малын ғана емес, қоғамдық малдың өзін немен асырайтынын тірі жан білмейтін. Егіске қажет жердің ағашын қопарып жатыр; ондаған шақырым жердегі тайга іші машиналар гүрілінен гуілдеп кетті, ал мал өрісін реттеуге әлі мұрсат болмай жатыр. Жер жарықтықты дағдылы тірлігінен айырып, басқа бір тірлікке бейімдеу үшін қаншама жылдар керек. Әлбетте, бірінші қыс қажетіне шөпті бұрынғы ескі жерден шауып алуға болады, бәрінен бұрын жұртты налытып, қытығына тиген де осы бір «болады» деген қысқа да сенімсіз сөз еді: бір қысқа болады екен, ал одан әрі не болмақ? Иә, не болмақ? Одан да бірден көне кеткен жақсы емес пе? Егер ең бір ауыр жылдары ішім-жеміңнің бәрі со жануардың мойнында болса, жұрт оған бауыр басып кеткен болса және қанша дегенмен де, бір қысқа осынау «болады» алақанында тұрса, қалай ғана бірден көзің қиып, көне кетесің бұған. Рұқсатына рұқсат беріп отыр-ау, бірақ екінші жағынан алып қарағанда, онда кісі оп-оңай арандап қалатын қанша ой-шұңқыр бар десеңізші: шөп шабу үшін де уақытты қайдан табу керек, өйткені бұл ара, кез келген кісінің тап осындай қам-қарекеті бар және оны бірден түсінетін колхоз емес қой; сосын шөпті шауып болғасын, Ангара тасып, жайылып кетпей тұрғанда, со пішенді өзеннен қалай өткізіп аласың, сосын оны өрге қалай шығарасың? Ал бірақ бір тәсілін тауып, оны шауып, өзеннен өткізіп, өрге көтеріп, тасып алсаң — оны қай жеріңе қоясың? Тағы да сиырдың өзін қалай ұстайсың? Осындай машақаттың көп екендігі сонша, еркіңнен тыс еңсең түсіп кетеді: бұдан да қараң қалсыншы, сол қараң қалғырлар!

Жоқ, осы бір ақырғы жыл, өзгеріс жылы сұмдық қорқынышты болып көрінді. Және оның айрықша қорқынышты, әділетсіз болып көрінетін бір себебі, ол бұрынғыша, өзінің кәдуілгі, жылдамдығымен, күнді күн қуалап, со болатын іске қарай жылжып келе жатты және осынау «болатын істі» ештеңемен де кейінге қалдыруға әсте болмайтын еді. Кейінірек сол іс жүзеге асқан кезде, бұлар жаңа өмірге еніп, әркім ез тірлігін анықтап, кім болатынын: шаруа бола ма, бірақ қазіргі шаруа емес, бұрынғы шаруа бола ма немесе текті дворян бола ма, соны бір тындырып алғаннан кейін, осынау жана өмірдің қамытын киіп, тарта жөнелгенде, бәлкім, өмір жеңілдей түсер, ал әзірше, алдағы тірліктің бәрі жұртты шошытып, бәрі де бір баянсыз да жат, әлгі біреу ойнақтап көтеріле салса, екінші біреу көтеріле алмайтын, әркімге — кез келген кісіге ыңғайлы бола бермейтін, басқыш сияқты жарлауыт бірдеңе болып елестейді. Жастардың жөні басқа, олар бір аяғымен секіріп-ақ жоғарыға лезде көтеріле салады — сол себепті де олар Матёрамен оп-оңай қоштасты ғой. Клавка Стригунова сол ойын ашық айтып та салған.

— Мұны баяғыда-ақ суға батыру керек еді. Тірінің иісі шықпайды... бұлар адам емес, қандалалар мен тарақандар және тапқан жерін қарашы — көлбақа сияқты... шалқыған судың ортасында тұрады,— деп.

Және ата-бабаларынан қалған үйін өртеп, сол үшін төленетін, қалған ақшаны алатын сәтті күте-күте екі көзі төрт болды. Ол өзіне салса, үйін баяғыда-ақ өртеп, артына мойнын бұрмастан-ақ, ызым-қайым кетіп қалар еді, бірақ Клавканың қора-жайының о жағынан да, бұ жағынан да жанастырыла ығы-жығы салынған, өзінікі тәріздес үйлер бар-тұғын, ол үйлердің мал-жаны әлі де кетпей, бұрынғыша тұрып жатқан, ал өрт соларға барып тиюі ғажап емес. Сол себепті де Клавка жіпсіз байланып қалып, Матёра мен матералықтарды қарғап-сілеп, дүниедегі бар пәле мен жаланы солардың басына үйіп-төгеді.

— От қоямын,— деп сес көрсететін ол совхоздан келген сайын.— Менің енді шыдар жайым жоқ. Кеткілерің келмесе, өртенгілерің келсе — өртене беріңдер. Ал өз басым сендер үшін жәбір-жапа шеге алмаймын.

