Еларна қолфон нұсқасына ену

Жүктеу-Албомым-Албомдар-Желі
Осы торды сақтаймын! | Осы торды бас бет етемін!

Біздің байланыс: elarna2012@gmail.com

Үш күнгы келушылер санағыКелген адам саны (IP)Көрілген бет саны (PWs)КомпйутерҚолфон
2019-10-221435476533 %67 %
2019-10-231391591239 %61 %
2019-10-24000 %100 %


Тіркеліңіздер Кітапхана Қожалар торабы Албомдар Қазақтың 1001 ертегісі

::::Fariza Ongarsynova. Makalalar, oi-jazbalar, esseler . II::Мақалалар, ой-жазбалар, эсселер. II кітап

Кітәпханаға қайту

Мақалалар, ой-жазбалар, эсселер. II кітап ->
Апторы: Фариза Оңғарсыновамақалаларойжазбаларэсселер
Мақалалар, ой-жазбалар, эсселер. II кітап - Көрілім: (1532)


: PDF Download - Жұктеұ - Скачать - ءتۇسىرۋ


АЯНҒА ХАТ

Қадірлі қаламдас інім Аян!

- Мен өзіңмен соңғы рет қашан жүздескенім есімде жоқ. Әйтеуір біраз мезгіл өткен секілді. Үлкенге сәлем беріп, кішінің ахуалын біліп жүретін қазақтың адамгершілік дәстүрін сақтайтын көргенділер азайып бара жатыр-ау. Баяғы бала күнімізде анам марқұм өзі көңіліне жақын тұтқан жандар айына бір рет келіп, аман-түгелді біліп тұрмаса, өкпелеп, әлгі кісі біздің үйдің мүддесін сырттай сатып, қылмыс жасағандай ашуланатын. Ол кезде телефон дегенің жоқ. Аймақтың әр тұсына шашыраған ауылдардан атпен, түйемен «Оңғарсынның отбасына сәлем берем» деп, әдейілеп ара қонатын жерден келіп, қона жатып әңгіме шертісетін. Мен ес білгелі біздің үй бай болып көрген емес. Сәлем беруге келгендердің бас-басына мал сойып, қазан-қазан ет асып жататын дәулетіміз жоқ еді. Тортасын айырған сары майға піскен күрең бауырсақ, май мен ірімшік, құрт, иісі сонадайдан мұрныңды қытықтайтын сүр ет - осының бәрі сән-салтанатымен біздің үйді берекелі шаңырақ дегізетін. Жылына екі рет әдейлеп қонаққа шақырысу өз алдына бір мейрам болатын.

Қазір «заман қиындап кетті» дегенді желеу етіп, кім өліп, кім тіріліп жатқанына да көңіл бөлмей, өзімізге өзіміз жетпейтін жанталасу заманына тап болдық.

Жақында Қазақстан жазушыларының кітабын қарап отырып, біз «жас» деп жүрген біраз қаламдас бауырларымның жарты ғасырлық жасқа жетіп қалғанын көрдім де, ойланып отырдым. Солардың ішінде сен де бар екенсің. Молдахмет, Дулат, Қажығали, Сәбит (Байдолдин), Төлеген Қажыбаев, Ақселеу, Төлен...

Бұлардың әрқайсысы - мен үшін топырағымыздағы рухани тірлігімізбен қоса елдікті, көргенділікті ұстап тұрған бір-бір алтын қазық. Өзіңді де осы талантты топтың санатында көремін.