Осындай істің,— қора-жайы үшін тиісті ақшаның екінші жартысын тезірек алудың — қам-қаракетімен Катерина кемпірдің баласы Петруха да айналысып жүрген. Бірақ Петруханы басқа бір пәле жібермей қойған. Осыдан екі жыл бұрын қайдағы бір белгісіз адамдар Матёраны аралап, оның күллі үйлерінің іші-сыртын байыптап көріп, қабырғаларын тықылдата соғып тыңдап біткесін: Петруха үйінің маңдайшасына: «Ағаш сәулет өнерінің ескерткіші. Ғылым Академиясының меншігі»— деген қаңылтыр тақтаны қағып кеткен еді. Олар Петрухаға оның үйін музейге алып кететінін айтқан, сол-ақ екен, ол әуелгі кезде тым мақтанып кетті: Басқаның үйін емес, Петруханың үйін бөліп алып, айрықша атап өтті, енді бұл үйдің қандай үй екенін, оның терезе, қақпақтары ою-өрнегінің нәзік те мінсіз жасалғанын, дуалдарындағы бедерлі нақыстарының әсемдігін, оның полатылары қандай және оның нендей бөренелерден қаланғанын қызықтап көру үшін жұрт енді ақша төлейтін болады. Ал ондай қаңылтыр тақтайшалар диірмен мен мангазея қабырғасында қағулы тұрса да, олар қанша айтқанмен диірмен мен мангазея ғой, ал мынау кәдімгі тұрғын үй — ендеше бұларды салыстыруға бола ма екен. Бұл тек уақытша қойылған тақтайша, музейде басқасы, «Матёраның шаруасы Петруха Зотовтың үйі...»—ең дұрысы: «Матёраның шаруасы Никита Алексеевич Зотовтың үйі»— дегені қойылады. Жұрттың бәрі оны оқып, Петрухаға — Никита Алексеевич Зотовқа қызыға да, қызғана да қарайтын болады. Туған кезде оған расында да Никита деп ат қойып, қағазға да жазған, ал күнделікті өмірде қара дүрсіндігі, салдыр-салақтығы мен дәйексіздігі үшін оның есімін Петруха деп өзгерткен-ді. Енді қазір оның Никита екені тірі жанның есінде қалмапты, туған шешесінің өзі оны Петруха деп атайтын, ол тек, өзінің қиялында ғана мұны ел болып, атақ-даңқы жер жарған айрықша кісі ретінде наградтап, атын көкке көтеріп, мадақтап жатқан кездерде ғана, ешкімге білдірмей, құпия түрде қағазды алып, шын атын жазып қоятын, ал күнбе-күнгі өмір-тірлігінде сол үйреншікті Петрухасын місе тұтып жүре беретін. Ал бірақ тақтайшада, тасқа басқан жазуда, жалпы тәртіп бойынша, аты-жөні толық болуға тиіс.

Сонымен арада талай-талай айлар да өтті, бірақ Петруханың үйін ұнатып, ықылас-ынта білдіріп кеткен кісілерден хабар-ошар болмады, сол себепті де енді Петруха мазасыздана бастады. Үй ақысы төлемінің жартысы, аванс баяғыда ішіліп-желініп біткен-тұғын, ал, енді оның қалған жартысын алу үшін Петруханың үй-жайы тұрған жерінде болмауы керек-ті. Соңғы жыл бойы Петруха «Ғылым академиясы өз меншігін алып кетуі керек деп оларға қайта-қайта хат жазып, қатал талап қойып жатты. Оған жауап қайтарар жан болмады. Ол енді музейі құрғырға налитын да болды — тақтайшаға атын әйгілеп, мәңгі-бақи етіп жазбай-ақ қойсыншы — тек ақшасын алса екен. Петруха колхоздан кейін ешбір жерге тұрақтай алмады, еш жерде жұмыс та істемеді, әйтеуір кездескен оны-мұныны істеп, тиын-тебен тапқан болады, сөйтіп шешесі екеуі ашты-тоқты селбесіп күн көріп жатты, ал тап осы кезде қайдағы бір ведомостағы мұның фамилиясы тұсында табаны күректей мың сом ақша, мол дәулет жазулы тұрған еді. Ендігі іс онша қиын емес — үйді құртса болғаны. Әлгі бір «Ғылым академиясы» болмаса, оны бұл қас қағымда жойып жіберер еді: Петруханың қора-жайы елден ерек оқшау тұратын, ендеше көрші-қолаңға алаңдамаса да болады. Бірақ «Ғылым академиясының меншігі» мұны кежегесінен кейін тартқыза береді. Тасқа басылған әріптермен жазулы тұрған мұның, Петруханың жеке меншігі емес — тағы бір бәлеге ұрынып қалмаса болғаны. Гәп мынадай: үй Петруханікі, ал меншік Петруханікі емес — сонда оның нағыз қожасы кім екенін айырып-ажыратып көрші кәне. Бұған да бермейді, өздері де алмайды.

— Олар мейлі тоса берсін,— деп айбат шегеді Петруха Ангарадан жоғары алыста жатқан бір жақты иегімен мегзеп.— Ағаш темір емес, ол қарап тұрып, өздігінен лау етіп жануы мүмкін. Кімнің меншігі екенін сосын сұрай жатар. Мейлі, тоса берсін.