Рас, қазіргі жын қағып кеткен заманда әдебиетпен, халықтың мәдени тірлігімен келелі, көрегендікпен айналысып отырған қоғам да, адам да болмай қалды. Құдайды ұмыттырып, әр ұлтқа өз болмыс, өз тарихын өртеткен күндердің өзінде де халқымыздың тілін ұстаған жалғыз түйір құт мешіті Қазақстан жазушылар одағы болып еді. Оның басында Ғабиден Мұстафин, Ғабит Мүсірепов, Жұбан Молдағалиев сынды тума таланттар

Фото 77

отырған кезде, әдебиетімізде жарық жұлдыздай жастар өсіп, қазақтың қасиетті қара сөзі мен киелі жыры өз үнін әдеби әлемге жеткізіп еді. Өйткені жазушылар әлемінің басында отырған сол ағаларымыздың өздері шынайы таланттар еді ғой. Ал шынайы таланттардың арасынан жылт еткен жақсыны көрсе, қызғанышсыз қол созу, қамқорлық жасау, жүрегі жарыла қуану секілді қасиеттер болады. Әдебиет, өнер әлемінің тағдыры шалағай жазушысымақтардың, шалағай өнер қайраткерінің қолымен шешілуінен артық қасірет болмайды. Бұл, сайып келгенде, - халық өнерінің трагедиясы.

Шынайы өнерге жылтырақ өтімділік, алып-сатарлық түп тамырымен жат. Қоғамымыз бұл күндері осындай өтпелі кезеңді бастан кешіріп отыр. Бұл - шын таланттар үшін қауіпті кезең. Әдебиет, өнер қорығында жабысы мен жорғасын, ешкісі мен есегін, қаршығасы мен қарғасын қатар қойып, олардың әрқайсысының қадір-қасиетінің иісі мұрнына бармайтындарды қорықшы қоюдан артық қылмыс жоқ.

Атақ, жұмыс, лауазым - дүниеден бәрін сатып алуға болады. Тек табиғат-ана ғана сыйлайтын талантты сатып алуға болмайды. Әдебиет пен өнерді жасайтын осындай таланттар.

Амал жоқ, қазір бәрін ақша мен сауда шешетін дәуір туып тұр. Аян, сенің елу жылдығың да осындай өліара тұсқа келіп тұр. Баяғыда қазақ елі дүлдүл ақын, жырауларының отыз, қырық жасында да тойлап, атап өтеді екен. Біз сияқтылар елуге ентелеп жеткен кешегі күндерде үкімет, қоғамды былай қойғанда, жазушылар одағының өзі бір ауыз не жақсы, не жаман сөзін айтуға жарамаған. Ол өз алдына, тіпті «елуге келген ақын-жазушыларды атап жатудың қажеті жоқ» деп жоғары жақтан әдейілеп шешім шығарғандар да болып еді.

Мұның бәрі өткінші жәй ғой. Ойлап қарасаңыз, ақынның жеке басына, талантына қосып-алар құдіреті жоқ, бірақ ұрпақ, замандастары қадірлісін құрмет тұтуға баулары халықтық салт қана.

Ат шаптырып, атан жарыстырып ақынын көтермелер қоғам болмаса да,

Тіршілік - мәңгі майданда

тыңдадым өмір наз үнін.

Жарқырап тұрар қайдан да

туған жер - Темірқазығым, -

деп о баста өзің жырлағандай, көл-көсір ықылас, ілтифатын алдына жайып салар халқың бар.

Есіңде ме, анау бір жылы бір жолыққанда (онда сен бәрімізге де Ана-бесік болған «Лениншіл жас» - қазіргі «Жас Алаш» - газетінде әдебиет пен өнер бөлімін басқаратынсың):

- Сендер, ер-азаматтар, замандас іні, қаламдас бауыр бола жүріп, бізді де бір қыдыртпайсыңдар. Әбішке Маңғыстауыңды, Оралханға Қатонқарағайды, Бексұлтанға Талдықорғанды көрсет дегеніме пәлен жыл болды. Мәніс біледі дейтін сен де Шымкентке шақырмайсың, Аян, - дегенім? Көп ұзамай Тұрсынай екеуің мені Шымкентке алып бардыңдар. Ол аймақта менің тұңғыш болуым еді. Студенттермен кездесіп, Қожа Ахмет Иассауи зиратына тәу етіп, сенің дүниеге шыр етіп түскен жерің Жетімтаудың баурайындағы қос бұлақ басында тыныстап отырдық. Сонда сен айтып ең:

- Фәриза, әрі заманы бір қаламдассыз, әрі әпкеміз, сізге ер-тұрманын күмістеп соқтырып ат, жарқылдаған машина мінгізер едім. Бірақ менің және мына қасыңызда қошаметтеп жүрген өнерлі іні-сіңілілеріңіздің қолында байлық та, билік те жоқ екенін сіз жақсы түсінесіз. Мен мына бауырлармен ақылдасып, Қаратаудың бір сілемі сонау жеке тұрған тауды сыйлаймын. Қараңызшы, өзі онша биік те, аласа да емес, бірақ бойында белгісіз бір құпия құдірет бардай сезіледі. Сол тауды бұдан былай шымкенттіктер «Фәриза тау» деп атайтын болады...

Маған бұдан артық сыйдың қажеті де жоқ еді.

Өзіңді мақтай беру ыңғайсыз. Тағы да сенің өз жолдарың ойыма оралып отыр:

Аяқ жерге, төбе көкке тигенмен,

Кірпіктерім көкжиекке сүйенген.

Далаң қандай әнді үкілеп, күй емген!

Қазақ елі, сені мәңгі сүйем мен.

Айналайын, туған жерім, киеңнен,

Сенің шалқар шарапатың тигеннен!

Ақындық - киелі қасиет. Кие деген де кез-келген маңдайға түстене бермейді. Елдіктің, адамгершіліктің, өнердің киесі қонған құйқалы топырақ қана өз перзентінің бойына уызына жарығандарда болатын кеңдікті, тамырына сіңірер тектілікті дарыта алады.

Көргенділік асып-тасқан байлықпен келмейді. Біздің балалығымыз соғыс кезіндегі, онан кейінгі жоқшылық жылдарда өтті. Байлық дегенді түсімізде де көрген емеспіз, ол жайлы армандаған да емеспіз ғой. Күні кеше өзіңе жақындауға жасқанып, еңбек жолын жаныңда жүріп бастаған өндір жастар бүгін мал мен мансапқа оранып, түу десе түкірігі ауада қалықтап жүрген заманда, біздің ақымақтар санатында бас-аяғымызды бүтіндей алмай жүруіміз де сондықтан шығар.

Сол дәуренді енді қайдан іздерміз?..

Қайғы әжім салған кезде жүздерге іс.

Келер ме деп әскердегі көкеміз,

Жол қарайтын біздерміз,

Сол дәуренді енді қайдан іздерміз?

Отқа оранған әке түске жиі енді,

ешкімге де тілемес бүл күй енді.

Ұңғыларда атылмаған оқ болса,

алдыменен бізге келіп тиген-ді...

Отқа оранған әке түске жиі енді.

Өмірбаян сол өртеңге жазылды,

Өткізіппіз талай қыс пен жазыңды.

Өркешінде өрге тартқан өмірдің

құшағымыз таңға қарай жазылды,

өмірбаян сол өртеңге жазылды.

Өзің осылай суреттеген жылдардың жетімектеріміз біз. Сол жүдеу көңіл, жоқшылық жылдар қалдырған таңбадай сезіміміздің, ықылас-ниетіміздің, өмірге көзқарасымыздың тұрақтылығы да, әкемізден «қара қағаз» келмесе де, көрші бала Бекболаттың әкесіз қалғанын көріп, көзіміздің жасы іркілетін жанашырлық та күні бүгінге дейін жанымызға бедер боп жабысыпты. Бүгінгі жұрт түк болмағандай қарайтын махаббат сезіміміз де біз үшін қасірет боп өткен еді.

Бітіріп бір өзгеше баққа да рай,

бұл қала жас жаныма жаққан арай.

..Мен уыз махаббатымды жоғалтқан соң,

Кеткемін бетім ауған жаққа қарай, -

деп, бүкіл тірлікке нүкте қойылғандай сезініп, енді бірде:

Ғашықтар үшін таусады

Ынтызар бұлбұл бар әнін.

Махаббаттардың зәу шағы

шақырып,

кетіп барамын.