Клавка мен Петруха екеуі, сосын тағы бірді-екілі жастар — олардың кейбіреуі кетіп, енді біреулері әлі кетпеген — осынау өзгерістерге мәз бола қуанысып, онысын жасырмай да жүрді, ал қалғандары алда не күтіп тұрғанын білмей, сол өзгерістен шошынып, қорқады да. Бұл араның бәрі таныс, өз үйің — өлең төсегің, басқан ізің — жол-соқпақ, бұл арада өз адамдарыңның арасында жүргенде тіпті ажалыңды да кәдімгідей ап-анық көресің — қалай жоқтау айтып, жылап-сықтап, қайда апарып, кімнің қасына қоятынын да білесің, ал о жақта — бұл дүниеде де, ана дүниеде де не болып, не қоятыны беймәлім. Павел совхоздан аз уақытқа келген кезде, Дарья одан күллі жай-жапсарды түрткілеп көп сұраған; сонда баласы жаңа тірлік шешесінің ескі ұғымына сай келмей ме деп, оның қорқынышынан біртүрлі сескенетін тәрізденіп, кінәлі кісідей-ақ, мандытып жауап қайтара алмаған.

— Жұрттың бәріне бір-ақ монша дейсің бе?— дейді ол таңырқап, оның қандай монша екенін көз алдына елестетпек болып.— Көрмегеніміз көп қой! Қалың жұртқа бір-ақ монша дейді?.. Өз моншасын тұрғызуға болмай ма сонда?

— Оны қайда тұрғызасың?

— Құдай сақтасын! Ондай масқараға барғанша кір-қожалақ болып жүргеннің өзі артық.

Бұған қоса тағы бір жаналық жетті: үй астында су бар екен. Егер биыл су болса, келесі жылы да болмақ — қайта биыл жаз құрғақ болып тұр ғой. Ендеше еденді көтеруге мүмкін болса, оны көтермек керек, сосын жиналған суға ағаш науа орнатқан жөн. Бір жарым сотық бақшаға соның суы да жетеді. Тоқымдай жерді тауықтардың өзі-ақ қопарып, жинап тастамай ма, тәйірі.

Матёраны талай рет аңсайсың ғой әлі, аңсайсың...

6

Шұбатылып түн келіп, Матёра ұйқыға бас қойған кезде, диірмен өзек кенересі астынан, мысықтан сәл ғана қалқыңқы, езге ешбір айуанатқа ұқсамайтын, кішкене ғана бір аң—арал қожасы жүгіріп шықты. Үй бас сайын иесі болса, аралдың да иесі болуға тиіс. Оны бірақ мұнда ешкім де көрмеген, ешкім де кездестірмеген, ал, ол осынау су түбінен көтеріліп шығып, сумен қоршалып қалған оқшау жердің о шеті мен бұ шетінде, алыс-жақынында не болып жатқанын, оның мал-жанын түгел білетін. Ол билеуші Қожа болғандықтан да, бәрін де көріп, бәрін де біліп, ештеңеге кедергі-кесірін тигізбей жүруі керек-ті. Енді тек ешкімді кездестірмей, өзінің бар-жоғын ешкімге де білдірмеген күнде ғана Қожа болып қала беруге хақысы бар-тұғын.

Диірмен өзек жағасындағы көне мекені — терең інімен әлгі бір әзірде сыртқа сығалап бір қарап, ол кешқұрым жұлдыздардың жамырап шыға келіп, сосын көп ұзамай сөніп қалғанын байқаған. Бәлкім, олар қазір де бір жақта андыздап тұрған шығар, өйткені жоғарыдан бір сұрғылт кілегей жарық төгіліп түр, ендеше оның шығатын көзі болғаны да, бірақ оның жіті жанарының өзі оларды айыра алатын емес. Мұның үстіне ол аспанға қарауды ұнатпайтын, өйткені ол бұны түсініксіз бір беймаза халге келтіріп, түпсіз тұңғиығымен зәре-құтын қашыратын. Мейлі, оған екі аяқты, жұмыр басты пенделер ғана қарап, көңіліне жұбаныш таба берет: бірақ байғұстардың арман-қиял деп жүргендері естелік қана, тіпті ең бір аяулы да алыс, тәтті ой-санасындағы әсем арманы, тек құрғақ естелік қана. Ешкімнің де армандауға хақы жоқ.

Түн барқыттай жұмсақ та жылы-тұғын, бәлкім, басқа бір жерлерде тастай қараңғы да шығар, бірақ мұнда, айдынды өзен үстінен төнген аялы аспан астындағы аралда айнала тегіс көрініп, ашық-жарқын жатыр. Төңірек жым-жырт, бірақ осынау мүлгіген, ағынды өзен тәрізді, сергек тыныштықтан жоғарғы және жақын мүйістердегі су сылдыры да, ну ағаш арасындағы жел шуы тәріздес сонау алыс, бөтен жақтағы, сол жағалаудағы сарқыраманың талып естілетін көмескі шуылында, кешігіп ойнаған балықтың шолп еткен ерке дыбысы да — бәр-бәрі ап-анық естіліп түр. Бұл сақ құлаққа ә дегеннен-ақ лып етіп жетіп келетін әуезді дыбыстар, Ангараның дыбыстары еді, тек осыны есітіп, танығаннан кейін ғана аралдың өз дыбысын: тепсеңдегі кәрі самырсынның буын-буыны сырқырап, қинала сықырлағанын, сол арада жайылып жүрген сиырлардың балауса шүйгінді күрт-күрт үзе шайнап, шабан қозғалған тысырын, ал деревнядан — ұдайы далада жүріп-тұратын жануарлардың — тауықтардың, иттер мен малдың тынымсыз қимыл-әрекетінің дыбысын естуге болады. Бірақ осы дыбыстардың өзі Қожайынға қатты да дөрекі болып естіледі, ол жер қойны мен жер бетіне жақын-жуықта болып жатқан жайттарға: жем іздеуге шыққан тышқанның сыбдырына, ұясында жұмыртқа басып отырған шымшықтың бұқпантай қозғалысына, ағаш бұтағының түнгі құсқа жайсыз болып көрінген, тосыннан-тосын тербеліп, сытырлап барып басылған әлсіз лебіне, бойлап өсіп келе жатқан шөптің дем-тынысына жаны рақат тауып, өзгеше бір елгезектікпен құлақ түреді.

Інінен атып шығып, тың тыңдап, төңіректе не болып, не қойып жатқанын дағдылы әдетімен көкейіне құйып алғаннан кейін, Қожайын сол бұрынғы сабырлы қалпынан айнымай, үйреншікті қам-қарекетіне кірісіп аралды аралап кетті. Ол ұдайы бір жолмен жүрмейтін, бүгін, мәселенки, сол жағалаумен жүрсе, ертең оң жағалаумен жүретін, аралдың ортан беліне дейін барып, қарағай тоғайы маңындағы бір жерден кейін бұрыла да салар еді, көңілі қаласа, бүлкілдеп аралдың шетіне дейін де бара-тұғын, тіпті Подмогаға өтіп кетіп, оның өмір-тіршілігін тексеріп, ұзақ уақыт аялдап та қалатын, бірақ ол ешқашан да деревняға соқпай кетпейтін. Әр алуан өзгерістер көбіне-көп сонда болып жататын. Ол, енді көп ұзамай дүниенің бәрінің біржолата өзгеріп, өзінің Қожайын болудан қалатынын, тіпті жалпы мақұлық болудан қалатынын күнілгері сезсе де, соған мөлтеңдеп мойынсұна берді. Болар іс—болмай қоймайды. Оның мойынсұнып көне кеткен себебі — өзінен кейін бұл арада ешбір қожайын болмайды, қожалық ететін жер де қалмайды. Ең соңғы Қожайын өзі. Бірақ мына арал аман тұрғанда бұл араның өзінен бөтен қожасы жоқ.

Ол заулаған күйі дөң басына, бағана күндіз Дарья кемпір отыратын жердің қасынан келіп шықты да, басын көтеріп, айналаға көз тастады. Матёра мамыражай мүлгіп жатыр: әріректе қалың орман қарауытады, тебіндеп өскен балауса күміс судай көлкілдейді, үлкен қоңыр дақтай болып, деревня қараңдайды, одан үйреншікті тақ-тұқ, тарс-тұрс еткен дыбыс та шықпайды: бірақ ол сондай тақ-тұққа, тарс-тұрсқа іштей әзірленіп жатқан тәрізді. Күндізгі жылу сейіліп-суып, жерден бір ашқылтым салқын сыз иісі бұрқырай көтеріліп келеді. Белгісіз бір жақтан, лықсып келіп, құмға сіңген толқын секілді, жел арындап, желпіп өтті де, зу етіп, басыла қалды. Бірақ кәрі самырсын мазасызданып, ұзақ сықырлады, ұйқысынан шошып оянғандай-ақ, бір сиыр мөңірей түсіп, дыбысын кілт үзді. Алыс жағадағы қалың жыныс арасындағы қарақат бұтасы еңсесін басқан өзге бір бұта бұғауынан босап, тербеліп барып, бойын түзей берді. Су бәсең шылп етті — әлде ол кеш бойы жүзе-жүзе жарылып кеткен отау-көбік пе, әлде жан тәсілім етерде құйрығын бір бұлғап қалған балық па, кім білген: әйтеуір майса шөп бастарын жыбырлатып, ауқымы тар бір жолақ толқын ойнап өте шықты, тепсеңдігі самырсынмен қатар тұрған қайың бұтағында былтырдан ілініп қалған ен ақырғы қу жапырақ енді ғана үзіліп түсті.

Қожайын деревняға қарай бет түзеді.

Ол оны айналып шығуды жалаңаш мүйістегі Богодул тұратын барақтан бастады. Баржа тәрізді ұзын да жатаған барақ азып-тозып, шіри бастаған, Богодулдың осында тұратынынан оған ешбір қайран болмаған. Тез салынған үй де тез ескіреді ғой. Матёрада салынғанына екі жүз жыл, тіпті одан да көп уақыт өтсе де, түр-түсін де бермеген, рухын да жоймаған үйлер бар-тұғын, ал мынау жұрт кәдесіне жарты ғасырдай ғана жарады. Мұның бұлай болатын себебі, оның тұрақты бір иесі болмады, онда тұрған кісілердің бәрі, тек бұған суық пен жауында ғана баспаналап келіп, тығылатын-дағы, сосын бір тәуірлеу үй тауып, тезірек кетіп қалуға тырысатын. Богодулдың бұдан басқа барар жер, басар тауы болмаса да, ол қайдан қожа болып жарытсын.