Ғашықтар үшін таң күліп,

Күретамырларға қан жүріп,

Махаббаттармен мәңгілік

жатады өмір жаңғырып! –

деп, қуана құлап, жарқ еткен сезіміңнің құдіреті дүниенің тұтқасын ұстағандай күйге түсіруі де сол жылдардың аңқау адал тәрбиесінің бедері шығар.

Жақсы көру де - киелі қасиет. Оның басты тіні -тұрақтылық. Пікірі мен сезімі қырық құбылған адамда өмірлік өзекті принцип те болмайды. Жақсылықты көре білу, сүйсіне білу де - адамдық болмыстың негіздері. Сені, сенің талантты замандастарыңды даралайтын да осылар. Менің бір таңқалатыным - солардың бәрі далалық ауылдарда жалаңаяқ өскендер. Қазақ табиғатының жәй көзге көріне бермес бояу-болмысын жан дірілімен сезіну де - сол дала сіңірген қасиет болса керек. Маған сенің өлеңдеріңдегі суреттер қатты ұнайды.

Тіршілік сәнін ырғап-жырғауын-ай,

Оянған таң алдында қырғы ауылды-ай!

Күн лаулай көкжиектен көтерілді,

Құлпырған қауырсыны қырғауылдай.

Бар өлке емен-жарқын нұрға тұнып,

Балауса шөптегі шыр сыр ма тұнық.

Өзеннің иір-иір иінінде

Билейді өрімталдар ырғатылып.

Көрініс көңіліңді биіктетіп,

Өмірді көрсетеді сүйікті етіп.

Мөлдір көл, мөлдір аспан, мөлдір дүние,

Тұр құйттай жүрегіңе сыйып кетіп.

Немесе:

Қашанғы сәуле себелер,

Көкжиек өртеп күн батты.

Қоңырқай құба төбелер

Шегірткеге мұңын тыңдатты.

Қарлығаш қанат қалықтай

Желпінді баппен бақша-бау.

Ертегідегі алыптай

Бір белде рәт жатсаң-ау.

Сонан соң аспан біртіндеп,

Шамшырақ жаға бастайды.

Тылсым көп өмір шіркінде

Тамызық ойға тастайды.

Қырдың бояулары-ай! Мен де қыр түлегі болғасын ба - әр ноқатына дейін жанымда жаттаулы. Бірақ мен өлеңмен сурет салуға шорқақпын. Өзінің қолында жоққа қызыққыш келетін адамзат болмысына тән көрсеқызарлық. Көрсеқызар деген онша тәуір қасиет емес. Бірақ қасиет.

Жұлдыз - масақ. Ора-ора

Ай орағын тауысты.

Түн бояуын сора-сора

Таңсәріге ауысты.

Шықтың жасы пора-пора,

Бозаң тартып тау үсті,

...Ойлар өрді қора-қора,

Сезім - ғашық қауышты.

Осы өлеңге қалай қызықпайсың! Қалай сүйсінбейсіңі

Қысып, қусырып, қала қапырық.

Нәзік жатады жанды жапырып.

Жүйке жұқарды, түтіліп шүйкедей,

Тынбай бір күйбең үйкеліп күй кедей.

Мысық мияуы, иттің ырылы,

Естілгендей ме өкпе сырылы,

Үнсіз жеп жатыр жегі жемір үн,

Жүйке тозды-ау, озды өмірім.

Енді кетердей сәлге үзіліп,

Аулақ, жүз күдік, оян, жүз үміт!

Өкше тықылы, судың шорылы,

Кілең естіліп көрші қорылы.

Жә, жә!..

амал жоқ, жеңдір сабырға:

Ауыр тұрмыс та, жұқа қабырға.

Есік. Желдеткіш. Еден сықыры.

Бәрін көреді желке шұқыры,

Кір шалған жоқ, бірақ, түк арды.

Жүйке жұқарды. Жүйке жұқарды...

Сенің суреттерің де қырғауылдың қанатындай құбылып барады. Мұндай өлеңдердің біреуін жазбаса да, ақынмын деп еңкейе алмай жүрген біз секілділерге сабақ қой!