Богодул барақтың деревня жақ шетіндегі бөлмеде жататын. Бөлме қабырғасы мен терезесінен оның қос дауысты құдіретті қорылы — дем алғаны мен шығарғаны — анық естілетін, оның осынау қорылын тыңдай тұрып, Қожайын тек қазір ғана емес, оның осында, Матёрада ажалға жан тапсыратынын, Қожайынның өзі сияқты, оның да осы жазда өлетінін талай рет сезген.

Бір кездері өзек осы арамен түп-түзу болып мөлдіреп ағып жататын, бірақ бірте-бірте, жүре-келе оның арал мүйісінен ағысын бүйірге қарай өзгертуіне байланысты, бұл көмейді тас басып қалды да, қатты ағынды таза су солға қарай бұрылып кетіп, мүйіс сыртында түбі ұйықтанып, балдырлары ырғалып тұрған, шалаулы қарасу борсып жатты. Төменірек барғасын өткелек өзек еркін шалқып, көсіліп кетеді де, оның арнасын қуалай қиыршық құм-тастар қайтадан пайда болып, жарлауыт қабақ түксиіп шыға келеді, деревня, міне, осы жар басына салынған еді. Жар басына жете алмай, шаршап қалып қойған тәрізді, бірінші болып Петруха Зотовтың үйі тұратын. Петруханың енді көп ұзамай үйін жойып жіберетінін Қожайын жақсы білетін. Бұл үйден, тек Қожайынның бір өзі ғана сезіп түйсінетін, айы өтіп, күні біткен ақтық тағдырдың әрең-әрең білінетін өзгеше бір азып-тозған ашқылтым иісі келетін, бұдан оның қателесуі қиын еді. Түн баласында бүкіл деревняның басынан аяғына дейін, тап осы тәрізді бір иіс сыздықтап шығып жататын, ал бірақ Петруха үйінің қасынан бұл иіс анығырақ сезілетін. Жазмыштың ісіне қара жер де, оның үстіндегі жұрттың үн-түнсіз мекен-жайы да өздерінше күн ілгері әзірлене бастайды.

Қожайын көше жақ беттен осынау үйдің көне де берік ағашына арқасын сүйеп отыра кетті. Бөрене-бөренені қуалап төмен қарай тысыр-тысыр етіп, белгісіз бір тоқ-қуат ағып жатыр. «Тырс-тырс, тырс-тырс, тыныстайды ағаш үй,— тырс... тырс...». Ол отыра қалып, тың тыңдады, біраз тыңдағасын, көңілі байыз тауып, жылы ағашқа жабыса түсті. Соңғы рет адалдығын көрсету үшін әйтеуір біреу мұрындық болуы керек, иә, әйтеуір біреуден іс басталуға тиіс. Бұл дүниеде тіршілік ететіндердің бәрінің бір ғана мәні — қызметтік мәні ғана бар. Ал барша қызметтің де бітер кезі болады.

Ол орнынан тұрып, жолға қарай бірнеше қадам басып барды да, оюлы-бедерлі маңдайша астындағы аласа терезелерге мойнын бұрып бір қарады. Оның аласа болатын себебі, үйдің пәс тартып кеткенінен де емес, соңғы ғасыр ішінде оның астындағы жердің көтеріле түскенінде еді. Осынау үй ішінде шым-шытырық бір түс көріп, жаны жай таппай шошынып Петруха ұйықтайды, жайсаң жаз ортасында кәрі сүйегін жылытып, орыс пеші үстінде оның шешесі — Катерина ұйықтап жатыр. Катерина, Катерина... Жақсы адамнан неге жаман бала туатынын кім біледі, кім айтады? Көңілдің бір медеуі — әйтеуір, жасарыңды жасап, жар шетінде тұрғаның.

Деревня үйлері рет-ретімен тізіліп тұрған жерге келгенде, Қожайын жүгірісін баяулатып, жиі-жиі тоқтап, төңірегіне құлақ тігіп, иіс-қоңысты да мүлт жібермей келе жатты.. Ол ештеңеден де қорықпайды: ит те, мысық та оның жүргенін сезбейді, ол кеше түннен бері осында болатын өзгерістердің бірде-бірін байқаусыз өткізгісі келмеді. Ол кеше деревняға тек таң алдында ғана келіп кірген, өйткені зират басында жасалған сұмдықтан қатты шошып, қалжырап қалған қарт кісілер, енді бұған бір зауал болатын шығар деген үмітпен, соны үрейлене күтіп, таң сәріге дейін ұйықтамай, ыңқылдап-күрсілдей, көп азапқа түскен. Бүгін тегі, деревняның жаны жай тауып, ұйықтап қалған тәрізді.

Деревня қалың ұйқыда: кешегідей иттер де үрмейді, есік-терезелер де сықырламайды. Үй іштерінен елеңдеп шошынған дыбыстар да естілмейді. Күңгірт кеше жайбарақат құлазып жатыр. Өз тірлігін бойына жасырып, ақшыл терезелері бозарып, тым-тырыс тымырайып үйлер тұр, бірақ солардың біреуіне Қожайын жақындап барса болғаны, әрбір үй өз даусымен: бәрін де білемін, бәрін де сеземін, бәріне де әзірмін,— дегенді білдіргісі келгендей, көндімбай кейіппен ұзақ күрсінеді. Олардың ішінде әлі де жасына жетпеген, іргесі жерге батып, сырты қарая қоймаған, осыдан жиырма, отыз жыл ғана бұрын тұрғызылған үйлер де бар, өз тағдырынан хабардар осынау үйлер жаздың қысқа түнінде сол тағдырына тағы бір адым жақындап, жалпы тізбекте монтансып тұр. Қоштасар сәтте қанасында қанша жылу мен жарық барын әлемге паш етіп, олар осы көнбіс қалпында үн-түнсіз ең соңғы ақтық күніне дейін барады, өйткені алаулаған от оның тәнінен зорлап алынатын, ілгеріден бойына сіңіріп сақтаған күннің жылуы ғой.

Түн түнере түсті; бірақ сол бұрынғы қалпында көлеңкесіз күңгірт. Іргедегі судан толқынданып, дымқыл сыз келеді, ал ол сәл басыла бергенде қаңырап қалған үйлердің құрғақ шірік иісі қолқаны қабады. Қора-жайларға жақындап келгенде Қожайын, бұлардың күні бойы жинаған жылуының тарап, суып бара жатқанын сезді, бірақ со жылу бүгін әлсіздеу де аз көрінді: тегі, ертең күн бұлтты болатын тәрізді.

Матёра қыстағы қалың ұйқыда. Мұндағы кейуана кемпірлер мазасыз шолақ түстер көреді, сол түстері пәлен рет қайталанып жатса да, олар соны білмей-сезбей жатыр. Тек мүлгіген түнде ғана тірліктің тұрлаулы жағалауынан алыстап, тірілер өлілермен дидарласып жүреді — кәдімгі тірі күніндегідей сөйлеп, өлілер де келеді, олар ана жақтағы бұлар білетін кісілерге айта бару үшін, жоқты-барды сұрайды. Көңіл көзі ұйқыда, емін-еркін ессіз жатқан тірілер талай нәрсенің басын шатады, бірақ оянғаннан кейін соның көбін ұмытып қалады да, түстің есінде қалған жұрнағын ойына не келсе сонымен кездейсоқ жори салады.

Алыс шалғайдағы жасын жарқылындай болып, тап қазір осы бір түстер терезеден ақшыл сәуле шашып, жалт-жұлт еді, міне, осынау сәулеге қарап, қай үйде кісі бар екенін, қай үйдің қаңырап бос тұрғанын білуге болар еді. Бұл түнде түс көрмеген жан болмады. кемпірлер ақырғы күндер жайын айтып, ауыр күрсініп, шағынып жатыр.

Деревняны, басынан аяғына дейін жүгіріп көріп шыққаннан кейін, Қожайын көшеден солға, өзеннің жалаңаш, жарлауыт қабағына қарай бұрылды. Ол арадан бәрі де көрінеді, кен көсілген шалқардан күңгірт қиыр бұлаңдайды, төменгі сарқырама суы әйнек сияқты жылтылдап, әйнек сияқты сыңғырлап жатыр. Күйлі ішектей созыла сарнап Ангара ағады; арал ортасына келгенде өзен сарыны екі ішекке бөлініп, қайта барып қосылғанша, арна үстінде әндетіп тұрып алады екен. Қожайын асау өзеннің қанасынан шығатын осы бір әуезді күйді тыңдауға әуес, бұл күй күндіз бөтен бір у-шу дыбыстан бәсеңсиді де, түнемелікте тап-таза, ап-анық естіледі. Бұл оны мәңгілік мұғражына, жазмыштың бұлжымас тәртібі жайлаған жаққа алып кететін, бірақ осы бір әуеннің ұзамай үзілетінін, бұл арадағы тұңғиық қара су үстінен тек тентек жел ғана аңырап тұратынын Қожайын кәміл білетін. Осыны есіне алғасын, Қожайын аралдың төргі түкпіріне қарай бұрылды.

Түн енді тоқтап, Ангараны кесе көлденең, өзінің батып-жоғалар жағына қарай ағындамай, кенересіне шүпілдей толып, Матёра үстінде көзсіз, жайымен, абайлап үйіріліп жүрген тәрізді. Оның бірде о жағынан, бірде бұ жағынан ерке жел келіп қытықтан көріп еді, бірақ шиырлап өтер жол таппағасын, табанда қалғып-мүлгіп, жер бауырлап келіп, қалың шөп арасына жантая кетті. Ылғал шөптің иісі бұрқырап тұр екен, соған қарап Қожайын ертең түс мезгілінде қысқа нөсер төпеп өте шығатынын сезді.

Арал өзінің үйреншікті мерзімді тірлігін жалғап жатты: егін мен шөп жайқалып өсе түсті, жер қойнындағы тамырлар желісі жайылып, ағаштардың жапырағына жапырақ қосылды; күлте-бүрі төгілген мойыл мен дымқыл шөп иісі аңқып тұр; он жағалаудағы бұталар суға қарай еңкейіп, күбірлеп сөйлеп жатқандай; түн мақұлықтары мен құстары жем іздеп жүр.

Арал әлі де ұзақ өмір кешетін секілді.

7

Шет-шегі көрінбейтін бір ұзақ-ұзақ, жайлы-жақсы күндер келді, дегенмен Егор атай белгілеген, көшер күннің тез жеткені сондай, бұлар артына бір айналып қарап та үлгірмей жатып, соңғы екі аптаның қалай өткенін білмей қалды. Бұған қоса Настасья Троицадан кейін уақытты тағы үш күнге созды — ақырында ол күндер де зулап өте шықты...