Халқымыздың басына келген зауалдай болған 1986-1987-жылдарда «Жалын» баспасының жабық бәйгесіне түскен «Зерде» деген шағын повесті оқып, кейін оның авторы сен екеніңді білгенде, таң-тамаша қалып сүйсінгенмін. Өзіңе кейін айттым да ғой деймін?.. Сенің ел, жер жайлы, дара тағдырлар жайлы жазылған тағылымды әдеби мақалаларыңды да оқып жүретінмін. Өлең жазғыштың бәрі ондай мақалаларды жаза алмайды. Көркем очерк жаза алмайтындар да екі-үш адамның ауызша тілдескенін сызықшамен тізбелеп, шығармалар жинағын шығарып, әдебиет сарайының төбесінде тайраңдап жүр. Бірақ олар сенің «Зердең» не әдеби мақалаларың тектес дүниелердің біреуін де жаза алған емес.

Аян бауырым, мен саған көпшік қоятындай бір-бірімізге моральдық немесе материалдық тәуелділігіміз жоқ екенін өзің білесің.

Баяғыда бір қазақ:

- Бәріміз де әкемізді сабайтын едік, бірақ арбаға байлап қойып сабағанды көріп тұрғаным осы! - деген екен. Мақтаудың да түр-түрі болады. Менің бұл айтып отырғаным мақтау емес, шындық.

Ақын үшін елу - үлкен белес. Алжудың басы емес, әрине. Бірақ алып-ұшқан сезімнен ақыл мен парасат басым, айға ұмтылар алапат күйден даналығы басым тұрар тұстың басы екені рас. Сол тұста тұрсың, бауырым!

Анау жылы қолынан дәм-тұз татқан анаң өткен жылы дүние салған. Сонда қолдарынан жетектеп жүрген екі перзентің - Арай мен Нұржайна - бұл күнде қазақ топырағының бір-бір азаматы болар жасқа жетті ғой деймін?!

Мұның бәрін айтып отырғаным - осылардың әрқайсысы адамды есейтер детальдар.

Сенің соңғы жылдары оқта-текте мерзімді баспасөз беттерінде көрініп қалатын өлең-жырларың да әлгі айтқан парасатты ойларыңа куә. Жаңа кітабың соңғы екі-үш жылда қолыма түскен емес, шамасы шықпаған болуы керек. Әйтпесе, жаңа шығармаң жарық көргенде, қуана сыйлайтының бар еді. Қазір кітап шығарудан гөрі екі әйел алу оңай болды ғой деймін. Әрине, бұл жалпыға бірдей принцип емес. Баспадағылардың бабын тапқандар баспа басшыларының шәртиген шығармаларынан ауысқан қағазға том-том шығармалар жинақтарын шығарып та үлгерді.

«Құдық суының ащы-тұщысын білу үшін құдықты сарқа ішудің қажеті жоқ» дегендей, сол газет-журнал беттеріндегі өлеңдеріңнің өзінен жаңа бір деңгей, жаңа мазмұн байқап қалам.

Қалт-құлт етіп күн көріп, қайран қазақ!

Біздер үшін қиямет сайран да азап.

Заман желі қаңбақтай айдағанда,

Қалыпты-ау туған жерде - қайраң да аз-оқ.

Жетім қозы тасбауыр маңырайды,

Қайтқан қойға өрістен жамырайды.

«Қайран қазақ!» күйі әлі күңіренеді,

«Қайран қазақ!» әні әлі аңырайды.

Кім тозаққа шынымен төзер еді,

Шүберекке жан түйіп безер еді.

Ата-жұрттың жібімей тас емшегі,

Тулақ болған топырақ безереді.

Рахман нұрын бәрібір көк төгеді,

Көсегенің көгеріп көктегені.

Қарлығаштар, аман бол, қарлығаштар,

Оралатын сағынып көктемені..

Уақыт та көрсетті себі шетін,

Сенісетін кез келді, сенісетін.