Олар сәрсенбіге жүрмек болды. Тегі, қай күні жүрсең де, ешқандай айырмасы жоқ сияқты, бірақ неге екенін қайдам, әйтеуір белгісіз бір мейрімді тағдыр айдап, бір кезде осы араға қайта оралу үшін, аптаның ортасында, сәрсенбінің сәтінде жүрген жөн тәрізді көрінеді де тұрады. Настасья бейсенбіні ұнататын, ол бір сәтті күндей көрінетін, бірақ бейсенбі аптаның аяғына жақын, демек, басқа жағалауға, басқа өмірге жақын, одан бұ жаққа қайта жету қиынырақ.

Настасья көрер таңды көзімен атырды, түнімен шамды жағып қойды — Матёрада электрді қайда, көктемде өшіріп тастаған, жарық беретін машинаны бір жаққа алып кеткен, содан кейін қыстақ тұрғындары керосинге көшкен-ді. Ең соңғы түнде қалай ғана ұйықтайсың, оған деген тыным-тыныштықты қайдан ғана табарсың? Көз шырымын алам деп, өмір жайын, тірлік жайын ойламай, қалай ғана тұрарсың? Ол оқтын-оқтын әлде бір шаруасын, сосын екінші шаруасын ұмытып кеткені есіне түсіп, дереу соны іздеуге кірісіп кетеді де, таба алмайды, күңкілдеп жүріп, бұрыш-бұрышты қарайды келіп, сенек пен қойманы тінтіп, шырақ жағып, амбарға барады, дайын тұрған буыншақ-түйіншектерді шешіп-байлап, әлекке түседі, ақырында іздегенін тауып алады, бірақ табанда тағы бірдеңесін іздей бастайды. Тіпті ештеңені жоғалтпағанның өзінде аса керекті заттың бірі қалып қоя ма деп, тыным таппай түртінеді де жүреді. Үй қаңырап, самбырлап бос тұр, Настасья тап бір қаңылтырды басқандай-ақ, аяғының тықыры қабырғаларға тиіп жаңғырады, оның әрбір қадамынан қақпағы жабылмаған терезең зыңылдап кетеді. Терезе қақпақтарын жаппайтын себебі — ұйықтап қалғысы келмейді, таң жарығымен тұрғысы келеді. Бұл, әрине, кешікпейін дегені. Ұйықтап қалу қайда! Ұйқы жеңетін күндер өткелі қашан, ал осынау түнді сөз етпесе де болады.

Осындай әбігер-машақатпен жүріп, Настасья оқта-текте:—мен осы қайдамын, өз үйімдемін бе, әлде басқа жердемін бе?—деп аңырып тұрып қалады. Кәсекті суреттер алынған жерлері ақтаңдақтанып қалған жалаңаш қабырғалар, терезелер арасындағы айна орнында үлкен шеңбер қалған. Жалаңаш қоршау, жалаңаш еден, ашулы есіктер, шымылдығы жиналған пеш үсті; бос киім ілгіштер мен босап қалған бұрыштар — айналаның бәрі бос, жалаңаш, қаңырап тұр. Кірмеліктің тап ортасында таудай болып, құрсаулы сандық пен үй ішінің барша мүлкі салынған үш тең жүк үюлі тұр. Тек терезелер пердесі ғана қалыпты, әуелгі кезде Настасья оларды сыпырып алған, бірақ үйдің бар жылуынан біржолата айырылып, жалаңаштанып қалғанын көргесін, шыдамай, қайтадан іліп қойды. Сосын ескі едендікті алып, табалдырық қасындағы орнына төсеп жатып: «Қалаға барып, өміріңді өзгертіп қайтесің, қарағым осы жатқан жеріңде, үйде қала бер. Енді саған біздің — Егор екеуміздің керегіміз шамалы, сол таныс табалдырығыңның қасында жата бер. Солай-ақ болсын. Иә, жата бер, бұл арада саған ешкім тимейді. Пенсияға шыққан сияқтысың»— деді ол еркелете тіл қатып. Осыдан кейін ол қолы тиген нәрсенің бәрімен де сөйлесті. «Ал сен, бізбен бірге жүр, жүресің дегесін жүресің, тығылып әуре болма. Мен сені тастамаймын, сенсіз қолым қысқарып қалады. Жоқ, өтінбе, тастамаймын. Осында өзім де қалар едім, болмайды бірақ». «Ау, сені мүлде ұмытып кетіппін. Кел мына араға отыр, орын бар. Кел дегесін кел енді». «Өзім де сені қуана-қуана алар едім. Бірақ қалай аламын? Әрине, ала кетсем, жақсы болар еді, бірақ реті келмей тұр. Қайтейін — қал енді! Мен әлі келемін — екеуміз көрісеміз».

Настасья сентябрьде келіп, картоп қазып әкетпекші еді.

Егор атай кемпіріне күдіктене қарап қояды: Троицадан бері көзіне бір рет те жас алмады, шамасы, енді жыла, жылама, бәрі бір, кейін қайтуға болмайтынын, әйтеуір кету керек екенін ақырында шынымен-ақ түсінген тәрізді. Ал соған дейін, кететін күн жақындай түскен сайын ағыл-тегіл жылап, солықтап, көзі бір құрғамай қойған. Іс арасында аңырып тұра қалып, Егордан көзін алмай — мұндайда шал қоңырайып теріс қарайды — кемпірге бәрібір:


Мазмұндас кітаптар

1 тарих
2 Мұхтар Әуезов
3 Дәулетбек Байтұрсынұлыөлеңдер жинағы
4 әңгіме
5 әлемдік философиялық мұра
6 естеліктер
7 химияэкология
8 Әлжаппар Әбішевәңгіме
9 дастан
10 жыр

Пікірлер:


Жолдаушы №: #106, : 23:40 - 2019/02/17

Менің есімім Мари, мен кетіп, Canana-да жұмыс істеймін, әлемде менің күйеуім басқа әйелмен алдап, ажырасуды қорқытып, ұлымызды қамқорлайтын болар еді, менің қарым-қатынасымның прөблемәсін шешуге көмектесті. Мен төмен қарадым, жақсы ойлай алмадым, өз қиыншылықтарымды ең жақсы дөсіммен бөлмейінше, мен өз өмірімді алмайтынымды сездім, мен өзімнің ең жақсы дөсіммен бөліскенше мен өзімді сезінгендей сезіндім, бұл туралы досыма хабарлаудан гөрі не істеу керектігін білмедім мені досым осы зәклинәние кәстрюлімен таныстырды, мен оны дәрігермен байланысқа жібергенім туралы хабарды жібердім және мен барлық дәрігердің екі күннің ішінде күйеуім қайтып оралғанын сұрадым, күйеуім кенеттен өзгеріп, қәзірдің өзінде әуестенушіні өзгертті, алаңдатады, әрқәшән алаңдаушылық. Мен өзімнің ғибадатхананы бүгінде ұқсас күйде айналдыруға шешім қабылдадым, сондықтан мен оның қарым-қатынасы нашар болғанға дейін оңай көмек ала алады. Күшті зәклинәние spellspecialistcaster937@gmail.com, бұл Науапп нөмірі 23480887777194 сіз өзіңіздің өміріңіздегі бір нәрсе туралы хабарласуыңызға болады, мен оны келесі жөлмен шеше алатын әлдеқәйдә көп нәрсені жасауға болатындығын естідім.
1. Любөвникпен танысыңыз немесе оны қайтадан орындаңыз
2. Рухани түсірілім
4. Ақша жалқаушылығы
Ұзақ өмір сүру ұзақтығы
6. Өмір сүру жазу
7. Ойынның # blgtk08 # қорғауы
8. Жұмыстың зәклинәни алу
9. Менеджердің емлеушісі болыңыз
10. Сыйақы төленбестен үлкен несие алу
11. Блефен ақша алу
Балалық шағы
13. Жүктілік туралы жазу
14. Бостандығын ж


Жолдаушы №: #84, : 03:39 - 2017/09/18

Мен өз тәжірибемді сіздермен бөлісу үшін осындамын. Күйеуімді қалай қайтарғаным туралы біз 9 жылдан бері тұрмыз және екі баланы алдым. Бізбен бірге жақсы болды және біз әрдәйім қуанамыз. Бірде күйеуім түсінбей қалмай жүре бастағанға дейін, мені мен балаларға қалай қарайтынына өте қатты шатастырдым. Сол айдың соңында ол үйге келмеді және ажырасуды қалайтындығым туралы қоңырау шалды, мен оған осыдан лайық болу үшін не істегенімді сұрадым, ол мені жек көретін ажырасқысы келетінін және қайтадан көргім келмейтінін айтты. Оның өмірі мен ақылға сыймас едім, сондай-ақ, не істеу керек екенін білмеймін, ажырасудың 2 аптаның ішінде ауырып жүрдім. Мен оны өте жақсы көремін, онсыз ол мен үшін бәрі де, менің өмірім толық емес. Мен өзімнің қәзіргі жағдайым туралы әңгімелеп, дәрігердің кәмпәниясі туралы айтып берсем, күйеуімнің маған қайта оралғаны туралы хабарласып, күйеуімнің басқа әйелге алып кеткенін, оның әйеліне оны жазғаны туралы айтты ол мені жек көреді және ажырасуды қалайды. Содан кейін ол тағы 48 сағатта менің күйеуім маған және балаларына оралуға келесі 48 сағат ішінде аяқтауды аяқтағаннан кейін, менің күйеуім телефөндә маған кешірім сұрады деп уәде берді. ол менімен не болғанын білмейді. Бірәқ қәзір күйеуім мен отбасым қайтадан бақытты. Сізге Dr.chamberc үшін рәхмет. Бұл бүгінгі күні ештеңе болмас еді, бірәқ сенің көмегің үшін. Электрөндіқ пошта chamberc564@yahoo.com арқылы хабарласыңыз
(1) сіздің бұрынғы артыңызды алғыңыз келеді.
(2) Сіз әрдәйім түнді көресіз.
(3) Кеңседе алға


ادام نەمەسە ۋيروس ەكەندىگىڭىزدى تۇراقتاندىرۋ سۇراعى، كاتەكشەگە 99 دەپ جازىڭىز، راحىمەت!
98 + 1 = ? sozsiz sifermen tolteringiz.