Жылқы мінез, халқым-ай, шұрқырасып

Өбісетін,

қайтадан тебісетін.

Маңдайдағы жұлдызым: жалғыз Отан,

Жайып жатыр құшағын андыз жотаң.

Адасқанды табыстар аруанаға,

Боздамасын шалғайда жалғыз ботаң!..

Қайран қазақ, ұштасып нұрға таңың,

Қашан сені мен ырғап-жырғатамын...

Тамып кеткен ыстық көз жасың едім,

Қалай оны оп-оңай құрғатамын?!

Шынайы ақын-жазушының мұңы мен күлкісі, кейбіреулер ойлайтындай, өз қара басынікі ғана емес,

Жалғыз өзі олқы жерінің бәрін дүниемен толтырып, жеке басының жыртық-тесігін бүтіндеп, айналасында түйсігі мен түсінігін жетілдіре алмай, әйт десең, аттана шабатын, қырық пышақ болып қырылысқан аталастары, қандастары жүрген, қағанағы қарық күн кешетіндер - халықтық тұлғалар емес.

Ақын - туған топырағының, туған ұлтының барометрі болғанда ғана шын ақын. Қайран қазақтың кейуана күйін көшіріп, қашан ғана қуанышқа бөлеймін деп уәйім шекпеген ақын ақын емес. Қазір ел шіркін бастарын екі елі шүберекпен таңып алған кім көрінгенді жинап, көшеге шыққандарды ғана халық үшін іс тындырып жүр деп қабылдайтын болды. «Аш құлақтан тыныш құлақ» деп, ондайлармен басшылар да есептесетін болды.

Осының бәрі жүйкеңді жейді. Ел тағдырын, таланттар тағдырын кім көрінгендер шешетініне ызаланасың. Сенің баспаға тапсырған, бірақ әлі жарық көрмеген жинағыңның «Жүйке» деп аталуы да кездейсоқ емес-ау.

Жаным қандай шаршады,

Нәзік үміт үзіліп.

Жастығымның бар шағы,

Өтті алдымнан тізіліп.

Бақ па, сор ма маңдайда?

Сүйдім және сүйіппін.

Қалды кетпей таңдайда

Кермек дәмі күйіктің.

Досқа создым қолымды,

Көбісі сырт айналды.

Кесті және жолымды,

Еріксіз тіл байланды...

Жарақаттан сау жер жоқ,

Кеткен жақсы-ау көз іліп,

Күздің күні жауар боп,

Тұр ызғары сезіліп.

Бұл өлең - сенің, сенің ойлы замандастарыңның, тіпті бәріміздің жанымыз, тәніміз.

Сырт көзге ақынның жеке қасіреті боп көрінетін жан күйзелісі басқалардың жүрегіндегі бітеу жараның аузын аша алса, міне, халықтық дүние дегеніміз осы болмақ.

Аян!

Сенің творчестволық өсуіңнің басты себебі осы жасқа келгенше биліктен бөлек, билік құрғандарға бауыр не балдыз болмай, өз тіршілігіңмен жүргеніңнен деп топшылаймын.

Кәріліктен көмескі семген көзі,

Асыл әжем жүз беске келген кезі.

Біздің үйде бар еді құрсау шәйнек,

Сынып, жамап бәріне көнген өзі.

От басының қызығы суынбайды,

Бала ойында әлдене туындайды.

Сексеуілдің шоғына бүйір қызып,

Ақ құманның шүмегі шуылдайды.

Қай қиырға адырна атты толғап,

Менде ерік жоқ жүретін қатты талғап.

Құрсау көңіл, құрсау жан, құрсау шәйнек,

Құрсау-құрсау дүниені жатты жалғап.

Мен пір тұтқан құлады ту қалықтап,

Түсе ме енді тіршілік шүу қалыпқа?!

Қатал тағдыр мені де құрсаулады,

Асау ой мен сезімді бұғалықтап...

Сенің осы өлеңіңдегі құрсау тірліктің орта тіршілігі сенің ойыңды балға мен төстей шыңдап, шым-шытырық өмірдің шаң-тозаңынан үнемі тазалап келе жатқан секілді.

Өнер иесінің билік пен мансапқа ұмтылуы - оның бойындағы талант көздерінің біткенін білдіретін бірден-бір көрсеткіш.

Билік пен мансап жүрген жерде тәуелділік жүреді. Ал тәуелділік бір күні болмаса, бір күні адалдығыңнан тайдырады.

Сөйтіп екіұдай сезім, екіұдай өмір кешу басталады, «Ішімнен біліп тұрмын, бірақ басекеңнің көңілінен шықпайды» деген қағидадай тірлік кешу осы. Бұл - творчестволық тұлға үшін қылмыс.

Сондықтан:

Құтқардым мен құрдымнан аға-ініні,

Араша кім болады, ал, өзіме? -

деп өзегіңді өртей берме!

Жер аударылып кеткенше жаныңды емдер туған топырақ бар. Өзің де жазыпсың ғой:

Туған жер, сенің қандай сиқырың бар?..

Мен де бір күн білемін тынарымды.

Мүжіліп шынар сынды сыңарымды.

Жібек жел. Жалбыз жаға. Бала бұлақ..

Қарсы алып тарқатады құмарымды.

Күреңсе. Раң. Ырғай ырғалады,

Долана, итмұрын мен шырғанағы.

Жарқ етіп жарық дүние жанарымда,

Мұң емес көңілімде нұр қалады.

Жаңартып бұл кездесу жан, сананы,

Сан сурет шығады алдан самсап әлі.

Шеңгелдің титтей қызыл қауашағы,

Сәл самал тербеп кетсе ән салады.

Туған жер, қандай сенің сиқырың бар?.

- деп...

Ендеше «құлдық сезімді лақтырып» тастап, «тағдырдың соққысынан шекесі шодырайған» халқыңды жүрек-жырыңның жылуымен емде, жан-дертіңнің сәулесімен баста!

Сенің аман жүргеніңді, өз биігіңде жүргеніңді тілейтін ел-жұртың, апа-қарындас, аға-інің бар.

Жастықтың ен жайлауын жайлап едім,

Көктемнің сезіп тағы майда лебін.

Сыр шертіп тұрған бағзы қайыңдар жоқ,

Кешіккен махаббатым қайда менің?

Қиялым, оны онша ұстама енді,

Толқытып тебіренетін тұсқа келді.

Боз көйлек, тесік қалта арманшыл жас,

Құмартып құшты талай қыпша белді.

Күндер де сенсіз қанша дөңгеледі,

Біртіндеп ұяң үміт сөнген еді.

Жүрегім бұрылады жолайрыққа,

Тұрғандай күтіп біреу дөңде мені.

Қалды ма қызық-шыжық жалпы өткенде

Отырдым ойға шомып қалт еткенде.

Еһ, дәурен, ыстық демің күйдіреді,

Балтырлар ақ сазандай жарқ еткенде...

Бір түрлі шымырлайды құйқа қандай,

Жаралы жанды емдеп шипа таңдай.

Әлдекім қырау басқан самайымды

Жып-жылы алақанмен сипағандай.

Сол жылы алақан – халқыңның алақаны ғой.

1992.


Мазмұндас кітаптар

1 Әбіш Кекілбаевәңгіме
2 Агата Кристиәңгіме
3 Әділғазы Қайырбековжыр жинағы
4 Сәкен Сейфуллинпоэма
5 Қалихан Ысқақ
6 жыр
7 әлемдік философиялық мұра
8 Максим Горькийәңгіме
9 Серік Сағынтайөлеңдер жинағы
10 тарих

Пікірлер:


Жолдаушы №: #105, : 17:45 - 2019/02/14

Кумаш


ادام نەمەسە ۋيروس ەكەندىگىڭىزدى تۇراقتاندىرۋ سۇراعى، كاتەكشەگە 99 دەپ جازىڭىز، راحىمەت!
98 + 1 = ? sozsiz sifermen tolteringiz.